Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
16-дарис.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
41.71 Кб
Скачать

Қыстырма сөйлемдер

Қыстырма сөйлемдер де - тәуелді бөлшек, негізгі сөйлемнің ыңғайына қарай айтылып, айтушы адамның түрліше көзқарасын, ықылас-тілегін білдіріп тұрады. Осы мәндік қызметіне қарай қыстырма ретінде жұмсалатын сөйлемдер негізгі түпкі ойға айқындауыштық қосалқы болады. Бұл жердегі айқындауыштық қосалқы дегеніміз- мән-мағынасын ашып, айқындау функциясы емес, айтылған ойға айтушының өз тарапынан болатын әр түрлі көңіл-күй, өзіндік көзқарасын білдіретін қатынасын айтамыз. Осындай пікірдің қосақталуы- сол сөйлемнің мазмұнын күрделендіріп, құрылысын аумақты қыла түседі. Осыдан барып, сөйлемнің ішінен тағы бір сөйлем бөлініп жатқандай болады. Бірақ соңғы сөйлем негізгі сөйлемнің модальдық қатынасын білдіруші ғана. Қыстырма сөйлем айтушы адамның әр алуан көзқарас түйінін білдіретін сөйлем болса, мұның өзі модальдық қатынастарға негізделеді. Өйткені қыстырма сөздер, қыстырма сөйлемдер болсын, олардың құрамында модаль сөздер қатынасып отырады.

Қыстырма сөйлемдер басқа тәуелді конструкциялар тәрізді, құрылысы жағынан құрмаластың компоненттеріне өте жақындасады. Оларды бір-бірінен ажырататын шек - синтаксистік қатынастың негізіне құрылса, онда олар құрмаластың құрамдас бөлшегі болғаны да, ал егер олар модальдық тұрғыдағы әр алуан көңіл-күй сезімнің шеңберінде қалып қойса, сөйлем ішінде қыстырмалық қызмет атқарады. Сонымен, қыстырма сөйлем дегеніміз- өз алдына жеке сөйлем емес, негізгі сөйлемде хабарланған оқиға мазмұнына сәйкес айтушының өзіндік көзқаарасын білдірудегі қосалқы түсініктемесі, жол-жөнекей алдын-ала қыстырмалы ойы. Сондықтан олар тұлғалық ұқсастықтарына қарамастан, сабақтастың компоненті бола алмайды. Мысалы, Мейлің қысқа өлеңдеріңнен айтсаң, қысқа өлеңдеріңнен айт. Мұнда қыстырма сөз де, қыстырма сөйлем де қатар қолданып тұр. Осы екеуінің бірігуі арқылы сөйлем бейтараптылық мәнге ие болған. Әрбір қыстырманы жеке айтсақ та бұл мән жойылмайды. Ғалым Р.Әміров бұндай сөйлемдерді сабақтас құрмалас деп таниды.

Мысалы, Қазір ән салып әуре болып не қыласың, салғыш болсаң, кешке сал. Бұл алдыңғы оймен бірізділікті білдіреді. Алсам, қызды еркіммен алдым. (Бір сөздің екі рет қайталануы арқылы жасалған).

Қыстырма сөйлемдердің құрылысы:

1. Айтуынша, айтқанда, айтайын, байқауымша, байланысты, қарағанда, бойынша сөздерімен аяқталып, айтушының бір нәрсеге көзі жеткендігін, өз сенімін, жорамалы, болу жағдайынан мәлімет береді. Мысалы, Бір-бірімізге сенгеннен кейін маған Хамзаның айтуынша, Троцкий қаласынан Баймағамбет Зтулин большевиктерге тілектес болып қайтқан.

2. Алдын-ала айта кетуіміз қажет, құдай біледі деп айтайын, турасын айтқанда, алып-қашпа сөзге қарағанда, күзгі әдеті бойынша сияқты тұлғада келеді.

3. Қыстырма сөйлемдердің енді бір тобы баяндалған оқиға барысындағы қимылдың себебін жормалдап білдіреді. Оның құрылысы ма, ме, ба, бе, па, пе демеуліктерінің тіркесуі арқылы қыстырма сөйлем жасайды. Мысалы, Кітаптың қызығына түскендіктен бе, немесе, әкесін күткендіктен бе, оның отырысы күндегіден бүгінге ұзаққа слзылды.

4. Айтушының көзқарасындағы топшылау, жорамал кім біледі, ойлады білем, болу керек, неге екені белгісіз, неге екенін білмеймін тәріздес модаль сөздер арқылы жасалады.

Сөйтіп, қыстырма сөйлемдер негізігі сөйлемде баяндалған оқиға желісіне байланысты айтушы адамның әр түрлі модальдық мәндегі көзқарасын білдіріп тұрады. Қыстырма сөйлемді айтпасақ та, негізгі сөйлем өз мазмұн желісін үзе алмайды. Алайда онда баяндалған ой жадағайланып, өзіне қатысты кейбір қосалқы мәліметтерден ойсырап қалады. Мұның өзі қыстырмалардың кездейсоқ емес, табиғи процесс екенін көрсетеді.

Қыстырынды сөйлемдер

Қыстырынды сөйлемдер деп отырғанымыз - қыстырма сөйлемдердің ерекше бір түрі. Бұл категория туралы алғашқы сөз еткен 1967 жылы «ескертпе сөйлемдер» деген атпен Р.Сыздықова академиялық грамматиканың синтаксис бөлімінде сөз еткен. Бұл сөйлемдердің әдеттегі қыстырмалардан елеулі айырмашылығы бар: қыстырма сөйлемдер негізгі баяндалған оқиға желісіне байланысты айтушы адамның түліше көзқарасын, өзіндік пікір тұжырымын білдіріп тұрса, ал қыстырынды сөйлемдер сол тұтас сөйлемге не болмаса сондағы кейбір жеке сөздерге қосымша түсінік, ескерту жасай кету ыңғайында жұмсалады, яғни, қыстырынды сөйлем-негізгі сөйлемнің жанама түсініктемесі. Мысалы, Оның айтқан мәліметтеріне қарағанда, біздер біраз күнде жәрдемші көмек алатын сияқтымыз. Мынау Қабан сияқты адамның (Шоқан оны Әлібек деп жорыды) қимылы сол байкал қамалына ұқсайды. Бұл сөйлемдер негізгі сөйлеммен синтаксистік қарым-қатынаста жұмсалмағанмен, мағыналық жағынан өзара бірлік қармағына түскен. Біріншісі – біреудің пікіріне байланысты жұмсалса, екінші сөйлемде – адамның мән-жайы жол-жөнекей түсіндіріле, ескертіле айтылып тұр.

Қыстырынды сөйлемдер негізгі мазмұнды сөйлемге жай әншейін қыстырыла айтылмайды, баяндау хабардың желісіне байланысты автор тарапынан арнайы мақсатпен, белгілі ыңғай құбылысымен қолданылады. Соның нәтижесінде сөйлемнің мазмұны толығырақ ашылып, онда хабарланған оқиға әрекеттердің қыр-сыры бір жағынан болса да айқындалып отырады.

Қыстырынды сөйлемдер құрылысы жағынан әр алуан болады да, қолданылу ыңғайына қарай екіге бөлінеді. Бір қыстырындылар сөйлем ішінде бөлектене айтылып, өз алдына жақшаға алынады. Мысалы, Алғашқы қар түседі, (аңқиған үйде бала-шағажаурай бастаған) қойшы басшыларға ентігіп тағы келеді, «осылай да осылай» деп түңіледі, ентігеді (Д.Досжанов).

Екіншілері – негізгі сөйлеммен ара қатынасы жоғарыдағыдай алшақ, дараланбай, ұласқан, жалғаса тұтаса айтылады. Мұндай сөйлем түрінде де қыстырынды сөйлемдер көбінесе негізгі ой хабарланбастан бұрын, сондағы оқиға мазмұнына байланысты алдын-ала ескерту жасап алу мақсатында жұмсалады. М ы с а л д а р:

1. Алдын – ала ескертпелі қыстырмалар: Оларды былай қойғанда, Еуропа континентінің батысына талақтай жабысқан жерінің тілген таспадай көлемі бар португалия ше? (С.Мұқанов).

2. Енді бір қыстырынды конструкциялар негізгі сөйлемдегі оқиға желісіне жаңа бір ой бастауға мүмкіндік туғызады. Хабарланған ойдың аяқталуына ескерту жасай отырып, бара тұрсын, бара берсін құрлысында жұмсалады. Мысалы, Шыңғыс сол қалпымен бара тұрсын, біз оқырмандарға Есенейді қысқаша таныстыра кетейік (С.Мұқанов).

3. Қыстырынды сөйлемдегі ескертпелер негізгі сөйлемдегі оқиға желісіне қ а й ш ы мәндес түрде айтылады. Олардың құрылысына қарамастан, болмаса, түгіл, былай тұрсын көмекші мәндес сөздермен тіркесіп келеді. Мысалы, Ол – мінезінің салмақтылығына қарамастан, ағып тұрған ертегіші (С.М). Таң алдында бір ғана сағат мызғығаны болмаса, Абай бұл түнді ұйқысыз өткізді (М.Ә.). Сені еркелетпек түгіл, өз басын көтере алмай жатыр (Б.Майлин). Мешітке барып күнде бес уақыт намаз оқу былай тұрсын, олар жұмасына бір болатын жұма намазына да бармайтын (М.Ә).

4. Енді бір қыстырынды конструкциялар негізгі ойға үстеме, үдетпелі мән береді. Мысалы, Шоқан өзге білім жүйелерімен қатар, шешендік тарихын да біраз қарастырған еді.

5. Қыстырынды сөйлемдердің енді бір тобы негізгі ойға салыстырма ретінде ескерту жасау үшін қолданылады. Олардың құрылысы, дегендей, айтқандай, сияқты, көмекші сөздерімен сөйлемді жетектеп, салыстырып тұрады. Мысалы, «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегендей, бұл сапарын жүлделі жолға санаған. Шоқан тағы да бір табысқа бөлене қалды (С.М.). Тоғыз ұлымның бір әке-шешеден туғанын іздеп жүрген адаммын (Ертегі).

Сөйтіп, жоғарыдағы талдаулардан байқағанымыздай, қазақ тіліндегі қыстырынды сөйлемдер өздерінің құрылысы мен мәндік ерекшеліктеріне қарай, жалпы 2 үлкен топқа бөлінеді екен: алдын-ала ескертпелі қыстырынды сөйлемдер және соңын ала ескертпелі сөйлемдер. Қайсысы болса да, негізгі сөйлемде баяндалатын оқиға желісіне түсінік, айқындылық кіргізу мақсатында ескерту жасап, әр түрлі мағыналық реңкте өрбіп отырады.