- •С.М. Исаев
- •Морфология
- •1. Грамматика және оның салалары
- •Сабақтың мақсаты
- •Тілдің грамматикалық құрылысы жайында ұғым
- •Сабақтың мақсаты
- •Пысықтау үшін сұрақтар
- •Әдебиеттер:
- •Ііі. Грамматикалық мағынаның түрлері. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі
- •Сабақтың мақсаты
- •Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы
- •Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары
- •Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі
- •Пысықтау үшін сұрақтар
- •Әдебиеттер:
- •Іy. Грамматикалық категория
- •Сабақтың мақсаты
- •Грамматикалық категорияның сипаты
- •Грамматикалық категорияның түрлері
- •Әдебиеттер:
- •Y. Сөздің морфологиялық құрамы
- •Yі. Қосымшалардың жіктелуі
- •Әдебиеттер:
- •Yіі. Қосымшалардың мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері
- •Сабақтың мақсаты
- •Қосымшалардың мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері
- •Yііі. Жалғаулар
- •Сабақтың мақсаты
- •Іх. Тәуелдік жалғау
- •Сабақтың мақсаты
- •Оңаша тәуелдеу үлгісі
- •Ортақ тәуелдеу үлгісі
- •Х. Септік жалғау
- •Сабақтың мақсаты
- •Хі. Септік жалғаулардың мағыналары мен қызметтері
- •Сабақтың мақсаты
- •Септік жалғауларын грамматикалық және көлемдік септіктерге бөлудің мәні
- •Сабақтың мақсаты
- •Сөзге жалғаулардың жалғану реті
- •Хііі. Нөлдік форма
- •Сабақтың мақсаты
- •Хіy. Сөздерді таптастыру принциптері
- •Сабақтың мақсаты
- •Сөздерді топтастыру принциптері және сөз таптары
- •Сөз таптарының шығуы мен дамуы.
- •Сабақтың мақсаты
- •1.Есімдерден зат есім тудыратын жұрнақтар:
- •2.Етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтар:
- •Сабақтың мақсаты
- •2.Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар.
- •Сапалық сын есімнің шырай категориясы
- •Сабақтың мақсаты
- •Сабақтың мақсаты
- •Жіктеу есімдіктерінің септелу үлгісі.
- •Сілтеу есімдіктерінің тәуелдену үлгісі.
- •Сұрау есімдіктерінің жіктелу үлгісі
- •Өздік сімдіктерінің септелу үлгісі.
- •Сабақтың мақсаты
- •Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері
- •Күрделі етістіктер
- •Хх. Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары
- •Сабақтың мақсаты
- •Етістіктің сабақтылық-салттылық категориясы
- •Етіс категориясы
- •Етістіктің болымсыздық (болымды-болымсыздық) категориясы
- •Ххі. Етістіктің ерекше тұлғалық түрлері
- •Сабақтың мақсаты
- •Ххіі. Етістіктің грамматикалық категориялары
- •Рай категориясы
- •Жақ (жіктік) категориясы (жіктелу)
- •Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты
- •Ххііі. Үстеу
- •Сабақтың мақсаты
- •2.Лексика-семантикалық тәсіл:
- •Ххіy. Еліктеу сөздер
- •Сабақтың мақсаты
- •Ххy. Шылаулар
- •Сабақтың мақсаты
- •Пысықтау үшін сұрақтар:
- •Ххyі. Одағай және модаль сөздер
- •Сабақтың мақсаты
Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары
Ең алдымен грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым мен жолдары деген ұғым бір ме, бөлек-бөлек пе? Осыны нақтылап түсініп алу қажет.
Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері деген ұғым белгілі бір мағына типтерінің (түрлерінің) не арқылы және қалай берілуінің тілдік қабат негіздері жиынтығы, тобы болып табылады да, ол өз ішінде жекелеген түрлерден тұрады. Грамматикалық мағынаның белгілі бір берілу тәсілінің бірнеше түрлері болуы мүмкін. Сол түрлер ол тәсілдің немесе мағына берілудің жолдары деп аталады.
Грамматикалық мағынаны білдірудің ең бірінші тәсілі – семантикалық тәсіл. Ол - сөздің лексикалық мағынасының абстракцияланып жалпылануы арқылы іске асады. Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына пайда болады. Екінші – синтетикалық тәсіл. Грамматикалық мағынаның синтетикалық тәсіл арқылы берілуінің тіл білімінде бірнеше жолы бар. Олар: қосымша қосылу жолы, яғни грамматикалық тұлғалардың (формалардың) үстелуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, префикс қосылу жолы, яғни сөзге префикс - приставка қосылу арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; ішкі флексия жолы, яғни сөздің ішкі кейбір дыбыстарының өзгеруі, алмасуы, қосылуы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі; екпін арқылы, яғни екпіннің өзгеруімен грамматикалық мағынаның берілуі; супплетивті жол, яғни грамматикалық мағынаның жеке-жеке сөздер арқылы берілуі. Үшінші – аналитикалық тәсіл. Аналитикалық тәсілдің бірнеше түрі, жолы бар. Олар: негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі (мысалы, алтын сағат, темір күрек, ағаш үй, шәкірт бала сияқты тіркестерде алғашқы зат атаулары алтын, темір, ағаш, шәкірт, екінші зат атауын білдіретін сөздермен тіркесу арқылы заттық мағынада емес, қатыстық-сындық мәнде қолданылған) негізгі сөз бен көмекші сөздің (көмекші етістік, шылау, т.б.) тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің қосарлануы арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, сөздердің орын тәртібі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі, дауыс ырғағы, интонация арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Сондай-ақ, аралас тәсілдер де болуы мүмкін яғни грамматикалық мағынаның берілуінде бір емес бірнеше тәсілдің элементі болуы мүмкін.
Ал грамматикалық мағынаны білдірудің осы көрсетілген тәсілдері мен жолдары барлық тілдерге де тән бе? Бұл жағынан қазақ тілінің ерекшелігі бар ма?
Грамматикалық мағынаны білдірудің көрсетілген тәсілдері мен жолдары бір тілде толық кездесе бермеуі, кейбіреулері ғана қолданылуы мүмкін. Қазақ тілінде бұл тәсілдердің кездесетіндері мыналар.
І. Семантикалық тәсіл. Лексикалық мағынаның жалпыланып, абстракциялануы арқылы жалпы грамматикалық мағынаның пайда болуы. Мысалы, белгілі бір топ сөздердің жалпы зат атауын немесе заттың сынын я санын, немесе жалпы қимыл, іс-әрекетті білдіруі, сөйтіп, белгілі бір топтарға (сөз таптарына) жіктелуі.
Әрине, бұл жерде әңгіме лексикалық мағынасы бар сөздер жайында болып отыр. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші сөздердің жалпылануы туралы әңгіме қозғаудың қисыны жоқ. Лексикалық мағынасынан айырылып қалған көмекші және А.Ысқақовтың көрсетуінше одағай сөздердің де бұл салада жағдайы мүлде бөлек. Ондай көмекші сөздер сөйлем ішінде белгілі бір сөздердің жетегінде, шылауында жұмсалып, оған әр түрлі қосымша мән береді не үстейді, қосады. Бұдан байқалатыны – бұл сияқты көмекші сөздерде семантикалық процесс бұрын болып, енді олар сөйлемде дайын қосымша тілдік элемент ретінде пайдаланылады. Ал толық мағыналы (лексикалық мағынасы бар) сөздерде бұл процесті сөйлемнің өзінен-ақ көруге болады.
Лай суға май бітпес қой өткенде, күлеміз қасқыр жалап, дәме еткенде (Абай). Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен көрем деп, жасаймын бір қолқабыс кейінгіге берем деп (С.Торайғыров). Берілген сөйлемдегі сөздерді жалпы грамматикалық мағыналарының ортақтығы жағынан мынадай топтарға бөлуге болар еді: І) Су, лай, қой, қасқыр, дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс, бір топ, 2)(май) бітпес (қой) өткенге, күлеміз, жылап, (дәме) еткенге, жасамаймын, көрем (ін) деп жасаймын, берем (ін) деп екінші үлкен топ; 3) лай, кейінгіге т.б. үшінші топ. Бірінші топтағы әр сөздің нақты лексикалық мағынасын айқындай отырып, ол сөздердің бір-бірімен жақындығы жоқ екендігін анықтап, абстракциялану, жалпылану барысындағы мәніне назар аударсақ, яғни нақты су мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні нақты лай мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, нақты түлік, малдың бір түрі қой мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл нақты қасқыр мәніндегі зат атауының жалпы зат атауы мәні, дәл сол сияқты дәме, еңбек, жеміс, көз, қолқабыс нақты ұғымдық атаулардың жалпы зат атауы мәні, екінші топтағы әр сөздің (май) бітпес - біту, (қой) өткенге - өту, күлеміз - күлу, жылап - жылау, (дәме) еткенге - ету, жасамаймын – жасамау, көремін деп — көру, беремін деп - беру өздері ғана білдіре алатын нақты іс-әрекет, қимыл, процесс болып, одан жалпы іс-әрекет, қимылды білдіруге және үшінші топтағы лай дегеннің су зат ұғымының сапалық бір белгісі (таза емес, тұнық емес т.б.) болу негізінен жалпы заттың сапалық белгісі болу, кейінгі сөзінің нақты ұрпақ, жастар сияқты болашақ қауымның қатыстық белгісінен жалпы қатыстық (одан субстантивтену) белгіге көшуі көрініп тұр.
Сөйтіп, сөздер лексикалық мағынасы арқылы дараланып, сараланып, ерекшеленіп, тілдің жеке-жеке лексикалық көрінісі болып тұрса, ол лексикалық мағыналарының абстракцияланып, жалпылануы арқылы ортақ грамматикалық қасиеттерге ие болып, грамматикалық әр түрлі топ (сөз топтары) құрауға мүмкіндік туады. Яғни тілдегі бір топ сөздер зат атауы ұғымымен байланысты болып, заттық ұғымды білдіретін сөздер (зат есім), екінші тобы әр түрлі қимыл, іс-әрекетті білдіретін сөздер (етістік) үшінші тобы заттың әр түрлі белгісін, сапасын, түсін, қатысын т.б. мәнді білдіретін сөздер (сын есім), сандық ұғымды білдіретін сөздер (сан есім), қимыл, іс-әрекеттің әр түрлі амал, сын-қимылын, мекен-мезгілін, себеп-мақсатын т.б. білдіретін сөздер (үстеу), орынбасар сөздер яғни осы көрсетілген сияқты сөздердің орнына жүретін сөздер (есімдік) деп саралауға болады. Осыдан анық көрінетіндей, сөздің жалпы грамматикалық мағынасы яғни лексикалық мағынаның негізінде пайда болатын грамматикалық мағына (семантикалық тәсіл) сөздерді семантикалық сипаты жағынан грамматикалық топтарға бөлуге негіз де болып саналады.
2. Синтетикалық тәсілдің қазақ тілінде ең жиі кездесетіні қосымша арқылы грамматикалық мағынаның берілуі. Әсіресе форма тудыратын қосымшалар арқылы неше алуан грамматикалық мағына беріледі: көптік, тәуелдік, жақтық мағыналар, жіктік жалғау арқылы жақтық, жекешелік-көптік мағыналар, септік жалғаулары арқылы қимыл, іс-әрекеттің иесі, меншіктілік, тура және жанама объектілік, мезгілдік, мекендік-бағыттық, құралдық-амалдық сияқты мағыналар, шырай жұрнақтары арқылы бір тектес сынның салыстырмалы я күшейтпелі сипаты, етіс жұрнақтары арқылы қимыл, іс-әрекеттің субъекті мен объекті арасындағы әр түрлі қатынастарды білдіру, болымсыз етістік жұрнағы арқылы сол қимылдың болмауы, шақ жұрнақтары арқылы сөйлеп тұрған сәтпен байланысты қимылдың болып кеткенін, я болып жатқанын, я әлі болмағанын (шақтық мағыналарды) білдіруі рай тұлғалары арқылы қимылдың болу-болмау шартын, тілек-ниетін, біреуге бұйыруын т.б. білдіруін көрсетуге болады.
Мысалы, жоғарыда берілген екі мысалдағы су-ға, біт-пе-с, өт-кен-ге, күл-е-міз, жыла-п, дәме ет-кен-ге, және жаса-ма-й-мын, еңбек-тің, жеміс-і-н, көз-бен, көр-е-м(ін), жаса-й-мын, кейінгі-ге, бер-е-м(ін) сөздерді алып қарай-ық. Су (жалпы зат атауы, деректі т.б.) түбірге -ге қосылу арқылы жалпы объект, қимылдың бағыты, орны мағына-сы үстелген. Сондай-ақ біт қимылының -пе болмайты-нын, орындалмайтынын -с шақтық мағына, өт қи- мылы-на -кен өткен шақтық мағына -ге септік – мақсаттық мағына, күл іс-әрекет -е ауыспалы осы шақ мағынасын, -міз қимылдың 1-жақ және көпше (көп субъект арқылы) орындалатынын, жыла қимылына -п қимылдық амалын, (дәме) ет қимылына -кен өткен шақтық -ге себептік – мақсаттық мағына, күл іс-әрекетке -с ауыспалы осы шақ мағынасын,-міз қимылдың І-жақ және көпше (көп субъект арқылы) орындалатынын, жыла қимылына -п қимылдық амалын, (дәме) ет қимылына -кен өткен шақтық -ге себептік-мақсаттық мағына, жаса іс-әрекетке -ма болымсыздық мағынаны –й ауыспалы осы шақ мағына, -мын қимылдық 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын, еңбек жалпы зат ұғымының -нің меншіктілік-иелік (жемісін) мәнін, жеміс жалпы зат ұғымының -і 3-жаққа (еңбек) тәуелді екенін -н белгілі қимылдың (көру) тура объектісі екенін білдіру, көз жалпы зат ұғымының -бен құралдық, амалдық мәнін, көр іс-әрекетке -е ауыспалы осы шақ мәнін -м -мін осы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын, жаса іс-әрекетке -й ауыспалы осы шақ, -мын осы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын кейінгі қатыстық мәнге -ге жанама объектілік (және субъективтік) мән, бір қимылға -е ауыспалы осы шақ мәнін, -м ( -мін) осы қимылдың 1-жақ арқылы жалғыз (жекеше) орындалатынын білдіреді. Ал қазақ тілінде грамматикалық мағынаны префикс арқылы білдіру жолы жоқ. Мысалы, орыс тілінде при-шел (келді), у-чил (оқытты, үйретті), за-шел (келіп-кетті), про-читал (оқып шықты), пере-шел (өтіп кетті) т.б. сөздердегі при, у, за, про, пере приставкалары белгілі грамматикалық мағына тудырып тұр. Қазақ тіліндегі бірді-екілі сөздің құрамындағы бей (би) -бейшара, бейма-за, бейуақыт, на - наразы, т.б. префикс емес, олар кірме түбірдің құрамына еніп кетеді.
Сондай-ақ ішкі флексия жолы да қазақ тілінде жоқ. Мысалы, араб тілінде сөздің құрамындағы ішкі дыбыстардың өзгеруі арқылы жаңа грамматикалық мағына туады: катаба - жазу, жазды етістігі болса, китаабун – кітап та, кутбун – кітаптар деген көптік мәнді білдіреді. Ішкі флексияның элементтері орыс тілінде де кездесіп отырады: собирать (жинау) – собрать (жинап алу), бегать - (жүгіру) – бежать (жүгіріп кету) т.б. сияқты етістіктің түрлік мағыналары, сөздің құрамындағы дыбыс өзгерістері (ішкі флексия) арқылы беріледі. Грамматикалық мағынаның екпін арқылы да берілуі қазақ тілінде жоқ деуге болады. Қазақ тіліндегі болымсыз етістік пен етістік түбірден зат есім тудыратын - ма, - ме, - ба, - бе, - па, - пе қосымшалары арқылы жасалған сөздердегі екпіннің әр түрлілігі (мысалы, кеспе - кеспе, мінбе - мінбе, көрме - көрме, қоспа – қоспа т.б.), екпіннің сөз мағынасын айыру сипаты бола алмайды. Орыс тілінде екпін сөз мағынасын лексикалық айырумен бірге (мысалы, замок - қорған, замок - құлып, кілт, мука - азап, мука – ұн , т.б.) грамматикалық мағына тудыруға да негіз болады: окна – терезенің (жекеше ілік септік), окна – терезелер (көпше атау септік), руки - қолдың, руки – қолдар, воды – суды, воды - сулар, т.б. Сондай-ақ қазақ тілінде грамматикалық мағынаны берудің супплетивті жолы да жоқ. Мысалы, орыс тілінде адам деген ұғым человек сөзі арқылы берілсе, оның көпше түрі бүтіндей басқа сөзбен (люди – адамдар) беріледі. Сондай-ақ хорошо – жақсы және лучше - өте жақсы, сказал - айтты, говорил – айтты параллельдері де супплетивті жол арқылы грамматикалық мағына білдіруге жатады.
3. Қазақ тілінде аналитикалық тәсілдің барлық түрлері дерлік кездесіп отырады. Негізгі сөздердің тіркесуі арқылы грамматикалық мағынаның берілуі дегенде, әдетте ол сөздердің сол тұлғаларында бір-бірімен тіркесуі арқылы жеке тұрғандағысынан өзгеше, жаңа грамматикалық мағынаны білдіруін айтамыз. Бұл - әсіресе түбір тұлғадағы зат есімдердің бір-бірімен тіркесіп қолданылуынан анық көрінеді. Әдетте зат есім заттың атын білдіру мағынасымен байланысты қолданылса, енді бір зат есім екінші зат есіммен түбір тұлғада тіркессе, зат атауын білдіруге жат мағынада, қатыстық-сындық мағынада жұмсалады. Мысалы, Мықшима аяғымда былғары етік, Киіз байпақ тоңдырмас ызғар өтіп (Абай). Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кірер (Мақал). Бір-бір киіз үй әкелгенде, бәрінен Итбайдың үйі ұнамды боп шыққан (С.Мұқанов). Бұл сөйлемдердегі былғары, киіз сөздері заттық мағынада емес, етіктің, байпақтың, қазықтың, үйдің қатыстық-сындық сипаты мәнінде яғни осы соңғы заттардың неден жасалғанын білдіру мәнінде қолданылған. Зат атауын білдіретін сөздердің бұндай әдеттен тыс ерекше грамматикалық мағыналары ол сөздердің заттық мағынаны білдіретін екінші сөзбен тікелей тіркесінен пайда болған. Сол сияқты қол сағат, қалта сағат, қабырға сағат, алтын сағат, жібек орамал, тас үй, тас жол, киіз үй, кірпіш үй, ағаш үй, оқушы бала, т.б. тәрізді тіркестердің бірінші зат есім сыңары зат есімге тән емес қатыстық-сындық мәнді білдіріп, қандай? деген сұраққа жауап береді. Сөз жоқ, бұл жерде сөздердің орын тәртібі де белгілі дәрежеде рөл атқарып тұрғанын естен шығаруға болмайды.
Негізгі (толық мағыналы) сөз бен көмекші сөздің тіркесуі арқылы да грамматикалық мағынаның берілуі қазақ тілінен үлкен орын алады. Негізгі сөздерге септеулік шылаулар тіркесу арқылы мақсат, себеп, арнау, мекендік, мезгілдік, саралау, ұқсату, жәрдемдік, көмектік, мөлшерлік сияқты мағыналар үстеледі. Мысалы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ – барды, ертегіні термек үшін деген сөйлемдегі үшін шылауы өзі тіркескен ермек, термек сөздеріне мақсат мәнін үстеген. Ал демеулік шылаулар өзі тіркескен сөзге я түгел сөйлемге әр түрлі күшейткіш, сұрау, болжам, шектілік тәрізді мән үстейді. Ашаршылық жоқ па? Ақ жағы қалай? Сауыны тәуір ер бар ма? Осының бәрін қадағалап сұрайды. (М.Әуезов). – Шұғаның белгісін сіз білмейтін шығарсыз-ау! – деді. (Б.Майлин). Сондай-ақ көмекші етістіктердің өздері қатысты негізгі сөздерге (етістікке не есім сөздерге) үстейтін грамматикалық мағыналары сан алуан. Мысалы, тек қана оқып сөзіне тіркескен мына көмекші етістіктердің үстейтін грамматикалық мағыналары қаншама: оқып отырды, оқып жүрді, оқып тұрды, оқып болды, оқып шықты, оқып қалды, оқып қойды, оқып көрді, т.б. немесе сапалық сын есімдерге күшейткіш үстеулердің препозитивтік тұрғыда тіркесіп қолданылуы да жаңа грамматикалық мағына үстеудің бір жолы.
Сөздердің қосарлануы арқылы жалпылық, көптік, сөздердің қайталануы арқылы көптік, дүркінділік, сындық мәндегі сөздерге үстеме буын арқылы күшейткіш мағыналар үстеу де грамматикалық мағына білдірудің белгілі бір жолы болып табылады. Мысалы, аяқ-табақ, үлкен-кіші, кәрі-жас дегендер жаңа туынды (сөз) болумен қатар, жалпылық мән сияқты грамматикалық мағына да білдіріп тұр, ал қора-қора қой, тау-тау ас-тық, көре-көре, сөйлей-сөйлей дегендегі қайталама қос сөздер көптік, дүркінділік ұғымды білдіреді, қып-қызыл, жап-жақсы, үп-үлкен, дегендегі үстеме буындар (қып, жап, уп) күшейткіш мәнді білдіреді.
Сөйлемдегі сөздердің орын тәртібі әр тілде әр түрлі қызмет атқарады. Қазақ тілінде ол сөздердің орын тәртібі – грамматикалық мағына білдірудің негізгі бір жолы болып табылады. Сондықтан да сөйлемде сөздердің (сөйлем мүшелерінің) белгілі тұрақты орын тәртібі бар. Ол орын тәртібінің өзгеруі белгілі бір мән үстелуімен байланысты болады. Мысалы, Тарт қолыңды Вьетнамнан! (Әдеттегі орын тәртібі – Вьетнамнан қолыңды тарт) деген сөйлем үлкен бір жігермен айтылады да, орын тәртібінің өзгеруі (инверсия) белгілі бір стильдік жүк көтеріп тұр. Сөздердің орын тәртібінің өзгеруі олардың грамматикалық мағыналары мен сөздер арасындағы синтаксистік қатынастардың мүлдем өзгеріп кетуіне де себеп болады. Мысалы, қалта сағат
(сағаттың қалтаға салып жүретін бір түрі), көз әйнек (көзілдірік яғни көзге салатын әйнек), біз өкше (үшкір өкше), мосы ағаш (мосы жасайтын ағаш) тәрізді тіркестер бір түрлі мәнде қолданылса, олардың орнын ауыстырып жұмсағанда, басқа мағынада және басқа синтаксистік қатынаста айтылады: сағат қалта (сағат салуға арналып тігілген қалта), әйнек көз (шыныдан салынған жасанды көз), өкше біз жуан біз яғни ағаш шегені өкшеге қағу үшін пайдаланылатын ең жуан біз, ағаш мосы ағаштан жасалған мосының түрі, темір мосы да болуы мүмкін, т.б.
Әрине, бүл тіркестер сөйлем ішінде талдануы қажет. Соның өзінде де қатар тұрған екі зат есімнің мәні де, қызметі де бірдей емес екенін көру оңай. Қосалқы айқындауыш деп жүрген единицаларды олардың орнын ауыстырғанымен, мағынасы да, қызметі де өзгермейді деген топшылаудың тіпті де дұрыс емес екендігін көрсетілген тіркестер айқындап отыр. Алдыңғы зат атауы екінші орындағы заттың белгілі бір белгісі, атрибуты болуы, ал негізгі зат, ұғым екінші сөз екенін айыру қиын емес: қандай (қай)? сағат – қалта сағат яғни негізгі мағына сағат та, қалта сол сағаттың анықтауышы (сағаттың бір түрі, өйткені қабырға я қол сағат та бар), қандай, (қай?) қалта – сағат қалта яғни негізгі мағына қалта да, сағат сол қалтаның анықтауышы (сағат салатын қалта, қаламсап салатын да қалта болуы мүмкін) т.б. Әрине, қатар келген екі зат есім бұлар сияқты әр уақытта орын ауыса да бермейді: тас жол (жол тас емес), жібек орамал (орамал жібек емес), ағаш үй (үй ағаш емес) т.б. Бұдан да осы тәріздес зат есімдердің мағыналық, қызметтік сипатын аңғаруға болады.
Грамматикалық мағынаның түрлері
Сөйтіп, сөз лексикалық мағынасы арқылы басқа сөздерден дараланып, жекеленіп, бөлініп отырса, жалпы грамматикалық мағьнасы арқылы керісінше басқа сөздермен ортақ сипат алып, жақындап, жалпы грамматикалық топ құрауға бейімделеді. Сонда сөзде жалпы заттың атын, немесе жалпы қимылды, немесе жалпы санды, т.б. білдіретін бір ғана жалпы грамматикалық мағына бола ма немесе жоғарыда сөзде бір я бірнеше грамматикалық мағына болады дегеніміздей олардың қарым-қатынасы, ара қатынасы, сипаты қандай болмақ?
Сөзде лексикалық мағынаның жалпылануы негізінде пайда болатын жалпы грамматикалық мағына (жалпы заттың аты, жалпы қимыл.т.б.) басқа да жалпы грамматикалық мағыналарды білдіруге негіз болады. Яғни, мысалы, жалпы заттың атауы болуы мағынасымен бірге ол жалпы грамматикалық мағына жекелеген (жалпы) заттың атауы болуы мүмкін немесе алуан түрлі заттың жалпы ортақ атауы болуы мүмкін (жалпы есім); деректі немесе дерексіз зат атауы болуы мүмкін; адамға байланысты (кімдікі) немесе адамнан басқа затқа байланысты атау болуы мүмкін т.б. Сондай-ақ заттың сынын білдіретін сөздер сапалық сынға немесе қатыстық сынға байланысты болуы мүмкін, қимылды білдіретін сөздер салттық немесе сабақтылық сипатпен қатысты болуы мүмкін немесе қимылдың неше түрлі семантикалық сипаты болуы мүмкін (қалып, қозғалыс, амал - әрекет, ойлау қабілетіне, көңіл күйіне байланысты, т.б.) Бұлардың барлығы да сөздің жалпы семантикасынан туындайтын жалпы грамматикалық мағыналары. Сөйтіп, сөзде жалпы грамматикалық мағына біреу ғана емес, бірнеше де болуы мумкін.
Жалпы грамматикалық мағынаның осы сияқты сипатына ерекше назар аударуға негіз болып отырған бұл мәселелердің бұрын біржақты, қате түсіндіріліп келуінде.
Оқулықтарда грамматикалық мағына деп лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін немесе грамматикалық тұлғалар арқылы және басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу арқылы пайда болатын (туатын) жалпы мағына деп көрсетіледі. Бұл дұрыс ереже ме және оны қалай түсінеміз?
Ең алдымен, грамматикалық мағына-лексикалық мағынамен жарыса отырып, сол лексикалық мағынаны айқындай, саралай түсетін мағына емес, сөздің сол лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы туатын жалпы мағынасы. Лексикалық мағынаға қарағанда грамматикалық мағына одан кейін пайда болады. Атап айтқанда, грамматикалық мағына алдымен лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болып, содан кейін сөйлеу процесінде сөздің жұмсалу мақсатына қарай оған әр түрлі тұлғалардың қосылуы арқылы немесе сөйлемде басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасқа түсуі арқылы үстеледі, демек, осының нәтижесінде екінші қатардағы мағына болып табылады. Сондай-ақ лексикалық мағынаның мәні дара болса, сөйтіп, сөздерді бір-бірінен саралап, бөлуге негіз болса, грамматикалық мағына жалпы болады, жеке сөздерге (формаға) ғана емес, солардың белгілі топтарына тән болатындықтан, сөздерді грамматикалық сипаты жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, топтауға негіз болады. Оның үстіне сөз бір ғана лексикалық мағынаны білдірсе, грамматикалық мағына сөйлемдегі сөзде әдетте бірнешеу болады. Екіншіден, грамматикалық мағына, дұрыс көрсетіліп жүргендей, сөйлеу процесінде сөздің әр түрлі грамматикалық тұлғалар арқылы түрленуінен де туады, көрінеді. Үшіншіден, грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздердің басқа сөздермен әрқилы қарым-қатынасынан да пайда болады. Бұлардың барлығы да грамматикалық мағына деп танылғанымен, олардың әрқайсысының мәні, сипаты, грамматикалық категория үғымына қатысы, сөздің белгілі топтарға бөлініп, олардың грамматикалық сипатын айқындаудағы рөлі бірдей емес. Сондықтан да грамматикалық мағына атаулыны жасалу тәсіліне, сөздің грамматикалық сипатын айқындаудағы мәніне қарай жалпы грамматикалық мағына, категориялық грамматикалық мағына және қатыстық грамматикалық мағына деп үш түрге бөлуге болады.
Жалпы тіл білімінде, сондай-ақ түркологияда грамматикалық мағынаны бұндай бөлу тәжірибесі бар ма? Грамматикалық мағынаны осындай үш түрге бөлудің қандай теориялық және практикалық негізі бар?
Жалпы тіл білімінде грамматикалық мағынаны дәл осындай үш түрге бөлу тәжірибесі жоқ. Қазіргі қырғыз тілінде грамматикалық мағынаның типтері ретінде оны екіге бөліп қарау тәжірибесі бар; бірі – жалпы категориялық мағына және екіншісі – жеке грамматикалық мағына. Жалпы категориялық мағынаға, мысалы, зат есімнің заттық, сын есімнің сындық, етістіктің қимыл-әрекеттік мағыналары яғни сөздің әр түрлі формада түрленіп өзгеруінен емес, түбір білдіретін және сөздің барлық грамматикалық формаларында бола беретін мағыналары жатады да, жеке грамматикалық мағынаға сөздің түрленіп тұлғалануы арқылы пайда болатын мағыналары жатады, сондықтан бір сөзде бір жалпы грамматикалық мағына және бірнеше жеке грамматикалық мағына болады. (Д. Қ. — АҚТ, 7-8).
Грамматикалық мағына жоғарыда көрсетілгендей, ең алдымен, сөйлеу процесінде лексикалық мағынадан туындайтын, яғни лексикалық мағынаның жалпылану арқылы, сөздік ұғымның жалпылық-абстрактылық сипатқа ие болуы арқылы пайда болады. Жалпы сөйлеу процесінен (сөйлемнен яғни контекстен) тыс грамматикалық мағына болмайды. Үй, тас, жасыл немесе кел дегендердің заттық және иелік, жалпылық немесе сандық, түсті білдіру немесе қимылдық т.б. грамматикалық мағыналары сөйлеу процесінде әбден қалыптасқан, сондықтан ондай тиесілі мағына сөйлемсіз-ақ ойымызда тұрақталып қалған. Одан әрмен сол сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсуі арқылы да, түрлі грамматикалық формалардың үстелуі арқылы да, дауыс ырғағы, орын тәртібі, ішкі флексия т.б. арқылы да грамматикалық мағына үстеледі.
Грамматикалық мағынаның түрлері оның берілу жолдарына байланысты және соған сай олардың грамматикалық немесе лексика-грамматикалық, семантикалық, қызметтік-функциялық т.б. сипаттары айқындалады.
Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық мағынаны жалпы грамматикалық мағына деп бөлуге болады. Жалпы грамматикалық мағына грамматикалық формасыз-ақ ішкі семантиканың абстракциялануы, жалпылана түсуі арқылы қалыптасады да, сол арқылы 1) сөздердің семантикалық жақындығы, 2) ортақтығы пайда болып, 3) грамматикалық топтар құралады. Жалпы грамматикалық мағынаның әрі қарай шектеле, үсақтай түсуі нәтижесінде үлкен грамматикалық шынында лексика-грамматикалық, топтарынан өз ішінде кіші топтар да бөлініп шығып отырады. Мысалы, үй, бала, Алматы немесе жақсы, көк, тасты, құмсыз немесе кел, тұр, ойла т.б. сөздердің лексикалық мағыналарының жалпылануы нәтижесінде жалпы заттық немесе жалпы сындық немесе жалпы сындық немесе жалпы қимыл, іс-әрекеттік сияқты жалпы грамматикалық мағына туған. Ал солардың әрқайсысының өзінен тағы да кішірек жалпы грамматикалық мағына байқалып кішірек топтарды көрсетуге болады. Жалпы заттық мағынадағы сөздерді адамға байланысты (кімдік) заттар (бала, кісі, жолдас, т.б.), адамнан басқа затқа байланысты (нелік) заттар (үй, тас, ағаш, т.б.), жалпылық немесе жалқылық ерекшелігіне байланысты (Алматы, Қүлагер, Ертіс, т.б.), сондай-ақ деректі-дерексіз т.б. топтарға бөлуге болады. Жалпы сындық мағынадағы сөздерді сапалық сын-белгі (жақсы, жаман, үлкен, биік т.б.) түске байланысты сын (көк, қызыл, ақ т.б.) қатыстық сын (тасты, құмсыз, аудандық т.б.) деп, жалпы қимылды білдіретін сөздерді қимылдық мәнді (кел, кет, шап т.б.) қалыпты білдіру (тұр, отыр, жатыр т.б.) абстракты іс-әрекет (ойла, қиялда) т.б. толып жатқан мәнді білдіруіне қарай топтарға бөлуге болар еді.
Сөйтіп, жалпы грамматикалық мағына сөз топтарының семантикалық сипаты болып табылады. Сөздерді топтастырудың семантикалық деп аталатын принципі сөздердің осы жалпы грамматикалық мағынасына негізделеді. Ескерте кету керек: жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы нәтижесінде пайда болса да, ол енді лексикалық мағына болып саналмайды.
Грамматикалық мағына арнайы грамматикалық формалар арқылы да беріледі. Грамматикалық форма деген ұғымға, ең алдымен, сөзге түбірге үстелетін қосымшалар, сондай-ақ префикстер мен жүйелі түрдегі ішкі флексия, супплетивтік тәсіл жатады. Ал қазақ тілінде префикстік те, флексиялық та, супплетивтік те тәсіл жоқ. Бірлі-жарым кірме сөздің қурамындағы бей, би (бишара, беймаза), на (наразы) сияқтылардың жеке басында ешбір грамматикалық, семантикалық сипат жоқ, олар тілімізде сөз құрамынан бөлінбей, тұтасып кеткен.
Қазақ тілінде грамматикалық форма арқылы берілетін мағынаны категориялық грамматикалық мағына деп атау қажет. Жалпы грамматикалық мағына лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы беріліп, сөздің сыртқы тұлғасына, түріне қатысты болмай, демек, түрлену жүйесіне қатысты болмай, таза грамматикалық семантика ретінде болса, категориялық грамматикалық мағына, ең алдымен, белгілі грамматикалық формалар арқылы беріледі де екіншіден, сол арқылы белгілі грам-матикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып табылады, үшіншіден, соның нәтижесінде сол топтағы сөздердің грамматикалық немесе лексика-грамматикалық категориясын құрауға негіз болады. Мысалы, шақтық мағына белгілі шақ тұлғалары есімше, көсемше немесе қалып етістіктері т.б. арқылы беріліп, етістіктің шақ категориясын жасауға негіз болады. Сөйтіп, категориялық грамматикалық мағына белгілі грамматикалық сөздер тобының түрлену жүйесін, парадигмалық сипатын, соның нәтижесінде ол топтардың грамматикалық, лексика-грамматикалық категориялар шеңберін, мәнін айқындайды.
Грамматикалық мағына сөйлеу процесінде сөздің басқа сөздермен тіркесіп, байланысқа түсуі, негізгі сөзге көмекші сөздің тіркесуі арқылы, орын тәртібі, интонация т.б. аналитикалық, қатыстық тәсілдер арқылы да беріле береді. Оны қатыстық грамматикалық мағына деп атау қажет. Түсінікті болу үшін бірнеше мысалды талдап көрелік. Талдан таяқ жас бала таянбайды. Бала бүркіт түлкіден аянбайды дегендегі екі бала сөзін салыстырып көрейік. Бірінші бала зат атауы (адам), атау септік арқылы субстанттық, иелік (таянбау қимылының иесі) 3-жақ мағынасын білдіріп тұрса, екінші бала заттық мағынада емес, сындық қатыстық мағынаны білдіріп тұр. Бұл грамматикалық (сындық-қатыстық) мағына бала сөзінің бүркіт сөзімен тікелей тіркесуінен пайда болып, соның арқасында объективтену процесіне ие болған. Менде ақыл тұра ма? (Шәкәрім) дегенде сұраулық мағына -ма шылауы арқылы беріліп тұр. Бұл – кітапты көп оқиды және бұл кітап дүкенде сатылып жатыр деген сөйлемдегі бұл сөздерінің интонациясына назар аударсақ та жеткілікті. Әрине, бірінші бұл дегеннің атау септік тұлғасында тұрғаны - бөлек әңгіме. Немесе мына диалогта үйде сөзінің мағынасына назар аударайық:
– Қайда болдың?
– Үйде.
– Үйде? Қай кезде?
Басқа грамматикалық мағыналарды ескермегеннің өзінде екінші үйде дегенде сұрау мағынасы тек интонация арқылы берілген.
Сөйтіп, қатыстық грамматикалық мағына сөздердің сөйлемде атқаратын қызметтерімен байланысты және көбіне контекстік болып келеді де, сөздерді топтастыруда сөздердің синтаксистік қызметі принципіне негіз болады. Сонымен бірге грамматикалық мағынаның бұл үш түрі, бір жағынан, грамматикалық мағынаның грамматикалық форма деген ұғыммен байланыстылығын және грамматикалық категория деген ұғымның мәнін, шеңберін айқындауға негіз болатынын (категориялық мағына) көрсетсе, екінші жағынан, кейде тек ол морфология саласымен шектеліп қоймай, синтаксиске де еніп кететінін (қатыстық грамматикалық мағына) көрсетіп, морфология мен синтаксистің арасын жымдастыра түсуге себін тигізеді. Үшінші жағынан, жалпы грамматикалық мағына жекелеген сөз топтарының семантикалық сипатын айқындайды.
