- •С.М. Исаев
- •Морфология
- •1. Грамматика және оның салалары
- •Сабақтың мақсаты
- •Тілдің грамматикалық құрылысы жайында ұғым
- •Сабақтың мақсаты
- •Пысықтау үшін сұрақтар
- •Әдебиеттер:
- •Ііі. Грамматикалық мағынаның түрлері. Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі
- •Сабақтың мақсаты
- •Грамматикалық мағына мен лексикалық мағынаның арақатынасы
- •Грамматикалық мағынаның берілу тәсілдері мен жолдары
- •Грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың сәйкестігі
- •Пысықтау үшін сұрақтар
- •Әдебиеттер:
- •Іy. Грамматикалық категория
- •Сабақтың мақсаты
- •Грамматикалық категорияның сипаты
- •Грамматикалық категорияның түрлері
- •Әдебиеттер:
- •Y. Сөздің морфологиялық құрамы
- •Yі. Қосымшалардың жіктелуі
- •Әдебиеттер:
- •Yіі. Қосымшалардың мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері
- •Сабақтың мақсаты
- •Қосымшалардың мағыналық, құрылымдық ерекшеліктері
- •Yііі. Жалғаулар
- •Сабақтың мақсаты
- •Іх. Тәуелдік жалғау
- •Сабақтың мақсаты
- •Оңаша тәуелдеу үлгісі
- •Ортақ тәуелдеу үлгісі
- •Х. Септік жалғау
- •Сабақтың мақсаты
- •Хі. Септік жалғаулардың мағыналары мен қызметтері
- •Сабақтың мақсаты
- •Септік жалғауларын грамматикалық және көлемдік септіктерге бөлудің мәні
- •Сабақтың мақсаты
- •Сөзге жалғаулардың жалғану реті
- •Хііі. Нөлдік форма
- •Сабақтың мақсаты
- •Хіy. Сөздерді таптастыру принциптері
- •Сабақтың мақсаты
- •Сөздерді топтастыру принциптері және сөз таптары
- •Сөз таптарының шығуы мен дамуы.
- •Сабақтың мақсаты
- •1.Есімдерден зат есім тудыратын жұрнақтар:
- •2.Етістіктен зат есім тудыратын жұрнақтар:
- •Сабақтың мақсаты
- •2.Етістіктен сын есім тудыратын жұрнақтар.
- •Сапалық сын есімнің шырай категориясы
- •Сабақтың мақсаты
- •Сабақтың мақсаты
- •Жіктеу есімдіктерінің септелу үлгісі.
- •Сілтеу есімдіктерінің тәуелдену үлгісі.
- •Сұрау есімдіктерінің жіктелу үлгісі
- •Өздік сімдіктерінің септелу үлгісі.
- •Сабақтың мақсаты
- •Етістік түбірінің грамматикалық ерекшеліктері
- •Күрделі етістіктер
- •Хх. Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары
- •Сабақтың мақсаты
- •Етістіктің сабақтылық-салттылық категориясы
- •Етіс категориясы
- •Етістіктің болымсыздық (болымды-болымсыздық) категориясы
- •Ххі. Етістіктің ерекше тұлғалық түрлері
- •Сабақтың мақсаты
- •Ххіі. Етістіктің грамматикалық категориялары
- •Рай категориясы
- •Жақ (жіктік) категориясы (жіктелу)
- •Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты
- •Ххііі. Үстеу
- •Сабақтың мақсаты
- •2.Лексика-семантикалық тәсіл:
- •Ххіy. Еліктеу сөздер
- •Сабақтың мақсаты
- •Ххy. Шылаулар
- •Сабақтың мақсаты
- •Пысықтау үшін сұрақтар:
- •Ххyі. Одағай және модаль сөздер
- •Сабақтың мақсаты
Ххіy. Еліктеу сөздер
Еліктеу сөздердің лексика-грамматикалық сипаты.
Еліктеу сөздердің түрлері: еліктеуіш және бейнелеуіш сөздер.
Еліктеуіш сөздердің дыбыстық ерекшеліктері.
Еліктеуіш сөздердің басқа сөз таптарын жасаудағы ролі.
Еліктеу сөздердің сөйлемдегі қызметі.
Сабақтың мақсаты
Еліктеу сөздер семантикалық жағынан айналадағы алуан түрлі дыбыстарға еліктеуден, қимыл-әрекеттерді бейнелеуден тұратын, ерекше грамматикалық топ болатын сөздер екенін түсіну.
Табиғаттағы әр түрлі құбылыстардың дыбыстарына, қимыл-әрекеттеріне еліктеумен немесе олардың бейнелерімен байланысты туған сөздер еліктеу сөздер деп аталады. Мысалы тырс (етті), сарт (етті), жалт (берді), саңқ (етті), былш (етті), шорт (сынды), гүрс (етті), тарс (айрылды), шық (етті), ду (етті), сырт (ете қалды), дыз (ете түсті), қолп (ете қалды), жалт-жұлт, қалт-құлт, бүгжең-бүгжең, арбаң-арбаң, сарт-сұрт, қаңғыр-күңгір, ыржың-ыржың, т.б. Мысалдан анық көрінетіндей, еліктеу сөздердің басқа сөз таптарынан өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, бұл сөздер айналадағы құбылыстардың әр түрлі дыбыстарына, есту арқылы және көру арқылы әр түрлі қимылдарына еліктеуден туған. Мысалы: сарт (етті), саңқ (етті), гүрс (етті), қорс (етті), сарт-сұрт, бұрқ-сарқ, қаңғыр-күңгір тасыр-тұсыр, т.б. дыбысқа еліктеуді білдірсе, жылт (етті), қалт-құлт, бүгжең-бүгжең, т.б. әр түрлі қимыл-әрекетке, құбылысқа еліктеуді көрсетеді. Сондықтан да олар еліктеу сөздер деп аталады. Екіншіден, еліктеу сөздер көбінесе көмекші етістіктермен (негізінен ет етістігімен) тіркесіп немесе қайталанып келіп қолданылады.
Еліктеу сөздер айналадағы құбылыстар арасындағы әр түрлі қатынастарды бейнелі түрде дәл жеткізудің бір құралы болып табылады. Сондықтан да еліктеу сөздер көбінесе көркем әдебиетте жиі қолданылады.
Еліктеу сөздердің түрлері. Еліктеу сөздер мағынасы жағынан айналадағы әр түрлі дыбысқа және қимылға, іс-әрекетке еліктеуді білдіруіне байланысты еліктеуіш сөздер және бейнелеуіш сөздер болып екіге бөлінеді.
Еліктеуіш сөздер. Табиғаттағы заттардың қозғалуы, бір-бірімен қақтығысуы, соғылуы сияқты алуан түрлі қимыл, амал-әрекеттердің нәтижесінде әр түрлі дыбыстар пайда болады. Сол дыбыстарға еліктеуден туатын сөздер еліктеуіш (тарс етті, дар-дар айрылды, сарт-сұрт етті, тарс-тұрс ұрды, т.б.) деп аталады. Мысалы: Боз, күрең, жирен, ала, шұбар, Өтеді ауыздығын қарш-қарш шайнап (Ж.Ж.). Ырғалып қарға қарқ етті, ірімшік жерге салп етті (А). Еліктеуіш сөздер көмекші етістікпен (көбінесе ет көмекші етістігімен) тіркесіп жұмсалады. Мысалы: тырс етті, сарт етті, қыңқ етеді, топ ете түсті, қор ете қалды, гүрс ете түсті, саңқ етті, т.б. Еліктеуіш сөздер қайталанып, қосарланып та жұмсалады. Ондайда көмекші етістікпен тіркесіп, онымен бір қызметте немесе жеке тұрып қимылдың амалын білдіреді. Мысалы: тарс-тұрс етті, дүңк-дүңк етті, ырс-ырс етеді, сарт-сұрт болды, шаң-шұң болды, арс-арс етеді, шарт-шұрт сынды, пыр-пыр ұйықтайды, т.б.
Бейнелеуіш сөздер. Бейнелеуіш сөздер – табиғаттағы әр түрлі қозғалыс, әрекеттерді бейнелейтін сөздер (жалт қарады, елең етті, жалп ете түсті, қорбаң-қорбаң жүгірді, т.б.). Мысалы: Аттылар бұрылып келіп, дөңгелене отырған жиынға жапыр-жұпыр сәлем берісіп амандасып қалды (М.Ә). Кенеттен шыққан дауысқа Ботагөз «ең деуге үлгермей, жүрісін кілт тоқтатып, жалт қарады (С.М.). Селк ете қалды кең далам, Селк ете қалды тау іші (Ж.Ж.).
Берілген мысалдардағы жапыр-жұпыр сөзі бірнеше адамның (аттылардың) бірінен соң бірі рет сақтамай-ақ тез-тез сәлем беруін, кілт сөзі бірден, тез тоқтауды, жалт етіп бұрылып қарауды, селк сөзі бейғам даланың (тау іші) бірден шоши қозғалуын білдіріп тұр.
Бейнелеуіш сөздер көмекші етістікпен (көбінесе ет көмекші етістігімен) тіркесіп жұмсалады. Мысалы: Жылт ете түсті, жалт қарады, қалт етті, ербең етті, т.б. бейнелеуіш сөздер қайталанып, қосарланып, көмекші етістікпен тіркесіп жұмсалады. Мысалы: маң-маң басты, жалт-жұлт етті, жылт-жылт етті, жарқ-жұрқ етті, далаң-далаң жүгірді, қызараң-қызараң етті, қиқаң-қиқаң етті, ербең-ербең етті.
Негізгі және туынды еліктеу сөздер. Еліктеу сөздер құрамына қарай негізгі, туынды және күрделі түбір болып келеді.
1.Негізгі еліктеу сөздерге әр түрлі дыбыстар мен қимыл, іс-әрекетке тікелей еліктеуден туған түбір сөздер жатады. Мысалы: тарс, тұрс, күрс, дік, жылт, жалт, топ, шіңк, морт, қорс, ырс, борт, қыңқ, ірк, шаңқ, т.б.
2.Туынды еліктеу сөздер негізгі түбір еліктеу сөздер мен басқа да сөздерден –аң, -ең, -ың, -ң жұрнағы жалғану арқылы жасалады. а) негізгі түбір еліктеу сөздерден жасалған туынды еліктеу сөздер: арс-аң, бор-аң, болп-аң, елп-ең, жылт-ың, жалт-аң, томп-аң, быж-ың, кілт-ің, жымп-ың, сымп-ың,т.б.
ә) етістіктерден жасалған туынды еліктеу сөздер: ағар-аң, былға-ң, домала-ң, иір-ең, қызар-аң, сыла-ң, т.б.
б) осы жұрнақ арқылы жасалған кейбір туынды еліктеу сөздердің түбірі қазіргі кезде жеке қолданылмайтын өлі түбірге айналып кеткен. Олардың түбірін түбірлес басқа сөздермен салыстырып қарау арқылы болжауға болады. Мысалы: арб-аң (арби), ерб-ең (ерби), жарб-аң (жарби), кірб-ең (кірби), адыр-аң (адырай, адырақ), ажыр-аң (ажырай), майм-аң (майми, маймақ), кірж-ің (кіржи), қайқ-аң (қайқи, қайқы), қылм-ың (қылми, қылымси), соп-аң (сопи, сопай), сид-аң (сиди, сида), т.б.
3. Күрделі еліктеу сөздер негізгі және туынды еліктеу сөздердің қайталануынан немесе қосарлануынан жасалады. Мысалы: борт-борт, гүрс-гүрс, гүр-гүр, дүр-дүр, дір-дір, зырқ-зырқ, бүрсең-бүрсең, жалбаң-жалбаң, қожаң-қожаң, тарс-тұрс, арс-ұрс, баж-бұж, арбаң-ербең, адыраң-едірең, тапыр-тұрып, т.б.
Еліктеу сөздер жұрнақ арқылы басқа сөз таптарынан (негізінен зат есім мен етістік) да жасалады. Мысалы: тарс-ыл, сыр-ыл, ыңқ-ыл, бұл-аң, бүлк-ек, даң-ғыр, қаң-ғыр, дүң-гір, т.б. еліктеу сөздерден -ыл, -іл,-л, -ақ,-ек, -ғыр,-гір жұрнақтары арқылы зат есімдер жасалған болса, желб-іре, салб-ыра, үлб-іре, қалб-ыра, күкр-іре, дүрк-іре, арбаң-да, ербең-де, бұраң-да, күбір-ле, қоқаң-да,т.б еліктеу сөздерден -ыра, -іре, -ла, -ле, -да, -де жұрнақтары арқылы етістіктер жасалған.
Еліктеу сөздердің сөйлемдегі қызметі. Еліктеу сөздер жалаң түрінде де, қосарланып келіп те көбіне көмекші етістікпен, кейде негізгі етістікпен тіркесіп жұмсалады.
Еліктеу сөз көмекші етістікпен тіркесіп қолданылғанда, көбіне күрделі баяндауыш құрамында жұмсалады немесе етістіктің әр түрлі тұлғасында келіп, басқа да қызмет атқарады. Мысалы: Боқай келіншегінің сөзіне мыңқ етпеді (Ғ.Мұст.). Жаппамыз теңселіп тұрғандай, астымыз дір-дір етеді (Ғ.М.). Қасқыр тыпырлап жатқан қозыны көре сала, ыр етіп барып бас салды (М.Ә.). Қалт еткенді аңдып отыр. Оның сөзіне елең еткен адам болмады.
Берілген мысалдағы көмекші етістікпен тіркескен мыңқ етпеді, дір-дір етеді деген еліктеу сөздер (Боқай қайтпеді?) күрделі баяндауыш болса, ыр етіп барып (қалай?) пысықтауыш, қалт еткенді (нені аңдып отыр?) – толықтауыш, елең еткен (қандай адам?) – анықтауыш қызметін атқарып тұр.
Пысықтау үшін сұрақтар
1.Еліктеу сөздер қалай жасалады?
2. Еліктеу сөздердің қандай түрлері бар?
3.Еліктеуіш сөздер қалай пайда болады?
4.Бейнелеуіш сөздер қалай пайда болады?
5.Туынды еліктеу сөздер қалай жасалады?
6.Күрделі еліктеу сөздер қалай жасалады?
7. Еліктеу сөздер сөйлемде қандай қызмет атқарады?
Әдебиеттер:
Қазақ тілінің грамматикасы. А.,1967. 254-260-б.
А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. А.,1974. 359-373-б.
Ш. Сарыбаев. Қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздер. А.,1960.
Ш. Сарыбаев. Қазақ тіл білімі мәселелері. А.,2000
Қазақ тілі. Энциклопедия. А.,1998. 108-б.
