Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Исаев учеб (1).doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
2.09 Mб
Скачать

Сабақтың мақсаты

Жіктік жалғаудың жақтық сипаты мен предикаттық (баяндауыштық) мәнін, қазақ тілінде сөздердің жіктелу жүйесін меңгеру.

Жіктік жалғаудың қызметі ойды білдіретін негізгі қимыл, іс-әрекетті оны іске асырушымен (грамматикалық субъектімен) байланыстырып, сол арқылы мағыналық жағынан қимылдың кім арқылы, қай жақ арқылы жүзеге асуын білдіреді. Сондықтан да жіктік жалғау кейде баяндауыштық, предикаттық жалғау деп те аталады.

Әрине, жақ пен жіктелу ұғымы бір-біріне толық балама емес. Әдетте мектеп оқулықтары мен грамматикаларда жақ ұғымы таза морфологиялық қана тұрғыдан жіктік жалғау я жіктелу деген парадигмалық жүйенің шеңберінде көрсетіліп келді. Бірақ одан жіктік жалғаудың табиғаты толық ашыла алмайды, әсіресе оның жақтық сипаты мен сөйлеу процесіндегі қызметі айқындалмай қалады.

Рас, оқулықтар мен грамматикаларда беріліп жүрген жіктік жалғау жүйесінде оған жақтық сипат та берілген. Морфологиялық көрсеткіш ретіндегі жіктік жалғау үш жақтың әр жағында бөлек-бөлек болып түрленіп, сол арқылы, бір жағынан, тұтас біртектес грамматикалық (жіктік) мағынаны білдіріп, екінші жағынан, әр жақты (жекеше-көпше де) әр түрлі грамматикалық формалар арқылы бір-біріне қайшы грамматикалық мағына білдіріп, морфологиялық түрлену жүйесінің яғни парадигмалық жүйенің жиынтығын құрау арқылы грамматикалық (морфологиялық) категория болып танылады.

Сөздердің жіктелу жүйесі, бір жағынан, морфологиялық түрлену тұлғаларының жүйесі, екінші жағынан, сол арқылы берілетін грамматикалық мағыналар жиынтығы арқылы грамматикалық категория болып танылатыны рас. Сонымен бірге осыған негіз болып отырған жіктік жалғаулардың синтаксистік қызметі мен сөйлем құраудағы сипаты ерекше екенін естен шығаруға болмайды. Әрине, барлық жалғаулардың да (септік, тәуелдік, жіктік,) кейде көптік жалғаудың сөз байланыстырудағы қызметі ерекше екені белгілі. Сондықтан да олар басқа қосымша түрлерінен бөлініп, жалғау деп аталады. Ал жіктік жалғаудың сонымен бірге сөйлем құрауға сөйлемді тиянақтап, ой білдіруге тікелей қатысы бар, өйткені сөйлемнің діңгегі, ойдың көрінісі, негізі болып есептелетін сөйлемнің баяндауышы жіктік жалғау арқылы, бір жағынан ойдың қазығы, қимыл, іс-әрекеттің иесі бастауышпен (субъектімен) қиыса байланысып тұрса, екінші жағынан, ойды тұжырымдап, тиянақтап, сөйлемді аяқтап тұрады. Сондықтан да түркологияда жіктік жалғауын баяндауыш (предикат) қосымшасы немесе баяндауыш категориясының тұлғасы (ИСГТЯ, 5-19) деп атайды. Н.К.Дмитриевтің көрсетуінше, сөзге қосымшалар (аффикстер) жалғану негізінде болатын грамматикалық категория әдетте морфологиялық категория деп саналатын болса да, өзінің мәні жағынан баяндауыштық категория (категория сказуемости) яғни жіктелу таза синтаксистік қызмет атқарады. Түркі тілдерінің ерекшелігінің өзі осында (ИС-ГТЯ, 5) Өйткені, Э.В. Севортянның көрсеткеніндей, баяндауыштық сипат (сказуемость) дегеніміз екі түрлі грамматикалық категорияның қатысы: оның бірі, баяндауыш деп аталатыны, белгілі бір қасиетті (іс-әрекет) білдіре отырып, екінші бірі сол қасиеттің іс-әрекеттің иесімен немесе оның жағын білдіретін бастауышпен қосылып кетеді. Баяндауыштық сипат ойлау актісінің сөйлеу арқылы берілуі болып табылады да, сөйлемнің негізін құрайды (ИСГТЯ, 16).

Қазақ тіл білімінде жіктелуді, жіктік жалғауды бірде тек жақтық мағынамен байланысты қарап, оны жақтық мағынаны, предикативті мәнмен барабар деп түсінушілік те бар. „Жіктік жалғауы өзінің жалғанған сөзіне тек қана жақтық мағына үстейді, яғни предикативтік реңк береді" (М.И. ҚҚТ, 85). Бірақ сол арқылы грамматикалық жүйе ретінде жіктік жалғау тек жақтық мағынамен ғана шектеліп қалмайды, онда жіктік жалғаудың тәуелдік жалғаудан бөлек грамматикалық категория боларлықтай ерекшеліктері, айырмашылықтары болмас та еді. Жақтық мән жіктік жалғауда да, тәуелдік жалғауда да бар. Оның үстіне жақтық мағынаны тек предикативтік реңк деп түсінуге де болмайды. Бұлар, жақтық мағына, предикативтік реңк (дұрысында қатынас я қызмет), бір жағынан, бір-бірімен қанша байланысты, жақын болса да бір-бірінен бөлек, екінші жағынан, әр тілдік қабаттың жүйесінен шығатын әр түрлі ұғымдар, сөйтіп, олар бірінің орнына екіншісі жүрмейді, бір тілдік құбылыстың шеңберінде бір-бірін әр жақтан (бірі морфологиялық, сөздің бір құрамды бөлшегі және оның білдіретін грамматикалық мағынасы ретінде, екіншісі басқа бір сөзбен қатынасы негізінде) толықтырып оты-рады.

Әрине, жақ ұғымы қимыл, іс-әрекеттің қай жақ арқылы (сөйлеуші ме, тыңдаушы ма, бөгде ме) іске асатынын немесе белгілі қасиеттің қай жаққа қатысты екенін я қасиеттің иесі қай жақ болып тұрғанын білдіру болып табылады да, оның мәні екі сөздің, субъекті мен предикаттың арасындағы семантикалық және грамматикалық қатынас пен қызметтен көрініп, айқындалады. Бұл тұрғыдан келгенде жақ ұғымы тілдің грамматикалық құрылысы синтаксистік сипаттың көрінісі ретінде өмір сүреді. Бірақ жақ ұғымының (жіктелудің) морфологиялық сипатын ескермеуге болмайды, өйткені жіктік жалғау – үш жақта (және жекеше-көпше болып), әрқайсысына (сол жаққа, бұл – грамматикалық мағына) тән арнайы грамматикалық тұлғалары бар парадигмалық түрлену жүйесі болып табылады. Сондықтан да жақ (жіктік) категориясы немесе жіктелу оның түрлену тұлғасы (жіктік) жалғау, баяндауыштық қосымша деп аталса да, синтаксистік сипаты мол болса да, морфологиялық категория болып саналады. Өйткені біріншіден, жіктелудің мәні, ең алдымен, грамматикалық тұлғалар (жіктік жалғау формалары) мен солар білдіретін грамматикалық мағыналар сәйкестігі арқылы анықталады, екіншіден, сөз түрлендіру тұлғалары жиынтығынан құралатын грамматикалық категориялардың синтаксистік қызмет атқару қасиеті, мысалы, тәуелдік жалғауының ілік септік жалғаулы сөзбен анықтауыштық қатынаста матаса байланысуы, септік жалғауларының объектілік, мезгілдік, мекендік қатынастарда екінші сөзбен меңгеріле байланысуы – заңды құбылыс. Сондықтан да жақ (жіктік) категориясын, жіктелу жүйесін бір ғана

қырынан түсіну, сөйтіп, категориялық сипатын синтаксистік қана қызметінен айқындау, морфологиялық түрлену (парадигмалық) жүйесін, соған сәйкес бір тектес өз ішінде қарама-қайшы мәнді грамматикалық мағыналар жиынтығын ескермеу бұл тілдік құбылыстың (жіктік жалғаудың) мәнін толық ашпайды, грамматикалық сипатын терең айқындай алмайды. Өйткені жақ категориясының, жіктелу жүйесінің грамматикалық сипатын анықтайтын ерекшелік оның синтаксистік қатынасы мен қызметінде емес, жіктік жалғау яғни морфологиялық түрлену жүйесінде жатыр да, көрсетілген синтаксистік қатынас жіктік жалғаудың сөйлеу процесіндегі атқаратын қызметінен туындап отыр. Яғни бұл жерде тілдік құбылыстың морфологиялық түрлену жүйесі мен мағыналық сипаты және олардың сөйлеу процесінде синтаксистік қатынасқа түсіп, белгілі тұрақты қызмет атқаруы диахрондық аспектіде, тарихи тұрғыда (яғни қайсысынан қайсысы пайда болды деген ыңғайда) тұжырымдалып отырған жоқ, синхрондық аспектіде, статикалық тұрғыда (яғни белгілі бір форма, формалар жүйесі белгілі бір грамматикалық мағыналарды білдіріп сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты қызмет атқарады) көрсетіліп отыр. Сондықтан да „жіктік жалғау - баяндауышқа ғана тән жалғау" екенін мойындай отырып, жіктік жалғау тек қана синтаксистік қызмет атқарады, өйткені жіктік жалғаулы сөз сөйлемде әрдайым баяндауыш қана болады" (ЬІА. - ҚҚТ, 67) – деген тұжырымның бір жақты екенін көрсету қажет. Осы ізбен яғни ілік септік жалғауын ол тұлғадағы сөз тек анықтауыш қызметін, табыс септік жалғауын ол тұлғадағы сөз тек тура толықтауыш қызметін атқаратыны үшін және ілік септік жалғауы тәуелдік жалғаумен, табыс септік жалғауы сабақты етістікпен байланысып қана қолданылуына қарап, оларды басқа септік жалғауларынан, тіпті жалғаулар деп аталатын қосымшалар тобынан бөліп алып, тек синтаксистік қызмет атқаратын тілдік единица деу қаншалықты қисынды болар еді? Сөйтіп, жіктік жалғау - сөйлем құрайтын негізгі діңгек сөздерді (бастауыш пен баяндауышты) байланыстыратын предикаттық мәндегі морфологиялық тұлға.

Төрт жалғаудың үшеуі (көптік, тәуелдік, септік жалғаулар) әдетте сөз табы жағынан зат есімге тән, зат есімнің түрлену жүйесі деп анықталады да, жіктік жалғау көбіне етістікпен байланысты сипатталады. Бірақ жіктелетін тек етістік қана емес. Әдетте жіктік жалғауы етістіктің түбіріне тікелей жалғанбайды, белгілі бір формаларының үстіне ғана жалғанады, соған байланысты жіктік жалғаулардың тұлғалары да біркелкі болып келмейді, ал есім сөздерге жіктік жалғау тікелей түбірге және бір қалыппен жалғана береді. Бұның сыры неде? Ең алдымен, бұл-жіктік жалғаудың ауқымы өте кең екенін көрсетеді. Екіншіден, ол жіктік жалғаудың тек семантикалық мәнінен ғана емес, функциялық сипатының, синтаксистік қызметінің ерекшелігінен туындаса керек. Яғни жіктік жалғаудың предикаттық мәні мен сөйлемді тиянақтап, аяқтап түру қасиетінде жатса керек. Ал предикат қызметін тек етістіктер ғана емес, есімдер де атқара алады.

Рас, қазақ тілінде адамға байланысты есім сөздер тікелей жіктеледі де, жіктік жалғау тікелей сол түбірге жалғана алады. Ал етістік түбіріне тікелей жіктік жалғау жалғана алмайды. Тек „функциялық етістік" деп аталатын ерекше грамматикалық формалары ғана (М.Ы. - ҚҚТ, 83-85) жіктеле алады, яғни осы формалардың үстіне ғана жіктік жалғаулар үстеле алады. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ тілінде қалып етістігі деп аталып жүрген отыр, тұр, жатыр, жүр деген 4 етістік те тікелей жіктеледі. Бұның өзі бүл төрт етістік түбір емес екендігін, етістіктің белгілі бір грамматикалық тұлғасы екендігін анғартады. Үшіншіден, етістіктің жіктелетін тұлғаларының өзіне жіктік жалғаулары біркелкі жалғанбайды. Әрине, бұлай болуы тегін емес. Бір жағынан, жеке сөз табы ретінде етістіктің өзі сан салалы, күрделі екенін көрсетсе, екінші жағынан, жіктік жалғаудың грамматикалық мағынасы, әр жаққа байланысты түрлену жүйесі, сөйлемде атқаратын қызметі, синтаксистік қатынасты білдіруі бір кезде, бір түрлі, бір ыңғайда қалыптаса қоймағанын көрсетеді. Жіктік жалғаудың осындай әр жақтылық сипатының себебін бір сөзбен дәлелді түсіндіру өте қиын. Етістіктің қай түрін (тіпті есімдерді де) жіктесек те, яғни жіктелу үлгісінің қай түрін сөз етсек те, жіктік жалғауының сөзге жалғануы жағынан да, сыртқы түр-тұлғасы жағынан да, басқа сөзбен (предикаттық субъектімен) байланысы жағынан да, бірінші және екінші жақ бір түрлі, ал үшінші жақ өзінше бөлек екені байқалып тұрады. Бұл – тек 1,2-жақтың сөйлеуші мен тыңдаушы, ал 3-жақтың бөгде болуымен ғана емес, сонымен бірге шығу, қалыптасу тарихымен, қолданылу ерекшеліктерімен де байланысты. Айталық, 1-2-жақ жіктік жалғаулары жіктеу есімдіктерінен (-мын, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін тұлғалары мен дегеннен, -сың, -сің, сен дегеннен, -сыз, сіз сіз дегеннен, сондай-ақ біз сөзінен -мыз, -міз, -быз, -біз, -пыз, -піз, сендер дегеннен -сыңдар, -сіңдер, -сіздер дегеннен -сыздар, -сіздер жасалып, қалыптасқаны белгілі. Бұнымен бірге 1-2-жақ жіктік жалғаулары 1-2-жақта кейбір дыбыстық өзгерістерге түсіп, түрін өзгертіп, 1-жақта -м, мысалы, келді-м барса- м, бара-мын дегеннің сөйлеу тілде бара-м болуы сияқты дамудың салдары болу керек, 2-жақта -ң, мысалы, келді-ң, барса-ң немесе сыпайы -ңыз, -ңіз: келді-ңіз, барса-ңыз болуын көрсете кеткен жөн. Осындай өзгеріс үстінде жіктеу есімдіктері, бәлкім, жіктік жалғаулары арқылы 1-2-жақ тәуелдік жалғауларын да -ым, -ім, -м және -ың, -ің, -ң -ыңыз -іңіз, -ңыз қалыптастырған. Ал қазақ тілінде -а, -е, -й, -ып, -іп, -п көсемше тұлғалы етістік жіктелгенде ғана кездесетін 3-жақ жалғауы -ды, -ді, -ты, -ті тарихи жағынан түр көмекші етістігінен кейінірек жасалып қалыптасқан. Көпшілік жағдайда 3-жақтың арнайы қосымшасы болмайды да, ол мағына көбіне нөлдік форма арқылы беріледі. Н.К. Дмитриевтің көрсетуінше, қазіргі 3-жақ баяндауыш қосымшасы (аффикс сказуемости) тұр көмекші етістігіне саяды да, қосымша қатарына кеш келген. Кейбір түркі тілдерінде 3-жақтағы баяндауыш ешбір қосымша арқылы берілмейді. Сөйтіп, 3-жақ баяндауыш қосымшасының шығу төркіні 1 және 2-жақ жіктік жалғаулардан өзгеше. Тіпті түр етістігінің болу мәнінде жұмсалуы тек түркі тілдеріне ғана тән емес, басқа да тілдерден байқалып отырады.

Көптеген түркі тілдерінде тұр-ұр-тұр-ыр -ол тұр -ол тұрар -ол тұрып тұр (осы шақ - келер шақ) деген алғашқы тұлғасы әр түрлі дыбыстық өзгерістерге түсті. Түбірдегі дауысты дыбыстың өзгерісін былай қойғанда (тұр-тор), сөз басындағы қатаң дыбыстың ұяңдануы (тұр// дур -, тыр// дыр-) немесе сөздің -ыр// -ұр деген екінші буыны түсіп қалып, соның салдарынан сөз мүжіліп барып, тұр-ур // дур-ур -тұр//дур тұр // дүр тыр-ыр // дыр-ыр - тыр // дыр -тыр // дыр (қазақша, өзбекше -ды, -ди, қырғызша болып қосымшаға айналған (ИСГТЯ, 5).

Бұның үстіне есім сөз таптарының 3-жақта, дұрысында, 1 және 2-жақта жұмсалуында да белгілі бір ерекшелік бар. Әдетте адамға қатысты зат есім, сын есімдер ғана жіктеле алады.

Мен бала-мын, жігіт-пін, жалғыз-бын, үлкен-мін, екінші-мін.

Біз бала-мыз, жігіт-піз, жалғыз-быз, үлкен-біз, екеу-міз

Сен бала-сың, жігіт-сің, жалғыз-сың, үлкен-сің, екін-ші-сің.

Сендер бала-сыңдар, жігіт-сіңдер, жалғыз-сыңдар, үлкен-сің-дер, екеу-сіңдер.

Сіз бала-сыз, жігіт-сіз, жалғыз-сыз, үлкен-сіз, екеу-сіз.

Сіздер бала-сыздар, жігіт-сіздер, жалғыз-сыздар, үлкен-сіздер, екеу-сіздер.

Ол бала – 0, жігіт – 0, жалғыз – 0, үлкен – 0, екеу – 0.

(Олар) бала-лар- 0, жігіт-тер- 0.

Ал, адамға байланысты емес (айналадағы жанды-жансыз) заттарға, сол заттардың әр түрлі сындық, сандық сипатына байланысты сөздер бірінші айтушы я екінші (тыңдаушы) жақ бола алмайды, яғни мен-үй-мін, сен-тау-сың деп айтуға болмайды, тек кейде жанды-жансыз заттар адам мағынасында түсініліп, әсіресе поэзияда экспрессиялық мәнде ғана қолданылуы мүмкін.

Сонда мен көп еліктің бірімін ғой,

Сүйгеннің аузындағы жырымын ғой

(С. Торайғыров)

Жапанда бір гүл едім жеке біткен,

Қызықты дүниеден өмір күткен

(С. Торайғыров)

Жылансың екі басты ел жалмаған,

Қоймаймын не қылсаң да, айтар сөзім

(Жаяу Мұса)

Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың...

Хан емессің, ылаңсың, қара шұбар жылансың

Хан емессің, аярсың, Айыр құйрық шаянсың!

Мен келелі қара бұлтпын,

Келе жаумай ашылман.

Қарсыласқан дұшпанға

Найзағай мен жасылмын

(Махамбет)

Нұрысың сен дүниенің алып тұрған

Күйігің сенің мені зарықтырған

(„Дариға" халық әні)

Сен жаралы жолбарыс ең, мен киіктің лағы ем (Абай)

Кейде 1-2-жақ жіктік жалғаулары тіпті түсіп қалып та қолданылады:

Мен көмір де, сен темір, Еріткелі келгемін...

Сен қабылан да, мен арыстан, Алысқалы келгемін

(Қазбек шешен).

Сіз - бір сұңқар шаһбаз (А). Біз - қырғауыл,

Сіз - тұйғын, Тояттай бер кел де алып (А). Сіз - жалын шоқ, біз-бір май (А).

Ардақжан, сен ақ сұңқар бақшадағы, Біреудің мәпелеген ақ тамағы (Әсет ақын).

Сіз дария болғанда, мен қоңыр қаз, Баурым төсеп бетінде қалқымдым-ай ("Шилі өзен" әні.)

Бейіштің гүл жамылған сарайында Сайраған тоты құстай сен бір бұлбұл ("Қара торғай" әні.)

Сіз асыл тас, қалқатай, сағаттағы, Көңілімді сүйген жар табаттағы ("Ахау керім" әні). Ой, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген ("Ардақ") т.б.

Соңғы мысалдарда өлең сөздің ерекшелігіне байланысты, әр жолда буын санының сәйкестігіне, ұйқасқа қарай және стильдік экспрессиялық мақсатқа сәйкес 2-жақтың жіктік жалғаулары қолданылмаған, түсіп қалған, бірақ оның қай жақта тұрғандығы мәтінде қолданылған қимыл, іс-әрекеттің, заттың иесі субъектіні білдіріп тұрған 1-2-жақтағы жіктеу есімдіктерінен анық байқалады: мен көмір-мен көмір-мін, сен темір - сен темір-сің, сен қабылан -сен қабылан-сың, мен арыстан-мен арыстан-мын, сіз сұңқарсыз, біз қырғауылмыз, сіз тұйғынсыз, сіз шоқсыз, біз маймыз, сен ақ сұңқар және біреудің ақ тамағы - сен ақ сұңқар -сың және біреудің ақ тамағы-сың, мен қоңыр қаз- мен қоңыр қаз-бын, сен бір бұлбұл - сен бір бұлбұл-сың, сіз асыл тас - сіз асыл тас-сыз, сен ақ қоян - сен ақ қоян-сың. Ал зат есімнің көмекші етістікпен (көбіне е көмекші етістігі) тіркесіп жұмсалуы бұл сияқты қолданысқа шақтық мән (әсіресе өткен шақ) береді, жіктік жалғау әдеттегідей көмекші етістікке жалғанады: (мен) гүл едім, сен жолбарыс ең (едің), мен киіктің лағы ем (едім) т.б.

Бұл сияқты өлең сөзде, әсіресе ауыз әдебиеті дәстүріндегі поэзияда, ақындар айтысында айтушы (автор я кейіпкер) өзін және тыңдаушысын (қарсыласын) белгілі бір қасиеті я сапасы жағынан сай келетін я айтушы тұрғысынан сай болып саналатын жанды я жансыз (адамнан басқа) заттарға балау, сөйтіп, бір жағынан, оны субъектінің предикаты ету, екінші жағынан, сол арқылы әсем де әсерлі, бейнелі ой, экспрессиялық мән білдіру жиі кездесіп отырады. Мысалдағы (сүйгеннің аузындағы) жырымын ғой - мен өліп қалсам да, өзімнің іс-әрекетім, сезімім т.б. арқылы сүйгеннің қол созған арманы, әмән айтып жүретін, жырлап жүретін адамымын, (мен) жапанда жеке біткен бір гүл едім - өмірге құштар, жұрттан көмек күткен, қолдаушысы жоқ өте нәзік адам едім, (сен) екі басты жылансың жұртқа жақсылығы жоқ, обыр, озбыр, жауыз адамсың (Махамбеттегі қара шұбар жылансың деген де осыған жақын мәнде қолданылған), (сен) қасқырсың, ылаңсың деген де осыған жақын мәнде қолданылған), (сен) қасқырсың, ылаңсың, жылансың, аярсың, шаянсың дегендер де Жәңгірханның озбыр, адамдық қасиеттен ада, қатыгез, айлалы мінездерін көрсету үшін қолданылған; мен келелі қара бұлтпын - айбарлы, ашулы, кек алатын адаммын, мен найзағай (мын), жасылмын (жай түсу) - сол айбарлы, кекшіл мінезді, бір сәтте іске асыратын қуаты бар, мерт ететін жанмын (өте бір ерекше экспрессия) т.б. Әдетте айтушы өзі мен тыңдаушысын (қарсыласын) қарсы қойып, шендестіре суреттегенде, сол зат білдіретін ұғымның барлық қасиеті емес, жеке бір қасиеттерін ғана есепке алатын сияқты: сен бұзау терісі шөншіксің - әрі кіші, әрі жұқа, әрі осал, мен өгіз терісі талыспын - әрі үлкен, әрі қалың, әрі мықты: сен жаралы жолбарыс ең өмірден опық жеген яғни жаралы, айбарлы сойқан күші бар жансың, мен киіктің лағы ем -басында еркі жоқ, тағдыры жұрттың қолында, нәзік жаратылған жанмын; мен - көмір қызуы күшті, көрінгенді ерітіп жіберетін жанмын, сен темір - өте мықты, берік, бірақ көмір қызғанда балқып кететін жансың; сен қабылан - дүлей күштің иесі жансың, мен арыстан одан да асқан күші бар адаммын т.б.

Ал баяндауыш қызметіндегі сөз 3-жақта жұмсалғанда яғни жіктелудің 3-жағында тұрғанда, біріншіден, грамматикалық тұлға (форма) ретінде арнайы қосымша (жіктік жалғау болмайды, бұл - нөлдік форма деп аталады, яғни жіктік жалғаудың арнаулы көрсеткіші - тұлғасы болмаса да, 3-жақтық грамматикалық мағына бар) болмайды, екіншіден, предикат (баяндауыш) 1-2 -жақтардағы секілді міндетті түрде адамға байланысты сөз болмай, кез келген заттық (адамға байланысты болуы тіпті де міндетті емес) ұғымды немесе соның (заттық ұғымның) сандық, сан-мөлшерлік т.б. сипатын білдіретін сөз болып, оның иесі субъекті де, яғни ол, 1-2-жақтардағыдай (яғни мен, біз, сен, сіз, сендер, сіздер, тек адамға байланысты, өйткені сөйлеу, ой жеткізу, пікір айту және соларды тыңдау, тыңдату, соған қаратылу тек қана адамға қатысты, адамға байланысты сипат) тек адамға қатысты ғана емес, кез келген атауы, бөгде зат ұғымы болып та келеді. Сондықтан да субъектілік-предикаттық қатынаста 3-жақта жіктелу арқылы қолданылған сөз байланыстарының табиғаты ерекше. Өйткені ондай қолданыстағы яғни баяндауыш қызметін атқарып, 3-жақ жіктік жалғаудың нөлдік формасында тұрған сөз әр уақытта 1-2-жақтарда яғни, жіктік жалғаудың 1-2-жақ грамматикалық көрсеткіштерін жалғап жұмсалмайды. Жіктік жалғау белгілі қызметтегі (баяндауыш қызметіндегі) сөздердің парадигмалық түрлену жүйесі болса да, адамнан басқа заттарға байланысты жоғарыда көрсетілген қолданыстардан басқа жағдайларда олардың семантикалық (мағыналық) сәйкестігіне қарай 1-2-жақтарда жіктелмейді. Бірнеше мысал: Екеуінің де көңіл түбіндегі бір жұбаныш - Кәлен. Және Қоңырат, Үшсай, Үйреніш - Кәленнің мұнан бұрын да талай болған, жалғыз жортқан жерлері (Ә.Нүрпейісов). Тәкен де алысты болжап отырған сияқты. Сонда теріс - кім? Талас неден шықты (Ғ.Мұстафин). Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы. Ғашықтың тілі-тілсіз тіл (Абай). Ар жазасы - бар жазадан ауыр жаза (М.Әуезов). Көп оқу - білім алудың негізгі шарты (С.Мұқанов). Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік (Абай). Жан болып өз тіршілігімде сүйгенім - ән (Ғ.Мүсірепов). Адасқанның алды-жөн, арты-соқпақ (Абай). Біздің алдымызда тұрған ең жауапты міндет - қысқы жемшөптің мол қорын жасау («СҚң газеті). Бақыт - өз еңбегінің жемісін өз көзімен көру (В.Катаев). Мысалдағы: бір жұбаныш - Кәлен, яғни ол - Кәлен, 1-2-жақтарда мен Кәленмін, сен Кәленсің, сіз Кәленсіз болып жіктеле алады, бұл сөз жіктік жалғаудың үш жағында да қолданыла алады, өйткені Кәлен деген сөз адамға байланысты сөз, адамның аты, ал Қоңырат, Үшсай, Үйреніш - Кәленнің ыстық жерлері яғни ол не олар Кәленнің жерлері, бірақ мен жерімін я жерлерімін, сен жерісің, я жерлерісің т.б. болып 1-2-жақтарда жіктелмейді және қолданылмайды, өйткені жер - жансыз зат, теріс-кім? яғни ол - кім? сондай-ақ Мен кіммін? Сен кімсің? Сіз кімсіз т.б. болып жұмсала алады. Патша сөзі адамға байланысты болғанмен, бұл жерде (сөздің патшасы) тақта отыратын ел билеуші адам емес, ең жоғарғы көрсеткіш, үтымды сөз мағынасында қолданылған, сондықтан да мен сөздің патшасымын, сен сөздің патшасысың және мен сөз сарасымын, сөз сарасысыз болып жұмсалмайды. Ғашықтың тілі яғни ол - тілсіз тіл, ар жазасы яғни ол -ауыр жаза, көп оқу яғни ол білім алудың негізгі шарты, баланың жақсысы яғни ол - қызық, жаманы - яғни ол күйік, сүйгенім яғни ол-ән, адасқанның алды яғни ол - жөн, арты яғни ол - соқпақ, бірақ мен тілмін де емес, тілсің де емес, мен жазамын да емес, сіз жазасыз да емес (әрине, жазу етістігі де емес), мен шарты да емес сен шарты да емес, мен әнмін де емес, сен әнсің де емес т.б. Сондықтан да болса керек, грамматикалар мен жеке зерттеулерде баяндауыш қызметіндегі зат есім жіктік жалғаудың 3-жағында (нөлдік формада) тұр делінбей, ол атау септік тұлғасында тұрған сөз деп уағыздалады.

Айта кету керек, жеке сөздің, зат атауының 3-жақты білдіруі бар да, оның үшінші жақ жалғауда тұруы бар, ол екеуі-екі бөлек нәрсе. Мысалы, кез келген зат есім грамматикалық мағынасы жағынан 3-жақты білдіреді: тау, адам, үй т.б. Сондықтан да бұл сөздердің орнына ол деген 3-жақ жіктік есімдігін қолдануға болады, ал баяндауыш қызметінде мынау- тау, ол - адам, алыстан көрінген - үй т.б. қолданыста бұлар жіктік жалғаудың 3-жақ тұлғасында жұмсалған, өйткені мен асқар таумын, сен адамсың т.б. болып мағыналық жағынан 3-жақты білдіретін сөздер 1-2-жақ жіктік жалғауында қолданыла береді. Зат есім, әсіресе сын есім мен сан есім тіпті қимыл есімі (тұйық етістік) баяндауыш қызметінде жұмсалғанда, еш уақытта атау септік тұлғасында (грамматикалық формада) тұрмайды. Жоғарыда септік категориясына байланысты талданғандай, атау септік тұлғалы сөз грамматикалық мағынасы жағынан субстанттық, иелік, грамматикалық қызметі жағынан сөйлемнің бастауышы (грамматикалық субъект) мәнінде қолданылатыны белгілі. Сондықтан да басқа сөз таптары атау септік тұлғасында яғни сөйлемде бастауыш қызметінде жұмсалғанда, көрініп тұрған, ешбір сыртқы формасы болмаса да (бұл жерде нөльдік форма) заттанып қолданылады: бітер істің басына жақсы келер қасына (Мақал), көрмес түйені де көрмес (Мақал) т.б. дегендерде жақсы, көрмес деген сөздер сын есім мен есімше атау септік тұлғасында тұру арқылы әрі бастауыш қызметінде, әрі заттанып субстантивтеніп жақсы адам,

көрмес адам деген мәндерде қолданылған. Атау септіктің бұндай қызметі мен мәні оны басқа септік түрлерімен категориялық форма ретінде қатар қоюға негіз болады. Ал атау септік тұлғасының басқа тұлғалармен әсіресе зат есімнің түбір тұлғасымен (бұл – зат есімнің басқа түрлену формаларына негіз болатын тұлға) сырттай ұқсас келуі оларды бір екен деп қарауға негіз бола алмайды. Бұлар – грамматикалық омонимдер: зат есімнің түбір тұлғасы грамматикалық форма емес, мағынасы түбірдің мәнімен, жалпы грамматикалық (лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын) мағынамен байланысты болса, атау септігі – грамматикалық форма (нөлдік форма), оның мағынасы категориялық грамматикалық мағына. Осы екеуіне сырттай ұқсас үшінші бір форма – зат есімнің 3-жақ жіктік жалғауында тұрған формасы. Бұл – зат есімнің түбір тұлғасы да емес, атау септік тұлғасы да емес, категориялық мағынаны білдіретін (3-жақ субъектінің кім екенін, қандай қасиеті бар екенін білдіретін) өзіне тән грамматикалық қызметі бар (сөйлемнің баяндауышы) 3-жақ жіктік жалғаудың нөлдік формасы, өйткені бұл – тіркес грамматикалық (жіктелу я жіктік) мағынаны білдіретін жүйенің жақтық жағынан бір-біріне қайшы келетін (мысалы, бірінші мен екінші, бірінші мен үшінші, екінші мен үшінші жақтары) бір түрі.

Баяндауыш қызметінде тұйық етістік қолданылғанда, ол жіктелу жүйесінен тіпті алшақтап кетеді, өйткені үшінші жақта тұрған тұйық етістік (мысалы, міндетіміз – жақсы оқу яғни ол - жақсы оқу сияқты) предикат ретінде белгілі бір шарттылықпеи түсінілсе де, оның (тұйық етістік түрінің) предикат қызметінде бірінші және екінші жақтарда жұмсалуы мағыналық (семантикалық), тұлғалық (формалық) жағынан да қазақ тілі нормасына сай емес: мен үйрену-мін, келу-мін, сен үйрену-сің, келу-сің т.б. болып айтылмайды. Тұйық етістік сондықтан да етістік түрлерінің (тұлғаларының) ішінде жіктелмейтін (бірақ есімдерше түрленетін, көптелетін, септелетін, тәуелденетін және мағынасы жағынан қимыл, іс-әрекеттің атын, атауын білдіретін) ерекше түрі деп аталады. Демек, семантикалық, грамматикалық сипаты жағынан тұйық етістік жіктелмейтін тұлға болса, баяндауыш қызметінде 3-жақ жіктік жалғаудың нөлдік формасы мәнінде тұрады. Дәл осындай шарттылық сипат жатыс септік тұлғасындағы зат есімдер (көмекші есімдер) баяндауыш қызметінде жұмсалғанда да байқалады: жау жоқ деме, (ол) жар астында, бөрі жоқ деме, (ол) бөрік астында (Мақал); бас жарылса, (ол) бөрік ішінде, қол сынса, (ол) жең ішінде (Мақал); қызым үйде, қылығы түзде (Мақал) т.б. Тіпті кейде негізгі ережеге қайшы келетін (әдетте, мысалы, одағай сөйлем мүшесі болмайды) бірлі-жарым фактілер, (мысалы, Уһ – одағай деген-де, уһ – бастауыш болып тұр,) кездесіп отыруы тілдің жүйелік сипатын жоққа шығармайды. Сөйтіп, баяндауыш қызметіндегі сөз әрдайым жіктеліп жұмсалады, 3-жақта арнайы жіктік жалғауының болмауы оның нөлдік формасы болып табылады. Әдетте көсемше тұлғалары (-а, -е, -й, және -ып, -іп, -п) мен бұйрық райдың 3-жағында ғана арнайы жіктік жалғауы болады. Тек бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болып келгенде ғана, ол баяндауыш кейбір тиянақсыз формада тұрғанда (мысалы, -а, -е,-й, -ып, -іп, -п, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі көсемше формалары, есімше формаларына шылаулар мен шылау сөздер тіркескен немесе жатыс, шығыс септік түрлерінде, (мысалы, -ған, -кезде, -ған сайын, -ғанда, -ғаннан бері т.б.) жіктік жалғау жоқ, өйткені ол тұлға үш жаққа да оның жақтық мәні бастауыштан ғана көрінеді. Мысалы, мен келгенде, сен жас едің; ол келген-нен бері, күн ашылмай қойды; мен келе алмай, сен келіп қойып жүрме т.б. алғашқы бағыныңқы сөйлем баяндауыштарын жіктеп көрейік:

Мен келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Сен келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Сіз келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Ол келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Біз келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Сендер келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Сіздер келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Олар келгенде, келгеннен бері, келе алмай

Бұның себебі неде? Кейбір етістік тұлғаларының есімше, көсемше, тұйық етістік жіктелмей-ақ (бұл жерде нөльдік форма емес) баяндауыш қызметін атқара беруі жіктік жалғауы баяндауыштық форма деген қағидаға нұқсан келтіре алмайды, өйткені бұл сияқты етістіктен болған баяндауыштың жіктелмей қолданылуы әдеттегі жағдай емес, атап айтқанда, аяқталмай тұрған (сабақтас құрмаластың бағыныңқы) сөйлемде ғана кездеседі. Демек, бұл ерекшелік ондай тұлғаның тиянақсыздық, бітпегендіктің сипаты мен байланысты бағыныңқы сөйлемде болатындығы байқалады. Бағыныңқы сөйлемнің баяндауыштары етістіктің көсемше, шартты рай тұлғалары мен есімше тұлғаларына кейбір жалғау (жатыс, шығыс, көмектес, барыс), жұрнақ (мысалы, -дықтан) үстеліп немесе оған септеулік шылаулар тіркескен түрінен болады. Атап айтсақ: көсемше -а, -е, -й, және -ып, -іп -п, -ғалы, -гелі, -қалы, -келі, кейде болымсыз түрде -майынша, -мейінше, шартты рай -са, -се (қарсылықты бағыныңқыда оған қоса да, де шылауы болады), сондай-ақ есімше тұлғалары 1) жатыс септігінде (-ғанда, -генде, -қанда, -кенде, басталғанда, келгенде), 2) көмектес септігінде (-ғанмен, -генмен, -қанмен, -кенмен, келгенмен, барғанмен), 3) белгілі бір жұрнақтар үстеліп, а) -ғандай, -гендей, -қандай, -кендей (келгендей, барғандай), ә) -ғанша, -генше, -қанша, -кенше (келгенше, барғанша), б) -ғандықтан, -гендіктен, -қандықтан, -кендіктен (келгендіктен, барғандықтан), в) -ысымен, -ісімен, -сымен, -сімен (бастал-ысымен, кел-ісімен), г) болымсыз етістік тұлғасына -стан, -стен (келместен, бармастан); 4) есімше тұлғасына соң, кезде, шақта, уақытта, сайын сияқты шылау сөздер тіркеседі; барған кезде (соң); 5) барыс септік тұлғалы есімшеге дейін, шейін шылауы тіркеседі; барғанға дейін (шейін); 6) шығыс септік тұлғалы есімшеге кейін, соң, бері, бурын тәрізді септеулік шылаулар тіркеседі; келгеннен бері (соң, бұрын) т.б. және тұйық етістікке тіркескен үшін шылауы: келу үшін т.б. (ҚТГ,П,150 -165).

Қазақ тілінде сөйлемдердің бір-бірімен сабақтаса байланысы яғни құрмалас сөйлем құрамына енген жай сөйлемдердің бірі екіншісіне бағынып қолданылуы, бағыныңқылық қатынас баяндауыш тұлғалары арқылы, бағыныңқы сөйлемнің баяндауыштары жоғарыда көрсетілгендей тұлғалардан тұру негізінде болады. Орыс тіліндегі сияқты жай сөйлемдерді бір-бірімен сабақтастыратын бағыныңқы жалғаулықтар (подчинительные союзы) қазақ тілінде жоқ, егер деген бір ғана сөз олардың қызметін толық өтей алмайды. Сондықтан да жалғаулықсыз құрмалас орыс тілінде сабақтасқа да, салаласқа да жатпайды, өйткені жай сөйлемдерді орыс тілінде сабақтастыратын бағыныңқы жалғаулықтар болса, салаластыратын да тең дәрежелі байланыстыратын жалғаулықтар (сочинительные союзы). Қазақ тілінде жалғаулықтар тең дәрежелі сөздерді я сөйлемдерді ғана байланыстырады, жалғаулықсыз құрмалас салаласта да, сабақтаста да бөлек-бөлек бар.

Бағыныңқы сөйлем баяндауышының тиянақсыз тұлғада жұмсалуын осындай сипаттар арқылы түсіндіруге болады, басқаша жағдайда яғни бағыныңқы сөйлем баяндауышы тиянақсыз тұлғада келмесе, қазақ тілінде сабақтас құрмалас сөйлем болмаған да болар еді. „Тіліміздің қазіргі даму сатысында көсемшелер – етістіктің ең бір тиянақсыз түрі. Бұлар құрмалас сөйлемнің өздері баяндауыш болып келген бөлшегін оның екінші бөлшегіне бағындыра, соған тәуелді ете байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Сондықтан белгілі бір компоненттің баяндауышы көсемшеден болған құрмалас сөйлемдерде жай сөйлемдерді бір-біріне қарым-қатынасқа келтіретін қосымша тәсілдердің, формалардың керегі болмайды. Өйткені ондай функцияны жай сөйлем баяндауышы болып келген көсемше етістік формасының өзі-ақ атқарады. Сөйтіп, көсемшелер әрі баяндауыштық, әрі сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыратын дәнекерлік қызмет атқарады. Мұндай қызметте көсемшенің қай-қай түрі болса да қолданылады" (ҚТГ,П,152). „Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру үшін есімшелер де көсемшелер сияқты құрмалас сөйлемнің бағыныңқы жай сөйлемнің баяндауышы функциясында қолданылады. Бірақ есімшелер мен көсемшелердің жай сөйлемдерді құрмаластыру жолы бірдей емес. Егер бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болып тұрған көсемшелер басқа бір қосымша тәсілдердің, формалардың көмегінсіз-ақ жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру функциясын да тікелей өзі атқаратын болса, есімшелерде бұл қасиет жоқ. Олар атау тұлғада бағыныңқы жай сөйлемнің баяндауышы да бола алмайды, жай сөйлемдерді құрмаластыра да алмайды. Есімшелер жай сөйлемдерді құрмаластыру функциясында қолданылғанда, әр алуан тұлғалық құбылыстарға ұшырап, тиянақсыз формаларда айтылады"(ҚТГ,П,156).

Айта кету керек, өткен шақ (-ып, -іп, -п) көсемше формасы да, ауыспалы шақ (осы шақ - келер шақ: -а, -е, -й) көсемше формасы да жалпы тиянақсыз тұлға деп саналып жүргенмен, жіктеліп келгенде, көсемше формасына тиянақты сипат бітіп, жай сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарып, сөйлемді аяқтап тиянақтап, бітіріп тұрады. Мысалы, Көп кешікпей біз де қайтып ораламыз (Ғ.Мүстафин). Бір күні ел көшкенде, қыр астында ойнап жүріп, екеуі жұртта қалып қойыпты... Асан айқай салып жылай бастайды (ЫАлтынсарин). Осы сөйлемдердегі баяндауыш құрамындағы қайтып ораламыз, (қалып) қойыпты, (жылай) бастайды көсемше тұлғалы етістіктер жіктеліп қолданбаса, сөйлем аяқталмас еді, тиянақты да болмас еді: (қайтып) орала, (қалып) қойып, (жылай) бастай, ал бұларды 1 және 3-жақ жіктік жалғаулары сөйлемді тиянақты етіп отыр. Ал есімше тұлғасы - тиянақты форма. Ол бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы болу үшін, жоғарыда көрсетілгендей, тиянақсыз формада тұру қажет болады. Сондай тиянақсыз форманың бірі – шартты рай тұлғасы. Шартты рай жіктелсе де, онда тиянақтылық сипаты болмайды, сондықтан да болса керек – шартты рай тұлғасынан болған бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы жіктеліп қолданылады, ол - өткен шақ тұлғасы сияқты ерекше тұлғамен, жіктік жалғаудың мүжілген түрімен жіктеледі. Майысса да сынбайтын болат па десем, морт кетер шойын екен ғой (Ғ.Мұстафин). Көрмесем де, көрсем де, Көңілім сенен айырылмас (Абай). Қысым көрсеңдер, осында келіңдер (С. Сейфуллин). Бұл тойға Ақан келсе, шығар үн де соныкі (Ғ.Мүсірепов). Сен болыс болмасаң, Базаралы келер ме еді? (М.Әуезов). Егер он бес мыңдай кісі жиналса, бірінші кезектің жер қазу жұмысын осы екі айда бітіріп кетуі мүмкін. (С.Мұқанов). Бұл мысалдардағы 1-жақта (мен) десем, көрмесем, көрсем, 2-жақта (сен) болыс болмасаң, (сендер) қысым көрсеңдер, 3-жақта (ол) келсе, жиналса деген шартты рай тұлғалы етістіктер (бағыныңқы) сөйлемнің баяндауышы болып, жіктеліп келсе де, тиянақсыз, аяқталмаған форма болып тұр. Осының өзінен шартты рай тұлғасы мен көсемше тұлғасының тиянақсыздық, баяндауыш қызметінде аяқталмағандық сипаты бірдей, біркелкі емес екенін байқаймыз, көсемше тұлғасы жіктелсе, тиянақты сипатқа ие болады. Ал есімше тұлғасы – жеке тұрғанның өзінде-ақ тиянақты форма. Сондықтан есімше бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарғанда, тиянақсыз формада (жатыс, көмектес, -дықтан т.б.) немесе шылау сөздермен тіркесіп жұмсалады, ал көсемше тұлғасы жіктелмей қолданылады, шартты рай тұлғасы жіктелсе де, тиянақсыз сипатта бола береді.

Көсемше тұлғасының осындай ерекшелік қасиеті оның басқа да кейбір қолданыстарынан, әсіресе, бірыңғай мүшелердің, көбіне бірыңғай баяндауыштардың, қолдануларынан байқалады, яғни көсемше формалы етістік түрленбей-ақ (көбіне жіктелмей-ақ) етістіктің

басқа тұлғаларымен, мысалы, есімше, жедел өткен шақ тұлғалы сөздермен бірыңғай мүше болып сөйлем ішінде қолданыла береді. Балтабек пен Асқар киініп, шығып кетті (С.Мұқанов). Ауыл жігіттері сәлем беріп, алдынан шығып, атын ұстап, аттан түсіріп алды, құрдай жорғалап, есік ашып енгізіп, күтіп жатыр (С.Сейфуллин). Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады (Мақал). Ол ауылға жаздың басында келіп, күзде ғана кеткен. Берілген мысалдардағы көсемше киініп деген тұлғалы етістік шығып кетті деген жедел өткен шақ тұлғалы сөзбен, сәлем беріп, алдынан шығып, ұстап, аттан түсіріп алып, құрдай жорғалап, енгізіп дегендер (бұрынғы өткен шақ мәнінде) осы шақтағы күтіп жатыр дегенмен, ұшып (тағы да өткен шақ) деген қонады дегенмен (ауыспалы осы шақ), келіп деген кеткен дегенмен бірыңғай баяңдауыш болып қолданылған. Көсемше тұлғалы етістіктің бұндай қызметі оте ерте заманнан бері келе жатқан бірден-бір қызмет деуге болады. (ҚТГ,ІІ,151—152).

Сөйтіп, кейбір етістік тұлғаларының баяндауыш қызметінің өзінде жіктелмей қолданылуының сондай ерекшеліктері бар екен.

Жалпы алғанда, жіктік жалғау төрт түрлі болып жалғанады:

1.Есім сөздер, есімше тұдғасы мен қалып етістіктері: отыр, тұр, жатыр, жүр.

2.Көсемшенің –а,-е,-й, -ып,-іп, -п тұлғасы.

Жедел өткен шақ (-ды,-ді) пен шартты рай (-са,-се) тұлғалары.

4.Бұйрық райда жіктелу.