Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
6 лекция 1-15.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
973.31 Кб
Скачать

1-Лекция. Саясаттану ғылым және оқу пәні ретінде

  1. Саясаттанудың объектісі. Саясаттанудың танымдык пәні. Жеке пән ретіндегі саясаттанудың жанжақтылығы.

  2. Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі саясаттанудын орны. Саясаттану курсының құрылымы мен міндеті.

  3. Саясаттанудың теориялық-әдістемелік негіздері.

  4. Саяси зерттеулердің негізгі әдістері. Саясаттанудағы негізгі ғылыми түсініктер жүйесі және соларға тән ерекшеліктері.

  5. Саясаттанудың қызметі. Саясаттанудың басқа да қоғамдык ғылымдармен арақатынасы.

  6. Болашақ маманның тұлғалык қалыптасуындағы саясаттанудың рөлі мен маңызы.

Саясаттану объектiсi мен пәні. Саясаттанудың өзi зерттейтiн мәселесi, пәнi бар дербес ғылым. Саясаттану ұғымы гректiң «politik» және «logos» деген сөздерiнен шыққан. Бiрiншiсi мемлекеттiк iс, мемлекеттiк iстi басқару мағынасын бiлдiрсе, екiншiсi, iлiм, ғылым деген мағынаны бiлдiредi. Саясаттану дегеніміз саясат, оның қоғам мен жеке адамның өзара әрекеті туралы ғылым. Демек, саясаттану ғылымы саясат және саяси билiк, қоғамның саяси өмiрiнiң қалыптасуы мен даму заңдылықтары, саяси мүдделер мен саяси қатынастар, саяси сана мен саяси мәдениет, адамдардың саяси әрекеттерi мен саяси үрдiстері, халықаралық саяси қатынас туралы бiртұтас iлiмдердiң жиынтығын құрайды.

Саясаттану обьектiсi – қоғамдағы саяси қатынас болып табылады. Қоғамның саяси қатынасы өзiне билiктiң әрекет ету процесi мен дамуын, бұқараның билiкке қатысуын, сонымен бiрге саяси ықпал ету обьектiсi- экономикалық, әлеуметтiк және рухани мүдделердi қамтиды. Басқа сөзбен айтқанда, саяси қатынастар саласы саяси қызмет обьектiсiнiң барлық саласы. Сондықтан саяси қатынастар басқада ғылымдардың философия, әлеуметтану, құқық және тарихтың зерттеу обьектiсi болады, бұл ғылымдардың әрқайсысы өзiндiк зерттеу пәнiне ие. Саясаттанудың танымдық пәнi – саяси билiктiң қалыптасуы мен даму заңдылықтары, оның әрекет ету формасы мен әдiстерi болып табылады.

Өздiгiнше саясаттану барлық әлеуметтiк құбылыстар мен қағидаларды саяси билiк негiзiнде түсiндiредi. Американ саясаттанушысы Г. Лассуэлл (1902-1978ж.ж.) «бiз саясат саласындағы ғылым туралы айтқанда, бiз билiк туралы ғылымды айтамыз» – деп жазды.

Ғылымның басқа салаларындағы сияқты саясаттанудың да өзiндiк ұғымдары (категориялары) бар. Оған саяси құбылыстар мен процестердiң мәнiн бiлдiретiн ғылыми терминдер, сөз тiркестерi жатады. Мысалы, «саясат», «саяси билiк», «саяси жүйе», «саяси тәртiп», «саяси партия», «саяси мәдениет», «саяси әлеуметтендiру», «саяси өмiр», «егемендiк», «саяси қатынастар», «қоғамдық ұйымдар», «мемлекет», «демократия», «iшкi саясат», «сыртқы саясат» және т.б.

Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі саясаттанудын орны. Саясаттану басқа әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен тығыз байланыста дамиды. Себебi, бәрiнiң зерттеу обьектiсi ортақ, ол – қоғамдық өмiр. Олар кейбiр ортақ ұғымдарды да пайдаланады. Бiрақ, әрбiр қоғамдық ғылымның өзiндiк зерттеу пәнi бар.

Саясаттану жалпы әдiстемелiк ғылым болып табылатын философиямен тығыз байланысты. Өйткені, философия саяси құбылыстар мен процестердi талдауда дүниетанымдық бағдар болып табылады. Ол жалпы саяси болмысты, саяси оқиға мен құбылыстарды философиялық түсініктермен сараптауға мүмкіндік береді.

Саясаттану экономикалық теориямен өзара байланысты. Саяси экономика саяси процестердi экономикалық тұрғыдан дәлелдей отырып, ол процестердiң негiзiнде әр түрлi әлеуметтiк топтардың өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн күресiп жатқанына көз жеткiзедi. Саясаттану экономикалық саясатты дайындау және iске асыру, ол процестердi мемлекеттiк реттеу қағидаларын ғылыми түрде негiздейдi.

Саясаттану құқықтық ғылыммен тығыз байланысты. Қоғамдағы қатынастарды, оның ішінде саяси қатынастарды реттеп отыратын құқық болып табылады. Саясаттанудың негізі зерттеу мәселелерінің барлығы да оның құқықтық аспектілермен байланысып жатады, онсыз толық мәнді талдау болмайтындығы да сөзсіз.

Саясаттануға жақын ғылымның бiрi – әлеуметтану. Саясаттану ғылымы қоғамның саяси өмірінің дамуы мен өзгерістерін процесс ретінде қарап, оны зерттеп отыруы қажет. Ал, әлеуметтану оған қолданбалы зерттеулер жасауға, қоғамдағы оқиға-құбылыстарға адамдық өлшеммен қарауға, бағалау мен сараптауға мүмкіндік береді.

Тарих болса жүйелi түрде саяси институттар мен идеялардың дамуы туралы деректер жинауға, тарихи-салыстырмалы саяси талдаулар жасауға көмектеседі.

Саясаттану курсының құрылымы мен міндеті. Саясаттың теориясы және әдiснамасы, онда саясаттанудың философиялық-әдiснамалық негiзi, саясат пен билiктiң мәнi мен мазмұны, оның негiзiн салушы белгiлерi, қызметтерi, даму заңдылықтары қарастырылады.

Саяси жүйелер теориясы – саяси жүйенiң мәнiн, құрылымын, қызметiн зерттейдi, оларға салыстырмалы талдау жасайды, сонымен бiрге негiзгi саяси институттарға – мемлекет, партия, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстарға, қатынастарға сипаттама бередi.

Әлеуметтiк-саяси процестердi басқару теориясы қоғамды саяси басқару мен жетекшiлiк жасаудың мақсатын, мiндеттерiн және формасын зерттейдi, саяси шешiм қабылдау мен тарату механизмiн қарастырады.

Саяси iлiмдер тарихы. Саяси iлiмдердiң қалыптасуы мен даму тарихын, кезеңдерiн зерттейдi.

Халықаралық қатынастар теориясы iшкi және сыртқы саясат мәселелерiн, әлемдiк саясатты, халықаралық қатынастың әртүрлi аспектiлерiн т.б. қарастырады.

Саясаттанудың теориялық-әдістемелік негіздері.

  1. Әлеуметтiк бағыт, ол әсiресе батыстық саясаттану ғылымында ерекше орын алды. Оның өкiлдерi саясат құбылыстарын қоғамның күрделi әлеуметтiк құрылымы мен процестерi арқылы зерттейдi. Саясаттануда бұл бағыттың қалыптасуына М. Вебер, Э. Дюркгейм үлкен үлес қосты. Осы бағыт iшiнде В. Парето мен Г. Моска элита концепциясын, ал Р. Михельс саяси партия теориясын қалыптастырды.

  2. Саясаттанудың екiншi бағыты – институционализм деп аталады. Оның негiзгi өкiлдерi С. Липсет, Ч. Миллс, М. Дюверже т.б. Олардың негiзгi зерттеген мәселелерi – саяси өмiр мен қоғамдық құрылысты ұйымдастыру формалары. Бұл бағыттың негiзгi қолданған ұғымы «саяси институт» болды.

  3. Саясаттың құрылымдық-функционалды концепциясы, оның өкiлдерi – Г. Лассуэлл, Т. Парсонс, Д. Истон, М. Вебер. Олар саясатты, оның инситуттарын қоғамдағы орны мен қызметiне қарай зерттейдi. Д. Истон саяси жүйе теориясын қалыптастырған. Г. Лассуэлл өз еңбектерiнде саяси жүйенiң әрекет етуiндегi бұқаралық коммуникацияның рөлiне көп көңiл бөлдi. Т. Парсонс пiкiрi бойынша жалпы жүйенi тану тек жекелеген жүйешелердi зерттеу арқылы ғана мүмкiн еді.

  4. Саяси плюрализм концепциясының негiзгi өкiлдерi – Э. Дюркгейм, М. Дюверже, Р. Дарендорф болып табылады. Олардың негiзгi идеясы: қоғамда таптардың жойылуына және олардың орнына әлеуметтік қабаттардың өзара әрекет пен келiсiмде өмiр сүруiне негізделді. Мұнда мемлекет бейтарап төреші қызметiн атқаратын болды.

  5. Демократия концепциясы, оның негiзiн салушы А. Токвиль. Демократия концепциясы негiзiнде құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам, адам құқығы мен бостандығы сияқты iлiмдер қалыптасты.

  6. Бюрократия концепциясының дамуына М. Вебер, Р. Мертон, С. Липсет еңбектерi ықпал етті. Олар еңбектерiнде бюрократияның қызметi мен құрылымын жан-жақты зерттеді. Бұл теориядағы маңызды нәрсе бюрократиялық билiктi заңдастыру және демократиямен қарым-қатынасы туралы мәселе болып табылады.

  7. Тоталитаризм концепциясы. Тоталитаризм мәселелерi немiс-американ ғалымы Х. Арендт, австро-американ ғалымы Ф. Хайек, орыс ғалымы Н. Бердяев еңбектерiнде жазылды.

Қай ғылым болмасын белгiлi бiр қызметтердi (функцияларды) атқарады. Ал, саясаттану ғылымының қызметтері мыналар:

1 Танымдық қызметi. Саясаттану қоғамдағы оқиғаларды танып-бiлуге, олардың саяси мәнiн түсiнуге және болашақты болжауға мүмкiндiк бередi. Көптеген жылдар бойы Ресей империясы, одан кейiн кеңестiк тоталитарлық тәртiп саясат пен билiк сырын бүгiп келдi, қазiрдiң өзiнде халқымыздың саясат және саяси жетекшiлердiң iс-әрекеттерi жөнiнде хабарлары аз. Оларды бiлмей демократиялық жолмен алға басу қиын. Ондай білімді саясаттану ғылымы бере алады.

2 Бағалау (аксиологиялық) қызметi. Ол саяси құрылысқа, институттарға, iс-әрекеттерге және оқиғаларға саяси баға бередi. Қоғамдағы саяси оқиға мен құбылыстарды бағалау арқылы көпшiлiк оны ақтайды немесе қаралайды. Демократиялық қоғамда халықтың қолдауына ие болудың маңыздылығын билiк құрылымдары жақсы бiледi.

3 Саяси әлеуметтендiру қызметi. Демократиялық мемлекеттерде ол азаматтықты, халықтың демократиялық саяси мәдениетiн қалыптастырады. Қазiргi кезеңде азаматтарымыздың саяси құндылықтарында қайшылықтық тұстар байқалуда. Бұл саяси әлеуметтендiру жұмысын жетiлдiрудi қажет етедi.

4 Реттеушiлiк, басқарушылық қызметi. Бұл қызметi арқылы саясаттану ғылымы адамдардың саяси өмiрде өзiн-өзi ұстауын, iс-әрекетiн реттейдi. Саяси дамудың бағдарын бақылай отырып саясаттану қоғамдағы оқиғаларды тиiмдi басқару үшiн нақтылы мәлiметтер мен мағлұматтар бередi. Саяси бiлiмдер, сипаттамалар, кеңестер адамдардың күнделiктi практикалық iс-әрекетiнде басшылыққа алынады.

5 Саяси өмiрдi жетiлдiру қызметi. Бұл ғылым саяси институттар мен қатынастарда, басқаруда реформалар жасап, оларды қайта қарауда теориялық негiз болады. Оның көмегiмен заңшығарушы, атқарушы органдар қабылдайтын құқықтық жарғылар, саяси басшылық шешiмдер алдын-ала тексерiлiп, зерттеледi, қоғамда болып жатқан нақтылы жағдайлар саяси тұрғыда талданады. Солардың негiзiнде кейбiр саяси институттар жойылып, оның орнына бүгiнгi талапқа сай басқалардың келуiн негiздейдi, мемлекеттiк басқарудың қолайлы үлгiлерiн, саяси шиеленiстердi шешудiң тиiмдi жолдары мен әдiстерiн iздестiредi.

6 Болжау қызметi. Саяси зерттеулердiң құндылығы саяси процестердiң үрдiсiн сол күйiнде бейнелеумен тоқтамайды. Ол белгiлi бiр саяси жағдайларда алдынғы қатарлы, озық саяси өзгерiстер жасауға бағытталған ғылыми болжаумен аяқталуы тиiс. Қазiргi кезеңде қоғам өмiрiнiң қай саласына болмасын жүргiзiлетiн реформалар үшiн қолайлы саяси және т.б. жағдайлардың бар немесе жоқтығын анықтау сияқты жауапты мiндеттер осы ғылымға жүктелген.

Бұл қызметтерiн қоғамда саясаттану мына мiндеттерiн орындау арқылы жүзеге асырады:

 қоғамдық-саяси күштердiң бiрiгуi қағидаларын, жолдарын, жағдайын анықтау;

 саяси жүйенi демократияландырудың негiзгi бағытын, формалары мен әдiстерiн әзiрлеу;

 құқықтық мемлекет пен өзiн-өзi басқарушы мемлекеттiк құрылысқа өтудiң ең тиiмдi жолын анықтау;

 ұлттық-этникалық шиеленiстердi, қоғамдық ұлттық-мемлекеттiк құрылысты шешудiң жетiлген жолдарын белгiлеу;

 азаматтардың саяси мәдениетiнiң теориялық және практикалық аспектiлерiн зерттеу, адамдарды әлеуметтiк-саяси жауапкершiлiк рухында тәрбиелеу жолдары мен формаларын анықтау;

 халықаралық қатынастардағы жалпы адамзаттық және мемлекеттiк мүдделердiң тиiмдi қойылуын анықтау.

Саясаттану ғылымының, саяси билiктiң қолдануы мен даму үрдiсiн сипаттаушы өзiндiк заңдылықтар жүйесiне ие:

бiрiншi, экономика мен саяси билiк арасындағы қарым-қатынасты анықтаушы, саяси мүдделер мен көзқарастардың, теориялар мен концепциялардың пайда болуы, әрекет етуi мен дамуының саяси-экономикалық заңдылықтары. Мұнда қоғамның экономикалық базисi мен қондырманың элементi ретiнде саяси билiк арасындағы қатынас көрсетiледi;

екiншi, әлеуметтiк саяси заңдылық, яғни қоғамда тұрақтылықты орнату үшiн саяси билiктiң әрекетiне жағдай жасау. Мұндағы негiзгi нәрсе – қоғамдағы әртүрлi әлеуметтiк құрылымдардың мүддесi мен сұраныстарын есепке алу, ол мүдделердi жүйелендiрудiң тиiмдi жолдарын табу, антогонизмдi, шиеленiстi құбылыстарды жою. Бұл заңдылықтар әр саяси жүйеде әртүрлi қолданылады. Мысалы, авторитарлы, тоталитарлы саяси жүйелер билiк пен күштердiң ең жоғарғы деңгейде бiрiгуiне қол жеткiзедi. Демократиялық жүйе оппозицияның ұсыныстарын қабылдап, келiсiм қағидасына арқа сүйейдi;

үшiншi, саяси процестiң әрекет етуi мен дамуы заңдылығы. Ол - азаматтықтың саясаттағы топтық пен партиялықтан артық болуы; заңның қоғам мүшелерiнiң барлығынан жоғары тұруы, билiктiң бөлiнуi, мемлекет әрекетiндегi жариялылық, саяси плюрализм; оппозицияға жағымды қарым-қатынас; саяси тұрақтылық және ұлттық қауiпсiздiктiң қамтамасыз етiлуi; саяси билiк және саяси жаңғыртудың легитимдiлiгi болып табылады.

төртiншi, саяси-психологиялық заңдылық, ол жеке адам мен билiк арасындағы қарым-қатынаста бейнеленедi және жеке адамның саяси әлеуметтендiру процесiн, саяси сезiмді, көңiл-күйдi, құндылықты, сайлаушыларға ықпал ету жолдарын, саяси тұлғалардың жетілуін, олардың билiктi жеңiп алуы мен сақтап қалуын қалыптастырады.

Саяси зерттеулердің негізгі әдістері. Саяси зерттеу әдiснамасы мен әдiстерi саяси iлiмдер даму тарихы барысында қалыптасып, дамып отырды, оны әртүрлi кезеңдерге бөлуге болады, себебi әр кезеңде әдiснамалық қатынас, әдiстiк тәсiлдер әртүрлi болып келдi. Белгiлi американдық «Саяси зерттеу әдiстерi: негiзi мен техникасы» оқулығында саяси зерттеу әдiснамасының дамуын мынадай кезеңдерге бөледi:

1 классикалық дәуiр (ХІХғ. дейiн), бұл кезең дедуктивтi, логикалық-философиялық, моралдық-аксиологиялық, салыстыру әдiстерiмен байланысты. Алыпсатарлық дедукциядан шығуға талпыну өте ежелгi саяси ойлар тарихында кездеседi. Мысалы, Конфуций аналитикалық тәсiл ретiнде қарапайым ұқсастықты пайдаланады. Ол билiктi қарастырғанда, мемлекеттi үлкен отбасымен, император билiгiн әкенiң балаға билiгiмен ұқсастырды.

Бұл кезеңде ерекше орынды саясаткерлер әрекетi мен мемлекеттiк басқару формасын аксиологиялық өлшеу мен бағалау алды, мұнда үстемдiк етушi адамгершiлiк нормасы мен құндылығына сүйенедi, оны Аристотельдiң берген классификациясынан байқаймыз. «Үш дұрыс» (монархия, аристократия, полития) және «үш бұрыс» (тирания, олигархия, демократия) мемлекеттiк басқару формасы. Сонымен бiрге, ол салыстыру әдiсiн де қолданған. Ол өзiне белгiлi 50 саяси құрылыстың ұқсастығы мен ерекшелiктерiн ажыратып, соның негiзiнде 158 монография жазады. Ал, Платон өз зерттеулерiнде логикалық моделдеудiң қарапайым элементтерiн пайдаланады.

ХV ғасырда Англиядағы саяси тәртiптердi талдауда компаративтiк әдiстi ағылшын Дж. Фортескье, кейiнен ХVІІІ ғасырда француз Ш. Монтескье пайдаланды. Мұнда ерекше атап өтетiнiмiз Н. Макиавелли, ол Италияның саяси дамуын тарихи-салыстырмалы талдау жасады;

2 институттану дәуiрi (ХІХ-ХХғ.ғ. дейiн), онда алдыңғы қатарға тарихи-салыстырмалы, өлшемдiк-институттану әдiстерi шықты. Бұл кезеңде Дж.Токвиль, Дж. Милль, К. Маркс, Ф. Энгельс сияқты ойшылдардың зерттеу еңбектерi ерекше маңызға ие болды. Онда Европаның негiзгi мемлекеттерi, ескi және жаңа кезеңдегi басқару формалары салыстырмалы талдауларға түстi. Мәселен, К. Маркс өзiнiң алғашқы еңбектерiнiң бiрiнде «тек зерттеу нәтижесi ғана ақиқат болып қоймай, оған баратын жол, яғни әдiс, тәсiл мен құралдар, сонымен оны қолдану процесi, операциясы да дәлме-дәл анық болуы керек» - деп жазды. К. Маркс өз дәуiрiндегi әлеуметтiк ғылымдардың зерттеу әдiстерiн меңгерiп, әлеуметтiк өмiрдi тану саласынды, оның iшiнде саяси процестердi зерттеуде оларды тиiмдi қолдана бiлген.

ХІХ ғасырдың ІІ-ші жартысында АҚШ-та академиялық саясаттану ғылымында салыстырмалы-тарихи және саяси институттарды құқықтық талдау сияқты зерттеу әдiстерi қолданылды. Қазiргi саясаттану классиктерi М. Вебер, Г. Моска, В. Паретто саяси мәлiметтердi жинауда тарихи-салыстыру әдiстерiн қолданған;

3 бихевиористiк дәуiр (ХХғ. 20-70 ж.ж.), онда сапалық әдiстер белсендi қолданыла бастады. ХХ ғасырда саясаттану ғылымы әдiснамасында революция жасалды, ол жаңа эмпирикалық және сапалық әдiстердiң қолданылуына байланысты болды. АҚШ-та алғаш рет 1928 жылы математикалық, кейде статистикалық құралдарды саясатты зерттеуге қолдануға байланысты оқулық (С. Райс «Саясаттағы сандық әдiстер») жарық көрдi. Ерекше орынды сайлау процесi мен электорат мiнез-құлқын зерттеу алды. ХХ ғасырдың басында орыс ғалымдары (В. Горн, В. Саликовский) статистикалық тәсiлдердi қолданып Ресей мемлекеттiк Думасының құрамын сайлауды талдады. Францияда А. Зигфирд «саяси картаны», яғни сайлау географиясын жасап шығарды.

4 постбихевиористiк дәуiр (ХХ ғ. соңғы жылдары), мұнда дәстүрлi әдiстер мен жаңа әдiстер бiр-бiрiмен байланыс тапты. ХХ ғасырдың 60-70 жылдарының соңында батыс саясаттану ғылымында бихевиористiк әдiснама дағдарысқа ұшырады. Кейбiр американдық ғалымдар (Д. Истон) дәстүрлi әдiстердi қайта қолдануды қолдады. Яғни, дәстүрлi әдiстердi сапалық әдiстер мен моралдық нормаларды саясаттану ғылымының қағидалары ету постбихевиористiк әдiснаманы тудырды.

Саясаттану ғылымының зерттеу әдiстерi мыналар: Нормативтi-құндылықтық әдiс, саяси құндылықтардың қоғам мен жеке адам үшiн маңыздылығын анықтауды, оларды жалпының игiлiгi әдiлеттiлiк, бостандық, адам ар-қасиетiн құрметтеу т.б. құндылықтар негiзiнде бақылауды ұсынады. Бұл әдiс саяси тұрмыс идеялын және оларды практикалық iске асырылу жолдарын қалыптастыруға бағытталынады. Ол қалаулыдан, этикалық құндылық және нормадан бастама алады, соларға сай саяси iс-әрекет және институттарды құруды талап етедi. Бұл әдiс өзiнiң шектеулiгiне қарамастан, саясаттану ғылымы үшiн қажет, ол саясатқа этникалық, адами өлшемдердi енгiзедi, онда адамгершiлiктiк қатынасты тудырады.

Құрылымдық-функциональдi әдiс. Ол саясатты күрделi құрылымға ие, әрбiр элементiнiң арнаулы қызмет атқаратын белгiлi бiр орны бар жүйенiң өзiне сай сұранысын қанағаттандыруға бағытталынған бiртұтастық жүйе ретiнде қарастыруды ұсынады.

Бихевиористiк тәсiл. Бұл саяси құбылыстарды жеке адамдар мен оның топтарының мiнез-құлықтарына қолдау жасау арқылы зерттейтiн тәсiл. Бихевиористiк тәсiл төмендегiдей негiзгi топтарға сүйенедi:

 саясаттың басты субьектiсi адам болып табылады;

 саяси құбылыстарды зерттеуде жеке адамдардың саясатты түсiнуiне, мойындауына, саяси сенiмiне немесе саясаттың бұрыс, дұрыстығына көзiнiң жетуiне негiзделедi;

 мұнда адамның саясаттағы санасы, психологиялық себептерi жетекшi рөл атқарады;

 адамдардың мiнез-құлқын белгiлi бiр модулдерге бөлуге негiзделедi. Олар саяси процестерге қатысушы жеке адамдардың және топтардың саяси мiнез-құлқын алдын-ала бiлiп отыруға мүмкiндiк бередi. Бихиевиористiк тәсiлдiң екiншi бiр ерекшелiгi адамдардың саяси iс-әрекеттерiне ерекше мән бередi.

Жүйелiк әдiс. Жүйелiк әдiстi алғаш рет саясатқа XX ғасырдың 50-60 жылдары белгiлi американ ғалымдары Т. Парсонс пен Д. Истон енгiздi. Бұл әдiстiң мәнi саясатты бiртұтас, күрделi ұйымдастырушы организм ретiнде, өзiн-өзi реттеушi механизм, қоршаған ортамен кiрiс (талап, мүдде) және шығыс (саяси шешiм) арқылы байланыста болатын жүйе ретiнде қарастыруында.

Сандық әдiстер саяси құбылыстардың ауқымы, мүмкiндiктерi мен себеп-салдары өлшеуде қолданылады және бихевиоризммен тығыз байланысты.

Шешiмдер қабылдау әдiсi тиiстi iс-қимыл құралдарын пайдалану арқылы саяси шешiмдердi қабылдау және жүзеге асыру процесi.

Саясаттанудағы негізгі ғылыми түсініктер жүйесі және соларға тән ерекшеліктері. Саясаттанудың негiзгi парадигмалары. Парадигма (гректiң paradeigma - теория, үлгi деген сөзiнен шыққан) – зерттеу барысында үлгi ретiнде алынатын теория. Саясаттануда парадигма деп саяси өмiрдi зерттеу қисынын бiлдiретiн, қоғамдағы саяси құбылыстарды теориялық пайымдауда негiзгi өлшемi мен қалпын қалыптастыратын басты тұжырымдар жиынтығын айтамыз. Саясаттанудың негiзгi парадигмалары қатарына мыналар жатады: теологиялық, натуралистiк, әлеуметтiк, тиiмдi-сыни.

Теологиялық парадигма саяси ғылымның алғашқы дами бастаған кезiнде пайда болды. Ол саясатты, билiктi, мемлекеттiң пайда болуын құдайдың құдiретiмен түсiндiредi.

Натуралистiк парадигма саясатты әлеуметтiк сипаты жоқ табиғи себептермен, мәселен географиялық ортамен, биологиялық және психологиялық ерекшелiктермен байланыстыра түсiндiредi.

Әлеуметтiк парадигма, ол саясаттың табиғаты мен пайда болуын әлеуметтiк факторлар арқылы түсiндiредi. Мәселен, марксизм саясаттың мәнiн экономикалық қатынастардан iздестiрдi, яғни қоғамның әрбiр экономикалық базисi қажеттi қондырманы тудырады деп тұжырымдады.

Тиiмдi-сыни парадигма саясаттың табиғатын, оның өз iшiндегi себептермен, қасиеттермен, элементтермен түсiндiредi.

Болашақ маманның тұлғалык қалыптасуындағы саясаттанудың рөлі мен маңызы.

Қазақстан тәуелсiздiгiне қол жеткiзген уақыттан берi көптеген ғылыми мәселелерге түбегейлi жаңаша қарауға мүмкiндiктер туды. Соның бiрi – саясаттану ғылымының көтеретiн мәселелерi тiкелей қоғамымыздың саяси қауiпсiздiгiн, саяси дамуын теориялық тұрғыдан қамтамасыз етiп отырады. Жалпы мемлекеттiк маңызға ие болатын саяси, әлеуметтiк мәселелер зерттеу объектiсi болып табылатын саясаттану ғылымының елiмiздiң болашақ дамуы үшiн маңыздылығы зор. Елiмiзде саясаттану ғылымының қалыптасу мен дамуына жағдайдың жасалынуы өркениеттi елдердiң үлгiлерiне сәйкес келетiн iс-әрекеттер мен стратегиялық жолдарға көшуiнiң көрiнiсi. Қоғамымыздың саяси жүйесін жетілдіре түсу үшін әрбір азаматтың саяси мәдениетінің барынша демократияланған сипатта қалыптасуы шарт. Саяси мәдениет сонымен бірге, саяси институттардың қызметінің негізгі мазмұнын да құрайтын құбылыс. Демократиялық саяси мәдениет – бұл әлеуметтік, этникалық, мәдени проблемаларды өркениетті тұрғыда шешуге арқау болады, қоғамның жан-жақты дамуына жағдайды қалыптастырады.

Саясаттану пәнiнiң мақсаты – жастардың толық мағынадағы саяси субъект дәрежесiне көшiру баспалдағы болу және жас азаматтың саяси көзқарастарының iргелi негiзiн құрайтын, қоғамдағы бiрлiктi, тұрақтылықты сақтауға ықпал ететiн саяси дүниетанымы мен саяси бағдарын қалыптастыру мен дамыту. Саяси ғылымдарының негiздерiн меңгеру қазiргi өтпелi қоғам жағдайында еркiн бағдар ұстап, белсендi iс-әрекет жасауға, iшкi және сыртқы саясаттың сыр сипатын, қилы құбылыстарды жете ұғынуға, басқа адамның құқықтарын қадiрлеуге, өркениеттi түрде өзiнiң мақсат мүддесiн бiлдiруге жол ашады. Саясаттану жас мамандарға саяси қажеттiлiктерiн мемлекет тарпынан iске асырудың жолдары мен әдiстерiн дұрыс таңдауға, демократиялық тәртiптердi және қоғамдық институттарды қалыптастыруға көмектеседi. Саясаттану саяси төзiмдiлiкке, келiсiмге, серiктестiкке, мәмiлеге келе бiлудi, дау-жанжалды дер кезiнде шешудi, ұлтжандылықты, қоғам мен мемлекет алдындағы азаматтық парызды, жауапкершiлiктi сезiнуге ықпал етедi. Жастардың отаншылдық және патриоттық сезімдерін қалыптастырады және дамытады. Саясаттану жастарды саясат пен саяси жетекшiлердiң iс-әрекеттерi жөнiнде хабарлар етеді.

Лекция-2. Өркениеттер тарихындағы саяси білімдердін негізгі даму кезеңдері

  1. Ежелгі Шығыстың кұлиеленуші мемлекеттердегі саяси ілімдер: брахманизм және буддизм идеологиясы. Конфуциандық, даосизм, легизм.

  2. Ежелгі Греция және Ежелгі Римдегі саяси ілімдер: Платон, Аристотель, Полибий, Тит Лукреций Кар.

  3. Батыс Еуропа мен Шығыстық Араб елдеріндегі саяси ілімдер (орта ғасырлар): А. Блаженный, Ф.Аквинский.

  4. Қазақ және Араб саяси философиясының әкесі Әбу-Наср әл Фараби, Ибн Цина, Ибн Рушд, Ибн Халдун, Низами Гянджеви, Ә. Навои.

  5. Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси идеялар: П. Макиавелли. Ж.Боден. Т.Мор и Т. Камнанела. XVII ғасырдағы Голландия және Англиядағы саяси ілімдер: Г.Гроций, Баруха (Бенедикт) Спиноза, Т. Гоббс және Дж.Локк.

  6. Еуропалык Ағарту кезеңіндегі саяси идеялар: М.А. Вольтер. Ж.Ж. Руссо, Ш. Монтескье.

  7. XVIII ғасыр аяғы және XIX ғасырлар басындағы саяси ілімдер: Ф. Гегель. И. Кант, Г.Фихте, А.Сен-Симон, Ш.Фурье, Р.Оуэн

  8. Жүсіп Баласағұнның, Махмұт Қашкаридің. Ахмет Игүнекидің, Мұхамед Достидің және Иби Рузбиханның, Қоркыт-Атаның, Қожа Ахмет Иассауидің ілімдері.

  9. Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағы.

  10. XIX ғасырдағы қазақ ағартушыларының саяси көзқарастары (Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев).

  11. XX ғасырдағы Қазақстандағы саяси ой мен ағарту идеологиясының шығармашылық дамуы (М.Дулатов, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, Ш. Құдайбердиев., М.Шоқай, М. Тынышпаев, X. Досмұхамедов., Т. Рысқұлов, Е. Садуақасов, Е. Торайғыров., С.Сейфуллин және т.б).

  12. Қазіргі заманғы Қазақстандағы саяси ой.

Қазiргi дүниенi неғұрлым дұрыс танып, бiлу үшiн және болашақ жақсы өмiрдiң дұрыс жолын таңдай бiлу үшiн адамдар әр уақытта, әр дәуiрде өзiне дейiнгi өткен идеялар мен қағидаларға сүйенген. Өткен тарихты және адамзаттың ұзақ ғасырлық тәжiрибесiн пайдалану тарихи қажеттiлiк болып табылады.

Саяси iлiмдер тарихы әртүрлi көзқарастар мен ойлардың күресi ғана емес, сондай-ақ адамзаттың таңдаулы өкiлдерiнiң мемлекет пен құқықтың даму тарихы, бостандық пен әдiлдiк, заң мен заңдылық, қоғам мен мемлекеттiк құрылыс, адамдардың құқығы мен бостандығы туралы айтқан алдыңғы қатарлы ойлары мен идеяларының жиынтығы.

Ежелгі Шығыстың кұлиеленуші мемлекеттердегі саяси ілімдер: брахманизм және буддизм идеологиясы. Конфуциандық, даосизм, легизм. Саяси iлiмдер алғашқы кезеңде адамдардың мифтiк көзқарастары негiзiнде Ежелгi Шығыста пайда болды. Ежелгi Шығыста саяси ойлар дiни сипатта қалыптасқанымен, онда белгiлi бiр таптың мүддесi мен билiгiн қорғайтын белгiлер мен заң қаталдығы анық сезiлдi.

Ежелгi Үндiстандағы саяси iлiмдерде мифтiк, дiни және брахманизм идеялары үстемдiк жасады. Брахманизм идеясы б.з.д. ІІ мыңжылдықта ВЕДА ескерткiштерiнде кездестi. Веда – бiлiм, кiрiспе деген мағынаны бiлдiредi. Бұл ведаларда адамдар төрт варнаға бөлiндi: брахмандар – Пуруши құдайының аузынан, кшатрийлер – құдай қолынан, вайшийлер – құдай санынан, шудралар – құдай табанынан жаралған деп санады.

Ману заңдарында адамдардың варналарға бөлiнуi және олардың қоғамдағы орны мен әлеуметтiк теңсiздiгi қорғалады. Мұнда брахмандардың жоғары дәрежелi жағдайы мен үстемдiгi, артықшылығы туралы айтылады. Тiптi патшаның өзi брахмандарды құрметтеуi, олардың ақыл-кеңестерiн, талаптарын орындауы тиiс. Заң бойынша патшаның басты мiндетi варна жүйесiн қорғау және оған қарсы келгендердi жазалау. Ману заңы бойынша патша өкiлдiгi шектеулi.

Б.з.д. VI ғасырда Будда (данышпан деген мағынаны бiлдiредi) деген атпен белгiлi болған С. Гаутама Веда iлiмiн сынға алады. Будда дiнi бойынша брахмандардың жоғары дәрежесi мен артықшылығы жоққа шығарылады. Б.з.д. ІІІ ғасырдан бастап буддизмнiң көптеген идеялары әлеуметтiк-саяси маңызға ие болып, мемлекеттiк саясат пен заңдылыққа ықпал ете бастайды. Үндiстанды бiр орталыққа бiрiктiрген Ашока патшаның билiгi тұсында (б.з.д. 268-232жж.) буддизм мемлекеттiк дiнге айналады. Буддизм ықпалы кейiнен Қытай, Жапония, Бирма, Цейлон елдерiне де тарады.

Будда «ең бастысы – адамның атағы мен шыққан тегі емес, адамгершілігі» – деп үйретті. Сонымен бірге, адам өмірінің мәні байлық пен атақ емес, әрқашан шындықты айтып, мейірімділік пен қайырымдылыққа ұмтылуда екенін дәріптеді.

Ежелгi Қытай қоғамдық-саяси ойында ықпалды ағымның бiрi болған даосизм iлiмi, оның негiзiн салған б.з.д. VI ғасырда өмiр сүрген оқымысты Лао-цзы. Еңбегi «Дао және дэ» деп аталады. Даосизм iлiмi «дао» ұғымына негiзделедi, ол «алғашқы түпкi негiз» деген мағынаны бiлдiредi. Даосизм iлiмi аспан, табиғат, қоғам заңдылықтарын анықтады. Бұл заңдылық жоғары қайырымдылық пен табиғи әдiлдiктi жақтады. Дао iлiмi бойынша барлық адамдар тең. Ол теңсiздiктi, әдiлетсiздiктi, қайыршылықты даодан ауытқу деп санады.

Қытайдың саяси iлiмi тарихында конфуцизм iлiмi маңызды рөл атқарған. Оның негiзiн қалаған б.з.д. 551-479ж. өмiр сүрген қытайлық ойшыл Конфуций болды. Оның көзқарастары шәкiрттерi құрастырған «Лунь юй» (Әңгiмелер мен пiкiрлер) кiтабында жинақталған. Бұл кiтаптағы даналық туралы ойлар өз мәнiн осы уақытқа дейiн жойған жоқ. Ол даналыққа үш түрлi жолмен жетемiз, ең iзгi жол – санамен саралау, ең оңай жол – елiктеу, ең қиын жол – тәжiрибеден тәлiм алу, – деп жазады. Оның негiзгi идеялары:

  1. мемлекеттiң патриархалды-патерналистiк концепциясы;

  2. аристократиялық билiк концепциясы;

  3. қайырымды билiк концепциясы.

Конфуций барлық нәрсе үнемі өзгерісте болады, уақыт тоқтамайды, әрбір нәрсенің басталуы мен аяқталуы болады дейді. «Адамның ісі де солай, бас-аяғынсыз бірде-бір іс жоқ. Оның басталуы мен аяқталуын анық білген адам ақиқатқа жақын тұрады» – деп жазады.

Ежелгі Греция және Ежелгі Римдегі саяси ілімдер: Платон, Аристотель, Полибий, Тит Лукреций Кар. Ежелгi Грецияның саяси iлiмдер тарихында өте бай материалдар жинақталған. Антикалық дәуiр ойшылдары қоғамдық өмiрдi, оның саяси құрылысын талдап, саяси сананы мифтен теорияға ауыстырды. Ежелгi грек ойшылдарының көрнектi өкiлiнiң бiрi – Платон б.з.д. 427-347 жылдары өмiр сүрдi. Ол саяси ойларын «Саясат», «Мемлекет», «Заңдар» атты еңбектерiнде айтты. Мемлекет пен заңдарға деген мұқтаждықты Платон адамдардың өздерiнiң қызығушылықтарын қанағаттандыруға, қоғамдық идеалға жақындауға деген талпынуларымен түсiндiрдi. Платон пiкiрi бойынша мемлекеттiк құрылыстың «дұрыс» және «бұрыс» формалары кездеседi («Мемлекет» деген еңбегінде мемлекеттік құрылыстың бірінші жобасын ұсынды). Мемлекеттiң дұрыс формасы – монархия, аристократия, өйткенi олардың қызметi қоғамды келiсiм мен байлыққа жеткiзедi деп есептедi. Мемлекеттiң бұрыс формасы – тимократия (байлықты иеленуге талпынушы-лардың үстемдiгi), олигархия (азғана ғана бай жауыздардың, қылмысқа жақындардың үстемдiгi), демократия (көпшiлiк билiгi), тирания (бiр адам билiгi). Платон мемлекеттiң дұрыс және бұрыс формаларына iзгiлiктi мемлекеттi қарсы қояды. Оның пiкiр бойынша iзгiлiктi мемлекет мынадай белгiлерге ие болуы тиiс: 1) қорғау құралдарының болуы; 2) қоғам мүшелерiн қажеттi материалдармен жүйелi түрде жабдықтап тұруы; 3) рухани және шығармашылық қызметтiң жоғары деңгейде дамуына жағдайды жасау. Ол мемлекеттегi касталық құрылысты дәрiптейдi. Қоғамдағы адамдарды – философ-билеушiлер, сақшылар, тiкелей өндiрушiлер деп бөледi. Әрбiр сословие өзiнiң қабiлетi келетiн iспен айналысуы керек деп санаған. Бір әлеуметтік қабаттан екіншісіне өтуді жоққа шығарады. Платон саяси iлiмiнде тоталитарлы бағыт анық сезiледi.

Аристотель (б.з.д. 384-322ж.ж.) саяси iлiмi «Саясат», «Афиналық полития», «Этика», «Риторика» деген еңбектерiнде жинақталған. Ол саясатқа кең мағына бере отырып, мемлекет - табиғи дамудың өнiмi және пайда болуы жағынан отбасы мен қауымдастыққа ұқсас деп санаған. Бiрақ, мемлекет қарым-қатынастың жоғарғы формасы. Мемлекетке адамдар белгiлi бiр игiлiкке жету үшiн бiрiгедi. Ол да мемлекеттi «дұрыс» және «бұрыс» формаларға бөлдi. Дұрыс түрiне монархияны, аристократия мен политияны жатқызды. Ал, тирания, олигархия мен демократия мемлекеттiң бұрыс түрi деп санады. Мемлекеттiң дұрыс түрiнде әкiмдер халық, ел пайдасын ойлайды, билiк қоғамға қызмет етедi. Ал, бұрыс түрiнде олар өздерiнiң бас пайдаларын ойлайтын көрiнедi. Мемлекеттің ең дұрыс формасы полития деп санады. Полития жалпының мүддесі үшін көпшілік билік құруы. Ұлы ойшыл саяси басқаруда адам емес заң басқарғанын дұрыс көрдi. Себебi, әкiм қаншалықты жақсы болғанымен сезiмге, ашу-ызаға берiлмей қоймайды, ал заң болса байсалдылығын, парасаттылығын жоймайды. Сонымен, ежелгi грек ойшылдары мемлекеттiк құрылыстың әртүрлi формаларын, мемлекет iсiне азаматтардың қатысуын талдап ғана қойған жоқ. Сонымен бiрге, олардың идеялары саяси iлiмнiң әрi қарай дамуына жағдай жасады.

Батыс Еуропа мен Шығыстық Араб елдеріндегі саяси ілімдер (орта ғасырлар): А. Блаженный, Ф.Аквинский. Саяси iлiмдер тарихында орта ғасыр ойшылдарының еңбектерi мен идеяларының маңызы зор. Олар феодалдық қоғамдық-экономикалық құрылыспен тығыз байланысты. Әрi олардың саяси тұжырымдары дiни сипатта болды.

Солардың бiрi, А. Августин (354-430 ж.ж.) христиан философиясының негiзгi қағидаларын дәрiптеп уағыздаған. Ол «Құдай қала туралы» атты еңбегiнде саяси ой-пiкiрлерiн бiлдiрдi. А. Августин барлық әлеуметтiк, мемлекеттiк, құқықтық ұйымдар мен заңдар адам күнәсiнiң нәтижесi деп санады. Себебi, оның ойынша адамдарға баста екi жолмен өмiр сүруге мүмкiндiк берiлген. Бiрi құдай жолымен, екiншiсi адам жолымен. Бiрiншiнi қалағандар құдаймен мәңгiлiк патшалық құрып бақытты өмiр сүрсе, екiншiлер жын-шайтандармен бiрiгiп азапқа түседi.

Ф. Аквинский (1224-1274 ж.ж.) «Құдайшылдықтың жиынтығы» деген еңбегiнде саяси билiктiң үш элементiн: мәнiн, формасын және қолдана бiлудi ажыратып көрсеттi. Сонымен бiрге, ол өз еңбектерi арқылы арнайы заң теориясын жасады. Заңды мәңгiлiк, дiни, табиғи және оң деп бөлiп көрсеттi. Құдай жауыздық емес, қайырымдылықтың себебi. Сондықтан билiктi құрайтынның барлығы мейiрiмдiлiктен тұрады деп санаған. Ф. Аквинский монархияны қолдады, себебi ол заңға сүйенедi деп есептеген.

Қазақ және Араб саяси философиясының әкесі Әбу-Наср әл Фараби, Ибн Цина, Ибн Рушд, Ибн Халдун, Низами Гянджеви, Ә. Навои.

Орта ғасырлық араб философиясында саясат, мемлекет және билік пен құқық туралы ойлар Әбу Насыр әл-Фарабидің (870-950 жж) еңбектерінде жан-жақты талқыланды. Саясат, мемлекет және билік арасындағы айырмашылықтарға көңіл бөлмеген араб философы бұл ұғымдарды синонимдер ретінде бағалап саясат пен саяси ілімнің басқа варианттарын ұсынды. Саяси мәселелерді қарастыруда араб-мұсылман философы көп жағдайда грек ойшылдары Аристотель және Платонның еңбектріне сүйенді. Саясат. Ол үшін өзі «қайырымды қала» деп ат қойған идеалды мемлекет істері туралы ғылым болып саналады. Мұндай қалалар ретінде бірге тұрған, мақсаттары бір, бір басшылыққа бағынған шағын қауымнан бастап Араб халифатына дейінгі адамдар қауымдастығын түсінді.

Әл-Фараби «Қарапайым қала тұрғындарының көзқарастары туралы» трактатында қала тұрғындарын бес топқа бөледі. Оның ойынша, «қала бес түрлі адамдар тобынан құралады: ең құрметті адамдардан, шешендерден, өлшеушілерден, жауынгерлерден, және байлардан». Әл-Фараби ең құрметті адамдарға ақылдыларды, пайымдағыш адамдарды, маңызды істерде беделге ие болған адамдарды жатқызады. Екінші топтағы шешендерге – діни қызметкерлерді, ақындарды, музыканттарды, хатшыларды және шығармашылық жұмыспен айналысатындарды, ал өлшеушілерге – есепшілерді, дәрігерлерді, астрологтарды, математиканы оқытушыларды қосады. Байлар дегеніміз- қалада байлық табатындар, егіншілер, мал өсірушілер, саудагерлер, қол өнершілер.

Әл-Фараби қайырымды қала басшысында алты түрлі қасиет болу керек деп есептеген. Олар: даналық, асқан пайымдылық, сенімділік, ойлау қабылетінің жоғары болуы, соғыс өнерін жетік білуі, денсаулығының мықты болуы. «Осының бәрін өз бойында ұштастыратын адам барлық уақытта кімге еліктеу керек екенін, кімнің айтқан сөзі мен ақылына құлақ қою керек екенін көрсететін үлгі болады. Мұндай адам мемлекетті өзінің қалауынша басқара алады».

Қайта өрлеу дәуіріндегі саяси идеялар: Н. Макиавелли. Ж.Боден. Т.Мор и Т. Камнанела. ХV және ХVI ғасырлар аралығы Батыс Европада «қайта өрлеу дәуiрi» деген атқа ие. Қайта өрлеу дәуiрiнiң саяси ойының жарқын жұлдызының бiрi италияндық Н. Макиавелли (1469-1527ж.ж.) болып табылады. Оның «Патша» (1513ж.), «Тита Ливлийдiң бiрiншi декадасы туралы ой толғаныстар» (1519ж.), «Флоренция тарихы» (1532ж.) т.б. атты құнды еңбектерi бар. Н. Макиавеллидiң саяси iлiм тарихы дамуына қосқан үлестерi:

  1. схоластиканы бұзып, рационализм мен реализм негiзiн салды;

  2. саясаттану ғылымының негiзiн салды және саяси өңдеуді енгізді;

  3. феодалдық бытыраңқылыққа қарсы шығып, Италияда бiр орталықтанған, тұтас монархияның абсолюттiк формасын қалыптастыру үшiн күрестi;

  4. «мемлекет» және «республика» ұғымдарын ендiрiп, оларға қазiргi заманғы мән бердi;

  5. папалық тақ пен шiркеудi әшкерледi;

  6. «мақсат әрбiр тәсiлдi ақтайды» қағидасы бойынша қалайда мақсатқа жетуге шақырды.

XVII ғасырдағы Голландия және Англиядағы саяси ілімдер: Г.Гроций, Баруха (Бенедикт) Спиноза, Т. Гоббс және Дж.Локк. Табиғи құқық мектебiнiң iрi теоретигi нидерланд ғалымы Г. Гроций (1585-1645ж.ж.) «Соғыс пен бейбiтшiлiк туралы құқық. Үш кiтап» (1625ж.) атты трактатында халықаралық құқықтың өзектi мәселелерiн шешу мақсатын қойды. Соғыс пен бейбiтшiлiктiң теориялық мәселелерiн шешу құқық, әдiлеттiлiк, олардың көздерi, өмiр сүру формасы, зерттеу әдiстерi сияқты жалпы мәселелердi қарастыруды қажет еттi. Нәтижесiнде Г. Гроций жаңа методологияға негiзделген құқық пен мемлекеттiң жалпы мәселелерiн тиiмдi шешушi саяси-құқықтық доктринаны қалыптастырды. Оның iлiмiнiң бастама бөлiмi – адам табиғаты, адамның әлеуметтiк сапасы.

Г. Гроций пiкiрiнше «табиғи жағдай» бiр кездерде болған, онда мемлекет те, жеке меншiк те болмаған. Адамзаттың дамуы, алғашқы қарапайымдылығын жоғалтуы, адамдардың қарым-қатынасқа талпынуы, ақылмен басқаруға деген қабiлетi мемлекеттi құруда келiсiмге келуге итермеледi. Бұл мемлекет шығуының қоғамдық келiсiм теориясы едi. Г. Гроций «мемлекет дегенiмiз құқық пен ортақ игiлiктi сақтау үшiн құрылған, жетiлген адамдар одағы» – деп анықтама бердi. Оның пiкiрi бойынша мемлекеттiң белгiсi жоғарғы билiк, атрибуты – заң шығару, сот, лауазымды қызметке тағайындау, салық жинау, соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн талдау, халықаралық келiсiмге келу.

Б.Спиноза (1632-1677 ж.ж.) голландиялық философ-материалист. «Этика, геометриялық тәртiпте дәлелдеген», «Дiни-саяси толғау», «Декарт философиясының қағидалары» атты еңбектердiң авторы.

Б.Спиноза табиғи жағдай теориясына қарсы болды. Ол қоғамдық келiсiм теориясын жақтады, бiрақ оны өзiнше түсiндiрдi. Мемлекет пен заңдарға деген қажеттiлiк табиғи себептерге негiзделген- құмарлық пен ақыл-ой қарама-қайшылығында. Адам тек ақылға арқа сүйегенде тәуелсiз әрi күштi, бiрақ көпшiлiк адамдар ақымақ әрекеттерге барады. Мiне осылар құқық пен мемлекет қажеттiлiгiн тудырды. «Егер адамдар табиғатынан ақиқат санасы көрсетiп отырғандардан басқаны қаламаса, онда қоғам ешқандай заңды қажет етпеген болар едi. Бiрақ адам табиғаты басқаша құрылған. Әрбiр адам өз пайдасына, табысына ұмтылады, әрi көпшiлiк ақыл- ойға емес, қызығушылығына арқа сүйейдi. Сондықтан ешбiр қоғам билiк пен күштеусiз өмiр сүре алмайды, әрi заңсыз адамдар құмарлығы қызығушылығын ұстап тұра алмайды».

Заңды түзу монархқа, жекелеген адамдарға сенiп тапсырылмайды, онда олар табиғатының әлсiз жағын қанағаттандырумен айналысып кетедi. Заң көпшiлiк жиынымен қабылдануы тиiс. Ең саналы, әрi күштi, берiк мемлекет республика, әсiресе демократиялық. Ол абсолюттi монархияны сынады. Спиноза монархияны өкiлдiлiк мекеме басқаруы арқылы шектеу мүмкiндiгiн айтты. Демократия ерекшелiгi билiк пен заңдар халыққа қарсы емес, оның бостандығын шектемейдi және әркiмге берген еркiндiктi қамтамасыз етедi деп санаған.

Т. Гоббс (1588-1679ж.ж.) еңбектерi «Левиафан, немесе материя, мемлекет формасы мен билiгi», «Азамат жөнiнде», «Дене туралы», «Адам туралы».

Мемлекет пен құқық туралы iлiмдi Т. Гоббс геометрия сияқты тиянақты ғылымға айналдыруға тырысты. Ол өз iлiмiн адам табиғаты мен құмарлығын зерттеуге арнады. Т. Гоббстың адам табиғаты мен құмарлығы туралы ойлары писсимистiк болды. Оның ойынша адамға бақталастық (байлыққа құмарлық), даңқ құмарлық, сенiмсiздiк (қауiпсiздiкке талпыныс) тән. Бұл құмарлықтар адамдарды жауластырады, «барлығының барлығына соғыс жағдайын» тудырады. Бұл адамдарды табиғи жағдайды қысқарту жолын iздестiруге итермелейдi, соңында табиғи құқықтан бас тарту адамдарды мемлекетке әкеледi. Т. Гоббс мемлекеттiң үш формасын монархия, демократия, аристократияны атайды, олардың iшiнен шексiз монархияны қолдайды.

Еуропалык Ағарту кезеңіндегі саяси идеялар: М.А. Вольтер. Ж.Ж. Руссо, Ш. Монтескье. Ш.Л. Монтескье (1689-1679жж.) француз ағартушысы, заңгер, саяси ойшыл. Оның «Парсы жазбалары» (1721ж.), «Римдiктердiң қуаттылығы мен құлауының себептерi туралы пiкiрлер» (1734ж.), «Заңдар рухы туралы» еңбектерi бар. Оның негiзгi идеялары:

  • саяси бостандық, оны қамтамасыз етудiң шарты ретiнде әдiл заң мен мемлекеттiк құрылыстың тиiмдi жұмыс iстеуiн ұсынды;

  • заң шығуына байланысты әр халықта өзiндiк сипаттардың барлығын түсiндiруi;

  • билiктi бөлу идеясын дамытты, оны бөлудегi мақсат билiктi терiс пайдалануға жол бермеу деп санады;

  • бостандық – заң мен ерiк берiлген нәрсенiң барлығын iстеу құқығы.

Ж.Ж. Руссо (1712-1778жж.) саяси iлiмдер тарихындағы жарық жұлдыздардың бiрi. «Адамдар арасында теңсiздiктiң пайда болуы мен негiздемесi туралы ойлар», «Саяси экономия туралы», «Мәңгi әлем туралы ойлар», «Қоғамдық келiсiм немесе саяси құқық принциптерi туралы» еңбектерi бар.

Ол табиғи жағдайда жеке меншiк болмайды, барлық адам еркiн және тең деп санады. Жеке меншiк пен әлеуметтiк теңсiздiктiң пайда болуынан табиғи теңдiк бұзылды, байлар мен кедейлер арасында күрес басталды деп жазды. Ж.Ж. Руссо халықтар мен билеушiлер арасындағы нағыз келiсiм, саяси организм құру концепциясын ұсынды. Бұл концепция бойынша әркiм өзiнiң жеке мүддесi мен тұлғасын, өзiнiң барлық күшiн жалпы игiлiкке бере отырып, тұтастың бөлiнбес бөлiгiне айналады. Ж.Ж. Руссо қоғамдық шарт концепциясында теңдiк пен меншiк мәселелерiндегi қайшылықтарды шешудiң жолдарын iздестiредi.

Атқарушы билiктi кiмнiң атқаруына қарай Ж.Ж. Руссо басқарудың демократиялық, аристократиялық, монархиялық түрлерiн ұсынады. Барлығында егемендiк пен заң шығару халықтың қолында болады. Ж.Ж. Руссо демократиялық басқару шағын мемлекеттер үшiн, аристократиялық басқару орта мемлекет үшiн, монархия iрi мемлекеттер үшiн тиiмдi басқару формасы деп санады.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]