1.4 Тұрмысы мен қоғамдық құрылымы
Б.з.б. I мың жылдықтың басы сақ қоғамындағы алғашқы рулық қатынастар бірден-бірге тез ыдырап, әлеуметтік құрылымның жаңа формалары қалыптасқанкезең болды.
СССР территориясының түрлі аудандарында алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырау процесі біркелкі болған жоқ, ол түрлі шаруашылық және тарихи факторлармен байланысты болған нақты формаларында өтті. Қайсыбір аудандарда ескі тәртіптердің тез құлдырап, жаңа тәртіптердің жеңуіне көмектескен қолайлы жағдайлар қалыптасты, ал басқаларындағы географиялық және экономикалық факторлар, бұған керісінше, таптардың құрылу процесін бәсеңдетті, таптық институттардың орнығуын тежеді. Алайда, барлық факторларды есепке алғанда, мұның өзі алғашқы қауымдық құрылыстың соңғы қорытынды кезеңі болды.
Қазақстан территориясындағы алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауының ұзаққа созылған процесінің басталуы сақ заманының алдындағы қола дәуіріне ұштасып жатады. Сол кездің өзінде-ақ, алғашқы ірі қоғамдық еңбек бөлінісінен, мыс пен қола металлургиясының тууы мен дамуынан кейін алғашында үлкен патриархаттық, ал одан кейін шағын және моногамиялы семьялар оқшаулана бастады.
Археологиялық деректер жеке адамдық, ал кейін барып семьялық меншіктің шыққанын айқын көрсетеді. Мұндай әлеуметтік институт таңбалардан- б.з.б. II мың жылдықтың аяғында және I мың жылдықтың басында қыш ыдыстар мен кейбір қола заттарға салынғанжеке меншік белгілерінен көрінеді. Алғашқы қауымдық қатынастардың ыдырауы сақ заманында, б.з.б. I мың жылдықтың алғашқы жартысында одан әрі жүрді.
Ф.Энгельс былай деп атап көрсетті. «Белгілі бір тарихи дәуірдің және белгілі бір елдің адамдары өмір сүретін қоғамдық тәптіптер өндірістің екі түрінің екеуіне де байланысты: бір жағынан еңбектің, екінші жағынан семьяның даму сатысына байланысты болады. Еңбек неғұрлым аз дамыса,оның өнім мөлшері, демек, қоғам байлығы да неғұрлым шектеулі болса, қоғамдық құрылыстың рулық байланыстарға тәуелділігі соғұрлым анық көрінеді».
Алғашқы рулық қатынастардың ыдырау заманын әскери демократия кезеңі немесе алғашқы көршілестік қауым кезеңі деп атайды. Соңғы анықтама қазіргі уақытта барған сайын жиі қолданылады, өйткені ол заманның әлеуметтік-экономикалық сипатын неғұрлым дәл береді. Бірақ көршілестік қауымның формалары, оның мазмұны сияқты, бірдей болмады, сондықтан мұндай анықтаманы жан-жақты анықтама деп тануға болмайды. Екі ұғым да – әскери демократия мен алғашқы көршілестік қауым – бір-бірін жоққа шығармайды, олар тек алғашқы қауымдық құрылымның ыдырау заманындағы қоғамдық құрылымның әр түрлі жақтарына баса назар аударады.
Сақ заманының қоғамдық құрылыс жүйесін схемалық жоспармен былайша елестетуге болады: шағын туыс семьялар тобы – көшпелі қауым – тайпалар – тайпалар одағы. Бұл құрылымның патронимия деп аталған төменгі ұясы өрбіген үлкен патриархаттық-рулық семьяның табиғи бөлшектенуі нәтижесінде құрылды.
Еуразияның мал өсіретін тайпаларының өз негізінде біртұтас экономикалық базисі, экономикалық және мәдени байланыстары Оңтүстік Сібір, Алтай, Қазақстан аумағын, Еділ бойын, Солтүстік Қара теңіз өңірін мекендеген тайпалар мен халықтардың — әсіресе ерте кездегі сақтардың, сарматтардың, скифтердің және басқаларының көптеген ұқсастығы бар мәдениетін өмірге әкелді. Ғылымда сақтардың тұрмыс салты мен тұрғын жайы туралы деректер көп емес. Бәлкім, көшім-қонымы көп тұрмыс салтына лайықты тұрғын жайдың тігіліп-жығылатын үлгісі — киіз үй сол кезде-ақ шыққан болуы ықтимал. Аңызға айналған аргиппейлерді сипаттай келіп, Геродот былай деп жазды: «Олардың әрқайсысы ағаштың астында өмір сүреді. Қыста ағаш кез келген сәтте тығыз ақ киізбен жабылады, ал жазда жабусыз қалдырылады». Геродот пен Гиппократтың хабарлайтынындай, мал өсіретін тайпалардың кәші-қонды тұрғын үйлерімен бірге, көшпелілерде барынша кеңінен тараған төрт және алты доңғалақты арбаларға орнатылған киіз үйлер де болды; жартылай көшпелілер мен отырықшы малшылар оларды жыл маусымдарында пайдаланды. Қазақстан аумағының оңтүстік, шығыс және солтүстік аудандарында тұрақты тұрғын үйлер: оңтүстікте — шикі кірпіштен, солтүстікте және шығыста — боренелерден салынған үйлер болғаны мәлім.
