1. Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқыту Лингвистика ғылымы соңғы жылдары көптеген жаңа бағыттарды қамтып, ғылыми - теориялық және практикалық жағынан кең өріс алып дамып келеді. Мұндай бағыттар қазіргі өмір талабы мен уақыт сұранысына сәйкес пайда болып отырғаны белгілі. Танымдық лингвистика тілі арқылы қоршаған ортаны, адамзат қасиеттерін, қоғамдық құбылыстар мен жаратылысты танып-білудің ғылыми-теориялық негіздерін қарастырады.Сондықтан қазақ тілін оқытуда танымдық лингвистика ілімі білім мазмұнының танымдық бағыттары мен аспектілерін әр түрлі қырынан ғылыми негіздейді және адамның таным үрдісіне қатысты білімін тереңдетіп, тәжірибесін молайтады. Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқытудың мақсаты - тіл біліміндегі танымдық теорияның ғылыми негіздерін меңгерту арқылы теория мен практиканы ұштастыра отырып, тіл үйренушінің ой-өрісін кеңейту. Міндеттері: - қазақ тіл білімі мен танымдық лингвистиканың бір-бірімен байланысын көрсете білу; - қазақ тілін оқыту барысында оның басқа салалармен байланысын жүзеге асыру; - оқыту барысында оқушылардың ойлау қабілетін, қоршаған ортаны зерттеп тану қасиетін, өзіндік ой-пікірін дәлелдеп жеткізе білу дағдысын жетілдіру, олардың дүниетанымын кеңейту. - ой, сана, тіл тұтастығы арқылы тілдік қатынасты жете меңгерту, таным үдерісін жан-жақты іске асыру.Лингвистика тілдің шығу тегін, табиғатын, қызметін саралау мақсатында тілшілер адам, ойлау, таным, халық, қоғам сияқты ұғымдардың мән-мағынасына ерекше көңіл бөледі. Сол себепті лингвисттер тілді оқытуды қарапайымнан күрделіге, жалқыдан жалпыға қарай айқындалатын, үнемі толығу, өзгеру үстінде болатын әрекеттер деп қарастырды. Тіл ғылымының танымдық ерекшелігі адамның ойлау жүйесінің табиғатын, оның ішкі заңдылықтарын қарастырудан тұрады. «Тіл – амал, құрал, оның арқасында адам бірімен-бірі қарым-қатынасқа енеді, пікір алысады және бірін-бірі түсінеді. Тіл ойлаумен тікелей байланысты болғандықтан, сөзді және сөйлемдегі сөздердің бірлігінде ойлау ісінің жетістіктерін тіркеп отырады. Демек, адамның дүние танудағы жетістіктері сөзде, сөйлем құрылысында тіркеледі, сөйтіп адам қоғамында пікір алысуға мүмкіндік жасайды» деп көрнекті ғалым Сәрсен Аманжолов атап көрсеткендей тіл мен таным ұғымдарының сабақтастығы тілдік құралдар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Қазақ тілін оқытуда тілдік және қатысымдық бірліктер білім мен таным үдерістерін біріктіреді. Әсіресе сөз коммуникативтік тұлға ретінде әрі атаулық, әрі танымдық қызмет атқарады. Өйткені, сөз-сөйлеу, пікір алысу үрдісіндегі ең басты тұлға. Сөз жеке тұрғанда заттың, сынның, қимылдың т.б атауы болып номинативті қызмет атқарса, тіл арқылы қарым-қатынаста белгілі бір жағдайға, ортаға байланысты жұмсалып, қарым-қатынастық қызмет атқарады. Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқытудың қайнар көзі - тілдік материалды әдебиетпен сабақтастырып, пәнаралық байланыстың негізінде ғылым мен білімді өзара тоғыстыра отырып, жеке тұлғаның рухани әлемін байыту, баланың өзіне деген көзқарасы мен пікірін қалыптастыру. Ашық әңгіме, ойлы сұхбат, әдебиет қағидаларын қазақ тілі сабағында пайдалана білу, ұнамды образдың әдемі қасиеттерін оқушы бойына сіңіріп, оны өмірмен ұштастыра алу, дүниені, ортаны адамды жан-жақты зерттеп тани білу, тілдік қатынасқа түсу т.б. – барлығы оқыту жүйесін жаңаландырып, білім беру үрдісін тереңдете түседі. Қазақ тілі сабағында сөз бен сөйлемді, тұрақты тіркес пен мәтінді меңгерту үшін оқушыға ой салу, ойланту, өз пайымын тіл арқылы дәл, нақты, шешен жеткізе білуге жетелеу ұстаз тарапынан көп ізденісті қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде ұстаз Қанипа Бітібаеваның «Ой салу – ұстаз тарапынан, ойлану-шәкірт тарапынан, шешімге келу-оқушы тарапынан болу керек» деген пікірінің психологиялық жағынан дұрыс тұжырым екендігін атай кеткен жөн. Өйткені таным үдерісі, біріншіден, ұстаз бен оқушының бірлескен әрекеті арқылы іске асса, екіншіден, олардың әрқайсысы жеке тұлға ретінде түрліше әсерге бөленеді. Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқыту төмендегідей мәселелерді қамтиды. 1.Қазақ тілі пәнінің білім мазмұнын бағдарламаға сәйкес тілдік қағидаларды басшылыққа ала отырып, жалпы адамзатқа тән қасиеттермен сабақтастыра білу сабақтың білімдік мақсатымен қоса танымдық мақсатын жүзеге асыруға ықпал етеді.(қабылдау, ойлау, сезіну, өзіндік пікір түю т.б.). 2.Сабақ барысында жеке тұлғаның психологиялық жай-күйін ескере отырып, оның есте сақтау қабілетін, жадысын, кез келген ақпаратты қабылдау дағдысын, шешімді пікір, дәлелді мысал келтіре алу қабілетін жетілдіру, берілген тақырып ішіндегі ең қажетті, ең пайдалы мәселені сұрыптап, таңдай білу оқушының ойлау қабілетін ұштап, соған сай әрекет етуге жетелейді. Ойды сыртқа шығару кезінде сөйлемді дұрыс құрастыру, логикалық қорытындылар жасау, таныс мәліметтерден жаңа деректер жинақтау, оларды жоспарлау мен жүзеге асыру жеке тұлғаның өзіндік ерекшелігін аңғартатын үрдіс. 3.Тілдік және қатысымдық бірліктердің мағыналық ерекшеліктерін нақты мысалдармен түсіндіріп, әр сөздің мағыналық реңкін тіркес пен сөйлем құрамында қолдана отырып ойды түрлендіруге болатын мүмкіндіктер жасау, сөзді әр түрлі жағдаятқа сәйкес бейнелі жеткізе үйрету оқушының танымдық қабілетін жаттықтырады. Қазақ тілін танымдық тұрғыдан оқыту берілген білім мазмұнын тереңдетеді, қоғамдық-әлеуметтік өмір мен ғылым-білімді ұштастыра келіп, болашақ ұрпақтың дүниетанымын кеңейтеді, өзінше ой-пікір түйіндеуге үйретеді, сабақ - білім естерінде сақталады, танымдық белсенділігі артады, бір-бірінің қателіктерін айтып, жақсы қасиеттерін үйренеді. Пайдаланылған әдебиеттер: 1.Ф.Оразбаева. Тілдік қатынас: теориясы және әдістемесі. А., 2000. 2.Ә.Қайдаров. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. А., 1998. 3.С.Аманжолов.«Қазақ тілі теориясының негіздері» А., «Ғылым», 202 [89-бет]. 4.Қ.Жарықбаев. Жантану негіздері. А., 2002[68-бет]. 5.Қ.Аханов. Тіл білімінің негіздері. А., «Санат», 1993 [12-бет]. 6.Қазақ тілі мен әдебиеті журналы. 3.2006 [28 бет].
2.1 ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ИНТОНАЦИЯСЫ ТУРАЛЫ
Садуақас Нұрбол Абдуллаулы
филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті.
Қандай тіл болмасын, оның интонациялық жүйесі белгілі бір заңдылыққа сүйенеді. Тілдің интонациясы - көп функциялы құбылыс. Әлем лингвистикасындағы басты мәселелердің бірі интонацияның сол тілдегі ерекшелігін, басты белгілерін, маңыздылығын анықтау болып табылады. Қандай сөйлем болса да, оның интонациясы, айтылу әуені болады. Сондықтан да Н.С.Трубецкой интонацияның фонемалардан ерекшелігі, оның өзіндік белгілері болатындығына назар аударған еді [1.254]. Суперсегменттік фонетика тілдің интонациялық жүйесін қарастырады. Интонация сөйлеу тілінде естілуімен қатар жазба тілде (мәтінде) де оқылады. Интонациялық құбылыстар мен грамматикалық құбылыстардың арасында тығыз байланыс бар. Себебі мәтіннің интонациясын өзгертіп оқитын болсақ, оның стилистикалық реңкі де, грамматикалық мағынасы да өзгеруі мүмкін. Интонацияның тіл жүйесінде алатын орны, ерекшеліктері мен қасиеттерін анықтайтын саласы жалпы тіл білімінде интонология деп аталады. Интонологияның суперсегменттік бөлшектерін интонемалар деп атайды. Сөйлемде интонеманың атқаратын қызметі, өзіндік орны болады. Сондықтан интонема әрқашан синтагмада көрініс табады. Интонацияның негізгі қызметі 1) сөйлемнің түрлерін анықтау; 2) жеке коммуникативтік типтерін ажырату; 3) мазмұнның өзгешеліктерін ажырату; 4) мәтіндегі ерекшеліктерін көрсету; 5) әр түрлі эмоцияларда ажырату болып табылады. Интонацияның басты компоненттері әуен, негізгі тон жиілігі, интервалы, диапозон, ұзақтылық, қарқын, пауза, интенсивтілік, тембр тілдегі просодикалық әсілдер ретінде әр тілдің өзіндік интонациялық ерекшелігіне байланысты қолданысқа түседі. Интонация дыбыстан бұрын пайда болған деген көзқарас бар. Сонда да фонемаға қарағанда интонеманы зерттеу кейіндеу қолға алынды.
Қазақ тіл білімінің кейінгі кезеңде әлемдік ғылым жетістіктеріне сай озық әдістемелер негізінде зерттеле бастауы жаңа ғылыми салалардың пайда болып, тың теориялық идеялардың туындауына жол ашты. Қазақ тілі дыбыс жүйесі саласындағы теориялық мәселелердің дамуы және зерттелу барысына ой жіберетін болсақ, тіліміздегі фонемалардың санын, олардың түрлі фонетикалық ерекшеліктерін зерттеуге алғашқы кезекте назар аударылды да, ал тілдің суперсегменттік деңгейін зерттеу, әсіресе, тіл жүйесіндегі интонация мәселерін зерттеу жұмыстары, кейіндеу қолға алынды.
Қазақ тіл білімінде интонация мәселелері алғаш рет Н.У. Түркбенбаевтың қазақ тіліндегі сұраулы жай сөйлемдер интонациясы туралы, қазақ және орыс тілдері фонетикасын салғастыра зерттеген еңбегінде қарастырылды. Ғалым интонациясыз сөйлем болмайтынын, сондықтан интонацияның сұраулы жай сөйлемді танытатын белгілерін көрсетеді [2]. Ә.Н. Нұрмаханованың қазақ, өзбек, қарақалпақ тілдеріндегі жай сөйлемге байланысты еңбегінде интонация мәселесіне ерекше назар аударылды [3]. Ол интонация құрамындағы болатын физикалық элементтерді (әуен, ырғақ, қарқын, іркіліс) көрсетіп, түрлі жай сөйлемдерің өзіне тән интонациясы болатынын айтады. Ғалым интонацияның негізгі бірліктері мен компоненттері, интонацияның сөйлемдегі қызметі туралы мәселелерді жай сөйлемдер грамматикалық ерекшеліктерімен байланыста қарастырған. Ж.М. Утесбаев қазақ мәтінінің интонациялық құрылымдарын көркем шығарма желісі бойынша зерттеп, мәтін лингвистикасындағы интонацияның маңызын көрсетеді. Қазақ тілінде интонация мәселелері жөніндегі алғашқы пікірлер ұшқыны А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, С. Аманжолов, І. Кеңесбаев, Н.Сауранбаев еңбектерінде де кездеседі. А. Байтұрсынов « Екпін буыны бірыңғай келетін тілдер және екпін буыны бірыңғай келмейтін» деп, интонацияға қатысы бар мәселе ретінде орыс, француз, қазақ тілі ерекшеліктерін екпінмен байланыста сөз етсе, Қ. Жұбанов интонацияны « дауыс сазы» деген атаумен атап, әр сөздің әні болатынын айтқан еді. Интонация мәселелері қазіргі қазақ тілінің синтаксисіне қатысты зерттеулерде М. Балақаев, Т. Қордабаев, Қ. Есенов, Р.Әміров т.б. ғалымдар еңбектерінде де сөз болады. Ғалым Р. Сыздықова қазақ тіліндегі сөздердің айтылуына ерекше мән беру қажеттігін айта келіп: «қазақ тілінде сөйлем ішіндегі сөздер дауыс ырғағы жағынан әрқайсы бөлек- бөлек айтала бермейді, көбінесе, екі- екіден немесе екі-үштен бір ырғақты топ құрап, бір екпінмен, бір деммен үндесіп, үйлесіп айтылды», - дейді [ 4.54].
Қазақ тіл білімінде интонацияны зерттеу ісін жоғары деңгейге көтеріп, өзінің мектебін қалыптастырып, шәкірттерімен бірге осы саланың берік қалыптасуына ерекше ықпал етіп жүрген ғалым З.М. Базарбаева деп білеміз. Интонация мәселелері ғалым З.М. Базарбаева тарапынан жан- жақты қарастырылып, осы саладағы зерттеулерге оң ықпал етті. Соның нәтижесінде тілімізді зерттеу аясы кеңейе түсіп, шешімін күткен кейбір мәселелерді тар шеңберде ғана қарастырмай, бір саланы екінші саламен ұштастыра зерттеуге мүмкіндік болды. Ғалым қазақ тілі интонациялық жүйесін жан- жақты, жүйелі зерттеуі нәтижесінде осы бағыттағы ғылыми зерттеулердің қарқынды жүргізілуіне оң ықпалын тигізді. Интонация теориясының негізгі мәселелері ретінде оның бірліктері, басты компоненттері, интонацияның қызметі туралы баяндап, олардың өзіндік ерекшеліктері мен ішкі заңдылықтарын көрсетіп, тіліміздегі интонацияның табиғаты мен қолданылу сипаты жөнінде жүйелі зерттеу жүргізген. Интонацияның өзіне ғана тән негізгі бірлігі (единицасы) «интонема» деп көрсетіп, «Сөйлемнің қай-қайсысы болса да, интонемасыз сомдала алмайды, олардың әрқайсының өзіне тән интонациясы бар. Сөйлемдердің қай түрінің болса да, сомдалып, аяқталып, коммуникативтік функцияға ие болып тұруында интонацияның мәні ерекше»,- дейді [5.19]. Интонема мен фонема ерекшеліктері туралы кезінде Н.С.Трубецкой «интонеманың фонемадан ерекшелігі сол, фонема үшін ештеңе білдірмейтін тыныс белгісінің мәні жоқ, ал интонема үшін мағына білдіретін арнайы белгілер қажет» деген еді [1.54]. З.М.Базарбаева қазақ тіліндегі интонация мәселелері жөнінде айтылған пікірлерге сын көзімен қарай отырып, зерттеушілер интонацияның бірліктерін белгілеуде оның сөйлемдегі қызметін негізге алатынын, екпіннің қай жерде тұратындығын, пауза арқылы бөлінетін ерекшелігін алға тартатындығын айтады. Интонацияның компоненттері (әуен, пауза, интенсивтілігі, ұзақтылық, қарқын, тембр) туралы талдау жасай келіп, өзге зертеушілер «қазақ тіліндегі ең маңызды просодикалық компоненттер деп ұзақтылықпен қатар әуенді де атайды»,- дейді [5. 47]. «Интонацияның компоненттері тілдің бәрінде қолданылатын универсалды просодикалық тәсіл болып табылады. Олар әуен, ұзақтылығы, интенсивтілік»,- дейді [5. 43]. Ғалым ритмикалық топтар арасымен олардың ішіндегі пауза туралы айтылған пікірлерге назар аударады. Интенсивтілікке әсер етуші факторлардың бірі дауысты дыбыстардың синтаксистік сегменттегі орны дейді. Тембр сөйлемнің сезімдік (эмотивтік) мазмұнын беруге қатысады, ал акустикалық деңгейде спектрге сәйкес деп біледі. Интонацияның басты функциясы сөйлемнің жалпы мағынасы мен түрлері, жеке коммуникативті дифференциялау (тема және рема), семантикалық дифференциялау, эмоциялық дифференциялау деп көрсетеді. Зерттеуші қазақ тілі сөйлемдерінің және поэзия тіліндегі интонацияның сипатын жан-жақты талдап көрсетті.
Ғалым З.М.Базарбаеваның шәкірттері қазақ тілінің функционалды стильдерін суперсегменттік фонетика тұрғысынан қарастыра бастады. Бұл зерттеулер қазақ тілі фонетикасының суперсегменттік деңгейдегі танымдық маңызын арттырып отыр. Осы орайда, қазақ тіліндегі қосқұранды құрмалас сөйлем интонациясының ерекшеліктерін, фонетика мен сөйлем арасындағы өзара сәйкестігін тауып, эксперименттік фонетикалық зерттеу жолымен жүргізілген А.М.Фазылжанованың зерттеу жұмысының маңызы зор [6]. Ал Т.Ы.Кеншинбай «Фонетика-синтаксистік бірліктер аралығының фонетикалық сипаты мен таныс белгілері» атты зерттеуінде бұған дейін тек тыныс белгілер деңгейінде ғана бір жақты сөз болып келген мәселелерді оның басты белгісі болып табылатын интонациялық рәсімделуімен байланыста қарастырып, сөйлем деңгейіндегі таныс белгілері мен синтаксистік бірліктер шегарасын анықтаудың фонетикалық қисындары мен жолдарын анықтаған. Қатар тұрған екі сөздің бір ритмикалық топ құрамындағы фонетикалық көрінісі олардың екі ритмикалық топ құрамындағы фонетикалық белгілерімен салыстырған. Ғалым сөйлемнің фонетикалық, интонациялық ерекшеліктерін айтып, оның сазын келтіріп айту мен тыныс белгілерінің бір-бірімен байланысты жақтарына назар аударады. Қазақ тілінде сөйлеудің фонетика-синтаксистік бірліктер арасындағы жағдайы бірнеше параметрде қарастырылған. Ғалым дауыс кідірісінің ұзақтығы, құрмалас сөйлемнің әр сыңырындағы сөйлеу қарқынын, сөйлеу әуенін, әр синтагмалық топтағы күшті дыбысты, күшті буынды және оның айтылу ұзақтығын т.б. мәселелерді техникалық құралдар арқылы тәжірибеде сынаған. Зерттеуде « Ақыл бітпес дәулетке, дәулет бітпес келбетке» деген сөйлемдегі «дәулетке», «келбетке» сөздерін салыстырып, қорытындысында синтагма шегарасы туралы ақпаратты ырғақты екпін түскен соңғы буын алады да, одан кейін пауза болады, ал сөйлем соңы біртіндеп айтылым күшінің әлсіреуімен сипатталады дейді [7.15]. Құрмалас сөйлемдерде синтагма арасында дыбыстардың көмескі айтылуы, түсіп қалуы сияқты фонетикалық жағдайлар болуы мүмкін екендігін айтады. «Қолы батпайды, сипап тұрғандай ғана білінеді» деген сөйлемді мысалға келтіріп, « екі синтагмада да сөз соңындағы қысаң «ы», «і» дауыстылары түсіп, ал олардың алдындағы ұяң «д» дыбысы солғынданады, ал «Көп бастар шұлғасып, көп сақалдар шошаңдасып қалды» деген сөйлемдегі «шұлғысып», «шошандалып» сөздері соңындағы «сып» буындағы «ы» қысаң дауыстысы «алғашқы синтагмада ол анық айтылса, ал екінші синтагмда күшті көмескі тартады. Бұл алғашқыда екпінсіз болады, екі синтагма арасындағы пауза ұзақтығы 250 мс»,- дейді [7.15]. Ритмикалық топқа енген « фонетикалық атаулар» деген тіркесте қатаң «қ» дыбысы ұяң «ғ» дыбысымен алмасатынын көрсетеді. Сөйлеу кезінде « ғ» мен «а» дыбысы, « несмотря на фонетическую слитность», екі буынға бөлініп, « ғ» дауыссызы күштібас дыбыс, ретінде алдындағы «а» дыбысына емес, өзінің артындағы «ы» дыбысына қабысатын болса, күшті соңғы дыбыс ретінде «ғ» дыбысынан дыбысынан бөлініп, өз алдына буын құрайды екен [7.22]. Бұл зерттеуде қазақ тіліндегі пунктуация мәселесі фонетикамен байланыста қарастырылып, оның делимитациялық, семантика-синтаксистік және интонацияның мағыналық бөлінуі, күрделі сөйлем құрамындағы фразалар қиылысындағы фонетикалық құбылыстар, тыныс белгілердің сөйлем аралық кездесер тұстары просодиялық және сегменттік деңгейде анықталған.
Қазіргі кезде суперсегменттік бірліктердің стильдік қызметін тануға мән беріліп отыр. Ә.Ж.Берікболова зерттеуінде просодикалық тәсілдердің стильжасау сипаты, функционалды стиль мәтіндерін түзудегі интонацияның қызметі, дыбысталған мәтінді жіктеудің жүйесі анықталған [8]. Ә.Ж.Берікболова еңбегінде интонация мәселелері функционалды стильдік жағынан зерттелді. Бұған дейін функционалды стильдің интонациялық құрылымы туралы сөз болмаған еді. Қазақ тіліндегі просодикалық тәсілдердің стильжасау сипаты, фоностилистика мен интонология байланысы, стиль түзудегі интонация функциялары, суперсегменттік бірліктердің стильдік қызметін таныту т.б. мәселелер қарастырылды .Зерттеуші әр стильдегі мәтіндердің өзіндік айтылу сарынын, дыбысталуындағы, интонациялық ұйымдасуындағы өзіндік ерекшеліктерін анықтауға болатынын дәлелдейді. Ғалым әр стильдің өзіне тән интонациялық сипатын көрсете келіп, “Тыңдау арқылы мәтіннің стильдік сипатын ажыратуға болатынын” дәлелдейді [9.23]. Зерттеуде интонеманың позициясы, қарқынның стиль түзудегі қызметі, әуен мен үдемеліктің ерекшеліктері анықталып, қазақ тілі функционалды стиль мәтіндеріндегі просодикалық тәсілдердің қолданылу көрінісі жан-жақты көрсетілді.
Тіл - қоғамдық құбылыс. Қоғам дамыған сайын тілдің де коммуникативтік қызметі артып, таным көкжиегінің кеңеюіне алып келсе, ғылым да, оны зерттеу мәселесі де жаңа ортаға бет бұрып, дамып келеді. Қазіргі тілтанымның негізгі бағыттарының бірі тілдік құбылысты тек белгілі тар шеңберде қамап ұстамай, әлеуметтік ортада қолданылатын қарым- қатынас құралы ретінде басқа салалармен байланыстыра зерттеуге назар аудара бастады. Соңғы кезеңде қазақ тіл білімінде дыбыстық деңгейдегі сегментті бірліктердің функционалдық-стильдік жұмсалымын, олардың сөйлеу стиліндегі қызметі мен дыбыстардың модификациялануының көркем мәтіндегі қызметін зерттеу барысында фонология мен стилистиканы байланыстыратын фоностилистика саласы қалыптаса бастады. Ж.А.Исаева «Қазіргі қазақ тіліндегі сегментті бірліктердің фоностилистикасы» атты зерттеуінде сөз құрамындағы дыбыстардың өзгерісін стилистикамен байланыста қарастырып, фоностилистика, фоника, фоностилистикалық қабат, лобиализация, гиперлингвализация, дыбыстардың созылыңқылығы т.б. мәселелерді тіл дыбыстарының көркем мәтінде, ауызекі сөйлеуде т.б. стильдік қабаттардағы қолданысын теориялық жағынан жүйелі талдады [9]. Әлемдік линвистикада фоностилистика дыбыстық деңгейдегі тілдік құралдарды функционалдық ыңғайта қарау нәтижесінде ғылыми сала ретінде қалыптаса бастаған болса, бұл жаңа бағыттағы зерттеу Ж.А. Исаева еңбегінде қазақ тілі материалы негізінде қарастырылды. Орыс тіл білімінде фоностилистика мәселелері Л.В. Щерба, Р.М. Аванесов, М.В. Панов, М.А. Соколова т.б. еңбектерінде сөз болған болса, қазақ тілтанымында М. Балақаев, М. Томанов, Е. Жанпейсов, Б. Манасбаев сияқты ғалымдардың бірлескен «Стилистикасында» алғашқы пікір айтылды. «Фонетика тілдегі дыбыстардың жасалуын, жүйеленуін зерттесе, стилистика дыбыстарды, оларға тән белгі, интонация, қайталау, дыбыс үйлесімділігі сияқты фонетикалық ерекшеліктерді белгілі мақсатқа икемдеп, қайткенде мәнерлі құрал ретінде пайдалану жағын көздейді»,- деген анықтама берілген [10.8]. Қарым - қатынас жасау аясы мен ситуация ауызша сөйлеудің функционалды түрлерін ажырататын негізгі параметрлер болса, қазіргі қазақ әдеби тіліндегі сөйлеу түрлері әдеби сөйлеу тілі, ауызекі сөйлеу тілі деп қарастырылып жүр. Осы сөйлеу стильдерінде орфоэпиялық талаптың орындалуы, сөз шегіндегі, сөз ішіндегі дыбыстардың жағдайы т.б. мәселелер фоностилистика нысаны болып табылады. Ғалым салтанатты сөйлеу стилі, тиянақты сөйлеу стилі, ресми сөйлеу стилі, сөйлеу стилінің бейресми түрі, ресми сипаты басым ауызекі сөйлеу стильдері туралы баяндап, әр стильге тән фонетикалық ерекшеліктерді көрсетеді. Көркем шығарма тілінде дыбыстардың стилистикалық қызметі 1) айтылған жайға, суреттелген құбылыс немесе сипатталушы кейіпкерге қатысты авторлық қолданыстағы түрленімі; 2) әлеуметтік және индивуалдық сипаттағы кейіпкер тілі, оның ерекше сөйлеу машығы; 3) дыбыстардың шығарма тіліндегі поэтикалық қызметі деп үш топқа бөліп қарастырған [10.20]. Фонетиканың мәтіндік шеңбердегі дыбыстық құрылымдардың стильдік тезге түскен қалпын зерттейтінін айтып, зерттеуші дыбыстардың созылыққылығы, өлең мәтінінің фонетикасы, дыбыстық қайталау, фонетикалық қабат т.б. мәселелер жөнінде нақты талдау жасаған. Мысалы, дыбыс созылыққылығы арқылы жазушы кейіпкердің болған жайға қатынасын көрсете отырып, оның характерін ашуға талаптанатынын, адамның психологиялық жағдайына байланыста белгілі бір сөзді немесе дыбысты созып айту сөйлеу тілінде болып отыратын құбылыс екендігін айтып, осы жағдайды көркем мәтіннен алынған мысалдар арқылы дәлелдейді. Автор «тілдің функционалды- стилистикалық мүмкіндіктерін фонетика деңгейінде тексеретін ғылым фоностилистика деп аталады» деп анықтама беріп, осы саланың қазақ тіл білімінде зерттелуі кенже қалып келгендігін айтады. Сөйтіп, ғалым фоностилистиканың әлемдік лингвистикада, орыс және түркі тіл біліміндегі зерттелу тарихы мен қазіргі қарастырылу жайына шолу жасай отырып, негізгі теориялық және әдістемелік ұстанымдарды, қазақ тіл біліміндегі фоностилистика қарастыратын басты нысандарды, сөйлеу стиліндегі сегментті бірліктердің қолданасын т.б. мәселерді баяндаған.
Қорыта айтқанда, қазіргі таңда қазақ тіл білімінде суперсегментті фонетика саласындағы ғылыми жетістіктеріміз қазақ тілін одан әрі заман талабына сай зерттеуге ерекше үлес қосып отыр.
3.1 Морфонология – морфеманың фонологиялық құрылымын және фонеманың морфологиялық қызметін зерттейтін тіл білімі саласы. Морфонологияның зерттеу нысаны ретінде морфемалар жігіндегі дыбыстық алмасулар (сеп-сеуіп) мен дыбысталудың түрлі нұсқалары (мұнда-бұнда) танылады. Зерттеушілер морфонологияны фонетика мен морфологияны жалғастырушы буын ретінде қарастырады кейде морфологияның бір саласы деп таниды. Қазақ тіл білімінде морфема жігінде болатын дыбыстық өзгерістерді дыбыстық алмасу, қыстырма дыбыс қосу, ықшамдау деп үшке бөледі. Дауысты дыбыс редукциясы, дауыссыз дыбыстардың түсіріліп айтылуы, апакопа, гаплология құбылыстары морфонологияға жатады. Мысалы, ағайын, әкел, әпер, қарлығаш, бүгін, былтыр, сәресі, сексен. Дыбыстық алмасулар фонетикада қарастырылғанымен, олардың барлығы тек фонетикалық тұрғыдан түсіндіруге келмейді, себебі дыбыс өзгерістері морфемалар жігінде пайда болып, Морфонологияның зерттеу нысаны болады. Морфонология тар және кең мағынада қолданылады: алғашқы мағынасында бір морфема морфтар құрамындағы фонемалардың алмасуын зерттейді. Кең мағынасында:
морфемалардың дыбыстық құрамын, оларды ажыратуды;
сөзжасамда морфемалар жүйесін қарастырады.
Ықшамдалудың барлық түрі морфонологиялық құбылысқа жатады. Өйткені олар сөйлеу дәстүрінің қалыптасуына байланысты ықшамдалып, сөздің бұрынғы толық қалпымен жарыса айтылады. Бұған дауысты дыбыстардың редукциясы (орын орны, ауыз - аузы, жеңеше -жеңше), дауыссыз дыбыстардың түсіріліп айтылуы (недәуір - едәуір, жубану - жуану, суғару - суару, бірдеңке бірдеңе, барғансын - барғасын), апокопа (ерсілі-қарсылы - ерсіл-қарсыл, келеді - келед, барамын - барам),гаплология (әнәугүгүні - әнәугүні, Мәмедәлі - Мәдәлі, Мәметжан - Мәтжан) жатады.[1]
Бір морфема құрамында алмасып отыратын фонемалар морфонема деп аталады. Морфонологияның қалыптасуына И.А. Бодуэн де Куртене (19 ғасырда), Н.В. Крушевский, Н.С. Трубецкой, А.А. Реформатский, Е.Курилович, т.б. ғалымдар үлес қосты. Қазақ тіліндегі Морфонологияны А.Байтұрсынұлы, А.Қалыбаева, Х.Кәрімов, А.Айғабыловтар зерттеді.[2][3][4]
3.2 Үнемдеу заңы
Cөйлеуші қашанда тілдік элементтердің айтуға жеңіл болуын, сөйлеу органдарына күш түсірілмеуін көздейді. Түрік тілдеріндегі үндесу заңын осының бір мысалы деп білеміз.
Лингвистикалық еңбектерде зерттеуші ғалымдардың тілдегі үндемдеу заңы туралы пікірлерінің біршама әртүрлі екенін байқауға болады. Біздің байқауымызша, үнемдеу құбылысы тілдің бүкіл жүйесін – фонетиканы да, лексиканы да, морфологияны да, синтаксисті де қамтиды. Алайда бұл заңдылық тіл білімінде әртүрлі терминдермен аталып жүр. Мысалы ол фонетикада «элезия», «апокопа», «гаплология» деп аталаса, лексикада «метонимия», морфологияда «сіңісу», «кіріккен сөздер», синтаксисте «эллепсис» «толымсыз сөйлемдер» деп аталады. Түптеп келгенде, үнемдеу процесінен пайда болатын соңғы нәтиже – белгілі бір дыбыстың, буынның, сөздің, тіпті сөйлемнің қысқартылып, ықшамдалып айтылуы. Ғалым Б.Сағындықұлы осы терминдердің баріне ортақ бір термин ұсынған болатын. Ол үнемдеу заңы. Мұның өзі бір жағынан үндесу, ұқсату заңымен лингвистикалық үйлесім табады дейді ғалым. Екінші жағынан өте ықшам. Үнемдеу заңдылығының тілдегі көрінісі айқын байқау үшін тілдің әр саласындағы үнемдеудің көріністеріне тоқталайық. Белгілі ғалым К.Аханов «кейбір фонетикалық жағдайда дыбыстардың мүлде түсіп қалуы элизия деп аталады. Дауыстылардың элизиясы сөздің тіркесінің құрамындағы сөздердің аралығында, сондай-ақ біріккен сөздің құрамында кездесуі мүмкін дейді. Мәселен, торы ат > айтылуы – торат, алты ай > айтылуы – алтай, келе алмады > айтылуы – келалмады, қайын аға > қайнаға, т.б. морфологияда сіңісу немесе кіріккен сөздер деп аталып кеткен құбылысқа мынадай мысалдар келтіруге болады: қалай еткенмен >қайткенмен, қалай етіп > қайтіп, олай еткені > өйткені, алып бар > апар, алып кел > әкел, т.б. Ғ. Мұсабаев былай деп жазады: «сөздің ішкі мағынасы сақталып, дыбысталу түрі өзгеретін жағдай болады. Мысалы, «лақ» деген сөздің бастапқы түрі «оұуллақ» болған, бірте-бірте мына сияқты өзгеріске түскен: Оғул-лақ, оғу-лақ, оғы-лақ, оғ-лақ, о-лақ, ұ-лақ, ы-лақ, лақ. Сондай ақ, лексикадағы метонимияға тоқталар болсақ, сөйлеу үдерісінде шектес, іргелес келген екі немесе одан да көп сөздің қызметін бір ғана сөз атқаратын кездері болады. Бұл құбылысты лексикада «метонимия» деп атайды. «Үлкенге құрмет, кішіге ілтипат деген болмай ма?» дегендегі «үлкен» және «кіші» — метонимия. Толық формасы – «үлкен адам», «кіші адам» дегенге саяды. Метонимияның күрделі сатысы – эллипсис. Бұл синтаксис аясында кездеседі. Эллипсис құбылысында контекст пен коммуникативтік жағдаят үлкен рөл атқарады. Қысқасын айтқанда, анық айтуға тырысу, көп сөзділіктен қашу – эллипситің басты принципі. Сөйлемнің біріңғай мүшелері эллисистің мысалы бола алады: «Асан, Үсен және Асқан келді» дегенді толық айтсақ, жеке жеке айтқан болар едік. Баяндауыштың бір рет айтылуы сөйлемге жинақылық беріп тұр. Эллипсис пен метонимия бір біріне ұқсас. Дегенмен ғалымдардың пікірлері де екі арнаға құяды. Мәселен, Аханов, Хасенов, Мұсабаев сияқты ғалымдар «мен екі кесе іштім, ол бір кесе ішті» дегендегі «кесе» сөзін метонимия деп тапса, Б.Сағындықұлы мұны эллипсис дейді. Олардың мәнін ашу үшін белгілі бір контекст пен жағдаяттың қажет екендігін айтады.
Сөйтіп, үнемдеу үдерісі бүкіл тілдік жүйені –фонетикадан бастап синтаксиске дейін барлық салаларды қамтитын заңдылық болып табылады.
Орфография (грек orfhos – дұрыс, gropho – жазамын) – сөздерді дұрыс жазу ережелерінің жиынтығы және оны қарастыратын тіл білімінің бір саласы. Орфография дыбыстарды (фонемаларды) әріппен таңбалауды, сөздерді, оның бөлшектерін бірге, бөлек немесе дефис арқылы жазуды, бас әріптердің қолданылуын, тасымал тәртібін белгілейді. Орфография емле мағынасында да қолданылып, тыныс белгілерінің қойылу тәртібін де көрсетеді. Мұндай ережелер:
фонематикалық,
фонетикалық,
тарихи-дәстүрлі,
айырым принциптеріне негізделеді.
