- •1 Түркі өркениетінің бастаулары
- •1.2 Көне түркілердің діни нанымдары тарихынан түркі өркениетінің тарихи жазба ескерткіштері
- •2 Түркілердің дәстүрлі дүниетанымы және ислам
- •2.1 Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстандағы таралуы
- •2.2 Көне түркілердің қоғамдық әлеуметтік құрлысы
- •3. Түрік өркениеті және мәдениет
- •3.1 Қалалар мәдениетінің қалыптасып дамуы
- •3.2 Түркілер дәуірінің ойшылдары және ілімдері
2.2 Көне түркілердің қоғамдық әлеуметтік құрлысы
Қағанатты түріктің ашина ( көкбөрілер) тайпасынан шыққан ақсүйектер биледі. Қаған – ең жоғарғы билеуші, әскер басы және бүкіл жердің иесі.
Қаған Шад,шабуғу,елтебер ( ашина руынын шыққан жоғарғы шенділер)
Бек (ру, тайпа басқарушысы); Тархан, бұйрықтар ( сот қызметін атқарушылар); Тұдын ( салық жинаушы); Қара бұдын (қарапайым халық); Таттар (құлдар).
Халқы – үйсіндер, қаңлылар, қарлұқтар, түркештер, шығылдар яғмалар.
Алғашқы қағаны – Тардуш (Дато). Ол Шығыс Түрік қағанатын жаулап, екі қағанатты біріктіруді ойлады. Алтайдағы теле тайпасын шабуылдап, өзін Шығыс Түрік қағанатының қағаны деп жариялады. Телелердің бас көтеруінен кейін қағанаттар қайта бөлінді.
Қағанаттың күш – қуаты Жеғұй және Тон – жабғу қағандар тұсында арта түсті. Олар Тоқарыстан мен Ауғанстанға жаңа жорықтар жасап, қағанат шекарасын солтүстік – батыс Үндістанға дейін созды. Салық жинауға жергілікті адамдарды қойып, оларды «селиф» деп атады. Көрші мемлекеттерге соғыс ашудағы басты мақсаттардың бірі – құл иелену. Датсу қаған көрші елдермен сауда байланыстарын жүргізіп, Қара теңіз жағалауына және Шығыс Түркістанға табысты жорықтар жасады.
Батыс Түрік қағандары жаулап алған аймақтардың саяси жүйесіне өзгерістер енгізбей, тек салық жинаумен шектелді. 16 жылғы созылған ( 640-657 жылдар) тайпааралық соғыстардың қағанатты әлсіретуінің салдарынан, Таң империясы Жетісуды басып алды (659 ж.). Түріктердің Таң империясына қарсы күресі қағанат құрамындағы түркештердін күшеюіне әкелді. 704 жыл – түркештер Жетісудағы саяси билікті жеңіп алды.
Шығыс Түрік қағанаты Қытай езгісіне қарсы ұзаққа созылған соғысты бастан кешірді. 682 жылы- Шығыс түріктер өз мемлекетін қалпына келтірді. Алғашқы қағаны – Құтлық (халық арасында Елтеріс атанған). Территориясы: Қазақстанның бір бөлігі, Орталық Азия; Шығыс Түркістан, Оңтүстік Сібір. Құтлық, Қапаған қағандар тұсында қағанат қуатты мемлекетке айналды. Білге қаған, Күлтегін қағанатты одан әрі күшейтіп, Қытаймен дипломатиялық келісім жасауға қол жеткізді. Қолбасшы Тоныкөк тұсында түріктердің жауынгерлік даңқы асқақтады. Білге қаған билігінен кейін қағанат әлсіреп, ыдырай бастады (741ж.).
Түркештер Шу мен Іле өзендері аралығын қоныстанған. Алғашқы қағаны – Үшелік ( 704- 706ж.) Территориясы: Жетісу,Іле,Шу,Талас алқаптарды. (Шаш – Тұрпан – Бесбалық аралығы.) Астанасы – Суяб, жазғы ордасы – Күңгіт қалалары (Іле өзені бойында). Бүкіл жер 20 үлесті аймаққа (түтікке) бөлінді. Әр түтікте 7 мың әскер болған. Қағанат екі қарсылас топқа бөлінді: Сары түркештер ( Шулық), ордасы - Суяб қаласы ( Шу өзені бойында). Қара түркештер (Ілелік), ордасы – тараз қаласы (Талас өзені бойында)
Араб тарихшысы Әл-Идриси дерегі: түркеш нағыз түрік мағынысындағы сөз. - 7 ғасырдың басында (705 жыл) – Орта Азия мен Қазақстанға арабтардың жорығы басталды. 706 жыл - араб қолбасшысы Күтейбтің екі одақтастың арасында алауыздық туғызуының салдарынан соғды ханы Тархун көмектесуден бас тартты. Нәтижесінде арабтар Бұхарды жаулады.
Үшеліктің ұлы Сақал қаған (сары түркеш) бүкіл Орта Азияны бағындарды. 708 жылы сары түркеш пен қара түркеш арасында шиеленіс күшейді. 711 жыл – қара түркештер шақыруымен келген Шығыс Түрік қағаны Қапаған Болочу (Жоңғария) түбінде сары түркеш әскерін жеңді. Сақал қаған тұтқынға түсіп, қағанат күйреді. Түркеш қағанаты 7 жыл өткеннен соң ғана қалпына келтіріліп, билікке Сұлық қаған (Қара түркеш) келгесін қайта нығайды. Билік қара түркештерге көшіп, Орда-Тараз қаласына ауыстырылды. Сулық қаған екі майданда күрес жүргізді: Батыста- арабтармен , Шығыста- Таң патшалығымен
Сұлық қаған Қытаймен одақтасып, бар күшті батысқа бағыттады. 723 жыл – түркештер Ферғана қарлұқтары және Шаш тұрғындармен бірігіп, арабтарға соққы берді. Арабтар Сұлықтың батылдығына байланысты оны Әбу- Мұзахим (Сүзеген) деп атады. 732 жылдын аяғы – арабтар түркештерді ығыстырып, Бұхарды қайтара жаулады. 736 жыл- Сұлық қаған арабтарға қарсы жорыққа шығып, Тоқырыстанға дейін барды да, жеңіліске ұшырады. Осы кезде сары түркештер мен қара түркештер арасында күрес қайта өршіді 738 жыл- қолбасшы Баға – Тархан Сұлықты өлтіріп, оның ұлына қарсы соғысты бастады. Түркештер арасындағы алауыздық 738-748 жылдары арабтарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны басып алуға жағдай жасады. Осының салдарынан түркештер 746 жылы Жетісуға ұмтылған қарлұқтарға қарсылық көрсете алмады.
Түркілердің қиын жағдайын Қытай да пайдаланып қалды. 748 жыл- қытайлар Суяб қаласын жаулап алып, қиратты. 751 жыл- Атлах қаласының маныңдағы қытайлар мен арабтар арасындағы ірі шайқас (Талас бойы). 5 күнге созылған шайқастың шешуші кезеңінде қарлұқтар арабтар жағына шығып, қытайлар жеңілді. Атлах шайқасының тарихи маңызы:
-Қытай әскері Жетісуды,Шығыс Туркестанды тастап шегінді
-Арабтар Талас аңғарынан Шашқа қарай ығысты. Алайда, Ішкі қақтығыстан және араб-қытай шапқыншылығынын Түркеш қағанаты әлсіреді. 756 жыл – қағанат қарлұқтардың тегеурініне төтеп бере алмай біржолата құлады [13].
Түркілердің қоғамдық құрлысында байларға, ру және тайпа ақсүйектеріне, әскери және діни адамдар болып, сондай-ақ жай мал шаруашылығы және егіншілікпен айналысатын қарапайым топтарға бөлінген. Жалпы Жетісу жеріндегі үйсін заманынан қалған мыңдаған обалар үш түрге бөлінеді. Олардың біріншісі-диаметрі 50 - 80 м және биіктігі 8-10-12 м үлкен жер обалар. Мұнда атақты адамдар әскери басшылар, ру-тайпа көсемдері, ірі меншік иелері мен олардың әйелдері қойылған деп айтуға болады. Бұл обалардан сәндік заттар, бай мүсінді алтын қаптырмалар, бұйымдарының қалдықтары, аң стиліндегі әшекей бұйымдар, қару, қыш және ағаш ыдыстар табылған. Екінші үлгідегі обалардың көлемі 15-20 м шамасында, биіктігі 1 м дейін болған. Үйінді астында бір-екі мола, кейде бір моладан кездескен. Құрал саймандардан: үш-төрт қыш және ағаш ыдыстар, ұсақ қола, кейде алтын әшекейлер (сырға, жүзік, түйреуіш, білезіктер), «скифтік» өнер стилінде жасалған қола аспалы белдіктер, қару-темір қанжарлар мен семсерлер, жебенің үш қырлы және қалақ бас ұштары. Мұндай обаларда өз алдына бөлек шаруашылық жүргізетін, халықтың көпшілігін қамтитын ерікті, қатардағы қауым адамдары жерленген. Ал үшінші түрдегі обалардың аумағы - 5- 10 м және биіктігі 30-50 см шағын үйінділер түрінде кездескен. Мұндағы көмілген заттар біркелкі және аз: бір-екі ыдыс, темір пышақтар мен түйреуіштер, оқта-текте қола сырғалары мен моншақтар кездеседі. Оларда қару болмаған. Бұл обаларда тәуелсіз ұсақ өндірушілер мен құлдар жерленген.
Түркілер қоғамында жеке меншіктің болғанының тағы бір белгісі ондағы әлеуметтік таптардың ерекше бір белгілерімен бөлініп таңбалануы. Ерекше белгілерді ойлап тауып, оларды әсіресе бай топтардың иеліктерінде пайдалану ең алдымен әлеуметтік экономикалық себептермен туындаған. Мұндағы меншік таңбалары ең әуелі қыш ыдыстарында пайда болған. Одан кейін меншік белгісі, үй малдарында, атап айтқанда, мініс аттарына да салынған. Сөйтіп, жеке меншік белгісін салатын металдан, тастан және қыштан жасалған мөрлер шыққан. Мұндай тұжырымды моладан табылған қыш мөрі дәлелдейді. Ертедегі жазба деректердің мәліметтеріне қарағанда, өздеріне тән кейбір әскер басшылары, мен шенеуініктерінде алтын және мыс мөрлері болған.
Қоғамындағы байлықтын негізгі өлшемі шаруашылықтағы жылқы саны, байларының жылқысы көп, олардың ең бай адамдары төрт-бес мың жылқы ұстаған. Оны Қытай саяхатшысы Сыма Цянь өзінің «Тарихи жазбаларында» («Шицзи») атап көрсеткен. Қоғамдық құрлымында, сонымен қатар малдары аз, немесе жоқ кедей топтарының болғандығы да ешқандай күмән тудырмайды, мал құрамында жылқыдан басқа, көп мөлшерде қой және сиыр, есек, ешкі де болған. Таптық қоғамда байлықты қозғалмалы және қозғалмайтын мүлік деп бөлуге болатыны мәлім. Олардың біріншісіне мал, қол өнер өнімдері, тұрғын үй т.б., ал екіншісіне жер, жатқызылады. Қозғалмалы мүлік ертерек жеке меншік түрлеріне айналды, өйткені ол айырбас жасауға мүмкіндік берді. Мұның өзі, әсіресе көшпелі тайпаларда, соның ішінде Жетісудағы үйсіндердің белгілі бір топтарында мал түріндегі байлықтың жинақталып, мүліктік теңсіздігінің дамуына себепші болды. Малға жеке меншіктің кеңінен тарауымен байланысты мұнда бөлінбейтін байлық жерді пайдалану ісінде де теңсіздік орын алды, тіпті оны мұрагерлік жолмен пайдалану көрініс тапты. Атап айтқанда, «менің ата-бабаларымның сүйегі жатқан жер, немесе менің қыстауым тұрған жер, менің жерім» деген белгілі қағида орын алды [14].
Бұл көшпелі қоғамның бәріне тән жазылмаған заң кімнің малы көп болса, іс жүзінде жердің де қожасы сол болуы керек деген қағида да нақты әлеуметтік өмірін бейнелейді. Яғни, бай тайпалардың төрт-бес мыңнан жылқысы болса (ал қыс кезінде бір жылқыны асырау үшін сапасы орташа 8-10 гектар табиғи жайылым керек), мұншама жылқыны бағу үшін шамамен алғанда 30-50 мың гектар табиғи жайылым қажет екенін есептеп шығару қиын емес. Сондықтан мұның өзі ежелгі тайпалар қоғамында б.з.б. I ғасырдан бастап малы көп байлардың шұрайлы жайылымдарды басып алу үрдісі басталғанын айтуға негіз бола алады. Осымен байланысты б. з. алғашқы ғасырларда жоғарғы топтарының қолында байлық одан әрі қорланып, мүліктік теңсіздік қанаушылардың үстемдігі мен қаналушылардың тәуелділігін күшейте түсті. Сөйтіп, таптық қоғам қалыптасты. Шаруашылығының даму ерекшелігіне Жетісудың географиялық жағдайы көп әсерін тигізген. Мұндағы ерекшелік мал шаруашылығы егіншілікпен ұштастырып жүргізіледі. Ал көшпелі тұрмыс-салт жартылай отырықшылықпен ұштасты. Ертедегі үйсіндердің қоныстары мен қабірлерінен табылған мал сүйектерінің қалдықтарына жасалған талдау, олардың қандай мал түлектерін өсірумен айналысқанын айырып білуге болады. Сондай-ақ, оларда мал шаруашылығының қандай формасы және тайпалардың тұрмыс салты туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді, яғни малдың түліктік құрамы мал өсіруге негізделген жартылай көшпелі шаруашылықтың болғандығын көрсетеді. Түркі тайпалары мекендеген бүкіл Жетісу аймағында олардың мал шаруашылғы құрамында үй малдарының барлық түрі: қой, жылқы, сиыр, қос өркешті түйе, ешкі, есек болғанын археологиялық қазба және жазба деректемелер дәлелдейді.
Егін шаруашылығымен де айналысқан. Оны Кеген өзені бойындағы Ақтас қыстау қонысын қазғанда табылған жер өңдеу құралдары - тас кетпендер, қол орақ, тастан жасалған дәнүккіштер айқын көрсетеді. Бұл аймақты зерттеген кезде қарапайым суармалы егіншілік шаруашылығының болғандығы байқалады. Суармалы егістік жүйелері Жоңғар Алатауы, Шолақ-Іле және Шу-Іле тауларының қойнаулары мен баурайларында, Қырғыз Алатауының (Талас аңғары) солтүстік баурайларында орын алған. Негізінен тары мен арпа егілген. Жетісуда суармалы егіншілік қана емес, сонымен қатар тәліми егіншілікте дамыған. Оған жауын-шашынның біршама көп болуы, топырақтың табиғи ылғалының жеткілікті болуы үлкен әсерін тигізген.
Мал шаруашылығы және егін салумен қатар үй кәсібі, қолөнер дамыған. Әсіресе саз балшықтан ыдыстар жасау кең өріс алған. Ыдыстар пайдаланылуы жағына тамақ ішетін, тамақ пісіретін және шаруашылық, азық-түлік сақтайтын ыдыстар болып бөлінеді. Тамақ ішетін ыдыстардың ішінде ағаштан ойып жасалғандары да кездеседі. Олар: шағын табақтар, тостағандар, ожаулар және т.б.
Ежелгі түркілердің шаруашылығында темір, мыс, және тағы басқада түсті металдарды қазып алу, қорыту және өндіру маңызды орын алған. Темірден, мыс пен қоладан еңбек құралдары, тұрмыс заттары балталар мен шоттар , орақтар мне пышақтар, бізбен шеге, қазандар мен құрбан шалатын ыдыстар, қару жарақ, қанжарлар мен жебелердің ұштары жасалды. Сәндік заттарға білезіктер, сырғалар мен сақиналар, сондайақ зергерлік бұйымдар-алтын, күміс, мыс, немесе қола сымнан бұрап жасалған, асыл тасты алқалары бар сырғалар, қола түйреуіштері жатады.
Қоғамдық дамуда тоқыма жіп иіру, тері илеу, тастан, сүйектен бұйым жасау ісі де өрістеген. Жіп иіру мен тоқымашылық, киіз басу, жүннен киім тоқу едәуір ауқымда дамыған. Мата жасау үшін, қазақтардың «ермегі» сияқты қарапайым тоқыма станогы қолданылған, жануарлардың терісін илеп өңдеу арқылы аяқ киім, тері шалбар мен бешпент тігуді игерген, сондай-ақ теріден ыдыстар мен ат әбзелдерін дайындаған.
Екі ғасырдай өмір сүрген Түркі қағанатының жері шығыста Корей түбегінен, батыста Днепрге дейін, солтүстікте Мұзды мұхиттан, оңтүстігінде Қытай, Үндістан шекараларына дейінгі жерді алып жатты. Ол кезде түркілерге Византия, Иран және Қытай мемлекеттері салық төлеп тұрды. Көпке созылмай, ішкі қырқыстар мен жанжалдар өршіп, бар-жоғы отыз жылдан кейін түркі патшалығы Батыс және Шығыс болып екіге бөлінді. Түркі қағанатының екіге бөлінуіне негізгі себеп - Тоба қағанның будда дінін қабылдауы болды.
Осы ұлы мемлекеттің басында елді біріктірудегі еңбегі үшін өз жұрты Елтеруші атаған Құтлұқ қаған, Білге қаған, Күлтегін және Тоныкөктер болды. Осы елбасшыларының құрметтеріне қойылған құлпытастардағы жазулар жалпы этникалық, жалпытүркілік идеяға үндеу болатын. Күлтегіннің үлкен жазуында:
Көкте түркі Тәңірі,
Түркінің қасиетті жері, суы былай депті:
“Түркі халқы жойылмасын,
Ел болсын”.
Кошо-Цайдамдағы Күлтегіннің құрметіне орнатылған ескерткіште түркілердің ұлылығын былай сипаттайды: “Жоғарыда көк Аспан және төменде бурыл(бурая) жер пайда болғанда, олардың ортасында адам баласы дүниеге келді. Адам баласын менің бабаларым Бумын қаған мен Естеми қағандар биледі. Олар таққа отырғанда империяны қолдап оны құрды және Түркі халықтарының заңдарын шығарды. Әлемнің төрт бұрышында да олардың жаулары көп болды. Олар әскермен жорыққа барып жан-жақтағы көптеген халықтарды тыныштандырып өздеріне бағындырды. Басқалар түркілердің алдында бастарын иіп тізелерін бүкті. Олар бізді шығыста Гадірхан орманына (Хинган тауы) және батыста Темір қақпаларға (Трансоксиана) дейін алып барды. Шеттегі осы жерлердің арасында Көк Түркілер билік жүргізді. Олар дана және айбынды; олардың барлық істері адал және барлық халыққа әділ болды“.
Көшпелі және егіншілік мәдениеттердің өзара тығыз табиғи байланысына негізделген шаруашылық жүйесінің, түркі тілі мен руникалық жазуының, қоғамдық ойының, он екі жануар атынан тұратын мүшел жыл санау жүйесінің қалыптасуы соның айғағы еді. Яғни, өзіне тән болмыс-бітімі бар түркілік өркениеттің қалыптасу процессінің аяқталған мезгілі болатын. Түркістан қаласы Жібек жолының бойындағы стратегиялық және мәдени-сауда орталығы ретінде Түркі қағанаты кезінде салынды. Қазақстан жерінде Түркістанға дейін жүзден астам қаланың болғаны белгілі [15]. Түркілердің қоғамдық өмірі мен әлеуметтік институттарының күрделі түрлері қайран қалдырады: ел, меншіктің сатылық жүйесі, шендер иерархиясы, әскери тәртіп, елшілік дәстүрі, сондай–ақ, көрші отырған елдердің идеологиялық жүйелеріне қарсы қоятын, мұқият әзірленген дүниетанымның болғандығы әркімді таңқалдырмай қоймайды деп ойлаймын.
Қазіргі деректерде жазба түркі тілі VI ғасырдағы Орхон-Енисей руникалық жазбаларынан басталады деп жүр. Түркілерде жазба әдебиетінің б.д. III ғасырында болғаны туралы (кейбір деректерде біздің дәуірге дейін) Л.Гумилев өзінің “Хунну” кітабында: “Троецарствия тарихында” Қытай мен ертедегі Камбоджа патшалығы Фунанның арасында елшілік алмасқаны туралы хабарлайды. Қытай елшілігі 245 және 250 жылдар арасында Камбоджада болып, қайтқанда оған қатысқан Кань Тай Фунан патшалығы туралы мынадай мәлімдеме жасайды: “Оларда кітаптар бар және оларды архивтерде сақтайды. Олардың жазулары ғұндардың жазуына ұқсас” деп жазады. Бұл мәлімдемеде елші Ғұн жазуын бұрыннан білетін адамдай айтып тұрғанын ескеру керек. Ол қандай алфавитпен жазылған жазу?
Герман таңбаларына ұқсағандықтан “руна жазуы” деп аталған үлгімен жазылған заттар Орта Азияда, Сырдарияның солтүстігіндегі аймақтар мен Шығыс Түркістанда табылған. Сондай руна жазулы күміс ыдыстың бірі Ыстықкөл маңында және шығыс Ауғанстанда табылған. Ауғанстанда табылған күміс күлшелер (жамбы) б.д.д. I ғасырға тән деп болжануда.
Белгілі ғалым Габаин түркілердің мұсылмандықтан бұрын 7 әліппе қолданғанын айтады. Бұлар: орхон, соғды, ұйғыр, манихей, брахман, тибет және эстрангело әліппелері. Оның пікірінше ұйғыр және соғды әліппелерінің мерейі буддашылық таралғаннан кейін өскен және манихей дінін мойындағандардың манихей әріптерімен, ал несториандықты қабылдағандардың эстрангело әліппесімен жазғанын айтады.
Қазақстан жерінде болған жазу үлгілері туралы академик Ә.Марғұлан “Қазақстанның байтақ өлкесінде 4 түрлі жазудың үлгісі сақталған: ескі ғұн, үйсіндер пайдаланған руна жазуы; Орхон дәуіріндегі руна жазуы; шығыс Түркістанда ұйғырлар пайдаланған арамей жазуы (Жұбан Ана, Батағай); араб жазулары (Айша бибі, Бабаша Хатұн, Болған Ана, Көк Кесене) тағы басқалар” дейді.
Руна үлгісімен түркі тілінде ағаш асатаяққа жазылған ең ескі мәтін VI ғасырдың соңы, VII ғасырдың басында жазылған. XIX ғасырда Орхондағы тастардан табылған жазу үлгісінің шығу тегі туралы ғалымдар бір пікірге келген жоқ. Біреулері осы әліппе ру-тайпа таңбаларынан шыққан десе, екіншілері арамей әліппесінен, келесі топ парфиялық, пехлевийлік, соғдылық, яғни аралас немесе соғды-хорезм, соғды-пехлеви-бактрия т.б. жазудан шыққан деп болжайды. Ал, қазір Орхон жазуының қашан жазылғаны белгілі. Мысалы, Тоныкөк ескерткіші 712-716 ж. шамасында, Құл-Чұр ескерткіші 721 ж. шамасында, Күлтегін ескерткіші 732 ж., Білге Қаған ескерткіші 735 ж. жазылған.
Оңтүстік шығыс Еуропада табылған (VIII-IХ ғғ.) Секель рунасы, батыс түркі рунасы, печенег, хазар руналарының Орхонда пайдаланылған сына жазуынан ерекшеленетін белгілері болуына байланысты, оларды бір жерден шықты деп айтуға болмайды.
Бұлардан басқа қазба жұмыстары кезінде Түркі рунасымен Кубань-бұлғар тілінде жазылған мәтіндер табылған, олар Орхон-Енисей рунасынан гөрі күрделірек ишараттармен жазылғандықтан, мадьяр рунасына жақын болып келеді . Орхон әрпімен жазылған соңғы кітап «Ырқ Бітік» Х ғасырда шыққан. Әрбір парағы 104 жолдан тұратын, 29 беттік осы кітап манихей монастырында жазылған. Яғни, осыдан руна жазуының Ислам діні Орта Азияға келгеннен кейін 300 жылдай қолданылғанын көреміз. Көне түркі (ғұндар) жазба әдебиетінің б.д.VI ғасырға дейінгі кезеңі бізге осы уақытқа дейін белгісіз. Енді ғалымдардың алдында көне түркі жазба әдебиетінің осы кезеңін анықтау міндеті тұр.
Руникалық алфавит VII-VIII ғасырларда Ұлы түркі қағанатының астанасы Отюкенде түркі және монғол тілдерінде сөйлейтін барлық тайпаларға бейімделіп үйлестірілгені байқалады. Түркі алфавиті туралы академик В.В.Бартольд былай деп жазды: “Бұл, түркі тіліне басқа алфавиттерден гөрі жақсы бейімделген күрделі жазу. Дауысты дыбыстар көп емес, дауыссыз дыбыстар дауыс гармониясы заңына байланысты екі категорияға бөлінген. Сөйтіп, түркі тіліне өте сай келетін алфавит шықты”. “Орхон-енисей алфавиті түркі тіліне, оның ішінде сингармонизм заңына өте жақсы бейімделген. Бұл жағынан алғанда ол соңынан келген ұйғыр мен араб алфавиттерінен әлдеқайда жетілген және құнды”.
Бұл түркі алфавиті ұзақ уақыт бойы түркі тайпаларында кеңінен қолданылды. Оның іздерін Батыс Сібірден бастап Шығыс Еуропаға дейінгі байтақ жерде және Кавказдағы – құлпытастар мен шатқалдарға ойып жазылған, керамикадағы көптеген жазулардан т.б. тарихи ескерткіштерден түркілердің көшпенді мәдениетінде жазудың кең тарағанын көреміз. Еділ-Дон, Дунай және Солтүстік Кавказдағы ескерткіштердегі руна жазуларын салыстырғанда соңғы деректер олардың бір диалектіде жазылғанын дәлелдеді. Руникалық жазуды Кавказға және Еуропаға ғұндар алып келді. Қазіргі венгер тіліндегі 1500 сөз түркі тілінен шыққан.
744 жылы Түркі қағанаты ыдырағаннан кейін билік ұйғырларға ауды. Ұйғыр мәдениетіне Қытай, Үнді, Тохар және Иран мәдениеттерінің күшті әсері болғаны сезіледі. Француз ғалымы Готьо және Бартольд ұйғыр әліппесінің соғдылардан алынғанын ғылыми түрде дәлелдеген. В.В.Бартольд ұйғыр әліппесі туралы “Ұйғыр әліппесі түркілер Исламды қабылдаған соң араб әліппесімен дереу алмастырылған жоқ. Ұйғыр әліппесі керісінше, мұсылмандық кезінде өркен жайып, монғолдарға жетті, біраз уақыттан соң манчжурлар осы әліппені қабылдады. Сөйтіп, ұйғыр әліппесі Тынық мұхитқа дейінгі жерде қолданымда болды. Осы әліппенің соғдылардан алынғанын XIII ғасырда өмір сүрген мұсылман ойшылы Фахраддин Мүбәрәкшах Мәруерруди нақты атап көрсеткен. Түркілердің орхон жазуын тастап, ұйғыр әрпіне көшуі кері адым еді. Өйткені ұйғыр жазуы орхон жазуына қарағанда дыбыстарының саны аз болғандықтан, түркі тілінің дыбыстарын беруге жеткіліксіз еді” деп жазған [16].
Түркі тектес халықтардың ежелгі тарихы мен тұрмысын, әдет-ғұрпын, салт-санасын танытатын VII-VIII ғасырларда Сырдария бойында мекен еткен оғыз-қыпшақ тайпалары арасында жыр дәстүрімен жазылған рухани қазына, эпикалық және тарихи мұра. Қазақстан археологтарының соңғы онжылдықтарда алған археологиялық материалдары ерте заманда және орта ғасырларда Қазақстанды мекендеген түрік халықтары материалдық мәдениет пен қоғамдық құрлыстың үздіксіз дамығанын көрсетеді, жекелеген түрік және монғол тайпаларының көшу жолдары мен уақытын, көшпелі және отырықшы мәдениеттің өзара әсерін, отырықшы және қала мәдениетінің Қазақстан аумағында болып өткен этникалық процестердің кешенді шаруашылық негізінің дамуында зор рөл атқарғанын аңғаруға мүмкіндік береді. Қазақстанның оңтүстігіндегі ертедегі қалаларды аршыған кезде алынған археологиялық материал XIX-XX ғасырдың басындағы қазақтардың этнографтар зерттеген мәдениетімен генетикалық жағынан тығыз байланысты материалдық мәдениеттің дәстүрлі үлгісін сипаттайды, мұның өзі қазақтардың этногенезіне қалалық мәдениеті бар Оңтүстік Қазақстан халқының қатысқанын көрсетеді.
Қазақ халқының этникалық аумағы проблемасына назар аударылды; оның калыптасуы негізінен XVI-XVII ғасырларда аяқталғаны көрсетілді. Бес томдық «Қазақ ССР тарихының» екінші томында соңғы орта ғасырлардағы қазақ халқының этникалык тарихын зерттеудің белгілі бір кезеңінің тарихы көрініс тапқан.
Көшпелі халықтардың дәстүрлі номадизмнің қоғамдық қатынастарының, әлеуметтік құрылымының проблемалары мейлінше күрделі әрі ақырына дейін талдап шешілмеген болып келді. Көшпелі халықтардың қоғамдық-экономикалық құрылысының сипаты туралы тұжырымдама қайтадан кақ жарылды. Ендігі дау көшпелілерде ненің ең басты өндіріс құрал-жабдықтары болғаны және қатардағы малшыларды қанаудың неге негізделгені жайында болған жоқ, жер немесе мал меншігі феодалдық (немесе патриархаттық-феодалдык) қатынастардың негізі болды, оны 50-60 жылдардың бас кезіндегі пікірсайысқа қатысушылардың іс жүзінде бәрі мойындады. Енді 70-90-жылдардың басында әңгіме көшпелілердің формациялық, сатылық дамуы жайында: олар өзінің қоғамдық дамуында таптық деңгейге жете ме, көшпелі мал шаруашылығының үлгісі өзінің әлеуметтік рөлі жағынан шаруашылықтың тап құрайтын үлгісі болып табыла ма, көшпелілер өз мемлекетін құруға қабілетті ме деген өлшемдер жайында болды. Негізгі екі көзқарас, екі тұжырымдама айқындалды. Олардың біреуі — көшпелі қоғамда таптық қатынастар мен мемлекеттілік болғанын мойындау, оны жақтаушылар тарихи материализмнің негізгі принциптерін ұстанды. Екінші тұжырымдама: көшпелі қоғам өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуында аддыңғы таптық немесе таптық қоғамға дейінгі, мемлекеттік қоғамға дейінгі деңгейде тоқтап қалады. Бұл ереже «көшпелілер қоғамы тарихы жоқ қоғам болып табылады» деп санаған және оны «кенже қалған», дамымаған өркениетке жатқызған А. Дж. Тойнбидің көптеген ізбасарларының батыс тарихнамасында болып келген тұжырымдамасына ұштасады [17].
Көшпелі халқы басым нақты халықтардың, елдердің, аймақтардың орта ғасырлардағы тарихын зерттеушілердің көпшілігі қоғамдардың қоғамдық дамуының өзіндік ерекшеліктері тарихи дамудың жалпы зандарының күшін жоймайтындығын ескерді. Олар номадтардағы қоғамдық қатынастардың феодалдық (патриархаттық-феодалдық) сипатын, көшпелі қоғамдардың таптарға бөлінгенін мойындады, көшпелілердің өз дамуында мемлекеттілікке жету мүмкіндігін көрсетті. Бұл орайда бір зерттеушілер жерге нақты меншік қатынастарының қанаушылық сипатын анықтады (С. 3. Зиманов, А. Е. Еренов, Л. П. Потапов, И. Я. Златкин, Г. А. Федоров- Давыдов, Б. А. Ахмедов және баскалар); басқалары көшпелі қоғамда негізгі өндірушілерді қанау негізі малды меншіктенуде деп білді (В. Ф. Шахматов, С. Е. Толыбеков, К. И. Петров және басқалар) Өмір салты абстрактілі «таза» түрінде қаралмай, шын мәнінде болғанындай, отырықшы егіншілік және қала мәдениетімен тұрақты өзара байланыста кабылданған көшпелілердің әлеуметтік-экономикалық қатынастарының феодалдық сипаты туралы, халқы өткенде көшпелі болған. Көшпелі қоғамдардың әлеуметтік-экономикалык даму проблемаларын талқылау 60-80-жылдарда тұтас алғанда бүкіл дүниежүзілік-тарихи процесс дамуындағы капитализмге дейінгі қоғамдық-экономикалық формациялар туралы және әсіресе Шығыс дамуының ерекше жолы туралы жалпы пікір-сайыстың бір бөлігі ретінде жүргізілді. Тарих ғылымының жаңа фактілері адамзат тарихы дамуының «бес мүшелі» схемасына қайшы келді, ол қатты сынға алынды. Неғұрлым өркениетті халықтардың материалдық мәдениетін, шаруашылық тәжірибесін, саяси құрылыс нысандарын, идеологиясын қабылдай отырып, көптеген халықтардың тұтас даму сатыларына соқпай өтетіні анықталды.
«Азиялық өндіріс әдісі» туралы мәселе қайта қойылды, бұл орайда азиялық құрылым екі түрге: ирригациялык немесе аграрлық-ирригациялық және мал шаруашылық (көшпелі мал шаруашылық) түрлеріне бөлінді; көшпелі қоғамды да қамтыған кіріптарлық өндіріс әдісі теориясы ұсынылды. Кейініректе Г. Е. Марков Б. В. Андриановпен бірге шаруашылық-мәдени үлгілердің өндіріс әдістерімен арақатынасын зерттеп, ерекше «варварлық қоғамдық-экономикалық формация» болғаны туралы болжам ұсынды, бұған олар номадтық шаруашылық-мәдени үлгісі мен өндіріс әдісін де жатқызды. Капитализмге дейінгі қоғамдық катынастардың ұсынылған құрылымында авторлар небәрі төрт коғамдық-экономикалық формация мен тоғыз өндіріс әдісін бөліп көрсетті. Н. Е. Масанов номадизмді «аграрлық өркениет шеңберіңдегі ерекше өндіріс әдісі» деп анықтады; оның сипаттамасында көшпелі қоғамның таптарға бөлінуі де орын алады: ол «бай мал иелерінің табы» мен «тікелей өндірушілер табынан» тұрады. Бұл таптардың жағдайы мен қоғамдық ролінің автор келтірген иланымды сипаттамасы «көшпелі» қоғамның өз дамуында «ертедегі таптық» деңгейден әлдеқайда алға кеткенін көрсетеді. Оның үстіне таза көшпелі қоғам абстракциада емес, нақты өмірде сирек кездескен. Қоғам дамуының кезендерін тек өндіріс әдісі мен өндірістік қатынастар бойынша ғана анықтайтын формациялық шеңберлер жеткіліксіз екені расталды. Оларда саяси даму, мемлекеттілік нысандары, қоғамның азаматтық жай-күйі, мәдениет, дін, идеология, өмірдің өркениет ұғымына кіретін басқа жақтары ескерілмейді. Отандық тарих ғылымының алдында халықтың тарихын жаңа әдістерді пайдалана отырып, идеологияландырылған шеңбер мен нұсқауларсыз неғұрлым терең және объективті ашып көрсету міндеттері тұр.Көшпелі малшаруашылық экономикасының басқару және ұйымдастыру қағидалары түркілердің саяси-әлеуметтік тарихы мен дүниетанымдық менталитетінде терең із қалдырды.
Түркі қоғамында жауынгер болып, инициация жасына жеткен әрбір ер азамат саналды . Бұл жасқа жеткен бозбала тәрбиешінің қарауындағы туыс тайпалардан шыққан өзімен жасы бойынша тетеллес бозбалалар корпорациясына көшетін еді. Мұндай жастағы топ, тайпаға қатысты барлау, ескерту хабарлау функцияларын атқарды, бірақ ең басты міндет әскери іске жаттығу болып саналады. Қоғамның ересек мүшесі ересек топқа көшкен кезде, жауынгерлерге әскери және шендік функциялар тағайындалды. Жас ерекшелік стратификациясы барлық түркі қоғамының этноәлеуметтік ұйымдасуында көрініс тапты. Қаған әскер басында тұрды, және оны басқаруға лайықты деп саналды. Бұл сонымен қатар, жай ғана әскер болған жоқ еді, бұл тағы Түрік Елі еді. Экономикадан тыс күн көру, өмір сүру көздерін табу қағанға міндет болып, талап етіледі және ол бөліс жасау, тарату (дистрибуция) мен қайта бөліс жасау, тарату (редистрибуция) механизмімен байланысты болып келеді.
Қағандардың басты міндеті көшпелі қоғамның әскери потенциалын жұмылдырып, тайпалас руларды біріктіру еді. Қағандардың экономикадан тыс әрекеттері мен қимылдары көшпенділердің малшаруашылығында орасан зор рөл атқарды. Ол өсім, қосалқы өнімді алу мақсатында жүргізілді. Осы тұста қаған, «асыраушы болып есептеледі. Көшпелілік жағдайда ең тиімді табыс көзі болып, көршілес жатқан отырықшы-жериеленуші территорияларға жорық жасау мен малды айдап әкету, барымта саналды. Жорықтар көшпелі тайпаларға да отырықшы тұрғындарға да қарсы жүргізілді [18].
Өмір сүріп отырған қоршаған орта мен экстентивті өнімдегі шаруашылық өндірісі арасында экологиялық балансты сақтау мақсатында көшпенділер малдарын жериеленушілер мен қолөнершілердің ұсынған тауарына айырбас жасауға мәжбүр етті. Мал негізгі айырбас тауары болды, ал көршілес отырықшы аудандарға жорықтар, «қарапайым әдетке», өзіндік «кәсіп» түріне айналды . Әскери-саяси қуаттылық кезеңінде бұл «кәсіп» қытайдан жібек алудың негізгі көзіне айналды. Енді бұдан былай мол ақша құнына эквивалент болудан қалады. Бірегей ортақ сауда - саттық экономикалық айырбасқа араласуға түркілердің өздері өндіретін нысандары емес, отырықшы- жер иеленушілер өндірісінің өнімдері мүмкіндік берген болатын. Көшпенділер мал шаруашылығының тұрақсыз келбеті әрдайым нарықта сатылып, жүзеге асып, көшшпенділердің ішкі сұранысын өтей алатындай тұрақты артық өнім өндірісіне жағдай жасай алмаушы еді, оның дамып жетілуіне мүмкіндік бермеуші еді.Экономикалық фактор әскери жағдайдың шырмауынан аса алмай, көшпелі және отырықшы қауымдардың саяси ара қатынасына айналып кететін. Сыртқы қатынастар көшпенділердің ішкі саяси қарым-қатынас ортасына ықпал ете отыра, ұйымдастырушылық қабілетке ие болды, көшпенділер социумының ішінде тайпалардың консолидациясына оңтайлы жағдай жасалды, әр түрлі көсемдердің көтерілуіне, қызмет бабымен жоғарлануына көмектесті. Соғыс және сауда-саттық көшпенділердің сыртқы саяси белсенділігінің әдістері ғана болды және олар көшпенділердің ішкі әлеуметтік өзгерістеріне тепе-тең пропорционал күйде болды. Рулық-тайпалық жағдайда орталықтандырылған саяси билік ұйымын құру мен басқару мемлекеттілікке (билікті ұйымдастыру) тең эквивалент күйде болды. Мұнда қаған билігі тек айқындалған көрініс тапты.
Көшпенділер тайпаларының қарым-қатынасына мүлде басқа (әр жағдайда әр түрлі) мақсаттар қойылды, қарастырылды. Осылардың ішінен, бәрінен бұрын, И.В. Ерофееваның ұсынған «патрон-клиент» қарым- қатынас схемасы логикалық тұжырымға ие секілді. Бұл қарым-қатынастарда қағанның ролі, қызметі, әскери көсемдер «патрон-асыраушылар» қызметінен тек көлемі бойынша ерекшеленді. Ол қорғаушы, асыраушы ер адамның тиесінше Ел-қағанатқа, тайпа-руға, отбасылық қауым, қатысты қызметіне ұқсады. Қаған үшін құдайлардың сыйы (құт, харизма) мен теңесе алатын, сакральды күшке ие болған «патрон-асыраушы» функциясы өмірілік мәнге ие міндеттер мен қызметтерді орындауға қамтылды. Ең жалпы деген сипаттамалармен оларды келесі түрде атап кетуге болады: сыртқы және ішкі жаулардан (соңғыларын бекітілген ру-тайпалар иерархиясының жүйесі арқылы алдын алу), мал шаруашылығын оңтайлы қызметімен қамтамасыз ету, отырықшы қауымдармен белгілі бір тұрақты сауда-саттық қарым-қатынастарды ұйымдастыру, тіпті болмаса, қарулану жолымен артық өнімді тартып алу үшін жорықтарды жүргізу. Осы міндеттерді орындай отыра, қаған, бірінші кезекте өзінің яғни оның билігін мойындаған барлық көшпенділер қауымының «біріктірушісіне» айналды. Соғыс қағанның түркі халқы арасында өзіне «абырой» жинау жолымен әлеуметтік қызметтер мен рөлдерді және экономикалық пайданы тарату құқығын иемденуде маңызды факторға айналды [19]. Жалпы менімше, осы міндеттерді орындай отыра, қаған, бірінші кезекте өзінің яғни оның билігін мойындаған барлық көшпенділер қауымының «біріктірушісіне» айналды. Соғыс қағанның түркі халқы арасында өзіне «абырой» жинау жолымен әлеуметтік қызметтер мен рөлдерді және экономикалық пайданы тарату құқығын иемденуде маңызды факторға айналды деп ойлаймын.
