- •1 Түркі өркениетінің бастаулары
- •1.2 Көне түркілердің діни нанымдары тарихынан түркі өркениетінің тарихи жазба ескерткіштері
- •2 Түркілердің дәстүрлі дүниетанымы және ислам
- •2.1 Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстандағы таралуы
- •2.2 Көне түркілердің қоғамдық әлеуметтік құрлысы
- •3. Түрік өркениеті және мәдениет
- •3.1 Қалалар мәдениетінің қалыптасып дамуы
- •3.2 Түркілер дәуірінің ойшылдары және ілімдері
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 3
1 ТҮРІК ӨРКЕНИЕТІНІҢ БАСТАУЛАРЫ.
1.1 Түрік идеологиясы. Түрік руна жазуларының мифологиялық бағыттары. Тоныкөк жазуы және Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерінің
идеологиялық бағыттары. 8
1.2 Көне түркілердің діни нанымдары тарихынан түркі өркениетінің тарихи жазба ескерткіштері 24
2 ТҮРКІЛЕРДІҢ ДӘСТҮРЛІ ДҮНИЕТАНЫМЫ ЖӘНЕ ИСЛАМ.
2.1 Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстандағы таралуы 38
2.2 Көне түркілердің қоғамдық әлеуметтік құрлысы 51
3. ТҮРІК ӨРКЕНИЕТІ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ
3.1 Қалалар мәдениетінің қалыптасып дамуы 63
3.2 Түркілер дәуірінің ойшылдары және ілімдері 69
ҚОРЫТЫНДЫ 86
ПАЙДАЛЫНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 91
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Дүниежүзілік қауымдастыққа мүше болып, нарықтық экономикаға бет түзеген, сөйтіп өркениетті елдер қатарына қосылуға ұмтылып жатқан Қазақстандағы негізгі ұлт – қазақтың, яғни біздің бабаларымыз көне түркілер (түріктер) ерте заманнан бері әртүрлі құрылымдағы мемлекеттерді, оның ішінде Еуразияны билеп тұрған он алты Дала империясын құрған болатын. Тарихтың әр кезеңінде тұран тайпаларының одағы, массагет-хиондар, сақтар, ғұндар, одан кейін түркі тайпалары құрған мемлекеттер ғасырлар бойы Қытай мен Үндістанға және Еуропа халықтарына билік жүргізген. Олар Еуразия құрлығының тарихын жасауда және өркениетті дамытуда айтарлықтай үлес қосты. Ерте замандағы ойшылдар олардың тарихи рөлін сол заманғы цивилизацияларды жазалауға жіберген құдайдың қамшысы деп түсінді. Алайда, қазірге дейін түркілердің көне тарихы мен көшпенділік кезеңі толық зерттеліп болған жоқ. Олардың адамзат өркениеті тарихындағы орыны да анықталар емес.
Жұмыстың мақсаты.Ұсынылып отырған жұмыста Көне түркілер өркениетінің бастаулары мен түркі қоғамының дүниетанымын және ислам дінін жан-жақты зерттеу мақсаты қойылды. Соның ішінде Ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстанға таралуы ,қалалар мәдениетінің қалыптасып дамуы және қоғамдық құрлысқа , тарихи жазба ескерткіштері мен діни наным-сенімдерін барынша тоқталу көзделді.
Осы мақсатқа сәйкес келесі міндеттер қойылды:
Түркілер тарихын нақты тарихи жоспар бойынша түркі өркениеті мен дүниетанымын зерттеу;
Түркі өркениетінің тарихи жазба ескерткіштеріне зерттеу жүргізу;
Қағандық биліктің функционалды тағайындаулары, міндеттері мен күнделікті өмірдегі көріністерін, оның өмір сүруінің негіздерін айқындау;
Дуальді ұйымдасуды және оның көшпелі тайпалардағы отбасылық қауым түрлері мен байланысын, мемлекеттік идеологияға деген ықпалын зерттеу;
Зерттеу жұмысының пәні. Қазақстан тарихындағы ерекше зерттеуге тұрарлық кезеңнің бірі болып табылатын түркі өркениеті дипломдық жұмысымның пәні болып табылады.
Зерттеу жұмысының нысаны. Зерттеу нысаны ретінде түркі өркениетінің құрылуы, ортағасырлық түркі мемелекеттерінің құрылуы және олардың өркендеуі мен құлауының сипатын, себептерін, ірі қалаларын және түркі халықтары арасында ислам дінінің таралуы, сонымен қатар түркі дәуірінің ойшылдары мен ілімдерінің тарихи маңыздылығын қарастырдым.
Теориялық әдіснамасы. Жұмыста көне түркілердің тарихи дүниетанымы және түркі өркениетінің тарихи жазба ескерткіштері мен ислам діні қарастырылды. Соның ішінде, қоғамның мәдени-тарихи өміріне сабақтастығын, байланыстығын, олардың қарастырылып отырған уақыт шеңберіндегі қоғамның саяси-әлеуметтік және мәдени дамуын көрсету маңызды болды. Сөйтіп, ұсынылып отырған жұмыстың әдіснамалық негізі толық түрде ғылыми әдістер кешенімен және этнографтар мен антропологтардың теоретикалық ой-толғамдарымен келтірілген.
Ғылыми жаңалығы. Көне түрік өркениетінің бастауларына , діни нанымдары мен түркі өркениетіндегі жазба ескерткіштері, олардың қоғамдық әлеуметтік құрлысына зерттеу жұмыстары жүргізіледі .
Ұсынылып отырған жұмыста көне түркілердің дәстүрлі дүниетанымы және ортағасырлық түрік мемлекеттеріндегі билік ролі көрсетіледі. Көшпелі түрік мемлекеттерінің бастауларындағы қағандық биліктің ролі және ислам дінінің Орта Азия мен Қазақстанға таралуы ,қалалар мәдениетінің өркендеуіне зерттеу ерекше қызығушылық тудырады.
Зерттеудің әдістемесі. Дипломдық жұмысымның әдістемелік негізін диалектикалық тарихи даму заңдылықтары мен өркениеттік, салыстырмалық, талдау, жинақтау, қорыту, жүйелілік әдістері құрады.
Зерттеу жұмысының практикалық маңызы. Зерттеудің практикалық негіздері тарих ғылымының практикалық зерттеу әдістеріне сүйенілді. Атап айтқанда, талдау, саралау, сараптау, өзіндік ой-пікір түйіндеу, педагогикалық-психологиялық тұрғыда автордың айтайын деген ойының мәніне барлау жасау сияқты жұмыстар жүргізілді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Көшпелі қоғамдардың саяси-әлеуметтік тарихын зерттеу барысында көне түркілердің діни нанымдары, түркі өркениетінің тарихи жазба ескерткіштері түркілердің қоғамдық әлеуметтік құрлысы мен оның дамуы жайлы тақырыптар, көптеген ғалымдардың зерттеу жұмыстарынан орын алды.Түркілердің қоғамдық -әлеуметтік, діни нанымдары , саяси тарихы, жөнінде көптеген зерттеулер В.В. Бартольд, А.Н. Бернштам, С.В. Киселев, Л.Н. Гумилев, М. Мори, Ю.А. Зуев, С.Г. Кляшторный, Б.Б. Ирмуханов, А.К. Камалов және т.б. белгілі ғалымдармен жасалды. Жапондық ғалым М. Мори түркілер тарихына өзінің көптеген еңбектерін арнады. Олар қазіргі түркология үшін маңызды болып табылады. Зерттеуші Ашина мен Ашидэ тайпалары туралы айта отыра, олардың арасындағы одақ шығыс түркілер мемлекетінің саяси-әлеуметтік негізін құрағанын ерекше назарға алады. Ю. А. Зуевтың зерттеу жұмыстары өзіндік мәдени-дүниетанымдық бастауларды, көне және ортағасырлық көшпенділер қоғамы өмір сүруінің іргелі негіздерін іздеуімен ерекшеленеді. Олардың негізгі шарттары мен қорытындылары ерте түркілер тарихына қатысты монографияда келтірілген болатын. Зерттеуші қытай жылнамалары, парсы, соғды және түркі дереккөздерінің мол деректеріне сүйене отырып, көшпелі қоғамдардағы әлеуметтік қатынастар жүйесіне талдау жасайды.
Зерттеу жұмысының тарихнамасы. Түркілердің әлемдегі көптеген халықтардан ерекшелігі, олар ру тайпалардан тұрады. Ру - тайпалар алғашқы қауымдық құрылыс кезінде пайда болып, біздің заманымызға дейін өзгермей келген қоғамдық құрылым. Түркінің ру - тайпалары барлық түркі халықтарының құрамында кездесетіндіктен түркінің тегі бір. Ол алғашқы қауымдық құрылыстан бері тегін жоғалтпай келе жатқан бірден – бір ел. Сондықтан да түркі – “мықты”, “шыдамды”, “төзімді деген мағынаны білдіреді. Тәңір Көк пен Жердің арасында түркілерді жаратқан және оған уақытты белгілеу үшін мәңгі күнтізбе – Мүшелді берген. Дала империяларының” авторы Рене Груссе көшпенділер туралы: “Олардың отырықшы халықтарға он үш ғасыр бойы белгілі ритммен және әрқашанда оқтын-оқтын табысты жасаған шабуылдары табиғи, заңды құбылыс. Қоршаған қатал өмірге бейімделген, ақылды, салмақты және құнтты түріктер мен монғолдар билікке жаралған еді. Көшпенділер материалдық мәдениеттің дамуын тежегенімен, олардың қолында әрқашан да күшті әскери билік болды” дейді . Бірақ, көшпенділерді тек әскери күш ретінде қарау, олардың тарихын біржақты көрсету болып табылады. Себебі түркі халықтары өз заманында материалдық цивилизациясы дамыған Құшан патшалығы, Еуропадағы ғұн империясы, Мамлюктік Египет, Алтын Орда, Ұлы Моғол мемлекеті сияқты он алты ұлы мемлекет құрды және түркілердің жүздеген әулеті соңғы екі мың жылдан астам уақыт бойы адамзат өркениетінің дамуына елеулі үлес қосып келе жатты емес пе. Сонымен қатар, түркіден шыққан ұлы ғалымдар, ойшылдар мен ақындар орта ғасырлардағы “Шығыс, немесе Мұсылман Ренессансының” негізін қалауға атсалысып, әлемдік сәулет өнерінде, поэзияда және ғылымның дамуында өшпес із қалдырды. Ғалымдар соңғы кездегі зерттеулерінде, көне түркілер Шумер, Вавилон, Аккад мемлекеттерін құруға атсалысқан деген пікір айтады. Оған қоса, соңғы үш ғасырдағы ағылшын, француз ғалымдарының зерттеулері Америка құрлығындағы инк, ацтек және майя цивилизацияларын құрған үнділер Азиядан барған көне түркілердің ұрпақтары екенін дәлелдеп отыр. Біздің дәуірдің V ғасырына дейін түркілерде жүзден астам қала болса, тек Алтын Орда тұсында олар салған жүз елудей қаланың сәулет өнері Еуразия құрлығына кеңінен тараған. Түркілер тарихта ең көп қала салған халықтардың қатарына жатады. Сондықтан түркілердің тарихынан хабары жоқтар ғана «оларды таза көшпенділер болды” дейді [1]. Міне, осыдан келе түрік әлемінің, түрік өркениетінің дамуы тек қана түрік халықтарына ғана емес сонымен қатар барлық адамзат өркениетінде өзіндік ерекше орны бар өшпес із қалдырды. Елдің болашақ даму жолын көрсету үшін алдымен түркілердің ғылымға негізделген шынайы тарихын жазып, олардың дүниежүзілік өркениеттер дамуындағы орынын көрсету арқылы бүгінгі халықаралық қауымдастыққа мүше ретіндегі мүмкіндіктерді анықтауға болады.
Зерттеу жұмысының деректемесі. Көшпелі халқы басым нақты халықтардың, елдердің, аймақтардың орта ғасырлардағы тарихын зерттеушілердің көпшілігі қоғамдардың қоғамдық дамуының өзіндік ерекшеліктері тарихи дамудың жалпы зандарының күшін жоймайтындығын ескерді. Олар номадтардағы қоғамдық қатынастардың феодалдық (патриархаттық-феодалдық) сипатын, көшпелі қоғамдардың таптарға бөлінгенін мойындады, көшпелілердің өз дамуында мемлекеттілікке жету мүмкіндігін көрсетті. Өмір салты абстрактілі «таза» түрінде қаралмай, шын мәнінде болғанындай, отырықшы егіншілік және қала мәдениетімен тұрақты өзара байланыста кабылданған көшпелілердің әлеуметтік-экономикалық қатынастарының феодалдық сипаты туралы, халқы өткенде көшпелі болған. Көшпелі қоғамдардың әлеуметтік-экономикалык даму проблемаларын талқылау 60-80-жылдарда тұтас алғанда бүкіл дүниежүзілік-тарихи процесс дамуындағы капитализмге дейінгі қоғамдық-экономикалық формациялар туралы және әсіресе Шығыс дамуының ерекше жолы туралы жалпы пікір-сайыстың бір бөлігі ретінде жүргізілді.
Зерттеудің хронологиялық шеңбері.
( 640-657 жылдар) тайпааралық соғыстардың қағанатты әлсіретуінің салдарынын, Таң империясы Жетісуды басып алды ( 659 ж.).
Түріктердің Таң империясына қарсы күресі қағанат құрамындағы түркештердін күшеюіне әкелді.
704 жыл – түркештер Жетісудағы саяси билікті жеңіп алды.Шығыс Түрік қағанаты Қытай езгісіне қарсы ұзаққа созылған соғысты бастан кешірді.
682 жыл- Шығыс түріктері өз мемлекетін қалыпына келтіреді. Алғашқы қағаны – Құтлық (халық арасында Елтеріс атанған).
Территориясы: Қазақстанның бір бөлігі, Орталық Азия; Шығыс Түркстан, Оңтүстік Сібір.
Құтлық, Қапаған қағандар тұсында қағанат қуатты мемлекетке айналды. Білге қаған, Күлтегін қағанатты одан әрі күшейтіп, Қытаймен дипломатиялық келісім жасауға қол жеткізді.
Қолбасшы Тоныкөк тұсында түріктердің жауынгерлік даңқы асқақтады. Білге қаған билігінен кейін қағанат әлсіреп, ыдырай бастады ( 741ж.).
Түркештер Шу мен Іле өзен аралығын қоныстанған. Алғашқы қағаны – Үшелік ( 704- 706ж.) Территориясы: Жетісу,Іле,Шу,Талас алқаптарды. (Шаш – Тұрпан – Бесбалық аралығы.) Астанасы – Суяб, жазғы ордасы – Күнгіт қалалары (Іле өзені бойында). Бүкіл жер 20 үлесті аймаққа (түтік) бөлінді. Әр түтікте 7 маң әскер болған. Қағанат екі қарсылас топқа бөлінді:
Сары түркештер ( шулық), ордасы - Суяб қаласы ( Шу өзені бойында).
Қара түркештер (ілелік), ордасы – Тараз қаласы (Талас өзені бойында)
Араб тарихшысы Әл-Идриси дерегі: түркеш нағыз түрік мағынысындағы сөз. - 7 ғасырдың басы (705 жыл) – Орта Азия мен Қазақстанға арабтардың жорығы басталды. 706 жыл - араб қолбасшысы Күтейбтің екі одастықтың арасында алауыздық туғызуының салдарынан соғды ханы Тархун көмектесуден бас тартты. Нәтижесінде арабтар Бұхарды жаулады.
708 жылы сары түркеш пен қара түркеш арасында шиеленіс күшейді.
711 жыл – қара түркештер шақыруымен келген Шығыс Түрік қағаны Қапаған Болочу (Жоңғария) түбінде сары түркеш әскерін женді. Сақал қаған тұтқынға түсіп, қағанат күйреді. 723 жыл – түркештер Ферғана қарлұқтары және Шаш тұрғындармен бірігіп, арабтарға соққы берді. Арабтар 738 жыл- қолбасшы Баға – Тарған Сұлықты өлтіріп, оның ұлына қарсы соғысты бастады. Түркештер арасындағы алауыздық 738-748 жылдарды арабтарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияны басып алуға жағдай жасады. Осының салдарынан түркештер 746 жылы Жетісуға ұмытылған қарлұқтарға қарсылық көрсете алмайды. Түркілердің қыйын жағдайын Қытай да пайдаланып қалды. 748 жыл- қытайлар Суяб қаласын жаулап алып, қиратты [2].
Зерттеу жұмысының құрлымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден,
2 тараудан, қорытынды бөлімнен, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Түркі өркениетінің бастаулары
1.1 Түрік идеологиясы. Түрік руна жазуларының мифологиялық бағыттары. Тоныкөк жазуы және Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерінің идеологиялық бағыттары.
Түрік руна жазулары Еуразияның ұлан-байтақ территорияларына кеңінен таралған болатын. Оның бастауы әрі орталығы ретінде 40 астам жазулар табылған қазіргі Монғолия территориялары есептеледі. Осы жазулардың ішінде оншақтысы көлемі бойынша айтарлықтай үлкен, ірі болып саналады. Тіпті Енисей жазулары ішіндегі ең ірі болып табылатындары да олардан көлемі бойынша кіші болып көрінеді. Ескерткіштер бойында баяндау элементтері басым түседі. Сондықтан да олардың тарихи және лингвистикалық құндылықтары өлшеусіз деген сипатқа ие болады. Олардың көбі этникалық және саяси тұрпатына қатысты ажыратылып анықталған. Монғолия және Енисей тас жазулары - бұл текті тұлғаларға арналып қойылған эпитафиялар болып табылады. Олар түркі және ұйғыр қағандарына және олардың көмекші-шенеуніктеріне арналған. Бұл жазулар тікелей немесе жанама түрде, VIII-IX ғ.ғ. аралығындағы уақытпен белгіленеді.
Көптеген (шамамен 150) руна жазулары Енисей аңғарында табылған. Олардың уақыты көрсетілмеген, алайда, зерттеушілер тас жазуларын VIII-IX ғ.ғ. кезеңіне жатқызады. Енисей жазуларының мәтін мазмұны бойынша этникалық және саяси-мемлекеттік, діни-идеологиялық тұрпаты толық анықталмаған. Енисей жазулары-лапидарлы болып келеді, оның мазмұнында баяндау элементтері аз кездеседі. Бірақ, оның мәтінінде көптеген канондық, тұғырлы сөздер қайталанып отырады.
Талас жазулары маңызды эпитафиялық құндылықтарға ие. Бүгінгі уақытта, 27 талас эпитафиялары табылған. Айыртам-ой шатқалынан табылған 9 тас жазулары бір типті овальді тас-кесектерге қашалып жасалған екен. Бұл жазуларда композициялық сипаттамалардың бірізділігі айқындалған. Мәтін мазмұны бойынша олардың саяси және этникалық тұрпатын анықтау қиынға соғады. Талас жазулары батыр-жауынгерлерге арналаған эпитафиялар болып табылады. Олар типологиялық жағынан Енисей жазуларына ұқсас келеді. Талас ескерткіштерінің арасында тұрмыстық заттарда, әшекейлерде және тіпті ағаш таяқшаларында басылған жазулар кездеседі.
Руна жазуының аз зерттелген және перспективті территориясы ретінде Алтай өлкесі болып табылады. Бүгінгі уақытта, табылған тас жазулардың 14-тен астамы жарыққа шықты. Негізінен бұл жазулар тастар мен тұрмыстық заттарға орындалған. Көлемі бойынша Алтай жазулары Енисей жазуларына жақын келеді, бірақ, мазмұны бойынша ұқсамайды [4].
Шығыс Түркістан мен Дуньхуаньдағы руналық эпиграфикамен қатар, қағазға жазылған көлемі жағынан кішкентай руна мәтіндерінің қоры табылған болатын. Қағазға орындалған руна жазуын алғаш рет, 1902 жылы А. Грюнведель Идикутшари қалашығында жүргізген қазба жұмыстары кезінде тапқан болатын. Тағы бір руна жазуы жапон зерттеушісі Т. Марясумен Британ кітапханасында кездейсоқ табылады. Бұл кішкене жазу манихейлік мазмұнда болған еді. Бұл жазулар түркология ғылымына маңызы зор және түркі руна жазуына саналы түрде сақтаудың дәлелі бола алады.
Таста еске алу, эпитафиялық мазмұндағы жазулар көшпенділердің жерлеу ғұрыптарының элементі болса, жазулардың басқа міндеті көш жерлерін белгілеу болды. Руна жазуларының көпжанрлы болуы оларды әртүрлі топтау, классификациялау тәжірибиесін қалыптастырды.
Белгілі бір көне немесе ортағасырлық мемлекеттегі жазу - бұл қоғамның даму деңгейін, оның әлеуметтік және ішкі саяси қатынастарын анықтауға көмектесетін тарих ғылымының бағыт-бағдарларының бірі болып табылады. Бұл жазулардың мазмұны сюжеттік-жанрлық тұрпаты бойынша жеткілікті түрде және ол белгілі бір саяси-мемлекеттік ұйымның өмір сүру уақытымен байланысты болуы өте маңызды. Тиісінше, бұл лапидарлы немесе кіші, бірақ, мазмұны бойынша біртипті эпитафиялар олардың мәдени-тарихи тұрпатын анықтау көрсеткіші бола алады.
Түрік руна жазулары - бұл өте құнды тарихи дерек болып табылады. Ол осы ескерткіштердің саяси-мемлекеттік тұрпатын, идеологиялық императивтерін анықтауға, оларды сол дәуірдегі мәдени-діни фонымен байланыстыруға мүмкіндік береді.
Бұл руна жазуларының саяси (идеологиялық)-тарихи тұрпаты келесі түрде келтірілуі мүмкін:
1). Екінші шығыс түрік қағанаты (682-744 ж.ж.). Мемлекеттің орталығы VIII ғасырдың екінші ширегінде Монғолияда, Хинган тауында Орхон өзені бойында орналасты. Бұл мемлекеттің тарихына Монғолиядағы руна жазуларының көп бөлігі жатқызылады. Солардың ішінде, ірілі-кіші ескерткіштер Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк, Күл-Чор жазулары, Онгин ескерткіші, Чойрэн жазуы және т.б. кіреді. Осы жерде Орхон өзені бойында Күлтегінге (732 ж.) және оның ағасы Білге қағанға (735ж.) арналған жазулар тұрғызылды. Өте құнды болып табылатын Тоныкөк, Күл-Чор, Онгин ескерткіштері сәл ертерек кезеңге, VIII ғасырдың 20-жылдарына жатқызылады. Географиялық жағынан бұл стеллалар қағанат орталығынан алыс жатқан нүктелерде - шығысқа, солтүстікке және оңтүстікке бойлап орналастырылған.
2). Батыс түрік қағанаты (603-656 ж.ж) мен Түргеш қағанаты (699-766 ж.ж.). Бұл мемлекеттердің орталығы Батыс Жетісу (Шу мен Талас аңғары) территорияларында орналасты. Бұл саяси ұйымдардың руналық ескерткіштері ретінде азды-көпті жорамалмен Талас жазулары (Батыс Жетісу) мен Ферғана жазулары (Орта Азия жерлері) болуы мүмкін. Сол сияқты, Қырғызстанда, Коч-Кор (Шу өзенінің жоғарғы жағалаулары) жазығында жазулар табылды. Бүгінгі уақытта, олардың әр түрлі аудармалары жасалған. Функционалды жағынан, бұл жазулар талас эпитафияларынан басқаша түрде деп танылуы мүмкін [5]. Қорыта келе руна жазуларының кеңінен таралуы оның жиі пайдаланылуы мен түркілердің жеткілікті түрде сауатты болғандығын дәлелдейді.
3). Ұйғыр қағанаты (744-840 ж.ж.). Қағанат орталығы Орхон өзені бассейнінде орналасты. Осы мемлекеттің тасқа басылған руна жазулары көне ұйғырлар саяси-тарихы мен мәдениетінің аса құнды ескерткіштері болып табылады. Могойин Шине усу жазуы (Селеңгі тасы немесе Мойын Чур ескерткіші) қағанаттың іс-жүзінде негізін қалаушысы Елетміш Білге қағанға (747-759 ж.ж.) арналады. Қарабалғасун жазуы қытай, соғды және түркі руна жазуларымен жазылған. Ол IX ғасырға жатқызылады. Тесин мен Терхин жазулары да едәуір қызығушылықты тудырады. Ұйғыр қағанаты өмір сүрген жылдарға Монғолиядан табылған лапидарлы жазу - Сэврэй тасы да жатқызылады.
4). Енисей қырғыздарының мемлекеті (Көнехакас қағанаты, 840-1293 ж.ж.). Бұл түркі тайпалар саяси ұйымының орталығы Енисей өзенінің бассейні болды. Енисей тайпаларының руна жазулары ретінде, Енисей эпитафияларының көп бөлігі есептелуі мүмкін. Осы мемлекетке Суджин жазулары да жатады.
5). Хазар қағанаты (VI-соны мен X ғ.ғ.). Өзінің құрамына Поволжье, Арал маңы далаларының, Дон мен Днепр және Солтүстік Кавказ аудандарын қамтыған көптеген, әр түрлі этностық көшпелі тайпалар топтарын кіргізіді. Бұл қағанаттың руна жазулары оңай анықталмайды. Белгілі бір болжаммен, хазарларға Шығыс-Еуропалық руна жазуларын жатқызуға болады.
6). Қимақ қағанаты (IX-X ғ.ғ.). Бұл мемлекеттің орталығы Ертіс өзенің жоғарғы ағысында орналасты. Қоладан жасалған айнадағы екі руна жазулары Қимақ мемлекеті өмір сүрген кезеңдегі мәдени-археологиялық қабаттан табылды.
Қимақтар мен хазарлардың саяси мемлекеттік ұйым территорияларындағы руна жазулары сан жағынан аз және сюжеттік-жанрлық мазмұны бойынша фрагментарлы әрі шектеулі болып келеді.
Ұйғыр мемлекетінің жазулары, соның ішінде, Могойин Шине усу, Терхин, Тесин жазулары ұйғырлық Елетміш Білге қаған есімімен байланысты ескерткіштер қағандық билік, мемлекеттік идеология мен ішкі саяси оқиғаларды зерттеуімен құнды болып келеді. Зерттеушілер Терхин жазуының мәтіні Могойин Шине усу жазуының мазмұнынан алдын-ала мәліметтерді бұрын келтіретінін анықтаған. Ал, кейбір Тесин жазуының жолдары Терхин жазуларына ұқсас, бірақ саяси бағыты әртүрлі болатыны да белгілі болды. Бұл жазулар тобының ерекшелігі қағандар мен қолбасшылар құрметіне руна жазуымен эпитафияларды қалдырудың көне түркілік дәстүрдің жалғастырылуы болып табылады. Мұнда бұл жазулар мазмұнының идеологиялық әрі мәдени бағыты айқын көрініс тапты.
Елетміш Білге қағанға арналған жазулар бойында ұйғыр елінің құрылуы, саяси тартылыс күштерінің орталығы ретіндегі қаған ордасының орнатылуы, иерархиялық мемлекеттің территориалды белгіленуі жайлы құнды мәліметтерді сақтайды. Ұйғыр қағандары түрік қағандары иеленген функциялар мен міндеттерді сақтады; Бұл жазулардың мазмұны негізгі және жалпы сипаттар бойынша Түркі көшпелі қоғамының дамып жетілген және анықталып белгіленген құрылымын қайталады. Руна жазуларында көрсетілген оқиғалар, хронологиялық жағынан қытай жылнамаларындағы мәліметтермен сәйкес келеді. Ұйғыр жазуларында саяси ағымдық-ойлар жоқ емес. Олар түркілердің Үлкен жазуынан кіші болса да, әйтеуір ішкі саяси қарым-қатынастар мен тайпа аралық қарама-қайшылықтарды анықтауға көмектеседі.
Екінші шығыс түрік қағанаты жазулары арасында руна жазулары тарихындағы ең үлкен жазулар (Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк жазулары, Онгин ескерткіші) кездеседі. Олар бірнеше мәрте аударылды және олар шығыс түркілер қағанатына жататыны еш күмән келтірмейді. Ең ірі руна жазуымен жазылған Күлтегін ескерткіші, Күлтегін дүниеден озған 731 жылдан бір жыл өткеннен кейін, 732 жылы тұрғызылады. Күлтегін түркілердің билеушісі Білге қағанның інісі, әрі әріптесі, қолбасшысы болды. В.В. Радловтың арқасында Білге қаған жазуы да, Білге қаған қайтыс болған 734 жылдан бір жыл өткеннен соң, 735 жылы тұрғызылғаны анықталды. Бұл даталар жайында қытай жылнамалары тиісті мәліметтер береді. Бұл екі жазулар Қапаған қаған мен Білге қаған билік еткен жылдардағы саяси жағдайлар мен әскери оқиғаларды баяндауда ұқсастықтары өте көп, сонымен қатар, қағанның қоғамдық өмірде алатын орны мен ролін бағалауда айырмашылықтар білінбейді. Бұл жазулардың орталық идеясы қағандардың түркілерді басқаруға құдайлық құқығы жайлы ойлар және қаған мен елдің бұзылмайтын байланысы туралы келтірімдер болып табылады. Жазулардың барлық ұқсастықтарымен қатар, айырмашылықтары да бар. Күлтегін жазуы, Білге қаған жазуымен салыстырғанда жақсы сақталған, әрі көлемі бойынша үлкен, әдеби жағынан көркем болып табылады. Ол түркілер тарихын алғашқы қағандар Бумын мен Истеми билік еткен аңыз уақыттардан бастап, Күлтегін өлімінен кейінгі салтанатты жерлеу ғұрыптарына дейін жалғастырып баяндайды. Білге қаған жазуы нашар күйде сақталған. Көптеген жазу жолдары табиғи және антропогендік әсерлерінің салдарынан өшіріліп қалған және өкінішке орай, оларды қалпына келтірудің енді еш мүмкіндігі жоқ [6].
Тоныкөк жазуы оның өмір сүрген жылдары тұрғызылған, бірақ оның нақты қай жылы жазылғаны белгісіз. Зерттеушілердің пікірі бойынша, ол Тоныкөктің Ата-қонысы болып табылатын Тола өзені бойындағы Көкшін-Орхон аңғарында, Тоныкөктің бұйрығымен тұрғызылған. Стелла жақсы күйінде сақталыпты, соның ішінде шығыс түркілердің Тан мемлекетіне тәуелді болған жылдардан, Білге қаған билеген кезеңдер туралы баяндайтын жолдары да анық көрсетілген. Күлтегін мен Білге қаған құрметіне жазылған Орхон жазуларымен салыстырғанда, Тоныкөк жазуы «полемикалық» сипатқа ие. Жазудың авторы билеушінің қағанаттағы саяси-әскери оқиғалардан алатын орны мен ролін мүлде басқа жағынан қарайды. В.В. Бартольд байқағандай, қағанға батырлық және әскери қайсарлық қасиеттері тән болса, Тоныкөк өзінің атқарған ролі ретінде, қаған бұйрықтарын іске, жүзеге асыруын көреді. Ол мемлекеттің барлық маңызды істерінің инициаторы, әскери қолбасшы және қағанның кеңесшісі.
Түркілердің қағанаты қағансыз өмір сүре алмайды, оның билігі мен құқығын мойындаусыз қағанаттың өмір сүруі екіталай, сонымен қатар, оның билігі түркі келісімімен жүреді. Ол туралы біз түркілердің руна жазуларынан көре аламыз. Қағандық жазулар олардың билігін әр уақытта қандай деңгейде болғанын айқындай алатын бірден бір құрал болып табылады. Жазулардан біз мемлекеттің идеологиясы әр түрлі мифологиялық келтірімдермен астасып жатқанын байқай аламыз. Мысалға, Күлтегін мен Білге қаған құрметіне арналған ескерткіштерді тарихи-ерлік поэмасы деп те атауға болады. Онда бір қызығы түн жарымы мен тал түске ерекше мән берілген. Осы көркемдік дәрежесі жоғары көне шығармада Тал түс пен Түн жарымы маңызды геосаяси ұғым ретінде көрінеді: тал-түс солтүстік жақ, яғни Өткеннің жоғарғы жағындағы аудандар, орталық, (Хакасия мен Саха елі жағы), ал түн жарымы оңтүстік жақ-Қытай, Корея, Ауғанстан және т.б. Cондай-ақ Тал түс және Түн жарымы туралы ұғымдарда уақыт пен кеңістік туралы идеялар да бар:
Ілгері-күн шығысында,
Оң жақта-күн ортасында
Кейін-күн батысында,
Сол жақта-түн ортасында
Осының ішіндегі халықтың бәрі
Маған қарайды...
Мұнда астральді мифологияның анық қырлары бар. Түркілердің мифтік поэтикалық ұғымында Тал түс дегеніміз Күн - батырдың Көк Шыңының ең биік нүктесіне шығуы, бұл - уақыттың өзге дүниеге, қараңғылық дүниесіне қарай жұмбақ түрде ауысуының белгісі; эпикалық шығармада бас кейіпкер сапарының ең биік шыңы зынданда болған уақыты (Алпамыс батыр); этнографиялық жағынан алып қарағанда, оны даладағы қатал климатпен салыстыруға болар еді. Халық психологиясы мұндай астральді күн іспетті символдарды уақыт туралы, өмірдің жалғандығы туралы түсініктерімен байланыстырып, өздеріне етене жақын ұғымдармен бейнелейді. Тал түстен кейін қараңғылық дүниесі мен қас күштер бас көтере бастайды.
Мәселен, Махамбет өзінің атақты бір термесінде Ұлы Тал түс басталғанға дейін аттың шабысымен уақыттан озуға ұмтылуды былай суреттейді:
Ұлы түске ұрынбай,
Ерлердің ісі бітер ме?
Осы тұста түркі руна жазулары, дәлірек айтсақ, Орхон-Енисей ескерткіштері арқылы көне түрік мифологиясын реконструкциялауға, қалпына келтіруге бола ма деген кесімді сұрақ туындайтыны сөзсіз. Ол оңай шаруа емес. Өйткені ол жазулардың тақырыбы басым түрде түркі қағандарының саяси-идеологиялық ұстанымдар аясында өрбиді. Бір сөзбен айтқанда, жазу мазмұндарында идеологиялық келтірімдер көп, ал мифологиялық наным-сенім элементтері, Көк Тәнір мен ыдық Иер-Суб, сияқты құдайлар туралы қысқа мәліметтерді есепке алмағанда, аз кездеседі.
Түркілер идеологиясы билік туралы мифологиялық келтірімдерге негізделгенін және оны мифологияны зерттей отыра тануға болатынын ескерсек, мифологияны идеология арқылы қайта жаңғырту, яғни керісінше бағыттағы зерттеу қиынға соғатынын түсінуіміз қажет. Әрине ондай іспен айналысқан зерттеушінің әрекеті босқа тер төгу болып көрінуі әбден мүмкін. Өйткені біздің қолымызда көне түркі мифологиясының толық, дәлме дәл түпнұсқалары жоқ. Оны сақтай алатын түркілердің жазуы кейінірек пайда болды, ал оған дейін миф өзінің сакральдығынан (киелі қасиетінен) қол үзіп алған болатын.
Ерте түрік мемлекеттерінің ыдырау, дағдарыс кезеңдеріндегі көне мифологияның бұзылуын мифтік персонаждар мен кейіпкерлер статусының өзгеруінен де байқауға болады. Егер де, Ұмай құдайы түркілердің басты құдайлар пантеонына кіргізілсе, М. Қашғаридың сөздігінде, «ұмай» сөзі енді өзінің ұлы дәрежесінен айырылып, қазіргі түркі халықтарында кездесетін әйелдердің қамқоршысына айналады [7]. Жоғарыда айтқандай, қағандық жазуларда мифологиялық бағыттардан, идеологиялық бағыттар басым екені даусыз, алайда көне түрік мифологиясының сарқыншақтарын, идеологияға негіз болған бастауларын осы қағандық жазулардың бойынан табуға болады.
Қағандық ашина тайпасымен байланысты Аспан-Күн іспетті ассоциациялар тас жазуларында берік орын алған. Оған мысал ретінде, Күлтегін жазуында қағандық тамғаның Ақ елік бейнесіндегі иконографиялық кескінмен сомдалуын келтіре аламыз. Мұндай күн іспетті ассоцияциялар жазуларда жеткілікті түрде кездеседі және олардың барлығы түркілердің аспандық-шежірелік мифология келтірімдерімен байланысты болады. Астральды, ай іспеттілік және күн іспеттілік түсініктердің болғандығын Көкпен байланыс, қашалаған тастар, балбал тастар, храмдар мен мазарлардан үйде ұсталатын пұт, сондай-ақ құлпытастар мен қойтастар дәлелдейді. Оның іздерін түркі руна жазуларының өзінен-ақ табуға болады. Көне түркі жазулары тікесінен (вертикальді бағытта) жазылған, яғни көктегі дүниемен байланысты білдіріп, жоғарыға қарай бағытталған.
Түркі астральды мифтері - ежелгі қазақтың, түркі-моңғол халықтарының ғарышқа, Көкке, жұлдыздарға, Күн мен Айға деген күрделі әрі ойлы көзқарасы. Қолда бар жекелеген сюжеттер мен мотивтерге қарағанда, мұндай қуатты дәстүрдің тарихи-генетикалық түп-тамыры сонау шумер дәуірінен басталады, бірақ барлық миф тәрізді оның бастауы одан әріде жатқаны анық. Барлық елдердің мифологиясы сияқты ежелгі қазақ, түркілік аспан мифологиясы үш салаға бөлініп зерттеледі. Қазақ мифологиясының негізін салушы, белгілі ғалым Серікбол Қондыбай аспан мифологиясына келесі түрде сипаттама береді:
«Жұлдызбойлы (астральдық мифология). Ол жұлдыздар, шоқжұлдыздар, планеталар туралы мифтік түсініктердің жиынтығын құрайды. Бойлы-көне қазақ тілінде «бір тектің, рудың, атаның баласы, ұрпағы дегенді білдіреді (мәселен, Қарғабойлы Қазтуған-Қарға руынан (тегінен) шыққан Қазтуған, Қарғаның ұлы Қазтуған), сондықтан осы ұғымға «бір нысанмен байланысты мәселелер жиынтығы» деген сипат бере отырып қолданғанды жөн көремін.
Күнбойлы мифология (солярлық мифология). Басты тұлғасы Күн болып есептелетін мифтік түсініктер жиынтығы.
Айбойлы мифология (лунарлық мифология). Басты тұлғасы Ай болып есептелетін мифтік түсініктердің жиынтығы».
Ай, Күн жұлдыздар туралы мифтік түсініктер қай уақытта болса да бір мезгілде пайда болған, өйткені палеолиттің адамының да, барлық уақыттағыдай, өз тіршілігінде күндіз - Күнді, түнде - Ай мен жұлдыздарды бақылауға мүмкіндігі бар болған еді. Тек бір мезгілде пайда болғанымен Ай, Күн, жұлдыздар туралы мифтердің әрқайсысының даму қарқыны, замандық маңызы, танымдық маңызының бағалануы түрліше болды.
Ай-палеолит, жалпы тас ғасырының адам танымының аса маңызды нысаны, ол ежелгі адамдардың мифтік комплексінде ұзақ уақыт бойына үстемдік құрды. Бұл - Ай культінің заманы. Сонымен қатар, осы Ай культінің алдында Жұлдыз (Кіндік жұлдыз) культінің болу мүмкіндігін де қарастырып көрген жөн сияқты.
Күн палеолитте екінші қатардағы мифтік нысан ретінде ұзақ уақыт бойына өмір сүріп, неолиттің соңына таман ғана өзінің маңызын арттыра берді. Тек энеолит және қола ғасырында (б.з.д, 3-2 мыңж.) ғана Күн Аймен теңесіп қана қоймай, оның алдына шығып, жетекші мифтік нысандардың біріне айналды. Бұл кезеңді - Күн культінің заманы деп есептеуге болады.
Ай культінің орнына Күн культінің келуі алдыңғы культтің мүлде жойылуын көрсетпейді. Жалпы мифологияда іс жүзінде ештеңе де жойылмайды. Тек нысандардың маңыздылық дәрежесі ғана өзгереді. Нәтижесінде әрбір кейінгі, жаңа заман мифологиялық комплексі міндетті түрде өзінің алдыңғы уақыттардың мифтік комплекстерінің сарқыншақтарын (қабатын немесе субстратын) сақтап отырады (сондықтанда мифтерді көп қабықты жуамен салыстыруға болар еді).
Аспандық мифология кез-келген халықтың мифологиясының ажырамас бөлігін құрайды. Ол мифологияның басқа да қабаттарының барлығымен сан қилы байланыста ұстасып жатады. Сондықтан да «аспандық мифология» деген топтастырудың өзі шартты болып келеді, өйткені осы саланы қарастырғанда басқа да мифтік салаларды қоса қабат қарастыруға тура келеді.
Жұлдыздарды шоқжұлдыздарға топтастыру дәстүрі ежелгі замандарда басталған. Олардың үш тарихи кезеңін көрсетуге болады;
Бірінші кезең - ежелгі аңшылық, балықшылық, терімшілік заманы. Екінші кезең - егіншілік пен малшылық заманы. Үшінші кезең - тарихи кезең.
Аңшылық заман. Аңшы және аңдар. Тас ғасырында тундралық жертараптың шеті қазақ даласына, Қара теңіз жағалауына дейін жетіп жатқан шақтағы аңшы қауымдардың (рулардың) ең басты қорегі бұғы, арқар, марал сияқты мүйізді жануарлар болған еді. Бұғы (және басқалар) ең басты олжа ғана емес, ең негізгі ата тек-тотем де болған. Сондықтан Бұғы (және басқалар)-мақұлықтардың алғашқыларының бірі болып аспанға шығарылды,астрономилық тумақ-танымға айналды.
Қазақ жерінен табылған, уақыты жағынан неолиттің микролиттер мәдениетіне жататын (б.з.д. 4-3 мыңж.) жартас суреттері ішінен мынадай мифтерге қатысы болуы мүмкін кейбір кескіндемелерді қарап шығалықшы (оларды жүйелеген А. Медоев кескіндердің әрқайсысына ерекше атаулар берген):
«Арқар, ит, солярлық белгі (дөңгелек)». Талдыбой (Шыңғыстау, батыс беткей) аңғары. Картина атауында аталып өткен.
«Астральдық миф». Итмұрынды тауы (Солтүстік Балқаш өнірінің орта тұсы). Иттер, арқарлар, бұғылар, т.б.
«Ғалам картинасы». Арпаөзен (Қаратау жотасы). Түйелер, иттер, адамдар, жыландар, т.б.
«Ғаламның вертикаль моделі». Үлкенталды аңғары (Хантау, Оңт-Батыс Балқаш өңірі). Төменде қабан, одан жоғары әйел адам мен қабан, одан жоғары арқарды талап жатқан үш ит, үстінде екі арқар немесе киік. Мұндағы мүйізді жануарды талап жатқан үш итті «ғаламдық талау сценасы» десе, қабанға қарсы қолына жезл ұстап тұрған әйелді «аңдардың қатын-әміршісі» деп атапты.
«Жарық пен түнектің күресі». Теректі аңғары (Хантау таулары). Мұнда алдарында жатқан жалғыз барысқа қарсы беттеген арқар, таутеке, бұқа тектес қаптаған жануардың бейнелері кескінделген, арасында басында мүйізі бар әйелдің кескіні бар, оны «Ұлы қатын-абыз» деп атады A. Медоев. Жартаста кескінделген осындай суреттердің барлығы болмаса да көпшілігінің аспани түсініктерге байланысты екендігін аңғаруға болады, яғни таутекелер, арқарлар, бұғылар, иттер, «аңдардың қатын-әміршісі», т.т. - осылардың барлығы да түнгі аспан жұлдыздары (және шоқжұлдыздары) болып есептеліне алады.
Егіншілік пен малшылық заманы. Неолиттегі өндіруші кәсіптің - малшылық пен егіншіліктің пайда болуы аспан денелерін де «мал тұлғалы» деп түсініп, солардың атымен атау үрдісінің қалыптасуына жағдай жасады. Айды, жұлдыздарды «бұқалар», «қойлар» деп түсіну осы заманның сыбағасы. Қазақ ертегілеріндегі кездесетін айдалада мал баққан малшы (Тазша) мен оның отарлары түңгі аспандағы Ай (Күн) мен жұлдыздарды білдіреді, осы түсінік те неолиттік мал бағу дәуірінен қалған сарқыншақ болып табылады.
Әрине, егіншілік пен малшылық барлық жерде бірдей пайда болған жоқ. Таяу Шығыстың тарихтан белгілі ареалында болмаса, басқа жерлерде бұрынғы аңшылық пен балықшылыққа, терімшілікке негізделген шаруашылық қола ғасырына дейін үздіксіз болып қала берді. Дегенмен неолиттік аңшылар Дала кеңістігінде бәрі бір мал бағуға көшті, сондықтан кештеу де болса мал тұлғаларының түнгі аспанға шығарылуы болмай қоймайтын процесс болып табылатын еді [8].
Кемел айгөлек (зодиак). Б.з.д. 4-3 мыңжылдықта Айға негізделген айгөлек Күн айгөлегіне ауыстырыла бастады, бұл процесс қола (б.з.д, 2 мыңжылдық) ғасырында тез жүрді. Бұл Күн күнтізбесінің қалыптасып, оның бұрынғы Ай күнтізбесін ығыстырып шығаруына байланысты болды. Неліктен Күн культі Ай культінен басым болып шықты? Оның әр түрлі ықтимал себептері айтылып жүр (мысалы, қола ғасырындағы кең көлемді миграциялық процесстердің қарқын ала бастауына байланысты күнтізбелік бақылауда Айдан гөрі Күн тиімді болып шыққан делінеді). Шилов. Ю. Космические тайны курганов. Айдың кейіптері. Айдың соңғы жеті-сегіз мың жылдың ішінде мынадай келбеттенуді басынан өткізді:
Ай-мүйізді тағы жануар (бұғы, бөкен, марал, т.б.) кейпінде (палеолит бойына, неолиттің басында7
Ай-мүйізді сиыр (бұқа) кейпінде (б.з.д. 8-6 мыңжылдықтар және кейінірек).
Ай-мүйізді жылан (айдаһар) кейпінде (б.з.д. 5-3 мыңжылдықтар және кейінірек), сондай-ақ адам кейпінде де кескінделудің пайда болуы.
Ай-мүйізді тұлпар кейпінде (б.з.д. 3-2 мыңжылдық, кейінірек).
Ай-адам (кемпір, қыз, т.б.) кейпінде, бұл кейінгі, мифтік тұрпайылану немесе мифсіздену заманында болған жайт.
Ай культінің орнына Күн культінің келуі көне түркілердің қоғамдық қатынастарында түбегейлі өзгерістер әкелді. Бұл қағандар билігінің мифологизацияланудың күрделі процесіндегі, Ай-жер бойлы тайпалар билігінің Аспани-Күн бойлы тайпаға ауысытырылуы мен байланысты болды. Ай бойлы тайпаның өкілдері шежірелік аңыздарда енді «ақылсыз», «жылуы жоқ» деп жағымсыз суреттеле бастайды.
Сөйтіп, б.з.д. II ғасырдан бастап, б.з. VI ғасырлар аралығында, көшпенділер арасында Аспани-әкелік құқық басымдығын күшейтуге бағытталаған өзгерістер, үрдістер жүреді. Билеуші қаған ретінде шығу тегіне және түркілердің идеологиялық бағдарламасына сай Ашина тайпасы сайланды. Ашина тайпасынан шыққан қаған Көк Аспанмен және Күн тығыз байланысқа түсіп, қаған Көк Тәңірдің жердегі бейнесі ретінде қабылдана бастады. Ал, ашидэ тайпасынан шыққан қатун Жер-Су бейнелерімен бірге қарастырылды. Ыдық Иер-Cуб құдайы Тәңірмен қосылып, түркі космосының жасаушыларына айналады. Олар таққа патшалық жұпты (қаған мен қатун) отырғызып, сол арқылы Түрік еліне бастама береді. Осындай мотив моңғолдардың «Құпия сөзінде» де кездеседі: «Көк пен Жер Темучинді таққа отырғызу үшін келісіп алады». Қаған мен қатун арасындағы некелік одақ түркілердің келтірімінде түркі елін жасаудың алғашқы амал-шарасы, акті ретінде қаралды.
Сондықтан да, руна жазуларының мифологиялық бағыттары туралы айтқан кезде, билеуші фратрия өкілдерінің Аспандық мифология келтірімдері бойынша елді жасап («когда вверху появилось Небо, а внизу бурая Земля, между ними родились сыны человеческие»), билік етудің бағдарламасын ұғынамыз. Руна жазуларындағы мифология билеуші тайпалар коалициясының осы билікке деген құқығын астральды сарындағы келтірімдермен негіздеу болып табылады. Оның сарқыншақтары Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін жазуларында көптеп әрі түрлі ұстанымдарда кездеседі [9].
Ұсынылып отырған дипломдық жұмыстың басты назарында осы жазулар болады. Жазулардың мифологиялық элементтері олардың идеологиялық бағыттарымен тығыз байланыста болатыны даусыз. Олардың тақырыбы жоғарғы билік, түркі мемлекеттілігі мен тайпалар арасындағы қатынастар жайлы келтірімдерді қозғайды. Сондықтан да ұсынылып отырған тақырыптың құрылымы мен жүзеге асуы осы Үлкен түрік руна жазуларының мазмұнына сараптама жасау мен талдау арқасында жүреді.
Тоныкөк, Білге қаған және Күлтегін жазулар табылған сәтінен бастап, ең бірінші кезекте, шығыс түркілер қағанаты тарихының маңызды дереккөзі ретінде танылды. Соның ішінде, жоғарыда айтқандай түркілердің мемлекеттік идеологиясына, қағаандық билік институтына қатысты негізгі деректері болып табылады. Ол жазулардың мазмұнында басқа әдістермен талдағанда көрінбейтін көптеген аспектілерді анықтауға мүмкіндік береді.
Тарихнамалық жағынан Қошо Цайдам ескерткіштері мен Тоныкөк жазулары бір-бірінен ажыратылмайды. Жазулар едәуір ірі баяндау көлеміне ие бола отырып, мемлекет тарихына қатысты өзара тоғысқан деректерді сақтайды.
Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін жазуларының құндылығы тек қана олардың Шығыс түркілер тарихын баяндауында емес, сонымен қатар, қытай жылнамалары және тастағы тамғалық бейнелер бойынша, олар қағанаттың билеуші династиялық коалицияның өкілдері Ашина және Ашидэ тайпалары жақтары жайлы мәлемет беруінде жатыр.
Тоныкөк жазуын оның дербес бұйрығымен тұрғызылды. Ол ықпалды саяси қайраткер болды және шығыс түркілердің алғашқы үш қағандары тұсында кеңесші лауазымында болды. Ол өз жазуында мемлекеттің әскери және әкімшілік істеріне ат салысқаны жайлы айтады. Тоныкөк жазуының нақты мерзімі белгісіз. Бұл жазудың табылған сәтінен бастап, ғылыми ортада Тоныкөк пен Ашидэ Юаньчжень тұлғаларының бір адам ретінде санау немесе санамау сұрақтары орын алды. Бүгінгі таңда зерттеушілердің көп бөлігі Тоныкөк пен Ашидэ Юаньчжень бір тұлға екеніне күмәнсіз сенеді. Алайда мұндай сәйкестікке Л.Н. Гумилев қарсы тұрады. Бірінші болжам үшін маңызды аргумент бар: Чойрэнде (Моңғолияда) табылған руналық жазуы және екі тамғасы бар тас аса құнды мәлімет береді. Жазу бойынша, ғалымдар белгілі бір болжаммен, бұл тас жазуларында Тоныкөк жайлы мәліметтер бар деп санайды. Алайда, ең құнды дерек ретінде екі тамғаның бейнеленуі болып табылады. Олардың біреуі Қошо Цайдамдық ескерткіштердегі қағандық тамғаны қайталаса, екіншісі Ашидэ тамғасына сәйкес келеді. Чойрэнде табылған тас жазуы, Байн-цокто жазуында көрсетлмеген Тоныкөктің ашидэ тайпасының өкілі болғандығына дәлел бола алады.
Тағы бір маңызды жайтқа тоқталуға мәжбүрміз: Түркология ғылымында «Тоныкөк» есімі ол өз аты емес, тайпаның ықпалды өкіліне берілетін титул ретінде санайтын негізсіз емес болжам бар. Күл-ич-Чор жазуында да «Тоныкөк» атауы кездеседі. Зертеушілердің пікірі бойынша бұл жазуда «Тоныкөк» ретінде Күл-ич-Чор аталады [10].
Тоныкөк жазуына текстологиялық сараптама жұмыстарын жасамастан бұрын, ашидэ тайпасы жайлы деректерге тоқталғанымыз жөн. Ашидэ тайпасы жайлы алғашқы деректер 622 жылы Иль қаған билеген тұста пайда болады. Ашидэ термині руна жазуында кездеспейді, бірақ Баин-Цокто жазуында түркілер тайпалары жайында мәліметтер беріледі. Бұл тайпа жайлы деректерді тек Тоныкөк (Баин-Цокто) жазуында ғана кездестіре аламыз. Ашидэ тайпасы шер (шир) тайпасы арасында қандай да бір сәйкестік белгісін қоюға бола ма (ашидэ шер (шир))? Оған осы тайпалардың үш түркі қағандарына кеңесші болған Тоныкөкпен байланысынан басқа қандай негіз бар? Әрине, Тоныкөктің осы тайпаларға байланысты болуы маңызды жайт, бірақ ол кейбіреулерге жеткіліксіз болып көрінуі мүмкін.
Шер терминінің руналық белгіленуі зерттеушілер арасында көп талас туғызды. Шер терминінің бірінші әріпі Орхон руна белгілер тобындағы «S» дыбысталуына сәйкес келеді. Екінші руна «I», «E» әріптеріне сәйкес келуі мүмкін. Үшінші руна барлығымен бір жақты қабылданады және ешкімге күмән туғызбайды. Айта кететін жайт, руна жазуының өзіндік спецификасы осы белгілерді үш вариантта: сир/ сер, шир/шер және эсир деп оқуға мүмкіндік береді. Руна жазуының лингвистикалық ерекшеліктері с/ш әріптерінің қабаттасуы, шатастыруы бірнеше мәрте белгілі түркологтардың зертеу тақырыбына айналды. Алайда, ғалымдар оның ортаңғы рунасының дауысты дыбысы әр түрде оқылатынына назар аудармады. Нәтиежесінде, оның оқылуының тиісінше варианттары сер/ шер сөздері пайда болды.
В.В. Радлов Тоныкөк жазуын оқыған алғашқы ғалым болды. Ол жоғарыда қарастырылған сөзді «сир» түрінде оқыды. Сонымен қатар, ол «түрік» және «сир» терминдерін ажыратып қарастырады. Одан әрі Ф. Хирт қытай жылнамалары және Тоныкөк жазуы бойынша се-яньто тайпасы атауының қытайлық транскрипциясын Сир-тардуш түрінде қайта жаңғыртты. Яғни, сер/ сир арасында сәйкестік орнатылды. Алайда, бұл болжаудың шынайылығына И.А. Клюкин үлкен күмән келтіріп, оның қателігін дәлелдеп шықты.
П.И. Балтин зерттеуінде «сир» термині «бодун» (халық) сөзіне, «ақылсыз», «санасыз» мағынасындағы сын есім сөзі ретінде қарастырылады. Яғни, Тоныкөк жазуындағы «Түрік сир бодун» сөзі «Түрік ақылсыз халқы» деп аударылады. С.Г. Кляшторный бұл сөзге қатысты жаңа гипотезаны ұсынды. Оның пікірінше, «сир» атауымен бұрындары, ерте кездерде қыпшақтар аталған екен. Ол туралы мәліметтерді Шине Могойин усу жазуынан табуға болады. Ю.А. Зуев бұл сұрақтың жаңа ұғымын ортаға ұсынды. Бұл сұрақтың белгілену Күл ич Чор жазуында да кездеседі. Ол зерттеушілермен тек «шир» түрінде ғана оқылады. Кейбір ғалымдардың пікірі бойынша «шир» сөзі басқа тілдік ортадан алынған деп есептеледі. Бұл болжам ғылыми ортаға Ю.А. Зуевпен қосылған қытай деректерімен дәлелденеді. Бұл сөздің қытайша белгіленуі оның дыбысталуын қарлұқ тайпасының бастапқы атауы ши гэлолу (шир қарлұқ) арқылы нақты көрсетеді. Әр түрлі тілдегі жазба деректерге сүйене отырып, шир-иркин титулының фиксациясын (Тоныкөк жазуындағы «сир-бодун» мен сәйкестендірілетін) екі белгімен айқындауға болады: Түркі руна жазуымен және қытай иероглифтерімен. Қытай иероглифтеріндегі орта парсылық «шер» сөзі оның түркілік эквиваленті «арслан», яғни «арслан-иркин» сөзіне алмастырылады. Ю.А. Зуевтің бұл жаңалығы ғылым үшін өте маңызды. Ол жазба деректердегі бір мағыналы терминдердің тарихи кезеңдерде ру, тайпа топтарын немесе басшы есімдерін белгілеу үшін пайдаланылғанын ашады.
Бұл үш рунаны «шер» түрінде оқыған дұрыс болатын сияқты. Оның орта парсылық аудармасы «арыстан» сөзі болып шығады. Алайда, VIII-IX ғ.ғ. жазулардың қолданыста болған уақытында «шер» сөзінің түркілік эквиваленті «арслан» сөзі де пайдаланылып отырды. Бұл жерде, біз түркі тілі үшін бөтен, шетел сөз, оның шығу тегі нақты түркілік емес екендігін көріп тұрғанымызды айта кетейік. Бөтен сөз болғандықтан, оның әр түрлі оқылуы да түсінікті. Сөйтіп, бүгінгі таңда түркологияда осы терминге қатысты, оның дыбысталуына байланысты бір жақты, ортақ пікірі қалыптаспағаны туралы айта аламыз. Біз зерттеген тұста, бұл термин соғдылықтар мен ортағасырлық парсылар тарапынан жүрген мәдени-діни ықпалдың нәтиежесінен пайда болды деп санаймыз. VII ғ. бастап, осы ықпалдардың арасынан манихейлік ілім тарай бастады. Онда арыстан аждаһар (айдаһар) бейнелері канондық келтірімдерге ие болды. Бұл ашидэ тайпасының этимологиялық атауы манихейлік танымға сараптама жасаған кезде ашылуымен де анықталады.
Діндердің көшпелі ортаға таралуы сауда жолындағы дүниежүзілік айырбас арқылы жүргені белгілі. Түркі заманында соғдылықтар мен орта ғасырлық парсылар сауда жолындағы бас агенттер, шпиондар болды. Сонымен қатар, олар Зороастра, Будда және манихей, ал кейінен мұсылман діни ілімдерінің миссионерлері болды. VI ғ. олардың арасында Мани ілімі тарала бастады. Манихей ілімінің миссионерлері қай жерде болмасын, олар өздерінің мақсаттарына орай, жергілікті наным-сенімдер мен культтерге негізделді. Манихейлік ілім жергілікті жерлерде үстемдік еткен діндерге дағдылануға ұмтылды. Оның осындай ерекшелігі осы ілімнің негізіне байланысты болды. Бұл туралы Мани пайғамбардың өзі былай деген болатын: «Вера моя ясной бывает в каждой стране и на любом языке и распространяется в далекие страны». Оның бұл ерекшелігі «шынайы діннің» бастапқы бірлігі, діни ұстаздардың (пайғамбарлардың) қайта тірілу идеясымен байланысты болды [11].
Манихей діні өзгермейтін үш тұғырға дуализм іліміне, космогониялық мифке және жан туралы ілімге негізделді. Манихейлік ілім-синкреттік дін болып табылады. Оның басты қағидасы ретінде әмбебап, барлығын игеретін, бірізділікті дуализм, Жарық пен Түнекті, Игілік пен Зұлымдықты қарсы қою болды. Дуализм көптеген діндердің негізін құрады. Алайда, манихейлік ілімінде ол әлем қабатының рухани және материалды болмысына қатысты логикалық қарама-қайшылығы жоқ күрделі келтірімдерге ие болды. Көшпелі шығыс түркілері үшін Космос (тәртіп, заң) пен Жер (ыдык Иер Суб) екі негіздің қос бірлігіне сүйенді. Тәңір құдайы-аспандық тұғыр, түркі Ғаламының жоғарғы бастауы Жарықпен теңестіріледі, ал ыдық Иер Суб, жердегі әлем қабатының төменгі бастауын,адамзаттың қоғамдық әлеміне сәйкес төменгі қабатты сомдады. Түркілердің дуалистік сенімдері манихейлік ілімнің гүлденуіне оңтайлы негіз болды. Орталық Азия мәдени ортасында манихейлік ілім түрік наным-сенімдерінің сипатына иелене бастады.
Манихейлік ілімнің келтірімдері бойынша, арыстан басты аждаһар - бұл Түнек патшасы, Тірілер Жарығының антиподы болып табылады. Манихейлік Түнек күші айдаһарының билігі жайлы Кефелайада былай деп айтылады. Оның денесі барлық әлем билеушілерін бағындыратын және жігерлендіретін алтыннан құралады. Аждаһар - жердегі Ауысу Әлемінің иесі, адамзат қоғамының патшасы. Түркілердің келтірімінде ол Жер-Су мен Түнгі Аспан құдайына сәйкес келеді. «Ашидэ» терминінің қытайлық белгіленуі түркі-манихейлік «аштак» терминін береді. Бұл термин өз кезегінде, орта парсылық «аждаһак»-айдаһар (үлкен жылан) сөзінен бастау алады. Ежелгі халықтар мифологиясында аждаһар төменгі әлем, жер, ылғал, түнек күштерімен және т.б. келтірімдермен байланыстырылады. Ол Жарық, Аспан, Жылу, Күн келтірімдеріне анық қарсы тұрды. Арыстан (шер) мен Аждаһар терминдеріндегі анық иранизмдерді атай кетейік. Ол түркілерде кеңінен тараған орта азиялық манихей ілімінің бастауын көрсетеді. Сөйтіп,манихей ілімін қарастырған кезде, ашидэ және шер тайпалары атауындағы байланыс айқындала түседі. Бір уақытта, Тоныкөк жазуының үш руналары бір мағынада шер сөзі ретінде дыбысталуына мүмкіндік алады. Бірақ біздің пікіріміз тек гипотеза күйінде қалатынын ескерте кетейік. Ол бұдан да сенімді болжам келген кезде, жоққа шығуы ықтимал.
Тоныкөк өз жазуында өзін түрік қағандарының (айғушы) кеңесшісі деп атайды. Бұл «айғушы» термині X ғасырдағы ұйғыр-манихей мәтінінде кездеседі. «Іш айғушы» лауазымына экономикалық мәселелерге жауап беретін тұлға ие болды. Ол Манистан үйінің жоғарғы мүшесі болды. Тоныкөк болса, «қағанатта қандай өгіз семіз, қандайы арық екенін» білген мемлекеттік тұлға еді. Өзінің жазу мәтінінде Тоныкөк өзін әрдайым Білге (дана) деп атайды. «Арық-семіз», «майлы-арық», «әлсіз-күшті», «ішкі-сыртқы» антонимдерін ауыспалы мақал-мәтелдер арқылы Тоныкөк белгілі бір жағдайда, өзінің позициясын алға тартып отырды. Ауыспалы мағынада сөйлеу манихейлік ілімнің айтарлықтай ерекшеліктерінің бірі болды. Олар түркі-манихейлік жазба деректерде жеткілікті түрде кездеседі.
Манихейлік ілімде сыртқы және ішкі ортаны белгілейтін ұғымдар өзінің жетілген логикалық танымына ие болды. Тоныкөк жазуында бұл ұғымдардың манихейлік доктринаға сай мағынада қолданылғанын байқай аламыз. «Ішкі» және «сыртқы» ортаны белгілейтін ұғымдар манихейлік ілімде есеп басына байланысты тұжырымдалады. Мұнда Тоныкөк «ішкі» ұғымын, «сыртқы» бос жатқан Түнек пен Ауысу Әлеміне қатысты адамдағы Жарық бөлшектерінің құпия мекені ретінде қолданады. Адамдағы Жарық пен Түнек бастаулары бөлшектеніп тараған кезде, жарық бөлшектер Жарық Әлемі ішіне қабылданады. Адамдағы жалаңаш (ашық) қалған жарықтың тіршілігі Түнек күштерімен араласып, соғыс олардың маңдайына жазылады.
Болчу өзеніндегі қаратүргештер мен шығыс түркілер арасында болған әскери оқиғаларды суреттеген кезде, Тоныкөк таза манихейлік формуланы пайдаланады: «қаратүргештер өртше қызып келді». Қара қошқыл От немесе жойғыш Өрт жасампаз Демиург Оттың антиподы әрі Түнек Әлемінің бес мүшесінің бірі болып табылады. Тоныкөк, бұл жерде, жеткілікті түрде манихейлік тұжырымдарды жеткізе білді. Манихей ілімімен шығыс түркілерден гөрі етене жақын болған қаратүргеш әскерлері түнек күштері ретінде келтіріледі. Сондықтан да, Күлтегін ескерткішінің мәтінінде олар «қаратүргештер» деп аталады. Манихейлік ілім бойынша, Жарық күзетшілері, олар алғашқы адамның бес тәңір-жауынгері Жарық пен Түнек шекарасына күзетке қойылады. Тоныкөк жазуында біз күзетші Аркуй туралы мәліметтерді кездестіреміз. Жарық пен Түнектің арасында бітпейтін күрес жайлы ілім Тоныкөк қаруланған ілім, доктрина еді. Тоныкөк жазуындағы күзетші Аркуй Жарық-Әлем елінің (Аргу-Талас) манихейлік бейнесін айқындайды. Арғу-Жарық Әлемі жайлы мәліметтер түркі-манихейлік «Екі негіздің қасиетті кітабында» кездеседі [12]. Жалпы, Тоныкөк тұсында Шығыс түрік қағанатының саяси және әскери қуаттылығы шарықтау шегіне жеткен кезеңі деп ойлаймын. Өйткені бұған дейін және бұдан кейін де нақ осы қағанатты ешкім бұндай дәрежеге көтермеген болатын деп есептеймін.
Сөйтіп, Тоныкөк үш түркі қағандарының кеңесшісі бола отырып, манихейлік танымды қарастырған кезде,этимологиясы анықталатын ашидэ тайпасының өкілі болып табылады. Мани ілімінің кейбір жайыттары, әсіресе, түркілік мәдени ортада бейімделген ережелері, Тоныкөк жазуының өзінде де байқалады.Тоныкөк жазуының барлық мазмұнын баяндау циклдері бойынша бөліп қарастыруға болады. Ол циклдердің ерекшеленуі стеллада баяндалатын белгілі бір қағанның билік еткен жылдары мен синхронды тең бөлініп жүргізіледі. Тиісінше, осындай сараптама барысында, автордың қағандарға, мемлекет идеологиясына қатысты көзқарастарын анықтауға болады. Бірінші цикл түркілердің тан династиясына тәуелділікте болған кезеңінен бастап, Ашина Құтлық шордың 681жылы Иньшань тауынан асып келетін уақытын қамтиды.
Екінші цикл түркілердің тан династиясына тәуелсіздігінің алғашқы қадамдарымен, Елтеріс қаған (682-691 ж.ж.) билік еткен жылдарымен байланысты. Жазу бойынша, шығыс түркіліердің бірігуі және қағанаттың құрылуы Тоныкөк пен Құтлық шордың арасында одақтың орнатылуы арқасында жүзеге асты. Біріккен түркілердің билеуші топтар арасында екі саяси күш пайда болды: бірінші ашина тайпасынан шыққан қағанмен басқарылса, екіншісі ашидэ тайпасынан шыққан кеңесшімен басқарылды. Тоныкөк өз жазуында қаған мен кеңесшінің және билеуші коалицияның құрамындағы қос фратрияның әлеуметтік функциясын анықтайды: қаған-алып, ал кеңесші-білге (дана). Жазудың авторы осы сөздер арқылы қағанға атқарушы және әскери функцияларды тағайындаса, кеңесшіге қағанаттың әкімшілік істерінің атқарушысы функциясын қояды. Елтеріс қаған мен Тоныкөк екеуі бірігіп шығыс түркілер мемлекетін қайта құру идеясын іске асырады. Олар соның бастауында болды. Тоныкөк жазуындағы түрік елі өмір сүруінің шынайы негізі ретінде саналатын қос билік жайлы ойлары осы жазудың шығуына басты лейтмотив болып табылады. Бұл формула Қапаған қаған билеген тұста да (691-716 ж.ж.) қайталанады. Оның билік еткен жылдарын үшінші цикл баяндайды. Тоныкөк өз жазуында Қапаған қаған есімін бір рет болсын тікелей атамайтынын айта кетейік.
Төртінші цикл - бұл көбіне өзінің ерліктері жайлы, жалпылама, қорытынды әңгіме болып табылады. Түркі қағандарының маңызы мен ролі айқындалады. Көбінесе Елтеріс қаған есімі аталады. Сонымен қатар, Қапаған қаған және Білге қағанға қатысты деректер беріледі.
Ашина мен ашидэ арасындағы одақ қаған мен кеңесші арасындағы әскери-әкімшілік функциялары мен өкілеттіктері арқылы айқындалды. Қағанатты басқарудағы қос бірлік жайлы ойлар Тоныкөк жазуында көп кездеседі, әрі оның басты идеясы болып табылады.
Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштерінің мәтіндері И.В. Кормушин айтқандай, бір мәтіннің екі редакциясы (басылымы) болып шығады. Ал, кейбір зерттеушілер (Э. Ховдхауген) Білге қаған жазуы Күлтегін жазуынан бұрын жазылды деп есептейді. Білге қаған жазуы жетілген әдеби дәстүр мен композициялық бірізділікпен қытай шеберлері Күлтегін жазуына көшірді деген болжамдар бар. Бірақ олар негізсіз болжам күйінде қала береді.
Түркология ғылымында Күлтегін жазуын «кіші» және «үлкен» деп екіге бөлу дәстүрі бар. «Кіші» жазу «үлкен» жазуға кіріспе ретінде саналады. Күлтегін жазуының мазмұнына қарап, оны алты баяндау цикліне бөлуге болады. Бірінші баяндау циклі алғашқы қағандар билік еткен аңыз жылдарды қамтиды. Екінші циклде кейінгі қағандардың билігіне сын баға беріліп, Тан мемлекетіне болған тәуелділік және табғаштарға қарсы бас көтерген шығыс түркілер туралы мәлімет келтіріледі. Үшінші цикл Екінші шығыс түрік қағанатының негізін қалаушы Елтеріс қаған билік еткен жылдар туралы хабарлар береді. Онда қаған басқарған түркі мемлекеттілігінің қалыптасу фактісі жайында баяндайды. Төртінші баяндау циклі Қапаған қаған жүргізген билік саясаты жайлы болса, бесінші цикл Білге қағанның таққа отыруы, 716-734 жылдар аралығындағы оқиғалар жайында хабарлайды.
Білге қаған жазуының бастапқы үш циклінде түркілердің алғашқы үш қағаны билік еткен кезеңдерден көрініс береді. Мәтінде олардың қағандық еткені жайлы, түрік елін басқаруда ашиналық қағандардың жүйелендірілген, империялық билік құрылымын орнықтыруға бағытталған жаулап алу актісі ретіндегі, оны әр кезде түркілердің қайта көтерілуі мен Елтеріс қаған және Елбілге қатунның таққа отыруы және түрік мемлекеттілігінің құрылуы жайлы әңгімелейді.
Төртінші циклдің жазудың авторы қағанатта басталған ішкі саяси қарама-қайшылықтар мен өзара талас-тартыстар жайлы құнды деректер береді. Ол Қапаған қағанның өлімін түркі елінің игілігі мен мемлекетттілігінен айырылуға себеп болған түркі халқы мен бектердің бағынбаушылығынан көреді. Күлтегін жазуының дәл осы жолдарында «қаған», «Ел» және «төре» (заң) ұғымдары арасында паралельдер мен өзара байланыс нақты түрде жүргізіледі.
Бесінші баяндау циклінде, Білге қаған өзін заңды қағандар санатына жатқызады. Ол түрік қағандарына «Ел (мемлекет) тарту ететін Көк Тәңірісіне» арқа сүйейді. Тәңірдің арқасында ол, «Түрік халқының даңқы мен аты өшпесін» деп, Түрік қағандарының тағына отырады. Бұл цикл өзінің мазмұнымен және баяндау тұрпатына қатысты Күлтегін жазуының «кіші» бөлігіне сәйкестендіріледі. Онда баяндауды Білге қағанның өзі жүргізеді. Ол өзінің билігі жайлы деректер береді, мемлекет халқы мен бектерге үндеу тастайды, ол бұл жерде өзі билеген тұстағы саяси жағдайға, өзінің өмірден озған інісі Күлтегін жайлы қайғырады.
Күлтегін ескерткішінің «үлкен» жазуындағы және ескерткіштің барлық «кіші» жазуы Білге қағанның саяси позициясын, идеологиялық ұстанымын толық айқындай алатын ортақ баяндау циклін құрайды. Бұл оның түркі халқы мен бектеріне жасаған үндеуі болып табылады. Бұл үндеудің саяси реңкке бөленуі ашина тайпасының жеке билікке ұмтылуына байланысты болды, әрі билікке деген құдайы күштермен сыйланған жоғарғы санкцияға негізделді. Бұл келтірімдердің түзілуі мен дамуын (олардың жазылуына дейінгі болған) әскери-саяси, мәдени-әлеуметтік оқиғалар жайлы жазба деректеріне кешенді түрде тарихи-салыстырмалы сараптама жүргізгенде табуға болады.
Алтыншы баяндау циклі Күлтегіннің өзіне арналған. Ерекше айта кететін жайт, Күлтегіннің ерліктері мен батырлығы жайлы деректер тек 716 жылға дейін, яғни Білге қаған билікке келген жылға дейін баяндалады. Барлық әскери оқиғалар Қапаған қаған билік еткен кезеңге жатқызылады, алайда, ол жайлы көп айтыла бермейді. Керісінше, Білге қағанның билік ету жайлы хабарлайтын циклде, оның мемлекетінде Күлтегіннің атқарған ролі мен манызына көп мән беріледі. « С моим братом Кюль-Тегином и с двумя шадами я приобретал (яғни, жаулап алдым) до полного изнеможения», немесе «Мой младший брат Кюль-Тегин, много потрудясь и приобретя (біз үшін) столь большую власть, скончался» [13].
Бұл циклдегі жеткілікті түрде нақты болатын әскери оқиғалар паралельді түрде Білге қаған ескерткішінде, Тоныкөк стелласында, басқа да тас жазулар мен қытай жылнамаларынан табылады.
Жетінші баяндау циклі. Білге қағанның қайғысы мен Күлтегінді жерлеу рәсімі жайлы айтылады. Жерлеу рәсімінде көптеген «жоқтап жылаған» шетелдік қонақтар болды. Осы жерде Күлтегін жазуының ескерткіші қойылды. Білге қаған жазуының мәтінін де баяндау циклдеріне бөліп қарастыруға болады. Бірінші цикл - бұл Білге қағанның кіріспе сөзі, онда ол өзінің заңды билігі жайлы, «аспантектес», «аспанмен тағайындалған», «аспанмен туылған» өкілдер санатынан екені жайлы хабар береді. Осы жерде ол билік тағы оған оның әкесі Елтеріс қағаннан бұйырылғаны жайлы мәлімдейді. Алайда, іс жүзінде, Күлтегін жазуы және Тан жылнама деректеріне сүйенетін болсақ, билік оған Қапаған қағаннан кейін берілген болатын. Білге қағанның әкесіне «тоғыз-оғыз халқы және оның атақты бектері бағынышты болды. Осы тоғыз-оғыз халқы Білге қағанның дербес қарауындағы ел болды.
Екінші баяндау циклі Могиляннің (яғни, Білге қағанның таққа отырғанға дейінгі есімі) ерліктеріне арналған. Демек, ол Қапаған қағанның 716 жылға дейінгі билік еткен кезеңдерін қамтиды. Бұл циклдің мәліметтері Күлтегін жазуының мәтіндеріне өте ұқсас келеді. Білге қаған өзінің жазуының, өзінің билікке келгені жайлы оқиғалардан мәліметтер береді. Осы баяндау циклінің 33 - жолы өзінің мағыналық, идеологиялық бағыты бойынша, Күлтегін ескерткішінің «кіші» жазуына және «үлкен» жазудың бесінші баяндау цикліне сәйкес келетінін айта кеткен жөн. Білге қаған осы жазу жолында түркі халқы оның жаулап алу ұмтылыстарының арқасында ғана жойылмағанын ескерте отыра: «Сендер түрік халқы мен бектері бұл туралы ойланыңдар (ұмытпаңдар)!» - деп үндеу тастайды. Күлтегін жазуында ол осыған байланысты тағы бір ескертпесінде: «Сендер таққа бағынышты бектер, қателесуге бейімсіңдер ғой!» - деп билікке деген өз позициясынан айырылмайды.
Үшінші баяндау циклінде Білге қаған кезіндегі әскери оқиғалар жайлы айтылады. Оның жалғасы ретінде болатын, сол жақ қанатындағы 1-10-жолдар өкінішке орай дұрыс сақталмаған.
Төртінші цикл - Білге қаған ұлының атынан жүргізіледі. Білге қаған жазуының бүйірлік жағын да белгілі бір дәрежеде жеке баяндау циклі деп қарастыруға болады.
Күлтегін мен Білге қағанға арналған Қошо Цайдам ескерткіштері рәсімдік жерлеу типіндегі ең ірі тарихи ескерткіштер болып саналады. Сондықтан да, олардың тарихи маңыздылығы бағаланбауы мүмкін емес. Дегенмен де, олардың тұрғызылу уақыты сәйкесінше, 732 жыл және 735 жылдарға жатқызылады. Ал, Тоныкөк жазуы олардан ертерек тұрғызылған деп есептеледі. Міне, дәл осы жерде олардың орасан зор тарихи құндылығы айшықталады, бұрындары ашылмаған мемлекеттің билеуші топтары арасындағы ішкі саяси қарым-қатынастардың, идеологиялық танымдарының көріністері жарыққа шығады. Осы түркі деректерін зерттеген ғалымдар, тас жазуларындағы өрбіп жатқан полемикалық, саяси-идеологиялық позициялар арасындағы дискуссиялық көріністерді байқап отырған көшпенділер идеологиясы институтына қатысты шығыс түркілер тарихын қарастырған кездегі, бір жағынан Тоныкөк жазуына, екінші жағынан Күлтегін, Білге қаған ескерткіштеріне жүргізілген салыстырмалы-текстологиялық (мәтіндік) зерттеулер осы жазулар арасындағы сентенцияны, олардың тарихи маңызын және сонымен қатар, Екініші Шығыс түрік қағанатының пайда болу себептерін анықтауға мүмкіндік береді [14]. Сонымен, бұл жазбалар VIII ғасырдың бірінші жартысындағы Екінші шығыс түрік қағанаты ішіндегі саяси жағдайға байланысты тарихи бағалау мен сараптама жасауға мүмкіндік береді. Және осы жерде біздің міндетіміз көшпенділер идеологиясының күшеюіне себеп болған оқиғалар мен алғышарттарды талқылау болып табылады.
