Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Ислам тарихы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.36 Mб
Скачать

1 Лекция

КІРІСПЕ

Сияр және Мағази терминдері. «Сияр» сөзі араб тіліндегі «сираның» көпше түрі болып табылады және аталғал терминнің екеуі де ардақты Мұхаммед пайғамбардың өмір жолын қарастырады. Кейін келе оның ата-тек шежіресі, дүниеге келуі, балалық шағы, жастық жылдары, пайғамбарлығы, Мекке мен Мединеде орын алған оқиғалар мен шайқастарды қамтып, ардақты Пайғамбардың дүниеге келуінен дүниеден өтуіне дейінгі өмірін баян ететін кітаптар «Сияр-и Наби» «ас-Сирату-н-Набауия» немесе қысқаша «Сияр» деп аталып кеткен.

Сияр атауымен қатарлас қолданылатын «мағази» термині «шайқас», «шайқас алаңы», «шайқасы аңызы» деген мағыналарды білдіретін «әл-Мағзидің» көпше түрі болып табылады. Бұл терминді ардақты Пайғамбармен байланысты қолданар болсақ, оның жүргізген шайқастарын баян етеді. Исламның кейінгі замандарында ардақты Мұхаммед пайғамбардың шайқастары мен жорықтарын баян ететін кітаптар осы атаумен аталды.

Аталған екі терминді салыстырмалы түрде қарастырар болсақ, «сияр» жалпылама, ал «мағази» жекелеген атауы болып табылады.

Сиярдың өзге ілімдер арасындағы орны. Сияр – бір жағынан хадис ілімімен, келесі жағынан ислам тарихымен байланысты ілім саласы. Ардақты Пайғамбардың сөздері мен іс-әрекеттерін баяндағандықтан, хадис ілімінің бір бөлімі ретінде һижреттің бірінші және екінші ғасырындағы ғалымдар тарапынан қуатталды. Себебі, исламның алғашқы дәуіріндегі сияр ғалымдары хадисшілер болып табылды. Мысалы, Зухри атақты хадис ғалымы болумен қатар сияр іліміне қатысты алғаш қалам тартқан ғалымдардың бірі болып табылады.

Келесі жағынан ардақты Пайғамбардың өмірін қамтуы жағынан сияр ислам тарихының бір бөлімі болып саналады. Өйткені, ислам ғалымдарының көпшілігі сиярдан бастап, ислам тарихын одан ары жалғастырған және еңбектерінде ардақты Пайғамбардың өмірінен бастап, ислам тарихына қатысты оқиғаларды өзі өмір сүрген кезеңге дейін жалғастырды.

Сияр, мағази және тарих идеясының ислам әлемінде қалыптасуы. Сиярдың ислам тарихының бір бөлімі, тіпті, аталған ғылым саласының бастамасы болып табылатыны жоғарыда орын алады. Сондықтан, ислам тарихына қатысты алғашқы дереккөздер сияр мен мағазиге қатысты болатыны табиғи. Ал кейінгі замандарда мұсылман ғұламалары арасында тарих идеясы қалыптасқаннан соң жалпылық ислам тарихы дереккөздері де пайда бола бастады.

Сияр ілімінің пайда болуы мұсылмандар арасындағы қажеттіліктерге байланысты. Себебі, Құранды жетік меңгерген бірден бір адам, және оның алғашқы түсіндірмешісі ардақты Пайғамбар екендігі айқын. Сондықтан. Пайғамбар өмірін үлгі ету үшін оның өмірін жете зерделеу қажет болды.

Келесі жағынан Пайғамбардың тірі кезінде сияр ілімінің негізгі тақырыбы болып табылатын оқиғалардың мұсылмандардың есінде сақталғандығы белгілі. Оның үстіне Пайғамбар хадистері жатталып, әрекеттері үлгі ретінде алдынды. Пайғамбардың айтқан өсиеттері мен амал-әрекеттері, мінез-құлқы мен жасаған ғибадаттары, сапар мен жорық кезіндегі әрекетері сол кезде-ақ оны көргендер тарапынан көрмегендерге жеткізіліп, оның сүннеті жан-жаққа таралып жатты және сахабалар оның іс-әрекетерін өздеріне үлгі етті.

Сиярдың негізгі тақырыбы болып табылатын Пайғамбарға қатысты оқиғалар сахабалар дәуірінде һижреттің бірінші ғасырының соңына дейін ауызша таралды. Бұл дәуірде ардақты Пайғамбардың сұхбатына қатысқан, оның жанында жүрген сахабалар Пайғамбардан көргендерін, естігендерін кейінгі буынға жеткізді.

Һижреттің бірінші ғасыры соңына таман Омайядтар заманында ауызша таралған сияр қағаз бетіне түсіріле бастады. Осы дәуірде жазылған сияр мәтіндері бүгінгі заманға дейін жетпегенмен, кейінгі кезеңдерде жарыққа шыққан сияр, мағази кітаптарына негізгі дереккөз бола білді.

Алғашқы сияр, мағази авторларының негізінен хадисшілерден құралғандығы, жинақтаған тарихи мәліметтерді хадисті реттеу әдіс-тәсіліне қарай жүйеленгендігі белгілі.

Мұсылман күнтізбесінің енгізілуі, аз уақыттың ішінде қол жеткізген жеңістер мұсылмандарды қуатты мемлекетке айналдырды. Фиқх, тафсир, хадис және осы тәрізді басқа да исламдық ілімдермен айналысқан ғалымдардың тарихи мәліметтерді қажетсінуі, тарихи мәліметтерді білетіндерден тыңдауға немесе жазбаша мәліметтерін оқуға ұмтылуы, мұсылмандардың парсы, үнді, түркі, латын, грек және копт мәдениеттерімен бетпе-бет келуі, тегі жағынан араб еместердің (мауали) исламды қабылдауы, сауда-саттық, ауылшаруашылықтық және экономикалық қатынастардың дамуы, қала мәдениетінің қалыптасуы және басқа да себептер ислам әлемінде тарих идеясының дүниеге келуіне септігін тигізді. Сонымен қатар, шет тілдерден (парсы, сансрит, сурияни т.б.) араб тіліне аударылған тәржімелер алуан түрлі ілім салаларымен қатар тарих ғылымының қалыптасуына да үлкен әсерін тигізді.

Атақты сияр, мағази еңбектері мен авторлары.

  1. Уахб бин Мунаббихтың еңбегі - Китабу-л-Мағази;

  2. ибн Шихаб аз-Зухридің еңбегі - Китабу-л-Мағази;

  3. Муса бин Уқбаның еңбегі - Китабу-л-Мағази;

  4. ибн Исхақтың шығармасы –;

  5. Яхя бин Саидтың шығармасы Китабу-л-Мағази;

  6. Әбу Бәкір Юнус бин Бәкірдың шығармасы - Китабу-л-Мағази;

  7. ибн Хишамның шығармасы - ас-Сирату-н-Набауия

  8. ибн Абди-л-Барр әл-Куртубидің шығармасы - Китабу-л-Мағази;

  9. Әбу-л-Аббас Мухиббу-д-Дин Табаридің еңбегі - Хуласату-с-Сияр

Жоғарыда аталған және басқа да сияр мен мағази іліміне қатысты еңбектер арасында төмендегі төрт автордың еңбектері ислам тарихында ерекше орынды иеленеді және олар «Сияр-и Арбаа» деп аталады: ибн Хишамның «ас-Сирату-н-Набауиясы», ибн Саййди-н-Настың «Уйуну-л-Асары», Мухаммад бин Юсуф ад-Димашқидің «Сабилу-л-Хади-и уа-р-Рашады» және Али бин Бурхану-д-Дин әл-Халабидің «Инсану-л-Уйуны».

Ортағасырлық ислам тарихы шығармалары мен авторлары

1. Әбу Абдуллаһ Мухаммад ибн Исхақ (704-767 жж.) – ибн Исхақ атымен танымал алғашқы араб тарихшыларының бірі. Ол ардақты Пайғамбарымыздың өмір жолы туралы мәліметтерді аса ауқымдылықпен зерттеген және жинақтаған, соңында 767 жылы Бағдатта дүние салған. Оның «Китабу-л-Мубтада» және «Китабу-л-Мағази» атты шығармалары ислам тарихы ортасында құнды болып табылады.

2. Әбу Абдуллаһ Мухаммад бин Омар әл-Уақиди (747-823 жж.) – Пайғамбар заманынан кейінгі оқиғалар жайлы алғашқы мәліметтерді жазып қалдырған ғалым. әл-Уақиди жастық шағында-ақ өзінің терең білімімен көзге түскен. Мекке мен Медине қалалары жайында көп мәлімет белігені соншалық халифа Харун ар-Рашид қажылыққа келгенде ол халифаның жолбасшысы болған. 819 жылы ол уәзір Яхя бин Халид тарапынан Бағдаттың батыс жағы қазысы болып қызмет атқарған. Туындылары сирек кездесетін мәліметтерден құралғандықтан құнды болып есептеледі. әл-Уақиди мұсылмандардың христиандарды жеңгендігі туралы көп мәліметтер қалдырған. Оның «Футуху-ш-Шам» және «Китабу-р-Ридда» атты шығармалары құнды болып табылады. әл-Уақидидің «Китабу-л-Мағази» атты шығармасы да бар.

3. Әбу Осман Амр ибн Бар ибн Махбуб әл-Жахыз (776-869) – проза саласында шығармалар жазған әдебиетші, дін ғалымы және тарихшы. Халифа Мамун заманында Бағдатта тұрған ол ғылым мәжілістерінің тұрақты мүшесі болды. Оның «Китабу-Хайауан», Китабу-л-Баян уа-т-Табиин» атты ғылыми шығармалары танымал. Бірақ, біздің саламызға қатысты халифа Мутауаккил заманында қалам тартқан «Манақибу-л-Атрак» шығармасын атауға болады. әл-Жахыз аталған шығармасында Түркістан халқының тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті жайлы құнды мәліметтер береді. Түркі халықтарының жауынгерлігін, тәртіпке бағынғыштығын өнегелік қасиеттерін дәріптейді.

4. Әбу Жафар Мухаммад бин Жарир ат-Табари (839-923 жж.) – Табаристан аймағының тумасы. Ол Құран тәпсірі мен хадис ілімінің білікті маманы болды. Табари күніне 40 бет жазып, 40 жыл бойы еңбектерін хатқа түсірген еңбекқор ғалым болды. Оның жастық шағы Хорасанда Тахирилер қол астында өтті. «Тариху-р-Расул уа-л-Мулук» атты кітап пен басқа да шығармалардың авторы болып табылатын ат-Табари ислам әлемінің Геродоты деп те аталады.

5. Әбу Хусейн Али ибн Хусейн әл-Масуди (ө. 957ж.) – Бағдатта дүние есігін ашып, Мысырдағы Фустатта дүние салған. Ол кітаптарда жазылған мәліметтерге қанағаттанбай жер бетін аралап, эмпирикалық әдісті берік ұстаған және үнемі іздесін үстінде жүрген. 912 жылы алыс сапарға шыққан ол ислам әлемінің барлық елдерін аралап көрген десек те болады. Оның сапар шеккен аймағы ретінде Үндістанды, Шри-Ланканы, Иранды, Мадагаскарды, Зензибарды, Оманды, Сирияны, Мысырды, Мағрибті (Марокко), Андалусияны (Испания), Малайзияны, Үнді-Қытай түбегін атауға болады. Оның «муруж-уз-Захаб уа Маадин әл-Жауахир» атты шығармасы танымал. Бұдан басқа мұсылман елдері географиясына арналған «Китабу-т-Танбих уа-л-Ишраф» еңбегі де құнды саналады.

6. ибн Касир (1301-1372 жж.) – Дамаск қаласында дүниеге келген атақты тарихшы, тафсирші және хадисші. Ол Ұзақ жылдар бойы Дамасктағы медреседе дәріс берген. «әл-Бидая уа-н-Нихая» атты шығармасында маңызды мәліметтер берілген.

7. Мутаххар ибн Тахри әл-Мақсидидің (Х ғ.) өмірі туралы деректе өте аз. Самани династиясы кезінде сұлтан Мансур бин Нухтың уәхірі тарапынан көп қолдау көрген ғалым «Китабу-л-Балад уа-т-Тарих» атты еңбегінде пайғамбарлар тарихы, Иран мен түркі тарихы, жахилия дәуіріндегі арабтар туралы мәліметтер және Орта Азия халықтарының діндері туралы құнды мәліметтер қалдырған.

8. Иззаддин ибн әл-Асир (1160-1233 жж.) – ағайынды үш ибн әл-Касирдің ортаншысы. Ол көбінесе Мусул мен Бағдат қалаларында білімін жетілдіріп, Салахаддиннің әскер қатарында Сирияның Халеб пен Дамаск қалаларында болған. Оның «әл-Камил фи-т-Тарих» атты кітабы танымал. Адамзаттың жаратылысынан бастап, автор өзі өмір сүрген 1230 жылға дейінгі тарихи оқиғаларды қамтыған. Еңбегінде әсіресе монғол шапқыншылықтарының зардаптары әсерлі суреттелген. Ағасы Мажидаддин ибн әл-Асир хадис ілімінің білікті маманы болса, інісі Зияаддин ибн әл-Асир әдебиет сарапшысы және атақты әдебиеші болды.

9. ибн Халликан (1211-1282 жж.) мамлюк сұлтаны Сұлтан Бейбарыс құрметіне бөленген аса көрнекті ғалым, тарихшы болып, Ербил, Дамаск және Халебте білім алған. Ол 1261 жылға дейін Мысыр бас қазысының орынбасары қызметін атқарып, ұзақ жылдар бойы Дамаск қаласының Қадиу-л-Қуддат, яғни бас қазы қызметін атқарды. Оның «Уафаят әл-Ғаян уа Анба Абна-з-Заман» атты еңбегінде сол дәуірге дейінгі ислам әлемінде болған ұлы тұлғалардың өмірбаяны жазылған.

10. Ахмад бин Яхя әл-Балазури (811-892 жж.) – Бағдатта өмір сүрген алғашқы дәуір тарихшыларының бірі. Парсы халқынан шыққан әл-Балазури Аббас халифалары Мутауаккил мен Мустаинда қызмет атқарған. Сарайда абыройлы болған ғалым «Китаб Футуху-л-Булдан» атты туындысын жарыққа шығарып, халифа әсерінің жаулаушылық жорықтары туралы баяндайды. Оның «Ансаф әл-Ашрафә атты кітабы ардақты Пайғамбардың, сахабалардың, омайяд, Аббаси билеушілерінің өмірбаяндары мен тарихи оқиғаларды хабарлайды.

11. ибн Асам әл-Куфи (Х ғ.) – Омайяд және Аббаси династияларының тарихы туралы құнды мәліметтер қамтылған «Китабу-л-Футух» атты шығарманың авторы.

12. Мухаммад бин Жафар ан-Наршахи (899-959 жж.) – Бұхара маңындаңы Наршах қыстағында дүниеге келген белгілі тарихшы 943-944 жылдары Самани билеушісі Нух бин Насрға арнап «Тарихи Бухара» атты еңбегін жарыққа шығарды. Еңбекте қаланың исламнан бұрынғы тарихы мен исламбану барысы жан-жақты қамтылған.

13. Ахмад бин Фадлан (Хғ.) – ІХ-Х ғасырлардағы тарихи оқиғалар, діни өмір, әдет-ғұрып, халықтардың тұрмыс-тіршілігі мәліметтер берген саяхатшы. Х ғ. Қазақстан жерінде болған саяхатшы «ар-Рисала» атты еңбегінде Еділ бұлғарларына барған елшілік сапарлары жазылған. Ибн Фадлан 921-922 жылдары Хамадан, Рей, Мерв, Бұхара, Хорезм, Маңғыстау аймақтарында болған.

ҮІІ ғасырдың қарсаңындағы әлем

Шығыс Рим (Византия) империясы

Саяси жағдайы. Анатолия, Солтүстік Африка, Мысыр, Сирия және Еуропадан Тунаға дейінгі аймақтарды бағындырған Византия Рим империясының Шығыс бөлігі ретінде өз болмысын сақтады. Бір орталыққа бағынған Рим империясы 395 жылдан соң «Шығыс» және «Батыс» болып екіге бөлінді. Шығыс Рим империясы Рим империясының шығыс жағында «Византия» деп атала бастауымен императорлар стратегиялық жағынан маңызды жерді орталық етуге талпынды. Соңында олар орталыққа лайықты деп Константинопольді (бүгінгі Стамбул) таңдады. Себебі, қала шығыс пен батысты құрлық және теңіз жағынан байланыстыратын маңызды қала болатын. Осыған орай император Константин қаланы қайта салып, оны «Константинополь» деп атады.

Византия империясы ҮІІ ғасырдың басында жоғарыда баяндалған территорияны өз бақылауына алған болатын. Бірақ мемлекет ішінде алауыздықтар мен тақ таласы орын алып отырғандықтан, осыншама кең аймақты бақылауға ала алмай да қалатын. Империяны сақтап тұратын берік бюрократия, қуатты әскер және көреген саясат болатын. Егер аталған үш элемент әлсіресе мемлекет едәуір құлдырауға тап болатын.

610-717 жылдары аралығында империя құлдырау дәуірін басынан кешірді: мемлекетте анархия орын алды. Елдің солтүстігінде аварлар мен славяндар, шығысында сасани қаупі империяны үлкен қатерге душар етіп отырды. 611 жылы Сасанилер Сирияны жаулап алуға кірісті де Антакияны, Шамды (Дамаск), Иерусалим (Құдыс) аймақтарын жаулап алды. Тіпті парсылар Мысырға шапқыншылық жасап, Константинополь маңайына дейін барды. Византия императоры Ираклий І ауыр салықтар төлеу шартымен парсылармен келісім шарт жасауға мәжбүр болды. Осы кезде ардақты Пайғамбар меккелік мүшіріктерді исламға тарту мәселесімен айналысып жатқан болатын. Мүшіріктер алғашқы мұсылмандарға «отқа табынатын парсылар кітап иесі болып табылатын Византияны қалай жеңіліске ұшыратқан болса, пұтқа табынатын біз де сендерді мазасыздандырамыз» - десіп кеуде керді. Осыған байланысты Пайғамбарға мына аят уахи болды: «Алиф, Лам, Мим. Таяу жерде Рум (Рим) жеңіліске ұшырады. Жеңілістен кейін бірнеше жылдан соң олар жеңіске де жетеді (Рум сүресі 30/1-2).

622 жылы екі алып империя арасында соғыс қайта басталды да Ираклий І Константинопольге шабуылға шыққан Сасанид армиясын 626 жылы кері шегіндірді. 627 жылы Сасанидтер Нинивада жеңіліске ұшырады. Сасанидтер шаханшахы Хосров ІІ 628 жылы дүние салғаннан соң Сасанид мемлекеті саяси тоқырауға тап болды, Византия парсы билеушілері арасындағы алауыздықты шебер пайдаланып, өздеріне тиесілі Сирия мен Палестинаны және Мысырды кері қайтарып алды. Осылай Құранда орын алған жеңіс сүйіншісі жүзеге асты.

ҮІІ ғасырда Византия тағына кезегімен Ираклий І (610-641 жж.), Консантин ІІІ (641ж.), Ираклий ІІ (641), Констант ІІ (641-668 жж.), Константин ІҮ (668-685 жж.), Юстинтиан ІІ (685-695, 705-711 жж.) отырды.

Діни сенім. Иса пайғамбардың уағыздаған діні бір құдай сеніміне негізделгендігі белгілі. Алайда Иса пайғамбардың қуаттаған таза дін көп уақыт өтпестен христиан дінбасылары тарапынан өзгеріп, таухидтік сенім үштік құдай сеніміне айналды. Христиан әлемі ғасырлар бойы үштік сенім төңірегінде тартыстар жүргізді. Тіпті бұл тартыстар қанды қырғынға ұласып жатты. Осының нәтижесіде бір-бірін мойындамайтын христиандық ағымдар да пайда болып жатты. Соңында император Константин 325 жылы бүкіләлемдік Никей соборында империяға қарасты дін басыларын жинап, ұзаққа созылған тартыстар нәтижесінде «Құдай әке, оның ұлы Иисус және қасиетті рух» деп аталатын үштік сенімді қабылдады. Бірақ бұл шешім христиан әлеміндегі бірлік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ете алмады. Ариус тәрізді құдайдың бірлігін насихаттағандардың әрекеттеріне күштеп тосқауыл қойылды. Иисустың құдай екендігіне қарсы шыққан Констанинополь ариепископы Нестория мен жақтастары 431 жылғы бүкіл әлемдік Эфес соборында Феодосий ІІ тарапынан эрес ретінде қудаланды. Маркиан дәуіріндегі Халкидон соборында (451 ж) Иисуста тек құдайлық табиғаттың бар екендігін қуаттап, қалған екі сенімді жоққа шығаратын монофизиттік ағым да ерес ретінде танылды. Дегенмен соборларда қабылданған шешімдер христиан сенім бірлігін қамтамасыз ете алмады. Христиандық ағымдар өздеріне тән құралдар мен сенім ерекшеліктеріне қарай уақыт өткен сайын бөліне берді. Бірақ, император өз көзқарасына қайшы келетін ағымдарды мүмкіндігінше күштеп тоқтатуға тырысты. Мысалы, Юстиниан І өз сенімін қолдамағандарды өлтірді немесе жер аударды. Осының нәтижесінде ерес ретінде танылған ағымдар көрші елдерді паналады.

Мораль. Византияда өмір сүретін азаматтардың бірі бөлігі билік пен байлықты шексіз иелік ететін, ал келесі бірі бір үзім нанға зар болатын. Бұл қанаушы мен қаналушы таптың дүниеге келуіне, осының нәтижесінде әділетсіздік пен моральдық азғындыққа жол ашты.

Византия қоғамында құлдар, еркіндер (шаруалар), сарай иелері немесе сарайдың қамқорындағылар деп аталатын әлеуметтік топқа бөлінді. Құлдарға мал тәрізді қатынас жасалды. Олардың мойындарына құлдық белгі тағылатын. Оларға хайуандарға берілетін қорек азықтер беріліп, қораларға орналастыратын. Христиан әлемінде құлдардың құқығын қорғайтын заң да, құрал да және дін де жоқ еді. Шіркеудің өзі құлдарды пайдаланатын, христиандықтың өкілі саналатын поптар құл иеленушілікке қарсы ешбір күрес жүргізбеді.

Ал еркіндерге (шаруалар) келер болсақ, құлдардан жоғары деңгейде болғанымен, қоғамның ауыр шарттары бойынша еңбек етті, еңбегінен түскен таныстан қанаушыларға ауыр салықтар төледі. Үлкен жер иелеріне жұмыс істеу арқылы еңбегінен тапқан табысты кезегімен билеушілерге, сарайға және шіркеуге көп бөлігін төлеп тұрды. Ал қалғаны тек өздеріне азық етуге ғана жарады. Халықтың көпшілігінің жеке жері болмады.

Халық ауыр салықтар төлеуге мәжбүр болды. Егер өзіне тиесілі салықты төлей алмаса, олардың қалған мүліктері тәркіленді. Осыған орай жері аз шаруалар жерлерін сатып үлкен жер иесіне жалданатын.

Ал осыған қайшы түрде үлкен жер иелері, епископтар, барондар молшылықпен өмір кешті. Ал император жартылай құдайға айналған, абсолюттік билік иесі деспот болатын.

Сасанидтік Иран империясы

Саяси жағдай. Иран жерінде қуатты мемлекет сонау ежелгі дәуірде-ақ құрылған болатын. Алдымен б.д.б. ҮІІ ғасырда Мидия тайпасының бастамасымен қуатты империя құрды. Б.д.д. 153 жылы билікті Ахеменид әулетінен шыққан парсылар ауыстырды. Ахеменидтер дәуірінде империя мейлінше күшейіп, олар елдің территориясын одан ары кеңейтті.

Иран империясы тарих бойында Кіші Азия арқылы Батысқа шапқыншылықтар жасады. Ислам діні дүниеге келген шақта парсы еліндегі билік Сасанилердің қолында болатын және олар Византиямен жалғасты түрде соғысып жатқан болатын.

Осы кезеңде Сасанидтер империясы Шығыс пен Солтүстікте түркілермен, Батыста Визаниямен көрші орналасты. Ол Византиямен соғыс жүргізе отырып, кейде басқа көршілерімен де қақтығысып жататын.

Пайғамбардың дүниеге келу уақытына сай келетін жылдарда Иранның тағына әділдігімен аты шыққан Хосров І (Энуширван) иелік етті. Хосров І (531-579 жж) дәуірінде ел ішінде тыныштық орнап, ел сыртында үлкен жеңістерге қол жеткізді және Византия өз жеңілісін мойындап, ауыр салықтар төлеп тұруға мәжбүр болды.

Дегенмен кейінірек Византия тәрізді парсы елі де тоқырау дәуіріне бет бұра бастады. Хосров І-ден соң парсы елінің тағына отырған Хосров ІІ (590-628 жж) жолбасшысының жетістіктеріне қол жеткізе алмады. Ол өзіне дейінші шаханшахтардың қалдырған қуатты армиямен алдымен Константинопольге дейін жорық жасап, Византияны жеңгенімен, кейінірек Византия басымдыққа ие болып, парсы елінің астанасы – Ктесифонға (Медаин) дейін жорық жасады.

Сасанидтер мен Византия ауа-райы қолайсыз, суы тапшы шөл аймақта орналасқандықтан Хижаз өлкесіндегі арабтарға ешбір жорық жасай алмады, бірақ, Араб түбегінің Солтүсігі мен Оңтүстігіндегі аймақтарды өз қарамағына қаратуға және экономикалық байлықтарын пайдалануға талпынды. Араб түбегінің солтүстігіндегі Хира, Кинда, Ғассани және басқа да әмірліктер мен Араб түбегінің оңтүсігіндегі құнарлы Иемен аймағы Византия мен Иранның үнемі көз тіккен айматары болып табылады.

Пайғамбардың Сасанид империясына исламға шақыру хатын жолдаған елшісін жіберген кезде Иран тағында Хосров ІІ Парвиз отырды. Пайғамбардың көрші елдерге жіберген елшілерге дөрекі қатынас жасаған осы болатын.

Әлеуметтік құрылым. Сасанидтер заманында парсы еліндегі қоғам төрт топтан құралды:

  1. Дін басылар;

  2. Билеушілер;

  3. Әскерлер мен мемлекеттік қызметкерлер;

  4. Шаруалар мен қолөнершілер

Осы топтардың бастапқы үшеуі өз дәрежелеріне қарай жоғары топты құрады және бұл атақ әкеден балаға мұра ретінде қалдырылды.

Төменгі сатыны құрайтын және саны анағұрлым көп шаруалар жоғары сыныпқа өтуге ешбір мүмкіндігі болмады. Олар егін басында және билеушілер тарапынан басқаруға бағынуға міндетті болды. Мемлекет басшысы «шаханшах» деп аталды.

Сенімдері. Ислам діні тарала бастаған жылдарда Сасанид империясының ресми діні – зороастризм болды. Бірақ халық әртүрлі сенімге нанды. Олардың бірі көк аспанға, енді бірі жұлдыздарға, келесілері – ағаштарға, отқа және өсімдіктерге, енді бірі зороасризм дініндегі жақсылық құдайы Ахура Маздаға (Хурмуз) табынды. Бірақ халық сенімін жалпы алғанда отқа табынушылық құрады.

Зорастрист дінбасылар аймақ билігінде билеушілерге өз ықпалын жүргізе білді. Зороастризм құдайы – Ахура Мазда парсылардың ұлттық құдайы және соғыс құдайы ретінде танылды. Оның жер бетіндегі символы – от. Ахура Маздаға деген халық сенімінің арқасында дін басылардың атақ-абыройы жоғары болды. Сондықтан, олар халықтың жүріс-тұрысын, әмірлер мен тиымдарды реттей алатын құқықта болды. Византиядағы шіркеудің міндетін Иранда отқа табыну рәсімдерін жүргізетін дін басылар және олардың қолындағы пұтханалар атқарды.

ҮІ ғасырда пайда болған Маздак өзін Зороастуштраның ізбасары ретінде танытты және қоғамды уландыратын идеяларын насихаттады.

Византия еліндегі сияқты парсы елінде де қанаушылар мен қаналушылар арасында әділетсіздік қатынас орын алды. Қанаушы топ шексіз байлық ортасында молшылық пен ысырапшылыққа орын берсе, ауыр салықтармен қаналған езілуші тап бір үзім нанға зар болды. Күштілер әлсіздерді мейлінше қанады.

Ислам дініне дейінгі Араб түбегінде құрылған мемлекеттер мен тайпаларға қысқаша шолу

Арабтардың тегі. Арабтар Семит тобына жатады. Нұх пайғамбардың Сам деген ұлынан таралуына байланысты олар «семиттер» деп аталып кеткен болуы мүмкін. Аталған қауым бастапқыда Араб түбегінің орталық аймағында мекендеген кезде, халық санының артуы, құрғашқылық пен қуаңшылық т.б. себептерге байланысты олар Африка (Мысыр, Эфиопия), Месопотамия, Сирия тәрізді жерлерге қоныс аударды.

Арабтар физикалық дене бітімі, ойлау ерекшелігі жағынан семиттік топтың ерекшеліктеріне иелік етеді. Оған себеп арабтар мекендеген Араб түбегі (Жазирату-л-Араб) өзге халықтардан оларды оңашаландырды: үш жағы теңіз, төртінші жағы шөл. Араб түбегінің көпшілігі шөл болғандықтан бұл аймаққа жат жұрттық басқыншылар ықпалын жүргізе алмады.

Араб түбегінің георграфиялық жағдайы. Араб түбегінің шығысында Парсы, Оман шығанақтары, батысында Қызыл теңіз, оңтүстігінде араб теңізі мен Аден шығанағы орналасқан. Ал солтүстігі қай жермен шектелетіндігі зерттеушілер арасында тартыс бар. Кейбір зерттеушілер Сирия мен Иракты араб түбегі территориясына жатқызса, енді бірі жатқызбайды.

Түбектің шығысында биіктігі 330 м.-ге жететін Жабалу-л-Ахбар (Жасылтау) орналасқан. Ал оңтүстігінде Тихама өлкесінде жақын биікті 1000-1600 м.-ге жететін тау жоталары жайғасқан.

Араб түбегінде климаттық шарттарға сай егіншілікке қолайлы жерлер оңтүстікте Иемен және батыста Асир аймақтары кездеседі. Аталған аймақ қоңыр салқын болып келеді, ал түбектің ішкі аймақтары шөл климатын құрайды: күндіз бен түндегі температура айырмашылығы байқалады. Ішкі аймақтарда көгалды аймақтарда кейде кездесіп жатады. Араб шөлдерінде сирек кездесетін су көздері мен бұлақтар маңайында азап көгалданады. Араб түбегінің ішкі өлкелерінде жауын өте сирек жауады.

Араб түбегінде үш үлкен шөл орналасқан:

Нуфуд (Нафуд) шөлі: Араб түбегінің солтүстігіндегі кең аймақты алып жатыр;

Дахна шөлі: мұны кіші нуфуд деп те атайды. Ол батыста Неждпен, шығысында Хасамен, солтүстігінде Нуфудпен, оңтүстігінде Рубу-л-Халимен шектеседі.

Рубу-л-Хали: бұл түбектің оңтүстігінде орналасқан, шығыста Дахнамен шектесіп, солтүстік және солтүстік-батыста Неждке дейін жалғасса, батыста Иеменге, оңтүстікте Хадрамаут даласына қарай созылып жатыр.

Қыс мезгілінде шөлдегі бәдәуи арабтар малдарын жаятын жер таба алғанымен жазғы мезгілде Рубу-л-Халиде тіршілік еткен адам иесі кездеспейді.

Түбектің батыс және орталық аймақтарында «әл-Харра» деп аталатын тастақ жерлер де кездеседі. Шаммар таулары да Нуфудтың оңтүстігіндегі тастақ аймақ қатарына жатады. Солтүстігінде Хижаз, шығысында Дахна және оңтүстігінде Рубу-л-Хали орналасқан Нежд өлкесі Харра аймағының ортасында орын тепкен.

Хижаз өлкесінің климаты – ыстық. Меккенің жылдық температурасы орта шамамен 50-55º-ты құрайды. Ал Мединенің жылдық орташа температурасы 40º-ты құрайды. Медине Меккеге қарағанда анағұрлым салқын болып табылады. Ал Таиф аталған екі қаладан та салқын климатқа ие.

Араб қауымы және тайпалары. Араб түбегінің байырғы тұрғындары – арабтар. Арабтар тарихи тұрғыдан екі үлкен тармаққа бөлінеді.

1. Араб Баида. Олар тарихтың ежелгі дәуірінде өмір сүріп түрлі себептермен жойылып кеткен: Ад, Самуд, Мадиан, Амалика т.б, қауымдар. Олардың кейбірі Құранда баяндалады.

2. Араб Бақия. Ұрпақтары кейінгі дәуірде жалғасын тапқан аталған арабтар екі тармаққа бөлінеді:

А) Араб Ариба. «Қахтанилер» деп те аталатын осы тармақтың түпкі отаны – Иемен. Сондықтан олар «Оңтүстік арабтары» ретінде де танымал. Олар «Журхум» және «Яруб» деген екі тармаққа бөлінеді. Осылардың Яруб тармағынан Кахлан мен Химияр деген бұтақтарынан бірнеше тайпалар таралған. Аталған тайпалар түрлі дәуірлерде әртүрлі себептерге байланысты түпкі отандарынан Араб түбегінің түкпір-түкпіріне қоныс аударған. Төрт тармаққа бөлінген Қахланилердің Азд тармағы солтүстікке қоныс аударды. Осылардың бірі Салаба бин Амр Хижаз аймағына көшіп, бірнеше уақыттан соң Мединеге қоныс аударып, сонда мекендеді. Мединедегі Аус пен Хазраждың ата-тегі осыларға барып тіреледі. Ал Хариса бин Амр (Хузаа) деген атадан тарайтындар Марруззахранға, одан соң Меккеге қоныстанып, журхумдықтарды қаладан қуып шықты. Қахтанилердің келесі бір атасы Имран бин Амр Оманға, Жафна бин Амр Сирияға орналасты. Ал Лахм мен Жузам тайпалары Хираға, Тай тайпасы Ажа мен Салма тауларына, Кинда тайпасы бастапқыда Бахрейнге, одан соң Хадрамутқа, ақырында Неждке қоныс депті.

Ә) Араб Мустариба (Мутаарриба). Тегі араб емес, кейіннен арабтанған тайпалардан пайда болған араб тармағы Араб Мустариба деп аталады. Олардың тегі Ибраһим пайғамбардың ұлы Исмаил пайғамбарға барып тірелгендіктен, «Исмаилилер» немесе оның ұрпағы болып табылатын ұрпақтарының атымен «Аднанилер», «Мааддилер» «Низарилер» деп аталады. Исмаил пайғамбардың ана тілі әкесі тәрізді Арамейше, Келданише немесе ибранише болатын. Хазіреті Исмаил Журхам тайпасының көсемі – Мудад бин Амрдың қызымен үйленіп, олармен араласып кетті. Міне, ибранилер мен арабтардың араласуы нәтижесінде пайда болған жаңа нәсіл «Араб Мустараба» деп аталып кетті. Оның ұрпақтары араб тілін Меккеде үйреніп, Журхум тайпасымен араласып, арабтанғандықтан, «Араб Мустариба» деп аталып кеткен. Ардақты Пайғамбардың жиырмасыншы бабасы Аднаннан тарайтын басты тайпалар мен тармақтар былай: Маад, Низар, Рабия, Мудар Қайс-Айлан, Ғатафан, Кинана, Құрайш, Құсай, Хашим т.б.. ген атауды иеленеді. бір тармағы Тарихшылар араб қауымын мынандай топтарға бөліп зерделеген:

Араб Мустажама. Ислам діні тарала бастаған кезде, мұсылман әскерлерінің жеткен жеңістері нәтижесінде көрші аймақтарға орналасып, арабтардың көрші халықтармен араласуы нәтижесінде пайда болған және араб тілінде сөйлей бастаған халықтар «Араб Мустажама» деп аталып кетті.. Мысыр, Ливия, Марокко, Тунис, Алжир т.б. араб елдерін осыларға жатқызуға болады. Олар тегі копт немесе бербер болып, исламдану процесі кезінде араб тілі мен мәдениетін қабылдап арабтанды.

Оңтүстік Арабстанда құрылған мемлекеттер

Маинилер мемлекеті Иемен аймағында шамамен б.д.д. ҮІІ-ІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрді. Мемлекеттің астанасы бүгінгі Сананың солтүстік шығысында орналасты. Олар негізінен егіншілікпен және сауда-саттықпен айналысты

Саба мемлекеті – Иемен аймағына кіретін Нежран аймағында мекендеген сауда-саттықпен күн көрген мемлекет. Аталған мемлекет шамамен б.д.д.750-115 жылдары аралығында өмір сүрді. Осы аймаққа қоныс аударған Қахтан бин Абир ұрпақтары орналасқанына байланысты кейбір дереккөздерде мемлекет «Қахтанилер» деп те аталады.

Химиярилер мемлекеті шамамен б.д.д. 115- б.д. 525 жылдары арасында өз болмысын сақтап келді. Химиярилер егіншілікпен, сауда-саттықпен күн көре отырып, Иран, Эфиопия патшалықтарымен де кейде соғыс жүргізіп отырды. Химияр билеушілерінің кейбірі Тубба деген атаққа ие болды. Аталған мемлекеттің соңғы кезеңдерінде билік тағына отырған Зунуас иудаизм дінін қабылдап, аталған дінді мемлекеттің ресми дініне айналдырды. 523 жылы Нежран христиандарын түгел дерлік қыру осы билеуші заманында орын алғанға ұқсайды. Осыған байланысты Арабстанда христиан дінінің таралуын, Иран мен еврейлерге қарсы сыртқы саясатты өзіне лайықты ету үшін Византия императоры Юстиан І Абиссиния негусына хат жолдап, осы мәселені шешуді тапсырды. Абиссиния негусы Арияд атты қолбасшы басшылығындағы 70 000 әскерді химиярилерге қарсы жөнелтті. Абиссиниялықтар жеңіске жетіп, Химиярилер мемлекетін құлатты. Осылай Оңтүстік Арабстанда Абиссиния үстемдігі орнады.

Оңтүстік Арабстанда Иран билігі жүрген кезең де орын алады. Химияр текті Сайф есімді адам Абиссиниялықтарға қарсы көтерілісті ұйымдастырып, Сасанилердің қуатына арқа сүйеді. Парсы елінен келген көмек аймақтағы Абиссиниялықтардың үстемдігін жойып, аймақты Сасанид империясы құрамына енгізді.

Сенімдері. Оңтүстік Арабстан мемлекеттері исламға дейінгі жахилия дәуірінде пұтқа табынды. Маинилер Уад, сабалықтар Алмака, Қатабандықтар қамар, шамс және астар деп аталатын үштік құдайға сенді. Олар қамарды ер, шамсты әйел деп санап, астарды олардың ұлы деп есептеді. Яғни Оңтүстік Арабстанда жахилия дәуірінде жалпы алғанда айға, күнге және жұлдыздарға табынды. Сондай-ақ табынатын құдайларының өкілдері ретінде қолдан жасалған пұттарға да сиынды.

Солтүстік Арабстанда құрылған мемлекеттер

Набатилер мемлекеті тарих сахнасына б.д.д.ҮІ ғасырдың басында көрініс таба бастағанға ұқсайды. Аталған мемлекет б.д. ІІ ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Мемлекеттің ордасы – Палестинаның оңтүстігіндегі Эдом аймағы

Палмирена мемлекеті «Бадияту-ш-Шам» деп аталатын Сирия шөлінің ортасында, Ефрат өзенінің батысында ежелгі сауда жолы бойында құрылған. Оның ежелгі аты – Тадмур. Аталған мемлекет Персия мен Рим империясы арасында тепе-теңдік саясатты ұстана отырып, өмір сүрген. Мемлекет сауда жолдарының түйіскен жерінде орын тепкендіктен, көп табысқа кенелетін. Тарих бойында дәулетті мемлекетке айналған Палмирена мемлекеті 272 жылы Рим империясы тарапынан құлады. Мемлекет халқы пұтқа табынды, Палмирена қаласындағы пұтханаларында күннің өкілі ретінде саналатын пұттар көптеп кездесетін. Бұдан Палмирена халқының күнге табынғаны анық байқалады.

Ғассанилер мемлекеті – Арм селінен соң оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған арабтардың Сирия аймағында құрған мемлекеті. Олар Қахтанилердің Жафна бин Амр тармағының өкілі болатын. Олардың мекендеген аймағы – Сирияның оңтүстік шығысындағы сауда жолының бойы болды.

Ғассанилер өздерінің ана тілі – араб тілін жоғалтпай, сол аймақтың жергілікті тілі – арамей тілін де қолданды. Заман өте келе Ғассанилер Византия империясының ықпалымен христиан дінінің монофизиттік бақытын ұстанып сириялыққа және Византияның вассалына айналды.

Ғассанилердің сияси жағынан құлдырауы Сасани билеушісі - Хосров ІІ 613-614 жылдары Византияға қарсы шабуылға шығып, Дамаск (Шам) пен Иерусалимді (Құдыс) жаулап алған уақытқа сәйкес келеді. Алайда Византия императоры Ираклий 629 жылы аталған аймақты Сасанилерден қайтарып алғанымен Ғассанилер бастапқы қуатты деңгейіне жете алмады. Бірақ, халифа Омар заманында аймақ мұсылмандардың қол астына өткенге дейін қуыршақ мемлекет күйінде Византияға бағынды.

Хиралықтар (Лахмилер) – Сирия-Ирак өлкесінде Ефраттың батыс жағына қоныс аударып құрылған мемлекет. Арм селінен соң қоныс аударғандар Лахм тайпасы тарапынан құрылғандығы туралы жорамал бар. Орталығы – Хира қаласы. Сасанилерге вассал ел ретінде лахмилер христиандардың ерес деп қудалаған несториандық христиан дінін қабылдады. Халифа Әбу Бәкір мен Омар дәуірлерінде мұсылман әскерлері жорықтары кезінде аймақ мұсылмандардың қол астына қарады.

Киндалықтар мемлекеті де оңтүстіктен қоныс аударған арабтар тарапынан құрылды. Мемлекет ретінде алғаш мәрте ІҮ ғасырдың басында көрініс таба бастады. Шығыста Иамама мен Бахрейн маңайында мекендей келе, кейінірек, Хадрамаут пен Орта Арабстанға таралып орналаса бастады. Уақыт өте келе солтүстікке ұмтылып, территориясын кеңейту мақсатында Хираға қол соза бастады. Бірақ, хиралықтар мен Ғассанилердің арандатуы нәтижесінде тақ таласы орын алып, ҮІ ғасырдың орталарына таман тарих сахнасынан шығып кетті. Осы мемлекетті құрған тайпалар Хадрамаутқа ығысып, сонда мекендеді. Пұтқа табынған киндалықтар ислам діні таралған шақта әр аймақта ұсақ рулар күйінде өмір сүріп жатты.