Оқытудың жаңа технологиялары
Ғылым адам баласы ой-санасының, дүние танымының өсуіне байланысты бірте-бірте дамып, қалыптасады. Ғылымның алуан түрі бар. Соның бірі – оқытудың жаңа технологиялары ғылымы. Оқытудың жаңа технологиялары ғылымның бір саласы ретінде педагогика ғылымының құрамына енеді. Оқытудың жаңа технологиялары - тарихи жағынан дамыған, жетілген, теориялық негізі қалыптасқан, белгілі бір ғылыми жүйеге келген ғылым. «Жаңа оқыту технологиялары» пәнінің зерттейтін обьектісі, мақсаты, зерттеу әдістері қалыптасқан жүйесі бар. Оқытудың жаңа технологиялары, ең алдымен, оқу үдерісін қалай басқаруға болады, соңғы мақсатты нәтижеге қалай жетуге болады, нені үйрету керек, қандай тиімді әдіс-тәсілдер арқылы үйретуге болады деген мәселелерді қарастырады.
Сондай-ақ оқытудың жаңа технологиялары – тиімді әдіс-тәсілдер мен амалдарды, оқушыға білім берудің, оны меңгертудің жолдарын үйрететін ғылым. Мұғалім теориялық білім беру арқылы оқушының өзін қоршаған ортаға көзқарасын қалыптастырады, отанына шын берілген нағыз патриот, азамат етіп тәрбиелейді. Ондай дағды мен білім, тәрбие беру жаңа технологиялар арқылы оқыту кезінде іске аспақ. Сонымен бірге технология мұғалімді педагогиканың қыр-сырымен жете таныстырып қана қоймайды, пәнді тиімді оқыта отырып, өзінің мамандығын құрметтеуге тәрбиелейді. Яғни, ғылыми дәлелденген, мектеп тәжірибесінен сыналған ең тиімді оқытудың әдістері мен тәсілдерін оқыту барысында пайдалануға мүмкіншілік жасайды. Сайып келгенде, технология мұғалімнің шығармашылық тұрғыдан жұмыс істеуіне бағыт берумен бірге, сабақ берудің тиімді әдіс-тәсілдерін меңгеруге көмектеседі.
Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру тұлғаның интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Қазіргі педагогика жаңалықтарын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу - оқыту мақсатына жетудің бірден - бір жолы. Осы жолда педагогикалық технология оқыту мақсатына жетудің тиімді, нақты жолдарын көрсетеді. Оқытудың жаңа технологиясы іс-әрекеттің жоспарланған нәтижесіне жетудің шартты тәсілі ретінде қарастырылатын жаңа әдістердің жиынтығынан тұрады. Оның дәстүрлі оқыту технологиясынан ерекшелігі мынада:
- білім алушы тұлғаның интеллектуалды дамуы аз уақыт ішінде қабылдау дәрежесінің жоғары мөлшеріне жетуіне бағытталғандығы;
- білім алушы мен мұғалімнің белсенділігінің сәйкес болуы;
- мұғалім мен білім алушының өзара қарым - қатынасында жауапкершіліктің міндеттілігі.
Оқытудың жоғары әсерлі технологияларын енгізу арқылы оқу материалын меңгерту нәтижесін арттырып қана қоймай, тіл үйренушінің тұлғалық дамуын да қамтамасыз етуге болады. Отандық және шетелдік ғылыми әдебиеттерге талдау жасай келе, педагогикалық технология мәселесі ХХ ғасырда көптеген дискуссиялар мен ғылыми тартыстар тудырғанын байқауға болады. Ұлы ғалымдардың оқу үдерісін технологизациялау мәселесіне тоқталмай өткені кемде-кем.
Іс-әрекетті зерттеу
Іс-әрекеттегі зерттеу – өзгеріс енгізуге түрткі болатын проблемаларды қалыптастырып, оны шешуді қамтитын әлеуметтік жағдайлардағы оқыту үдерісі. Бұл жетілдіру мен араласудың циклдік үдерісі техникалық, позитивистік/постпозитивистік, түсіндіруге болатын, сондай-ақ сын тұрғысынан зерттеу сияқты зерттеушілік дәстүрлерге ортақ болып келеді.
Іс-әрекеттегі зерттеуді қалай жүргізу керек? - деген сұраққа жауап беретін болсақ, іс-әрекеттегі зерттеудің басқа үлгілері зерттеушілік жұмыс арқылы жүзеге асырылатын әлеуметтік қайта құруларға байланысты болды. Бұндай жағдайлар мұғалімдерден немесе басқа зерттеушілерден адамның теңдігі, бай-қуаттылығына, басқаларды барынша терең түсініп, оларға құрмет көрсетуіне әсер ете алатын өте күмәнді өзгеріс енгізуді талап етуі мүмкін. Осы жағдайларда сыныпта іс-әрекеттегі зерттеу жүргізуші зерттеушілер ұсынылатын тәжірибені өткізуге ықыласы жоғары болып, зерттеу жағдайында өзінің қалауынша әрекет етуге құқылы болуы керек. Демек, әлеуметтік өзгерістерді қамтитын іс- әрекеттегі зерттеу сыныптағы бірегей, ерекше жағдайларда қалай әрекет ету керектігі жөнінде бірталай тәуекелге барып, тәжірибелік шешімдерді қабылдау дегенді білдіреді. Осындай іс-әрекеттегі зерттеулердің негізгі мақсаты басқа практиктер өз жағдайларында әдістемелерін жетілдіру мақсатында пайдалана және бейімдей алатын білім мен теориялық негіздерді қалыптастыру болып табылады.
Іс-әрекеттегі зерттеуге қатысушылардың күш-жігерлері оқу бағдарламасын өзгертуге, мектепте қолданылатын тәжірибеге қатысты дау айтуға және проблема қою, деректер жинау, талдау және әрекет ету жөніндегі үздіксіз үдерістермен айналысу арқылы әлеуметтік өзгерістерге қол жеткізу жұмыстарына бағытталған.
Іс-әрекеттегі зерттеу теориясы мен тәжірибесіне қомақты үлес қосқан бірқатар маңызды зерттеушілер бар. Ұлыбританияда Лоренс Стенхаус осы тәсілді қолдаған зерттеушілердің алғашқысы болды. Ол мектеп зерттеулеріне белсенді қатысуға көмектесу үшін мұғалімдермен жұмыс істеді. Эллиот пен Раддок те іс-әрекеттегі зерттеу жобаларының жетілдірілуіне өз үлестерін қосып, осы бағыттағы жұмысты жалғастырды. Соның арқасында мұғалімдерді жұмылдыру арқылы сынып тәжірибесінде айтулы өзгерістер орын алды. Бұл жобалар Джин Раддоктің «Оқушылардан оқыту мен оқу туралы кеңес алу», Карр және Кэммистің іс-әрекеттегі зерттеудегі сыни еріктілік және Мак Ниффтің автоэтнография теориясына негізделді. Аталған тәсілдердің мәні әрекеттерді тиімді басқару мақсатында тәжірибелік проблемалар мен теориялық идеялар арасындағы ақтаңдақтарды толтыру болып табылады.
Іс-әрекеттегі зерттеудің жақтаушысы болып табылатын Эллиот (2009) білім беру саласындағы зерттеу мен іс-әрекеттегі зерттеу арасында үлкен айырмашылық бар екендігін алға тартады. Атап айтқанда, Эллиот білім беру саласындағы зерттеуді негізінен университеттерде кәсіби зерттеушілер орындайтын зерттеу түрі деп анықтайды. Зерттеудің бұл түрі ағартушылықтың «оң жақтарын» зерделеуге бағытталған. Алайда, білім беру саласындағы зерттеу оқыту мен оқу үдерістері туралы абстрактілі білім мен ғылыми ұғымды зерделенетін мәнмәтіннен тыс құру дегенді білдіреді. Ал бұған қарама- қарсы, іс-әрекеттегі зерттеу оқыту мен оқу тәжірибесін анағұрлым жетілдіру мақсатында практиктің жеке жағдайында орындалады және соған бағытталған әрекеттерге негізделеді.
