- •Лекция мақсаты:
- •Әдебиетті оқыту әдістемесі – педагогикалық үрдісте оқушыларға әдеби білім мен тәрбие берудің ғылыми және тиімді жолдарын меңгертетін оқу пәні.
- •Әдебиеттану ғылымымен байланысы
- •Тіл білімімен байланысы
- •Тарих ғылымымен байланысы
- •Психология ғылымымен байланысы
- •Кітаптағы мақалалар мынадай тақырыптарға бөлінеді:
Кітаптағы мақалалар мынадай тақырыптарға бөлінеді:
1. Балалар өмірінен алынған әңгімелер. Бұлар түрлі орыс хрестоматияларынан, көбінесе, М.Паульсонның хрестоматиясынан алынды.
2. Әр түрлі жинақтардағы адамдар өмірінен алынған әңгімелер.
3. Қазақ ақындарының ең жақсы өлең*жырларынан үзінді.
4. Қазақтың мақал-мәтелдері.
Ы.Алтынсарин оқулығында балаларды қазақтың әдеби мұраларымен ғана таныстыруды мақсат етпеген, ол кітапты басқа әдебиет үлгілерімен де қамтамасыз еткен.
Ы.Алтынсарин «Қазақ хрестоматиясында» және басқа да мақалалары мен хаттарында қазақ мектебі тәжірибесінде оқу әдістемесін тұңғыш рет енгізді.Әдістемелік жүйесі 4 буыннан тұрады:
1) материалдарды оқуға балалардың жас ерекшеліктеріне, педагогикалық прогресшіл талаптарға сай сұрыптап енгізу;
2) материалдың орналасу, берілу тәртібі оның тәрбиелік-өнегелік мәндерінен тууы керек және ол оқушыларға оқыту әдістемесін алғашқы болып сөз етеді.
3) оқушының материалды меңгеруде көңіл аударатын мәселелері;
4) оқытушының әрекеттері.
ХІХғ аяғы мен ХХ ғ. басындағы баспадан шыққан оқулықтар екі бағытта болды. Бірінші бағыттағысы төтеше оқу мектептеріне арналған оқулықтар еді: Н.Нұрбайұлы «Қазақша әліппе» (1910 ж.,Уфа), Е.Закарияұлы «Қазақ әліппесі»,(1910 ж.,Қазақ), М.Малдыбаев «Қазақша жаңа әліппе», (Уфа,1912 ж.), бұл оқулықтар мұсылмандық-имандылық сипатта болды.
Екінші бағыттағысы Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясы» үлгісін ұстанған оқулықтар еді: С.Көбеев «Үлгі тәржіме»,1910 ж.(Крылов мысалдарының қазақша аудармасы), О.Алмасов, Т.Мендешев, К.Бейсембаев ауылдық мектептерге арнап орыс мектептері хрестоматияларын аударып бастырады.
Сөйтіп ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезінде Қазақ мектептерінің қажетін өтеу мақсатында оқу материалы ретінде орыс әдебиеті шығармаларынан аудармалар қазақ әдеби мұралары үлгісіндегі хрестоматиялық оқулықтар түрінде беріле бастайды. Бұлар әлі ғылыми-педагогикалық жүйеден алыс болса да, әдебиет пәні оқулығының алғашқы ізденістерден туған үлгі нұсқалары еді, олар кейінде пайда болған әдебиеттік оқулықтар жасау жолындағы тәжірибе ретінде де маңызды болып табылған әдеби білімнің мазмұнын құрудың бастамасы болды.
Қазақ әдебиеті пәнінің әдеби –білім негіздері, әдістемелік ой-санасы ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ баспасөз беттерінде тарихи-әлеуметтік қажеттіліктің тілі негізінде қоғамдық пікірде көрініп құрылып жатты.
«Айқап» журналы, «Қазақ» газеттері ағартушылық идеялар көрігі болды. Мәселен, «Айқап» журналы оқулықтар, өлең кітаптары қазақ тілінің тазалығы, басылып шыққан халық ауыз әдебиеті жинақтары туралы рецензия, сын мақалаларды көптеп жариялады, бұның өзі әдеби-теориялық ой-пікір қалыптастыруда жетекші ұстаным болды. Журналдың айрықша көңіл аударған мәселелерінің бірі- қазақ тіліндегі оқулықтарға талап-тілектің күшейтілуі еді. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ тілінде жарық көрген М.Нұрбаевтың «Қазақша әліппе», «Ғалия» медресесі шәкірттері шығарған «Әліпп» яки төте оқу, Қ.Қожықовтың «Әліппе», А.Байтұрсыновтың «Оқу құралы», М.Малдыбаевтың «Қазақша ең жаңа әліппе» атты оқулықтары жан-жақты талқыланды. Оқулықтардың педагогикалық сипаты балаларға түсінікті жазылу тұрғысынан бағаланды, таза қазақ тілінде талап етілді. Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрестоматиясын» үлгіге ұсына отырып, олар прогресшіл озық-әлемдік сыншылдық-ғылымдық ой-пікірмен сабақтасып жатты. Жалпы қазақ мәдениетінің даму тарихындағы сияқты қазақ әдебиеті әдістемесінің бастауларының қалыптасуына ХХ ғасырдың бас кезінде елеулі қызмет атқарған ағайынды Каримов баспаханасында, осыған үндес оқу құралдары жарық көрді. Мәселен, 1913-1914 жылдары сол Қазан қаласындағы ағайынды Каримов баспаханасынан көптеген педагогикалық жарияланымдар шыққан. Соның ішінде Омар Қарашевтің «Бала тұлпар», «Аға тұлпар»; Иманғали Бейсенұлының «Әдебиет өрнегі», Тайыр Жомартбаев «Балаларға жеміс», Кенжеғали Абдоллаұлы Сырғалиннің «Қазақ балаларына жәрдем», Ахмет Байтұрсыновтың «Әліппе» т.б. жазған оқулықтар болған.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін әдебиет майданына келген қазақ ақын-жазушылары ағартушы-педагогтік салада ерекше жұмыла еңбек етті, мектеп оқулықтарын, оларға арналған нұсқаулар, алғашқы әдістемелік зерттеулер жазды. Ж.Аймауытұлының Психология, Ана тілін қалай оқыту керек, Тәрбиеге жетекші, М.Жұмабаевтың Педагогика, Бастауыш мектепте ана тілін оқыту жолы оқулығы шықты. А.Байтұрсынұлы Баяншы осы игілікті істің басында тұрды.
1920-1930 жылдары Т.Шонанұлы оқу-ағарту қызметіне белсене араласып, әліппе, оқулық, бағдарламалар жазып, халықты сауаттандыру жолында еңбек етті. «Оқу құралы» А.Байтұрсыновпен бірге 1926ж, «Бастауыш сыныптарда тіл дамыту», «Жаңа арна» 1927ж, «Бастауыш мектептердегі қазақ тілінің әдісі», «Орыстар үшін қазақша әліппе» шықты.
Алайда Ыбырай Алтынсарин ашқан қазақ мектептерінен бастап оқытыла бастаған әдебиет пәні 1927 жылға дейін жеке пән болып саналмады, ол қоғамтану пәнінің құрамына енгізіліп отырды. Олардың мазмұнында көркем әдебиеттің әдеби-эстетикалық тәрбие құралы болудан гөрі жаңа қоғамды насихаттау басым болды.
1920 жылғы 26 августа (тамыз) Бүкілроссиялық Орталық Атқару Комитеті мен РСФСР Халық Комиссарлары Советінің РСФСО құрамында Қазақ Автономиялық Советтік Социалистік Республикасын құру туралы қаулысы қабылданды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанда Совет үкіметін орнату, орнығу процесінің күрделілігі, соған байланысты халық ағарту жүйесіндегі қиындықтар, әдеби және мәдени мұраларға, ұлттық рухани қазынаға түбірімен басқа да көзқарас салдарынан туған әдебиет тарихын сұрыптау, әдеби өнімдер беру ісіндегі өлшемдер құбылмалылығы сияқты саяси-экономикалық, әлеуметтік дағдарыс-күйзелістері әсерінен әдебиет пәнінің пән ретінде қалыптасу кезеңі де кешеңдеді. Мектептегі сабақтар аты белгілі, таптық позициясын әкімшіліктер анық деп тапқан аздаған ақындардың жекелеген өлеңдерін оқытумен шектелді.
Ұлттық әдебиеті оқыту пәні ретінде мектеп бағдарламасына еңгізу, әдеби білімнің мазмұнын айқыңдау, қазақ әдебиетін шәкірттерге меңгертудің тиімді жолдарын ғылыми түрде негіздеп беру мәселелері бір айдың немесе бір жылдың жемісі емес. Қазақ әдебиетінің пән болып оқытылуының жағдайын зерттеп, оның білім мазмұнын айқыңдау, оқулықтар мен бағдарламалар жасау сияқты міндеттер алға қойылды, сол себепті ғылыми экспедициялар құрылды.
ВКП(б) Орталық Комитетінің 1932 жылғы 25 августе қабылданған «Бастауыш және орта мектептердің оқу программасы мен жұмыс режимі туралы» қаулысы осыған сәйкес Қазақ АССР Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлар Советі қабылдаған қаулы, 1932 жылы «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» орталық партия комитетінің қаулыларының маңызы зор. ВКП (б) Орталық Комитетінің 1933 жылы қабылданған «Бастауыш және орта мектептердің оқулықтары туралы» қаулысы республикада халық ағарту ісінің жаңдана түсуіне игі ықпалын тигізді. Партиялық және мемлекеттік құжаттар ғылыми негізделген тұрақты бағдарламалар мен оқулықтар жасау, пән құрамы мен мазмұнын айқындау міндетін қойды. Алайда қазақ әдебиеті пәні бойынша бағдарламалар мен оқулықтар жазу, әдеби білім құрылымы мен мазмұнын белгілеу оңайға түскен жоқ.
Осы кезеңнен бастап қазақ әдебиетінен бағдарлама, оқулықтар жасау мәселесі қолға алына бастады. 1932 жылы басылған І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Ә.Мәметова, Б.Майлин құрастырған 5-сыныптың «Әдебиеттану оқу құралы», 1933 жылы 6-сыныптың І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов құрастырған «Көркем әдебиет жинағы» оқулықтарында халық тарихы, өмірі және табиғат көріністері бар материалдар басылды. 1933 жылы 7-сыныпқа арналған М.Жолдыбаев, М.Әуезов, Ә.Қоңыратбаевтың құрастыруымен «ХІХ, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің оқу» кітабы алғаш әдебиет тарихын жүйелі түрде мектепте оқытуға арналған оқулық болды. Ә.Қоңыратбаев, А.Әлібаев, М.Қаратаев, М.Жолдыбаев, С.Сейфуллин, Ө.Тұрманжановтың құрастыруымен 3-5 сыныптарға арналған оқулықтар шықты. Бұл оқулықтар сол кездегі заман сұранысынан туған алғашқы оқулықтар болды. 1932 жылы қазақ әдебиетінің тұңғыш бағдарламасы фабрика, зауыт, жеті жылдық мектептерге арналды. Алғашқы болғандықтан кемшіліктер болды. Әдебиетке қатысты білім дағдылары, көлемі көрсетілмеді. 1934 жылы алғаш рет қазақ әдебиеті мен қазақ тарихының мектептік бағдарламалары (5-8 сынаптар үшін) жарық көрді. Бұл әдебиетті оқытудың алғашқы кезеңіндегі үлкен белес болды. 1938 жылы Қ.Жұмалиевтің жоғары сынып оқушыларына арналған «Әдебиет теориясы оқулығы» ірі табыс болды. 1938-1939 оқу жылдары Ш.Кәрібаев, Қ.Бекхожин, Қ.Жұмалиев, А.Көшімбаев, Е.Ысмаилов,т.б. ғалымдардың құрастырумен 6-8 сынып әдебиеттік оқу кітабы шықты. Осы оқулықтан бастап көркем шығарманы мазмұн мен түр бірлігі негізінде оқыту, шығарманың көркемдік-идеялық мазмұнын ашу, құрылысы мен тілін талдау мәселесіне назар аударылды. 1939-40 жылдары Ш.Кәрібаев, Қ.Бекхожин, А.Көшімбаевтардың 5-7 сынптарға арналған әдебиет оқулығы шықты. Қ.Жұмалиев, Е.Ысмаиловтың 8-9 сыныпқа арналған әдебиет оқулығы әдебиет тарихын жаңа үлгіде оқытуға арналды. «Қазақ совет әдебиеті»курсын Ғ.Мүсірепов, Қ.Бекхожин, С.Сеитов, Қ.Жармағанбетовтар жазды. Бір жүйеге келтірілген алғашқы бағдарламалар мен оқулықтар 1939-1940 жылдары жарық көріп, қолдануға ұсынылды. 1939-1940 жылдардын бастап 5-7, 8-9 сыныптарға арналған оқулықтар мектепте әдебиет пәнін жеке пән ретінде оқытудың негізі болды. 1939-1940 жылдар қазақ әдебиетінің пән ретінде қалыптасқан мерзімі деп санаймыз.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі әдебиет оқулықтары мен хрестоматияларды құрастыру ісіне М.Ғабдуллин, З.Қабдолов, С.Қирабаев, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, Б.Сахариев, Ә.Шәріпов, М.Сармұрзина, М.хасенов, Ш.Аманов, Ш.Ахметов, Т.Ақшолақов сынды ұстаз-ғалымдар араласты. Қазақ әдебиеті пәнінің мектепте жеке пән ретінде қалыптасуы оқулықтар жасау ісімен тікелей байланысты сабақтасып жатты.
1947 жылы М.Әуезов: «Қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиеттану жүйесі бізде орта мектептептерде оқулық жасаудан туды» деп оқулықтардын маңызды орнын көрсетеді.Тарихи деректерге сүйене отырып қазақ әдебиеті пәнінің мектепте пән болып қалыптасуы мектеп тарихымен бүтіндей сабақтас мәселе екендігіне көз жеткізуге болады. Пәннің бастапқы қалыптасу кезеңінде мектеп сұраныс көзі қызметін атқарды. Тәуелсіздік кезеңіндегі білім стандарты мен жаңа бағдарламалар. Әдебиет пәні бағдарламасының мемлекеттік құжат ретіндегі қызметін орнықтырды. Мемлекеттік стандарт, Әдебиетті оқыту тұжырымдамасына негізделген төл оқулықтарымыз жаңа буын оқулықтары.
Негізгі әдебиеттер
Қоңыратбаев Ә. Әдебиетті оқыту методикасы. Алматы, Мектеп, 1998.
Көшімбаев А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. Алматы, Мектеп, 1999.
Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау. Алматы, Мектеп, 2001.
Жұмажанова Т. Әдебиетті оқыту әдістемесі. Алматы, Білім, 2009
Қосымша әдебиеттер:
1Мемлекеттік білім стандарты. А., 2000.
Қазақ әдебиетін оқыту тұжырымдасы. А., 2000.
Қирабаев С. Мектеп және қазақ әдебиеті. А., 1979.
Дайырова Ә. Орта мектепте І. Жансүгіров творчествосын оқыту. А., 1969.
Қалиев С. Мектепте Ғ. Мүсірепов шығармаларын оқыту жолдары. А., 1974.
Мұқанов М. Жас және педагогикалық психология. А., 1981.
Мақпыров С. Әдебиеттен шығарма жұмыстары. А., 1981.
Құрманбаева Г., Дүйсебаев С. Әдебиет сабақтарының үлгілері. А., 1999.
Қазақ әдебиетін жаңа технологиямен оқытудың кейбір жолдары /методикалық жинақ/.
Құсайынов А., Оқулықтану мәселелері. А., 2000.
