Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Әдістеме дәрістер 1,2.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
51.55 Кб
Скачать

1- тақырып. Қазақ әдебиетiн оқыту әдiстемесi пәні

Лекция мақсаты:

1. Әдебиетті оқыту әдістемесі пәнінің мақсаты: әдебиетті адамзаттың ғасырлар бойы жасалған мұрасы сөз өнері әрі ғылым ретіндегі ерекшелігіне сүйене отырып, оны халқымыздың «Көркем тарихы», «Өмір оқулығы» дәрежесінде оқып – үйрету.

2. Әдебиетті өмірмен байланыстыра, өзіндік табиғатын аша отырып, адамзат тарихымен тығыз сабақтастығын айқындау; әдебиетті оқыту әдістемесінің теориялық, методологиялық негіздері.

3. Тарих, тіл білімі, педагогика, психология, әдебиеттану, эстетика т.б. ғылым салаларымен байланыстылығы қарастырылады.

«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні – педагогикалық оқу орындарындағы филология мамандығында білім алушы студенттер оқитын ең басты пәндердің бірі. Бұл пән болашақ әдебиет пәнінің мұғалімдерін қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі бойынша негізгі біліммен қаруландыруды көздейді. «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні болашақ мұғалімдерге әдебиетті оқытудың қыр-сырын үйретеді, оқыту үрдістері, әдістері мен тәсілдері, жаңа педагогикалық технологияларды сабақ үдерісінде қолдану жолдары секілді маңызды әдіскерлік машық-дағдылар қалыптастырады.

«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» курсының мақсаты- студенттерге орта мектепте қазақ әдебиетін оқыту жүйесін, теориялық және практикалық тұрғыдан меңгерту. Пәнді оқытуда мынадай міндеттер қойылады:

  • Студенттерге қазақ әдебиетін оқытудың теориялық-әдіснамалық негіздерін меңгерту;

  • Қазақ әдебиетінің ғылыми пән әрі өнер саласы ретіндегі ерекшеліктерін ескере отырып, оны оқытудың негізгі үрдістерін, әдіс-тәсілдерін, түрлі амалдары мен жолдарын игерту;

  • Қазақ әдебиетін оқытудағы білім берушілік, тәрбиелеушілік, дамытушылық міндеттерді тұтас әрі бірлікте қарастыра отырып, оны тиімді оқытудың негізгі дағдыларын қалыптастыру.

«Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» пәні студенттердің 1-2 курстарда оқыған «Әдебиеттануға кіріспе», «Қазақ халқының ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы» пәндерінен алған теориялық білімдерін негізге алады. Қазақ әдебиетін пән ретінде орта мектепте оқытудың әдістемелік жолдарын теориялық жағынан жан-жақты меңгеріп шығады. Алдағы педагогикалық тәжірибеде орта мектепте әдебиет сабақтарын ұйымдастырып, өткізуге, сыныптан тыс шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік алады.

Мектепте оқытылатын оқу пәндерінің барлығы да оқушыларға ғылымның әр саласынан білім негізін меңгертеді. Солардың ішінде әдебиет пәнінің оқушыларға өмір таныту, адамтану ғылымы тұрғысынан орны ерекше. Адам баласының ғасырлар бойы жасаған мұрасы ұшын –теңіз, олармен таныса отырып, оқушылардың білімі жан-жақты артады, өзіндік көзқарасы, дүниетанушылық қабілеті ақыл-ой парасаты дамиды. Әдебиеттің өзіне тән табиғи ерекшелігін, өзгеше сыр –сипатын танып біледі.

Әдебиет пәні жеке тұлғаның, адамның рухани әлемін, оның адамгершілігін, ойлауын, көңіл-күй сезімін, тілін, шығармашылық әрекет- бастауларын қалыптастыруда ерекше орын алады.

Әдебиет пәні оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытуды, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы үйлесім мен әсемдікті танып ұға білуге, дұрыс бағалауға, әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді, сонымен бірге ол көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті, ынта-ықыласты оята отырып, оқырман мәдениетін қалыптастырады.

Әдебиет пәні оқушыны өнер туындысын тануда қажетті біліммен, біліктілік дағдылармен қаруландырып, онда көркем бейнені қабылдауға қажетті сезім сергектігін, шығарманы мазмұн мен түр бірлігінде, көркемдік тұтастыққа қабылдай білуді; шығармада кескінделген мінездер сырын, шығарма идеясын, жаазушы позициясын шығарма арқауына сүйене отырып ашуды; өзіндік ой толғамында дербестік, идеялық-көркемдік құндылығы жоғары туындыларды ғана қалайтын талғампаздықты, көркем туындыларды салыстыра отырып, қарастыра алу біліктерін қалыптастыруды көздейді.

Осы негізде мектептегі қазақ әдебиеті пәні жеке тұлғаның үйлесімді дамуына қызмет атқаратын негізгі эстетикалық пән деген тұжырымға келеміз. Қоғамның және мәдениеттің даму өзгерістеріне сай әдебиет пәнінің бағдарламалары, оқулықтармен қатар оны оқыту әдістемелігі де жетілдіріліп отырады және ол қалыптасқан отандық әрі әлемдік тәжірибеге негізделеді. Педагогикалық еңбектің ерекшелігі, құрылымы, ұстаздық шеберлік, әдеп, ізгілік мұғалім мамандығының ерекше қыры. Мұғалім қоғам мен мемлекет алдында айрықша жауапкершілік жүктелетін әрекет иесі.

Әдістеме ең алдымен мұғалімнің шығармашылық әрекетінің жүйелі болуына қызмет ететіндіктен, ол әдебиетші мұғалімге жоғары талаптар да қояды. «Әдебиетші мұғалім ең алдымен көркем сөз сипатын ашатын заңдылықтарды білуі керек. Сондай-ақ көркем туындыны талдаудың ғылыми әдістемелерін жетік меңгеруі қажет. Әдеби шығармаларды талдауда мұғалім мен оқушы арасында бірлескен еңбек, бірлескен шығармашылық, өнерпаздық орын алуға тиіс»,-дейді белгілі әдіскер мұғалім Қ.Бітібаева.

А.Байтұрсынов: «Ең әуелі мектепке керегі–білімді, педагогика әдістемеден хабардар, оқыта білетін мұғалім десе», М.Әуезов: «Жан дүниесі бай, талап-тілегі өскелең ой-өрісі кең маман иесі ғана белгілі мамандықтың шеңберінен адамдық қасиеттің биік деңгейіне шыға алады», - деп мұғалімге жауапкершілік жүктейді. Ал зерттеуші ғалым С.С. Аверенцев: «Бүгінгі мұғалім бір қырынан қарағанда ақынға ұқсайды, оның міндеті оқыту, түсіндіру ғана емес, ең бастысы-көрсету, сендіру болып табылады», - деп әдебиет пәнінінің мұғалімінің тағы бір қырын көрсетеді. Нағыз мұғалім –маман - кәсіби шеберлік иесі, ізгілікті тұлға, зерттеуші, ізденуші. Мұғалімнің психологиялық, педагогикалық, әдістемелік білімділігі, өз пәнін терең игеруі, кәсіптік көрегендігі жеке тұлғасы оқушыға барлық жағынан үлгі.

Сонымен оқытушы және оқушының оқу әрекетіндегі бірлестіктер мен дербестік сипаттарын, ұйымдастыру жолдарын қарастыруға әдістеме ғылымы қолда бар бай тәжірибеге сүйенеді және оның таяу болашақтағы даму бағыттарын айқындайды.

Оқыту ісі – күрделі әрі шығармашылық өнер. Оқыту процесіне екі тарап – мұғалім мен оқушы қатысады. Оқыту нәтижесі болып табылатын білім оқушының даму дәрежесі ретінде айқындалады. Оқыту ісіндегі мұғалімнің қызметі – оқыту және оқушының қызметі –оқу. Оқыту процесі мұғалімнің де, оқушының да белсенді, мақсат көздей отырып жұмыс істеген жағдайында өнімді болмақ. Оқыту- білім алу, шеберлікке, іс-әрекет дағдыларына үйрету мен меңгеру процесі және адамды өмір мен еңбекке бейімді етіп даярлаудың негізгі құрамы. Оқыту процесінің нәтижесінде білім беру мен тәрбие мақсаттары жүзеге асады. Оқытудың мақсаты мен мазмұны, оны ұйымдастырудың түрлері мен әдістері адамзат қоғамының даму кезеңдеріндегі қоғамдық қатынастар негізінде, жалпы білімге, адамдардың даярлығына қойылған талаптардың сипатына және оқыту жөніндегі педагогикалық идеяларға сай өзгеріп отырады.

Мемлекеттік оқу бағдарламалары мен жалпы білім беру стандартында оқыту мен тәрбиелеу жүйесін жетілдірудің мақсаты – қазақстандық елжандылық, азаматтық ізгілік және жалпы адамзаттық құндылықтар идеяларының негізінде жастардың жеке тұлға ретіндегі сапа қасиетін қалыптастыру екені нақты көрсетілген.Бұл міндеттерге қол жеткізуде әдебиет пәнінің ролі мен оны оқытудың ерекше маңызы айқындала түседі. Әдеби білім берудің негізгі бағыты- адамды қоғамның ең негізгі құндылығы ретінде тану, оның қоғамдағы орны мен роліне, әлеуметтік жағдайына, психикалық даму ерекшелігіне мән беру, сол арқылы оның рухани жан дүниесінің баюына, өзіндік көзқарасының, шығармашылық белсенділігінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай жасау.

Қазақ әдебиетінің пән ретінде мектепте оқытыла бастауы, оқулықтар, бағдарлама жасаудағы тәжірибелердің жинақталуы әдебиетті оқыту әдістемесінің қалыптасуына негіз болды. «Методика» сөзі ежелгі грек тілінен аударғанда «таным тәсілі», «зерттеу жолы» деген ұғымдарды білдіреді. Яғни, әдіс дегеніміз нақты міндетті шешу, мақсатқа жетудің тәсілі болса, әдістеме әдістер кешені (жиынтығы). Әдістеме пәні – педагогикалық үрдіс, оқытушының әдебиетті оқытуы, оқушының әдебиетті оқуы. Әдістеменің негізгі бағыты – оқу үрдісін ұйымдастыру, білім беру және оны игеруге басшылық жасауда оқыту әдістерінің мазмұны мен түрлерін анықтайды.