Дәріс конспектілері
3. Дайындық жұмыстары
Дайындық жұмыстарын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады: территорияны құрылысқа дайындау және құрылыс алаңын меңгеру. Бірінші кезеңде территорияны құрылысқа кедергі келтіретін заттардан тазалап, ал екінші кезеңде, керісінше, алаңды құрылысқа қажетті заттармен қамтамасыз ету керек.
3.1. Территорияны дайындау
Территорияны жаңа құрылысқа дайындау жұмыстарына мыналар жатады: құрылыс қалдықтарын бұзу және тазалау, күл-қоқысты шығару, ағаштарды шауып алу немесе басқа жерге отырғызу, ірі тастарды жинау, коммуникацияларды қайта төсеу немесе орын ауыстыру, беткі және жерасты суларын басқа жаққа бұру, қажет болған жағдайда топырақты нығыздау.
Құрылымды бұзу, сырып тастау әдістері олардың түріне, тозу деңгейіне, құрылыс мекемесінің мүмкіндіктеріне қарай таңдалады.
Егер бұзылатын құрылымның кірпіш қабырғалары жақсы сақталған болса, онда шатырды, аражабындарды, бөлгіш қабырғаларды жоғардан төменге қарай бөлшектейді.
Көтеруші және қоршау қабырғаларды бұзған кезде тракторлармен, бульдозерлермен немесе жоғарыға бекітілген арқандар көмегімен бөлшектейді. Маңдайша арқалығын және кейбір бөліктерді шабу арқылы дайындайды.
Қабырғаларды бульдозерлермен құлатқан кезде құлатылатын қабырғаға арқан байлайды, оның ұзындығы қабырғаның ең биік бөлігінен жерге дейінгі қашықтықтан екі есе ұзын болуы тиіс. Арқан қалыңдығын есептеу арқылы анықтайды (3.1 сурет).
3.1 Сурет. Бұзылатын ғимараттың қабырғасын құлату:
а – қабырғаға арқан бекіту; б – ойық арасындағы қабырғаға арқан бекіту
Ғимараттың негізгі құрылымдары тозған кезде оны сына және шар тәрізді балғалармен жабдықталған экскаваторлармен және бульдозерлермен бұзады.
Ағаш құрылымдарды да осы тәрізді құлатады. Егер ағаш шіріген болса, оны өртеп жібереді.
Толықтай құрастырмалы ғиамараттарды бұзу жинақтау тәртібіне кері жүргізіледі. Құйылмалы құрылымдарды бұзбастан бұрын жеке құрылымдық элементтерге бөлшектейді. Биік ғимараттарды бөлшектеу үшін қазіргі уақытта шынжыр табанды гидроэкскаватордан тұратын жабдықтар пайдаланылады. Бұл жабдыққа шегенделген бетондарды бөлшектеуге арналған пышақтар, гидробалға кіреді.
Құрылымдарды бұзған кездегі кірпіш қалдықтарын уақытша жолдарды жасауға, қыш ұнын дайындауға пайдалануға немесе төмен маркалы бетондарға толтырғыш ретінде қосуға болады. Ағаштарды битумды және мастикаларды қыздыруға және қатқан топырақты жылытуға қолданады. Қайта монтаждалған темірбетон құрылымдары қиыршық тас алу үшін шикізат ретінде қолданылады.
Құрылыс құрылымдарын бөлшектеу. Бөлгіш қабырғаларды, терезелер мен есіктерді бөлшектеу. 1960 жылдарға дейін ғимараттарда ағаштан жасалған бөлгіш қабырғалар қойылды. Оларды бөлшектеу мынадай технология бойынша жүргізілді: бөлгіш қабырғалардың төменгі байланысқан бөлігіне саңылау қағып, оған кран арқанын бекітеді. Қабырғадан босатылған бөлгіштер крандар мен арқандардың көмегімен тасымал құралына тиеліп, қажетті жерге дейін тасымалданады.
Терезелер мен есіктерді ажырату үшін алдымен оларды қажетті бөлшектерден босатады. Терезе астындағы тақталар мен оларға тіреуіш қораптар алдын-ала бекіткіштерден босатылып, қолмен түсіріледі. Терезелер мен есіктерді бөлшектеу жұмыстарын екі адамнан тұратын звено орындайды. Олар жұмыстарына электрлі бұрандаларды және пневматикалық қол құралдарын қолданады.
Территорияны ағаштардан, тастардан және бұтақтардан тазалау үшін техникалар қолданылады: арнайы аспалы жабдықтары бар тракторлар, бульдезер қайырмалары, бұтақ кескіш құралдар. Ағаштарды электрлі аралармен кесіп құлатады.
Жер астындағы және бетіндегі су бұрмалары. Құрылыс алаңындағы су қоймалары жер астында және жер бетінде (жауын-шашын сулары, еріген қар) болуы мүмкін. Жер бетіндегі су бұрмаларын ор қазу арқылы қажетті бағыттарғы бұруға болады. Егер жер рельефі су бұрмаларын құрылыс алаңынан шығауруға мүмкіндік беретіндей болса, арнайы ойықтар қазып, сораптар пайдаланылады. Сорап қуаты қазаншұңқыр ішіндегі барлық суды сорап алатындай болуы тиіс.
Жер астындағы сулар құрылыс алаңынан уақытша немесе тұрақты түрде алынып отырады. Уақытша су бұрмаларында жер асты су деңгейлері іргетас белгісінен төмендейді. 5-10 м тереңдікке дейін су деңгейін төмендету үшін тебенді сүзгі қолданады (3.2 сурет). Тебенді сүзгі дегеніміз ұшы цилиндр немесе конус тәрізді болып келетін, диаметрі 38-50 мм болатын қабырғаларында саңылаулары бар құбыр. Құрғатылатын топыраққа батырылған сүзгілерді жалпы сору коллекторымен біріктіреді және сорапқа жалғайды. Суды сораппен сору арқылы арынды құбырлармен су қоймаларына айдайды.
