- •Пәннің оқу-әдістемелік кешені
- •Мамандығы: 5в011700 Қазақ тілі мен әдебиеті
- •Мазмұны:
- •5.Пәннің оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілу картасы
- •6. Дәріс кешені
- •Грек лирикасының түрлерi
- •Элегия мен ямб жанрлары
- •Рим әдебиеті. Республика дәуіріндегі рим әдебиеті
- •Орта ғасырлық Европа әдебиеті
- •Кельттік әпос
- •Скандинавиялық эпос және лирикалық поэзия
- •Француз батырлық эпосы
- •Испан батырлық эпосы Испаниядағы реконкиста әрекеті
- •Германиядағы батырлық эпос
- •7.Тәжірибелік сабақтар:
- •8.Пәнді оқытудың әдістемелік нұсқаулығы
- •10. Сөж, соөж тапсырмалары және оны орындау кестесі:
- •11. «Шетел әдебиетінің тарихы» пәні бойынша жұмыс бағдарламасында дипломалды тәжірибе жоспарланбаған.
- •12. Студенттердің оқу нәтижесін бақылау және бағалау материалдары:
- •13. «Шетел әдебиетінің тарихы» пәні бойынша оқу-әдістемелік кешен электронды дискіде сақталған.
- •14. Педагогика факультеті корпусындағы с-202-аудитория «Шетел әдебиетінің тарихы» пәні бойынша дәріс, семинар, сөж, соөж сабақтарын өткізуге арналған.
5.Пәннің оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілу картасы
№ |
Оқу және оқу-әдістемелік әдебиеттердің атауы, авторы, басылымы, жылы |
Кітапханадағы әдебиеттің саны |
Студенттің әдебиетпен қамтылуы % |
Электронды нұсқа |
Ескерту |
Негізгі әдебиеттер |
|||||
1 |
Қобланов Ж. Шетел әдебиеті тарихы. – Астана, 2008 |
10 |
50 |
– |
|
2 |
Қобланов Ж. Шетел әдебиеті тарихы. –Ақтау, 2010 |
10 |
50 |
– |
|
3 |
Қобланов Ж. Шетел әдебиеті тарихы.– А, 2011 |
10 |
50 |
– |
|
4 |
Қобланов Шетел әдебиеті тарихы. –Астана., 2012 |
10 |
50 |
– |
|
5 |
Қобланов Ж.Антикалық әдебиет. – Ақтау., 2013 |
10 |
50 |
– |
|
6 |
Тебегенов Т.Шетел әдебиеттерінің тарихы– А, 1996 |
2 |
6 |
– |
|
7 |
Зарубежная литература средних веков /латинская, итальянская, английская, чешская, польская, сербская, болгарская литература/. Хрестоматия. 2-е изд. /сост. Б.И. Пуришев, М., «Просвещение», 1975 |
1 |
3 |
– |
|
8 |
История всемирной литературы в 9 томах. Т.1. М., 1983 |
1 |
3 |
– |
|
9 |
Античная литература. М., 1986 |
10 |
33 |
– |
|
10 |
История античной литературы. М., 1988 |
1 |
3 |
– |
|
Қосымша әдебиет |
|||||
1 |
Кекілбаев Ә. 12 томдық. – А, 2012. |
25 |
100 |
– |
|
2 |
Қазақ мифологиясына кіріспе. Қондыбай С. – А., 1999 ж. |
4 |
13 |
– |
|
3 |
Арғы қазақ мифологиясы. Қондыбай С. – А., 2000 ж. (І-ІҮ т.) |
5 |
16 |
– |
|
4 |
Адамбаев Б. Шешендік сөздер. – А, 1985 ж. |
12 |
40 |
– |
|
5 |
Шешендік сөздер. Негимов С. – А, 1989. |
6 |
20 |
– |
|
6 |
Қыраубайқызы А. Ежелгі дәуір әдебиеті. А., 1996 |
2 |
6 |
– |
|
6. Дәріс кешені
1-2-3 дәріс (3сағат)
Тақырыбы: Кіріспе. Антикалық дәуірдегі әдебиет. Ежелгі грек әдебиеті. Гомер дастандары
Дәріс мақсаты: Мифтік шығармашылық және мифология. Гомерлік эпос Троя соғысы туралы мифтерге қысқаша шолу, «Одиссеяның» мазмұны. Одиссей және оның достары мен жаулары; Поэманың тілі, стилі. Эпопеядағы авторлық позиция. Гомерлік дәстүрді игеру тарихы және оның қазіргі жағдайы туралы. Ауызша шығару дәстүрі және жеке шығармашылық ерекшелігі.
Тірек сөздер: миф, мифология, авторлық позиция, трагедия жанры, тарихи шындық, көркемдік суреттеу
Қысқаша мазмұны:
Ежелгі дүниедегі (антикалық) әдебиет
Антика дүниесінің әдебиеті деп аталатын Ежелгі Грекия мен Ежелгі Рим шеберлері творчествосының ертедегі цивилизациялар көркемдік мұрасынан алатын орны ерекше. Бұл атаудың түп-төркіні о баста «ежелгі, қадым заманғы» деген мағына беретін «антиквус» деген сөзден шыққан. Антикалық әдебиеттің тарихи маңызы сол кезде жасалған көркем мұралардың жоғары сапасына, сондай-ақ оның бүкіл Европа әдебиетіне зор ықпал етуінде. Антикалық дәуір мәдениеті бүкіл бүгінгі заман мәдениетінің дамуына үлкен әсерін тигізді.
Антика мәдениетін жасаған –. ежелгі гректер. Олар өздерін «элендер», өз елін «Эллада» деп атаған. Антика өнері Ежелгі Элладада б.д.д. І мыңжылдықтың алғашқы ғасырларында өмірге келді. Оның 15 ғасырдай ұзақ тарихы б.д. Ү ғасырында Рим империясының құлауымен аяқталды.
Ежелгі грек әдебиетін мынадай кезеңдерге бөліп қарастыруға болады.:
1) Бастапқы (б.д.д. ХІІ ғ. соңы мен ХІ ғ. басы) – алғашқы қауымдық құрылыс кезеңі, халық ауыз әдебиетінің үстем кезеңі;
2) Эллиндік немесе классикалық (еркін қала-мемлекеттердің гүлдену кезеңі – шамамен б.д.д. ІХ ғасырдан ІҮ ғ. дейін) – эпос, лирика, драманың даму кезеңі;
3) Элленистикалық (б.д.д. ІІІ-І ғғ.) Эллиндік үлкен монархияның үстемдігі, халықтық творчествоның әлсіреп, өнердегі таңдаулы формалардың шығу кезеңі;
4) Императорлық немесе эллинистік - римдік-рим билеуіндегі кезең (б.д. І-Ү ғғ.)
Б.д.д. І мыңжылдықтың басында Ежелгі Элладаның барлық тайпалары алғашқы қауымдық құрылыстың ақырғы сатысында тұрған болатын. Олардың тарихының б.д.д. ХІ-ХІІІ ғасырларын қамтитын орта кезеңі «гомер кезеңі» деп аталады. Себебі, бұл дәуір туралы біліміміздің негізгі көзі – б.д.д. ІХ ғасырдың аяғында немесе ҮІІІ ғасырдың басында туған «Илиада» мен «Одессея» дастандары. Грек дәстүрінше екі дастанның да авторы Гомер (б.д.д. ІХ ғ.) болып есептеледі. Ежелгі грек әдебиетінің бізге жеткен ең көне нұсқалары Гомердің «Илиада» мен «Одессея» дастандары болып табылады. Дастандардың көлемі мен көркемдік сапасы көп уақыт бойы оның негізіне алынған материалдардың мифтер мен аңыздар түрінде жинақталғанын көрсетеді.
Грек әдебиетінің архаикалық кезеңі
Грек тарихының б.д.д. ҮІІІ-ҮІІ ғасырларын қамтитын кезеңі «көне» ұғымын білдіретін «архайос» сөзінен шыққан «архаикалық кезең» деп аталады. Бұл – Эллада өмірінің терең өзгерістер кезеңі - антик құл иеленушілік құрылыстың кірігу кезеңі, грек мемлекет-қалаларының кескілескен саяси-әлеуметтік күрес жағдайында қалыптасқан тұсы. Грекияның материалдық мәдениет прогресі қаулап дами бастады. Қала мекендер дуалдармен қоршалып, металлургия мен құйма тәсілі жетілдірілді. Жолдар тартылып, көпірлер тұрғызылды, су құбырлары салынды. Элладаның ғылыми ойы мен көркем творчествосы бұрынды-соңды болмаған қарқынмен дамыды. Б.д.д. ІХ ғасырдағы финикиялық жазу негізінде қалыптасқан жалпыгректік алфавиттік жазу б.д.д. ҮІ-ҮІ ғасырларды кең тарады. Гректер мысырлықтар мен вавилондықтардың мыңдаған жылдар бойы жинаған білімін пайдалана отырып, өздерінің математикасын, астрономиясы мен медицинасын жасады. Иония қалаларынан шыққан ойшылдар Фалес, Анаксимандр мен Анаксимен табиғат туралы ғылымды – натурфилософияны дүниеге әкелді. Алғашқы тарихи жіне географиялық еңбектер жарияланып, лирикалық поэзия мен театр өнері туды.
Жұмбақ жанрының да шығу тегі осы дәуірге тіреледі. Ұзақ жылдарғы бағамдау мен ұжымдық тәжірибенің негізінде гректерде мақалдар мен мәтелдер, қанатты сөздер жинақталды. Өлең өлшемдерінің пайда болуына байланыста кейін мақал-мәтелдердің көпшілігі ұйқасқа құрылды. Қанатты сөздердің көпшілігі ҮІІ-ҮІ ғғ. белгілі даналардың есімдерімен байланыстырылды (Фалес, Салон, Биант, Фиттак, т.б.). Гректерде, әсіресе, халық әндерінің (өлеңдерінің) орны ерекше болды. Олар ұйқаспен айтылғандықтан есте ұстауға, жаттауға жеңіл болды әрі олар ежелден халық тұрмысымен, салт-дәстүрмен, әсіресе еңбекпен байланысты болды. Әртүрлі еңбек процесіне байланысты өлең түрлері туды: диірменшілер әні, жер жыртушылар, жүзім жинау кезіндегі, іс тігу, киім тоқу кезінде орындалатын әндер, т.б. Басқа халықтардағы сияқты гректерде, сондай-ақ, үйлену ғұрпы мен өлімге байланысты өлеңдер де дамыды. Халықтың батырлық туралы, ел қорғаған ерлер туралы өлең-жырлары кең тарады. Оның үлгілерін «Илиада» мен «Одессея» дастандарынан кездестіреміз. Оларды орындаушылар аэдтер болды. Мұндай тұрмыс-салт жырлары халық өмірінің ажырағысыз бөлшегі болды. Олар тек дайын өлеңді орындаушылар ғана емес, сонымен бірге ақындар да болды. Олар өлеңді музыкалық аспаптардың (лира, форминга, кифар) сүйемелдеуімен орындады. Аэдтердің рапсодтардан өзгешелігі болды. Рапсодтар дайын өлеңдерді (поэмаларды) салтанатты мерекелерде орындаушылар болды.
Гомерлік дастандар
Біздің дәуірімізге толық сақталған Гомердің «Илиада» мен «Одессея» дастандарының сюжеттері Троян соғысы туралы көлемді аңыздар циклінен алынған. «Илиадада» Троян соғысының оныншы жылындағы оқиғалар баяндалған. Бірақ баяндау соғыстың соңғы оқиғаларын қамтымайды, Троянның бас жауынгері Гектордың өлімі мен жерленуімен аяқталады. Бұдан бұрынғы және кейінгі оқиғалар тек жүгіртпе тұспалдармен ғана тыңдаушыларға белгілі боларлықтай түрде айтылып өтеді. «Одессея» туралы да осыны айтуға болады. Мұнда Троядан қайтар кездегі қаһарманның жорықтары, Итака аралына келуі және Итакадағы оқиғалар (Одиссейдің он жылдық саяхаттағы бастан кешкендері, Трояның қирауы, Нестор, Менелей, Агамемнон сияқты кейіпкерлердің оралуы т.б.) баяндалады.
Ахей әскерінің басты қаһарманы – Гектар. Автор Гектарды жау жақтың батыры болса да оны ілтипатпен суреттейді. Қиындық түскен кезеңдерде ол қашан да алда жүреді. Ол – намысты ер, ел ішінде сыйлы, мәртебелі.
«Одиссеяда» Телемах образы өсу жолымен жақсы ашылған. Ол Жырдың соңында ол әкесіне «күйеулермен» есеп айырысуға көмектеседі. Гректер жігерлі де мақсатқа ұмтылғыш жас жігіттің типтік образын жасаған.
Дастандарда бірнеше әйелдер образдары бар («Илиадада» Гектордың әйелі Андромаха, шешесі Гекуба, Елена мен тұтқын қыз Брисеида, «Одиссеяда» Пенелопа мен Елена, феакия патшайымы Арета мен патшайым Навсикая, нимфа Калипсо мен сиқыршы Кирка. Әсіресе, маңыздылары - Андромаха мен Пенелопа образдары. Андромаха – Гектардың адал жары, күйеуі үшін әрдайым алаңдайды, қиналады, өзін аямай ұрысқа да қатысады. Андромаха – трагедиялық бейне. Ахил оның туған қаласын талқандаған кезде әкесі мен ағасы, көп ұзамай шешесі өледі. Тілегін тілеген жарын да Ахил атпен сүйретін, жас баласы екеуі ғана қалады. Дастанның соңында күйеуін жерлеуде жоқтап отырғанын көреміз. «Одиссеяда» ізгілікті, адал жар Пенелопа бейнесі арқылы берілген. Күйеуін жиырма жыл бойы адал күтеді, қандай қиын жағдай болса да, айламен іс етеді, күйеуін табудың жолын іздейді, үмітін үзбейді.
Дастандар ежелгі грек әдеби тілінде жазылған. Олардан ертедегі ионий тілінің ерекшелігі байқалады. Гомер тілі – грек халқының поэтикалық тілінің ежелгі үлгісі. Ол керемет көркемдігімен әрі сөздік қорының молдығымен ерекшеленеді. Гомер тілі қарапайымдылығы көркемдікпен астасқан поэтикалық тілдің өзіндік тамаша стилін қалыптастырды.
Гесиод шығармашылығы
Б.д.д.ҮІІІ ғ.соңы мен ҮІІ ғ. басындағы экономикалық өзгерістер (патриархальдық қоғамның құлдырауы, т.б.) гректердің қала-мемлекеттердің пайда болуы түсініктер мен мүдделердің пайда болуын талап етті. Ғақлиялық, өсиетнамалық жанрларға деген сұранысты поэзиядағы жаңа бағыт – дидактика өтей алды. Поэзияның бұл түрі өлшемдік жағынан гомерлік эпос дәстүрінде болғанмен, мазмұны жағынанмейлінше бөлек, заман сұранысына сай болды. Автор көзқарасы көрінбейтін гомерлік поэзияға кереғар, мұнда ақын өзі туралы айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуді, оны өзгелер үшін сабақ етуді дұрыс деп есептейді. Дидактикалық эпостың басты өкілі Гесиод болды. Тұңғыш дидактикалық әрі өмірбаяндық шығарма ретінде Гесиодтың «Жұмыстар мен күндер» дастанын атаймыз. Гесиод – Грекияның орталық ауданы Биотиялық ақын. Биотия - жер шаруашылығымен айналысатын, халқының негізгі күн көрісі диқаншылық болып табылатын аймақ еді. Гесиодтің өмір жолы сол дәуірдің сипатын көрсетеді. Ақын бұл шығармасында өз өмірін негізге алады. Гесиодтың әкесі өлер алдында өз мұрасын екі баласы Гесиод пен Перске қалдырады. Бірақ Перс жергілікті старейшиндерді «сатып алып», олар барлық мұраны Перске тиісті етіп шешім шығарады. Бар мүліктен айрылған Гесиод өмір сүру үшін еңбек етіп, байлық жинайды. Перс еңбексіз тапқан бар байлығынан жұрдай болып, ағасынан көмек сұрайды. Бірақ ағасы оған қатал қарап, еңбек ету керектігін ескертеді. Осы ақыл айту сарыны дастанның негізгі бөлігін құрайды. Шығармада байлық пен кедейлік мәселесі дастанда өткір қойылған. Дастанның тінінде «Еңбек ету масқаралық емес, нағыз масқаралық – жұмыссыздық», - деген ой жатыр. Гесиодтың көптеген ойлары пессемистік болғанмен, ол үмітсіз де емес: құдайларға сенеді, еңбекке сүенеді.
Гесиодтың екінші дастаны – «Феогония». «Феогония» (Құдайлардың шығуы) әлем мен құдайлардың шығуы туралы, олардың шежіресіне арналған.
Гесиодтың «Жұмыстар мен күндер» дастаны Гомерде болмаған дарашыл ағымның дүниеге келгенін көрсетеді. Ол өзінің негізгі міндеті жеке сезімдер мен көңіл-күйді өрнектейтін, б.д.д. ҮІІ ғ. басталатын лирикалық поэзияның басы болды.
4-5-6-дәріс (3 сағат)
Тақырыбы: Алғашқы таптық мемлекеттің пайда болуы дәуіріндегі әдебиет (б.з.б. VІІ-VІ ғ.ғ.)
Дәріс мақсаты: Алғашқы таптық мемлекеттің пайда болуы дәуіріндегі әдебиет (б.з.б. VІІ-VІ ғ.ғ.) негізгі кезеңдеріне шолу.
Тірек сөздер: лирика, мелика, ямб, элегия, гекзаметр
Қысқаша мазмұны:
Гомер заманынан басталып, Гесиод жасаған дәуірде едәуiр күрделенген гректер өміріндегі әлеуметтік топталу б.з.б. VІІ-VІ ғасырларда мүлдем өрши түседi және бүкiл грек жұртында iрi әлеуметтiк қозғалыстарға, саяси төңкерiстерге алып келедi. Төңкерiстер дәуiрi болған VII-VІ ғасырлар ескi грек қоғамдық құрылысына тойтарыс берiп, құлдық негiзге құрылған жаңа таптық қоғамның пайда болуына iргетас болады.
Бұл қозғалыстардың басты себебi – тiршiлiктiң негiзгi арқауы болған жер мәселесi едi. Ол кезеңдерде Грекияның барлық аймақтарындағы құнарлы жерлер толығымен ақсүйектер қолына өткен болатын. Күйзелiске ұшыраған шаруалар өте ауыр тұрмыстық жағдайларға қарамастан, лажсыздықтан ақсүйектердiң жерлерiн жалға алып еңбек етедi. Аристотельдiң айтуына қарағанда, Аттика аймағында «байлар мен кедейлер ортасындағы теңсiздiк шиеленiсе түседi, халықтың барлығы дерлiк байларға қарыздар едi. Кейбiреулерi жерден алынған өнiмнiң оннан алты бөлiгiн жалға төлесе, көпшiлiгi қарыздан құтыла алмай отбасымен бiрге байлардың басыбайлы құлына айналады. Осыдан соң байлар оларды қаласа өз жерiнде жұмсады, қаламаса өзге бiреуге сатып жiбердi». Мұндай озбырлық халық арасында ақсүйектерге деген наразылықты оятып, оларды қанды көтерiлiстерге аттандырды. Екiншi жағынан, мемлекетте халық санының күрт өсуі нәтижесiнде, әлеуметтiк мәселелер қиындап, жаңа тiршiлiк көздерiн iздеу қажеттiлiгiн күшейтедi. Гомер заманында басталған жер иеленушiлiк әрекеттер жаңа дәуiрге келгенде өрши түседi. Б.з.б. VI-ғасырдың бастарында Жерорта және Қара теңiз жағалауларында, Балқан бойында, Сицилия, Италия және т.б. жерлерде гректерге бағынышты жерлер пайда болды. Осындай жерлердiң көбеюi өзге халықтармен мәдени және сауда қатынастарын жүргiзудi күшейтедi.Бұл жағдай өз кезегiнде мемлекеттiң iшкi экономикалық өмiрiн жандандырады: жаңа жерлердi тауармен қамтамасыз ету талаптарын туғызады, сол арқылы байлығын молайта түсудi көздеген ептi, iскер адамдар үлкен кәсіпорындар ашады. Сол кәсіпорындарға сырттан көптеген құлдар әкелiнедi. Ендi грек жерiнде бұрын мүлдем болмаған жаңа бiр әлеуметтiк топ – iрi саудагерлер, кәсіпкерлер пайда болды.
Мақсат пен мүдде тұрғысынан ескi зодагондарға қайшы келетiн мiне осы құдiреттi жаңа топтар еңбекшi шаруалармен бiрiгiп, iрi жер иелерi болған ақсүйек байларға қарсы бас көтередi. Грекияның шет аймақтарында көтерiлген төңкерiсшiл қозғалыстар үлкен шайқастарда шыңдала түсiп, кейбiр қала-мемлекеттерде үкiметтiң тирандар қолына өтiп кетуiне кең жол ашады (қазiргi күнде «залым» мағынасында қолданылатын «тиран» сөзi, сол дәуiрлерде халықтың ақсүйектерге қарсы күрестерiнде басшылық қылған адамдарға берiлген құрметтi атақ болып, «көсем», «жолбасшы» мағыналарында қолданылған). Ақсүйектер билiгiнiң құлауында тирандар өте маңызды қызмет атқарған. Бiрақ шексiз билiк оларды бiрте-бiрте залым қанаушыларға айналдырып, тирандық басқарудың құлдырауын жылдамдата түседі.
Тирандық биліктің өмiрi қысқа болғанымен, грек қоғамын демократтандыру тарихында өзінің терең iзін қалдырды. Ақсүйектердiң әрқандай артықшылықтарын жою, шаруаларды қарыздан құтқару, зодагондардың мүдделерiне қайшы жаңа заңдарды жариялау iстерi тирандардың қызметтерiмен тығыз байланысты болды.
Грекиядағы экономикалық және саяси өзгерiстер адамдардың талабын, олардың өнер, әдебиет, ғылымға деген көзқарастарын түбегейлi өзгертiп жiбередi. Болып жатқан оқиғалардың мазмұны өте кең әрі терең едi. Ендiлiкте оларды күнделiктi өмiрге жат болған және тек ғана құдайлар мен батырлардың басынан кешiргендерi туралы хикаялайтын жырлар шеңберiне сыйғызудың мүлдем лажы қалмайды. Сансыз саяси төңкерiстер тасқынында туған жаңа адамның талабы да, сезiмдерi де, айналасындағы оқиғаларға көзқарасы да Гомер заманында өмiр сүрген адамдардiкiне тіпті де ұқсамайды. Бұлар ендi қоғамдық өмiр тұңғиығына батып кеткен жандар емес, ал өзiнiң кiм екендiгiн аңғарған, өмiрден өз орнын iздеген, нағыз адамның қадiр-қасиетiн түсiнген жаңа адам едi. Соның үшiн бұл адам өнерде де, әдебиетте де өз жүрегiнде жалындап тұрған арман-тiлектiң, сезiмдердiң бейнесiн көрудi қалайды. Сондықтан, сол дәуiрдiң маңызды әдеби жанры ретiнде ең алдымен лирика пайда болады.
