Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК Қазақ тілі 2015.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
360.64 Кб
Скачать

XVII модуль әлеуметтік зейнетақы ұйымдары

Лексикалық тақырып:

  1. Әлеуметтік сақтандыру түрлері.

  2. Сақтандыру компаниялары.

  3. Сақтықта қорлық жоқ.

Грамматикалық тақырып: Зат есім: негізгі және туынды зат есім

Зат есімдер тұлғалық құрамы жағынан негізгі және туынды зат есім болып екіге бөлінеді. Негізгі зат есімге түбір зат есімдер жатса (мыс.: бас, көз, адам, қалам, кітап, күн, т.с.с), туынды зат есімдер зат есім немесе басқа да сөз таптарына жұрнақ жалғану арқылы жасалады.

Зат есім тудырушы жұрнақтар:

  1. Етістіктер мен зат есімдерге –шы, -ші жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: сату+шы, жүргізу+ші, мал+шы, аспаз+шы, әдебиет+ші, т.с.с.

  2. Етістіктерге –ым, -ім, -м жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: төле+м, сатыл+ым, біл+ім, күт+ім, ки+ім, сез+ім, т.с.с.

  3. Етістіктерге –ақ, -ек, -қ, -к, -ық, -ік жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: құра+қ, сұра+қ, ор+ақ, тара+қ, күре+к, сыз+ық, т.с.с.

  4. Етістіктерге –ма, -ме, -ба, -бе, -па, -пе жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: аялда+ма, сүз+бе, қос+па, т.с.с.

  5. Етістіктерге –у жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: сауықтыр+у, барла+у, бақыла+у, т.с.с.

  6. Етістіктерге –ыс, -іс, -с жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: айт+ыс, күйзел+іс, желі+с, т.с.с.

  7. Етістіктерге –қыш, -ғыш, -кіш жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: қыс+қыш, қыр+ғыш, жап+қыш, айыр+ғыш, желдет+кіш, т.с.с.

  8. Тұйық рай тұлғалы етістіктерге –ыш, -іш жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: желпу+іш, түйреу+іш, т.с.с.

  9. Зат есімдерге –ғар, -гер, -қар, -кер жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: айтыс+кер, іс+кер, т.с.с.

  10. Зат есімдерге –ша, -ше жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: көрпе+ше, маңдай+ша, тақтай+ша, т.с.с.

  11. Зат есімдерге –лас, -лес, -дас, -дес, -тас, -тес жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: жол+дас, табақ+тас, пікір+лес, т.с.с.

  12. Зат есімдерге және модаль сөздерге –лық, -лік, -дық, -дік, -тық, -тік жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: кісі+лік, дос+тық, жеңіл+дік, жоқ+тық, шын+дық, т.с.с.

  13. Зат есімдерге –хана, -гер, -стан сияқты үндестік заңдылығына бағынбайтын жұрнақтардың жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: Қазақ+стан, ем+хана, шипа+гер, т.с.с.

  14. Еліктеуіш сөздерге –ыл, -іл жұрнағы жалғану арқылы жасалады. Мысалы: тарс+ыл, гүрс+іл, т.с.с.

  15. Сын есімдер мен зат есімдерге –шылық, -шілік құранды жұрнақтар жалғану арқылы жасалады. Мысалы: кең+шілік, аз+шылық, шаруа+шылық, т.с.с.

1-тапсырма. а) Мәтінді оқып, мәтін соңында берілген сұрақтарға жауап беріңіз; ә) мәтінен зат есімдерді тауып, негізгі зат есімдерді бір бағанға, туынды зат есімдерді екінші бағанға теріп жазыңыз.

Cақтандыру дегеніміз сақтандыру ұйымдары, яғни сақтандырушылар мен жеке заңды тұлғалар арасындағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының өздерінің арасындағы жеке және заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтық қатынастар.

Сақтандыру ерікті және міндетті нысандарда жүзеге асырылады. Ерікті сақтандыру сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы шартқа негізделеді. Ерікті сақтандырудың ортақ шарттарын және оның жүргізілу тәртібін айқындайтын ережелерді сақтандырушы дербес айқындайды. Ал міндетті сақтандыру заңға сәйкес жүзеге асырылады.

Сақтандыру объектілеріне Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтін мүліктік мүдделер жатады. Олар: жеке басты сақтандыру (сақтанушының немесе сақтандырылған тұлғаның өмірімен, денсаулығымен, еңбек етуге қабілеттілігімен, зейнетақымен қамсыздандырылуымен байланысты мүдделер жатады), мүлікті сақтандыру (мүлікті иеленумен, пайдаланумен, билеумен байланысты мүдделер жатады), жауапкершілікті сақтандыру (сақтанушының жеке адамға немесе жеке тұлғаның мүлкіне келтірілген зиянын өтеумен байланысты мүдделер жатады.

Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін (қайта сақтандыру мен өзара сақтандырудан басқа) және ҚР резиденттері болып табылатын жеке тұлғалардың мүлкін сақтандыру қызметін тек лицензиясы бар заңды тұлғалар ғана жүзеге асыра алады.

Сақтандырушы сақтандыру қызметін өз агенттері мен делдалдары арқылы жүзеге асырады. Сақтандырылатын нысанның немесе болжалды оқиғаның сақтандыру тәуекелділігі, яғни қатері болғандықтан, сақтандырылады. Ол қатердің ықтималдылық пен кездейсоқтық белгілер болуға тиіс. Ол белгілі болған жағдайда сақтандырылған тұлғаларға, пайда алушыдан сақтандыру өтемі түрінде немесе сақтандыру жағдайы басталғанда сақтандыруды қамсыздандыру түрінде сақтандыру төлемі төленеді. Сақтандыру шартында айқындалған немесе заңда белгіленген ақшалай сома сақтандыру сомасы деп аталады. Осы соманың негізінде сақтандыру жарнасының немесе сақтандыру төлемінің мөлшері белгіленеді.

Мүлікті сақтандыруда сақтандыру сомасы оның шарт жасасу сәтіндегі шын құнынан (сақтандыру құнынан) аспауға, ал сақтандыру жағдайы басталғанда сақтандыру өтемі сақтандырушының немесе үшінші бір тұлғаның сақтандырылған мүлкіне келтірілген тікелей зиянның мөлшерінен аспауға тиіс.

Жеке адамды сақтандыруда сақтандыру сомасын сақтанушы сақтандырушымен келісе отырып белгілейді. Сақтанушы сақтандыру шартына немесе заңға сәйкес сақтандырушыға төлеуге міндетті сақтандыру төлемі сақтандыру жарнасы деп аталады.

Сұрақтар:

  1. Cақтандыру дегеніміз не?

  2. Сақтандырудың қандай түрлері бар?

  3. Ерікті сақтандыру қалай жүргізіледі?

  4. Міндетті сақтандыру қалай жүзеге асырылады?

  5. Жеке басты сақтандыру мүдделеріне нелер жатады?

  6. Мүлікті сақтандыру немен байланысты туындаған?

  7. Жауапкершілікті сақтандыру мүддесі дегеніміз не?

  8. Жеке тұлғалардың мүлкін кімдер сақтандыра алады?

  9. Сақтандыру қызметін кімдер жүргізеді?

  10. Сақтандыру сомасы мен сақтандыру жарнасының айырмашылығы неде?

2-тапсырма. Мәтінді оқып, еліміздегі сақтандырудың тарихын хронологиялық кесте құрастырып, айтып беріңіз.

Қазақстан аумағында сақтандыру алғаш рет Кеңес өгкіметі орнағаннан кейін енгізілді. Бұл кезеңде сақтандыру мемлекеттік іске айналды. Сақтандыруды ұйымдастыру мен жүргізудің жаңа нысаны Халкомкеңестің «Мемлекеттік мүлікті сақтандыру туралы» 1921 жылдың 6 қазанындағы декретімен жүзеге асырылды. Қазақстанда 1926 жылы мемлекеттік сақтандыру ауыл-селода есепке алынған барлық шаруашылықтардың 34%-ын қамтыды. 1929 жылы КСРО ОАҚ пен Халкомкеңесінің қаулысына сәйкес мемлекеттік және кооперативтік кәсіпорындар мен ұйымдардың мүлкін ерікті сақтандыру міндетті сақтандырумен ауыстырылды. Мұның өзі қоғамдастырылған сектордың мүлкін сақтандыруды арзандатып, кеңейтуге және оңайлатуға мүмкіндік берді.

Сақтандыру ұжымшарлардың ұйымдық-шаруашылық жағынан нығаюына септігін тигізді.

1930-1940 жылдары мемлекеттік сақтандыру ісінде елеулі өзгерістер болды. КСРО Халкомкеңесінің 1930 жылғы 6 қазанындағы қаулысымен өмірді жеке сақтандырудың ұзақ мерзімді түрлері жойылды. Соғыс жылдары сақтандыру қоры есебінен майдан мұқтажына республика бойынша 677,9 млн. мөлшерінде қаражат таратылды. Соғыстан кейінгі жылдар мемлекеттік сақтандырудың барлық түрлері тұрақты өсті.

Қазақстанда мемлекеттік сақтандыру органдары КСР Министрлер Кеңесінің «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік сақтандыру органдары туралы» 1982 жылғы қаулысымен бекітілген ережені басшылыққа алды. Сақтандыру органдарын 1987 жылға дейін Қазақ КСР-і Мемсақтандыру Бас басқармасы, ал 1987-1991 жылдары Қазақ КСР-і Мемсақтандыру басқармасы басқарды. Кеңес Одағы ыдырап, еліміздің егемендік алуына, сондай-ақ экономиканың нарықтық қатынастарға көшуіне байланысты бұл басқарма республиканың Министрлік Кеңесінің 1991 жылғы 7 мамырдағы № 289 қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік коммерциялық сақтандыру компаниясы басқармасы болып қайта құрылды. Оның құрылымында 297 бас инспекция және 116 телімдік инспекция жұмыс істеді. КСРО Мемсақтандыру ыдырағаннан кейінгі кезеңде Қазақстан сақтандыру қызметін реформалау ісі қолға алынды. Сөйтіп, 90-жылдардың басында Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің жанынан сақтандыру қадағалауы ұйымдастырылды. 1998 жылы бұл қадағалау Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне берілді. Республикада сақтандыру ұйымдарының қаржы жөнінен тұрақты болуына қойылатын талаптарды, сақтандырудың жаңа заңдарын қалыптастыру, сақтандыру нарығының анықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. 2000 жылы ҚР Ұлттық банкі Сақтандыруды қадағалау органдарының халықаралық қауымдастығына (IAIS) толық құқылы мүше болып кірді. Сақтандыру ұйымдарының есебі мен қаржы есептілігінің жаңа стандарттары енгізілді, IAIS ұсыныстарына сәйкес сақтандыру нарығын ұйымдастырудың жаңа қағидалары мен стандарттары әзірленді. 2000 жылы Қазақстан Республикасында 42 сақтандыру ұйымының сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына лицензиясы болды, оның ішінде төрт ұйымға шетелдік сақтандыру компаниялары қатысады. Республикада сақтандыру ұйымдарының 300-ден астам бөлімшесі мен өкілдіктері жұмыс істейді. Сақтандыру агенттерінің тармақталған желісі бар. 2000 жылы сақтандыру ұйымдарының төленген жарғылық капиталының жиынтық мөлшері 3,8 млрд. теңгеге жуық болды. Ал 2004 жылы салық төлемдері 4,2 млрд. теңгені құрады. Мұның өзі жалпы сақтандыру сыйақысының 14%-ы.

(К. Жүйріков)

3-тапсырма. Мәтінді оқып, онда ұшырасатын зат есімдерді анықтаңыз және ол қандай сөз табынан жасалғанын, қандай тұлғада екенін айтыңыз.

Сақтықта қорлық жоқ

(Халық даналығы)

Мемлекеттің алға басуы және тұрақты өсуі жүзеге асырылуы үшін оның ұлтының қауіпсіздігі мен мемлекеттілігі сақталуы қажет. Бұл аса маңызды шарттардың бірі. Бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алу жеткіліксіз, оны табанды түрде қорғап, нығайтып, ұрпақтан-ұрпаққа қалдыру қажет.

Біз еңсере алмай, болашақ ұрпаққа қандай да бір ауыртпалықтар, қиыншылықтар мен проблемалар қалдырсақ, ол үшін болашақ ұрпақ бізді кешірер, бірақ біз өз мемлекеттілігімізден айрылып, егемендігіміздің стратегиялық негіздерін, өз жерлеріміз бен ресурстарымызды қолымыздан шығарып алсақ, бізге кешірім жоқ. Әрине, болашақты бағамдаудың мұндай қисыны кез келген ішкі және сыртқы жағдайларда ұзақ мерзімді кезеңге арналған Қазақстан саясатының стратегиялық бағыты үшін уақыты жағынан үздіксіз болуы керек. Бұл Қазақстанның 2030 жылдарға дейінгі дамуының бірінші стратегиялық басымдығы болуы тиіс.

Егер еліміз қауіпсіздігін сақтамаса, онда тұрақты даму жоспарлары туралы сөз қозғауымыздың өзі қисынсыз. Біздің ата-бабаларымыз өз мемлекетінің іргетасын қалау мен дамыту жолында, өз мемлекеттілігін сақтап қалуы үшін тарихи ауыр және қатал күрес жүргізгенін біз білеміз. Осы стратегиялық міндеттің шешімін үнемі іздестіре отырып, қазіргі жағдайды геостратегиялық күштермен және олардың өзгеру серпінімен теңдестіре байсалды әрі барабар бағалау бізден талап етіледі.

Қазақстанның қазіргі кездегі және жақын болашақтағы ұлттық қауіпсіздігіне төнуі ықтимал қауіптің тікелей әскери басып кіру және мемлекеттің аумақтық тұтастығына қатер төндіру сипатында болмайтынын біз түсінеміз. Себебі Ресейдің де, Қытайдың да, Батыстың да және мұсылман елдерінің де бізге шабуыл жасауға итермелейтін сылтауы жоқ екені анық. Сондықтан бұл тыныштық пен тұрақтылықты пайдалана отырып, біз Қазақстанның экономикалық әлеуетін тиімді нығайтуымыз керек. Соның негізінде біз ұлттық қауіпсіздіктің сенімді жүйесін құра аламыз.

Өз қауіпсіздігіміз бен аумақтық тұтастығымызды қамтамасыз ету үшін, біріншіден, күшті мемлекет болуға және көршілерімізбен берік және достық қарым-қатынаста болуға тиіспіз. Сондықтан да ең жақын және тарихи достас көршіміз Ресеймен арадағы сенім мен тең құқылы қарым-қатынасымызды дамыта отырып, нығайта бермекпіз. ҚХР-мен өзара тиімді негіздегі осындай сенім мен тату көршілік қатынастарымызды жалғастырамыз. Орталық Азия мемлекеттерімен байланыстарымыз бен интерграциялық процестерді күшейте береміз. Таяу және Орта Шығыс елдерімен де қарым-қатынастарымыз тиісті деңгейде нығая береді.

Екіншіден, «Қазақстан – 2030» стратегиясының негізінде біздің еліміз Америка Құрама Штаттарын қоса алғанда басты демократияшыл индустриясы дамыған мемлекеттермен байланысын күшейтуі қажет. Себебі, бұл елдер гүлденген Қазақстанды құрудың өздерінің ұлттық мүдделеріне сай келетінін ұғына бастады.

Үшіншіден, БҰҰ, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік, Азиялық, Еуропалық және Ислам даму банктері сияқты халықаралық институттар мен форумдардың көмегі мен қолдауын барынша пайдалануымыз керек. Бұл Қазақстанға халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау көрсетілуін қамтамасыз етеді.

Төртіншіден, еліміздің ұлттық егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін сенімді негіз бола алатын бай табиғи ресурстарын игеруіміз тиіс.

Бесіншіден, Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуымыз шарт. Себебі әр азаматтың жақсы тұрмысы ол тұрып жатқан мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігіне байланысты. Ұжымдық қауіпсіздік қамтамасыз етілгенде ғана әрбір адамның жеке мүдделері қамтамасыз етіледі. Егер еліне қауіп төніп тұрса, жеке адам қаншалықты сәтті өмір сүргенімен, ол қорғансыздың күнін кешеді. Ендеше қоғамдық мүдде жекеменшіктік мүддеден гөрі әлдеқайда басым, жоғары тұруы керек.

Біз әлемге өз бірлігіміз бен тәуелсіздікке деген ерік-жігерімізді, азаматтығымыз бен отансүйгіштігімізді паш еткенде ғана бізге деген ниеті теріс күш иелері болса, олар қолданбақ әрекетіне немесе қатер төндіруіне қарсылық көрсетілетінін алдын ала білетін болады.

Біздің еліміз қазіргі кезде әлем бойынша ең бейбіт, тыныштық пен тұрақтылық дәрежесінде өмір сүріп жатқан бірден-бір ел. Деменмен, қауіпсіздік пен тұтастық мәселелерінде біз үнемі қырағы болуға тиіспіз. Атамыз қазақ «Сақтықта қорлық жоқ» деп айтқан емес пе...

(«Қазақстан – 2030» стратегиясы негізінде мәтінді әзірлеген автор)

4-тапсырма. Төменде берілген зат есімдер қандай септік жалғауында және қандай мағына беретінін айтып, олардың әрқайсымен сөйлем құрастырыңыз.

Мемлекеттің, тәуелсіздікті, ұрпаққа, болашақта, жағдайлардан, егемендігімізбен.

5-тапсырма. Төмендегі сөз мен сөз тіркестерін орыс тіліне аударыңыз.

Болашақ –

жағдай –

саясат-

бағыт –

басымдық –

қауіпсіздік –

жоспар –

іргетас –

күрес –

мақсат –

міндет –

шешім –

тұтастық –

тыныштық –

тұрақтылық –

әлеует –