Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Материалдық мәдениет және дизайн тарихы.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.27 Mб
Скачать

Қытай жазуы

Қытай жазуы

Қытай жазуы– қытай халқының жазу жүйесі. Қытай жазуы морфема – логографтық жазу саналады. Көне қытай тілінде сөздер бір буынмен, яғни бір ғана иероглифпен жазылса, кейін көп буынды – бірнеше иероглифті сөздер саны ұлғайып, бір буынды сөздер көп буынды сөздердің түбір морфемаларына айналған. Қытай жазуы Дауынкоу өңірінен табылған алғашқы жазудан (қыш ыдыстағы жазу) басталады, бес мыңжылдық тарихы бар. Археологиялық зерттеулер жазудың қытайдың Инь-шан дәуірінде (б.з.б. 2140 – 1711) пайда болғандығын көрсетті. Хань дәуірі тұсында түрліше жазылып жүрген иероглифтер бірізділікке түсті. Қытай жазуы дамудың үш түрлі кезеңін бастан кешірді: 1) сауыт-сүйек жазуынан қола, Дачуан, Шиау жуан жазуларына дейінгі дәуір; 2) Шиау жуаннан Линшу үлгісіне дейін; 3) Линшу жазуынан Жие шу, Сау шу, Шиң шу уақыты және жазудың бергі дәуірі. Иероглифті зерттеу ертеден басталды, бірақ қазірге дейін қытай жазуында қанша иероглиф бар екені нақты анықталмаған. Б.з. 100 – 121 жылы Шүй-Шин жасаған «Шуо вын жие зы» сөздігінде 9353 иероглиф қамтылған, Цинь патшалығы тұсында (1644 – 1911) Жаң Шу құрастырған «Каң ши» сөздігінде 47035 иероглиф бар. Қытай – жапон сөздігінде 48902 иероглиф, «Қытай тілінің үлкен сөздігінде» 49905 иероглиф қамтылған (Тайвань, 1968). Ғалымдар қазір иероглифтер саны 60 мың шамасында деп болжайды.

Әдебиеті мен өнері

3 мың жылдық тарихы бар Қытай әдебиетінің алғашқы поэтикалық ірі туындысы – «Шицзин» («Жыр кітабы», б.з.б. 11 – 6 ғасырлар) халық жырларының жиынтығы. Көркем прозадан «Гоюй» («Патшалықтар тарихы»), «Чуньцю» («Жылнама»), филосафиялық трактаттардан «Чжуан-цзы», «Сюнь-цзы», тағы басқа шығармаларды атауға болады. Тан дәуірінде поэзия мен новелла дамыды. Юань әулеті (1289 – 1368) дәуірінде қытай драмасы өркен жайды. Жаңа Қытай әдебиетінің негізін қалаушы Лу Синь (1881 – 1936) болды. 1921 – 22 жылы реалистік және романтик. бағыттағы әдеби топтар құрылды. Қазақ тіліне бірқатар шығармалары аударылып, жеке кітап болып басылды. (Лу Синь, «Әңгімелер», 1951, 1958; Го Можо «Әңгімелер», 1958; Лао Шэн «Рикша», 1960; «Мысықтар шаїары», 1972, тағы басқа). Қытай өнерінің ежелгі ескерткіштері б.з.б. 3-мыңжылдықта пайда болды. Неолит дәуірінде жасалған керамикалық бұйымдар сақталған. Инь мемлекеті тұсында айналасы дуалмен қоршалған қалалар пайда болды. Цинь мемлекеті (б.з.б. 221 – 207) кезінде Қытайдың ұлы қорғанының негізгі бөліктері салына бастады. Тан (618 – 907) және Сун (960 – 1279) мемлекеті дәуірлеп тұрған кезде қытай мәдениеті жан-жақты өркен жайды. Қытай музыкасы дүние жүзіндегі ең көне мәдени мұралардың бірінен саналады. Б.з.б. 11 – 6 ғасырлардағы жазбаларда кездесетін «юэ» (музыка) сөзі поэзия, би, бейнелеу өнері деген ұғымдарды да қамтыған. Ежелгі қытай философы Конфуций тамаша музыканың мемлекеттік құрылысқа игі әсері тиетіндіктен оның арнайы құрылымдық сипаты болу керек деп тұжырымдаған. Дәстүрлі қытай оркестрінде 100-ге тарта музыкалық аспаптар қолданылады. Олардың негізгілері: шекті – сэ, цинь, пипа, ху (эрху, сыху, баньху); үрмелі – сяо, пайсяо, шэн; соқпалы – барабан, шылдырмақ қоңыраулар, тағы басқа Қытайдың театр өнері «байси» («жүз ойын-сауық») ойын түрінде пайда болған. Б.з.б. 2 – 1-мыңжылдықтың жазба ескерткіштерінде «чан-ю» («әнші актер»), «пай-ю» («қуақы», «комик») деген терминдер кездеседі. Тан дәуірінде (7 – 10 ғасырлар) ән мен бидің сахналық жаңа түрі – дацюй пайда болды. 8 ғасырдың орта шенінде Тан императоры Сюань-цзунь сарайының жанынан музыканттар мен бишілер, әншілер дайындайтын «Алмұрт бағы» («Лиюань») атты театр мектебі құрылды. 17 – 19 ғасырларда көптеген жергілікті театрлар: банцзы, цинь-цян, юэцзюй, тағы басқа құрылды. 19 ғасырдың орта шенінде осы театрлар негізінде пекиндік муз. драма (цзинси) театры дүниеге келді. Қытай театрының негізгі сипаттары осы цзинсида толық қамтылған.

Кытай мәдениеті мен ғылымы

Б.з.б. 6 – 3 ғасырларда конфуцийшілдік, моизм, легизм мектептерінің қалыптасуы нәтижесінде Қытай философиясы пайда болды. Қытай халқы жаратылыстану және техникалық ғылымдарының дамуына елеулі үлес қосты. Көптеген маңызды ғылыми- техникалық жаңалықтар Қытайда басқа елдерден (соның ішінде Еуропа елдерінен де) бірнеше жүз жыл бұрын пайда болған (компас, сейсмоскоп, спидометр, қағаз, оқ-дәрі жасау, кітап шығару, тағы басқа). Математика Қытайда Хань әулеті тұсында-ақ дами бастаған. Ең көне жұлдыздар каталогін (807 жұлдыз) б.з.б. 4 ғасырда Ши-Шэн құрастырған. Күннің тұтылуы туралы ең алғашқы мәлімет Қытайда б.з.б. 720 жылы жазылған. Б.з.б. 138 – 126 жылы Чжан Цяньның Орта Азияға саяхат жасауы қытайлықтардың елдің батыс жағындағы халықтарды зерттеуіне мүмкіндік туғызды және «Ұлы Жібек жолы» арқылы керуен жүргізіп, сауда жасауына жол ашты. Сун дәуірінде (960 – 1279) Қытай араб елдерімен, Кореямен, Үнді-қытаймен және оңтүстік аралдармен теңіз арқылы сауда жасауды күшейтті. Осыған байланысты Қытайда кеме жасау, теңіз қатынасы өрістей бастады. Медицина тарихы Қытайда 3000 жылға созылады. Медицинадағы ең көне кітап – «Нэйцзин» Қытай медицинасының дамуында үлкен рөл атқарды. Тұңғыш «фармакология» кітабы Қытайда жазылды. Инемен емдеу әдісі Қытай медецина әдебиетінде Сун дәуірі деректерінде кездеседі. Қытай дүние жүзінде бірінші болып селитраны оқ-дәрі жасауға пайдаланды. 16 ғасырда Қытайда оқ-дәрі шығарыла бастады. 3 – 5 ғасырларда фарфор өндіру игерілді. Б.з.б. 6 ғасырда дүние жүзіндегі ең үлкен канал салу жұмысы басталып, ол 13 ғасырда Пекин мен Ханчжоуды су жолымен жалғастырды. Екінші бір үлкен құрылыс – Қытай қорғаны. Қытай халқының дүниежүзілік өркениетке қосқан аса зор үлесі – қағаз жасау (2 ғ.). Кітап шығару тарихы Қытайда 5 – 6 ғасырларға саяды. Қытайда кітапты 2 түсті баяумен басу 1340 жылы жүзеге асырылды. 20 ғасырдың басына дейін Қытайда оқу жүйесі ертедегі классик. конфуцийшілдік діни кітаптарды оқытуға негізделіп келді. 1902 – 03 жылы оқу жүйесінде тұңғыш реформа жасалып, еуропалық үлгідегі мектеп жүйесі қалыптасты. 1953 жылдан негізгі ғылыми бағыттардың бірі ядролық физика мен энергетика саласындағы зерттеулер болды. 1964 жылы қазанда Қытайда тұңғыш рет ядролық құрылғы сыналды (жер бетінде). Ал 1967 жылы маусымда бірінші рет термоядролық құрылғы сыналды. 1966 жылы кезекті атомдық сынау кезінде басқару тетігі бар ракета қолданылып, ол бірнеше жүз километр қашықтыққа ұшты. 1970 жылы Қытай бірінші рет Жердің жасанды серігін (ЖЖС), ал 1971 жылы 2-ЖЖС-н ұшырды.

Мәдени мұралары. Қытай қорғаны

Ұлы Қытай қорғаны

Ұлы Қытай қорғаны (қытай Ваньли чанчэн – он мың шақырымдық қамал) – Қытайдағы ежелгі қорғаныс құрылысы. Қытай қорғанының құрылысы Қытай тарихындағы Чуньцю («Көктем және күз» б.з.б. 770 – 476 жылы) және Чжаньго («Жауласқан патшалықтар» б.з.б. 475 – 221 жылы) заманында салына бастаған. Ол кезде Хуанхэ алқабында жеті шағын патшалық жеке-дара өмір сүрді. Олар өздерінің солтүстік-ндегі ғұн және дунху сияқты көшпелі тайпалардан қорғану үшін өз шекараларына қорғаныс қамалдарын тұрғыза бастады. Б.з.б. 221 жылы тұңғыш император Цинь Шихуанди өзге алты патшалықтың басын біріктіріп, біртұтас Қытай империясын құрды. Ол әр патшалық тұрғызған үзік-үзік қорғаныс қамалдарын бір-біріне жалғастырып салдырды. Оның ұзындығы 5000 километрге жетті. Хань империясы заманында қорған-қамалдар шығыста Ляодун түбегінен батыста Линьтаоға (қазіргі Ганьсу провинциясының жерінде) дейін жеткізілді. Қорғаныс қамалдарының бұзылып, бүлінген жерлерін Қытайды билеген әрбір патшалық жөндеп, қалпына келтіріп отырды. Әсіресе Мин әулеті солтүстігіндегі көршілері – шүршіттер (маньчжур) мен моңғолдардан қорғану үшін сол заманның ең озық техникасын пайдалана отырып, биік тау жоталары мен шатқалдарына және шөл далаға дейін қорғаныс қамалдары мен бекіністерін салдырып, қорғанды ұзарта түсті. Шығыста Бохай теңізінің жағасындағы Шаньхайгуань бекінісінен батыста Ганьсу провинциясындағы Цзяюйгуань бекінісіне дейін созылып жатқан қорғанның жалпы ұзындығы 10000 километрге жетті. Қытай қорғанының бүгінгі күнге дейін бүлінбей жеткен 5000 километрден астам бөлігі сол Мин дәуірінде жөнделіп, жаңадан тұрғызылған. Мұның негізгі бөліктерінің орташа биіктігі 7 – 8 метр, табанының ені 6,5 метр, үстіңгі жағының ені 5,8 метр. Қорғанның үстінде әр 100 метр сайын 2 – 3 қабаттан тұратын қарауыл мұнарасы салынған. Онда гарнизон сарбаздары тұрған, әрі қару-жарақ, оқ-дәрі сақталған. Ал қорғаныс шебінің ең маңызды деген тұстарында ірі бекіністер, ішкі өткелдер бар. Қорғанның ішкі, ал кейде сыртқы жағынан тау жоталарының үстіне аралары белгілі қашықтықты сақтай отырып салынған дабыл мұнараларында күндіз түтін түтетіп, түнде алау жағу арқылы бір-біріне белгі беріп отыратын болған. Осы тәсілмен бір сағаттың ішінде 500 километр алыс жерге әскери дабыл беріп, қауіп-қатерді хабарлай алған. Екі жарым мың жылдан астам тарихы бар Қытай қорғаны адамзаттың сәулет өнері тарихындағы ғажайып кереметтердің бірі. Ол Қытай тарихында белгілі дәрежеде әскери қорғаныстық және Ұлы Жібек жолындағы сауда-саттық байланысында қауіпсіздік рөлін атқарды. Алайда солтүстіктегі көшпелі жауынгер халықтарға ол ешқандай тосқауыл бола алған жоқ. Ғұндар, түріктер, қидандар, моңғолдар мен шүршіттер (маньчжурлер) қорғаннан өтіп, отырықшы елдермен емін-еркін саяси, мәдени және сауда байланыстарын жүргізді, әуелі олар Қытай жерінде Вэй (таб-ғаш), Ляо (қидан), Юань (моңғол), Цинь (маньчжур) империяларын құрып, Қытайды көптеген ғасыр биледі. 1961 жылы ҚХР үкіметі қорғанның көптеген тұстарын қайта қалпына келтіріп, мемлекет қорғауына алды, ал 1987 жылы ол адамзаттың мәдени құндылығы ретінде ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемдік мәдениет және табиғат ескерткіштері тізіміне кіргізілді.

№ 7 дәріс: