- •Мазмұны
- •1 Технология пәнін оқытуда оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін жаңаша оқыту технологияларын қолдану арқылы дамытудың теориялық негіздері
- •1.2 Қазіргі кезең ақпараттық оқыту технологиялары мен құралдарының оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін дамытудағы рөлі
- •Оқушыларды тігін бұйымдарын конструкциялау мен модельдеуге оқытуда ақпараттық технологияларды қолданудың маңызы
- •Технология пәнін оқытуда оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін жаңаша оқыту технологияларын қолдану арқылы дамытудың әдістемелік негіздері
- •2.2 Тігін бұйымдарын конструкциялау мен модельдеу бағыты бойынша оқытылатын сабақтар жүйесі
- •Тігін бұйымдарын конструкциялау мен модельдеуге оқытуда оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін дамытуға ақпараттық технологияларды қолдану ерекшеліктері
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.2 Қазіргі кезең ақпараттық оқыту технологиялары мен құралдарының оқушылардың ақпараттық құзыреттілігін дамытудағы рөлі
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және азаматтық құндылықтар мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желіге шығу» - делінген [33].
Осыған орай бүгінгі ұстаздардың алдында оқушыға білім, білік, дағдыларын игертіп қана қоймай, қабылдауын, ойлауын, қиялын, сезімдерін, яғни жан-жақты, азат, шығармашыл, өз бетімен жұмыс жасай білетін, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны дамыту міндеттері тұр.
Жалпы білім берудің мақсаты – терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі дамытудағы адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдерді қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру, ақпаратты технологияны терең меңгерген, жылдам өзгеріп жататын бүгінгі заманға лайықты, жаңашыл тұлғаны қалыптастыру.
Ақпараттандыру – бұл ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және тиімді пайдалану негізінде мемлекеттік басқару органдары мен азаматтардың ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға қолайлы жағдай құру. Ақпаратық технологиялардың даму қарқындылығы соншалықты жылдам, тіпті кез-келген жаңа нәрсе мен жаңалық пайда болып үлгермей, әрбір үйге жетіп жатады. Білім беру мекемелерін компьютерлік техникалармен жабдықтау мәселесі соңына дейін толық шешілген жоқ, күн тәртібінде қазіргі уақытта басқа мәселе тұр - ол компьютерлік техниканы қалай дұрыс пайдалану керек деген мәселе. Бүгінгі таңда біздің мемлекетіміздің негізгі тұжырымдамасы өркениет дамуының жаңа тарихи фазасынан құрылған ақпараттық қоғам құру курсы қолға алынды. Оның негізі – ақпарат және білім.
Оқытуды компьютерлендірудің негізін әлеуметтік үдеріс ретіндегі екі бағыт құрайды: білім беру ісін компьютерлендіру және оқыту ісін компьютерлендіру. Оқыту ісін компьютерлендіру компьютерді қолданудың тікелей оқыту ісімен байланысты саласын ғана қамтиды. Бұл жағдайда компьютерді пайдалану кеңістігі аса көлемді оқыту сабақтары, оқушыларды тестілеу, біліміне бақылау жасау, ойын сабақтарын және т.б. қамтиды.
Қазіргі кезде оқытуды компьютерлендіруде атқарылатын міндеттері, компьютерге берілетін іс-әрекеттер тұрғысынан қарастыру сипаты нақты көрініс таба бастады (Н.Ф. Талызина, Т.В. Габай, 1977) [34]. Оқу үдерісінде компьютер зерттеп, танып-білу нысаны да, оқыту нысаны да бола алады, яғни оқытуды компьютерлендірудің екі бағыты болуы мүмкін. Бірінші жағдайда, білімді, шеберлікті және дағдыны меңгеру компьютердің мүмкіндіктерін танып-білуге, сонымен бірге оны әртүрлі мәселелерді шешуге пайдалануға, басқа сөзбен айтқанда, компьютерлік сауаттылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ал екінші жағдайда, компьютер оқытудың пәрменділігін арттырудың күшті құралы болып табылады (Е.И. Машбиц) [35].
Оқу қызметін басқару міндетін атқаруда – компьютерді пайдалану оқыту құралы ретінде өзіндік мәнге ие болып саналады. Компьютерді меңгертудің екі түрін ерекше атап көрсетуге болады. Біріншіден, оқушылардың компьютермен тікелей қарым-қатынас жасауы аса маңызды. Бұл жағдайда компьютер білім алушының оған жүктейтін тапсырмаларын мүлтіксіз орындайды, оның дұрыс жүзеге асырылуын бағалайды және қажет болған кезде, тиісті көмек көрсете алады. Мұнда меңгеру ісі мұғалімнің көмегінсіз жүреді, компьютерді меңгерту бағдарламаларының жетілдірілмеуі салдарынан берілген тапсырмаларды дұрыс орындауға мүмкіндігі болмай қалған жағдайда ғана оқушы ұстаздың көмегіне жүгінеді.
Ал екінші жағдайда меңгерту ісі компьютермен оқушының емес, педагогтің қарым-қатынас жасауы арқылы жүзеге асырылады. Компьютер оқушыға оқу үдерісін басқаруға көмектеседі, мысалы, оқушы орындаған тапсырмаларда жіберілген қателерді және оған жұмсалған уақытты ескере отырып, бақылау тапсырмаларының орындалу нәтижелерін шығарып береді. Мұндай мәліметтер барынша жинақталып, бірдей тапсырмаларды әртүрлі оқушылардың қалай орындағанын немесе бір оқушының белгілі бір уақыт аралығындағы нәтижелерін салыстыра отырып, анықтап бере алады.
Көптеген мамандар компьютерді оқыту технологиясына елеулі түрде өзгерістер енгізуге мүмкіндік беретін оқытудың аса қуатты құралы деп қарастырады, атап айтқанда:
- ол оқу ақпараттарын ұсыну мүмкіндіктерін анағұрлым кеңейтеді. Қызметтің нақты жағдайы мультимедиа құралдарын: түр мен түсті, сызба-графиканы, видеобейнені, анимацияны, дыбысты пайдалану нәтижесінде қайта жасалуы мүмкін;
- ол білімді меңгеруге түрткі болатын себептерін күшейтуге мүмкіндік береді. Оқыту себептеріне компьютермен жұмыс істеудің жаңашылдығы, оқытудың әсерлілігі, оқу тапсырмаларын олардың күрделілігі бойынша реттеп отыруға мүмкіндік беру, тапсырмаларды шешу үдерісіне көмек беру пайдалы түрде әсер етеді;
- ол оқушыларды оқу үдерісіне белсене қатысуға тарта түседі. Қалыптасқан дәстүрлі оқыту үдерісінде көп жағдайда барлық оқушылардың оқу үдерісне белсенді түрде қатыстырылуы қамтамасыз етілмейді;
- қолданылатын оқу жаттығуларының жинағы анағұрлым кеңейе түседі; көп жағдайда тапсырмаларды орындау, жаттығуларды шешу үдерісін басқаруға қолдау көрсету жақсара түседі;
- компьютер оқушылардың іс-әрекеттеріне жасалатын бақылаудың сапасын түбірімен өзгертуге мүмкіндік береді, бұл орайда, оқыту үдерісін басқаруды икемді жүргізуді қамтамасыз етеді;
- ол оқушылардың бойында өз іс-әрекеттеріне бақылау жасап отыру дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді, компьютер оқушылардың өз жұмысының нәтижелерін нақты көрнектіліктер түрінде көруіне жағдай жасайды.
Бұл жөнінде А.П. Ершов өз еңбегінде [36] дербес компьютердің мынадай педагогикалық мүмкіндіктерін атап көрсетті:
- компьютер оқу үдерісін нәтижелі жүргізуге мүмкіндік беретін барынша дәл техникалық құрал-жабдық болып табылады;
- компьютер өзі көрсететін көмек пен оған тапсырма беру шарттарын белсенді түрде ұштастыра білген сенімді әріптес бола отырып, оқушының белсенділігін арттырып, оны барынша ынталандыра түседі;
- компьютер – оқу үдерісінің жаттығу кезеңін бақылау үшін керемет құрал болып табылады;
- компьютер жұмысының ішкі орнықтылығы «ойын ережелерін» сақтаудағы тұрақтылығы, осы қасиеттерінің аталған ережелерді танып-білудегі қағидамен ұштасып жатуы оқу үдерісінің танымдық сипатын арттыра түседі, оның интеллектуалдық және логикалық дәрежесін күшейтуге септігін тигізеді;
- компьютердің визуалдық және басқа да күрделі бейнелерді құруға мүмкіндігінің көп болуы оқу үдерісінің ақпараттық арналарының өткізгіштік қасиетін елеулі түрде жақсарта түседі;
- компьютер оқу үдерісіне елеулі түрдегі жаңа танымдық құралдарды енгізуге мүмкіндік береді, атап айтқанда, сараптама жүйелерінің көмегімен есептеу эксперименттерін жүргізуге, есептерді шешуге, алгоритмдерді құрастыруға және білім-таным қорларын толықтыруға жол ашады;
- ғылыми-техникалық төңкерістің жетекші және жалпы бұқаралық құралына айнала отырып, компьютер оқу үдерісіне енуінің өзімен-ақ білім беру саласының нақты, шынайы өмірмен тығыз жақындастыра түседі;
- ақыр аяғында, әмбебаптылығы мен бағдарламалана алатын қасиеттері, оның көптеген мақсаттарда пайдалануға болатындығы көп жағдайларда оқытудың техникалық құрал-жабдықтарының құнын қысқартуға көмектеседі, яғни заттарды пайдалану арқылы сынақтар жасау, зертханалық жұмыстар жүргізу сияқты іс-шараларға шығын жұмсауды болдырмайды және компьютерді бір рет қана емес, бірнеше рет қолдана отырып, арзан бағдарламалық қондырғылар жасауды қамтамасыз етеді.
Кез-келген құрал-жабдықтар сияқты, компьютердің көмегімен оқыту ісінің артықшылықтарымен бірге кемшіліктері де бар. Бұл орайда, белгілі бір компьютерлік оқыту жүйелерін жасаушылардың тәжірибесіздігінен туындайтын кемшіліктерді нақты ажырата алуға тиіспіз. Мұндай кемшіліктерге компьютерлік оқыту бағдарламаларының дидактикалық қағидаларды ескермей жасалуы, компьютердің күш-қуаттық мүмкіндіктерінің толығымен пайдаланылмауы, сондай-ақ, компьютердің техникалық жүйе ретіндегі өзіндік табиғатынан туындайтын олқылықтарды жатқызуға болады.
Сол себепті компьютерді меңгерту үдерісінде пайдалану ісіне қарсылық білдіріліп, белгілі бір оқыту бағдарламаларының пайдасы немесе пәрменділігі аз екені туралы сөз болған жағдайда, мәселе компьютердің техникалық құрал ретіндегі өзіндік қызметінде емес, сол арқылы қолданылатын оқыту бағдарламаларының талапқа сай еместігіне байланысты болып жатады. Қолда бар көптеген оқыту бағдарламаларының тиімсіз болып шығуын оларды жасап, құрастырудың алғашқы ойлағандағыға қарағанда, анағұрлым күрделі жұмыс болып шыққандығымен түсіндіруге болады. Бұл үдеріс көптеген психологиялық-педагогикалық өзекті мәселелерді шешу ісімен тығыз байланысты. Ал компьютерлік оқыту бағдарламаларын жасаушы мамандардың көпшілігі оқыту бағдарламасын құрастыру барысында аса қажет болып табылатын психологиялық-педагогикалық дайындықтан өтпеген болып шығады, олардың басым көпшілігі оқыту бағдарламалары қалай сынақтан өткізілетінінен, олардың пайдалылығы мен пәрменділігі қалай бағаланатынынан бейхабар болады.
Дегенмен, анағұрлым пәрменді оқыту бағдарламалы қолданылған жағдайда да компьютердің мүмкіндіктері үнемі және жан-жақты, толық пайдаланыла бермейді. Әсіресе, оқушының берген жауабына нақты, дәл талдау жасай білуге, оның жіберген қателеріне сараптама жасап беруге шамасы келмейтін бағдарламалар орнатылған компьютер мен оқушының өзара қарым-қатынастық байланыс жасауға мүмкіндігі болмауына орай көптеген кемшіліктерге жол беріліп, оқушылар мен мұғалімдер тарапынан сын-ескертулер айтылып жатады. Мұндай компьютерлерді пайдалануда жіберілетін осыған ұқсас олқылықтар оқыту бағдарламасын жасаушылар тарапынан компьютер мен оқушылардың өзара қарым-қатынасына байланысты педагогикалық және психологиялық қағидаларды көп жағдайда ескере бермеуінен туындайды.
Компьютерді оқыту үдерісінде пайдалану идеясы оқыту бағдарламалау тұжырымдамасы аясында пайда болды. Б.Ф. Скиннер жасап шығарған оқытуды бағдарламалау тұжырымдамасының ең басты тұжырымы – дидактикалық машинаның немесе бағдарламаланған оқулықтың көмегімен берілетін тапсырмалардың жүйелі бірізділіктегі бағдарламасы болып табылаты. Оқытудың сипатына және берілуге тиісті жауаптардың мазмұнына қарай бағдарламалар тікелей, тармақталған, аралас бағдарламалар болып ерекшеленеді [37].
Қазіргі заманғы мектептердің алдында тұрған оқушылардың қабілеттерін дамытуға бағытталған негізгі міндеттермен бірге балама бағдарламалардың, дидактикалық құралдардың, әртүрлі сипаттағы білім беру мекемелерінің болуы жобалау ісі педагогикалық қызметтің қажетті компоненті болуы қажеттігін талап етеді.
ХХ ғасырдың 80-жылдарының бас кезіне қарай «оқыту технологиясы» және «педагогикалық технология» ұғымдары оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру және басқару құралдары мен әдістерінің жүйесі немесе «қолданылып жүрген әдістерді бағалау арқылы әдістер қолдану мен материалдарды құрастыру жолымен білім беру ісінің пәрменділігін арттыру факторларын талдау жолымен» білім беру үдерісін оңтайландыру әдістерін жасау ретінде түсіндіріліп, қабылдана бастады (Н.Г.Суртаева). Қазіргі заманғы педагогикалық үдерістердің мәнін одан әрі сарапқа салу күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатыр, бұл ұғымның ауқымы мен мазмұны әлі де нақтылана түсуде, тіпті ол әртүрлі талас-тартыс та тудыруда.
Ғылыми еңбектерге жасалған талдау автордың көпшілігі компьютердің оқыту үдерісіндегі педагогикалық мүмкіндіктерінің жоғары екендігін көрсетеді. Әйтседе компьютерді пайдалану педагогикалық бағдарламалық құралдарды құрастыру барысында компьютердің оқушымен өзара әрекеттегі дидактикалық және психологиялық қағидаларын ескергенде ғана тиімді болады. Білім беру ісін технологияландыру теориялық негіздері әдебиеттерде енді ғана айқындала бастаған педагогикалық жобалаумен үзіліссіз байланысты.
Компьютерлік технология бағдарламалық оқыту идеяларын дамытады, қазіргі заманғы компьютерлер мен телекоммуникациялардың ерекше мүмкіндіктерімен байланысты, әлі зерттеле қоймаған, жаңа оқытудың технологиялық үлгілерін ашып береді.
Қазіргі жағдайда компьютерлік технология адамзат тіршілігінің барлық бағытына енген, олар біздің зерттеуімізге аса қызығушылық туындатады.
Компьютерлік технология - деп қазіргі есептеу техникасы мен бағдарламалық қамтамасыз ететін құралдарды пайдалана отырып, адамзат қызметінің барлық түріндегі ақпаратты өңдеу үшін жасалған және жобаланған үдерістің жүйелі, бірізділікте қолданылуын айтады.
Компьютерлік технологияның даму деңгейі, ең алдымен, жедел өңделіп, жетілдіріліп отыруға қабілетті сипаттағы аппараттық және бағдарламалық құралдармен анықталады. Аппараттық-бағдарламалық сипаттамалар, әсіресе, білім беру жүйесіндегі дидактикалық үдерістерді дамытуда аса маңызды.
Компьютерлік технологияның құрамдас үш негізі бар:
1) техниканың өзі (бұл ақпараттық жүйені техникалық жағынан қамтамасыз етуін көздейді);
2)осы техникада ақпаратты өңдеу бағдарламалары (бұл жүйенің бағдарламалық тұрғыда қамтамасыз етілуін қарастырады);
3) ақпарат нәтижесі (бұл осы бағдарламалар бойынша техникада өңделеді).
Барлық өндірістік міндеттер, өз кезегінде, шағын жүйелердің міндеттеріне біріктірілген. Міндеттемелік шағын жүйелер басқару міндеттеріне және қызмет түрлеріне қарай ажыратылады. Шағын жүйелердің немесе міндеттердің өндірістік, маркетингтік, қаржылық, бухгалтерлік, кадрлық, жедел және басқа да түрлері болуы мүмкін. Атқарушылық міндеттерді шешу барысында үш шағын жүйе жұмыс істейді:
1) бағдарламалық қамтамасыз ету;
2) ақпараттық қамтамасыз ету;
3) техникалық қамтамасыз ету.
Бағдарламалық қамтамасыз ету – өзіндік қызметтік міндеттерін атқару барысындағы техникалық құрал-жабдықтардың жұмысын қамтамасыз етіп отыратын бағдарламалардың жиынтығы. Компьютердегі ақпараттық жұмыстарды атқарудың қызметтік міндеттерін шешу үшін мынадай бағдарламалары қолданылады:
- қолданбалы бағдарламалар;
- пайдаланушының (адамның) ЭЕМ-мен (операциялық жүйелер мен кеңістіктер) арасындағы «достық» диалогты ұйымдастыру үшін қажетті бағдарламалық құрал-жабдықтар;
- есептеу техникаларына (қызмет көрсету бағдарламаларына) қызмет етуге арналған бағдарламалар;
- жаңа бағдарламалар жасау үшін қажетті құрал-жабдықтық құралдар (бағдарламалаудың тілдері);
- мәліметтер қорларын және тағы басқаларды жасауға арналған бағдарламалық құрал-жабдықтар және тағы басқалар.
Ақпараттық қамтамасыз ету – деректерді сипаттаудың біртекті, анағұрлым жүйеленген қызметтік міндеттері мен тілдік құрал-жабдықтарын шешуге арналған, сонымен бірге оған сәйкес келетін нұсқаушылық және әдістемелік материалдардың деректемелік қорларының бірыңғай жиынтығы болып табылады.
Техникалық қамтамасыз ету – есептеу және байланыс техникаларының кешендік жиынтығы, оның көмегімен тиісті мәліметтерді өңдейтін тиісті бағдарламалар бойынша барлық ақпараттық үдерістер жүзеге асырылады.
Ақпараттық технология құралдарын (АТҚ) пайдалану оқытудың мақсаты мен мазмұнын өзгертеді, оқытудың жаңа әдістері мен ұйымдастыру формалары пайда болады. АТҚ оқу-тәрбие міндеттерін шешу үшін қолдану кез-келген оқушыны оқытудағы міндетті компоненттің бірі болып табылады. Сол себепті мектептің алдында оқушыны әртүрлі сипаттағы компьютерлік технологияны пайдалана білуге үйрету міндеті тұр.
АТҚ жоғары сынып оқушыларының оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың тиімділігі білім алушылардың оқу-танымдық әрекетін ұйымдастыруда пайдаланылатын педагогикалық құралдардың тұжырымдамалық тұрғыда жасалуына; оқушыларды даярлаудағы оқу-ақпараттық ортаның мектеп өміріне бейімделу дәрежесіне; білім алушылардың ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы белгілі бір мақсатқа бағытталған тапсырмаларды шешудегі даярлық деңгейіне байланысты.
Мектептегі оқу-әдістемелік үдерістің қызметін ұйымдастыруда компьютерлік технологияларды пайдаланудың мынадай түрлерін қамтамасыз ету қажет:
- таным үдерісін оңтайландыруды және іс-әрекет қызметінің жеке-дара стилін қалыптастыруды қамтамасыз ететін оқыту құралдары;
- зерттеу пәні ретінде мектептегі білім беру ортасындағы ақпараттық үдерістерді ұйымдастырудың ерекшеліктерін ескере отырып, ақпараттарды өңдеудің қазіргі заманғы әдістерін қамтамасыз ету;
- қазіргі заманғы ақпараттық ортада шешім қабылдай білу дағдысын қалыптастыруды қамтамасыз етуге бағытталған құралдар ретінде қолданылуы, атап айтқанда, қажетті ақпараттарды анықтау, ұйымдастыру және іздеу; алға қойылған міндеттерге сәйкес келетін құралдарды таңдай білу және ұйымдастыра білу; ақпараттарды өңдеу технологияларын пайдалана білу; алынған нәтижелерді оқу-тәрбиелік міндеттерді шешу үдерісін оңтайландыру мақсатында пайдалана білу.
Жоғары сынып оқушыларының АТҚ меңгеруді тиімді болуы мыналарға байланысты:
- білім алушылардың оқу-танымдық қызметін ұйымдастыруда пайдаланылатын педагогикалық құрал-жабдықтарының тұжырымды түрде жасалу қажеттігі;
- мектеп оқушыларының оқу-ақпараттық ортаға бейімделу дәрежесі;
- білім алушылардың ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы белгілі бір мақсатқа бағытталған міндеттерді шешуге дайындығы.
Жоғары сынып оқушылары компьютерлік технологиялаға қажетті білім негізін меңгерту әрі оны практикада пайдалану тәжірибелерін жинақтауы қажет, оларды практикалық іс-әрекеттерде пайдалануға байланысты даярлықты меңгеруі тиіс.
Компьютерлік технологияларды меңгерудің мынадай өзіндік ерекшеліктері бар:
- компьютерлік технологияларды қай мақсатқа арналғанын, қолданылу салаларын және негізгі жұмыс қағидаларын білу;
- нақты технологиялардың берілген негізгі міндеттік мүмкіндіктерін білу;
- технологиялар арқылы жүзеге асырылатын бағдарламалық құралдармен жұмыс істеудің әдістері мен тәсілдерін білу және оларды іс жүзіндегі тәжірибелік іс-әрекет қызметінде пайдалана білу дағдысын меңгеру.
АТҚ жоғары сынып оқушыларының әлеуметтік-мәдени дамуы барысын техникалық жағынан қамтамасыз етуде шешуші қызмет атқарады.
Оқытуды компьютерлендіру оқыту технологиясын жетілдірудің белгілі бағыттарының бірі болып табылады, оның әсіресе жоғары сынып оқушыларына білім берудегі маңызы орасан зор. Әртүрлі жоғары оқу орындарына түскелі отырған және қоғамдық өндірістің әртүрлі салаларында қызмет етуді көздеген жоғары сынып оқушылары үшін технологиялық жүйелер қызметінің негізгі заңдылықтары мен дамуын білу, оларды бағалай білу, оларға талдау жасап, басқара білу аса маңызды.
Отандық және шетелдік әдебиеттерге талдау жасау нәтижесінде мектеп ортасында кеңінен таралған компьютерлік технологияларды дамытудың үлгілерін жасау қарқындылығын арттыру арқылы ақпараттық жағынан сауатты мектеп оқушыларын дайындауды одан әрі жақсарта түсу қажеттігі өте өзекті мәселе екені анықталып отыр.
АТҚ негізінде мектеп оқушыларын оқытудың теориясы мен әдістемелері А.Л.Денисовтың еңбектерінде ұсынылған, бұл жұмыста автор әлдеқайда әлсіз жасалған педагогикалық ақпараттық технологиялардың тұжырымдамалық жасалымдары көп жағдайда іс жүзіндегі шынайы жағдайлармен қарама-қайшылықтарға ұрындырады, мектеп оқушыларын оқыту, тәрбиелеу және дамыту ісіндегі міндеттерді жүзеге асыруға кедергі келтіреді. Атап көрсетілген қарама-қайшылықтарды болдырмау үшін мектепте білім беру жұмысының мазмұнын қазіргі заманғы жаңа ақпараттық технологиялар негізінде үздіксіз жаңартып, жаңғыртып отыру керек.
Бірқатар зерттеулерде мектеп оқушыларын компьютерлік технологияларды іс жүзіндегі тәжірибелік қызмет барысында қолдана білуге үйрету мәселесі қарастырылған, мектеп оқушыларын оқу сабақтары жүйесінде оқыту мазмұнының ерекшеліктері және оны әдістемелік жағынан қамтамасыз ету мәселелері ашып көрсетілген.
Көптеген әлеуметтік зерттеулердің мәліметтері бойынша мамандар жоғары сынып оқушыларына компьютерлік технологияларды меңгертуге қажетті арнайы ақпараттардың өте тапшы екенін атап көрсетеді.
Қазіргі заманғы ақпараттық ортаны қалыптастыру үдерісі жас ұрпақтың іскерлік жеке тұлғалық қасиеттеріне қойылатын талаптардың жүзеге асырылуына тигізіп отыр. Сонымен бірге, ақпараттық технологияларды жобалаудың қағидаларын тәжірибелік тұрғыдан іс жүзіне асыру, мектеп пәндерін оқытуда ақпараттық технологиялар құрал-жабдықтарын пайдалану арқылы оқытудың нақты әдістемелерін жасау ісі өмір қажеттіліктері талап етіп отырғандай жедел түрде және жоғары дәрежеде жасалып отырған жоқ.
Ақпараттандыруды дамытудың маңызды факторларының бірі компьютерлік сауаттылыққа қол жеткізу қажеттілігін мойындай білу қажет. Жоғары сынып оқушыларын компьютерлік сауаттылыққа дайындау мәселесі ең алдымен олардың кәсіби компьютерлік технологияларды меңгеруіне қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Бұл орайда, олардың компьютерде жұмыс істей білу дағдысын меңгеруі оны өздерінің болашақ кәсіби қызметінде пайдалана білуінің қолданбалы мүмкіндіктерін танып-білумен тығыз байланысты. Осылайша, басты назар дербес компьютерлерде жұмыс істей білу ерекшеліктерін үйренуден дербес есептегіш машиналарда кәсіби міндеттерді шеше алуды меңгеру ісіне бірте-бірте ауыстырылады. Компьютерлер мектеп оқушыларының келешекте меңгеретін, кәсіптік қызметіне қажетті құрал-жабдығы ретінде үйрену нысаны ғана емес, жоғары сынып оқушыларының жүйелі ойлау қабілеттерін қалыптастыру құралына айналуы тиіс. Сол арқылы олардың адам өмірінде есептеу техникаларының алатын орнын бағалай отырып, ақпараттық қоғамда өздерін қауіпсіз және қолайлы сезінуіне жағдай жасалуы қажет.
Дәстүрлі практикада оқыту нақты пәндер мен құбылыстарды қабылдаудан және ұғымның қалыптасуынан ұғымдарды қорытып түсінуге логикалық оқыту дәйекті әмбебап болды. Бұл логика, бастауыш сыныптар үшін, орта және жоғар сыныптар үшін қолданылатын заңдылық. Оларды арасында және теория мен практикада индуктивті-аналитикалық қандай болса, дедуктивті-синтетикалықа сондай логикалық оқу үдерісінің өзара іс-әрекетінің тығыз байланыстылығының қажеттілігі дәйекті түрде дәлелденген. Бұл шешімнің мәніне нақты затты қабылдау және пайда болуымен нақты материалдарды қабылдау көмегімен бір мезгілде тереңірек және мазмұнды болатын сол ғылыми түсініктер мен қағидалалар кіреді. Дегенімен, бұл танымдық схема қағидасына қайшы болмайды ол: нақты пайымдаудан, абстрактілі ойлауға және одан білімді меңгеру үдерісінің құрылымынан практикада қолдануында жалғасатындығымен ерекшеленеді.
Оқыту үдерісінде ақпараттарды қабылдауда көптеген факторлар әсер етеді. Атап айтқанда, ақпараттың берілу жиілігі, жылдамдығы (темп), оқушының психологиялық жағдайы, апта күндері, сабақ сағаттары және т.б. Ақпаратты қабылдаудың мазмұны оқушыларға берілетін тапсырмаларға, іс-әрекет және құру мотивіне де байланысты, сонымен бірге, қабылдау мазмұнын өзгертетін эмоцияларына да байланысты.
Абстрактілі ойлау (түсіну, ұғыну, қорыту) бейнелер мен көріністер іс-әрекетті қабылдаудың нәтижесі ретінде барлық уақытта мағыналы мәнге ие. Бұл қабылдау қабылданатын маңызды заттың және құбылыстарды түсінумен, ойлаумен тығыз байланысты.
Ұсынылған ақпараттарды түсіну алғашқы құрылу арқылы, мағыналы түрде ұғынылатын заттардың өзара байланысы мен қатынастары, пайда болуымен және үдерісімен, олардың құрамын табу, белгілеу, атқарылу себептері және көздері саналады. Түсінудің негізі болып, өз кезегінде терең және әрқилы мағына үшін негізгі болып табылатын жаңа материалдар мен ескі оқытылған материалдар арасындағы байланысы табылады.
Оқытылатын ақпаратты ұғыну қиын мағыналы операциялар негізінде ақылды іс-әрекеттерге сүйенетін әрекеттесуді жалпы оқытатын ептілік пен дағдыны керек етеді: талдау және синтездеу, теңеу және салыстыру, топтастыру және жүйелеу т.с.с. Оқу материалдарын сапалы ұғу оқушылардың оған бағытталған қатынастарымен, оның әлеуметтік, практикалық түсінігі, мағыналық және мәнді тұлғалық қатынасымен қалыптасады. Ұғыну білімді қорытындылау үдерісін тікелей жоғарылатуға әсер етеді.
Заттар мен құбылыстардың маңызды белгісінің бөлінуімен және жүйеленуімен қорытындылаумен сипатталады. Бұл нақтыдан абстрактілеу баспалдағын ұғынумен, ойды айқындаудан түсінікті анықтау өту кезіндегі ұғыну дәрежесімен салыстырғанда жоғарырақ. Нақты заттар мен құбылыстарға онда назар аударылғандықтан ғылыми түсініктер әрқашан абстрактілі. Ғылыми түсініктерге сүйеніп, қорытындылау пікірлерді талдау ой тұжырымдауға, өзіндік шешімі мен дәлеліне алып келуге мүмкіндік береді.
Аналитикалық, дедуктивті-синтетикалық логикалық оқу үдерісін оқытуда қолданудың мүмкіндіктерін ескере отырып, индуктивті-аналитикалық жолы таңдалса, оқытуды қорытындылау аяқталатындығын (негізгі) ерекше атап өткен жөн. Дедуктивті-синтетикалық логикада керісінше, берілген қорытындылау тақырыпты үйренудің басында түсініктер, теориялар, анықтамалар, заңдар түрінде ендіріледі немесе оны үйрену үдерісінде іске асады.
Білімді практикада қолдану. Бекіту мен білімді қолдану арасындағы байланысы меңгеру прцесінің қажетті құрылымдық компоненті болып табылады. Бекіту қайталап ұғынуды және оқушының жеке тәрбиесі құрылымына жаңа материалды үйрету мақсатында бірнеше қайталап еске түсіруді ұйғарады. Ол әрине, есте сақтау әрекетке келтіруді талап етеді, бірақ, шындықты, анықтамаларды, дәлел түрлері механикалық жаттап алу мүмкін еместігіне әкеліп саяды. Бекітудің нәтижесі практикада білімді жүйелі жаттығуларды қолдануымен келісілген.
Білімнің құны, төзімділігі және әрекеттілігі практикамен тексеріледі. Білімді қолданудың негізінде абстрактіден нақтыға кері шыңына шығу үдерісі жатыр, яғни нақтылау. Нақтылау абстрактілі білімді нақты практикалық тапсырманы шешуде қолдана алуы, кейде оқу-танымдық іс-әрекеттерді шешуде ойланған операцияны білдіреді. Оқу практикасында нақтылау өз мысалын келтіре алудан басталады. Әрі қарай бұл ойлау қаблеті педагогтің көмегінсіз қиын тапсырманы шешу арқылы, сабақтан тыс іс-әрекеттер кезінде білімін қолдану арқылы айқындалады. Білімді қолдану әртүрлі формада және меңгерген материалдың мамандану түрлеріне байланысты іске асуы мүмкін [38,39,40].
«Білімді меңгеру – білім, іскерлік пен дағдыны мықтап игеруге бағытталған танымдың іс-әрекет. Зерделенетін құбылыстар, фактілерді, үдерістерді талдау мен синтездеу нәтижесінде білім қорытындыланады. Ол ғылыми ұғымның негізін қалайды» -деп көрсетілген. Сонымен қатар, жеке және топтық психологиялық ерекшеліктері, тыңдаушыларды саналы іс-әрекетке үйретіп, оған мынадай сапалы операцияларды, яғни талдау, синтез, қорытындылау, абстракциялауды меңгереді.
Оқушының білімді меңгеруі жаңа оқу материалын қабылдаудан басталады. Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың немесе құбылыстардың адам санасында бейнелену үдерісі.
Білімді жан-жақты меңгеру және түсіну үшіноқу материалын қабылдау – бақылау жеткіліксіз. Одан әрі оқушылар қорытындылар жасауға тиіс. Бұл оқушылардың білім мазмұнын жете түсініп, меңгеруі және белсенді терең ойлау әрекетінің нәтижесінде ғана жүзеге асады.
Ұғыну – бұл саналы түрде ғылыми білімді, заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау үдерісі, қорытынды шығару.
Оқыту үдерісінде оқушылардың алған білімдерін бекітіп оқытудың маңызы ерекше.
Білімді жан-жақты меңгеру, оны практикада қолдануды қажет етеді [83].
Компьютерлік технологияны меңгерту – компьютерлік-бағдарламалық құралдарды пайдалануға негізделген білім беру технологиясы. Оның құрылымы бірнеше кезеңдерден тұрады және нақты қағидаларға негізделеді (динамикалық, жүйелілік, кіріктілік, модульдік, бейімділік, қорытындылық т.б.).
Компьютерлік технологияны меңгертуде оқушының компьютерлік технология туралы оқу материалдарын қабылдауы, әрі оның мида бейнеленуі мен бақылауы, оқу мазмұнын жете түсініп, ұғынуы, білім, іскерлік пен дағдыны практикада қолдана білуі қажет.
Оқу – оқыту үдерісіндегі оқушылардың іс-әрекеті. Оқыту үдерісінің логикасы оның құрылымын анықтайды, ол құрылымына оқыту үдерісінің звенолары - танымдық іс-әрекетінің, кезеңдері кіреді:
таным міндеттерін жете түсіну;
жаңа материалды қабылдау;
ұғыну – жаңа материалды түсініп, жинақтау үдерісі;
білімді, іскерлікті және дағдыны бекіту және жетілдіру;
білімді, іскерлікті және дағдыны практикада қолдана білу;
оқушылардың жетістіктерін талдау, білімін, іскерлігін және дағдысын тексеру, бағалау.
Таным міндеті түсінікті болса, оны оқушылар өз бетімен ізденіп, шешуге тырысады, Оқыту үдерісінің әрбір звеносына жеке-жеке дайындалады.
Қабылдау – адамға тікелей әсер ететін заттардың я құбылыстардың адам санасында бейнелеу үдерісі. Сабақ үстінде оқушыларды жаңа компьютерлік технологиялармен танысуы түйсіктен және қабылдаудан басталады. Түйсік сананың сыртқы әлеммен байланысы. Сезім мүшелерімізге әсер етіп, оның миымызда бейнеленуін түйсік атқарады.
Оқушыларды жаңа материалдармен таныстыру, бақылау, эксперимент, практикалық жұмыстар үдерісінде тікелей қабылдау арқылы немесе жанама түрде мұғалімнің сөзі, эвристикалық әңгіме, оқулық арқылы жүзеге асады.
Ұғыну – бұл оқушының саналы түрде компьютерлік технология жөнінде ғылыми білімді заңдылықтарды ұғу, фактілерді жинақтау үдерісі, қорытынды шығару. Ұғыну үдерісінде оқытылатын материал терең ойластырылады, дәлелденеді және бекітіледі.
Оқушылардың білімді берік ұғынуының тиімді тәсілі - бекіту. Сабақта жаңа материалды алғаш бекіту қолданылады. Өткен оқу материалын еске түсіру үшін мұғалім күнделікті қайталауды жүргізіп отырады.
Оқу бағдарламасы бойынша нақты тарауларды, оқу курсын толық бітіргеннен кейін жинақтап қайталау басталады. Мұндай қайталау оқушылардың білімін бекіту және жүйеге келтіру үшін жүргізіледі.
Оқыту үдерісінің звеноларын таным үдерісінің формуласына сүйеніп, салыстыру ретінде логикалық бірізділікті былайша байқалады:
нақты аңғару – түйсік, қабылдау.
абстрактілі ойлау – ұғыну, мәнін түсіну.
практика – бекіту, білімді, іскерлікті, дағдыны практикалық қолдану, оқу үдерісінің осы компоненттерін тексеру, бағалау. Сонымен оқыту үдерісінің звенолары сабақ үстінде оқушылардың іс-әрекетінде жүзеге асырылады. Егер олардың іс-әрекетінде мотив – адамның обьективті мұқтаждығы мен ынтасын бейнелейтін әрекетіне ішкі талаптануы. Демек, мұқтажтық пен ынта мотивтің негізі болады.
Жоғары сынып оқушылары мен мектеп мұғалімдері арасында жүргізілген әңгімелесулер мен олардың анкета сұрақтарына берген жауаптары көрсеткеніндей, оқу-тәрбиелік жұмыс үдерісінде АТҚ-ың қолданылуы оқушылар мен мұғалімдердің өмірінде ерекше орын алады, алайда, олардың АТҚ жақсы меңгеруге қажетті білімдері мен дағдылары салыстырмалы түрде төмен дәрежеде.
Жүргізілген сұхбаттар мен анкеталық сауалнаманың нәтижесінде жоғары сынып оқушылары мен мұғалімдер компьютерлік технологияларды үйренуге қажетті білім қорын оқу барысында және сабақтан тыс іс-әрекеттер барысында нашар меңгеретінін, ақпараттандыру идеясын іс жүзіндегі тәжірибелік жұмыстарда жүзеге асыруда көптеген қиындықтарға тап болатынын көрсетті. Алынған мәліметтерге жасалған талдау мынаны көрсетті, мұғалімдердің 60,1% пайызының компьютерлік технологияларды оқу-тәрбие барысында қолдану дәрежесі өте нашар. Ұстаздық жұмыс өтілдері 5 жылдан асатын мұғалімдердің компьютерлік технологияны меңгеруінің пайыздық дәрежесі өте төмен, 70% пайыздан астам мөлшерді құрайды. Бұл олардың көпшілігі дербес компьютерлерді өздерінің оқу-тәрбиелік жұмысы барысында мүлдем қолданбағанын білдіреді. Ал, жалпы педагогикалық жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын және мұғалімдердің арасында компьютерлік технологияларды өздерінің мамандықтарына байланысты арнайы пәндерді оқу барысында пайдаланған ұстаздардың 25,9% пайызының компьютерлерді пайдалану дәрежесі аз мөлшерді құрайды, біз зерттеп отырған компьютерлік технологияларды оқушыларға меңгерту үдерісі барысында пайдалануға дайындық дәрежесі өте жоғары мұғалімдердің үлес салмағы бар болғаны 14,0% пайызды ғана құрайды. Бұдан басқа, мектеп түлектері арасында жүргізілген анкеталық сауалнамалардың нәтижелері де осы көрсеткіштерге өте ұқсас. Мұның барлығы мектеп оқушыларын оқу-тәрбие үдерісінде компьютерлік технологияларды пайдалана отырып оқытудың дәстүрлі жүйелерінің пайдасы мен пәрменділігі өте төмен екенін және бұл саладағы ізденістерді жетілдіре түсу қажеттігін дәлелдейді.
Мектеп оқушыларының өздерінің күнделікті іс-әрекет қызметтері барысында компьютерлік технологияларды пайдалана білу деңгейін анықтаумен бірге мектептерде жүргізіліп келе жатқан осы бағыттағы оқыту үдерісіне көңілі толатындығы мен қанағаттану дәрежесі де айқындалды. Анкеталық сауалнамалар нәтижесі көрсеткеніндей, компьютерлік технологияларды қолдануға дайындықты қалыптастырудың қазіргі қолданыстағы жүйелері мектеп оқушыларының қажеттіліктеріне жеткілікті дәрежеде бағытталмаған. Мектеп оқушыларының компьютерлік технологияларды мектептегі оқу үдерісінде қолдану деңгейі туралы ой-пікірлерін білудің маңызды мәні бар, өйткені бұл арқылы жоғары сынып оқушыларының білім сапасын арттырудың жолдарын іздеп, жетілдіруге мүмкіндік береді.
Жоғары сынып оқушыларын киімді конструкциялау мен модельдеуге оқытуда компьютерлік технологияны меңгертуде өзіндік кемшіліктер кездеседі. Біріншіден, «Технология» сабақтарында компьютерлік технологиялар кеңінен қолданылмайды, тіпті компьютерлердің өзі сирек пайдаланылады, сондықтан мектеп оқушыларының көпшілігі онымен жұмыс істей алмайды. Екіншіден, сабақ беретін мұғалімдердің өздерінің компьютерде жұмыс істей білу біліктіліктері де төмен болып келеді. Үшіншіден, мектеп оқушыларына сабақтан тыс уақыттарда компьютерлік технологиялар бойынша компьютерді меңгеруге бағытталған сабақтар жүргізілмейді, бұл бағытта білім берілмейді.
Сол себепті мектеп оқушыларын компьютерлік технологияны пайдалана отырып оқытудың барлық үдерісінің жалпы бағыты оқытудың барлық кезеңінде тұрақты және үздіксіз жүргізілуі тиіс. Жоғары сынып оқушыларына оқу материалдарын баяндау барысында, әсіресе, технология пәнінде компьютерлік технологияларды пайдаланудың қажеттілігі мен пәрменділігін көрсетіп отыру керек. Тек осы жол арқылы ғана мектеп оқушыларының мектепті бітіргеннен кейінгі өзінің болашақ іс-әрекет қызметінде компьютерлік технологияны пайдалана білу дағдысын тұрақты түрде қалыптастыруға және оны қолдануға қажеттілік болуына мүмкіндікті қалыптастыруға болады.
Жоғары сынып оқушыларын қазіргі заманғы ақпараттық қоғамда компьютерлік дайындықпен үздіксіз қамтамасыз етудің басты бағыттары мыналар:
- ақпараттық орта жағдайында компьютерлік технологияны пайдалануға дайындықты қалыптастыру;
- ақпараттық қоғамның жеке тұлғалық менталитетін қалыптастыру;
- ақпараттық қоғамдағы компьютерлік технологиялардың теорияларын және іс-тәжірибелерін меңгерген жеке тұлғалардың өзін-өзі танытуына қабілетін қалыптастыру;
- қазіргі заманғы жедел өзгеріп жатқан ақпараттандыру дәуірінде әлеуметтік тұлғаның үздіксіз өзіндік білім алуына қажеттілігі мен қабілеттілігін қалыптастыру [42-45].
Үздіксіз компьютерлік дайындық дегенде біз ақпараттық қоғамның мақсаттарын жүзеге асырудың қөп сатылы үдерістерін жүзеге асыруды, білім беру және іс-тәжірибелік қызметті ақпараттандыруды барлық пәндер бойынша компьютерлік технологияларды пайдалана отырып барлық пәндерді білім беру стандарттарына сәйкес жүргізуді, ақпараттық және компьютерлік технологияларды іс-тәжірибелік қызметтерінде компьютерді меңгеруді және қолдануды айтамыз.
2002 жылы қабылданған жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік білім беру стандарттарының екінші кезеңінің талаптары бойынша жоғары сынып оқушылары технология пәні бойынша мыналарды білуге тиіс: әлеуметтік, экономикалық, экологиялық және рухани нақты жағдайды дұрыс бағалай білуі қажет; нақты жағдайдан жаңаға қарай өзгерту стратегиясына қол жеткізуге мүмкіндік беретін мақсат қоя білуі қажет; алдына қойылған тактикалық мақсатына жетуге көмектесетін шешімдерді тиісті міндеттерден ажырата алуы қажет; алдына қойылған тапсырмаларды жүзеге асыра алуы қажет; атқаратын жұмыстарының келесі кезеңдеріне пәрменді түрде ықпал етуі үшін өз жұмысының нәтижелілігін бағалай білуі қажет.
Мұның бәрін атқару үшін ең алдымен оқушылар мыналарды меңгеруі қажет:
- дүниетанымының біртұтастылығы;
- ойлау мәдениеті (математика, синергетика);
- жан-жақты ойлай білуі (синергетика, менеджмент);
- экономика және әлеуметтануды білу;
- нарықта жұмыс істей білу (маркетинг);
- өзінің күші мен мүмкіндігін білу және адамдармен жұмыс істей алу (менеджмент);
- әлеуметтік экономикалық нақты жағдайдың үлгісін жасай білу (математика);
- өзі жасаған үлгілерін компьютерде жүзеге асыра білу (ақпараттық технологиялар);
- берілген тапсырмаларға және оларды шешуге деген өзінің көзқарастарын сенімді түрде, логикалық тұрғыдан айқын жеткізе білу (менеджмент, жарнама);
- ерік пен жігер (дүниетанымының біртұтастығы).
Осы айтылғандардан көрініп тұрғанындай, жоғары сынып оқушыларына білім беру ісі пәнаралық көзқарастық қатынасты қажет етеді. Осылайша еліміздің болашағын білімді және білікті мамандармен қамтамасыз етудің негізгі ұясы болып табылатын мектептердегі білім беру сапасына барынша ықпал ете отырып, бәсекеге қабілетті, сапалы маман иелерін даярлауға мүмкіндік тудыруға болады. Болашақ студент ретінде жоғары сынып оқушылары халық шаруашылығының түрлі саласында, кәсіпорындарында жұмыс істеуге дайындалады.
Мұндай талаптарды жалпы білім беретін мектептердің мемлекеттік білім беру стандарттары да қойып отыр. Онда дидактикалық және зерттеу құралдары болып табылатын алдыңғы қатарлы ақпараттық, коммуникациялық және компьютерлік технологияны меңгеру мен қолдана білу мәселесіне ерекше назар аударылған. Мұндай құралдар мектеп оқушылары мен мұғалімдерге дербес компьютердің көмегімен әртүрлі сипаттағы тапсырмалардың шешімін іздестіруде нақты көмек көрсете алады.
Зерттеулерге жасалған талдау бізге өңделетін ақпараттардың түрлеріне қарай компьютерлік технологияның жіктемесін түзуге және кейбір технологияның педагогикалық іс-әрекеттерде қалай қолдануға болатынын қарастыруға мүмкіндік берді. Компьютерлік технологияның жіктемесі басқа ақпараттарды да қамтамасыз ете алатындықтан шартты түрде беріліп отыр.
Зерттеулерге жүргізілген талдау нәтижесінде өңделетін ақпараттардың түрлеріне қарай компьютерлік технологияларды классификациялауды жүзеге асыруға және белгілі бір технологиялар білім берудің педагогикалық іс-әрекет қызметінде қалай қолданылатынын қарастыруға мүмкіндік береді.
Мектеп оқушыларының компьютерлік технологияларды мектептегі оқу үдерісінде қолдану деңгейі туралы ой-пікірлерін білудің маңызды мәні бар, өйткені бұл арқылы жоғары сынып оқушыларының білім сапасын арттырудың жолдарын іздеп, жетілдіруге мүмкіндік береді.
Кесте 2-де көрсетілген компьютерлік технологиялардың классификациясы белгілі бір дәрежеде шартты болып табылады, өйткені ол басқа ақпараттарды да қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Мысалы, атап айтқанда кестелік процессорлар сандық ақпараттарды ғана емес, сонымен бірге мәтіндік ақпараттарды да өңдей алады, сонымен бірге кестені басқара алатын түзілген ақпарат мүмкіндігіне де ие; ал компьютерлік технологияның процессор сияқты құрал-жабдығы мәтіндік құжаттарды жасауға және редакциялауға қызмет етіп қана қоймайды, сонымен бірге аса күрделі емес есептеулерді жүзеге асыруға мүмкіндігі де бар. Сол себепті әрбір компьютерлік технология көп жағдайда белгілі бір түрдегі ақпараттарды өңдеуге және пайдалануға бағытталған.
Кесте 2 - Оқушыларға АТҚ меңгерту барысында қолданылатын компьютерлер
Компьютерлік технология-лар |
Компьютерлік технологиялар-дың құрал-жабдықтары |
Практикалық қызметтің түрлері |
Ғылыми-зерттеу жұмыстары |
Жобалау-шығарма-шылық жұмыстар |
Мәліметтерді өңдеу (ақпараттарды логикалық тұрғыдан өңдеу) |
1.Алгоритмдік тілдер 2.Кестелік процессорлар |
Берілген мәліметтерді іздеуге және таңдау жүргізуге, әртүрлі анықтамаларды, есептерді салыстыруға, топтауға, өзгертуге, мәліметтерді редакциялау |
Әртүрлі ақпараттары іздеу және өңдеу |
Жоба тақырыптар-ына сай мәліметтерді жинақтау |
Мәтіндік ақпараттарды өңдеу |
1.Мәтіндік редакторлар және процессорлар 2. Гипермәтін |
Құжаттарды жасау, редакциялау, мәтіндер мен кестелерді басып шығару |
Ғылыми-зерттеу жұмыстарынарналған материалдар дайындау |
Жоба жұмысының мәтінің жазу |
Графикалық ақпараттарды өңдеу |
1.Графикалық редакторлар
|
Кестелерді, диаграммаларды, суреттерді, статистикалық және динамикалық |
Зерттелетін іс-әрекет қызметінің деректерін кесте ретінде ұсыну |
Сызбалар, суреттер салу |
Осы айтылғандарды қорыта келгенде, мектеп мұғалімінің педагогикалық іс-әрекеттік кәсіби қызметінде білім беру саласының күрделі мәселерін шешуде компьютерлік технологиялардың маңызы өте үлкен, өйткені компьютерлік ақпараттық жаңа технологиялар білім беру сапасын арттырып қана қоймайды, сонымен бірге мектеп оқушыларынының дүниетанымын кеңейтуге де жағдай туғызады.
