- •Ілім үйренудің маңыздылығы
- •Ілім ғалымнан үйреніледі
- •Ілім үйренерде нелерге мән беру керек
- •Ілімді пайдалана алу үшін
- •Ілімнің басы
- •Ұят болады деп сұрамау
- •Кітап оқуды әдетке айналдыру
- •Ең жақсы ғибадат
- •Пайдалы және пайдасыз ілімдер
- •Амалсыз ілім
- •Дінді үйрену үшін
- •Қорытынды
- •Пайдаланылған әдебиеттер
Амалсыз ілім
Әрине амалсыз ілімнің күнәсі үлкен. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Ілімімен амал етпеген ғалым қияметте ең қатты азапқа душар болады.» (Бәйһақи)
«Ғалым, ілімі аз болса да ілімімен амал еткен адам.» (Әбушшәйһ)
«Бір адамға діни насихаттың (кітап, сұхбат, баспасөз) қандай да бір жолмен жетіп баруы, Аллаһ тарапынан ихсан етілген бір ниғмет. Оны шүкір етіп қабылдасын! Егер шүкір етпесе, бұл Аллаһтың құзырында оған қарсы бір дәлел болады. Күнәсының және Аллаһтың ашуының артуына себеп болады.» (Ибн Асакир)
Ілімімен амал етпеу күнә болады, деп дінін үйренбеу жаиз емес. Өйткені қажетті дін үкімдерін үйрену парыз. Ал парызды орындамау – харам. Парыз болған ілімді үйрену керек және онымен амал етуге тырысу керек.
Дін ұлылары былай деген:
Нәпсі үшін ең қиын нәрсе сұрақ сұрау. Өйткені адамның нәпсі білмей қалған жағдайда, сұрақ сұрауға тәкаппарланады, намыстанады. «Ол білгенде, мен қалай білмеймін» дейді. Кеңесу, біреуден бір нәрсе сұрау нәпістің белін сындырады. Ал ештеңе сұрамау нәпсіні азғырады. Негізінде нәпсіні қуаттандыратын, оны азғыртатын харам істер. Харам істеп соңында күпірге түсіп, күнәһар болады. Өйткені харам істегеннен кейін оған әдеттенеді, әдеттенгеннен кейін харам істеуден рахаттанады. Ал рахаттанғанда харам екенін ұмытып, оған мән бермей харам істеуді жалғастыра береді. Харамға мән бермеген адам күнәһар болады.
«Ілім – қазына, кілті – сұрақ сұрау. Сұрақ сұраған адамға Аллаһу та’ала мейірім етеді.» (Әбу Нуайм)
Адам не тәкаппарлығынан сұрақ сұрай алмайды, немесе жаһилдығынан (надандығынан), білмегендігінен сұрай алмайды. Бір нәрсені білетін адам ғана сұрай алады. Сүйікті пайғамбарымыз«Жақсы сұрақ сұрау – ілімнің жартысы.» деген (Табарани)
Дінді үйрену үшін
Арапша үйрену өте жақсы, өте пайдалы болса да дінді үйрену үшін арапша білу шарт емес. Арапша білу дінді білу деген сөз емес. Египет, Сирия Сауд Арабия сияқты елдердегі адамдардың ана тілі арапша. Олар арапша білеміз деп Құран кәрімнен өз ойларымен қате мағына шығарып, күпір еткендер де бар.
Бұл елдерде өмір сүретін християндар да арапша біледі, бірақ олар басқа дінде. Демек тіл білу, дін білу деген сөз емес. Әйтсе де мұсылманның арапша білуі, дінін оңайырақ үйренуіне себеп болады, бірақ білуі шарт емес.
Қазіргі таңда біз діни біліммен дүниеуи білімді ұштастыруымыз керек. Себебі бізден бұрын өткен мұсылман елінің ғалымдары білімнің алуан түрлі салаларын меңгерді. Атап айсақ Әбу Насыр Әл-Фараби философия ғылымын меңгерген әрі математика ғылымына зор үлесін қосқан, жетпістен астам тіл меңгерген өзіміздің Отырар қаласынан шыққан ірі тұлға. Сондай-ақ, Ибн Сина медицина, физика салаларына үлкен үлес қосқан. Сонымен қатар, қазақтың ұлы ғалымдары Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, сол заманда өмір кешкен Ақтамберді жырау, Бұхар жырау, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин т.б. көркем әдебиет ғылымын шариғат-тан негіз ала отырып, жандандырған.
Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу ғибадатының кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Керегінше дұрыс діни біліміміз болмаса, ғибадатымызға нұқсан келіп, тіпті кейбір теріс пиғылды тұлғалардың пайдасы үшін саяси құрбандыққа айналып кетуіміз де ғажап емес. Мұндай келеңсіз жағдайлар тарихта өткен және де соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялануы бізді қынжылтады.
Ислам бізге ілім алуды, яғни дұрыс білім алуды бұйырады. Өкінішке орай, білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, Ислам әлеміне қара күйе жақтырады. Сол себепті ілімсіздіктің залалы шаш етектен екендігін ұмытпайық.
Алла Тағала Құранда бірнеше аятта адамдардың ілімсіздігі мен сауат-сыздығынан күнәға түскендігін және олардың бұл білімсіздігі олар үшін сылтау болмайтындығын білдіреді. Егер сауатсыз болу, білімсіз болу сылтау болғанда Құран сауатсыздығы мен білімсіздігі үшін Аллаға серік қосушыларды үзірлі пенделер деп баяндар еді. Алла Құранда мүшіріктерді баяндағанда оларды сауатсыз, білімі жоқ пенделер екендігін, алайда бұл кемшіліктері олардың тозаққа түсуіне кедергі бола алмайтындығын білдіреді. Сол себепті күпір мен ширктің бастауы – ілімсіздік. Ілім мен хикмет – мүміннің жоғалған малы, мүмін оны қайдан тапса бірден бойына сіңіріп алуы тиіс. Дүние мен ақырет бақытының кілті – ілім. Ілім амалдардың ең абзалы.
Діни білім туралы мұсылман дінтанушысы Әбу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Ғазали: «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім», - деген екен. Жеке адамның мейірімді, ізгі қасиеттері мол, адамгершілік қасиеттері жақсы дамуы үшін діни білімнің тигізер әсері зор. Діннің зерттеу нысаны рух болса, ал дүниеуи ғылым тәнді зерттейді. Дін жүрекке, ғылым миға әсер етеді. Екеуінің де мақсаты – адамды сенімге әкелу болғандықтан, олардың арасында қайшылық жоқ. Оларды біріктіретін руханият. Яғни, дүниеуи ілімді тәрбиемен ұштастыруды мақсат етер болсақ діни біліммен үйлесіп тұруы қажет деген сөз. Адамның бойындағы ең басты қасиет – ол таным және сенім. Дін ерте заманнан бері адамзатпен бірге жасап дами келе адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналды. Бір сөзбен айтқанда адам баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екендігін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін және діни білім.
Діни білім үрей, қорқыныш, қайғы, үмітсіздік сияқты адамды торығуға әкелетін қиыншылықтарды жеңуге көмек береді. Адам осындай қиын жағдайларда өз сенімі, үміті, жалбарынуы, тәубеге келуі арқылы көңілін орнына түсіріп, рухани дүниесінде тыныштық табады. Сонымен бірге дінге шын сенген адам жаманшылыққа бармайды. Діни білім адамның ауыр қылмыстар мен күнәлі істерге бармауына ықпал етеді. Діни білім адамға адамдықты, тұрмыста адал күнелтуді, әлемді түсінуді және ондағы нығметтерді пайдалануды қамтамасыз етеді. Ғылымда дін туралы, «дін – адамның тылсым әлем күшіне, Құдайға деген сенімінің кемеліне жеткен түрінде қалыптасқан, оның түсінігінде, қылығында, іс-әрекетінде көрініс табатын дүниетанымы», - деп анықтама береді.
Ал, Ислам ғалымдары діннің анықтамасын Құран мәтініне сүйене отырып жасаған:
«Дін дегеніміз – ақылды адамдарды өз қалаулары бойынша тек ізгілікке бастайтын құдайлық заңнама», - яғни дін - адамдарды тек игілікке, жақсылыққа бағыттайтын іс-әрекеттер жиынтығы, әрі Тәңірдің аяны арқылы қол жеткізетін ақиқат делінеді. Бұл анықтамалардағы ортақ желі - діннің құдайлық негізден келген жүйе екендігін білдіреді. Нақтылы айтсақ, шынайы дін адамдар тарапынан құрылмайды деген сөз. Жеке адам мен қоғамның игілігіне қажетті құбылыстардың бірі. Сонымен дін – адам жанының азығы, Жаратушыға деген сенім болып табылады. Орыстың атақты жазушысы Л.Н.Толстой «Тәубе» деп аталатын кітабында: «Мені елуімде жынды қылған сұрақ тым қарапайым. Оны он үш жасымда да ойлағанмын, - бар болғаны бұл тірлігімнің мағынасы қандай, ертең жаным қайда кетеді? – деген сұрақтар еді» - деп ағынан жарылады. Ал қазақтың ойшылы Шәкәрім: «…Келдім қайдан, қайтсем пайдам, өлгеннен соң не болам?» – деп толғанады.
Иә, әрбір саналы адамды мазалайтын және жауабын табуға итермелейтін, өмір тіршілігіне бағыт – бағдар беретін бірнеше негізгі сұрақтар болады. Діни білім осындай сұрақтарға жауап береді. Дүниеуи және діни білімді мейлінше меңгеріп, екеуін де қатар алып жүрген адамның жеке отбасына ғана емес еліне де берері көп болады. Ондай адам бұл дүниеде де толыққанды, өнегелі өмір сүруге мүмкіндік алып, ақыретте де қайғырмайтын болады. Бұл оның дүниеде де, ақыретте де жақсылықта болып, екі дүниенің бақытына кенелтеді. Барлық ғылым қасиетті Құран Кәрімнен алынған. Оған дәлел болатын бір ғана жағдай бар. Француз ғалымы теңіздер мен су асты әлемінің сырларын зеріттеуші Жак Ив-Кусто екі теңіздің қосылмайтынын зерттеп таптым, жаңалық аштым дегенде мұсылман ғалымдары оған Құраннан дәлел келтірді. Алла Тағала:
«Ағызған екі теңіз қосылады. Екі арасында бөгет бар. Бір – біріне араласпайды. Ендеше Раббыларыңның қай нығметтерін өтірік дейсіңдер? («Рахман» сүресі, 19-21 аяттар).
Осы жаңалықты естіп француз ғалымы иман келтіріп мұсылман дінін қабылдады.
Ілімсіздіктің ақыры
1)Имандай сену; Яғни қоғамда абыройлы кейбір кісілердің пікірлерін ешқандай талқыламастан қабыл етіп, оларға имандай сену. Асылында бұлай әрекет ету Исламға қайшы, өйткені Ислам ақли, нақли дәлелдерге сүйенеді. Олай болса, айтылған мәселенің дәлелдерін және шындыққа қаншалықты жанасатынын ізденіп барып, қабыл ету керек. Егер ол кісіге сенгендігі үшін қабыл етсе, онда таассубқа түседі.
2)Ілімсіздік; Исламның негізгі мәселелері болған ақида, ғибадат, ахлаққа байланысты ережелерді білмеген, пайғамбарға (с.а.с.) үммет болудың не екендігін толық түсінбеген, білмесе де білетін адамдай өз білгендерін діни үкім деп санап, дәлелдеуге тырысу.
3)Білетін кісіден сұрамау; Бір кісі өзі білмейтін мәселені маманынан сұрамастан басқа біреуден сұрап, соны дәлелдеуге тырысу адасушылыққа жетелейді. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Егер білмесеңдер, әр нәрсені өз иесінен (маманынан) сұраңдар» (Әнбия 7). Сол себепті білмеген діни мәселені білетін маманынан сұрау қажет.
4)Адам өзін үлгі етіп көрсетуі: Бір кісі тек өзінің болмысына, жаратылысына, мінезіне сай келген пікірді, яки мәзһабты дұрыс, өзгелерін бұрыс деп, өзін үлгі етіп, нәпсісіне берілуі таассубқа жетелейтін себептің бірі. Яғни ақиқатты көрмейтін ілім мен даналықтан мақрұм пенделер қоғамда іріткі салудан басқа пайдалары болмайды.
5)Жеңіл жағын алу; Діни аңыз-әңгімелерге, наным-сенімге сеніп, ақиқатты іздемей, білгенін Исламның негізі деп қабылдаушылар да адасушылыққа түседі. Сол секілді өзінің ыңғайына келген әр мазһабтың пәтуасын теріп амал ету. Айталық кыс мезгілі болса, Ислам діні жеңілдік діні деп дәрет кезінде аяқ жумастан жұқа шұлыққа мәсіх тарта салу да ілімнің жоқтығы.
6)Жеке пікірге сену: Діни мәселелерді шешу үшін Исламның негіздеріне сүйенбестен, жүгінбестен бір адамның айтқан пәтуасын негізге алып, ұстану да біржақтылыққа бой алдырады. Себебі Ислам қияметке дейінгі соңғы дін болғандықтан заман талабына сай мәселеге пәтуа шығару ғалымдардың ғылыми мәжілістерінде шешіледі.
Ислам діні – ақылды дұрыс қолдануды талап ететін дін. Құран ақли және нақли дәлелдер арқылы адамдарға жол көрсетеді. Құран ілім иелері мен көзі ашық, ақылын әдемі қолдана білген пендені мақтайды. Сол себепті ақиқатты шамамыз келгенше іздесек, бізді жау алмасы анық.
Ислам адам баласын үнемі тазалыққа, адалдыққа, бейбітшілікке, ғылым-білімге шақыратын дін. Жер бетінде қаншама халық оны қадірлеп, қастерлеп келеді. Алла тағала мен оның елшісі болған Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бойұсынуға шақыратын, бейбіт өмірді насихаттайтын асыл дінімізді бүгін лаңкестік, экстремистік секілді небір жағымсыз ұғымдармен байланыстырып әлек болудамыз. Бұл әрине жанға ауыр тиер ақиқат. Шындығында Ислам еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке, білімсіздікке жетелеген емес. Қайта адам баласын биік шыңға шығару үшін ілім-білімге үндеумен келеді.
«Білім іздеу мұсылман әйелге де, ерге де парыз», «Білім мен хикмет – мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден алады», - деген хадистерді көкейге түйген мұсылмандар әрқашан ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан. Ал, Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) өз заманында он мұсылманға оқу-жазу үйреткен тұтқындарды босатып, суффа сахабаларын мешітке жинап, тек қана іліммен шұғылдануға жұмылдырған. Міне, алғашқы ілім ошағы осылайша пайғамбар мешітінен бастау алған. Білімді, сауатты болу Исламның талабы. Сол себепті дініміз ең әуелі адамзатты білімге, оқуға талпындырады. Қасиетті Құрандағы «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» («Зүмәр» сүресі, 9-аят);«Бұлардың ішіндегі ғылымға бойлағандарға зор сый береміз» («Ниса» сүресі, 162-аят); «Сондай-ақ, құлдарынан (ең алдымен) ғалымдар Алладан қорқады» («Фатыр» сүресі, 28-аят); «Раббым, білімімді арттыра гөр!» («Таһа» сүресі, 11аят) деген аяттар осының дәлелі.
Тарихқа зер салсақ, мұсылмандар дін ілімін ғана емес, дүниелік ғылымға да аса мән беріп, ерекше қол таңбаларын қалдырды. Атап айтқанда медицина, математика, астрономия, химия, философия, тарих, география секілді ғылымдарды дамытқан. Әсіресе халифа Харұн Рашид пен Мәмун кезеңдерінде мұсылмандар білімде ешкімге ат оздырмаған. Әр салада әлем мойындаған озық ғұламаларды жетілдіріп отырған.
Ислам діні ғалымдарға ерекше құрмет қалыптастыра білді. Мұсылман үмбеті қай ғасырда да ғалымдарды құрметтеп, әр сөзін алтынға балаған. Ұстазға шәкірттері екінші әке ретінде қарады. Өмірде алған ілімінің пайдасы мен берекесін көру үшін ұстаздарының ақ батасын алуға құлшынған. Төрт халифаның бірі хазреті Әли (р.а.): «Кім маған бір әріп үйретсе соның өмір бойы қызметшісі болуға бармын», - десе,мәзһабымыздың негізін қалаған Имам Ағзам Әбу Ханифа:«Арамызда жеті көше болғанына қарамастан ұстазым Хаммадтың үй жағына әдепсіздік болмасын деп ешқашан аяғымды созып жатып көрген емеспін. Қанша жылдан бері әр намаздарымнан кейін ата-анаммен қоса ұстазымды да қайырлы дұғама қосып келемін», -деп ұстазға, ғалымға қаншалықты құрметпен қарау керектігін білдірген.
Бүгінгі күннің өкініші, діни әрі дүниәуи сауатты арттырудың орнына әлемдік өркениеттердің ең озығы, мәдениеттердің ең кемелі, бейбітшілікті жақтайтын татулық діні болған исламды бір-бірімізбен тартысудың құралы етіп алдық. Өнерді қолдап, ғылымды дамытқан кемел дін қазір мұсылмандар арасында осылай мүшкіл күй кешуде.
Исламды ғылым діні деп білген Әбу Насыр әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Сүлеймен Бақырғани, Хафиз ад-Дин Кердери, М.Х. Дулати, Хасан Әли Жалайыри, Мәшһүр Жүсіп, Шалкиіз, берісі Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин секілді ұлыларымыздың есімдері тарих қойнауында алтын әріптермен қалды. Олар өздері өмірден өтсе де өшпестей мұра қалдырды. Міне, ислам болашақтың жарқын нұры, баянды бақытымыздың кепілі.
Бүгінгі ХХІ ғасыр ғылым мен жаңа технологиялар дамыған заман. Алайда мұсылман әлемі осы мүмкіндіктерді түрлі кемшіліктерге сай толық пайдалана алмай келеді. Қазақтың «Оқусыз білім жоқ, Білімсіз күнің жоқ» деген сөзі дәл қазіргі біздің шаққа арналып айтылғандай.
Ал, негізінде өнер, ғылым-білімге құмарлық мұсылмандарға тән сипат. Өйткені, дініміз бізден осы нәрселерді қалайды. Ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Ғибадаттың ең артығы – ғылым іздеу», - десе және бір хадисінде: «Қараңғы білімсіздер мен білім талабындағының парқы – өлі мен тірідей», – деп ілім иесінің әрдайым жоғары тұратындығын білдіруде.Иә, ғылым-білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқатты бүгінгі ғасырымыз нақ дәлелдеуде. Өнер-білімі бар, мәдениеті жоғары елдермен тереземіз тең түсу үшін біз де әрқашан білімге көңіл қоюымыз қажет!
