- •Тақырыбы: Орталық нерв жүйесінің жалпы анатомиясы мен физиологиясы
- •Нейрондар мен ганглия.
- •Нейроглияның функциялық қызметі.
- •Нейрон түрлері
- •Рефлекс түрлері.
- •Нерв орталығы туралы ілім.
- •Жұлын, құрылысы, қызметі.
- •Жұлын нейрондары.
- •Ми, оның бөліктері.
- •Сопақша ми.
- •Ортаңғы ми.
- •Торлы құрылым.
- •Аралық ми.
- •Базальдық түйіндер.
- •Лимбиялық жүйе.
- •Жоғары нерв іс-әрекеті.
Ортаңғы ми.
Ортаңғы ми варолий көпірі және сопақша мимен бірге ми бағанын құрайды. Оның сырт жағында қақпағы, іш жағында ми аяқшалары орналасқан. Ортаңғы мидың сұз затына төрт төмпешік, қара зат, қызыл ядро, ІІІ және ІҮ жұп ми нервтерінің ядролары мен торлы құрылым кіреді.
Төрт төмпешік жоғарғысы көру рецепторларының тітіркенуіне байланысты қимылдарды жүзеге асыратын орталық. Бұл орталыққа серпіністер көру жүйесінің тармақтары арқылы жетеді. Төмпешік тұсында көз алмасын қозғалтатын нерв ядросы орналасқан. Сондықтан көздің тор қабатынан келіп түсетін серпіністер жоғарғы төмпешіктен шығып көз алмасын қозғайтын нервтің ядросына, ортаңғы мида орналасқан басқа дақимыл реттеуші ядроларға оп-оңай жетеді. Осы байланыстардың арқасында көздің, бастың, дененің жарық түскен жаққа қарай бұрылуы, көз қарашығының тарылуы және аккомодация рефлекстері пайда болады.
Төменгі төмпешіктердің естуге қатысы бар, олардың қатысуымен әуелі есту соған қарай жөн табу рефлекстер орындалады, яғни құлақ жарғағы, бас қатты дыбыс шыққан жаққа қарай бұрылады.
Қызыл ядро орталық нерв жүйесінің барлық бөлімдерімен және ми қыртысымен тығыз байланысқан. Ол қаңқа еттерінің тонусын реттейтін қозғалыс орталық. Егер мысықтың ми бағанын көлденең қызыл ядродан жоғарырақ жерден тіліп жіберсе, оның жүріс-тұрысында айтарлықтай өзгерістер тумайды. Ал миды қызыл ядродан төменірек жерден кессе мысықта децеребрациялық мелшию (қатып қалу-ригидность) белгілері пайда болады: барлық қаңқа еттері әсіресе жазылу еттері ширығып, қатаяды. Осыған орай мысықтың басы қақшиып шалқаяды, жотасы созылып, сирақ буындары жазылып, тікерейе сіресіп қатаяды, құйрығы тік көтеріледі.
Адамда децеребрациялық мелшию жағдайындағы жануар жұлынының артқы түбірін кесіп тастаса мелшию жойылады. Бұл децеребрациялық мелшию кезінде қозған орталықтардың тонусын шеткі рецепторлардан келетін серпіністер де бір қалыпты сақтайтынын көрсетеді.
Қара зат. Нейрондарында қара пигмент көп болғандықтан ядро қара болып көрінеді. Мұның қызметтік маңызы осы күнге дейін толық анықталмаған. Дегенмен де оның қыртыс және қыртыс астындағы ядролар (базальдық) торлы құрылыммен бірге қаңқа әсіресе саусақтардың нәзік және нақты қимылдарын қамтамасыз ететін еттердің тонусын реттейтіні анықталды. Қара зат экстрпирамидалық жүйеге жатады. Электр тогымен қара затты тітіркендірсе шайнау, жұту еттері жиырылады.
Торлы құрылым.
Торлы құрылым (ретикулярлық формация) пішіні әртүрлі, үлкенді-кішілі, көптеген қысқа тармақты (дендритті) клеткалар тобы. Клеткалардың дендриттері көп бұтақты. Олардың арасында көптеген синапстар құрылады. Торлы құрылым ми бағанында орналасқан. Оның нобайы ортаңғы мида, біразы көпірде, үлкен нейрондары сопақша мида топтасқан, шеткей орналасқан мүшелермен тікелей байланыспаған.
Торлы құрылымның физиологиялық мәні жақын арада ғана анықтала бастады. Американдық Мегун (1948) мен итальядық физиолог Морруций ми қыртысы биотоктарын жазу және электр тогымен торлы құрылымның ортаңғы мидағы бөлімін тітіркендіру арқылы, мұның ми сыңарлары қыртысының қызметін түгелдей күшейтетінін анықтады. Ұйқыдағы жануардың торлы құрылымын тітіркендірсе, ол оянып кетеді. Бұл айтылғандар торлы бөлімнің ми қыртысын ширатып, оның қызметін күшейтетін көрсетеді. Осыған орай торлы құрылымды ми қыртысы қызметін түгелдей күшейтетін бейарнамалы нерв жүйесі деп те атайды. Сонымен қатар торлы құрылым орталық нерв жүйесінде қозу мен тежелу процестерінің жайылуын және бір орталыққа жиналуын реттейді. Торлы құрылым ауырсыну сезімін тудыруға да қатысады. Мысалы, торлы құрылымға ғана әсер ететін барбитураттар тобынан дәрі ішіп ауырсыну сезімін жоюға болады (анальгезия). Торлы құрылым, гипоталамус, таламус және көне ми қыртысы қосылып лимбиялық жүйе құрады. Бұл жүйе эмоция мен мотивацияны тудырып адамның іс-әрекетіне, мінез-құлқына ықпал жасайды.
