Қарағанды Мемлекеттік Медицина Университеті
Анатомия кафедрасы
СӨЖ
Тақырыбы: «Буындағы қозғалысты модельдеу»
Орындаған: 119 ЖМФ
Абенова Ж.
Тексерген: Карибжанова Р.Т.
Қарағанды 2010 ж.
Мазмұны:
Кіріспе
Негізгі бөлім
Үздікті (үзілісті) қосылыстар, буындар
Буын биомеханикасы
Буындардың жіктелуі мен сипаттамасы
Буындардағы қозғалыстарға шолу
Қорытынды
4.Қолданылған әдебиеттер
Кіріспе
Сүйектердің алғашқы бітісіп – қосылу пішіні (қарапайым суда тіршілік ететін омыртқалыларда), олардың дәнекер немесе шеміршек тіндер арқылы бітісуі болады. Алайда сүйектердің мұндай бітісу тәсілі қозғалыс көлемін шектейді. Қозғалыстың сүйекті рычагтар арқылы пайда болуы сүйектер арасындағы тіндер таралып – жойылуымен саңылаулар мен қуыстар пайда бола бастайды да, соның нәтижесінде сүйектердің жаңа түрі – үзілмелі, буындасу пайда болады. Филогенез үрдісінде сүйектердің қосылуының 2 түрі дамиды: қозғалыс ауқымы шектеулі тұтас, үздіксіз (үзіліссіз) қосылу және кейінгі – үзілмелі (үздікті), кең ауқымды қозғалыстар жасауға мүмкіндіктер беретін қосылу. Егер сүйектер арасындағы дәнекер тіндік бөліктері тұтас үздіксіз байланысса – синартроз пайда болады. Егер олардың ішінде дәнекер тіннің тарылу жолымен қуыс пайда болса, онда сүйектердің қосылуының жаңа түрі – қуысты немесе үзілмелі түрі – диартроз пайда болады.
Сөйтіп, дамуы, құрылысы және қызметі бойынша сүйектердің бір – бірімен қосылуларын екі үлкен топқа бөлуге болады:
Үздіксіз (үзіліссіз) қосылыстар – синартроздар (BNA) – дамуы ертелеу, қызметі жағынан қозғалмайды немесе аз қозғалады.
Үздікті (үзілісті) қозғалыстар, буындар – диартроздар (BNA) – кештеу дамиды және қызметі жағынан қозғалмалы.
Үздікті (үзілісті) қозғалыстар, буындар
Буын дегеніміз үздікті (үзілісті), қуысты, қозғалмалы қосылу немесе буындасу, auriculatio synovialis (грекше arthron – буын, осыдан arthritis – буынның қабынуы). Әрбір буында қосылатын сүйектердің буындық беттері, буын қапшығы (сүйектердің буындасатын шеттерін муфта сияқты қоршап тұратын) және оның ішінде сүйек арасында жататын буын қуысы болады.
Буындық беттер, facies articulares, гиалинді, кейде талшықты, қалыңдығы 0,2 – 0,5 мм буын шеміршегін, cartilago articularis, жабылған. Ұдайы үйкелу салдарынан буындық шеміршек буындық беттерінің сырғанауын жеңілдететін жылтырлыққа ие болып, ол шеміршектің серпімділігінен соққыны жұмсартып, буфер қызметін атқарады. Әдетте буындық беттер азды – көпті бір – біріне сәйкес келеді (конгруэнтті).
Буын қапшығы, capsula articularis, буын қуысын саңылаусыз қоршай отырып, буындасатын сүйектерге олардың буындық беттерінің жиегін ала немесе олардан сәл кейіндеу өсіп – бекиді. Ол сыртқы фиброзды жарғақ, membrana fibrosa, мен ішкі синовиалды жарғақтан membrana sinovialis, тұрады. Синовиалды жарғақ буындық бетіне қараған жағында эндотелий жасушалары қабатымен жабылған, сонын салдарынан тегіс және жылтыр болады. Ол буын қуысына жабысқақ мөлдір синовиалды сұйықтық – синовияны, synovia, бөледі де, ал ол буындық беттерінің үйкелісін азайтады. Синовиалды жарғақ буындық шеміршектердің жиектерінде аяқталады.
Буын қуысы, cavitas articularis, буындық беттер және синовиалды жарғақпен шектелген саңылаусыз (герметикалы), кеңістік болып табылады. Қалыпты жағдайда ол бос қуыс емес, буындық беттерін ылғалдандырып және майлап, олардың арасындағы үйкелісті азайтатын синовиалды сұйықтықпен толған. Сонымен қатар сұйықтықтардың алмасуында және буындық беттерін іліктестіру арқылы бекітуде рөл атқарады. Ол сондай – ақ беттерінің сығылуы және соғылуын жұмсартатын буфер қызметін атқарады, өйткені буындардағы қозғалыс – тек сырғанау емес, буындық беттерінің ажырасуы да болып табылады. Буын қапшығы зақымданғанда ауа буын қуысына өтеді, соның себебінен буындық беттері дереу ажырайды. Әдеттегі жағдайларда буындық беттердің ажырасуына қуыстағы теріс қысымнан басқа байламдар (буын ішіндегі және буын сыртындағы) мен сіңірлерінің қабатында орналасқан дәнтәрізді сүйектері бар бұлшықеттер де кедергі жасайды.
