Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Экон мем реттеу.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.57 Mб
Скачать

14.3 Қазақстан Республикасының өнеркәсібін мемлекеттік қолдаудың жалпы және селективті экономикалық шаралары

Өнеркәсіптік саясатта өнеркәсіпті қолдаудың заңнамалық шаралар жүйесіне үлкен назар аударылады. Мұнда, өндірісті дамыту мен инвестициялық және инновациялық қызметті ынталандырудың жалпы және мақсатты шаралары бөліп көрсетіледі. Жалпы шаралар бүкіл өнеркәсіп кәсіпорындарына таралады, ал мақсатты шаралар жеке түрде ішкі тұтыну үшін жекелеген тауар топтарын өндірушілерге немесе мемлекеттің басым бағыты болып саналатын тауарларды өндірушілерге, сондай-ақ мемлекеттің қолдауы жағдайында белсенді қаржы-шаруашылық қызметін қалпына келтіруге қабілетті ірі шаруашылық субьектілеріне қолданылады.

Жалпы шаралардың ішінде келесілер неғұрлым тиімді болып саналады:

1. Салық жүйесі арқылы өнеркәсіпті ынталандыру тетігін әзірлеу; жеңілдікпен салық салу, бәсекеге қабілетті өнім өндіру үшін пайдаланылатын оның бөлігіне қатысты мүлікке салық салудан босату.

2. Амортизациялық қорды мақсатты пайдалануға бақылау жасау.

3. Өнеркәсіпті инвестициялау үшін несиелер берудің жағдайларын өзгерту.

4. Кәсіпорындардың меншікті инвестицияларын ынталандыру.

Мақсатты немесе селективті шаралар нақтылы кәсіпорындарға жеке ыңғайда қолданылады. Кәсіпорындарды таңдау кезінде, олардың жиынтық тиімділігін айқындайтын тиісті өлшемдерді басшылыққа алады. Бұл мынадай өлшемдер болуы мүмкін: кәсіпорындарды тауарға мамандандырудың болашағы; бюджетті қалыптастыруға қатысу; өндірістің материалдық-техникалық базасының жағдайы; инвестициялаудың тиімділігі және т.б.

Мақсатты шаралардың ішінен неғұрлым көп таралғандары мыналар:

- өнеркәсіп кәсіпорындарының қарыздарын қайта құрылымдау жөніндегі шаралар;

- мемлекеттің инвестициялық бағдарламасына енгізілген жұмыстарды жүргізу үшін жеңілдікпен инвестициялық және басқа да несиелер беру;

- мемлекеттің отандық және шетел инвесторларына кепілдіктер беруі.

Нақтылы кәсіпорындарды қолдайтын осы шаралардың барлығы, таңдалатын өлшемдерге сәйкестік жағдайында және күтілетін нәтижелерге мұқият маркетингтік талдау жасау жолымен, таңдау арқылы жүзеге асырылады.

Түйін

1. Кез келген елдің экономикалық жағдайы көп ретте оның өнеркәсібінің даму деңгейіне қатысты болады. Атап айтқанда өнеркәсіп кешенінің даму жағдайы мен динамикасы экономикалық тәуелсіздікті, ұлттық қауіпсіздікті нығайту, халықтың лайықты өмір деңгейін қамтамасыз ету, өмір сүретін ортаны экономикалық сауықтыру жөніндегі стратегиялық және тактикалық міндеттерді ойдағыдай шешу мүмкіндіктерін айқындайды.

2. Ұлттың экономикалық өміріндегі өнеркәсіп кешенінің маңызы мен рөлі келесі факторлармен айқындалады:

- өнеркәсіп өндірісі ІЖӨ-ні, ішкі тұтыну мен экспорт үшін бүкіл тауар массасын өндірудің обьективті түрде негізгі көзі болып саналады;

- экономиканың аса маңызды саласы ретіндегі өнеркәсіптің жетекші рөлі тағы, атап айтқанда оның қоғамдық өндірістің бүкіл қалған салалары мен аяларын индустриаландырудың шешуші факторы болып қатысатындығымен, олардың техникалық-технологиялық деңгейін анықтайтындығымен айқындалады;

- көп салалы өнеркәсіп кешені қоғамдық өндірістің бүкіл өзге салалары мен аяларының өнімдері мен қызмет көрсетулерінің негізгі тұтынушылары болып қатысады, сол арқылы қоғамдағы төлем қабілетті сұранысты генерациялайды және оларды шапшаң дамыту есебінен ІЖӨ-нің өсуін ынталандырады.

3. 2003 жылы осы құжатты дамыту үшін «2003-2015 жылдарға арналған ҚР индустриалды-инновациялық даму стратегиясы» қабылданған болатын, онда:

- экономика салаларын әртараптандыру (диверсификациялау) жолымен елдің орнықты дамуына қол жеткізу;

- шикізатқа бағытталушылықтан бас тарту;

- ұзақ мерзімді жоспарда сервистік-технологиялық экономикаға көшу үшін оған даярлық жасау сияқты басты мақсаттар белгіленеді.

4. Қазақстан Республикасы дамудың қазіргі кезеңінде өнеркәсіпті тиімді реформалау мен тең құқылы және өзара тиімді жағдайларда дүниежүзілік экономикаға ықпалдасу жолдарын іздеу үстінде.