Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Экон мем реттеу.doc
Скачиваний:
3
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.57 Mб
Скачать

Бюджеттік-салықтық реттеу

ЕО елдеріндегі мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруға және агроөнеркәсіп кешенін қолдауға жұмсалатын шығындар мемлекеттік бюджеттің 30%-на жетеді. Қазақстандағы ауылшаруашылығын бюджеттік қолдау бюджет шығыстарының 1%-ын құрайды, ал ауыл бағдарламаларына АҚШ-тың абсолютті түрдегі жұмсайтын шығындарымен салыстырғанда, оның көлемі 1000 есе аз.

Агроөнеркәсіп кешеніндегі кәсіпорындарға салық салу ҚР жалпы салық заңнамаларының шеңберінде реттеледі.

Несиелік реттеу

Ауылшаруашылық өндірісінің маусымдылығы, аяқталмаған өндірісті кепілге қоя отырып, айналым қаражатын жеңілдікпен несиелеуді қажетсінеді.

Әлемдік тәжірибеде ауылшаруашылығын жеңілдікпен несиелеу жүйесін ұйымдастырудың бірнеше тәсілі бар. Несиелеу функцияларын:

  • кооперативтік ауылшаруашылық банкілері;

  • мемлекеттік банктер;

  • мемлекеттің бақылауымен және оның қолдауымен жүзеге асыратын мамандандырылған банктер;

  • бюджеттік несиелеу атқарады.

Қазақстан Республикасының қаржы-несие жүйесіне мыналар кіреді:

  • баға, демеу қаржылары (дотациялар) мен өтемақылар;

  • банктік несие;

  • ауыл шаруашылығының жекелеген салаларын қолдауға мемлекеттік бюджеттен берілетін субсидиялар.

Агроөнеркәсіп кешенінің даму болжамдық көрсеткіштерін негіздеу үшін Қазақстан Республикасында қолданылатын негізгі әдістер болып мыналар саналады:

  • бағдарламалық-мақсатты әдістер (Агроөнеркәсіп кешенін дамытуды бағдарламалық-мақсатты жоспарлау шеңберінде, сатып алу бағаларын субсидиялауға және айналым қаражаттарын несиелеуге берілетін сомаларды есептемегенде, аграрлық аяға қолдау көрсету үшін жыл сайын ондаған миллиард доллар бөлінеді),

  • баланстық әдіс (ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемін ауылшаруашылығының материалдық-техникалық жарақталуымен, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу көлемін өңдеуші өнеркәсіптің қуатымен, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға капитал жұмсаулармен баланстық байланысуын қамтамасыз етеді);

  • нормативтік әдіс (халықтың жан басына шаққандағы тамақ өнімдері мен азық-түлік емес тауарларды тұтынудың ұсынылатын нормалары пайдаланылады).

Агроөнеркәсіп кешенінің өнімдерін өндірудің жалпы көлемін негіздеу үшін келесі болжамдық мәліметтер пайдаланылады:

  • халықтың саны, оның демографиялық құрылымы;

  • тұтыну қорының натуралды-заттық құрылымы, тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген нормасы;

  • тұтыну тауарларына бағалар мен халықтың кірістерінің өзгеруіне қатысты тұтыну құрылымдарының өзгеруі;

  • әлемдік бағалар болжамын ескергендігі ауыл шаруашылық және өнеркәсіп өнімдерінің экспорты мен импорты.

10.3 Ауылшаруашылық өндірушілерін қолдау жөніндегі мемлекет саясаты

Аграрлық сектордың даму деңгейі қоғамның экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығының айқындаушы факторы болып саналады. Агроөнеркәсіп кешенінің көпукладты экономикасын қалыптастыру және дамыту төрт кезеңде жүзеге асырылды.

Бірінші – қалыптасу кезеңі (1990-1995) агроөнеркәсіп кешенін құрылымдық қайта құрумен сипатталады. 1991 жылы мемлекеттік жер меншігін жетілдіру процестері басталды. Соның нәтижесінде 1995 жылдың соңындағы жағдай бойынша жеке меншік нысандарында 36285 ауыл шаруашылық құрылымдары пайда болды. Мемлекет меншігінде асыл тұқымды мал өсіретін, тұқым шаруашылығымен айналысатын 1405 кәсіпорын ғана қалды. Жер пайдалану құқықтарын теңгермелі қайта құру осымен қатар жүргізілді. Мемлекеттік секторда тұрақты жер пайдалану үшін бар болғаны 925 мың га ауылшаруашылығына жарамды жерлер қалды, осы нарықта шаруа қожалықтарына (фермерлерге) уақытша және ұзақ мерзімді пайдалануға – 28,9 млн.га, ауылшаруашылық кооперативтеріне – 15,7 млн., шаруашылық серіктестіктері мен акционерлік қоғамдарға – 37 млн.га берілді. Осы жылдары акционерлеу нұсқасы бойынша агроөнеркәсіп кешенінің өңдеуші, жабдықтаушы және сервистік қызмет көрсету кәсіпорындарын жекешелендіру аяқталды. Әрі, осындай кәсіпорындардың ең аз дегенде акцияларының 50%-ы жеңілдік жағдайларда ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне берілген болатын.

Аграрлық реформаларды жүзеге асыру барысында, меншік нысандарының алуандығына негізделген, ауыл экономикасының жаңа құрылымы құрылған болатын. Осыған дейін өмір сүрген ауылшаруашылық және өндеуші кәсіпорындардың басым көпшілік бөлігі жаңа ұйымдық формалар (акционерлік қоғамдар және серіктестіктер, өндірістік кооперативтер, фермерлік шаруашылықтар, мемлекеттік кәсіпорындар) болып қайта құрылды.

Екінші – бейімделу кезеңі (1995-1999 жылдар). Бұл кезеңде ауылшаруашылық құрылымдары, өндірістің негізгі құралдарын жаңалау мүмкіндігіне ие емес, негізінен, шығынды шаруашылықтар болып қалды. Осындай ахуал капиталдың интенсивті түрде ауылдан жылыстауына әкелді. Ауыл шаруашылық өндірісіндегі инвестициялардың үлесі 0,4%-ға дейін төмен түсті. Ауыл шаруашылық тауар өндірушілері несие ресурстарын алуға қолдары жетпегендіктен, онсыз да ауыр өздерінің қаржылық жағдайларын нашарлата отырып, лажсыздан баспа-бас айырбасты (бартерді) пайдаланды. Ауылшаруашылығын мемлекеттік қолдау жүйесі өндіріске ынталандырушылық ықпалын тигізе алмады, бөлінген қаражат тиімді пайдаланылмады. Ішкі нарықты қорғаудың айқын жүйесінің болмауы неғұрлым арзан импорт өнімдерінің елімізді басып кетуіне әкелді және осындай арзан қолды өнімдер отандық тауарларды ығыстырып шығара бастады. Осылардың барлығы, бағалардың сәйкессіздігі, ақыр соңында өндірістің құлдырауы мен ауыл экономикасының қаржылық жағдайының нашарлау себебіне айналды.

Талдау көрсетіп отырғандай, егер 1990 жылы пайдамен жұмыс жасайтын шаруашылықтардың үлес салмағы 96,4%, ал шығынды шаруашылықтар – 3,6% болса, ал 1998 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 23,4% және 72,4% болды. ІЖӨ-дегі аграрлық сектордың үлесі 1990 жылғы 34%-дан 1998 жылы 9%-ға дейін төмен түсті, ал жалпы өнім көлемі 2,4 есе қысқарды. 1997 жылдың соңында үкімет, тиімсіз шаруашылық субьектілерін банкрот деп жариялау, бюджетке төлейтін төлемдері бойынша қарыздары барларға мұрсат беру және жеңілдікпен салық салу жолымен аграрлық секторды қаржылық сауықтыру бойынша түбегейлі іс-шаралар қабылдады.

Реформалау кезеңінде, 1995 жылдың 22 желтоқсанындағы Заң күші бар, «Жер туралы» Президент Жарлығы қабылданды. Ол іс үзінде ауылшаруашылығы мақсатындағы емес жерлерге жекеменшікті заңдастырды. Соның нәтижесінде республикада, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу мен бау-бақшамен айналысатын және саяжай құрылысын жүргізетін, 3,5 мыңға жуық жер учаскелерінің меншік иелері пайда болды.

Үшінші – тұрақтандыру кезеңі (1999-2002 жылдар). 1999 жылы соңғы жылдары алғаш рет ауылшаруашылық өндірісінің елеулі өсуіне қол жеткізілді: ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1998 жылмен салыстырғанда 28,9%-ға, оның ішінде өсімдік (егін) шаруашылығы өнімі – 66%-ға, мал шаруашылығы – 1,8%-ға ұлғайды. Саланы реформалау барысында отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2000-2002 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту Бағдарламасы қабылданған болатын. Осы бағдарламада көзделген мемлекеттік қолдау шаралары: жалпы сипаттағы және арнайы іс-шаралар болып екі категорияға бөлінеді.

Жалпы сипаттағы іс-шаралар – малдардың (жануарлардың) және өсімдіктердің аса қауіпті аурулары диагностикасын, мониторингін және онымен күресуді, карантиндегі өнімдерге зертханалық және фитосанитариялық анализ жүргізуді, ауыл шаруашылық дақылдарының сорттарын санауды, суармалы игерілетін жерлердің мелиорациялық жағдайын бағалауды, мемлекеттік резервтердегі астықты сақтауды, элиталық тұқым өндірісі мен асыл тұқымды мал өсіруді сақтау мен дамытуды, минералдық тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауды, агроөнеркәсіп кешенінің ақпараттық жүйесін құруды және дамытуды, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуді мемлекеттік қаржыландыру. Оған сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жеңілдікпен салық салуды (заңды тұлғалар үшін патент және шаруа қожалықтары (фермерлері) үшін бірыңғай жер салығы), бюджет қарыздарын төлеуге мұрсат беруді жатқызуға болады.Нақты салалар мен өндірісті қолдауға бағытталған арнайы іс-шаралар, негізінен, өтеулі сипатты білдіреді және нарықтағы қаржылық орнықты шаруашылық субьектілеріне арналған: мемлекеттік ресурстарға астық сатып алуды; ауылшаруашылығы техникалары лизингін, көктемгі дала және астық жинау жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттерді несиелейді; мемлекет сыртқы займдар тарту арқылы ауылдағы несие серіктестіктерінің жүйесіне несие береді; экспорт-импорт тәртібін реттеу жағдайындағы тариф саясаты.

Қазақстан Республикасының «Астық туралы» Заңы қабылданды. «Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» қолданыстағы Заңға тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілді, «Тұқым шаруашылығы туралы» Заң жобасы әзірленді. Ауыл шаруашылығын техникамен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін іс-шаралар қабылданды. Осы мақсаттарда мемлекеттің қатысуымен мамандандырылған мемлекеттік лизинг компаниясы ЖАҚ «ҚазАгроҚаржы»» құрылды. Компанияның өзінің қызметін атқарған уақыты ішінде республика бойынша лизингке 817 трактор, 1348 астық жинайтын комбайн, 508 жаткалар алынып, орналастырылды. 332 МТС құрылып, жұмыс істеуде, олар ауылшаруашылығының тауар өндірушілеріне қызмет көрсетеді. Отандық ауылшаруашылығы машиналарын жасауды қайта өркендету бойынша мақсатты бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Павлодар қаласындағы «Қазақстан трактор» акционерлік қоғамы жаңа шынжыр табанды Т-95 тракторларын жасауды игеріп, шығара бастады, кең ауқымды жаткаларды бірлесіп шығару өндірісі жолға қойылды.

Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін несие ресурстарына қол жетімділікті қамтамасыз ету бойынша міндеттер шешілуде. ЖАҚ «Аграрлық несие корпорациясы» мемлекеттік компаниясы құрылды және республикада ауылдық несие серіктестіктерін ұйымдастыру бойынша пилоттық жобаны іске асыру жөніндегі жұмыстар басталды. Қазіргі уақытта республиканың 11 облысында 49 ауылдық несие серіктестіктері құрылды, ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 2,3 млрд. теңге несие ресурстары берілді. Құрылған серіктестіктердің жалпы жарғылық капиталы 831,4 млн. теңгені құрайды, оған қатысушылардың саны 1618-ге жетті, ал ауылшаруашылығына пайдалы, олар өңдейтін егістік алқаптар – 2,3 млн. гектарды құрайды.

Төртінші - өсу кезеңі (2002 жылдан). 2003-2005 жылдарға арналған үкіметтің стратегиялық бағытында мемлекет басшысы ауылды басым дамытуды айқындап берген болатын, 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік агро азық-түлік бағдарламасы мен 2004-2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы осы мақсат үшін әзірленіп, оны Республика Президенті бекіткен еді. Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің аграрлық азық-түлік бағдарламасының негізгі мақсаты болып саналады. Егістік алқаптардың рационалды құрылымдарын қалыптастыру, ауылшаруашылық техникаларын ауқымдық жаңалау және техникалық қызмет көрсетулерді сапалық жағынан кеңейту, орта және ірі тауарлы мал шаруашылығын дамыту, малды асыл тұқымдандыру ісін және элиталық тұқым шаруашылығын қолдау, ерекше қауіпті зиянкестерден, өсімдіктер мен жануарлардың ауруларынан қорғау сияқты ауылшаруашылығы өндірісін тікелей дамытуға бағытталған шаралардан өзге, онда институционалдық тетіктерді қалыптастыратын, мемлекеттік сектордың жұмыс істеу тиімділігіне негіз жасайтын іс-шаралар көзделген.

Жер кодексін қабылдау арқылы ауылшаруашылығы мақсатына арналған жерлерге жеке меншікті енгізу жер қатынастарын қайта құрудың басты шарасы болып саналады.

Онда, көрсетілген жерлерді жеке меншікке беру тетігі көзделген, бұл жағдайда жерді пайдалану құқығы институты сақталады.

Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеуге, Стратегияда ерекше назар аударылған. Өңдеуші өнеркәсіптің материалдық-техникалық және технологиялық базасының моралдық жағынан артта қалғанын және физикалық жағынан тозғанын ескере отырып, 2003 жылдан бастап, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар үшін жабдықтарды жаңалау бойынша іс-шаралар жүзеге асырыла бастады.

Сондай-ақ ауыл халқы табысының қолайлы деңгейін қамтамасыз ететін және ресурстарды экономикалық жағынан перспективалы аймақтарға шоғырландыруға мүмкіндік беретін ауылдық аумақтарды дамыту мен ауыл халқын жаңа жерлерге орналастырудың оңтайлы схемаларын қалыптастыру көзделеді. Бұл міндеттер ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Бағдарламаларды іске асыру екі кезеңде жүзеге асады.

Бірінші кезеңде (2004-2006 жылдар) ауылдық елді мекендерді паспорттау, осы елді мекендерге әлеуметтік-экономикалық даму критерийлері (өлшемдері) бойынша жіктеу жүргізу негізінде әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша жағдайға талдау жасау болжанады.

Екінші кезеңде (2007-2010 жылдар) - әрбір селолық елді мекеннің әлеуметтік сыйымдылығын бағалау және ауыл тұрғындарының неғұрлым жоғары өмір деңгейін қамтамасыз ету, ауылдық аумақтарды орнықты дамытудың негіздерін жасау жоспарланады.

Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламаларын жүзеге асырудың мыналар нәтижелеріне айналады: кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және экономикалық қызмет аяларын кеңейту негізінде ауылдық елді мекендер тұрғындарының кірістері деңгейінің өсуі; ауыл халқын әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету; ішкі көші-қонды (миграцияны) ынталандыру тетіктерін әзірлеу; 2007 жылы табиғи-климаттық аймақтар мен өндіргіш күштерді орналастырудың ұлттық схемасына сәйкес ауылдықтарды жаңа жерлерге орналастырудың оңтайлы үлгілерін жасау. Үлгінің өзін пайдалану 2010 жылдың аяғына жоспарланған.

Осылайша, бұрынғы жылдардан айырмашылығы, Қазақстанда ағымдағы міндеттерді ғана емес, сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамытудың перспективалық міндеттерін шешу үшін қажет қаржы ресурстары бар. Ендігі жердегі басты мәселе оларды тиімді және мақсатты пайдалану және халықтың басым көпшілігінің өмір деңгейі көп жағдайда ауыл экономикасын дамытуға қатысты екенін түсіне білуде. Атап айтқанда, соңғы жылдары республикада әзірленген және қабылданған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған.

Агроиндустриалды реттеу.

Мемлекеттің агроазық-түлік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2002 жылы басталған жүйелік қайта құрулар, ауылшаруашылық өндірісін мемлекеттік қолдау шараларын рационализацияландыру, агроөнеркәсіп кешені өнімдерін сату көлемін ұлғайту, институционалдық қамтамасыз етуді дамыту, салаға инвестициялар тартудың тиімді тетіктерін енгізу жолымен жүзеге асырылды.

Ең төменгі тұтыну стандарттарына сәйкес есептелген, республика халқының тамақ өнімдерімен қамтамасыз етушілігіне талдау жасау көрсеткендей, тұтастай алғанда тамақ өнімдерінің негізгі түрлері бойынша ел өзін-өзі қамтамасыз етеді.

Қазақстанның егіншілік негізінің, астық өндірісінің тұрақты дамуы байқалады. Қазақстан астығының сыртқы нарығын кеңейту мақсатында АҚ «Азық-түлік контрактылық корпорациясының» Ұлыбританиядағы, Қытайдағы, Ирандағы, Ресейдегі және Өзбекстандағы өкілдіктері өзінің қызметін жалғастыруда.

Мал шаруашылығында оң үрдістер сақталуда. Мал өнімдерінің сыртқы нарықтарына шығу жұмыстары жалғасуда. АҚ «Мал өнімдері» корпорациясы ТМД елдерінде, алыс шетелдердің неғұрлым тартымды өңірлерінде өздерінің өкілдіктерін ашты, әлемдік деңгейдегі көрмелерге және жарнамаларға қатысу бойынша іс-шараларды жүзеге асыруда.

Ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің қажеттіліктеріне бағдарланған тиімді қаржы құралдарының көпарналы жүйесі жұмыс істейді.

Көктемгі және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге жеңілдікпен несие беру, өңдеуші кәсіпорындар, ауылдық несие серіктестіктері үшін ауылшаруашылық техникалары мен жабдықтар лизингі, форвордтық астық сатып алу, ауыл халқына шағын несие беру жүйесі дамуда.

Ауыл шаруашылық шикізатын өңдеу көлемін ұлғайту және ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға екінші деңгейдегі банктер беретін несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау жолымен тамақ өнеркәсібін жаңа технологиялық деңгейге көтеруді ынталандыруға бағытталған шаралар кешенін жүзеге асыру жалғасты.

Аталған іс-шараларды жүзеге асыру жабдықтарды жаңалауға, өңдеуші кәсіпорындардың технологиялық және техникалық артта қалушылықтарын жою, өндіріс пен бағалар шығындарын төмендету есебінен өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң ықпал етеді.

Халықаралық маркетинг желісіне ықпалдасу жұмыстары жүргізілуде. АҚ «Қазагромаркетинг» Ресейдің, Украйнаның, Өзбекстанның, Қырғызстанның ақпараттық орталықтарымен ақпараттар алмасуды жолға қойған.

Ауылдың әлеуметтік даму проблемаларын шешу 2004-2010 жылдарға арналған ауыл аумақтарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады. Осы жұмыстар шеңберінде, халықтың қалыпты өмірін қамтамасыз ету үшін, қажетті қызмет көрсетулердің, тауарлар мен жұмыстардың көлемдерін айқындауды көздейтін ауыл халқының өмір сапасының ұлттық нормативтері әзірленуде.

Нарықтық экономиканы дамыту, аяларды кеңейту және ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері қызметінің белсенділігін арттыру мақсатында мемлекет сондай-ақ ауыл шаруашылығын қолдау Қорын қаржыландырады.Мұнан өзге, ауыл экономикасына жеке капиталды көбірек тарту үшін шағын несие ұйымдары желілерін дамыту Тұжырымдамасының жобасы әзірленген болатын.

Агроөнеркәсіп кешенінің және ауылдық аумақтардың орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ететін қатынастарды одан әрі жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтардың дамуын мемлекеттік реттеу туралы» Заңы және «2006-2010 жылдардағы агроөнеркәсіп кешенін орнықты дамыту Тұжырымдамасы» қабылданды.

Республикадағы мемлекеттік қолдау шаралары жалпы сипаттағы және арнайы шараларға бөлінеді:

Жалпы сипаттағы шаралар – бұл малдардың және өсімдіктердің ерекше қаупті аурулары диагностикасын, мониторингін және онымен күресті, карантиндегі өнімдерді зертханалық және фитосанитарлық анализден өткізуді, ауылшаруашылық дақылдарының сорттарын сынақтан өткізуді, суландырылатын жерлердің мелиорациялық жағдайын бағалауды, мемлекеттік резервтердегі астықты сақтауды, элиталық тұқым шаруашылығы мен асыл тұқымды мал өсіру ісін сақтау және дамытуды, минералдық тыңайтқыштарды сатып алуды субсидиялауды, агроөнеркәсіп кешенінің ақпараттық жүйесін құру және дамытуды, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуді қаржыландыру. Жалпы шараларға сондай-ақ ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жеңілдікті несие беруді (заңды тұлғалар үшін патент және шаруа қожалықтары (фермерлер) үшін бірыңғай жер салығы), бюджет қарыздарын төлеуге мұрсат беруді жатқызуға болады;

- арнайы шаралар нақты салалар мен өндірісті қолдауға бағытталған, негізінен, өтеулі сипатқа ие және нарықтың қаржылық орнықты шаруашылық субьектілеріне: мемлекеттік ресурстарға астық сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникаларын несиелеуге, көктемгі дала және күзгі жиын-терін жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттерге несие беруге, ауылдық несие серіктестіктері жүйелерін несиелеуге, сыртқы займдар тарту арқылы мемлекеттің несиелеуіне арналған және экспорт-импорт тәртібін реттеу жағдайындағы тарифтік саясат.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен жұмсалатын шығындар жалпы ішкі өнімнің 0,7%-ын, ал Ресейде – 1%-ын, ЕО елдерінде – 25-тен 30%-ға дейін құрайды. Қазақстандағы бір ауылшаруашылық құрамаларына есептегендегі республикалық бюджеттен бөлінетін мемлекеттік қолдау сомасы 1200$, ал АҚШ-та 45000$ құрайды. Салыстырмалы талдау көрсетіп отырғандай, Қазақстандағы 1га жыртылған жерге есептегендегі мемлекеттік көмек деңгейі 7,5$ құрайды, бұл Канадамен (83$) салыстырғанда 11 есе, АҚШ-пен (107,5$) салыстырғанда – 15 есе, ал Финляндиямен (500$) салыстырғанда – 65 еседен көп, ЕО-мен (855$) салыстырғанда – 115 есе, Швейцариямен (4214$) салыстырғанда – 570 есе төмен. АҚШ-та ауылшаруашылық өнімдерінің 30%-ы, Германияда – 50%-ы, ал Жапонияда – 75%-ы дотацияланады.

2006 жылы Қазақстанның ауылшаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен жұмсалған шығыстар ішкі жалпы өнімнің 1,8%, оның ішінде бір ауылшаруашылық құрамына есептегендегі республикалық бюджеттен бөлінетін сома - 2500$, 1га жыртылған жерге есептегендегі сома – 15,9$ құрады, бұл агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау мөлшерінің ұлғайғандығын көрсетеді, бірақ та бұл осындай импорттық өнімдермен салыстырғанда отандық ауылшаруашылық өнімдерінің бәсекелестік артықшылықтарын теңестіру үшін жеткіліксіз болып саналады.

Түйін

1. Рационалды табиғат пайдаланудың негізгі мақсаттарына мыналар жатады:

- қалпына келтірілетін ресурстарды ұдайы өндіру;

- қалпына келтірілмейтін ресурстарды үнемді алу және жұмсау;

- қолайлы өмір сүру ортасын, жануарлар және өсімдіктер әлемін, ландшафтарды сақтау;

- қауіпті қалдықтарды сенімді көму немесе оларды өңдеу.

2. Қоршаған ортаны және табиғат ресурстарын пайдалануды мемлекеттік реттеу әкімшілік және экономикалық әдістердің үйлесуіне негізделеді.

3. Қазіргі батыс экономикасында мемлекет аграрлық секторды белсенді түрде қолдап отырады. Мемлекет аса маңызды ауылшаруашылық өнімдеріне ең төменгі бағаларды белгілеп, жыл сайын қарайды. Сол арқылы тауар өндірушілер бағалардың күрт түсуінен қорғалады. Сол уақытта ішкі нарық, қосымша сырттан әкелінетін тауарларға баж салығын салу жүйесінің көмегімен бағалардың шамадан тыс ауытқуы мен арзан қол импорттан сақтандырады.

4. Қазақстанда мемлекеттің реттеушілік функциялары келесі бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

- заңнамалық база жасау, реттеуді құқықтық қамтамасыз ету;

- бүкіл аграрлық нарықтарда бәсекелестік орта қалыптастыру;

- агроөнеркәсіп кешенінің орнықты дамуын қолдау, тауар өндірушілердің нарықтық жағдайларға бейімделуі үшін жағдайлар жасау;

- мемлекет, агроөнеркәсіп кешені өнімдеріне, мемлекеттік тапсырысқа, өңірлік қорларға азық-түлік сатып алу бағалары жүйесін реттеу арқылы, халықтың негізгі топтарының кірістерін қалыптастыруға ықпал ете отырып, халықтың төлем қабілетті сұранысының пайда болуына әсерін тигізеді;

- парасатты протекционизм саясатын жүргізу, импортталатын азық-түлік тауарларына салықтар, кедендік тарифтер жүйесінің көмегімен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- шетелдік инвесторлар үшін қолайлы ахуал туғызу, агроөнеркәсіп кешенінің бірлескен кәсіпорындарын құру, озық технологиялар мен техникалар жағдайында шетелдік кредиторлар үшін мемлекеттік кепілдіктер беру;

- агроөнеркәсіп кешені проблемалары бойынша ғылымның негізгі бағыттарын қаржыландыру, әлемдік стандарттарға жауап беретін жаңа технологиялар жасау бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыруға қатысу.