- •Жүйке жүйесінің патофизиологиясы Жүйке жүйесі бұзылыстарының этиологиясы
- •Қанайналымның бұзылыстарынан болатын мый бүліністері
- •Жүйке жүйесінің біртектес дерттік өзгерістері
- •Нейрон мембраналарының бұзылыстары
- •Аксон қызметтерінің бұзылыстары
- •Дендриттердің бүзылыстары
- •Түйіспелер қызметтерінің бұзылыстары
- •Жүйке жүйесі бұзылыстарының жалпы көріністері
- •Тежелудің тапшылығы
- •Сезімталдықтың бұзылыстары
- •Тітіркендіргіштің қарқынын түйсінудің бұзылуы
- •Тітіркендіргішке сезімнің сәйкессіздігі
- •Сезімталдық бұзылыстарының жалпы тетіктері
- •Ауыру сезімінің патофизиологиясы
- •Сүлде ауырулық синдромдардың түрлері және даму жолдары
- •Соматогендік ауырулық синдромдардың даму тетіктері
- •Бастапқы гипералгезияның пайда болу тетіктері
- •Салдарлық гипералгезияның даму тетіктері
- •Нейрогендік ауырулық синдромның даму тетіктері
- •Дерттік (сүлде) ауыру сезімін емдеу негіздері
- •Қимыл-қозғалыстың жүйкелік бұзылыстары
- •Қимыл-қозғалыс бұзылыстарының түрлері
- •Гиперкинезиялар
- •Шабан гиперкинезиялар
- •Атаксиялар
- •Жүйкелік нәрленістің бұзылыстары және нейродистрофиялық үрдістер
- •Жүйке жүйесінің бұзылыстарында екіншілік эндогендік себепкер ықпалдар қалыптасуының маңызы
- •Эпилепсия (қояншық ауруы)
- •Тырыспа-селкілдек ұстамасының түрлері
- •Нейрожұқпалар
- •Менингиттер
- •Мый қанайналымының бұзылыстары
- •Мый қанайналымы бұзылыстарының түрлері
- •Оңжақ және солжақ мый жартылары инсультінің ерекшеліктері Мыйдың солжақ жартысының бүлінуі
- •Оңжақ мый жартысының бүлінуі
- •Инсульттің зардаптары
- •Мый қанайналымының өткінші бұзылыстары (мқөб)
- •Мыйға қан құйылу – геморагиялық инсульт
- •Ишемиялық инсульт (мый инфаркты)
- •Жоғары жүйке әрекеттерінің бұзылыстары. Жүйке тозуы (невроздар)
- •Невроздардың жіктелуі
- •Невроздық жағдайлардың жалпы көріністері
- •Вегетоневроздар туралы түсінік
Жүйке жүйесінің бұзылыстарында екіншілік эндогендік себепкер ықпалдар қалыптасуының маңызы
Нейронаралық байланыстардың бұзылыстары. Жүйке жүйесі бұзылыстарының негізінде нейронаралық байланыстардың эндогендік өзгерістері жатады. Осының нәтижесінде белсенділігі көтерілген жүйке жасушасы пайда болады. Бұл жасушада қозу үрдісі тежелу үрдісінен басым болады да, ол көптеген серпіндер өндіре бастайды. Осындай жүйке жасушасы эпилепсияланған нейрон деп аталынады.
Жүйке жасушасының белсенділігі көтерілуі мына себептерден болуы мүмкін:
● жүйке жасушасында бірден қозу үрдісі қатты көтеріліп кетуден; Ол қоздырғыш аминқышқылдарының (глутамин, аспарагин, L-гомоцистеин қышқылдары) әсерлерінен жүйке жасушасының ішіне натрий, кальций иондары енуі артып, оның мембранасында қатты деполяризация туындауынан болады. Осыдан жүйке жасушаларында қозу үрдісі пайда болып, оның серпін өндіру белсенділігі артьш кетеді.
● жүйке жасушасында тежелудің тапшылығынан; қалыпты жағдайда нейрондардың тежелуіне әкелетін жүйкелік медиатор болып гаммааминомай қышқылы (ГАМК) және глицин есептеледі. Нейрон мембраналарында бұл тежегіш нейромедиаторларды қабылдайтын рецепторлар болады. Олардың әсерлерінен хлор ионы нейрон ішіне енеді. Содан нейронның тежелуі болады. Сол себепті тежелудің бірінші тапшылығы мыйда ГАМК аз өндірілуінен немесе оны қабылдайтын рецепторлардың сезімталдығы төмен болуынан дамиды. Осыдан нейронның белсенділігі көтеріліп кетеді де, ол көптеп серпін өндіре бастайды;
● нейрон белсенділігінің көтерілуі оның тежеуші әсерден шығып кетуінен дамиды. Бұндай жағдай нейронның дефферентациясы нәтижесінде болады. Нейронның белсенділігі көтеріліп, онда қозу үрдісі тежелуден басым болуында, нейрон ішіне Са2+ иондарының көптеп енуі маңызды.
Белсенділігі көтерілген жекелеген нейрондар ОЖЖ-нің бұзылыстарына әкелмейді. Ал, өте қуатты серпіндер ағынын туындататын белсенділігі тым көтеріңкі нейрондар тобының жиынтығы ғана ОЖЖ-нің бұзылыстарына әкеле алады. Осындай тым қуатты серпіндер ағынын туындататын, белсенділігі өте жоғары және өзара әрекеттесе алатын нейрондар топтарының жиынтығын күшейген дерттік қозу генераторы (КДҚГ) дейді (Г.Н.Крыжановский). Ол тежелудің бірінші бұзылыстарынан (сіреспе уытының, стрихниннің, пеницилиннің т.б. әсерлерінен), қоздырғыш аминқышқылдарымен (глутамин, аспарагин т.б.) синапстардың ұзақ түрткіленуінен, мыйдың ишемиясы мен ишемиядан кейінгі реперфузияның әсерлерінен, нейрондардың деафферентациясынан дамиды.
Бұл генератор, ешбір сыртқы әсерсіз-ақ, өзінің белсенділігін жоғары деңгейде өз бетінше ұстап тұрады. Күшейген дерттік қозу генераторы ОЖЖ-нің басқа құрылымдарына белсенді түрде әсер етіп, оларды дерттік серпілістерге жұмылдырып, дерттік жүйеге біріктірсе, ол дерттік анықтаушы (детерминанта) делінеді.
Дерттік детерминанта - дерттік жүйені қалыптастыратын, анықтайтын және басқаратын негізгі эндогендік құбылыс. Сондықтан осы дерттік анықтағыштың белсенділігін дәрі-дәрмектердің жәрдемімен төмендету немесе оны хирургиялық әдіспен жою арқылы ОЖЖ бұзылыстарын емдеуге болады. Мәселен, мыйдың сыртқы қыртысындағы белсенділігі көтерілген нейрон ошағын хирургиялық әдіспен алып тастау арқылы қояншық ауруын емдеуге қол жеткізеді.
Дерттік жүйе - деп ОЖЖ-нің бүліністерінен пайда болатын жаңадан қалыптасқан дерттік өзгерістерді дамытып тұратын функциялық құрылымды айтады. Бұл жүйенің мысалы болып, дерттік қасыну рефлексін келтіруге болады. Тәжірибеде егеуқүйрықтардың жұлынында күшейген дерттік қозу генераторын жасанды түрде туындату арқылы дерттік қасыну рефлексін байқауға болады. Бұл жағдайда тәжірибелік жануарлар артқы аяқтарымен қатты қасына бастайды. Уақыт өткен сайын қасыну, тері мен еті жыртылғанына қарамай, күшейе береді. Осындай еріксіз қозғалыстар адамдардың да жүйке жүйесінің көптеген дерттерінде кездеседі.
Әрбір дертке өз бетінше дерттік жүйе қалыптасуы тән. Мәселен, қояншық ауруына, паркинсонизмге, қорқыныш сезіміне, құбыжық (фантомдық) ауыру сезіміне т.б. мый қызметінің бұзылыстарына өзінің дерттік жүйесі қалыптасады.
Сайып келгенде, жүйке жүйесінің әртүрлі бұзылыстарында салдарлық эндогендік себепкер ықпалдардың - «күшейген дерттік қозу генераторы-дерттік анықтаушы-дерттік жүйе» қалыптасуы маңызды орын алады. Бастапқы кезінде дерттік жүйе дерттік анықтаушыдан тікелей байланысты дамиды. Сол себептен дерттік анықтаушының белсенділігі артқанда дерттік жүйенің де белсенділігі көтеріледі. Ал, дерттік анықтаушы аластанғанда дерттік жүйеде жоғалады. Артынан дерттік жүйе, анықтаушы аластанса да, қалыптасқан күйінде сақталып қала береді.
