- •Сыртқы тыныс патофизиологиясы
- •Обструкциялық тыныс жеткіліксіздігі
- •Бронхиалық демікпе
- •Демікпелік күй (status)
- •Демікпелік күймен ауыратын науқастарды қарқынды патогенездік емдеу негіздері
- •Асфиксиялық синдром
- •Рестрикциялық тыныс жеткіліксіздігі
- •Өкпе гипертензиясы
- •Өкпе эмфиземасы
- •Өкпеқап дерттері
- •Өкпені жасанды желдетудің патогенездік негіздері
Асфиксиялық синдром
Тыныс алу жолдарының жылдам қысылып қалуы, олардың саңылаулары бөгде затпен бітелуі, тыныс алу жолдары мен өкпе ұяшықтарында сұйық жиналуы (өкпе ісінгенде, құсық немесе су түскенде), екі жақты пневмоторакс дамуы, ботулин, сіреспе т.б. уыттардың әсерлерінен тыныстық бұлшықеттердің қатты жиырылып қалуы немесе салдануы, мидағы тыныстық орталықтың есірткілермен қатты тежелуі кездерінде асфиксиялық (грек. asphyxia – тұншығу) синдром дамиды. Бұл кезде организмге оттегінің түсуі және одан көмірқышқылы газының сыртқа шығарылуы болмайды. Содан ауыр гипоксемия және гиперкапния дамиды.
Организмнің тұншығуының 1-сатысында инспирациялық ентік дамиды. Демді ішке тарту сыртқа шығарудан ауыр және ұзақ болады. Өйткені тарылған тыныс жолдары арқылы өкпе ұяшықтары ауаға толмайды. Содан мыйдағы тыныстық орталықтың демді ішке тарту бөлігі, Геринг-Брейер рефлексі кешеуілдеуден, қозу жағдайында ұзақ болады. Демді ішке тартатын бұлшықеттердің қатты жиырылуы өкпеқап ішіндегі қысымды күрт төмендетеді. Бұл өз алдына өкпе ұяшықтарының қатты керіліп кетуіне әкеледі. Осыдан өкпе ұяшықтарының қабырғалары серпімділік қасиетінен айырылады, тез арада өкпе эмфиземасы дамиды. Бұндай жағдайда демді ішке тарту кезінде өкпе ұяшықтарының қабырғаларынан кезбе жүйке арқылы тыныстық орталықтың инспирациялық бөлігі тежеледі, демді ішке тарту тоқталады. Осыған жауап ретінде демді сыртқа шығару орталығы қозады, экспирациялық бұлшықеттердің белсенділігі үдемелі түрде артады.
Асфиксияның бұл сатысында тұтас организмнің қозуы байқалады, симпатикалық жүйке жүйесінің межеқуаты көтеріледі (көздің қарашығы кеңиді, тахикардия дамиды, артериялық қан қысымы көтеріледі), тырыспа-селкілдек ұстамасы байқалады, еріксіз дәрет бұзылады;
Асфиксияның 2-сатысында экспирациялық ентік пайда болады. Бұл кезде тыныс алу жиілігі сирейді, бірақ оның тереңдігі жоғары қалпында сақталады, демді сыртқа шығару оны ішке тартудан ауырлап, ұзарады. Демді сыртқа шығару кезінде қатты керілген өкпе ұяшықтары қысылып, кезбе жүйкенің мыйға бағытталған серпіндерін күшейтеді. Ол мый төмпешігі мен сопақша мыйдағы тыныстық орталықты тежейді, демді сыртқа шығару тоқталады. Асфиксияның бұл сатысында парасимпатикалық жүйке жүйесінің межеқуаты көтеріледі (көз қарашығы жиырылады, артериялық қан қысымы төмендейді, брадикардия дамиды). Экспирациялық ентік біртіндеп тыныстың тоқтаумен аяқталады. Бұл кезде тыныстың тереңдігі мен жиілігі біртіндеп азайып, тыныс алу тоқтайды. Мұны ақтық (терминалдық) үзіліс дейді. Бұл кезде қанда оттегінің мөлшері қатты азаяды, зат алмасуларының ыдырау өнімдерінің деңгейі көтеріледі. Қанда оттегінің мөлшері тым қатты азаюдан мый қыртысы, қыртыс асты т.б. құрылымдар біртіндеп істен шығады, адам есінен танады, тыныстық және қан тамырларының қимылдық орталықтары тежеледі, рефлекстер мүлде жоғалады.
Кезбе жүйкенің ядролары мен мый төмпешігіндегі тыныс алу орталығы әлсіреуден гипоксияның, гиперкапнияның және ацидоздың әсерлерінен тыныстық орталықтың сопақша мыйдағы бөлігі қысқа мерзімге қозады. Содан ақтық үзілістен кейін, 4-5 әлсіз тыныстық қозғалыстар түрінде, агониялық тыныс (ақтық дем немесе Гаспинг тынысы) басталады. Алдымен әлсіз демді ішке тарту болады, артынан ол күшейеді, бірақ белгілі мөлшерге жеткен соң біртіндеп әлсіреп, тыныс біржола тоқтайды. Бұл кезде жүректің қызмет атқару мүмкіншілігі әлі сақталып қалады, ол 5-15 минөт жиырылуы мүмкін.
