- •Сыртқы тыныс патофизиологиясы
- •Обструкциялық тыныс жеткіліксіздігі
- •Бронхиалық демікпе
- •Демікпелік күй (status)
- •Демікпелік күймен ауыратын науқастарды қарқынды патогенездік емдеу негіздері
- •Асфиксиялық синдром
- •Рестрикциялық тыныс жеткіліксіздігі
- •Өкпе гипертензиясы
- •Өкпе эмфиземасы
- •Өкпеқап дерттері
- •Өкпені жасанды желдетудің патогенездік негіздері
Демікпелік күймен ауыратын науқастарды қарқынды патогенездік емдеу негіздері
Демікпелік күй кезіндегі ӨЖЖ аспабының жұмыс істеу тәртібі науқастың дем алу мүмкіншіліктеріне сәйкес келмеуінен артериалық гипоксемия ушығып кетуі мүмкін. Аспаппен өкпеге ауаны үрлеу мен науқастың өз бетінше демді сыртқа шығаруы сәйкес келмеуінен ауа ағымының әр бағытта өтуінен өкпе респирондарының желдетілуі біркелкі болмауы қатты ушығып кетеді. Осыдан артериалық қанда рО2 с.б.б. 60 мм-ден төмен азаяды, оттегінің шеткері тіндерге тасымалдануы бұзылады. Осыған байланысты бұндай науқастарда ӨЖЖ жасау үшін науқастың тыныстық орталығын дәрілермен тежеу қажет. Осы мақсатта 3-5 мг морфий сульфатын көктамырға енгізу қолданылады. Әдетте морфийдің гистамин бөлінуін арттыратын қабілеті болғанымен, ол демікпелік жағдай кезінде бронхоспазмды ушықтырмайтыны клиникалық амалдардан белгілі.
Демікпелік күй кезінде ӨЖЖ-дің негізгі мақсаты болып науқастың тыныс алуы кезінде организммен оттегіні пайдалануды және көмірқышқылы газын артық өндіруді азайту есептеледі. Тыныс алу жолдарында ауа өтуіне ауыр кедергілер болғандықтан ӨЖЖ үшін өкпеге үрленетін ауаның көлемі бойынша реттелінетін аспап қолданылады. ӨЖЖ кезінде тыныстық ауаның көлемі науқастың әрбір кг дене массасына 6 мл-ден 10 мл-ге дейін болуы қажет. Бронхиалық демікпемен ауыратын науқастарда демді сыртқа шығару кезінде тыныс алу жолдары қаттырақ тарылатын болғандықтан өкпенің функциялық қалдық сыйымдылығы ұлғаяды. Осы құбылыс демікпелік жағдай кезінде одан да артық күшейіп кетеді. Содан өкпе ұяшықтарында демді сыртқа шығару кезінде атмосфералық қысымнан жоғары оң ауа қысымы ұдайы болуы өкпе керілуін және оның функциялық қалдық көлемін ұлғайтады. Сондықтан демікпелік жағдайы бар науқастарда демді сыртқа шығарудың соңында өкпе ұяшықтарында ауаның оң қысымын қалдырмайтын ӨЖЖ-дің тәртібі қолданылуы қажет.
Демікпелік күй кезінде өкпе ұяшықтарының обструкциялық желдетілуі тым ауыр бұзылғанда демді ішке тарту мен оны сыртқа шығару уақытының оңтайлы арақатынасын табу ӨЖЖ-дің өте күрделі мәселесі болып келеді. Тыныс алу жолдарының қатты тарылуы нәтижесінде өкпе ұяшықтарының ауаға біртіндеп толуынан олардың біркелкі емес желдетілуін мүмкіншілігінше азайту үшін демді ішке тарту ұзақтығын ұзарту қажет.
Демікпелік күй кезінде өкпе ұяшықтарының қажетті желдетілуі болуы үшін, гистамин бөлінуіне әкелмейтін, миорелаксанттарды (векурониум және панкурониум) енгізу арқылы тыныстық бұлшықеттерді толығынан босаңсыту қажет. ӨЖЖ кезінде демді ішке тартудың соңында ұяшықтардағы ауаның жоғары қысымы жүрекке келетін қан көлемін азайтып қанайналым жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін. Өйткені ауамен керілген ұяшықтардың қабырғаларындағы қылтамырлар қысылып қалады. Сондықтан демікпелік күй кезінде ӨЖЖ үшін 50% оттегісі бар гелий-оттегіден тұратын газ құрамын пайдалану қажет. Бұл газдық құрам майда тыныс алу жолдары арқылы жеңіл өтеді және өкпе ұяшықтарының желдетілуін жақсартуға мүмкіншілік береді. Осыдан оттегімен толықтырылған ауамен ӨЖЖ жасау кезінде желдетілмейтін ұяшықтардың да желдетілуі болады, артериалық гипоксемия азаяды. Ол өз алдына, тыныстық гипоксияны күшейтпей, демді ішке тарту мен оны сыртқа шығару уақытын ұзартуға мүмкіншілік береді, демді ішке тартудың соңында ұяшықтардың ішіндегі ауаның ең үлкен қысымын төмендетеді. Сол арқылы жүрекке келетін қан көлемін кемітпей қанайналым жеткіліксіздігі дамуынан сақтандырады. ӨЖЖ кезінде дем алу мен оны сыртқа шығару ұзақтығы ұзаруынан тыныс алу жиілігі мен тыныстың минуттық көлемі кемитінін есте сақтау қажет. Өкпе ұяшықтары желдетілуінің минуттық көлемі азаюы, көмірқышқылы газының сыртқа шығарылуын кемітіп, тыныстық ацидоз дамытуы мүмкін. Гелий-оттегіден тұратын газ құрамымен ӨЖЖ кезінде, ұяшықтар ауасында рСО2 көбеюіне қарамай, қанның оттегіге қанығуы және тіндерге О2 тасымалдануы артады.
Демікпелік күй кезінде ӨЖЖ көпшілік науқастарда тез арада артериалық қанның газдық құрамын (рО2 мен рСО2 бойынша) қалыпты деңгейге жеткізеді. ӨЖЖ-ді өкпе ұяшықтары желдетілуінің обструкциялық бұзылыста-рының ушығуы қайтқаннан кейін ғана тоқтатуға болады. Обструкциялық бұзылыстардың ушығуы қайтуының белгілері болып, өкпенің тіршіліктік сыйымдылығы науқастың әрбір кг дене массасына 15 мл-ден жоғары болуы есептеледі.
Демді ішке тарудың соңында ауысып тұратын оң қысыммен ӨЖЖ-ден кейін науқасқа тыныс алу жиілігін біртіндеп сиретіп, міндетті түрде мезгіл-мезгіл өкпені жасанды желдету әдісі қолданылуы қажет. Демікпелік жағдаймен ауыратын науқастарда ӨЖЖ-ді тоқтату үшін тыныс алу кезінде тыныстық бұлшықеттердің жұмысы ауырлап және тыныс жеткіліксіздігі қайталап ушығып кетпеуін қамтамасыз ететін сыртқы тыныс жағдайына көз жеткізу қажет.
Бронхиалық демікпе мен демікпелік жағдайды дәрілермен емдеу негізінде кеңірдекшелерді кеңітетін дәрілер мен кортикостероидтық гормон-дарды бірге тағайындау жатады. Демікпелік жағдай кезінде қарқынды емдеу үшін теофиллин мен β2-адреномиметиктер ең үлкен, жүрекке уытты әсер етпейтін, мөлшерлерде бір мезгілде енгізіледі.
Егер бронхиалық демікпенің бұрынғы ушығулары кездерінде науқас α-адренолитиктермен және м-холнолитиктермен нәтижелі емделген болса, онда демікпелік жағдайды, бұл дәрілердің организмде жинақталып қалу және жанама әсер ету мүмкіншіліктерін есте ұстай отырып, осы дәрілермен емдеу керек.
Бронхиалық демікпе мен демікпелік күйдің жоғарыда келтірілген патогенезіне қарай қабыну медиаторларын тежейтін дәрілер қолданылуы қажет. Мәселен, 5-липоксигеназа ферментінің бәсеңсіткіштері өкпеде арахидон қышқылынан лейкотриендер түзілуін тежейді. Тромбоциттерді әсерлендіретін фактордың антагонистері бронхиалық демікпе мен демікпелік күйді емдеуде нәтижелі болуы ықтимал.
