
- •Иммундық жүйенің бұзылыстары
- •Иммундық тапшылықты жағдайлар
- •Туа біткен (біріншілік) иммундық тапшылықтар
- •Салдарлық (жүре пайда болған) иммундық тапшылықтар
- •Жүре пайда болған иммундық тапшылықтық синдром (житс)
- •Аутоиммундық үрдістер
- •Трансплантатты тойтару
- •Аллергия
- •Аллергиялардың жіктелуі
- •Аллергиялық серпілістердің патогенезі
- •Аллергиялық серпілістердің цитотоксиндік II-ші түрі
- •Аллергиялық серпілістердің иммундық кешендік III-түрі
- •Аллергиялық серпілістердің жасушалардың қатысуымен дамитын IV-ші түрі немесе баяу дамитын жоғары сезімталдық (бджс)
- •Дереу және баяу дамитын аллергиялық серпілістердің айырмашылықтары
- •Жалған аллергиялар
- •Жұқпалар патофизиологиясы. Сепсис
- •Жұқпалы аурулар қоздырғыштарының түрлері
- •Жұқпалар пайда болуына әкелетін жағдайлар
- •Микроорганизмдердің жасушаларды бүліндіру тетіктері
- •Жұқпалы үрдістердің патогенезі
- •Жұқпалы аурулардың ерекшеліктері
- •Жұқпа қоздырғыштарынан организмнің қорғану тетіктері
- •Бейспецификалық тетіктеріне:
- •Арнайыланған қорғаныстық тетіктер
- •Жұқпалы үрдістерді емдеу негіздері
- •Өспе өсу патогенезі
- •Сау жасушаның өспе жасушасына айналуы.
- •Өспе жасушаларының қатерлі өспелердің қасиетін қабылдап, қарқынды өсіп-өнуінен бастапқы өспе түйіні пайда болуы (промоция)
- •Өспе алды жағдайлар.
Иммундық жүйенің бұзылыстары
Иммундық жүйенің бұзылыстары мына түрлерде болуы ықтимал:
● туа біткен немесе жүре пайда болған иммундық тапшылықты жағдайлар;
● аутоиммундық дерттер;
● аллергиялық серпілістер;
Иммундық тапшылықты жағдайлар
Иммундық жүйенің бір немесе бірнеше құрамбөлшектерінің болмауынан организмнің жұқпаларға төзімділігі төмендеуімен көрінетін жағдайларды иммундық тапшылықты жағдайлар дейді. Иммундық тапшылықты жағдайларды (ИТЖ) туа біткен (біріншілік) және жүре пайда болған (салдарлық) – деп екіге ажыратады. Туа біткен ИТЖ ұрпақтан ұрпаққа тарайтын тұқым қуалайтын негізде дамиды. Салдарлық ИТЖ әртүрлі дерттер кездеріндегі организмнің өзінде пайда болған - эндогендік және адамды қоршаған ортаның химиялық заттармен немесе иондағыш сәулелермен т.б. ластанулары нәтижесінде сырттан әсер ететін ықпалдардан пайда болған – экзогендік болып ажыратылады.
ИТЖ кездерінде организмнің жұқпаларға төзімділігі азайып кетеді. Содан сәл суық тиюден, тіпті қалыпты жағдайларда дерт туындатпайтын жұқпалардың әсерлерінен жұқпалы аурулар жиі байқалады. Бұл кездерде, жұқпалы аурулармен қатар, аллергиялық серпілістер, аутоиммундық бүліністер дамиды және кейде тіпті өспелер өсуіне қауіп-қатер төнеді.
Туа біткен (біріншілік) иммундық тапшылықтар
Иммундық жүйеде тұқым қуалайтын тектік ақаулардың нәтижесінде организмнің қорғаныстық қабілетінің бұзылуынан дамитын аурулардың тобын туа біткен иммундық тапшылықтық – дейді. Олар әртүрлі жұқпалы аурулардың бала жастан дамуымен көрінеді және адамның ерте өліміне әкеледі. Бұл тапшылықтар өте сирек кездеседі, мәселен, 100 мың жаңа туған балалардың арасында біреу болуы мүмкін. Дегенмен олардың, қарапайым әдістермен аңғарылмайтын, өте жеңіл түрлері жиі болатындықтан оларға назар аудармауға болмайды.
Имундық жүйенің басым бүлінген бөлшегіне қарай біріншілік иммундық тапшылықты:
● иммунитеттің жасушалық тетіктерінің басым бүліністерімен көрінетін иммундық тапшылық; Бұл тобына Т-жасушалары дамуы бұзылудан, олардың және фагоциттердің қатысуымен болатын иммунитеттің жасушалық тетіктері бүліністерінен дамитын иммундық тапшылықтар жатады.
● иммунитеттің сұйықтық (гуморалдық) тетіктерінің басым бүліністерімен көрінетін иммундық тапшылық; Бұл топтағы иммундық тапшылықтарға В-жасушалары мен сұйықтық иммундық жауапқа қатысатын, иммундық глобулиндердің түзілуне қажетті, Т-хелпер жасушаларының дамуы бұзылудан және комплементтің құрамбөлшектерінің дерттік өзгерістерінен пайда болатын аурулар жатады.
● осылардың біріккен бүліністерімен көрінетін иммундық тапшылық – деп ажыратады. Бұл тобына Т- және В- лимфоциттері дамуының ерте, оларға ортақ, сатыларында жасушалардың нақтылануы бұзылыстарына әкелетін тектік ақаулардан дамитын аурулар жатады.
Біріншілік иммундық тапшылықтар кездеріндегі бүліністердің терең молекулалық негіздері анықтала бастады. Мәселен, біріккен иммундық тапшылықтардың даму негізінде гендердің мутациясы нәтижесінде пуриндердің алмасуына қатысатын аденозиндезаминаза мен пуриннуклеотидфосфорилаза ферменттерінің ақаулары жатады. Бұл иммундық тапшылықтың басқа ауыр түрінде антигенді танитын рецепторлардың түзілуін қадағалайтын гендердің ақауы болатыны анықталды. Бұл гендер рекомбиназа ферментінің түзілуін қадағалайды. Сондықтан көрсетілген фермент түзімейді де, антигенді тану болмайды.
Антиденелер өндірілуінің гендік бұзылыстары:
● В-лимфоцитерінің дамуына жауапты гендердің ауытқулары;
● иммундық глобулиндер түзілуне жауапты гендердің ауытқулары;
● Т-хелпер жасушаларының белсенділігін анықтайтын гендердің ауытқулары – кездерінде байқалады.
Мәселен, қанда гамма-глобулиндердің болмауымен көрінетін агаммаглобулинемия немесе Брутон ауруы. Бұл ауру Х- хромосомасымен тіркесіп ұрпақтан ұрпаққа беріледі және ол кезде В-лимфоциттерінің дамуы болмайды. Өйткені бұл лимфоциттердің антигенді танитын рецепторларымен btk тирозинкиназа ферменті байланысқан. Осы ферменттің түзілуін қадағалайтын геннің мутациясы нәтижесінде көрсетілген фермент түзілмейді және В-лимфоциттерінің дамуы тоқтап қалады. Содан антиденелердің түзілуі болмайды.
Біріншілік иммундық тапшылықтың екінші бір түрі гипер-IgM- синдром делінеді. Оның даму негізінде Т-лимфоциттерінің әсерленуі кездерінде олардың сыртқы беттерінде пайда болатын CD-154 молекуласының ақауы жатады. Қалыпты жағдайларда бұл молекуланың В-жасушаларының сыртқы беттеріндегі CD-40 молекуласымен өзара әрекетесуі нәтижесінде В-лимфоциттерінің антиденелер өндіретін плазмалық жасушаларға айналуы болады және антигенге қарсы арнайы антиденелер түзіледі. Сондықтан CD-154 болмауынан В-жасушаларына қажетті хабар жеткізілмейді де, ұдайы тек IgM молекуласы ғана түзіледі. Басқа иммундық глобулиндер түзілмейді. Сол себепті иммунитеттің сұйықтық (гуморалдық) тетіктері бұзылады.
Кейде иммундық глобулиндердің жекелеген түрлерінің өндірілуі бұзылады. Солардың арасында IgA түзілуінің тапшылығы ең жиі кездеседі. Бұл кезде В-лимфоциттерінің сыртқы беттерінде IgA болады. Бірақ олар IgA – антидене түзетін плазмалық жасушаларға айналмайды.
Біршама біріккен иммундық тапшылықтар жасуша (нейтрофилдердің, моноциттердің, макрофагтардың) мембраналарындағы жабыстырғыш (адгезиялық) молекулалардың түзілуін қадағалайтын гендердің ақауларынан дамиды. Осыдан көрсетілген жасушалардың ауысып қонуы (эмиграциясы) және басқа жасушалармен өзара әрекеттесулері бұзылады. Мәселен, L-селектинмен танылатын β2–интегриндер мен көмірсуларынан тұратын жабыстырғыш молекулалардың өзара әрекетесулерінің тектік ақауларынан дамитын иммундық тапшылықтар. Бұл кезде лейкоциттердің адгезиясы (жабысуы) болмайды. Содан нейтрофилдердің фагоцитоздық қызметі әлсіреп, адамның іріңді жұқпаларға төзімділігі азаяды.
Комплемент жүйесінің жеткіліксіздігі олардың дәстүрлі және жанама жолдармен әсерленулері бұзылғанда кездеседі. Әдетте комплемент жүйесінің жекелеген құрамбөлшектерінің болмауы адамның кейбір жұқпаларға төзімділігін аздап қана төмендетеді. Тек, C1q тежегішінің тапшылығы кезінде, қан тамырларына белсенді әсер ететін, C5а , С3а құрамбөлшектерінің жиналып қалуынан қан тамырлық және жүйкелік ісіну дамиды.
Цитокиндердің түзілуін қадағалайтын гендердің ақауларынан дамитын иммундық тапшылықтар өте сирек кездеседі. Бір цитокиндердің атқаратын міндетін екіншілері атқара беретін болғандықтан олардың әсерлері тым артып кетуі ықтимал. Тек тектік ақау көптеген цитокиндердің қызметтерін бұзғанда ғана иммунитеттің ауыр бүліністері байқалады. Мәселен, интерлейкиндер 2, 4, 7, 13, 15 рецепторларына ортақ γ-тізбегі түзілуін қадағалайтын геннің ақауы кезінде иммундық тапшылық дамиды.
Жасуша мембраналарындағы CD43 сиалопротеин түзілуін қадағалайтын геннің ақауы нәтижесінде Вискотт-Олдрич синдромы байқалады. Бұл синдром тромбоцитопениямен, қанағыштық синдроммен, теріде экзема дамуымен және біріккен иммундық тапшылықпен көрінеді. Бұл кезде жасушалардың қимыл қозғалысы азаяды, олардың өзара әрекетесулері бұзылады. Содан иммунитет дамуы әлсірейді.