
- •Іштегі бала дамуының патофизиологиясы
- •Этиологиясы. Іштегі ұрық дамуының бұзылыстарына көптеген себепкер ықпалдар әкеледі .
- •Қатерлі немесе сенситивтік кезеңдер
- •Түрлері
- •Бұл кезеңде кезкелген дерттік процесс ұрықта әлі толық нақтыланбаған тіндер мен ағзалардың бұзылыстарын туындатады;
- •Жұқпалар бір жерге тұрақталмай бүкіл денеге тарап кетеді;
- •Регенерация процесстері тым қарқынды өтетін болғандықтан ағзаларда дәнекер тіндер артық өсіп-өніп кетеді, фиброз дамиды.
Іштегі бала дамуының патофизиологиясы
Анасының ішінде бала дамуы оның тегіне және қоршаған ортамен өзара әсерлеріне қарай бірнеше құрылымдық және функциялық өзгерістердің сатыларынан тұрады. Ұрық анасының организмімен өте тығыз байланыста болады. Ұрық үшін анасының организмі қоршаған орта болады да, онда қажетті оңтайлы жағдайлардың болмауы бала организмінде қалыптыдан ауытқулардың пайда болуына, дамымай қалуына немесе шала дамуына себепкер болатыны анық. Сондықтан анасының ішінде бірінші аптада тіршілігін жоятын ұрықтың 50 пайызының 1/3-бөлігі өлім туындататын гендердің жиналып қалуынан болса, 2/3-бөлігі дамуға қажетті жағдайлардың болмауынан тіршілігін жоғалтады.
Аталық жасуша мен аналық жасушаның бірігуінен пайда болатын зиготадан туылғанға дейінгі ұрық дамуының қалыптыдан ауытқуларының барлық түрлері пре- немесе антенаталдық (туылар алды) патологияларға жатады. Бұл патологиялардың көріністері болып организм функцияларының бұзылыстарына әкелетін туа біткен ағзалар мен жүйелердің даму ақаулары есептеледі. Олар нәрестелердің туылу кезіндегі шетінеуінің ішінде 10-15% құрайды.
Даму ақауларынан басқа құрсақ ішінде дамудың баяулауы байқалады. Оларды туғаннан кейін бірден байқауға (құрсақ ішіндегі гипотрофия) немесе мектепке барар алдында, мектепте оқып жүрген кездерде анықтауға болады. Мәселен, баланың миының алкогөлмен, есірткілермен т.с.с. улануын оның оқуға деген қабілетінен байқауға болады.
Этиологиясы. Іштегі ұрық дамуының бұзылыстарына көптеген себепкер ықпалдар әкеледі .
Анасының соматикалық аурулары. Анасында созылмалы
гипоксия болуы ұрыққа оттегінің аз тасымалдануына әкеліп, іштегі ұрық дамуын бұзады. Жүкті әйелдерде жүрек қызметінің жеткіліксіздігі, артериялық гипертензия немесе гипотензия, анемия, сыртқы тыныс алу ағзаларының немесе бүйрек аурулары болғанда іштегі бала мен анасының арасында бала жолдасы арқылы қанайналым бұзылады. Іштегі ұрыққа қажетті оттегі мен қоректік заттар дұрыс мөлшерде жеткізілмейді. Осыдан іштегі ұрық дұрыс дамымайды.
Анасының эндокриндік аурулары да іштегі баланың дұрыс дамымауына әкеледі. Мәселен, қантты диабетпен, гипер-, немессе гипотиреозбен, бүйрек үсті бездерінің қызметі бұзылыстарымен ауыратын әйелдердің іштеріндегі балаларда әртүрлі эндокриндік аурулар дамуы мүмкін. Сонымен бірге бұл балалардың ішкі ағзаларының дамуы, нервтік-эндокриндік реттеу механизмдері бұзылады.
Ұзақ мерзім жүктіліктен уыттанулар, түсік тастау қаупі, бала жолдасының біріншілік және екіншілік жеткіліксіздіктері т.б. жүктілік кезіндегі акушериялық-гинекологиялық асқынулар ұрық дамуын баяулатады. Сонымен бірге баланың іште теріс жамбасымен орналасуы ми мен гипофиздің бүліністеріне, артынан гипофиздік ергежейлілік дамуына әкелуі мүмкін.
Сыртқы ортаның дерттуындатқыш ықпалдары. Физикалық (температура, радиация), химиялық (өндірістік және тұрмыстық химиялық заттар, дәрі-дәрмектер, алкогөл, никотин, есірткі т.б),биологиялық (вирустар,микробтар т.б), әлеуметтік (жан-дүниелік күйзелістер,жағымсыз эмоциялар) ықпалдар анасының организміне әсер етіп, ұрық дамуына теріс ықпал етеді. Қызамықтың, қызылшаның, індетті паротиттің вирустары, мерездің қоздырғаштары, адамның иммундық тапшылықтық вирусы анасының организмінен сау бала жолдасы арқылы іштегі балаға өтіп кетеді. Қарапайым жәндіктердің әсерлерінен дамитын іштегі бала ауруларының арасында токсоплазмоз кең тараған дерт. Бұл көрсетілген дерттуындатқыш ықпалдар ұрықтың құрсақ ішінде дамуының кез-келген кезеңдерінде ұрықтың бүлінуіне әкеледі. Дегенмен олар тіршілікке маңызды көптеген ағзалардың қалыптасуы кезеңінде (3-8 апталар) өте қауіпті.
5. Жыныстық жасушалардың мүкістігі. Қоршаған ортаның дерттуындатқыш ықпалдарынан, ата-ананың организмдеріндегі бұзылыстардан және тұқым қуалаушылық ақаулардан жыныстық жасушалар (гаметалар) әртүрлі бүліністерге ұшырайды. Бұндай жасушалар ұрықтанғанда зигота жиі тіршілігін жоғалтады немесе қалыптыдан ауытқыған ұрық дамиды. Жаңа туған нәрестелердің 4-6%-да тектік дерттер анықталады.
Ата-анасының жас мөлшеріне қарай құрсақ ішінде бала дамуы да әртүрлі болады. Мәселен, 16-жасқа толмаған жас қыздардың балаларында 22-30 жастағы әйелдердің балаларына қарағанда тыныс алу жүйесінің және аяқ-қолдарының даму ақаулары жиірек кездеседі. 35-тен асқан әйелдерден ОЖЖ даму ақауларымен, Даун ауруымен, хромосомалардың 13-ші, 18-ші жұптарының трисомиясымен т.б көптеген ақаулармен ауыратын балалар жиі туады.
Әкесінің жасына байланысты қоянжырықпен, хондродистрофиямен, жыныстық хромосомалардың ауытқуларымен ауыратын балалардың тууы байқалады. Ата-анасының үлкен жасына қарай жыныстық жасушаларда өзгерген гендік ақпараттардың жинақталып қалуы маңызды орын алады. БДҰ сарапшыларының есептеуі бойынша әкесінің жасы 30-дан асқан балаларда, 30 жасқа дейінгілерге қарағанда, мутациялық қауіп 1,3-1,7 есе көбейеді. Жыныстық жасушаларда хромосомалардың ауытқулары, гендік мутуациялар вирустық жұқпалы аурулармен ауырғаннан кейін, дәрі-дәрмектер, химиялық заттар,иондағыш сәулелердің әсерлерінен кейін пайда болады. Әйелдерде жасқа байланысты ұрықтануға қажетті аналық жасушаларды иммундық сұрыптап алу нашарлайды.