- •Лекция тезистері
- •Жер ќ±ќыѓының жалпы түсінігі
- •Жерге деген меншік құқығы және жерді пайдалану құқығы
- •Жерге орналастыру және жер кадастры мен мониторингі
- •Жер үшін төленетін төлемдер
- •Елді мекендердің жерлеріне салынатын салық ставкалары
- •Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қыркүйектегі n890 қаулысына і қосымша
- •Жерді құқықтық қорғау
- •Жер учаскесі мен жер пайдалану құқығын кепілге салу негіздері
- •Жер құқығын бұзушылық және жер дауларының шешілуі
- •Жер заңдарының бұзылғаны үшін қарастырылатын жауапкершілік
- •Ауыл шаруашылық мақсатындағы жердің құқықтық режимі
- •Елді мекен жерлерінің құқықтық режимі
- •Өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жерлерінің құқықтық режимі
- •Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құқықтық жағдайы
- •Орман қоры жерлерінің құқықтық режимі
- •Су ќоры жерлерініњ ќ±ќыќтыќ режимі мен босалќы жердіњ ќ±ќыќтыќ жаѓдайы
Жер заңдарының бұзылғаны үшін қарастырылатын жауапкершілік
Жер құқығын бұзушылыққа жауапкершілік тағайындау негіздері мен шектері.
Жер заңдарын бұзғаны үшін тағайындалатын жауапкершіліктердің түрлері мен ерекшеліктері
а) азаматтық-құқықтық жауапкершілік.
б) материалдық жауапкершілік.
в) тәртіптік жауапкершілік.
г) әкімшілік жауаптылық.
д) қылмыстық жауаптылық.
е) арнайы жер-құқықтық жауаптылық.
1-сұрақ. Заңды жауаптылықтың болуы жер құқықтық нормасының заңды тәртіпте орындалуын талап ететін қатаң мәжбүр ету құралы болып көрініп, онсыз жер құқық қатынасындағы құқықтық норманың іске асырылу тиімділігін қамтамасыз етуді қадағалап отыратын элементті құқықтық құралдың бар болуы мүмкін еместігімен танылады. Осы негізде жер құқықтық нормасын іске асырудың формалары заңды жауапкершілік жүктейтін құқықтық процедураларды қатар жүргізу жағдайымен реттеледі. Ол үшін жауаптылық тағайындау қатынасында жерді пайдалану мүмкіндігін бұзатын тікелей кінәлі тұлғаны анықтап алу тәсілі барлық құқық саласының қағидалы негіздерімен ұштасып отыруы керек. Мұнда жерді ұтымды пайдалану мен экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Жер кодексінің заңды жауаптылықты негіздейтін маңызды принциптерінің бірі болып танылды.
Осының нәтижесінде елімізде жерді құқықтық қорғау мен оны тиімді пайдалана отырып, жердің құнарлылығын еселеп арттыру ісіне бағытталған шараларды кең көлемде жүргізуге бетбұрыс басталды деп айта аламыз. Бірақ қоғамдық пайдалы еңбектен қашатын, жерді заңсыз пайдалану арқылы жер құқық қатынасына түсетін тұлғалар категориясы да бар. Бұл жағдайда жер учаскесін алып қою жазасы - кінәлі тұлғаның жер пайдалану ережелерін бұзғаны үшін ғана емес, жеке басының мүддесі үшін шексіз пайдалануды болдырмау мақсатындағы қолданылатын қажетті шекті шара болып табылады.
Осы мақсатқа жету үшін жер пайдаланушы мен жер иеленушінің құқығын қорғау және жерді тиімді пайдалану мен қорғаудың құқықтық қамтамасыз етілуінің негізгі элементі құқықтық жауапкершілікті бұзуда кінәлілерді жауапқа тарту, жер заңы нормаларын тоқтатуға бағытталған әрекеттерді болдырмауға құқықтық құралдармен тікелей әсер етуді қолдануымыз қажет. Жер туралы заңдардың талаптарын орындау мен заң бұзушылыққа жол бермеу жер құқық қатынастарына қатысушы субьектілердің еркіне байланысты жүзеге аспақ. Бұл критерий тек жер құқық субьектілеріне ғана емес, Казақстан Республикасының кез келген азаматының ерікті іс әрекетіне де байланысты деп танылған.
Жер құқық қатынастарында заңды жауапкершілікті қарастырудың тиімділігін арттыруда осы критериге ерекше назар аударылуға мән берілген. Мысалы, азамат жерді өздігінен иемденіп алып, оған тиісті құқыққа ие болмай, үй салып алса немесе бақша егіп алса, ол жер құқық қатынастарының субьектісі болмай-ақ қылмыс жасайды. Сол әрекеті үшін ол заң алдында жауапты болады. Осындай жағдайларда заңды бұлжытпай орындау сол саладағы қатынастардың субьектілері құқықтарын пайдалану мен міндеттерін орындаумен қатар, басқа азаматтар да жалпы Конституциялық тәртіпке қарай басқалардың құқықтарына қол салмай мемлекетке, табиғатқа, басқа азаматқа, соның қатарында шетелдік тұлғаларға да зиян келтірмеуі міндетті болып саналады.
Жер құқығы нормаларын бұзушылыққа тиісті белгілерінің сәйкестілігі анықтала отырып, белгіленетін жауапкершіліктің анағұрлым кең тараған түрінің бірі деп, Қазақстан Республикасының “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” кодексінде қаралатын әкімшілік-құқықтық жауапкершілікті танимыз.
Біздің ойымызша, қолданылып жүрген әкімшілік жазаның ішінде жеңіл айыппұл салу түрін жер құқығы нормаларын бұзатын теріс қылыққа негізгі жауапкершілік тұрғысында қолдану аясын кеңейту шарасы бүгінгі таңда тиімсіз болып табылады. Себебі, нарықтық қатынастар кезінде осы жағдай жердің тиімді, әрі мақсатты пайдалану қағидасына қарсы тұратын, жаппай өз пайдасы мақсатындағы экономикалық әсерлі блоктарды қалыптастыруға сенім туғызары анық.
Сондықтан жер қатынасындағы құқық бұзушылықты жауапқа тартқанда, жеңіл айыппұл салу жазасын негізге алу нарықтық қатынастар жағдайында жер құқығы процедурасының экономикалық рөлін ғана ескеріп, құқық бұзушылықты күрт өсіру мәніне жеткізуі мүмкін. Өз кезегінде жердің табиғи қалыпты жағдайын сақтап қалу талабы өздігінен екінші санатқа ысырылып қалу қаупі тумақ. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, заңда әкімшілік жауапкершіліктің айыппұл салу жазасындағы айыптың мөлшерін келтірілген зардаптың мөлшеріне қарай өсіріп белгілеу нормасы қаралуы керек. Бұл шара жер құқық қатынасындағы құқық бұзушылыққа әкімшілік жауапкершіліктің жаза түрлерін өз бағытында, функциялы мәні ескеріле отырып қолдануды міндет етіп қояды. Бір жағынан жер тағдырын табанға таптататын да, бір жағынан жер қатынасындағы әкімшілік құқық бұзушылықтың алдын алатын да мөлшерлі айыппұл салудың сипаты нақты мақсатында ажыратыла отырып, негізгі де және қосымша да әкімшілік жазалау шарасы ретінде танылуға жатады. Сонда ғана айыппұл салу жазасын жер құқығын бұзушылықты жою нысанында тиімді қолдануға болады.
Қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы, оның ішінде жер құқығын бұзушылыққа қатысты өрескел немесе үнемі жасалған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеттеріне тосқауыл қою үшін, арнаулы Осының бәрін өз орнына қойып, әділ бағасын беретін “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы” заң әрқашан әкімшілік жаза түрлерін жер құқығына қатысты әкімшілік теріс қылықтың жалпы қоғам алдындағы қауіптілік деңгейіне қарай дәрежелеп, жүзеге асырылу тәртібін талап етуі тиіс.құқықтан уақытша айыру жазасы негізгі жазалау шарасы деп те заңда айқын көрсетілуі қажет.
Сол себепті де жер пайдалану құқығын тоқтатудың дараланған барлық негіздерін жинақтайтын, жер пайдаланушы тұлғаның еркімен тоқтатылатын және еркінен тыс тоқтатылатын, құқықтық жағдайларының толық немесе ішінара жойылу мағынасындағы құқықтық қатынастарының шектері заңды жауаптылық негіздеріне қатысты түрде Жер кодексінде арнайы нормамен реттелуді қажет етеді. Сонымен қатар кезінде дұрыс есептемеудің, дұрыс өлшемеудің, қолы жеткендердің жерді молынан бөліске салу салдарынан елімізде жер құқығын бұзушылық арқылы келген шығындар бүгінде қайта қаралуда. Сол арқылы талапайға түскен жер иелену құқығы заңдастырылып, қайта рәсімделуге жатады.
Бұған қоса Жер кодексінде заңды жауапкершілік негіздерін жетілдіру барысында, жерді табиғат объектісі деп қарап, жер заңдарының айнымас принциптеріне қарсы бағытталған кез-келген әрекет пен әрекетсіздікті құқық бұзушылық деп танитын, әрі қауіптілік дәрежесіне қарай кешенді жауаптылық түрлерін жіктеп көрсететін арнайы тарау қаралуы керек.
Біз бұл тұрғыда жер құқығы нормаларын бұзушылыққа бірден жауапкершілік жазаларын белгілеп қойғаннан бұрын, алдымен жер қатынастарындағы теріс қылық пен қылмыстың алдын алу шараларын заңды тәртіппен реттеу мүмкіншілігінің процедураларына мүдделі болуымыз қажет.
Мұнда мемлекет жер заңдарын бұзушы тұлғаны кінәлі деп тануға құқылы, ал құқық бұзушы тұлға өз кінәсі болса оны мойнына алып, келтірген зардабын уақтылы қалпына келтіру мүмкіндігін ұтымды пайдалана білуі керек. Осылайша жер құқық қатынастарындағы жер заңдарының бұзылғаны үшін заңды жауаптылықтың негіздері жер пайдалану құқығын сақтап қалу әдістерін барынша қолданады. Жер заңдарының бұзылғаны үшін құқық бұзушылықтың ерекшеліктеріне байланысты жалпы заңды жауаптылықтың азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық, қылмыстық-құқықтық, тәртіптік-құқықтық және материалдық-құқықтық жауапкершілік түрлері шығып отыр. Бұл құқықтық жауапкершіліктердегі ортақ мәжбүр ету шарасын тек осы іс өзіне заң бойынша тапсырылған мемлекеттік органдар жүзеге асыра алады. Ал ондай субъектілерге кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның әкімшілігі мен соттар және арнайы әкімшілік органдар жатқызылуда.
Осыған байланысты заңда жер пайдалану құқығын бұзушылыққа қаралатын ортақ жер заңдарын бұзғаны үшін жауапкершіліктің негіздері құқықтық талаптарды бұзатын әрекеттер мен әрекетсіздіктердің түрлерін жалпы түрде көрсетумен шектелмеуі керек. Оған жауаптылықтың жүктелуі қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік, мүліктік және басқа нормативті құқықтық актілермен реттеледі деп нақтылықтың орын алғаны дұрыс болады.
Жер пайдалану барысында заң алдындағы жауапкершіліктің барлық түрлерінің қолданылуы табиғаттың объектісі ретінде тек жердің құқықтық тәртібіне ғана емес, соның негізінде қызмет жасайтын нарықтық экономика жағдайындағы жер құқық қатынастары субъектілерінің құқықтық статусын сақтап қалу мен мүмкіндікті мүдделерін барынша заңмен қорғау жағдайына да қатысты жүзеге асады.
Біздің міндетімізге заң жүзіндегі жауаптылықтың барлық теориялық мәселелерін қарау емес, жер заңдарының ішкі талаптарына сай пайда болатын заңды жауаптылық түрлеріне талдау жасап, жер заңдарының тікелей орындалуына қажетті компонент ретінде заңды жауаптылықтың мәнін түсіндіру, оның бағыты мен сипатын ашып беру болып табылады. Сонымен құқықтық жауапкершілікке тарту мен ықпал етудің шараларын қолданудың құқықтық негізі жер құқығына қарсы жасалған теріс қылықты әрекет және әрекетсіздікте жатыр деп танимыз. Сондықтан да жер құқығын бұзудың субъектісі болып жер құқығы қатынастарына қатынасушылармен қатар, жер құқығы қатынастарының тікелей субъектісі болмай-ақ, жер заңдарын бұзған кез келген тұлғалар табылады.
2-сұрақ. Құқықтық мемлекеттің жетілген нақты тұтқалы құқықтық институты болуы тиіс заңды жауапкершіліктің, жер құқық қатынасында қолданылатын жалпы түрлерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Сөз болып отырған категориядағы заңды жауаптылық түрлерінің жер пайдалану саласына қатыстылығын жеке бөліп қарауға тоқталып өту жағдайы, жер заңдарын бұзғандық үшін жалпы жауапкершілік нормасын ұғыну ерекшеліктеріне қайшы келмейді, әрі оған толық мазмұнда сәйкес келеді. Оны біз жер құқығын бұзушы лауазымды тұлға мен жеке азаматтарды тәртіптік, материалдық, азаматтық-құқықтық және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік арқалайтын, ал заңды тұлғалардың өзіне тікелей әкімшілік және азаматтық-құқықтық жауапкершілік жүктейтін жалпы режимінен көреміз.
Қарастырылып отырған жауапкершілік түрлерінің болуы жер пайдалану құқығы институтымен тығыз байланысты объективтік қажеттілік болып табылады. Қайсы бір жер заңдарының қағидалары болмасын, жер пайдаланушылар өздеріне берілген жер учаскелерін ұтымды пайдалануға алуға жауапты. Бұл міндет басқа да ескерту шараларымен және құқықтың ықпал ету шараларымен қатар қамтамасыз етіледі. Мұндай шаралардың құқықтық жиынтығы құқық жүйесінде жер құқығын бұзушылықтың алдын алу үшін қарастырылатын заңды жауапкершілік негіздерін тудырмақ. Сондықтан да жер құқық қатынастарында құқықтық жауапкершіліктің барлық түрі құқық бұзушылардың жасаған әрекеттері мен әрекетсіздіктеріне қарай, олардың белгілі бір игіліктері мен құқықтарынан айыруға әкеп соқтырады. Жауап берудің тәртібі заң нормаларына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, зиянды өтеу, қалпына келтіру, айып төлеу, жаза тарту (әкімшілік, қылмыстық, тәртіптік, мүліктен айыру, пайдалануындағы жерді пайдалану құқығынан айыру т.с.с.).
Азаматтық-құқықтық жауапкершілік. Жер қатынасындағы заңды жауаптылықтың азаматтық жауапкершілік режимді түріне тоқталсақ, жер және азаматтық заңдардың мазмұнындағы жер мен өзге де оған қатысты мүліктік заңдылықтардың бұзылғаны үшін мүліктік жауапкершілік қолданылады.
Азаматтық жауапкершілік режимінің мүліктік жауапкершілік деп аталу себебі де, құқық бұзушылықтан келген шығынды, кеткен пайданы қосып, мүліктік тұрғыда толығымен төлеумен байланыстағы жазалар шарасын қарастыруда болса керек. Материалдық жауапкершіліктен ерекшеленетін басты тұсы да, оның жұмыс орнындағы жұмыс істейтін адамдарға ғана емес, зиян келтірген кез-келген тұлғаға қолданылуында. Сондықтан азаматтық-құқықтық жауапкершілік жер қатынасындағы мүліктік шығынның толық өтелуін қажет деп табады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде басым талаппен қарастырылғанындай, шығынды ең аз мөлшерде төлеу керектігі заңда немесе келісім шартта көрсетілмесе, құқығы бұзылып, зиян шеккен тұлға шығынды толық мөлшерде төлеуді талап ете алады. Сондай-ақ жерді пайдалану құқығы нормаларын бұзушы тұлға өзінің жасаған әрекеті арқасында табыс тапқаны анықталса, онда құқығы бұзылған тұлғаға келтірген шығындарымен қоса, оның көрмеген пайдасын да осы табыстар көлемінен кем емес мөлшерде төлеттіріп беру шарасына басты көңіл бөлуіміз қажет. Бұл критерий азаматтық заңның шығынды толық өтеу принципіне негізделеді.
Жер құқығын бұзушылыққа азаматтық-құқықтық жауапкершілікті қолдану кезінде, басқа жауапкершіліктерге қарағанда мына ерекшеліктер басым негізде қаралады:
- мүліктік және мүліктік емес игіліктердің бұзылуы;
- бұзылған құқықтан шығынның тууы;
- шығынның нақтылы мөлшері анықталуы;
- шығынды талап ету.
Шығынды талап ету шарты тікелей зиян шеккен тұлғаның тарапынан болуы міндетті емес.
Ол жер құқық қатынасындағы қоғамдық формальды көріністе болуы мүмкін. Азаматтық заң жер құқық қатынасына түсушілердің іс әрекетіне әр түрлі талап қоюды қарастырады. Соның негізінде шығынды талап ету мүддесі де келіп шығады.
Жер құқық қатынасындағы мүліктік шығындар жер пайдаланушының өз кінәсінен болғанда, ол тек қана пайдаланып отырған жерге байланысты пайда болса ғана, әрі зиянды ішінара өзі көретін жағдайлар азаматтық жауапкершіліктің режимін тудырмайды. Біз қарастырып отырған азаматтық жауапкершілік режиміндегі құқық бұзушылық қатынасында жер пайдаланушы тұлғадан өзге тікелей нақты субъектілердің де болу міндеттілігі. Олар құқық бұзушылық әрекетіне ішінара кінәлі немесе одан зардап шегуші тұлға болуы мүмкін. Бұл - құқық бұзушылыққа жауаптылық қаралатын басты құқықтық элементер жинағына негізделген. Бұнда жер пайдаланушы мен құқық бұзушылық қатынасына түсетін өзге тұлғалардың кінәлілігін нақты анықтап алу міндеті қойылады.
Жер заңы бұзылғанда жер пайдаланудан қоршаған орта мен қоғамға келген шығындар байланысын қатар өтеудің қарапайым мына ерекшелігіне назар аударайық. Азаматтық жауапкершілік жүктеуге негіз болатын шығындар ауыл шаруашылығы егістік жерлерінің аудандарын қалпына келтіру жолымен ауыл шаруашылық өндірісінің деңгейін сақтау негізінде, әрі олардың сапасының жаңа қалыпты жерлер ауданының құны мөлшеріндегі жерді өңдеу шараларын жүргізу есебінен және топырақ құндылығын жойған жерлерді қайта қалпына келтіру деңгейіне дейін көтеру мақсатында кадастрлық баға бойынша өтеледі. Қолданыстан алып тасталған жерлердің орнын басқан жаңа жерлерді игеру құнының мөлшері, құнарлылығы кеткен жерлерден немесе бұрын олардың сапасы төмендегенше алынған көлемінен кем емес деңгейде, игерілетін жерлердегі және қалпына келтірілген егістік жерлердегі ауыл шаруашылық өндірісін қамтамасыз ететін нормативтерге қарай белгіленеді.
Заңды тұлғалардың іс әрекеті әсерінен ауыл шаруашылығындағы егістік жерлері сапасының төмендеуі немесе пайдалануының шектелуімен келген шығындар да жаңа жерлерді игеру құнының нормативтік пайызға пропорционалды түрде (кадастрлық баға бойынша) белгіленуімен қарастырылуы қажет.
Жер құқығы субъектілерінің жерді пайдалану құқығы мемлекеттің, өзге де заңды тұлғалар мен азаматтардың іс әрекеттері әсерінен тоқталған жағдайда, жер сапасының нашарлауы өтелмеген уақытта келген шығындар да азаматтық жауапкершілік негізінде төленуі тиіс. Мұндай шығындар толық көлемде, бұзылған өндірісті қалпына келтіруге қажетті шығындарды есептей отырып өтелуге жатады.
Материалдық жауапкершілік. Қазіргі кезде заңды жауапкершілік түрлерін жіктеп, олардың түсінігі мен белгілерін бергенде көптеген заң әдебиеттерінде ортақ бір кемшілік бар. Ол азаматтық-құқықтық және материалдық жауапкершіліктің түсінігі бірге қарастырылуы болып отыр. Оның шын мәнінде жауапкершіліктің жеке-жеке түрлері ретінде алып қараудың мәнін түсіндірудің маңызы ерекше:
Материалдық жауапкершілік еңбек туралы заңдардың нормалары бойынша қолданылуында, ал азаматтық-құқықтық жауапкершілік азаматтық заңдардың нормаларымен жүзеге асады;
Материалдық жауапкершілік кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелермен еңбек құқықтық қатынасына түсетін тұлғалардың арасындағы қатынастан туады. Ал азаматтық-құқықтық жауапкершілік ондай критеридегі ұйғарыммен шектеліп қалмайды, ол кез-келген тұлғаға, оның ішінде еңбек шарты немесе контракт жасалғандарға да қолданыла алады;
Материалдық жауапкершілік шектеулі болуы мүмкін, ал азаматтық-құқықтық жауапкершілікте материалдық шығын, сондай-ақ жекеленген жағдайларда моральды зиян да толық өтелуге жатады.
Демек, жер құқық қатынасындағы жер заңдылығын бұзғаны үшін материалдық жауапкершілік - лауазымды адамдар мен өзге де жұмыскерлер кінәсінен келген зиянды толтыруға кеткен кәсіпорын, ұйым және мекеме шығыны үшін еңбек заңдылығымен қарастырылған мүліктік жауапкершілік болып табылады. Ол тек нақты залал болғанда ғана туындайды. Сондықтан да бұл жауапкершілік жер қатынасында таза регресті сипатқа ие екендігімен ерекшеленбек.
Біз бұл тұрғыда қызметкерлердің материалдық жауапты болу жағдайларына ғана тоқталып отырмыз. Ал қызметкер еңбек міндеттерін атқаруына байланысты жұмыс берушінің кінәсінен жарақат алса немесе денсаулығына өзге де зақым келіп, соның салдарынан ол еңбек қабілетін толық немесе жартылай жоғалтса, жұмыс беруші қызметкерге сақтандыру өтемі төленбейтін кезде оған келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының басқа да заң актілерінде көзделген жағдайларда өтеуге міндетті.
Жер құқығын бұзушылыққа тағайындалатын материалдық жауапкершіліктің басты ерекшелігі де еңбек міндеттерін орындап отырған жер құқық қатынастары субъектілерінің келтірген зиянын анықтауда алынбаған пайданың есептелінбей, тек келген тура зиянды шығынның өтелуі. Мұнда өндірістік тәуекелдегі жер пайдаланудан туындайтын қалыпты зиян үшін жауапкершілікті қызметшілерге аударуға болмас. Яғни, бұл жерде заңды тұлға әкімшіліктеріне жұмысшылар мен қызметкерлердің қалыпты жұмыс істеуі үшін және оларға берілген мүліктердің толық сақталуын қамтамасыз етуге қажетті жағдай жасау міндетін жүктеуіміз керек.
Жер пайдаланушы заңды тұлғалардағы жұмысшылар мен қызметкерлер орташа айлық жалақы мөлшерінен аспайтын ғана шығын келтірген зиян мөлшері үшін, олар материалдық жауапкершілікке тартылуы қажет. Егер жұмыскердің қылмыстық әрекетімен келтірілген шығын сот үкімімен белгіленсе, жұмыскерге заңға сәйкес толық мүліктік жауапкершілік жүктелсе, өзіне қорғауға және басқа мақсатта берілген мүлік пен өзге бағалы заттардың сақталуын қамтамасыз ете алмағаны үшін толық материалды жауапкершілікке тарту туралы жұмыскермен әкімшілік арасында келісім шарт болса, сонымен қатар жұмыскер мас күйінде шығын келтіргені анықталған жағдайларда ғана зиянды шығынды толық төлеу дау-дамайсыз орындалатындығының тиімділігі көрініп отыр.
Сол себепті нарықтық реттеу принциптерінің даму кезеңінде жұмыс беруші мен жұмысты орындаушы тұлғаның арасында алдымен толық материалдық жауапкершілік туралы жазбаша шарттың болуы толық материалдық жауапкершілік жүктеуге ешқандай дау тудырмас еді.
Тәртіптік жауапкершілік. Тәртіптік жауапкершіліктің негіздерін анықтағанда, ең алдымен бізге ұйым мен мекеменің ішкі қызмет жарғылары мен ондағы тәртіптер және еңбек заңдарының нормалары басты қайнар көз болып табылады. Ал жер заңдарын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілік - бұл жауаптылықтың арнайы түрін қолдану аясы, негізі және тәртібі, санкция сипаты мен бағыты бойынша анықталған ерекшеліктерге ие және еңбек қатынастарына қатысы бар жауапкершіліктің дәстүрлі түрлерінің бірі. Оның қолданылуының негізі ретінде - тәртіптік терісқылықты жасау табылады, яғни еңбек қатынастарына түскен түлғаның жер ресурстарын қорғау және тиімді пайдалану бойынша функционалдық, лауазымдық міндеттерінен туындаған құқық бұзушылық.
Тәртіптік жауапкершіліктің басқа жауапкершіліктерден айырмашылығы - бұл жауапкершілік жұмыс уақыт аралығында және жұмыспен байланысты жағдайларда туындаған құқық бұзушылық үшін қолданылуында. Ал мұндай тәртіптік терісқылықтардың тізімін заң мазмұндап көрсетпейді, яғни еңбек міндеттеріне байланысты қандай да болмасын құқық бұзушылық тәртіптік терісқылық ретінде саналады.
Сонымен жер құқығын бұзуда қаралатын тәртіптік жауапкершілік - жер құқық қатынасындағы жерді пайдалану құқығын беру мен оны алу арасында және пайдалану режиміне қайшы әрекет ету арқылы заң талаптарын орындамайтын лауазымды тұлғалар мен жұмыскердің өз еңбек міндеттерін бұзумен байланысты да анықталады.
Жер құқығын бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілік мекемелердің, кәсіпорынның және ұйымның лауазымды және жұмысшы қызметкерлері үшін тиісті заңды ұйымдардың ішкі қызмет қатынастарын реттейтін құқықтық актімен, яғни жалпы ережелеріне, жарғыларына, ішкі тәртіп ережелері (регламент) мен басқа да нормативті актілерге сәйкес қарастырылады. Ол ережелерде кәсіпорынның мекеменің және ұйымның қызмет ерекшеліктері болуын ескеріп, өз өкілеттіліктерінің шеңберінде тәртіптік жауапкершілік белгілейтін бұл құжаттарды жергілікті қызметтегі рәсімді акт деп атаймыз.
Тәртіптік жауапкершілік - жұмысшылар мен лауазымды қызметкерлердің жер құқық қатынасындағы еңбек міндеттерінің орындалмауы мен ішкі қызмет ережелерінің тәртібі сақталмау әрекеттеріне тоқтам жасауды алдына міндет етіп қояды. Бұл жауапкершіліктің негізгі түрлері ретінде ескерту, сөгіс беру, жұмыстан шығару үшін еңбек шартын бұзу шаралары Қазақстан Республикасындағы Еңбек туралы заңының нормаларымен бекітілген. Бірақ бұл тікелей жер құқық қатынасындағы тәртіптік жауаптылық туралы арнайы қабылданған заң еместігін түсініп алуымыз керек. Ол жұмысшылар мен лауазымды тұлғаның өз еңбек міндеттерін орындамауға байланысты ішкі тәртіп ережелерінің ауқымын қоса алғанда ғана, жер заңдары талаптарымен қарастырылуы арқылы жер пайдалану құқығын бұзушылықтың тәртіптік жауапкершілігін қолдануға негіз болады.
Жер құқығын бұзатын теріс қылыққа тәртіптік жаза қолдану мүмкіншілігі тұлғаның құқық бұзатын әрекетті жасаған уақытында жауапты болу қасиетімен де жауаптылық тұғырында ерекшеленуге жатады. Яғни, тәртіптік жаза жер құқығын бұзушылық белгісі ашылған бір айдан кешіктірілмей және теріс қылық жасалған уақыттан кейінгі алты ай ішінде ғана қаралады.
Бұл орайда жұмыс беруші қарамағындағы лауазымды қызметкерлер мен жұмысшыларға тәртіптік жазаны қолданудан бұрын жазбаша түсініктеме талап етуі керек. Сондай-ақ жер пайдалану қатынасында жер құқығындағы әрбір еңбек тәртібінің бұзылуына бір ғана қатаң тәртіптік жаза қаралғаны дұрыс.
Жер құқығын бұзушылыққа тәртіптік жауапкершілік жүктеу барысында жұмыс беруші орынның мына жағдайларды басты назарға алғанын жөн деп білеміз:
1. Жасалған теріс қылықтың қоғамда тәртіптік жазаға тарту факторымен сәйкес келуі.
2. Тәртіптік теріс қылыққа кінәлі қызметшінің бұған дейінгі жұмыстағы жүріс-тұрыс, мінез құлқы негізге алына отырып ескерілуі.
3. Істің қоғамға қауіптілік жағдайын анықтап алу арқылы, оның ауырлығына сәйкес тиісті тәртіптік жаза түрлерін қолдану.
Тәртіптік жауапкершілік кейбір жағдайда әкімшілік және материалдық жауапкершілік түрлерімен қатар қарастырылуы да мүмкін. Ондай жағдайда құқық бұзушылық жазалары да қатар қолданылады. Сол себепті жер құқық қатынасындағы әрбір жауапкершіліктің түрін жеке бөліп, түсініп алу маңыздылығы туындайды.
Жұмысшы өз міндетін орындамаған жағдайда, заң оның еңбек тәртібін қарауы керек. Өзінің еңбек тәртібін бұзған қызметкер немесе жұмысшы тәртіпсіздік жасаған болып табылады. Сонымен жер пайдалану құқығын бұзатын теріс қылыққа тәртіптік жаза қолданғанда жұмысшының жұмыс берушінің алдында еңбек тәртібін бұзуын, өзінің еңбек міндетін дәлелсіз себептермен орындамауын немесе нормативтік актіде, өзінің еңбек келісім шартында көрсетілген міндеттерді нашар орындауын басты негізге алуымыз қажет. Бұл жауапкершілікке тән негізгі белгі - оның айрықша арнайы органдармен қолданылуы, яғни жұмыс берушімен кінәлі жұмыскерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту заңдарда көрсетілген тәртіппен жұмыс берушінің негізгі құқығы болып саналады. Жер пайдалану құқығын беру мен оны пайдалану нормасының бұзылуына қолданылатын тәртіптік жауапкершіліктің арнайы тағайындалу аясы, тек кінәлі тұлғаның қоғамға қауіпті әрекеті қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қаралмайтын дәрежесінің төмен болуымен сипатталады.
Мұндай жауапкершілік шарасын қолданудың ережесі жердің құқықтық қатынастар нормасын іске асырудың іс жүргізу процедурасында жалпы режиммен қаралуы мүмкін. Себебі заң бойынша жер құқығы нормаларын бұзғаны үшін тәртіптік теріс қылықтың түсінігі ғана негізгі рөл атқарып, оның құрамы анықтала бермейді.
Сондықтан да әкімшілік, қылмыстық және өзге де жауапкершілік түрлеріне қарағанда тәртіптік жазалаудың механизмі қарапайым үлгіде жүреді. Оның ерекшелігі жазалаудың жұмыс беруші тарапынан жүзеге асуында. Мәселен, жер қатынасындағы жер пайдалану құқығын бұзушылықта жауапкершілік жүктелетін кінәлі тұлғаға жұмыс орнының әкімшілігі немесе жұмыс орнының үстінен қарайтын жоғарғы тұрған орган тәртіптік жазаны қолдану құзыретін өз мойнына алады.
Әкімшілік жауаптылық. Жер құқығын бұзушылықтағы тәртіптік және әкімшілік теріс қылықтарының бөліну қасиетін ерекше түсініп алғанымыз жөн. Тәртіптік теріс қылық жасайтын тұлға тек жұмысшы немесе қызметкер болып танылады. Және оның құқық бұзушылық әрекеті жұмыс орнында немесе сол жұмыспен байланысты уақытта жасалады. Ал әкімшілік теріс қылықты жасаған жеке тұлға 16 жасқа толған және одан жоғары жастағы кез келген азамат болуы мүмкін. Сондықтан тәртіптік шараны жұмыс беруші тұлға еңбекке қатысы бар өзінің қызметкеріне қолданады. Әкімшілік жазаны болса, сот пен тиісті органдар (лауазымды адамдар) өзіне заң бойынша берілген құзырет шегінде құқық бұзушы кез-келген тұлғаға қолданумен ерекшелейді.
Жер заңдары талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік тағайындауды танудың басты құқықтық екі шарты бар: алдымен жасалған теріс қылықтың әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көрсетілу негізіне сәйкес келуі, екіншіден бұл құқық бұзушылықтың қылмыс болып табылмауы.
Сонда ғана барып жер құқығы нормаларын бұзатын теріс қылықты әкімшілік жауапкершілікке тарта аламыз. Әкімшілік жазаның жер пайдалану құқығын бұзатын әрекеттер мен әрекетсіздіктерге қолданылуда мәні бар түрлерін былайша атап көрсетуге болады:
Жерді пайдалану қатынасындағы жеңіл әкімшілік бұзушылыққа уәкілетті органның жазбаша қаулы қабылдап, оны ескерту шарасы деп жариялау. Бұл жағдайда кінәлі тұлғаға өзінің іс әрекетінің құқыққа қайшы келетіндігі түсіндіріліп, бұдан былай ол кемшілігін жойып, қайта жасамау міндеттілігі ескертіледі.
Қоғамға, табиғатқа және тікелей жер пайдаланушы тұлғаға келтірілген зиянның қауіптілігіне қарай, айлық есептік көрсеткіштің белгілі бір мөлшерімен салынатын мүліктік көріністегі ақшалай жаза.
Құқық бұзушылыққа қатысы бар затты мәжбүр ету тәсілімен иесінен алып қою. Осы зат алынып, иесіне шығарылған шығынның орнына басқа құн қайтарылады. Бұл жазаны тек судья қолданады.
Құқық бұзушының меншігіндегі тәртіп бұзуға тікелей қатысты затты қайтарымсыз жолмен мемлекет меншігіне алып қою. Мұндай тәркілеу тек соттың ғана қарауына жатады.
Жер пайдалану құқығынан немесе өзге де арнайы құқығынан айыру. Оны сот бір айдан кем болмайтын және екі жылдан аспайтын мерзімге ғана айыра алады.
Жеке тұлғаны немесе заңды тұлғаны, белгілі бір қызмет түрін не іс әрекет жасауына арнаулы рұқсаттан соттың айыруы. Ондай арнаулы рұқсатты тоқтата тұру немесе уақытша айыру алты айға дейінгі мерзімге белгіленеді.
Уәкілетті органның өтініші бойынша сот тәртібімен жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның қызметі тоқтатыла тұрады немесе оған тыйым салынады.
Заңсыз салынған ғимаратты немесе құрылысты соттың ұйғарымымен мәжбүр ету жолы арқылы бұздыру.
Соттың қаулысы бойынша кінәлі адамды әкімшілік тұрғыда тұтқындау. Әкімшілік қамау мерзімі он бес тәулікке дейін, ал төтенше жағдай режимі талаптарын бұзғаны үшін отыз тәулік болып белгіленеді.
Бұдан жер пайдалану құқығын бұзудан туындайтын әкімшілік жауапкершілік - құқық бұзушы азаматтар мен лауазымды тұлғалардың жасаған қылығы үшін, олардың мемлекеттік басқару органдарының алдында, ал кейбір заңда анықталған жағдайда соттың алдында өз іс әрекетіне жауапты болып, жазасын алу қатынасын көрсетеді. Жер құқығын бұзушылық әрекеті мен әрекетсіздігіне тосқауыл қою мақсатындағы жүзеге асатын әкімшілік жауапкершіліктің тиімді функциясын мына ерекшелікте жіктеп көрсете аламыз:
1. Құқық бұзушылықтың жаңа түрін болдырмау немесе оның алдын алуға мүмкіндік туғызатын ескерту функциясы.
2. Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың өз мүддесі үшін өздігінен құқық бұзушылықты жоюға жол ашатын талаптандыру функциясы.
3. Азаматтардың заңды ықыласы туындағанда олардың құқықтарын қорғау функциясы.
4. Жасалған құқық бұзушылық сипатына қарай мемлекеттік органның ерекше жазалаушы әдістің құқықтық тәртібін белгілеуге ықылас танытатын таңдау функциясы.
5. Құқық бұзушылықпен ере жүретін, залал зардаптың туындауына кедергі келтірудің алғы шартын құратын шектеу функциясы.
6. Келген зиянды өтеттіру функциясы.
Сонымен жер құқық қатынасында туындайтын құқық бұзушылыққа тосқауыл қою үшін жасалған теріс қылықтың қоғамға оншалықты ауыр дәрежесі болмаған ретте, көп жағдайда әкімшілік жауапкершіліктің жедел құқықтық реттеу функциясы қолға алынады.
Жер заңының әкімшілік құқық бұзу туралы істерін жер қорғау және пайдалануды мемлекеттік бақылауды іске асырушы арнайы өкілеттігі бар ұйымдар комиссиялары, сондай-ақ жер қорғауға және жер пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекторлар және сол ұйымдардың лауазымды адамдары өзінің қызмет бабына сәйкес қарастырады.
Қылмыстық жауаптылық. Келесі жер құқығын бұзушылыққа қарастыратын заңды жауаптылықтың түрі - қылмыстық жауапкершілік. Жер заңдарын бұзғаны үшін қылмыстық жауаптылық, экологиялық қылмыстық жауаптылықтың бір саласы болып саналады.
Сондықтан жер құқығы нормаларын бұзатын қылмыс - қоғам үшін қауіпті заң бұзушылықтың өрескел түрі, әрі ол қылмыстық заңмен жазаланатын әрекеттегі өрескел қылықтар. Жер құқығын бұзатын мұндай қылмыс түрі алуан түрлі болып кездеседі. Оның құқықтық негізгі сипаты Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде экологиялық қылмыстар ретінде басым бағытта қаралып отыр.
Қылмыстық жауапкершілікке тартылатын Шаруашылық және өзге де қызметке қойылатын экологиялық талаптардың бұзылуы (277-бап), Жерді бүлдіру (285-бап), Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу (291-бап), Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар режимінің бұзылуы (293-бап), Экологиялық ластау зардаптарын жою жөнінде шара қолданбау (294-бап) әрекеттері жер пайдалану құқығын бұзушылыққа тікелей қатысы бар қылмыстар деп танылады. Бұл әрекеттерді қылмыс деп тауып, дәрежесіне қарай әртүрлі қылмыстық жауапкершілік жүктелетіндігі - экологиялық құқық тәртібін бұзатын, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған табиғи ортаға зиян келтіретін, не зиян келтіруге нақты қатер төндіретін қоғамға қауіптілігінің айқындылықты көрсеткішіне байланыстылығында.
Осыған байланысты жер құқығын бұзатын экологиялық қылмыстарды қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы олардың қоғамда өршу тенденциясына біржақты тосқауыл қоюға мән берілген. Алайда біз экономикалық мәні бар қылмыстардың да жер құқығын бұзатын әсерлі күшін назардан тыс қалдырмауымыз керек. Қылмыстық жауапкершілік жүктейтін жер заңдарының бұзылуын қылмыстық құқықтық тәртіпте талдау арқылы оны екі типті қылмыстар тобына бөлуге болады:
алғашқысына жоғарыда көрсеткен экологиялық қылмыстардың жер құқығына қатысты нормаларды бұзушы қоғамға қауіпті қылмыстар жатады;
екіншісі, анықталған меншіктегі жер учаскесіне заңсыз кіріп кетудегі жерге деген заттай құқықтарды бұзатын және жер пайдалану жөніндегі заңсыз мәмілелерді тіркеу мен жерді пайдаланғаны үшін тұлғалардың салық төлеуден жалтару әрекеттерінің басын біріктіретін экономикалық мәнді салдары бар қылмыстар.
Олардың құқықтық негіздері тікелей Қылмыстық кодексіміздің 186-бап, 221-бап, 222-бап және 225-баптар диспозициясында көрініс тауып отыр.
Сонымен жер құқығын бұзатын әрекеттердің қылмыстық жауапкершілігі жоғарыда талданған өзге заңды жауапкершілік белгілерінен басты ерекшелігі мынандай:
- жер құқығы нормаларын бұзатын әрекеттер қоғамға қауіпті болып табылып, қылмыстық заңда жазалау қатерімен көрсетілген жағдайда ғана қаралады;
- қылмыстық жауапкершілік басқа жазаларға қарағанда ерекше мемлекеттік күштеу шарасымен жүргізіледі;
- жазалау жер пайдалану құқығын бұзатын қылмыс жасаған кінәлі адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеумен байланысты;
- қылмыстық жазаны қолдану тек қана соттың құзыреті болып танылады;
- қылмыс істеген адамға мұндай шараның қолданылуы заңды тұлғалар арқылы емес, тікелей мемлекет атынан жария түрде, ашықтан-ашық белгіленеді;
- жер құқығын бұзған қылмыс субъектісі міндетті түрде тек белгілі жасқа жеткен, есі дұрыс жеке тұлға болуы тиіс;
- сот үкімі бойынша тағайындалған жаза кінәліге сотталғандық атақ белгілейді.
Жер заңдарын бұзатын қоғамға қауіпті әрекеттерді қылмыс деп тауып, оған қылмыстық жауапкершілік тағайындаудың мақсаты - қылмыскердің кінәсін мойнына қойып жаза белгілеу, оны түзеу арқылы жаңа қылмыс істеуден сақтандыру нәтижесінде әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру. Ол мемлекеттің жер құқық қатынасындағы қылмыспен күрес жүргізу құралдарының бірегей тәсілі ретінде, жалпы мемлекеттік мәжбүрлеу шарасының ерекше түрі болып табылады.
Арнайы жер-құқықтық жауаптылық. Жер-құқықтық жауаптылық жер заңдарында жердің жеке меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер заңдарында белгіленген міндеттерін орындамағаны үшін пайда болады. Бұл жер құқығын бұзушылыққа тағайындалатын жалпы заңды жауапкершілік негіздерінің белгілерін қарастыруды типтік тұрғыда зерттеу мәселесі - нарық заманы талап ететін құқықтық жүйенің сұранысын қанағаттандырудан туындайды. Ал ең бастысы жер-құқықтық жауапкершілігіне ерекше мән бере отырып, оның қай кезде болмасын жер құқықтық нормасының бұзылғаны үшін, жер пайдалану құқығының тоқтатылу жазасымен теңестіріліп қаралатын күштеу шарасына бүгінде қажетті жауаптылық шегінде ғана көңіл бөлуіміз керек.
Қазіргі уақытта жер заңдары жер құқықтарының тұрақтылық қағидасын дамытуды мақсат етіп қояды. Сондықтан жер пайдалану заңдылығы үнемі бұзылған жағдайда ғана, әрі заңда тікелей көрсетілген мәнді негіздердің болуы - жер құқықтық жауапкершілігінің жоғарыда айтылған түрін жауаптылықтың ең шегі ретінде, жерге деген құқықты күшпен тоқтатуын қолдануды қажет етеді. Қарастырылып отырған жауапкершілік түрінің болуын жер пайдалану құқығы институтымен байланысты, қажетті жағдайда объективтік мүдделік тудыратындығын жасыруға болмайды. Соған орай жерді үнемі ұтымды пайдаланып отыру міндеті басқа да құқықтық ықпал ету шараларымен қатар қамтамасыз етілуі керек.
Жер құқық қатынасында қаралатын жер-құқықтық жауапкершілік өзінің даму сатысында елеулі өзгерістерді басынан өткерді. Мәселен, кеңестік кезеңде қолданылған жер заңдылығы бойынша жерді пайдалану ережесін үнемі бұзғандығы үшін жер учаскесін тартып алу (Қазақ ССР Жер кодексі 222-бап) жер учаскелерін берген органның шешімі арқылы ешбір өтемақысыз жүретіндігі қаралды. Бұл жағдайларда жер учаскесін тартып алу тәркілеу ретімен өтетіндігін түсініп алайық. Ал 1995 жылғы 22 желтоқсанда қабылданып, 2001 жылға дейін қолданыста болған “Жер туралы” Президенттің заң күші бар Жарлығының 74-бабында жер учаскесін тәркілеудің тек қылмыс жасағаны үшін жер пайдаланушыға жаза түрінде қаралатын түсінігі ғана берілді. Бұл құқықтық нормада жер-құқықтық жауапкершілік ретінде қаралып отырған жерді тәркілеуге әкеп соғатын қылмыстың түрі мен сипаты турасында түсіндірме жазылмады. Содан Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен арада жерді тәркілеудің құқықтық режимін ажыратуда түсінбестік позиция шығып отырды. Өйткені қазірге дейін Қылмыстық заңда жерді тәркілеуді жер қатынастары саласындағы қылмысы үшін, кінәлі тұлғаға жаза тұрғысында қарайтын арнайы қылмыстық-құқықтық нормалар қалыптаспағаны белгілі. Аталған жер заңында тар шеңберде түсіндірудегі жер учаскесін тәркілеуді жалпы қылмыстық құрамдағы құқық бұзушылық үшін емес, тек жер және экологиялық құрамдағы жаза түрінде қарастырылатындығы айтылуы керек болатын. Ескі заңның жер-құқықтық жауапкершілік тұрғысындағы жазаны қараудың түсіндірмесіндегі басты қателік осы еді. Бұл нормативті құқықтық актінің өз алдындағы қолданыста болған жер заңдарынан жер-құқықтық жауапкершілік жазаларын белгілеудегі басты ерекшелігі бар болатын. Ол жерге деген құқықты күшпен тоқтатудың екі түрін, яғни тәркілеу мен алып қоюдың режимін ерекшеліктеріне қарай өз бағытында қолданды.
Мұндай құқықтық режим бүгінде қолданыстағы Жер туралы заңымызда да қаралып отыр. Бұған қоса жер заңымызда жер-құқықтық жауапкершіліктің тәркілеу жазасы нормасында - сотталған адам және оның асырауындағы адамдар үшін қажетті, сотталған адамға жеке меншік құқығымен тиесілі немесе оның ортақ меншіктегі үлесі болып табылатын, үй мен қора-қопсы орналасқан жер учаскелері, сотталған адам мен оның асырауындағы адамдарға қажетті жер учаскесі, сондай-ақ қылмыстық атқару заңдарында көзделген тізбеге сәйкес өзіндік (қосалқы) үй шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жер учаскелері тәркіленбеуге тиістігі көрсетілді. Сонымен жер-құқықтық жауапкершіліктің өтемақымен және өтемақысыз жерді алып қою шаралары жер құқығын бұзушыларды белгілі бір жер учаскесінен айырғанда, онымен қоса жер пайдалану құқығы да тоқтатылатындығы айқын. Ол шараның құқықтық негіздерін сақтап қалу жерді өз мақсатында пайдаланудағы заңдылықтарды өрескел бұзу жағдайында анықталып, жерді заңсыз жеке бастың мүддесі үшін шексіз пайдалану әрекеттеріне тоқтам салу мақсатындағы қажетті қатаң шара болуымен түсіндіріледі.
Жер құқығы бойынша жер учаскесі берілген жер пайдаланушы жеке тұлға мен заңды тұлға ғана, мұндай жер-құқықтық жауапкершіліктің кінәлі субъектісі болып табылады. Мұнда құқық бұзушылықтың сипаты мен көлеміне қарай, пайдаланудағы жер учаскесінің бәрі немесе белгілі бір бөлігі ғана тартып алынуы мүмкін.
Бұдан өзге де жер пайдалану құқығын бұзатын әрекеттер мен әрекетсіздіктерге қолданылатын жер-құқықтық жауапкершілік - өз бетімен иеленген жерді бұрынғы қалпына келтіру, өз бетімен заңсыз иеленген жерді қайтарып алу, ескерту жасау секілді жазалар жинағынан тұрады. Оның қолданылу мерзімі қандайда бір уақытпен шектелмейтіндігімен ерекшеленеді. Нысаналы мақсатта пайдаланылмаған немесе заң нормаларын бұзу арқылы пайдаланылған жер учаскесін алу уәкілді мемлекеттік органдардың талабы бойынша сот тәртібімен жүргізіледі. Ол үшін алдын ала жерді нысаналы мақсатта пайдалануы мен заң бұзушылықты жою қажеттілігі туралы жазбаша ескерту берілуі керек. Одан нәтиже шықпаған жағдайда ғана пайдаланудағы жер учаскесін алу туралы талап қойылады. Жер пайдалану құқығының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында, өкілетті мемлекеттік орган жерді алып қоюға жүгінбей-ақ, алдымен жер құқық бұзушылығын болдырмаудың барлық мүмкін болған шараларын қабылдауға міндетті деп табамыз.
9-лекция
