- •Лекция тезистері
- •Жер ќ±ќыѓының жалпы түсінігі
- •Жерге деген меншік құқығы және жерді пайдалану құқығы
- •Жерге орналастыру және жер кадастры мен мониторингі
- •Жер үшін төленетін төлемдер
- •Елді мекендердің жерлеріне салынатын салық ставкалары
- •Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 2 қыркүйектегі n890 қаулысына і қосымша
- •Жерді құқықтық қорғау
- •Жер учаскесі мен жер пайдалану құқығын кепілге салу негіздері
- •Жер құқығын бұзушылық және жер дауларының шешілуі
- •Жер заңдарының бұзылғаны үшін қарастырылатын жауапкершілік
- •Ауыл шаруашылық мақсатындағы жердің құқықтық режимі
- •Елді мекен жерлерінің құқықтық режимі
- •Өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жерлерінің құқықтық режимі
- •Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құқықтық жағдайы
- •Орман қоры жерлерінің құқықтық режимі
- •Су ќоры жерлерініњ ќ±ќыќтыќ режимі мен босалќы жердіњ ќ±ќыќтыќ жаѓдайы
Ауыл шаруашылық мақсатындағы жердің құқықтық режимі
1. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің түсінігі және құрамы.
2. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің құқықтық режимінің ерекшеліктері.
3. Шаруа (фермер) қожалығын жүргізуге арналған жер учаскелері.
1-сұрақ. Жердің құқықтық жағдайының түсінігі оны пайдалану мен қорғаудың заңмен бекітілген тәртібін білдіреді. Бұл тәртіп өзіне жерге құқыққа байланысты субьектілердің құқықтары мен міндеттерін, жер құқықтық, қатынастарын реттеуге байланысты мемлекеттік органдардың өкілеттілігін, экологиялық қауіпсіздікті қоса есептегенде жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге байланысты талаптарды қамтиды. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жер ұғымы Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 97 бабында көрсетілгендей, ауыл шаруашылығы мұқтаждықтары үшін берілген немесе осы мақсатқа арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп тануға жатады. Бұл құқықтық анықтамада ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер сапасының екі түрі көрсетілген: ауылшаруашылық мұқтаждықтары үшін берілген жерлер және осы мақсатқа арналған жалпы жерлер. Яғни, өзінің сапасы бойынша ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін жерлер.
"Ауыл шаруашылық мақсаты" деген түсінікке осы жерлердің ауыл шаруашылығы үшін мақсатты, арналуы, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың тауарлы ауыл шаруашылық өндірісі, ғылыми-зерттеу, оқу және тәжірибелік мақсат, қорғаныш ағаштарын отырғызу, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу, бау-бақша, бақташылық және саяжай құрылысы үшін жер пайдалану мақсаттарының кешенін кіргізуімізге болады. Сондықтан жер учаскелерін жеке меншікке немесе жер пайдалануға беруге байланысты атқарушы органдардың шешімдерінде әрқашан жерді мақсатты пайдалану нысаны көрсетіледі.
Жер қорларын санаттарға мақсатына қарай бөлу, оның бір түрін басқасына аудару мәселесі жер қатынастарына қатысушылардың құқықтары мен міндеттеріне қатысты мәселе емес. Ол заңда белгіленген жерді ұтымды және мақсатты пайдалануды қамтамасыз ететін тәртіп ереже. Осы сияқты жер заңдарында жер құқық қатынастарында қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінен басқа көптеген нормалар бар. Олардың барлығы да жер құқық қатынастарының объектісі, толығырақ айтқанда, объектілері болып табылады.
Қазақстан Республикасында жер қоры өзінің негізгі нысалы мақсатына қарай бөлінеді немесе топтастырылады. Жер Кодексінің 1 бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы жерлерінің қоры мынадай жер санаттарынан тұрады:
1. ауыл шаруашылығына арналған жер;
2. елді мекендердің (қалалардың, поселкелер мен селолық елді мекендердің) жері.
3. өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге де ауыл шаруашылығына арналмаған жер;
4. ерекше қорғалатын табиғат аумақтардың жері;
5. орман қорының жері;
6. су қорының жері;
7. босалқы жерлер.
Қазақстан Республикасының жер қорының ішінде ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің маңызы ерекше. Жер кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылық мақсатына пайдаланатын, бірақ арнайы осы мақсатқа арналмаған барлық жер учаскелерін ауыл шаруашылық мақсатындағы жер учаскелеріне жатқызуға болмайды. Барлық санаттағы жерлерді ауыл шаруашылық өндірісіне уақытша пайдалану ол жерлерді тиісті санаттағы сәйкестігінен айырмайды. Олардың негізгі мақсаты бастапқы бөлінген нысанында қалдырылады және олар негізгі мақсатты белгісімен байланысты құқықтық режимінен шығарылмайды. Бірақ осы жерлердің негізгі мақсатымен байланысты құқықтық режим анықтаушы рөлге ие болады, яғни өз қызметі жер пайдаланудың негізгі мақсатымен байланысты алғашқы жер пайдаланушы және меншік иесімен орнатылған тәртіп пен жағдайларда бұл жерлер негізгі мақсаты үшін және ауыл шаруашылығы өндірісі үшін пайдалануы мүмкін.
2-сұрақ. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер мен негізгі мақсаты бар және ауыл шаруашылық өндірісі үшін уақытша ғана пайдаланылатын жерлерді құқықтық қорғаудағы негізгі айырмашылық - ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер ауыл шаруашылық емес мақсатқа пайдаланудан қорғалады. Ал, басқа жерлер олай емес, олар барлық уақытта ауыл шаруашылық емес мақсатқа пайдаланылуы мүмкін. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің құқықтық жағдайының маңызды құрамдас бөлігіне заңда ауыл шаруашылық алқаптарын пайдалануға байланысты меншік иелері мен жер пайдаланушылардың міндеттерін белгілейтін құқықтық нормалардың жиынтығының болуын жатқызамыз. Ауыл шаруашылық алқаптарын пайдаланудың ерекшеліктерін ескере отырып бұл міндеттерді келесі белгілері бойынша топтастыруға болады:
- топырақ ылғалдылығына қолайлы жағдай жасай отырып ауыл шаруашылық алқаптарын селден, су астында қалудан, батпақтанудан, құрғап кету мен сортаңданудан қорғауға бағытталған шаралар жүргізу арқылы топырақтьң қолайлы су жағдайын қамтамасыз етуге міндетті;
- ауыл шаруашылық алқаптарының тйісті дақылдық-техниқалық жағдайын қамтамасыз ету, арамшөп, бұта және шіліктің басып кетуіне жол бермеу, топырақты өсімдік ауруларымен карантидік зиянкестерден зақымданудан қорғауды дер кезінде жүзеге асыруға міндетті;
- топырақ құнарлығын, сондай-ақ жердің басқа да пайдалы қасиеттерін қалпына келтіруге және арттыруға бағытталған шаралар жүргізуге міндетті;
- өндірістік табиғат қорғау технологиясын қолдануға, өзінің шаруашылық, қызыметінің нәтижесінде айналадағы табиғи ортаға зиян келтіруге және экологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеуге міндетті.
Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің құқықтық, жағдайының ең маңызды талаптарының бірі ауыл шаруашылық өндірісімен айналысушы меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскесінің аумағын тиімді ұйымдастыру болып табылады. Бұл мәселені жүзеге асыру жерге орналастыру үдерісіне тікелей байланысты да, бұл міндет жерге құқық субъектісіне жүктеледі.
Берілген тәртіп бойынша бекітілген жерге орналастыру жобасы барлық алқаптарды, жер учаскелерінің барлық бөлігін белгілі мақсатқа пайдалану үшін құқықтық негіз береді. Жобада көрсетілген аумақты (территорияны) ұйымдастыру тұрақты табиғи ландшафтілерді жақсарту мен қолдауды қоса есептегенде жерді тиімді және толық, пайдалану үшін жағдай туғызады.
Жер пайдаланушылар мен меншік иелері өздеріне берілген ауыл шаруашылық жерлерін тиімді пайдалануға, топырақ құнарлығын арттыруға байланысты тиімді шаралар жүргізуге, топырақтың жел және су эрозиясының алдын алуға байланысты шаруашылық ұйымдастыру, агротехникалық, орман—мелиорациялық, (орман-суландыру) және гидротехникалық шаралардың кешенін жүргізуге, жердің өндіріс қалдықтарымен ластануына, батпақтануына, сортаңдануына, арам шөптердің өсуіне, карантиндік зиянкестер мен өсімдік ауруларына, сондай-ақ, ауыл шаруашылық жерлерінің жағдайын нашарлататын басқа да жағымсыз жағдайларға жол бермеуге міндетті.
Ауыл шаруашылық өндірісімен айналысушы азаматтар мен заңды тұлғалар:
- зоналық ерекшеліктерге сәйкес егін шаруашылығының негұрлым тиімді жүйесін енгізуге, ауыспалы егісті енгізу мен меңгеруге, пайдаланылмай жатқан жерлерді өндіріске тартуға;
- ауылшаруашылық, алқаптарын құрғату, суландыру мен суаруға міндетті;
- егістік даласын қорғайтын ағаш егістерін отырғызуға құмдар мен жыраларды бекіту және ағаш егу арқылы эрозияға қарсы шараларды жүзеге асыруға міндетті;
- ауыл шаруашылық, алқаптарын тастардан және ұсак, ағаштардан тазартуға, ауылшаруашылық өсімдіктерінің аурулары және зиянкестерімен күрес жургізуге міндетті.
Белгіленген тәртіп бойынша ауыл шаруашылық, мұқтаждықтары үшін жарамды деп табылған жерлер азаматтар мен заңды тұлғаларға ең алдымен ауылшаруашылық өндірісі үшін берілуі қажет. Жердің ауыл шаруашылық мұктаждықтары үшін жарамдылығы, құзыретті атқарушы органмен бекітілген жер кадастрының топырақтық және геоботаникалық зерттеу құжаттарының негізінде анықталады.
Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 97 бабының 3 тармағында көрсетілгендей, ауыл шаруашылық алқаптарына егістіктер, тыңайтылған жер, көпжылдық өсімдіктер егілген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады. Егістіктерге таза күйінде ұсталатын, күздік, жаздық дәнді дакылдар үшін дайындалатын ауыспалы егіс табанын, сондай-ақ, көпжылдық шөптер егуді қоса ауылшаруашылық дақылдарын егуге қолданылатын және жүйелі түрде өңделетін ауылшаруашылық алқаптары жатқызылады. Бақтар аралығындағы егу үшін қолданылатын, сондай-ақ алдын-ала дақылдарын егу үшін түбегейлі жақсарту мақсатымен жыртылған жайылым және шабындық жерлерінің учаскелері егістіктерге жатпайды.
Тыңайтылған жерлер деп - бұрын егістік құрамында болған, күзден бастап бір жылдан көп мерзімге ауылшаруашылық дақылдарын егу үшін пайдаланылмайтын және күздік, жаздық дәнді дақылдар үшін дайындалатын ауыспалы егіс табанына дайындалмаған жер учаскесін айтамыз.
Көп жылдық өсімдіктер деп - территорияны сәнмен безендіру үшін, сондай-ақ техникалық және дәрілік өнімдерін, жеміс-жидек астықтарын алу үшін арналған, қолдан отырғызылған көп жылдық өсімдіктері мен бұталы өсімдіктері ағаштары бар ауыл шаруашылық алқаптарын айтамыз. Табиғи шабындық және жайылымдарға мал бағу және шөп шабу үшін жуйелі түрде пайдаланылатын ауыл шаруашылық алқаптары жатады.
Түбегейлі жақсартылған шабындық және жайылым деп - шымдарды жойып, кезекті тыңайту жолымен жаңа жер оттылығы қалыптасқан жайылым мен шабындық, учаскелерін айтамыз. Суландырған жайылымдарға аумағында тиісті мал санына сәйкес сумен қамтамасыз етуге қабілетті су көзі бар (көл, өзен, суармалы немесе суландыратын канал, құбырлы немесе шахталы кұдық) жайылымдар жатқызылады.
Ауыл шаруашылық алқаптары айрықша қорғалуға тиіс. Соған орай ауыл шаруашылық мақсатына пайдаланылатын жерлерді басқа түрге, ауылшаруашылық алқаптарын бір түрінен екінші түріне ауыстырудың тәртібін Жер кодексіне сай Қазақстан Республикасының Үкіметі ғана белгілей алады. Ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді ерекше жағдайларда ғана заңда көрсетілген негіздерде ауыл шаруашылық өндірісіне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға жол береді. Басқа мақсаттағы жерлерді ауыл шаруашылық өндірісінің мұқтаждықтары үшін пайдаланған кезде оларға ауылшаруашылық жерлерін қорғау ережесі қолданылады. Бірақ олардың қосымша ауылшаруашылық мақсаты алынып тасталынса, онда оларды қорғаудағы ұқсастығы да жойылады.
Әлемдегі ең маңызды мәселелердің бірі адамзаттың қазіргі және болашақ, ұрпақтары үшін ауыл шаруашылық алқаптарының сапасын көтеру мен көлемін сақтау болып отыр. Халық санының жоғары қарқынмен өсуі ауыл шаруашылық өндірісінің өнімдеріне сұранысты күшейтіп отыр. Демек, мүмкіндіктері шектелген ауыл шаруашылық алқаптарының да көлемін ұлғайтуға тура келетіні белгілі. Сонымен қатар сол уақытта елді мекендердің аумағын ұлғайтуға, өндірісті, транспортты, байланысты, пайдалы қазбаларды дамытуға объективті қажеттілік туындайды және ол қажеттіктер ауыл шаруашылық мақсатындағы жер айналымынан жер алуды талап етеді.
Осы қарама-қайшылықтарды жою мен шешу муддесінде біздің заңдарымызда ауыл шаруашылық алқаптарын ауыл шаруашылық өндірісімен байланысты емес мақсатқа пайдалануға ауыл шаруашылық өндірісінің шығынын өтеудің міндетті шарты арқылы ерекше жағдайларда ғана жол берілетінін ескеруіміз керек. Ауыл шаруашылық өндірісінің шығынын өтеу ауыл шаруашылығын жүргізумен байланысты емес мұқтаждықтар үшін ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерден жер учаскесі берілген азаматтар және заңды тұлғалармен, сондай-ақ, күзет, санитарлық; және қорғаныш алқаптары белгіленетін тұлғалар тарапынан жүргізіледі. Бүгінгі таңда жер қатынастарын пайдалану мақсаты түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Оның өзі қоғамымызда соңғы жылдары болып жатқан саяси, экономикалық, әлеуметтік және т.б. өзгерістермен түсіндірілді. Қазақстан Республикасы егемендік алған кезден бастап өткен кезең ішінде еліміз 1995 жылғы Конституцияда бекітілген демократиялық және құқықтық қағидаларға негізделген саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық институттар бекітіліп, соның ішінде жер қатынастары да шет қалған жоқ. Табиғи ресурстар объектісі болып табылатын жерге мемлекеттік меншікпен қатар жеке меншік құқығы енгізілді. Ондай жаңалық бұрын қалыптасқан жер қатынастарын түбегейлі түрде өзгертті. Мұндай қажеттілік жерді шаруашылық мақсаттарына пайдалану қатынастарында тек әкімшіліктік құқықтық әдістермен реттеудің мүмкін емес екендігін түсінуге байланысты пайда болды. Жер бөліктері сатып алу-сату, жалға беру, кепіл, сенімгерлікпен басқару және т.б. әр-алуан мәмілелердің пәні ретінде қаралуы мүмкін.
3-сұрақ. Шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері бірыңғай алқап болып беріледі, бұған жекелеген жер учаскелері мен ауыл шаруашылық алқаптары топырақ сапасы бойынша құндылығы жағынан салыстыруға келмейтін (азық дайындау шектеулі болатын, мал жайылымдарын пайдаланудың маусымдылығы айқан білінетін суармалы жер аймағындағы) және тегін жер пайдалануға уақытша берілетін жерлер қосылмайды.
Шаруа (фермер) қожалығына берілетін жер учаскесі, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, оның мүшелерінің ортақ бірлескен немесе ортақ үлестік жер пайдалану құқығында болады. Мүліктің тиесілі бөлігі (салым, үлесі, жарна пұлы) ақшалай өтеледі. Төлеу мен өтемақы жасау тәртібі, мерзімі қожалықтың барлық мүшелерінің өзара уағдаласуы бойынша белгіленеді.
Тұрақты жер пайдалану құқығына ие шаруа (фермер) қожалығы осы құқыққа: сатуға, сыйға тартуға, қайталама жер пайдалануға тапсыруға, айырбастауға, басқа нысандарда өзгеге беруге, кепілге тапсыруға, мұраға қалдыруға, сондай-ақ осы құқыққа қатысты азаматтық және жер туралы заңдарда тыйым салынбаған өзге де мәмілелерді жасауға мемлекеттік органдардың қандай да бір рұқсатынсыз иелік ете алады.
Тұрақты және ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқығы шаруа (фермер) мүлкінің құрамына кіреді, онымен ол өз міндеттемелері бойынша жауап береді.
Шаруа (фермер) қожалығының:
жерді ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру мақсатында пайдалана отырып, онда дербес шаруашылық жүргізуге;
ауыл шаруашылығы дақылдары мен өзге де екпе-көшеттерді - егу мен отырғызуға, жер учаскесін пайдалану нәтижесінде өндіріліп алынған ауыл шаруашылық өнімі және оны сатудан түскен табысты меншіктенуге;
жер учаскесінде бар құм, саз, қиыршық тас және басқа да көп кездесетін пайдалы қазбалар, шымтезек, орман алқаптары, жер үсті және жер асты суларын өз шаруашылығының мұқтаждары үшін белгіленген тәртіпте пайдалануға, сондай-ақ жердің өзге де пайдалы қасиеттерін кәдеге жаратуға;
жер учаскесі мемлекет мұқтажына алып қойылған (сатып алынған) жағдайда шығындардың толық көлемде өтелуіне;
жер учаскесінің нысаналы мақсатына қайшы келмейтін құрылыстар мен ғимараттарды меншік құқығымен тұрғызуға;
жерді суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстарды жүргізуге, белгіленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарға сай келетін тоғандар мен өзге де суаттарды салуға құқығы бар.
Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану жөніндегі міндеттемелеріне келер болсақ, шаруа (фермер) қожалығы:
өзіне берілген жерді оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануға;
топырақ құнарлылығының төмендеуіне жол бермеуге;
ауылшаруашылық өнімін өндірудің табиғат қорғау технологияларын қолдануға және жер қорғау жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруға;
өз қызметінің нәтижесінде экологиялық ахуалдың нашарлауына жол бермеуге;
жер учаскесінде құрылыс салуды жүзеге асыру кезінде қолданылып жүрген сәулеттік-жоспарлау, құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптарды (нормаларды, ережелерді, нормативтерді) басшылыққа алуға;
басқа жер пайдаланушылар мен жер учаскелері меншік иелерінің құқығын бұзбауға;
сервитуттарды жер туралы заңдарда белгіленген тәртіппен беруді қамтамасыз етуге міндетті.
Шаруа (фермер) қожалығы банкрот болғанда және жер пайдалану құқығы тоқтатылғанда өз қызметін тоқтатады. Жер пайдалану құқығының тоқтатылуына байланысты ескерте кететін бір мәселе бар. Шаруа (фермер) қожалығының жер учаскесін тиісті мақсатқа сай пайдаланылмағаны үшін жер пайдалану құқығы берілген сәттен бастап 1 жыл ішінде алып қоюға болмайды. Сондай-ақ бұл бір жылғы кезеңге - жерді игеруге қажетті уақыт, дүлей апаттарға немесе жерді пайдалануға елеулі кедергі келтірген басқа да жағдайларға байланысты кеткен уақыт кезеңі кірмейді. Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану құқығын тоқтатуы:
Жер учаскесін немесе оның бір бөлігін пайдалану құқығы -
жер пайдалану құқығынан бас тартылғанда;
жер пайдалану құқығын басқа адамдарға бергенде;
шаруа (фермер) қожалығының міндеттемелері бойынша жер пайдалану құқығына төлеттіріп алу қолданылғанда;
жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынғанда (сатып алынғанда);
жер учаскесі берілген мерзім біткенде;
мақсатына сай пайдаланылмаған немесе заңдарды бұза отырып пайдаланылған жер учаскесі алынып қойылғанда;
жерлер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа жағдайларда алынып қойылғанда;
жер учаскесі тәркіленгенде тоқтатылады.
Сонымен шаруа (фермер) қожалықтарының қызметі тоқтатылған кезде ортақ мүлікті бірлескен меншікке қатысушылар арасында бөлу, сондай-ақ олардың біреуіне үлес бөліп беру ортақ мүлік құқығындағы әрбір қатысушылардың үлесі алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкін. Үлестік меншіктегі мүлік оған қатысушылар арасында бір-бірімен келісім бойынша бөлінуі мүмкін. Шаруа (фермер) қожалығының қызметін тоқтату кезінде мүлікті және жер пайдалану құқығын бөлудің шарттары мен тәртібі азаматтық заңдармен реттеледі. Шаруа (фермер) қожалығының қызметін жүзеге асыру нәтижесінде туатын мүліктік, жер даулары мен өзге де даулар сот тәртібімен қаралады.
10-лекция
