- •Ауыз кілегей қабығы мен еріндер жиегінің аурулары.
- •Ауыз ішіне шығатынбөрткендер анықтамасы. Ауыз кілегей қабығы мен еріндер жиегі ауруларының жүйесі
- •Ауыз кілегей қабығы және еріндер жиегі ауруларының жүйесі
- •Кілегей қабықтың жарақаттаушы әсерлерден зақымдануы
- •Механикалық әсерден зақымдану
- •Созылмалы механикалық зақым
- •Кілегей қабықтың пролиферативті қабынумен сипатталатын созылмалы механикалық зақымдануы
- •Таңдайдың папилломатозды гиперплазиясы немесе таңдай папилломатозы
- •Кілегей қабықты үйреншікті тістелеу
- •Ауыздың кілегей қабығының химиялық зақымдануы
- •Ауыз кілегей қабығының физикалық әсерлерден зақымдануы
- •Лейкоплакия
- •Жұмсақ лейкоплакия
- •Кеннон кеуекті ақ невусы
- •Жұқпалы аурулар
- •Вирустық аурулар
- •Қарапайым герпес
- •Ауыздың қайталама герпестік қабынуы
- •Адамның иммунитет тапшылық вирусы (аитв) инфекциясы
- •Капоши саркомасы
- •Спецификалық инфекциялар Туберкулез
- •Колликвативті туберкулез
- •Екіншілік мерез
- •Ауыз кандидозы
- •Кандидозды емдеу
- •Ауыз кандидозының алдын алу
- •Аллергиялық аурулар
- •Аллергиялық аурулардың арнайы диагностикасы
- •Стоматологияда жиірек кездесетін аллергиялық аурулардың клиникалық белгілері Анафилаксиялық естен тану
- •Ангионеврозды Квинке домбығы
- •Дәрілер әсерінен туындайтын аллергия
- •Ауыздың жанаспалы аллергиялық қабынуы (контактный аллергический стоматит-stomatitis contactilis allergicа)
- •Көптүрлі жалқықты қызарма
- •Ауыздың қайталанба афталы қабынуы
- •Бехчет синдромы
- •Шегрен синдромы
- •Тұлғанның экзогендік уыттануы кезіндегі ауыз кілегей қабығындағы өзгерістер
- •Қорғасын және оның қоспаларының уытты әсері
- •Сынап пен оның қоспаларының уытты әсері
- •Висмут және оның қоспаларының зиянды әсері
- •Алтын құрамды препараттардың әсері
- •Жүйелі аурулар мен зат алмасуы бұзылыстары әсерінен дамитын аурулар кезіндегі ауыз кілегей қабығындағы өзгерістер
- •Ас қорыту ағзалары аурулары кезіндегі ауыз кілегей қабығындағы өзгерістер
- •Тілдің түлеуі (десквамация языка)
- •Витаминдер аздығы мен тапшылығы кезіндегі ауыз кілегей қабығындағы өзгерістер
- •Жүрек-қантамыр аурулары кезіндегі ауыз кілегей қабығындағы өзгерістер
- •Ауыздың кілегей қабығының жүйкелік өзгерістерге байланысты аурулары
- •Глоссалгия (стомалгия)
- •Дәм сезудің бұзылуы
- •Сілекей бөлінуінің бұзылуы
- •Ауыз кілегей қабығының дерматоздар кезіндегі өзгерістері
- •Қызыл жалпақ теміреткі (қжт)
- •Пемфигоид (пемфигоид-penphigoid)
- •Қызыл жегі
- •Жедел дамыған қызыл жегі
- •Тілдің ауытқулары мен дербес аурулары
- •Қатпарлы тіл
- •Тілдің түлей қабынуы
- •Тілдің ромбыға ұқсас қабынуы
- •Еріндер қабынуы
- •Еріннің жапырақтана немесе түлей қабынуы
- •Еріннің гландулярлы қабынуы
- •Еріннің актиндік қабынуы
- •Еріннің метеорологиялық қабынуы
- •Еріннің жанаспа аллергиялық қабынуы
- •Еріннің атопиялы қабынуы
- •Еріннің экземалы қабынуы
- •Еріннің ұлғая қабынуы
- •Еріннің созылмалы тілігі
- •Ауыз кілегей қабығының және еріндер жиегінің обыралды аурулары
- •Ауыз кілегей қабығы мен еріндер жиегінің обыралды аурулары
- •Боуен ауруы
- •Сүйелеге ұқсас обыралды ісік
- •Ерін жиегінің обыралды шектеле мүйізгектенуі
- •Еріннің обыралды абразивті қабынуы – Манганотти хейлиті
- •Ауыз кілегей қабығы мен еріндер жиегінің факультативті обыралды аурулары
- •Кератоакантома
- •Папиллома, папилломатоз
Витаминдер аздығы мен тапшылығы кезіндегі ауыз кілегей қабығындағы өзгерістер
Адамның тіршілік етуінде витаминдердің рөлі ертеден-ақ белгілі болған. Адам өмірінде витаминдер (дәрумендер) тобы организмнің қорғаныс, бейімделу және басқа қызметтеріне әртүрлі деңгейде әсер етеді.
Витаминдер тапшылығы (авитаминоз) – организмде витаминдердің тіптен жетіспеушілігінен дамитын патологиялық жағдай. Оның негізгі себептері:
1) тағамдық заттардың құрамында өте аз болуы (алиментарлық тапшылық). Көбінесе тағам құрамын тиімді таңдамау және тағамдық заттарды кулинарлық өңдеуден дұрыс өткізбеу нәтижесінде дамиды. Мұны экзоггендік витаминдер тапшылығы деп атайды.
2) витаминдер сорылуының бұзылуы (резорбтивтік немесе эндогендік тапшылық), асқазан-ішек жолы аурулары, ұзақ уақыт антибиотиктер мен сульфаниламидтер қабылдаған жағдайда дамиды;
3) витаминдердің тіндерде бұзылуы (диссимиляциялық немесе ахристиялық тапшылық), организмде зат алмасу үрдістерінің бұзылуы және әртүрлі уыттану (улану) жағдайларында орын алады.
4) организмнің витаминдерді шамадан тыс пайдалануы нәтижесінде (жедел жұқпалы аурулар, жүктілік, қоршаған орта температурасының аса төмендеуі немесе жоғарылауы, өте ауыр жұмыстарды орындау, жүйке-психикалық күйзелістер және б. кезінде) дамиды.
Витаминдер жетіспеушілік (гиповитаминоз) жағдайы көбінесе организмде витаминдердің аздығынан дамиды және қалыпты организм мен витаминдер тапшылығы аралығындағы жағдай деп түсінуге болады. Қазіргі кезде витаминдер тапшылығы жағдайы өте сирек кездеседі, көбінесе витаминдер жетіспеушілігі және тек бір витамин емес көптеген витаминдер жетіспейтін жағдайлар орын алады. Витаминдер жетіспеушілігі көбінесе қыс және көктем айларында жиірек кездеседі. Кейбір мәліметтерге сүйенсек (Спиричев В.Б., 1987) «С» витаминінің жетіспеушілігі 27-75%, ал В тобындағы витаминдер жетіспеушілігі 20-60% жағдайда кездеседі екен.
Витаминдер ауыз кілегей қабығының қорғаныс және қайта құру қызметтерін жақсартуда маңызды рөл атқарады.
В1 витамині кокарбоксилазаның құрамдық бөлігі болып саналады (кокарбоксилаза көмірсулар алмасуын реттеуге қатынасады) және мидың өміршеңдігін қозу үрдісінің реттілігін және жүйке жүйесінің трофикалық қызметін сақтауда алатын орны өте маңызды.
В1 витамині жетіспеушілігі кезінде ауыз кілегей қабығында парестезиялық ауытқулар – ысу, күю, шаншу және ашу сияқты сезімдер пайда болады, ауыз құрғап, тілдің саңырауқұлаққа ұқсас бүртіктері ұлғаяды. Адамның ұйқысы қашып, әлсіздік, күдікшілдік пайда болып, себепсіз азап арықтауы мүмкін.
В1 витаминін үштік нервтің қабынуын, невралгиясын, белдеме теміреткіні, ауыз кілегей қабығының әртүрлі парестезиялық ауытқуларын және қабынуларын емдеу үшін қолданған кезде жақсы нәтиже береді.
В1 витаминінің организмге сөткелік қажеттілігі 2-3 мг.
Емдік мақсатта В1 витаминін іштей (внутрь – per os) тамақ жегеннен кейін немесе сырттай (парэнтерально) қабылдайды. Асқазан-ішек жолы аурулары бар науқастарға В1 витаминін көкетке немесе көктамырға инъекция жасау арқылы жіберген тиімді.
Емдеу мақсатында тиамин хлориді: 0,002; 0,005; 0,01 г түймедақ (таблетка) түрінде, 5%-1,0 мл ертінді түрінде; тиамин бромиді 0,00258; 0,00129; 0,00645 г түймедақ; 3% және 6% стерильді ертінділері бұлшық етке және көктамырға енгізу үшін пайдаланылады. Ересек адамдарға арналған мөлшері 0,012 г, күніне 3 рет, кейде 5 рет бір ай шамасында қабылдау қажет. Ішек жолында сорылу үрдісі төмендеген жағдайда тиамин хлоридінің 2,5% немесе 5% 1 мл ертіндісін (0,025-0,05 г құрғақ тиамин мөлшеріндей); тиамин бромидінің 3% және 6% ертінділерін (0,03-0,06 құрғақ тиамин мөлшеріндей) бұлшық етке енгізеді (барлығы 10-15 инъекция). Бұл мақсатта карбоксилазаны (В1 витаминінің коферменті) да сырттай енгізу үшін (1ампулада 0,05 г) пайдалануға болады.
В1 витамині мен В6 және В12 витаминдерін бір уақытта және бір шприцпен егуге болмайды. Себебі, цианкобаламин (вит. В12) тиаминнің аллергияландырушы қасиетін жоғарылатады, ал пиридоксин (вит. В6) В1 витаминінің белсенді түрінің құрылуына (фосфорланған түрі) кедергі жасайды. Бір шприцте В1 витаминін және никотин қышқылын (РР витамині) араластыруға болмайды (никотин қышқылы оны ыдыратып жібереді).
В2 витаминінің жетіспеушілігі. В2 витамині (рибофлавин) көптеген тотықтырушы-тотықсыздандырушы ферменттердің құрамына кіреді. Ол көмірсулар, майлар және белоктар алмасуына қатынасады.
В2 витамині жетіспеушілігі кезінде тез шаршағыштық, асқа тәбеттің төмендеуі, бұлшық еттердің әлсіздігі байқалады және негізгі үш белгі: терінің, еріндер жиегінің, тілдің қабынулары орын алады.
Мұрын-ерін қатпарлары, мұрын қанаттары және қабақ терілері қызара қабыршақтанып түлейді, екі езуде тіліктер және қабықшалар пайда болады. Күшті қабыршақтану еріндер жиегінде байқалады, олар қатты құрғап, оңай қанайтын ұсақ тіліктер пайда болады. Бұл аймақтарда ысып-күю, қышу және ауызды ашқандай ауру сезімдері мазалайды. Ауыз ішінде құрғау, күю сезімдері байқалады. Тіл өзгеріске көбірек ұшырайды, кілегей қабығы қызарып, бүртіктері атрофиялануға ұшырайды, кейде саңырауқұлаққа ұқсас бүртіктері ұлғаюы мүмкін. Осының нәтижесінде тілдің үсті тегіс, құрғақ және жылтыр болады. Ұрттардың және еріндердің кілегей қабығында ашық-қызыл түсті құрғақ жолақтар пайда болады. В2 витаминін еріндер мен тіл қабынулары кезінде міндетті түрде тағайындайды, көбіне 0,01 г күніне 3 рет іштей қабылдайды (1-1,5 ай шамасында).
Витамин В3 немесе никотин қышқылы (РР витамині) жетіспеушілігі.
Никотин қышқылы пеллаграға қарсы әсер көрсететін дәрумен болып саналады, көмірсулар алмасуын жақсартады, қан тамырларын кеңейтіп, қан айналымын реттеуде белсенділік көрсетеді.
РР витамині жетіспеушілігі көбіне белокты тағамдарды аз қабылдаған кезде орын алады және бұл кезде адамның асқа тәбеті болмай, жүрегі айнып, ұзақ уақыт іші өтуі мүмкін. Ауыз кілегей қабығында парастезиялық белгілер дамып, тіл ысып-күйіп мазалайды.
Бастапқы кезде тіл біраз домбығып, үсті өңезденеді, бүртіктері ұлғаяды, кейінірек керісінше тілдің кілегей қабығы қатты түлеп, бүртіктері атрофиялануға ұшырайды, беті ашық-қызыл түстеніп құрғайды және жылтырланады. Патологиялық үрдіс тілдің ұшынан, бүйір беттерінен басталып, біртіндеп үстіне ауысады, кейде ұсақ тіліктер пайда болады, ас қабылдағанда жоғары сезімталдық мазалайды. Терінің ашық аймақтарында және ауыз кілегей қабығында ашық-қызыл түсті эритема ошақтары пайда болады.
Стоматологиялық тәжрибеде никотин қышықылын жалпақ теміреткіні, қызыл жегіні, ауыздағы ұзақ жазылмайтын жараларды және тілдің әртүрлі қабынулары кезінде қолданады. Оны күніне 0,05 г 2 рет іштей қабылдайды (тамақтан кейін) немесе 1%-1мл ертіндісін күніне бір рет тері астына немесе бұлшық етке егеді (емдеу курсы 15-20 күн) немесе 15-20 егуден тұрады.
В5 витамині (кальций пантотинаты) жетіспеушілігі.
Пантотен қышқылы «А» коэнзимінің құрамына кіреді, көмірсулар және майлар алмасуына, ацетилхолин құруға қатынасады, кортикостероидтар құрылуын ынталандырады.
В5 витамині жетіспеушілігі кезінде эпителийдің әртүрлі әсерлерге қарсыластығы төмендейді, терінің әртүрлі қабынулары орын алады, шаш ерте ағарады. Кейде тілдің түлей қабынуы да орын алады.
Стоматологиялық тәжрибеде В5 витаминін ауыз ішіндегі әртүрлі парестезиялық өзгерістер, үштік нерв невралгиясы, тілдің түлей қабынуы, қызыл жалпақ теміреткі, қызыл жегі, лейкоплакия, әртүрлі баяу жазылатын жаралар кезінде 0,1-0,2 г күніне 2-4 рет іштей тағайындайды (емдеу курсы 15-20 тәулік).
Витамин В6 (пиридоксин) жетіспеушілігі.
Пиридоксин организмде пиридоксаль-5-фосфатқа айналып, ауыстыруға болмайтын аминқышқылдар алмасуын реттейтін ферменттер түзуге қатынасады. Пиридоксиннің жетіспеушілігі гипохромды қан аздығына, темір алмасуының бұзылуына әкеліп соғады. Осының нәтижесінде тілдің жіпке ұқсас бүртіктері атрофиялануға ұшырайды, тілдің үсті тегістеліп, эпителий қабаты жұқарады.
В6 витаминін емдік мақсатта әртүрлі нервттер невралгиясы, үштік нервтің қабынуы, белдеме теміреткі, ерін қабынулары, лейкоплакия, ауыздық пайда болуы кезінде және гипохромды анемияны емдеу үшін қолданады.
Пиридоксинді іштей 0,002-0,005 және 0,01 г күніне 1-2 рет (тамақтан кейін) тағайындайды. Сонымен қатар 5%-1 мл ертіндісін тері астына, бұлшық етке және көктамырға тәулігіне бір рет егуге болады (емдеу курсы-15-20 тәулік).
Фолий қышқылы (витамин Вс) жетіспеушілігі.
Фолий қышқылы эритроциттер құрылуын жеделдетеді, аминқышқылдарын, нуклеин қышқылдарын, пуриндер мен холин құруға қатынасады. Фолий қышқылының алмасуы аскорбин қышқылының алмасуымен тығыз байланысты. Сондықтан аскорбин қышқылы аздығы жағдайында фолий қышқылы жетіспеушілік қаназдығы (анемия) дамиды.
Фолий қышқылы жетіспеген жағдайда қызыл иек қабынып, қанағыш болады, ауыз іші құрғап, жабынды эпителий жұқарады, мегаломакроцитарлық қан аздығы дамиды.
Емдеу мақсатында фолий қышқылын қан аздығы негізінде дамыған ауыздағы патологиялық үрдістерді, дәрілер және иондаушы сәулелер әсерінен дамыған жарақаттарды емдеу үшін 0,001 г күніне 3 рет тағайындайды. Емдеу курсы 1-2 ай.
Витамин В12 (цианкобаламин) гемопоэзді (қан құрылу үрдісін) реттеуге қатысып, эритроциттердің дұрыс жетілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар фолий қышқылымен қосарласагемоглобин құруға қатысып, қан ұйытушы жүйенің белсенділігін жоғарылатады.
В12 витамині жетіспеушілігі кезінде сүйек майында қан түйіршіктерінің құрылуы бұзылып, мегабластық типті қан аздығы немесе Адиссон-Бирмер анемиясы дамиды. Қан құрылу қызметі бұзылуымен қатар аймақтық жүйке жүйесінде де өзгерістер (неврит, невралгия, ауыз кілегей қабығының парастезиясы) байқалады. В12 тапшылық анемиясы кезінде тілде көптеген өзгерістер байқалады: тілдің қызуы, ысып-күюі, сезімталдығының ауытқуы, тіл бүртіктерінің атрофияға ұшырауы (семуі) сияқты. Бұл кезде тілдің үсті тегіс және жылтыр болады, бүйір беттері мен ұшы қатты қызарады. Мұндай тілді «тегістелген тіл» (оглаженный язык) немесе Меллер-Гунтер глосситі деп атайды.
Стоматологиялық тәжрибеде емдеу мақсатында В12 витаминін әртүрлі себептерден дамыған (уытты заттар мен дәрілер) қан аздығы, үштік нервтің қабынуы мен невралгиясы, глоссалгия, ауыз кандидозы және т.б. аурулар кезінде тағайындайды және екі күнде бір рет 100-200 мкг тері астына немесе көк етке жіберіледі. В12 витамині мен бірге фолий қышқылын тағайындауды ұмытпау керек.
Емдеу курсы.
Витамин В15 (кальций пангаматы) жетіспеушілігі. Пангам қышқылы тіндердің оттегіні дұрыс пайдалануын, көмірсулардың аэоробты айналымының жеделдеуін қамтамасыз етеді, бүйрек үсті бездері мен бауырдың қызметін жақсартады, С витамині мен тиаминді пайдалану үрдісін жеделдетеді.
Емдеу мақсатында көптеген аурулар кезінде , «С», В1 витаминдері және кортикостероидтармен қатар 0,05 г күніне 2-3 рет тағайындайды (тәулік мөлшері 0,15-0,3 г).
Емдеу курсы.
Витамин С (аскорбин қышқылы) жетіспеушілігі. Бұл витаминнің адам ағзаларының қызметі үшін маңызы өте зор.
Витамин С адам организмінде толассыз жүретін тотығу-тотықсыздану, стероидты гормондар құрылу үрдістеріне қатысады, арнаулы антиденелер пайда болуын жылдамдатып, фагоцитоздау белсенділігін арттырады, коллаген құруға қатынасады, қылтамырлардың тұрақтылығын жоғарылатып, өткізгіштігін азайтады, тіндердің қайта құрылу үрдісін жеделдетеді, уытсыздандыру қасиеті де жоғары. Қалыпты жағдайда қан сарысуындағы С витаминінің мөлшері 0,5 мг%.
Организмде С витамині жетіспеушілігі көп жағдайда жасырын түрде дамиды және тез шаршау, ашуланшақтық, аяқтар етінің себепсіз ауыруы, жүректің жиі соғуы сияқты белгілермен сипатталады. Тіндерде С витамині жетіспеушілігі кезінде қылтамырлардың өткізгіштігі жоғарылап, геморрагиялық синдромдар дамиды: кілегей қабықты аймақтарда, теріде, буындарда нүктелі (петехияльды) немесе аумақты (эхкимозды) қан құйылу ошақтары пайда болады. Қылтамырлар өткізгіштігінің жоғарылауы С және Р витаминдерінің қатар жетіспеушілігі кезінде өте айқын байқалады.
С витамині жетіспеушілігі кезіндегі ауыз ішіндегі өзгерістер дәрігер-стоматологтардың есінде болуы керек. Бұл кезде ауыз-кілегей қабығының әртүрлі аймағында (зақымдаушы ықпалдардың әсеріне жиірек ұшырайтын жерлерде), оның ішінде қызыл иекте нүктелі қан құйылу ошақтары пайда болып, қызылиек бүртіктері қанағыш келеді. Қызылиек бүртіктері ісініп, босаңси бастайды, көкшіл-қызыл түстеніп, көлемдері ұлғаяды.
Кейде қан құйылған аймақтардағы тіндерде өліеттену үрдісі дамып, тістердің түбірлері ашылып, біртіндеп қозғалмалы бола бастайды. Мұндай жағдайлар қазіргі кезде ауыл тұрғындарында жиірек кездеседі. С витамині жетіспеушілігі аталмыш витамин тамақтық тағамдарда өте аз мөлшерде болған жағдайларда дамиды.
С витамині жетіспеушілігі жиі кездесетін жағдайлар: тамақтық тағамдарда деңгейінің төмен болуы; асқазан-ішек жолдары аурулары және жұқпалы вирустық аурулар; дененің жиі суыққа шалдығуы; жүйкелік күйзелістер; ауыр дене еңбегімен айналысу.
С витамині жетіспеушілігін қан ауруларынан, қызылиектің фузоспирохетоз әсерінен өліеттеніп-жаралана қабынуынан (Венсан гингивиті) ажырата білу керек.
Стоматологиялық тәжрибеде С витаминін (аскорбин қышқылын) емдік дәрумен ретінде әртүрлі қан аздығын, уланулар мен уыттанулар кезіндегі ауыз ішіндегі өзгерістерді, пародонт қабынуларын, вирустық ауруларды, ауыз кандидозын, ауыз кілегей қабығындағы баяу жазылатын жараларды емдеу үшін қолданады және 0,1-0,3 г күніне 3 рет тағайындайды (тамақтан соң іштей қабылдайды). Сонымен қатар 5% ертіндісін 1-3 мл тері астына, көк етке немесе көктамырға егеді.
Емдеу курсы.
Витамин А (ретинол) жетіспеушілігі. Бұл витаминнің маңызды қызметі – эпителий тіні клеткаларының жетілуін (дифференцировка) және оның қалыпты мүйізгектенуін қамтамасыз етіп, тері мен кілегей қабықтың әртүрлі ықпалдарға ауруларға төзімділігін арттыру. Витамин А эпителийдің ғана бүтіндігін қамтамасыз етпей, дәнекер тіннің де белсенділігін арттырып, коллагенді және эластикалық талшықтарды жуандатады. Сонымен қатар тотығу-тотықсыздану үрдістеріне, кортикостероидтар, тыныс гормондарын, нуклеин қышқылдарын құруға қатысып, жас организмнің дамуына және өсуіне ұлес қосады.
Витамин А жетіспеушілігі кезінде эпителийлі құрылымдар зардап шегеді. Ауыз кілегей қабығы құрғап, күңгірт тартады, шамадан тыс мүйізгектенеді, қорғаныс қасиеті төмендеп, қабынуға және жаралануға бейім болады. Май, сілекей және жас бездерінің қызметі бұзылып, тері мен ауыз кілегей қабығы және көз құрғай бастайды.
Стоматологиялық тәжрибеде А витаминін ауыз кілегей қабығы шамадан тыс мүйізгектенетін аурулары (лейкоплакия, қызыл жалпақ теміреткі), жиі құрғауы, атрофиялануға ұшырауы кезінде, әртүрлі эрозиялар мен жаралар шыққан жағдайларда қолданады.
А витаминінің 3300 халықаралық бірлігін түймедақ, драже түрінде немесе майлы ертіндісін капсулада түрінде күніне 2 рет тағайындайды (тамақтан кейін); ретинол ацетатының 3,44% немесе ретинол пальмитатының 5,5% ертінділерін 10-20 тамшыдан күніне 2 рет тағайындайды, емдеу ұзақтығы 1,5-2 ай, А витаминінің майлы ертіндісін жара бетіне бастырма (аппликат) ретінде қоюға болады.
Е витамині (токофералдар) антиоксиданттар тобына жатады және тотығу-тотықсыздану үрдістерін, оның ішінде майлардың асқын тотықты үрдісін реттеуге қатысады. Токоферолдардың белоктардың құрылуындағы, көмірсулар мен майлар, микроэлементтер, нуклеин қышқылдарының алмасуындағы маңызын атауға болады. Жүйке жүйесінің, жыныс бездерінің қызметтері үшін, клеткалар жарғақтарының (мембраны клеток) бүтіндігінің сақталуы үшін де токоферолдар өте қажет. Токоферолдар А витаминінің пайдалы әсерін күшейте түседі, коллатеральды қан айналымын жақсартып, қылтамырлардың өткізгіштігі мен сынғыштығын азайтады, қаңқа мен жүрек еттеріндегі бұзылу үрдістерін, бауырдың майлы инфильраттануын тежейді. А витамині алмасуы бұзылған кезде Е витамині жетіспеушілігі байқалады.
Стоматологиялық тәжрибеде Е витамині лейкоплакияны, қызыл жегіні, қызыл жалпақ теміреткіні, ауыз кілегей қабығының әртүрлі жараларын емдеу кезінде А витаминімін қоса (аевит) тағайындалады. Аевитті бір капсуладан күніне 3 ре қабылдайды. Сонымен қатар Е витаминінің (токоферол ацетаты) 5%, 10% және 50% майлы ертінділерін де іштей қабылдауға болады (50-100 мг тәулігіне 20-40 күн шамасында). Капсулада шығарылатын 50% 0,1 және 0,2 мл ертіндіде 0,05 және 0,1 г токоферол ацетаты бар. Ауыз кілегей қабығында пайда болған эрозиялар мен жаралардың жазылуын жеделдету үшін Е және А витаминдерінің майлы ертінділерін жарақат ошағы бетіне аппликат ретінде пайдалануға болады.
