Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ауыз кілегей қабығы мен еріндер жиегінің аурула...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.37 Mб
Скачать

Сынап пен оның қоспаларының уытты әсері

Ересек адамның организмінде 13 мг сынап бар екені анықталған, оның 70% май және ет тіндерінде орын алған.

Қоршаған ортаға сынап жер қыртысынан буланудың нәтижесінде түседі (жылына 25000-125000 Т).

Сынап уытты қасиеті жоғары әртүрлі физикалық жағдайда, химиялық түрде кездесуі мүмкін. Жоғары концентрациялы сынап буының адамның жүйке жүйесіне, жалпы тұлғасына уытты әсері, мутагендік және канцерогендік қасиеттері анықталған.

Сынаппен уыттану жағдайы сынап өндіретін, дәлме-дәл өлшеуіш аспаптар (термометр, барометр), ренген түтіктері шығаратын кәсіпорындар жұмысшылары, айна жасаушылар, бояу қайнатушылар, алтын өндірушілер арасында орын алуы мүмкін. Сынап пен оның қоспалары адам тұлғасына бу және шаң түрінде көбінесе тыныс жолдары, ал аз мөлшерде тері және ас қорыту жолдары арқылы түседі және 80% паренхималы ағзаларда (бауырда, көкбауырда), сүйек және бас миында, бүйректерде қорланады. Бұл тіндерде ферменттердің тиол (SH) топтарымен, белоктармен қатынасқа түсіп, жарақаттануға мәжбүр етеді.

Сонымен қатар ұзақ уақыт емдеу мақсатында құрамында сынап бар дәрілік заттарды (меркузал, новурит, сулема, калемель, сынапқұрамды жақпалар) пайдаланған кезде де созылмалы уыттану дамуы мүмкін. Натрий хлориді мен басқа галогендердің тұздары бар ортада сынапты қоспалар жақсы ериді және тереңірек сіңеді. Сынаппен жедел уыттану сирек кездеседі (өндірісте авария болған жағдайда), көбінесе созылмалы уыттану орын алады. Оның негізгі белгілері: бас ауруы, жиі құсу, лоқсу, әлсіздік, зәр бөлінуінің бұзылуы, шаштың түсуі, тырнақтардың сынғыштығы, тұрақты қызыл дермографизм.

Сынаптың уытты әсері біліне бастаған кезде ауызда металдың дәмі пайда болып, қызылиек көкшіл-қызыл түстеніп қабынады, оңай қанағыш болады. Қызылиек жиегінде сынап сульфиді жиналуы нәтижесінде қара жолақ (жиек) пайда болады. Уыттанудың ауыр түрінде қара түсті пигментті ошақтар ауыз кілегей қабығының басқа аймақтарында да пайда болады және кейінірек онда өліеттеніп-жаралану үрдісі дамуы мүмкін. Бұл кезде ауыздан өте ұнамсыз сасық иіс шығады, аймақтық лимфа түйіндері ұлғайыпауырғыш келеді.

Ауыз кілегей қабығының сынап әсерінен қабынуы (меркуриальный стоматит) біртіндеп дамиды. Алғашқы кезде сілекей көп бөлінеді (құрамында сынап мөлшерінің жоғары болуы нәтижесінде), сілекей бездері ұлғая бастайды. Алғашқы кезде қызылиекте катаралды қабыну дамып, бұзылған тістер және тіс шөгінділері бар аймақта өліеттеніп-жаралана қабыну орын алуымүмкін. Өліеттену үрдісі ауыз ішінің басқа аймағына ауыса бастаған кезде адамның жалпы жағдайы да өзгере бастайды, дене қызуы көтеріліп, денені әлсіздік, дымкәстік билейді. Қанында да өзгерістер байқалады (лейкоцитоз, эритроциттердің шөгуі жылдамдығының жоғарылауы), зәрде эритроциттер, белок және сынаптың жоғары мөлшері анықталады.

Сынаппен уыттану белгілері нақтыланған жағдайда емдеу шараларын дәрігер-терапевт жүргізеді және арнаулы антидоттар (унитиол, сукцимер, натрий тиосульфаты) және витаминдер тағайындайды.

Ауыздағы белгілерін жою үшін сауықтыру шараларын жүргізіп, ауызды антисептиктер ертіндісімен шаюға немесе булауға кеңес береді, жаралы үрдістердің тез жазылуын қамтамасыз ететін дәрілер қолданып емдеу жүргізеді.

Уыттанудың алдын алу шаралары: техника қауіпсіздігін сақтау, сынап өндірісінде санитарлық-гигиеналық қалыптарды (нормаларды) сақтау шараларын ұйымдастыру, өндіріс ғимараттары ауасындағы сынап мөлшерін тұрақты бақылау, санитарлық ағарту жұмыстарын жүргізу.