Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ауыз кілегей қабығы мен еріндер жиегінің аурула...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.37 Mб
Скачать

Кілегей қабықтың жарақаттаушы әсерлерден зақымдануы

Еріндер жиегі мен ауыз кілегей қабығы сыртқы ықпалдар (механикалық, температуралық, химиялық, физикалық) әсеріне толассыз ұшырап отырады. Ықпал етуші факторлардың әсер ету күші кілегей қабықтың төзімділік көрсеткішінен жоғары болмаса, оның қорғаныс қызметінің бұзылмауына байланысты ешқандай өзгеріс туындамайды. Кілегей қабық төзімділігі шегінен басым ықпалдар патологиялық өзгерістер туындатады және олардың клиникалық белгілері жарақаттаушы ықпалдың түріне, әсер ету қарқындылығына мен ұзақтығына байланысты болады. Сонымен қатар жарақаттану үрдісінің дамуында сыртқы ықпалдың әсер ету аймағының анатомо-физиологиялық ерекшеліктері, жергілікті тіндердің және организмнің жалпы реактивтілік қасиеттері маңызды роль атқарады.

Механикалық әсерден зақымдану

Механикалық зақым (механическая травма) жедел және созылмалы болып екі түрге бөлінеді.

Жедел механикалық зақым (острая механическая трама –trauma mechanicum acutum) жарақаттаушы фактор аз уақыт ішінде және үлкен күшпен әсер еткенде дамиды. Жарақаттаушы ықпалдар: соғып алу немесе тістеп алу және әртүрлі өткір немесе өтпейтін заттармен жарақаттап алу (кейде мұқият жүргізілмеген дәрігерлік әрекеттер де кілегей қабықтың зақымдануына әкеліп соғады). Зақымдаушы ықпалдың күшіне байланысты кілегей қабық тіндерінде жаншылу (ушиб), қан құйылу (гематома) үрдістері дамып, кейде жабынды эпителий қабатының бүтіндігінің бұзылуы әсерінен жұқа жара (эрозия), дәнекер тін қабатының бүтіндігінің бұзылуынан ойық жара (язва) пайда болады (- сурет).

Ауыз гигиенасы нашар және организмнің жалпы реактивтілігі төмен адамда зақымдану эрозиясы мен жарасы екіншілік инфекцияның әсерінен асқынып, терең және оңайлықпен жазылмайтын жарақат ошағына айналуы мүмкін. Кілегей қабықтың жедел зақымын анықтау қиынға соқпайды. Себебі, ауру анамнезін жинақтаған кезде зақымдаушы ықпал туралы толық мәлімет алуға болады.

Емі. Емдеу шаралары зақымдану ошағының тереңдігіне және көлеміне байланысты жүргізіледі. Жаншылу және гематома пайда болған кезде (көбіне қатар пайда болады) ауыру сезімін басып, ауызды және жарақат ошағын антисептиктер ертіндісімен өңдеп, зақымданған аймаққа тыныштық жағдай туғызады. Гематома ошағында қанның ұйымай, тез сорылып кетуі ішін гепарин жақпасын қолдануға болады. Үлкен көлемді зақымдану жарасына антисептикалық өңдеуден кейін тігіс салады, ал ұсақ эрозия мен жараның тез жазылуы үшін кератопластиктер (А және Е витаминдерінің майлы ертінділері, кароталин, итмұрын майы, 0,2% тезан линименті) және дәнекер тіннің белсенділігін жоғарылататын жақпалар (солкосерил, апилак, актовегин, «Пропоцеум») қолданады. Оларды ауызды антисептиктер ертіндісімен өңдегеннен кейін жарақат бетіне 15-20 минөтке бастырма (аппликат) ретінде қояды немесе жағып сіңіреді (оның алдында зақымдану ошағын уақытша жансыздандырып алу керек)

Созылмалы механикалық зақым

Созылмалы механикалық зақым (trauma mechanicum chronicum) жиі кездеседі. Жарақаттаушы ықпалдар: тісжегі және патологиялық қажалу әсерінен бұзылған тістердің өткір қырлары, қатты тіс шөгінділері, сапасы нашар көпірге ұқсас және алмалы протездер, ауытқи шыққан және қозғалмалы тістер, теріс әдеттер (ернін, ұрттың кілегей қабығын үйреншікті тістелеу). Сонымен бірге қалыпты орналасқан тістер қатары кезінде де жиі домбығуға ұшырайтын (асқорыту жолы аурулары және созылмалы стоматогендік сенсибилизациялану жағдайында) ауыз кілегей қабығының әртүрлі аймақтарының созылмалы зақымға ұшырауы кездесіп тұрады.

Созылмалы механикалық зақым ұзақ уақыт және аз күшпен әсер ететін ықпалдардан дамиды. Клиникалық ерекшелігі және ағым үрдісі зақымдану ошағының орналасуына, науқастың жас ерекшелігіне, екіншілік инфекцияның әсеріне, зақымдаушы ықпалдың күшіне байланысты дамиды және көбіне жасы ұлғайған адамдар арасында жиірек кездеседі. Бұған кілегей қабықтың тургорының (тығыздығының) төмендеуі, тістердің патологиялық қажалуына және көптеп жұлынуына байланысты тістем биіктігінің төмендеуі себепкер болады. Сонымен қатар тіндердің қайта құрылу қасиетінің төмендеуіне байланысты жасы ұлғайған адамдарда зақымдану ошағы баяу жазылады.

Кілегей қабықтағы созылмалы зақымдану ошағы науқасты аса көп мазаламуы мүмкін, кейде шамалы ыңғайсыздық аздаған ауыру сезімі, домбығу (ісіну) белгісі болуы мүмкін.

Созылмалы зақымдану көбіне кілегей қабықтың катаралды қабынуы, оның бүтіндігінің бұзылуы (жұқа және терең жара пайда болуы), пролиферативті (өсу) үрдістері (қызылиек бүртіктерінің және жиегінің ұлғаюы), тіл бүртіктерінің өсуі- папилломатоз), жабынды эпителийдің шамадан тыс мүйізгектенуі (лейкоплакия) түрінде кездесуі мүмкін.

Кілегей қабықтың катаралды қабынуы. Бұл кезде зақымдану ошағында қызару (гиперемия), домбығу (отек) және клеткалар шоғырлануы (инфильтрация) байқалады. Қабыну үрдісінің айқындылығы әсер етуші ықпалдың (тітіркендіруші) күшімен және әсер ету уақытымен тығыз байланысты. Егер тітіркендіруші әсер жойылмаса, қабыну ошағында жалқықтану үрдісі (алғашында сарысулы, ал кейінірек іріңді) орын алады. Іріңді жалқықтану кезінде кілегей қабықтың жоғарғы қабаты бұзылысқа ұшырап, беті фибринді немесе іріңді қақпен жабылған жұқа жара (созылмалы зақымдану эрозиясы-хроническая травматическая эрозия) пайда болады және ауырып мазалай бастайды. Зақымдаушы фактордың әсерін дер кезінде тоқтатып, емдеу шараларын жүргізсе, қабыну үрдісі басылып, эрозия тыртықтанбай тез арада жазылады.

Ал егер зақымдаушы фактор жойылмаса, зақымдану эрозиясы жараға айналады. Созылмалы зақымдану жарасы (хроническая травматическая язва – ulcus chronicum traumaticum) немесе декубиталды жара (декубитальная язва – ulcus decubitale) зақымдаушы әсер аймағында орналасады. Жараның көлемі, тереңдігі және пішіні әртүрлі болады, жиегі тегіс емес, қызарып ісінген кілегей қабықпен және қабыну инфильтратымен қоршалған, беті кейде таза, кейде ақшыл-сұр қақпен жабылған (-сурет). Сипап тексергенде жараның табаны және жиегі жұмсақ. Егер жара ұзақ уақыт емделмесе, жиегі және табаны қатая бастайды (пролиферациялану үрдісінің басым болуына байланысты). Аймақтық лимфа түйіндері ұлғайады және аздап ауырады. Ауыз гигиенасы нашар болса, жара анаэробты инфекция әсерінен асқынып тереңдейді, бетінде сасық иісті жасыл-сұр қақ пайда болады. Жара алғашқы кезде ауырып мазалайды, бара-бара ауыру сезімі бәсеңдеп науқас адам оған көп көңіл бөлмейді. Ұзақ уақыт (2-3 ай) емделмеген созылмалы зақымдану жарасы қатерлі ісікке ауысуы мүмкін (-сурет).

Зақымдаушы факторларды жойып, тиімді кешенді емдеу шараларын жүргізсе, жара тез арада тыртықтанып жазыла бастайды.

Зақымдану жарасын обыр, туберкулез, мерез жараларынан, ауыздың өліеттеніп – жаралана қабынуынан (Венсан стоматиті), трофикалық жарадан, терең тыртықтанатын афтадан ажырата білу керек.

Обыр жарасы аса көп ауырмайды, жиегі және табаны аса қатты және тығыз, төңірегіндегі жабынды эпителий қабатында мүйізгектену белгілері орын алуы мүмкін.

Гистологиялық немесе цитологиялық зерттеулер жүргізінде атипиялық эпителий клеткалары анықталады.

Туберкулез жарасының көлемі ұсақтау болады, жиегі тегіс емес, су шайған жарға ұқсас жырым-жырым (подрытые края), табаны түйіршектенген және сары түсті қақапен жабылған. Жара төңірегінде әлі ыдырамаған сары түсті бұдырамақтар (Трель денешіктері – зерна Треля) кездеседі. Жараға қатты ауыру сезімі тән. Жара бетінен алынған қырмада (в соскобе) эпителий және Лангханс алып клеткалары анықталады, ал оны Циль-Нильсон әдісімен бояса, туберкулез микобактерияларын да кездестіруге болады. Туберкулез жарасы бар адамның жағдайы нашар, тез терлегіш келеді, бойын әлсіздік билейді. Аурудың диагнозын дұрыс қою үшін фтизиатрға жолдама беру керек.

Зақымдану жарасын мерез жараларынан (берішті шанкр және үшіншілік мерез кезінде мерез түйіні ыдыраған кезде пайда болған жарадан) ажырата білу керек. Берішті шанкр кезінде пайда болған эрозия немесе жара домалақ пішінді, жиегі тегіс, табаны жылтыр, аса көп ауырмайды.

Аймақтық лимфа түйіндері ұлғаяды, сипап басқанда ауырмайды. Жарадан бөлінген сұйықта бозғылт трепонемаларды анықтауға болады. Серологиялық реакциялар ауру басталғаннан 3-4 аптадан кейін оң бола бастайды. Зақымдаушы факторларды жойғанмен де жара жазылуға бет бұрмайды. Үшіншілік мерез түйіні ыдырауынан пайда болған жара терең, жиегі тегіс, тығыздау инфильтратпен қоршалған, табаны ашық-қызыл түсті, ұсақ грануляциялармен жабылған. Жара баяу жазылады (3-4 ай шамасында).

Созылмалы зақымдану жарасы себепті фактор жойылғаннан кейін жазылуға бетбұрыс алады.

Трофикалық жара көбінесе зақымдаушы әсерлерге ұшырайтын аймақтарда (тілдің бүйір беттері, таңдай, ұрт аймақтары) және бойында ауыр сырқаты бар және жасы ұлғайған адамдарда жиірек кездеседі. Трофикалық жараның ағымы баяу, қабыну белгілері нашар дамыған тіндердің өліеттенуі басым, төңірегніндегі тіндердің реактивтілігі өте төмен. Аурудың жалпы жағдайы нашар, сырт көрінісі де өзгерген, бойында ауыр сырқаты бар екені аурудың анамнезін жинаған кезде анықталады.

Созылмалы зақымдану жарасының емі. Ең алдымен зақымдаушы әсерді жояды, қатты ауыру сезімі болса, уақытша жансыздандыру әдісін пайдаланып, ауыз ішін және жарақат ошағын антисептиктер ертінділермен өңдейді, жара бетін өлі тіндерден тазартып (механикалық жолмен немесе протеолиздеуші ферменттерді пайдаланып), қабынуға қарсы дәрілермен, кератопластиктермен және жараның жазылуын жылдамдататын дәрілермен бастырма қояды (20-30 минөтке). Жараны күніне 2-3 рет өңдеген тиімді. Жалпы реактивтілігі төмендеген және жасы ұлғайған адамдарға жалпылай ем тағайындау қажет (витаминдер жиынтығын, жалпы реактивтілікті жоғарылататын дәрілер).

Жүргізілген емдеу шаралары жараның жазылуына көмегін тигізе алмаса, 7-10 күннен кейін ауруды дәрігер-онкологқа кеңес алуға жіберу керек. Жара жазылғаннан кейін ауызды сауықтыру шараларын қолға алады.