Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ауыз кілегей қабығы мен еріндер жиегінің аурула...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
1.37 Mб
Скачать

Дәрілер әсерінен туындайтын аллергия

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, дәрілер әсерінен дамитын аллергиялық реакциялар 6-25% құрайды. Ауыз кілегей қабығының дәрілерден аллергиялық жарақаттануы жиі орын алады, себебі, ол дәрілермен жиі қатынасқа түседі.

Дәріден туындаған аллергиялық реакцияның патогенезінде тіндердің аллергиялық жарақаттануының кез-келген типі, кейде аралас типтерде орын алады. Мұның өзі көп жағдайға: организмнің тұлғалық реактивтілігіне, дәрілік аллергеннің ерекшелігіне, оны енгізу жолына, адам бойындағы созылмалы ауруларға байланысты. Сондықтан аллергиялық реакцияларды шартты түрде ғана шұғыл және баяу дамыған деп бөлуге болады. Дегенмен, көп жағдайда дәрілік аллергендерден баяу дамитын аллергиялық реакциялар туындайды және клиникалық көріністері де әртүрлі болады; тері мен кілегей қабықтың шектеле жарақаттануымен қатар, біраз ағзалар мен жүйелер (асқазан-ішек жолы, тыныс алу ағзалары, зәр бөлу ағзалары) қатар зардап шегуі мүмкін.

Ауыз ішінде де дәрілерден туындаған аллергиялық реакциялардың түрлері де әрқилы болады.

Аллергиялық жарақат ошағының орналасу аймағына байланысты ауыздың, тілдің, еріннің, таңдайдың дәріден аллергиялық қабынуларын ажыратады. Қабыну үрдісінің ауырлығына байланысты катаральды және катаральды-геморрагиялы, буллезді, өліеттеніп-жаралана қабынуды ажыратады.

Ауыздың дәріден катаральды және катаральды-геморрагиялық қабынуы (катаральный медикаментозный стоматит – stomatitis cataralis medicamentosa, катарально-геморрагический медикаментозный стоматит – stomatitis haemorragica-cataralis medicamentosa). Патологиялық үрдіс ауыз кілегей қабығының үлкен немесе шағын аймағын (тілді, ерінді, таңдайды) жарақаттауы мүмкін.

Алғашқы кезде ауыз кілегей қабығының әртүрлі аймағында аздаған ысып-күю және қышу сыяқты сезімдер пайда болып, кейінірек құрғау, әртүрлі тағам қабылдағанда ашып ауыру сияқты белгілер қосылады.

Ауыз ішін қарап тексергенде шағын немесе аумақты ошақта қатты қызару, домбығу (тілдің бүйір беттеріне, екі ұртқа тістердің ізі түседі) байқалады. Кейде нүктесі (петехиялар), шағын көлемді (пурпралар) немесе біраз көлемді қан құйылу ошақтарын (экхимоздар) байқауға болады.

Тілдің үсті қатты қызарып, жіп тәрізді бүртіктері атрофияға ұшырауы мүмкін. Қызыл иек бүртіктеріде атрофияға ұшырауы мүмкін. Қызыл иек бүртіктері де қызарып ісінеді, оңай қанағыш келеді. Катаральды қабыну дәрі қабылдай бастағаннан кейін 2-4 күн өткен соң немесе одан да кешірек уақытта дамуы мүмкін.

Кілегей қабықтың катаральды қабынуының ағымы жеңіл болады, науқастың жалпы жағдайы өзгермейді.

Кейде теріге де бөртпелер шығып, дене қызуы аздап көтерілуі мүмкін.

Ауыздың дәріден катаральды қабынуын жедел атрофиялаушы кандидоздан, В6, В12 витаминдер тапшылығынан, «С»витамині жетіспеушілігінен, әртүрлі инфекциялық аурулар кезіндегі өзгерістерден ажырата білу керек.

Ауру анамнезінде дәрі қабылдағаны анықталса, диагнозын нақтылау қиынға соқпады.

Емі. Аллергия туындатқан дәріні қабылдауды тоқтатады немесе басқа қауіпсіз дәрілермен алмастырады, антигистаминдік дәрілер мен кальций препараттарын, С және Р витаминдерін тағайындайды, ауызын тамақ ішер алдында анестетиктер ертіндісімен (тримекаин мен пиромекаиннің 1-2% ертінділері), булау, ас қабылдаған соң антисептиктер ертінділерімен (фурациллин, этакридин лактат, калий пермаганаты) шайқау, ащы және қатты тағамдар қабылдамау туралы кеңес береді.

Ауыздың дәріден буллезді қабынуы (буллезный медикаментозный стоматит – stomatitis medicamentosa bullosa). Ауру басталар алдында ауыздың белгілі бір аймағы ысып-күйіп, ашып мазалайды. Бірнеше сағаттан немесе тәуліктен кейін қызарып домбыққан кілегей қабық бетінде бір немесе бірнеше эпителий астында орналасқан көпіршік немесе күлбірек бөрткендер пайда болып, кешікпей жарылып, эрозия ошағына айналады. Олар әртүрлі аймақта орналасады (көбіне тілдің үсті, қатты таңдай, еріндер кілегей қабықтарында), кейде ауыз ішін толық жарақаттауы да мүмкін. Жақын орналасқан эрозиялар бір-бірімен қосылып, үлкен эрозиялы ошаққа айналады және беті өліетті-фибринді қақпен жабылады. Қызыл иек бүртіктері де қабынып, қанап, мазалай бастайды. Эрозия ошақтары пайда болғаннан кейін ауыру сезімі күшейіп, ауыздан сілекей бөлінуі көбейіп немесе құрғап ас қабылдау және сөйлеу қиынға түседі. Науқастың жалпы жағдайы аурудың ауырлығына байланысты әртүрлі деңгейде өзгереді, бойын әлсіздік билеп, дене қызуы көтеріледі (37°С - 38°С дейін). Аймақтық лимфа түіндері ұлғайып, ауыруы мүмкін. Ауыз күтемі нашар болған жағдайда екіншілік инфекция әсерінен асқынулар орын алады. Қанда да өзгерістер болуы мүмкін: шамалы лейкоцитоз, кейде эозинофилия, эритроциттердің шөгу жылдамдығы жоғарылап, кейде лейкопения мен лимфоцитоз қатар дамуы мүмкін.

Ауруды көптүрлі жалқықты эритемадан (қызармадан), буллезді, эрозиялы-жаралы қызыл жалпақ теміреткіден, күлбіреуікшеден, эрозияланған мерез папулаларынан ажырата білу керек. Ауру анамнезін дұрыс жинаған жағдайда, диагнозын нақтылау қиынға соқпайды.

Емдеу шаралары науқастың жалпы жағдайына жарақат ошақтарының аумағына байланысты жүргізіледі. Аллергия туындатқан дәріні қабылдауды тоқтатып, антигистаминдік дәрілер, аскорутин, «С» витаминін тағайындайды. Науқастың жағдайы ауыр болған жағдайда натрий тиосульфатының 30% 5-10 мл ертіндісін көк тамырға, антигистаминдік дәрілерді, преднизалонды (15-30мг) бұлшық етке егеді (аурудың жағдайы жақсарғанға дейін).

Жергілікті емді уақытша жансыздандырудан бастайды. Жергілікті қолданылған анестетиктерге дамуы мүмкін парааллергиялық реакциялардан сақтану үшін антигистаминдік дәрілердің ертіндісінен (димедрол немесе супрастиннің бір ампуласын 5-10 мл дистилденген су қосады) бастырма қояды немесе ауызды булау үшін пайдаланады. Ферменттерді (ируксол, трипсин, химотрипсин) қолдана отырып, жарақат ошағын өліетті тіндерден мүмкіндігінше тазартып, кортикостероидты жақпалардан бастырма қояды. Екі-үш күннен кейін кортикостероидты жақпаларды қолдануды тоқтатып, кератопластиктерден бастырма қоя бастайды (күніне 2-3 рет). Жарақат ошағын тітіркендірмеу үшін жайлы тағамдар қабылдап, сұйықты көп ішу (көбіне жылы минералды суды) қажеттігі туралы кеңес беріледі.

Ауыздың дәріден өліеттеніп – жаралана қабынуы (лекарственный язвенно-некротический стоматит – stomatitis medicamentosa ulsero-necroticans). Бұл сырқат ауыздың аллергиялық қабынуының ең ауыр түрі және көп жағдайда жүйелі түрде дамып, теріні және басқа аймақтағы кілегей қабықты және ішкі ағзаларды да жарақаттайды. Ауру кенеттен дамиды, науқастың жалпы жағдайы өзгеріп, дене қызуы көтеріледі, бойын дымкәстік билеп, басы ауырады, сілекей көп бөлініп, шұбырып, түкірілмейді, ауызынан ұнамсыз иіс шығады және қатты ауыру сезімі мазалап, ас қабылдауы қиындайды.

Ауыз ішін қарап тексергенде, жарақат ошағында кілегей қабық қатты қызарып, ісінгені және ақшыл-сұр немесе сарғыш-сұр түсті өліеттенген ошақ (бір немесе бірнешеу) анықталады. Өліеттенген тін оңайлықпен алына қоймайды, 2-3 күннен кейін ыдырауға ұшыраған кезде терең, қанағыш келетін шикі ет түсті жаралар беті ашылады. Аймақтық лимфа түйіндері ұлғайып, ауыра бастайды. Күтімі нашар ауыз жағдайында екіншілік инфекция әсерінен асқынып, жарақат ошағының аумағы үлкейіп және жаралар тереңдеуі де мүмкін. Кейде патологиялық үрдіс кілегей қабық асты тіндеріне де (сүйек және ет) жайылуы мүмкін. Аурудың өзіне тән ерекшелік белгілері болмағандықтан диагнозын нақтылау үшін анамнезін мұқият жинаған жөн.

Сараптамалы диагностикасы. Ауыздың дәріден өліеттеніп – жаралана қабынуын ауыздың фузоспирохетоз әсерінен өліеттеніп-жаралана қабынуынан (Венсан стоматиті), қан аурулары (лейкоз, агранулоцитоз) кезіндегі өліеттеніп-жаралана жарақаттануынан, трофикалық жаралардан (қантамыр – жүрек аурулары, сусамыр кезіндегі) ажырата білу керек.

Емі. Аллергиялық реакция туындатқан дәріні енгізуді немесе қабылдауды тоқтатып, антигистаминдік дәрілерді тағайындайды. Науқастың жағдайы ауыр болған жағдайда 40-60 мг преднизолонды көктамырға немесе бұлшық етке құяды (тәулігіне бір рет жағдайы жақсарғанға дейін). Организмнің уыттану белгілері анықталған болса, көктамырға натрий тиосульфатының 5-10 мл 30% ертіндісін құяды (емдеу курсы 10 инъекция). Аурухана жағдайында көктамырға гемодез, полиглюкин, физиологиялық ертінді, глюкозаның 40% ертіндісін аскорбин қышқылымен бірге құйған да тиімді болады.

Сенсибилизациялаушы әсер ететін тағамдарды (кофе, жұмыртқа, шоколад) қабылдауға тыйым салынады.

Жергілікті емдеу шаралары: ауыру сезімін уақытша басып, жарақат ошақтарын антисептиктер, ферменттер ертінділерімен өңдеп, глюкокортикоидты жақпалармен, кератопластиктермен және дәнекер тіннің белсенділігін жоғарылататын препараттарды (актовегин, солкосериа, пилак жақпалары, алой линименті «Пропоцеум») жарақат ошағына жағып сіңіреді немесе бастарына қояды.

Уытты эпидермальды некролиздену, Лайелл синдромы (эпидермальный токсический некролиз – epidermalis toxica necrolysis, синдром Лайелла).

Бұл ауру уытты-аллергиялық реакциялардың ең ауыр түріне жатады. Аурудың белгілерін алғаш 1956 жылы, одан кейін 1967 жылы Лайелл сипаттап жазған. Бұл – анафилаксиялық естен танудан кейін кездесетін ең ауыр аллергиялық реакция, тері және кілегей қабықтың эпителий қабатының некролизденуімен сипатталады. Кейбір мамандар оны «күйген тері синдромы» деп сипаттаған, дәрілерден және басқа аллергендерден дамитын аллергиялық реакциялардың 0,3% құрайды және 30-50% жағдайда өліммен аяқталады. Лайелл ауруы көбінесе дәрілер (сульфаниламидтер, антибиотиктер, салицилаттар, барбитураттар, безгекке қарсы дәрілер, В6 витаминін) қабылдағаннан кейін дамиды.

Сирек жағдайларда бүлінген тағамдардың уытты-аллергиялық әсерінен немесе стафилококтық инфекциядан (көбіне балаларда) дамиды.

Клиникалық көрінісі. Ауру шұғыл дамиды, дене қызуы кенеттен 39-40°С көтеріледі. Бірнеше сағаттың ішінде бет, бөксе, аяқ-қол терілерінде және ауыз кілегей қабығында үлкен аумақты қамтыған, кейбіреулері бірігіп кеткен ісініңкі және аздап ауыратын эритемалы дақтар пайда болады. Кешікпей қызарған ошақтар аймағында көлемі әртүрлі (кішігірім жұмыртқа көлемінен адам алақанының аумағындай) қабығы өте жұқа, болбыр (дряблый) күлбірек бөрткендер шыға бастайды және аз уақыт өтпей-ақ жарылып эрозияларға айналады. Эрозиялар жиегінде күлбірек бөрткендер қабығынан қалған эпителий үзіктері сақталады. Кейде күлбірек бөрткендер түсі өзгермеген тері мен кілегей қабық беттеріне де шығуы мүмкін. Никольский симптомы эрозия төңіректерінде және көрер көзге өзгермеген аймақтарда да оң болады. Аурудың даму шыңы кезіндегі клиникалық көрінісі терінің II-III дәрежелі күйігіне ұқсас келеді. Кейде эпителий қабаты үлкен аймақта тұтас сыдырылып түсуі де мүмкін. Бұл белгіні «шұлықты шешу белгісі» («симптом снятия чулка») деп те атауға болады. Цитологиялық зерттеу кезінде акантолизденген клеткалар анықталмайды.

Аурудың даму патогенезінде тері мен кілегей қабықтың өскін қабаттарында (базальды және мальпигиев қабаттарында) домбығу, клеткааралық байланыстардың бұзылып, эпителий ішінде немесе эпителий астында күлбірек бөрткендердің пайда болуы, жабынды эпителийдің жоғарғы қабаттарының өліеттенуі сияқты өзгерістер орын алады.

Сараптамалы диагностикасы. Ауруды көптүрлі жалқықты эритемадан (қызармадан) (Стивенс-Джонсон синдромынан), күлбіреуікшеден және күйіктен ажырата білу керек.

Емі. Науқасты емдеуді аурухана жағдайында арнаулы мамандар жүргізеді. Кортикостероидты, антигистаминдік дәрілер, уытсыздандырушы препараттар (натрий тиосульфатының 30%, кальций хлоридінің 10% ертінділері), гемодез, С, Р витаминдері тағайындалады.

Жергілікті емі ауыру сезімін азайту, антисептикалық өңдеу, өліеттенген тіндерді тазалау, жаралы аймақтардың жазылуын жылдамдату ауыз күтімін дұрыс сақтау сияқты шараларды қамтиды. Ауру тағамдық заттар әсерінен дамыған жағдайда сүттен және көкөністерден дайындалған ем-дәм тағайындаған тиімді.