Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Морфология 60.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
84.94 Кб
Скачать

1.Зат есімнің лексика-грамматикалық сипаты.Зат есім – семантикалық сипаты (жалпы грамматикалық мағынасы) жағынан зат атауын білдіретін сөздер, сондықтан кім? (адамға байланысты) және адамнан басқа затқа байланысты не? деген сұраққа жауап береді. Кейбір зат атаулары біркелкі заттардың жалпы атауы, олар жалпы есім деп аталады. Мысалы, ағаш деген – бір ғана ағаш емес, жалпы атау. Зат атауының кейбіреуі жеке, дара заттың өзіндік атауы, аты болып келеді. Мысалы, Алматы – бір ғана қаланың жеке аты. Сондай-ақ Досжан, Әкімтай, Мұхтар - жеке кісілердің аты, Ертіс, Шу, Нұра, т.б. – жеке-жеке өзеннің аты. «Абай жолың, «Ботагөзң - жеке кітаптардың (шығармалардың ) аты, т.б. Бұлар – жалқы есімдер деп аталады. Жалқы есімдерге кісі аттары, әкесінің аты мен фамилиясы, мемлекет, республика, облыс, аудан, қала, көше,ұйым, мекеме, завод, фабрика аттары, географиялық (жер, су) атаулар, әр түрлі шығарма (газет, журнал, кітап, ән-күй, би, т.б.) аттары, мал, құс, хайуанаттарға арнап қойылған (мысалы, Тайбурыл, Құлагер) аттар болып келеді. Жалқы есімдер бас әріптен басталып жазылады.

Зат есімдер кейде қолмен ұстап, көретіндей нақты (деректі) затты да, (мысалы, үй, кітап, қағаз), ой арқылы ғана түсінілетін абстракты (дерексіз) затты да (мысалы, ақыл, достық, қиял) білдіреді.

Зат есімнің түрлену жүйесі оның көптелуі, тәуелденуі, септелуі болып табылады, өйткені көптік, тәуелдік, септік категорияларының білдіретін мәндері заттық мағынамен байланысты, олардың тұлғалары өзі жалғанған сөздерге субстантивтік мән үстейді.

2.Морфема, оның түрлері.Морфема (гр. morphe – түр, тұлға) – сөздің мағыналы ең кіші бөлшегі. Ұғымға алғаш И.А. Бодуэн де Куртене (1881) енгізген.Морфема іштей екіге бөлінеді: негізгі морфема және қосымша морфема. Негізгі морфемалар — лексикалық мағыналы дербес қолданылатын түбір сөздер. Олар түпкі түбірлер (тір - тірі дегендегі), түбір негіздер (тірі), туынды негіздер (тірлік) болып үшке бөлінеді. Қосымша морфемалар — дербес қолданылатын сөздерге әр түрлі грамматикалық ғана мағына үстейтін тұлғалар. Олар іштей қосымшалар мен қосалқылар болып екіге бөлінеді. Қосымшалар: сөзжасам, сөзтүрлем, сөзбайлам тұлғалар. Бұлардың сөзжасамы мен сөзтүрлемі - жұрнақтар да, сөзбайламы - жалғаулар деп танылады. Қосымшалар қатарына дәйек және аяқ қосалқылар жатады. Дәйек қосалқылар түбір сөздің алдына қосылып, сөзге грамматикалық күшейтпе мағына үстейді (күшейтпе буынды: сап-сары, қап-қара және күшейтпе сөзді өте жақсы, тым жаман). Аяқ қосалқылар негізгі сөздің соңында қолданылады да, оларға шектеме және көмекші грамматикалық мағына үстейді. Шектемелер сөзге ұқсама буын қосып айтылатын (шай-пай, нан-пан) және демеуші шылаулар арқылы жұмсалатын (осы ғана, осы-ақ) сөздер құрамында қолданылады. Көмекшілер: көмекші есімдер (үсті, асты т. б.), көмекші етістіктер ( еді, екен т. б.), септеулік шылаулар (дейін, шейін т. б.), жалғаулық шылаулар (мен, және, тағы т. б.).

3.Сын  есімнің лексика-грамматикалық сипаты.Сын есім – семантикалық сипаты жағынан (жалпы грамматикалық мағынасы) жағынан заттың әр түрлі сапа, белгісін, түсін, затқа, құбылысқа, іс-әрекетке қатысын білдіретін сөздер, сондықтан қандай? қай? қайдағы? қашанғы? тәрізді сұрақтарға жауап береді.

Сын есімнің мынадай маңызды белгілері болады:

1.Заттың түсін, түрін білдіреді: ақ (қағаз), көк (сия), қара (костюм), сұр (бұлт), құла (бие), күрең (ат), қызыл (сиыр), жасыл (желек), т.б.

2. Заттың көлемдік, аумақтық, салмақтық белгісін, сынын білдіреді: биік (үй), кіші (інісі), тар (бөлме), ұзын (жіп), жеңіл (жүк), т.б.

3.Заттың сапалық белгісін, сипатын білдіреді: жақсы (сөз), жаман (ырым), сараң (кісі), тентек (бала), алғыр (оқушы), зерек (оқушы), жалқау (кісі), т.б.

4.Заттың дәміне, иісіне, және басқа сипаттарына байланысты белгілерін білдіреді: ащы (сөз, тұщы (ас), қышқыл (қымыз), тәтті (су), жұмсақ (төсек).

5. Затқа, қимыл-әрекетке, мезгіл-мекенге қатысты сынды білдіреді: тасты (жер), балалы (үй), білімді (жігіт), көтеріңкі (көңіл), сусыз (арна), қысқы (каникул), аспалы (шам), жазғы (демалыс), төменгі (ағыс),т.б.

6.Сын есім қандай? қай? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Жақсы (қандай?) бала, таза (қандай?) бөлме, қызыл (қандай?) орамал, үлкен (қай?) бала, кіші (қай?) қызы. Желсіз түнде жарық ай сәулесі суда дірілдеп …(Абай). Осы сөйлемде желсіз, жарық сөздері түн және ай деген зат есімдердің сын-сапасын білдіріп тұр. Қандай? деген сұраққа жауап береді. Қандай түн? – Желсіз түн; қандай ай? – жарық ай. Сөйтіп, заттың сынын, сапасын, сипатын түр-түсін, көлемін білдіріп, қандай? қай деген сұрақтарға жауап беретін сөз табы сын есім деп аталады.

4.Сан есімнің лексика-грамматикалық сипаты.Сан есім семантикалық жағынан заттың сан-мөлшерін, ретін т.б. білдіріп, қанша? неше? нешінші? тәрізді сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Алпыс бестен асқанда, Жетпіске қадам басқанда (Ж.). Атадан – алтау, анадан – төртеу. Жалғыздық көрер жерім жоқ. (А) деген сөйлемдердегі алпыс бестен, жетпіске, алтау, төртеу деген сөздер белгілі бір заттардың мөлшерін, санын білдіріп тұр.

Сан есім заттың санын, мөлшерін, ретін білдіріп, тікелей зат есіммен тіркесіп қолданылады. Мысалы: Бұл Жамбыл жасап отыр тоқсан жасты (Ж.) деген сөйлемде тоқсан деген сан есім (неше?) жас деген зат атаулының санын білдіріп тұр. Кейде сан есімдер зат есімсіз-ақ та жұмсала береді. Ондайда сан есім әрі заттық мағынаны, әрі сол заттың санын, мөлшерін білдіріп тұрады. Мысалы: Тоқсаннан әрі кетті, жүзге де асты (Ж.) деген сөйлемде тоқсаннан, жүзге деген сан есімдер әрі заттық ұғымды (тоқсан жастан және жүз жасқа), әрі оның мөлшерін, санын білдіріп тұр.

5.Есімдіктің есімнің лексика-грамматикалық сипаты.Есімдік – лекска-грамматикалық (семантикалық) сипаты жағынан не затты, не оның сынын я санын нақты атамай, солардың орнына жүретін сөз табы. Сондықтан кейде есімдікті орынбасар сөз табы деп те атайды.Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Оның тәтті оралған мәні оятар (А) деген сөйлемде оның деген сөз алғашқы бөлігіндегі ән деген зат есімнің орнына қолданылған: әннің мәні. Бір шалдың төрт ұлы болыпты, Бірде шал сол ұлдарын жинапты (Ертегілер) деген сөйлемдерде сол сөзі төрт деген сан есімнің орнына қолданылған: төрт ұлын жинапты. Кімді айтса, сол келер (мәтел) деген сөйлемде сол сөзі кім дегеннің орнына жұмсалған да, кім дегеннің өзі адам деген заттың атауының орнына қолданылған.

Сөйтіп, есім сөздердің (зат есім, сын есім, сан есімнің) орнына жүретін сөз табы есімдік деп аталады. Есімдік заттың өз атауын да, белгісінің, санының да атын білдірмейді, тек соларды нұсқап, меңзеп көрсетеді де, солардың орнына колданылады. Сондықтан да кейде есімдікті орынбасар сөздер деп те атайды.

Есімдіктер мағынасына қарай жеті топқа бөлінеді: 1) жіктеу есімдігі; 2) сілтеу есімдігі; 3) сүрау есімдігі; 4) өздік есімдігі; 5) жалпылау есімдігі; 6) болымсыздык есімдігі; .7) белгісіздік есімдігі.

6.Үстеудің  лексика-грамматикалық сипатыҮстеуді жеке сөз табы деп танытатын оның басты белгісі - семантикалық сиптаы болып табылады. Ол қимылдың, іс-әрекеттің (яғни етістіктің) әр алуан мезгілдік, мекендік, мөлшерлік, сындық-амалдық белгілерін, болу себебі мен мақсатын, т,б. білдіреді. Үстеудің басты грамматикалық сипаты – оның арнайы морфологиялық түрлену жүйесінің және грамматикалық категорияларының жоқтығы. Кейбір жекелеген үстеу сөздерге шырай жұрнақтары да жалғанады: жоғары-рақ, төмен-ірек, тез-ірек, ақырын-дау, әрі-рек, ілгері-леу, ерте-рек, ерте-леу, бері-рек, дәл-ірек, т.б. Осыдан көрінетіндей, шырай жұрнақтары кейбір мекен үстелеріне де (жоғары-рақ, әрі-рек), мезгіл үстеулеріне де (кеш-іре, ерте-рек), сын-қимыл үстеулеріне де (тез-ірек, ақырын-дау) жалғанады. Бірақ үстеудің мағыналық түрлерінің ешқайсысы да толық түрінде шырай категориясымен түрленбейді. Мысалы, мекен үстеулерінің (әлдеқайда, жол-жөнекей, әріде, сонда, алға, т,б.), мезгіл үстеулерінің (бүгін, былтыр, биыл, әлі, енді, қазір), сын-қимыл үстеулерінің (тікелей, бірден, әлінше, лезде, зорға) кейбіріне шырай жұрнақтары қосылмайды. Бұның өзі «негізгі үстеулердің көпшілігінен шырай категориясы жасаладың (А. Ысқақов) деген пікірдің қате екенін көрсетеді. Үстеуде ондай категория болу үшін я шырай категориясының қосымшалары барлық үстеуге немесе үстеудің белгілі тобына енетін барлық сөзге немесе барлық негізгі түбір үстеуге түгел жалғана алуы керек. Ондай жаппайлық қасиет мұнда жоқ, сондықтан үстеуде шырай категориясы жоқ. Әрине, бірлі-жарым үстеуге шырай категориясының қосымшалары жалғануы кездейсоқ емес. Олар көбіне негізгі түбір және қимылдың сапалық мәнін білдіретін үстеулер болып келеді. Бұның өзі тарихи жағьнан үстеудің сын есіммен жақындығын, төркіндес екендігін ғана көрсетсе керек. Синтаксистік қызметі, ең алдымен, үстеудің семантикалық ерекшелігіне байланысты болғандықтан, яғни үстеу қимылдың, іс-әрекеттің алуан түрлі белгілерін білдіретіндіктен, етістіктермен тіркесіп, көбіне пысықтауыш қызметін атқарып тұр.

7. Шылаудың грамматикалық сипаты.

Шылаулар – семантикалық сипаты жағынан лексикалық мағынасы жоқ, белгілі бір сөздердің жетегінде (шылауында) жүріп, оған әр түрлі мән, грамматикалық мағына үстейтін сөздер.

Мысалы: Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, Жоқ-барды, ертегіні термек үшін (А). Жомарт қазіргісі мен келешегін салыстырып тұр (Ғ.Мұст). Абай қажымай, жалықпай, ылғи ғана ынтығып тыңдайтын (М.Ә.) Бұл мысалдағы үшін, мен, ғана деген сөздердің толық мағынасы жоқ. Бірақ сөйлемде олар өзі қатысты сөздерге қосымша мән үстеп, белгілі қызмет атқарып тұр. Бірінші сөйлемде үшін шылауы ермек және ертегіні термек сөздеріне мақсат мәнін үстеп, ол сөздерді жазбаймын сөзіне бағындыра (сабақтастыра) байланыстырып тұрса, екінші сөйлемде мен шылауы қазіргісі деген сөз бен келешегі деген сөздерді ыңғайластық мәнде бір-бірімен салаластыра байланыстырып, олар сөйлемнің бірыңғай мүшесі екенін көрсетіп тұр. Үшінші сөйлемде ғана шылауы ылғи деген мезгілдік мағынадағы сөзге шектілік, күшейткіш мән үстеп тұр.

Сөйтіп, шылаудың басқа сөз таптарынан мынадай айырмашылықтары бар:

1.Шылаудың толық мағынасы болмайды.

2.Сөйлем ішінде шылау сөздер сөйлем мүшесі бола алмайды.

3.Шылаулар сөз бен сөзді не сөйлем мен сөйлемді салаластыра, сабақтастыра байланыстырып немесе толық мағыналы сөздің жетегінде оған қосымша мән үстей қолданылады.

4.Шылаулар түрленбейді және басқа сөз таптарынан жұрнақ арқылы жасалмайды. Шылаулар – лексикалық мағынасынан айрылу нәтижесінде туған көмекші сөздер.

Шылаулардың көпшілігі сөйлемде сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстырып тұрады. Осындай мағыналық (грамматикалық), қызметтік ерекшеліктеріне қарай шылаулар: жалғаулықтар, септеуліктер, демеуліктер болып үшке бөлінеді.

8.Еліктеу  сөздердің  лексика-грамматикалық сипаты.Табиғаттағы әр түрлі құбылыстардың дыбыстарына, қимыл-әрекеттеріне еліктеумен немесе олардың бейнелерімен байланысты туған сөздер еліктеу сөздер деп аталады. Мысалы тырс (етті), сарт (етті), жалт (берді), саңқ (етті), былш (етті), шорт (сынды), гүрс (етті), тарс (айрылды), шық (етті), ду (етті), сырт (ете қалды), дыз (ете түсті), қолп (ете қалды), жалт-жұлт, қалт-құлт, бүгжең-бүгжең, арбаң-арбаң, сарт-сұрт, қаңғыр-күңгір, ыржың-ыржың, т.б. Мысалдан анық көрінетіндей, еліктеу сөздердің басқа сөз таптарынан өзіндік ерекшеліктері бар. Біріншіден, бұл сөздер айналадағы құбылыстардың әр түрлі дыбыстарына, есту арқылы және көру арқылы әр түрлі қимылдарына еліктеуден туған. Мысалы: сарт (етті), саңқ (етті), гүрс (етті), қорс (етті), сарт-сұрт, бұрқ-сарқ, қаңғыр-күңгір тасыр-тұсыр, т.б. дыбысқа еліктеуді білдірсе, жылт (етті), қалт-құлт, бүгжең-бүгжең, т.б. әр түрлі қимыл-әрекетке, құбылысқа еліктеуді көрсетеді. Сондықтан да олар еліктеу сөздер деп аталады. Екіншіден, еліктеу сөздер көбінесе көмекші етістіктермен (негізінен ет етістігімен) тіркесіп немесе қайталанып келіп қолданылады.

Еліктеу сөздер айналадағы құбылыстар арасындағы әр түрлі қатынастарды бейнелі түрде дәл жеткізудің бір құралы болып табылады. Сондықтан да еліктеу сөздер көбінесе көркем әдебиетте жиі қолданылады.