6 Билет
2 Артериалды гипертензия Артериалды гипертензия - артериалдық қан қысымның көтерілуі және жүрек жұмысының нашарлауы. Дамуына байланысты екі түрі бар. Эссенциалды (біріншілік) артериалдық гипертензия - бұл ағзадағы қандай да бір аурулардың сәйкессіздігінен дамитын сырқат (гипертониялық ауру). Симптоматикалық (екіншілік) артериалдық гипертензия – бұл ішкі ағзалардың ауруларының әсерінен (мысалы, бүйрек, эндокринді безінің аурулары) артериалдық қысымның көтерілуі. БДҰ – ның келісімі бойынша артериалдық қысымның көтерілуі, шамамен (жасқа қарамастан) 120/80– 139/89мм сынаб бағаны бойынша көрсетілген көрсеткіш болып табылады. Ал артериалдық қысым 140/90 болса, онда адамға “қауіп төндіруші” болып табылады. Артериалды гипертензияның себебі әлі толық және нақты анықталмаған. Артериалды гипертензия орталық жүйке жүйесіне көп психикалық күш түскеннен, жүйке – психикалық жарақаттан кейін, әр түрлі тұқым қуалайтын патологиялық аурулардан дамуы мүмкін. Артериалды гипертензияға ішкі сөлденіс бездері қызметінің бұзылуы, шылым шегу, көп мөлшерде тағамға ас тұзын қолданғанда, жеткілісіз ұйықтап тынықпаған кезде, орталық жүйке жүйесінің жарақаты және (мамандығына қатысты) жауапты қызметті атқаратын лауазымды тұлғалар мәнбірлері әкеліп соғуы мүмкін.
Артериалдық қысым денгейінің жіктелуі 4 бейнелеме
Сатысы Систолдық Диастолдық
Оптималды <120 < 80
Қалыпты <130 <85
Көтеріңкі қалыпты 130-139 85-89
Г и п е р т о н и я
Шектелген 140-149 90-94
І дәреже (жұмсақ) 140-159 90-99
ІІ дәреже (орташа) 160-179 100-109
ІІІ дәреже (ауыр) >=180 >=110
Шектелген систолалық
гипертония >=140 <90
Артериалды гипертензияда нысана мүшелердің зақымдалуы байқалады: жүрек, ми, көз түбі, бүйрек.
Іш мүшелерінің зақымдалуына байланысты артериалды гипертонияның үш кезеңін айқындауға болады.
І кезең. Қан қысымы –140/90 – 159/99 с.б.б. Артериалдық қан қысым әр түрлі қолайсыз жағдайларда тұрақсыз болып, содан кейін өз бетімен қайтадан қалпына келуі. Ішкі ағзалардың өзгерістері (әсіресе сол жақ қарыншаның үлкеюі) байқалмайды.
ІІ кезең. Қан қысымы –160/100 – 169/109 с.б.б. Артериалдық қысымды түсіру үшін дәрілерді қолданады. Сол жақ қарынша айқын түрде үлкейеді (бұл екінші кезең мен бірінші кезеңді айыруға көмектесетін маңызды және нақты болып табылады)
ІІІ кезең. Қан қысымы –180/110 с.б.б. жоғары. Артериалдық қысым өте қатты түрде және жиі көтеріледі. Мұнда ми қан айналысының бұзылуы, жүрек жетіспеушілігі, миокард инфарктісі, жиі түрде бүйрек жетіспеушілік асқынулары болуы мүмкін. Артериалды қысым болған асқынулардан кейін өз бетімен қалпына келуі мүмкін, сондықтан артериалдық гипертония артериалдық қысымның үшінші кезеңіне тән белгі болып табылады.
Науқастың артериалдық қысымының көтерілуіне байланысты бастың ауры негізгі шағым болып табылады. Жиі бастың ауруы таңертеңгі кезде білініп, шүйде маңайына шоғырланады. Науқастар дұрыс ұйықтай алмайтындығына, жиі қозғыштығына,жұмысқа деген және есте сақтау қабілетінің төмендігіне шағымданады. Содан соң физикалық күш түскенде жүректің ауырсынуы, демікпеге шағымдар пайда болады. Кейбір науқастарда үнемі артериалдық қысым болғандықтан көз көру қабілеті бұзылады. Бірақта, ұзақ уақытқа созылған артериалдық қысымның болуына қарамастан, науқастардың көбінде асқынуы дамығанша ешқандай шағымдарды айтпауы мүмкін. Ұзаққа созылған бүйрек үсті, бүйрек, ұйқы безі артерияларының жиырылуына әкеліп соғуы мүмкін. Қолқада, коронар қан тамырларында, ми қан тамырларында атеросклероз өте қатты түрде дамиды. Сол жақ қарынша гипертрофияға ұшырайды. Ал науқасты тексергенде артериалды қан қысымы жоғары болады. І кезеңде тек қана артериалдық қан қысымы көтеріледі, ал ішкі ағзадаларда өзгерістер байқалмайды. ІІ кезеңде артериалдық қан қысымы жоғарылап қана қоймайды. Сонымен қатар сол жақ қарыншаның үлкеюі байқалады. Бұл кезде бүйректе патологиялық дәрістің белгілері білініп, науқастың зәрінде ақуыздың ізі, эритроциттер пайда болады (бүйректе атеросклероз дамиды). Емдеу кезінде дәрілерді қолданған жағдайда бүйректің тамырлары жиі әртүрлі өзгерістерге ұшырайды. ІІ кезеңде де коронарлық артерияларда атреосклероз дамиды. Бұл стенокардияның ұстамасы мен сипатталады: физикалық күш түскенде кеуденің қысып ауырсынуы. ІІІ кезеңінде миокард инфарктісі, сонымен қатар ми қан айналысының бұзылысы (ауыспалы немесе шектелген парез және паралич сияқты белгілері) дамуы мүмкін. Көздің көруі күрт төмендеп немесе көз көруі қабілеті мүлдем жоғалуы мүмкін. Аурудың ағымында артериалдық қан қысымы тез арада жоғарлап сырқат гипертониялық кризбен қайталанбалы түде сипатталуы мүмкін.
3 Гепатит дегеніміз - бауыр торшаларының қабынуынан мүшенің диффузды өзгерістерге ұшырауы. Гепатиттің екі түрі болады: жедел және созылмалы. Жедел гепатит – жұқпалы ауру. Созылмалы гепатит – бірте –бірте дамитын түрі. Егер алты ай бойы жедел гепатитке қарсы жүргізілген ем тиімсіз болған жағдайда ол созылмалы гепатитке айналады. Созылмалы гепатитте бауыр торшалары қабынып, диффуздық және дистрофикалық өзгерістерге ұшырайды, бауыр қызметі бұзылады.
Вирусты гепатит А,В,С,Д,Е, құрт гелминттері, ішек ауруларының, токсикалық мәнбірлер, ішімдік гепатиттер, аллергиялық гепатиттердің әсерінен бауырда созылмалы қабыну дәрісі дамиды. Оның өзі уақытында әртүрлі диффузды, некротикалық және дистрофикалық өзгерістерге әкеліп соғады.
Алғашқы кезде созылмалы гепатит белгісіз және баяу өтеді. Науқас басында оң жақ қабырға астының ауырсынуына, аузында ащы дәмнің пайда болуына, тәбетінің төмендеуіне, кекіру, іштің кебуіне, үлкен дәреттің өзгеруіне( нәжістің кідіріп қалуына немесе іштің өтуіне), терінің қышуына, қызыл иектен, мұрыннан қан кетуіне шағымданады. Науқастардың жалпы жағдайы нашарлап, еңбекке деген қабілеті төмендеп, әлсіздік пайда болады. Жалпы қарағанда терісінің түсі сарғыш, денесінде тамыр жұлдызшылары пайда болады. Гепатиттің клиникалық белгілерінің бірі – қаңсырау синдромы. Сипалау жүргізгенде бауырдың көлемі сәл ұлғайғанын, ауырсынуын, бауырдың тығыздануын, көк бауырдың үлкейгендігін байқауға болады. Сырқаттың негізгі даму себептеріне байланысты созылмалы гепатиттің үш клиникалық түрі бар: агрессивті (белсенді), персистендік (белсенді емес), холестатикалық.
Сырқаттың біріншілік алдын алуы вирустық А гепатитпен В гепатитің болдырмауы. Вирустық гепатиттің жедел түрін уақытында емдеп, тамақтану ережелерін сақтау болып табылады. Гепатитпен ауыратын науқастарды диспансерлік тіркеуге алып, жылына екі рет жалпы тәжірибелік дәрігері, гастроэнтеролог қарап отыру керек Зертханалық тексерістерге жалпы қан анализі, АЛТ, АСТ ферменттерін, билирубинді, холестеринді, ақуыз құрамын тексереді. Сонымен қатар науқасқа алдын алу ретінде күнделікті дұрыс тамақтануы, жағымсыз қылықтардан аулақ болуы, бауырға жағымсыз әсер ететін заттармен қарым-қатынас жасамауы, дұрыс тынығуы осы аурудың алдын алуындағы маңызды роль атқарады.
Бауыр циррозы.
Бауыр циррозы дегеніміз – бауыр ұлпасы дистофияға және өлі еттенуге ұшырап, бауырда дәнекер тінінің өсуімен сипатталынатын созылмалы үдемелі ауру. Нәтижесінде бауыр қызметі бұзылады. Бұл өзгерістер теңгерусіз түрде байқалады.
Әртүрлі жұпалар (А гепатиті), тамақтанудың жеткіліксіздігі, маскүнемдік, өт өзектерінде өттің тұрып қалуы (өттің өзгеруі және қозғалу жұмысының бұзылуы), зат алмасулардың өзгерістері (сусамыр, тирео токсикоз), созылмалы жүрек жеткіліксіздігі т.б.
Жіктелуі. Морфологиялық және клиникалық белгілері бойынша бауыр циррозы келесі түрлерге бөлінеді: порталдық цирроз, вирустық цирроз, билиардық цирроз, аралас түрі. Дәрістік белсенділігіне байланысты: белсенді, белсенді емес. Қызметінің өзгеру дәрежесіне байланысты теңгерулі, теңгерусіз түрлері бар.
Аурудың негізгі клиникалық белгілері сырқаттың кезеңіне, әкеліп соқтыратын себептеріне байланысты. Бауыр циррозының дамуында үш кезең байқалады: бастапқы, айқын және ақырғы. Алғашқы кезеңінде уыттану белгілері онша білінбейді. Дегенмен науқастың денесін әлсіздік билеп, тез шаршайды, жұмысқа қабілеті төмендейді. Басы, іші ауырады, тамаққа тәбеті тартпайды, денесі аздап сарғыш тартады, ауыз қуысының сілекей қабаты қызарады, «лакталған тіл» байқалады. Бауырды сипап қарағанда , ол тығыз тартып, қабырғадан төменіректе білінеді. Сырқаттың айқын кезеңінде бауыр тығыздалып, пішіні кішірейе түседі. Жалпы уыттану белгілерімен қатар бауыр қақпасы көк тамырында қысымның жоғарылауы байқалады. Бауыр мен көк бауыр тығыздалып, ішке сары су жиналады (асцит), порталды гипертензия белгілері дамиды, тері бетінде бауырлық жұлдызшалар білінеді. Бауыр циррозының ақырғы кезеңі өте ауыр өтеді. Науқастың терісі, бұлшық еті дистрофиялық өзгерістерге ұшырайды, науқас арықтайды, гиповитаминоз пайда болады, терісі құрғап, сарғаяды, ішек – қарыннан қан кетеді. Науқастарда диспепсиялық құбылыстар байқалады: тәбеттің төмендеуі, лоқсу, құсу, іштің кебуі, өтуі, ұйқысының бұзылуы. Цирроздың теңгерулі түрінде науқастардың жалпы жағдайы аса өзгермейді, бауыр қызметі негізінен сақталады. Ал цирроздың теңгерусіз түрінде тез шаршау, айқын дене сарғаюы, порталдық гипертензия, каңсырау синдромы дамиды, бауыр қызметінің бұзылғанын зертханалық тексерістер айқын білдіреді. Сырқаттың соңғы кезеңінде бауыр комасы дамиды.
Вирустық цирроз
Бұл бауыр циррозының түрі сары аурумен сырқаттанып шыққан науқастарда кездеседі. Ісінген бауыр торшалары өліп орнына дәнекер тіні дамиды. Бұның қауыпті түрі ауыр түріне өтіп тез арада бауыр жеткіліксіздігіне әкеліп соғады. Сонымен қоса бұл ауруда дене қызуының көтерілуі жиі кездесіп, аурудың белсенділігін көрсететін қолайсыз белгі болып табылады. Науқас оң жақ қабырға астының, іштің ауырсынуына, диспепсиялық және әлсіздік, вегетативтік өзгерістердің пайда болуына шағымданады. Сонымен қоса тез шаршағыш, әлсіз, жұмысқа деген қабілетінің төмендеуі, ұйқысының бұзылуы байқалады. Жалпы қарағанда көздің шырышты қабатында, жұмсақ таңдайда, тілдің астыңғы беткейінде одан соң алақанда, табанда жалпы терінің сарғаюы және қышыну байқалады. Көп жағдайларда теріде бауырлық белгілер табылады:
тамырлы жұлдызшалар дененің жоғарғы бөлігінде орналасқан. Алақанның эритемасы (бауырлы, “пальмарлы” алақан) қызыл түсті немесе ошақты түрде байқалады; алақан жылы болады. Қызыл жылтыр еріндердің болуы байқалады.
Гормонды бұзылыстардың өзгеруінен ер адамдарда гинекомастия, тағы басқа әйелдің жыныс белгілері, белсіздік, ал әйелдерде етеккір циклының өзгеруі білінеді. Теріде сарғыш - қоңыр түсті дақтар пайда болып олар қабақта, алақанда, кеудеде, арқада орналасады. Зертханалық тексерісте қанда ақуыз құрамы өзгеріп, жалпы холестерин, фибриноген мөлшері төмендейді. Тимол сынамасы жағымды.
10 сурет Бауыр циррозының белгілері
1 – ісіктер;
2 – қан құйылу;
3 – жұмыртқаның атрофиясы;
4 – “бауыр” алақандары;
5 – іш құрсаққа сары судың жиналуы (асцит)
6 –бүдірленіп солған бауыр;
7 – гинекомастия;
8 – тамыр “жұлдызшалары”
9 – ашық қызыл ерін;
10 - өңеш көктамырларының кеңейуі;
11 – спленомегалия (көк бауырдың үлкеюі);
12 – “медуза басы”;
13 – шаштың түсуі;
14 – тырнақтардың өзгеруі;
Порталдық цирроз
Бұл ең жиі кездесетін сырқаттың түрі. Әртүрлі бауырға жағымсыз әсерлерден (ішімдік, ақуыз, дәрумендер жеткіліксіздігі) дамиды. Порталдық цирроздың қалыптасуы бауырдың бөліктерін қоршап тұратын дәнекер тінінің түзілуіне байланысты, осы дәріс бауырдың барлық бөліктерін қамтиды. Сондықтан порталдық циррозға тән біркелкі түйіндер пайда болады. Маңызды белгілердің бірі - көк тамырлардың кеңеюі. Тез арада асцит білінеді - ішке сары судың жиналуы. Кіндік манайының тамырлары кеңейіп, жан - жаққа жайылып өзіне тән көрініс береді,мұны “медузаның басы” деп атайды. Осы аталған үш белгі порталдық гипертензияға тән үштік белгіні құрайды. Науқаста сонымен қатар әлсіздік, тәбетінің төмендеуі немесе мүлде болмауы, бауыр аймағында ауырсынудың болуы, диспепсия белгілерінің білінуі анықталынады. Жалпы қарағанда тері қабатының сарғаюы, қара түсті дақтар, тамырлы жұлдызшалардың пайда болуы, эритематозды алақандардың болуы. Көк бауыр, бауырдың көлемі ұлғайғандығын, тығызданғаның, ауырсынудың белгілерінің білінуін науқастан сұрастыру арқылы және сипалау арқылы білуге болады. Сонымен қоса бұл ауруда гормоналды өзгерістер білінеді.
Варикозды тамырлардан, жатырдан, өңештен, асқазаннан қан кетуі мүмкін. Жұқпа аурулары, бауыр - бүйрек жеткіліксіздігі дамиды. Сырқаттың соңғы кезеңінде эндогенді дистрофия белгілері байқалады - науқас жүдеу келеді, жағы суалған, терісі бозарған, ернімен тілі жылтыр - қызыл түсті болып келеді, аяқ қолдары пішіні жіңішкеріп, ұштары үлкейген. Жалпы қан анализінде билирубин мөлшері көбейеді, жалпы ақуыздың мөлшері төмендеп, құрамы өзгереді. Тимол сынамасы жағымды нәтиже береді. Қан аздық белгілері, лейкопения, тромбоцитопения білінеді.
Билиардық цирроз
Бұл аурудың пайда болу себебі - бауыр өзектерінінің созылмалы қабынуы. Бара-бара өт жолдары дәнекер тінімен бітеліп, қасындағы бауыр торшалары өт құрамындағы заттармен уланып қызметін атқара алмай қалады. Көбнесе әйелдер аурады. Бастапқы кезеңінде дененің сарғаюы және терінің қышуы осы сырқаттың негізгі белгісі болып табылады. Қарағанда терісі құрғақ, тығыз, үстінде дақтары бар, теріде тырнақтың іздері қалған, қабақта, шынтақта, тізеде, алақанда дақтар, тамырлы жұлдызшалар байқалады. Аурудың айқын кезеңінде мұрыннан, қызыл иектен жиі қан кетеді. Бауыр көлемі ұлғайған, тығыз. Сүйек жүйесінде өзгерістер болады. Арқада, қабырғаларда ауырсыну, остеопороз, сүйек эпифизінің үлкеюі, омыртқаның патологиялық сынуы байқалады. Асқынуларының бірі болып он екі елі ішектің пептикалық ойық жарасы, өт қабының ұстамалы түрде шаншуы, қызбаның қалтырау түрінде өтуімен сипатталады. Іш мүшелерінің қызметі бұзылады: өкпе, асқазан, бүйрек, шеттік лимфа бездері үлкейеді. Сырқаттың ақырғы кезеңінде айтылып кеткен белгілердің барлығы өршіп, ісіну, асцит қаңсырау байқалады. Кахексия дамиды, бүйрек зақымданады, бауыр жеткіліксіздігі комамен аяқталады. Қанда холестерин, фосфатаза, трансаминаза, билирубин мөлшерлері жоғарылайды, анемия белгілері білінеді. Зәрде протеинурия байқалады.
Негізінде клиника - биохимиялық мәліметтер арқылы анықталады. Зертханалық тексеріс альбуминнің, протромбиннің мөлшерінің азайғанын, ал гаммаглобулиннің артқанын көрсетеді. Қан торшаларының деңгейінде де ауытқушылықтар байқалады, мысалы, лейкоцит, тромбоцит мөлшерлері кемиді. Нақты цирроздың түрін анықтау үшін бауырдың құрылысын, көлемін, цирроз жайылған аймағын лапароскопия арқылы анықтайды, бауырға биопсия, сканерлеу, эхография, томография әдістерін қолданады.
Болжамы жағымсыз. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы 3-6 жыл.
Біріншілік алдын алудың маңызы гепатиттерді алдын алу, салауатты өмір салтын сақтау, рационды тамақтану. Екіншілік алдын алуда бауыр циррозымен ауыратын науқастарды диспансерлік тіркеуге алып, жағдайына байланысты диспансерлік нұсқауға сүйене отырып, жалпы тәжірибелік дәрігері, гастроэнтеролог қарап отырады. Зертханалық тексерістерге жалпы қан анализі, АЛТ, АСТ ферменттерін, билирубинді, холестеринді, ақуыз құрамын тексереді. Сонымен қатар науқасқа алдын алу ретінде күнделікті дұрыс тамақтануы, жағымсыз қылықтардан аулақ болуы, бауырға жағымсыз әсер ететін заттармен қарым-қатынас жасамауы, дұрыс тынығуы осы аурудың алдын алуындағы маңызды роль атқарады.
