
Дәріс №1. Тәрбие процесінің мәні
Жоспар:
1. Тәрбиенің анықтамасы.
2. Тәрбие процесінің ерекшеліктері.
3. Тәрбиенің мақсаты мен міндеттері.
4. Тәрбиенің заңдылықтары мен принциптері.
Тәрбие - арнайы ұйымдастырылған және саналы жүргізілетін педагогикалық қызмет.
Тәрбие түсінігі мағыналық жағынан кең ауқымды категория. Тәрбиені өсіп келе жатқан әулетті тұрмысқа дайындау деп анықтасақ, ал бұл дайындықты арнайы ұйымдастырылған тәрбие қызметінің барысында іске асыруға болады, сонымен бірге ол балалардың күнделікті үлкендермен араласа жүріп, тұрмыстық іс әрекетке үйренумен орындалуы мүмкін. Бірақ аталған екі жағдайдағы тәрбиелік әрекеттер әртүрлі мағнаға ие болатыны сөзсіз. "Қоршаған орта тәрбиелейді" немесе "Отбасы тұрмысы тәрбиелейді" деумен жеке адам дамуы мен қалыптасуына әлеуметтік - экономикалық және тұрмыстық жағдайлардың күнделікті жоспарсыз, мақсатты бағдары болмаған ықпалын түсінеміз. Ал енді "мектеп тәрбиесі" десек, әңгіме басқаша бұл ретте арнайы ұйымдастырылған және саналы іске асырылатын тәрбиелік қызметті білеміз. К.Д. Ушинский "Педагогикадағы тәрбие - алдын-ала ниеттелген және арнайы ұйымдастырылған педагогикалық процесс" - деп тұжырымдаған.
Тәрбие - жеке тұлғаның санасына, мінез-құлқының қалыптасуына әсер ететін құрал. Тәрбие мәселесімен қоғамдық ұйымдар, мекемелер мен жұртшылық бірлесіп айналысқанда ғана нәтижелі болады. Тәрбиенің мәні, біріншіден, қоғам үшін - саналы, ізгіленген, іскер азаматты қалыптастыру, екіншіден, жеке адам үшін - оны өмір сүре білуге, өзін қоршаған ортамен қарым-қатынас жасай білуге үйрету. Олай болса, тәрбие процесі деп қоғамның талап-тілектеріне сай әрбір жеке тұлғаның ақыл-ойын, сана-сезімін, ерік-жігерін, мінез-құлық ерекшеліктерін жүйелі түрде қалыптастырып, дамытудағы тәрбиешілер мен тәрбиеленушілердің бірлескен іс-әрекетін айтамыз.
Қоғамда атқаратын қызметіне орай тәрбиенің өзіндік ерекшеліктері бар:
Тәрбие - қоғамдық құбылыс. Себебі қоғамдағы әлеуметтікғ экономикалық, саяси жағдайлардың өзгеруіне қарай тәрбиенің мақсат-міндетер, мазмұны мен ұйымдастыру формалары өзгеріп отырады. Өйткені адам жеке тұлға болғанымен, қоғамнан тыс дамымайды.
Тәрбие - мақсатты процесс. Тәрбиенің мақсаты айқын әрі нақты болғанда ғана дұрыс нәтиже береді. Тәрбиенің мақсаты қоғамның, мемлекеттің әл-ауқатымен, оның саясатымен байланысты болады.
Тәрбие - біртұтас процесс. Жеке тұлғаның дамып қалыптасуы тұтас процесс болғандықтан, оның қасиеттерін қалыптастыру жеке дара атқарылмайды.
Тәрбие - ұзақ әрі күрделі процесс. Адам баласы туғаннан ержеткенге дейін тәрбиенің ықпалында болса, кейін ол өзін-өзі тәрбиелеуге ұласады. Сонда адам өмір бойы тәрбиеленеді деуге болады. Адамның мінез-құлқы, дербес ерекшеліктері, дүниетанымы бірден қалыптаспайды, әрі тірбие мақсатының нәтижесі де бірден көрінбейді.
Тәрбие - көпжақты процесс. Тәрбиені отбасы, мектеп, жұртшылық бірлесіп атқарады.
Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын етіп тәрбиелеу деп қарастырады.
Тәрбиенің негізгі мақсаттары:
а) жастардың дүниеге көзқарастарын қалыптастыру;
ә) тұлғаның рухани және дене қабілеттерін жан-жақты дамытып, эстетикалық талғамдары мен сезімдерін қоғамның талаптарына сай тәрбиелеу.
Тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, тәрбиенің мақсаты қоғамның дамуымен бірге өзгеріп отырады.
Мектептегі тәрбиенің басты міндеттері:
а) теориялық білімді еңбекпен, өмірмен байланыстыра жүргізу;
ә) политехникалық, экономикалық, экологиялық біліммен қаруландыру;
б) кәсіптік бағдар беру;
Қазіргі кезде қоғамдағы әлеуметтік және саяси өзгерістерге байланысты тәрбиенің мақсаты да өзгереді. Қазақстан Республикасының тәуелсіздікке ие болуы, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, «Білім туралы», «Жастар саясаты туралы» Заңдардың қабылдануы тәрбиенің мақсатын қайта қарастыруды талап етеді. Сонымен қазіргі кездегі тәрбиенің мақсаты - дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу.
Заңдылық - процестің маңызды бөлшектерінің арасын байланыстырып отырады. Тәрбие процесінің заңдылықтары:
1) Тәрбиенің қоғаммен байланысы;
2) Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігі;
3) Іс-әрекеттің маңызы;
4) Оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеру;
5) Ұжым мен жеке адамның өзара байланысы;
«Принцип» сөзі латын тілінен аударғанда ереже, талап деген мағынаны білдіреді. Тәрбие принциптері дегеніміз - тәрбие процесіне қойылатын негізгі талаптар. Тәрбиеші тәрбие принциптерін басшылыққа ала отырып, тәрбие жұмыстарын жоспарлайды, ұйымдастырады. Тәрбиенің мақсаттылық, өмірмен байланыс, ұжым арқылы тәрбиелеу, тәрбиеленушінің тұлғасына қойылатын талаптар мен құрметтің бірлігі, тәрбиелік ықпалдардың жүйелілігі, беріктігі, үздіксіздігі және оқушылардың жас және дербес ерекшеліктерін ескеру принциптері бар.
Дәріс № 2. Тәрбиелік жүйе
Жоспар:
1. Тәрбиелік жүйе туралы түсінік
2. Тәрбиелік жүйенің түрлері және дамуы.
3. Тәрбиелік жүйенің құрылымы
Адамзат тарихында әртүрлі тәрбиелік жүйе болды. Олардың әрқайсысы, сол қоғамға тән сипаттағы талаптарды, әлеуметтік, саяси, экономикалық қатынастарды бейнеледі. Олардың ішіндегі белгілілері:
Спартандық тәрбие жүйесі;
Афиндық тәрбие жүйесі;
Діни тәрбие жүйесі;
Джентельмен қалыптастыру жүйесі (батыс-европалық жүйе);
Адамды ұжымда және ұжым арқылы тәрбиелеу жүйесі (А.С.Макаренконың жүйесі).
ХХ ғасырдың екінші жартысында кеңестік мектептердегі тәрбие жүйесі ұжымдық шығармашылық істер, қоғамдық пайдалы еңбек, әртүрлі орталықтар, мектеп театрлары, ұлттық дәстүрлер негізінде қалыптасты.
Тәрбие жүйесін құру бірнеше кезеңдерді болжайды:
жүйенің қалыптасуы;
ұжымдық іс-әрекеттің мазмұны мен жүйесінің құрылымын жасау;
жүйені лайықты тәртіпке безендіру;
дәстүрлерді жарыққа шығару және жаңалықтарды ендіру.
Тәрбие жүйесінің кез-келген деңгейін жарыққа шығарудағы алдыңғы кезектегі проблема - тәрбиенің мақсатын анықтау болып табылады. Сыныптағы тәрбие жұмысы мектептегі тәрбие жүйесінің бір бөлігі болып табылады.
Қазіргі заманда тәрбиенің мақсатын анықтауда ұлттық және дүниежүзілік мәдениетте қалыптасқан рухани құндылықтарға сүйенеді.
Дәріс № 3. Сынып жетекшісінің қызметі
Жоспар:
1. С\ж қызметінің мақсаты
2. С\ж қызметінің міндеттері.
3. С\ж қызметінің мазмұны
Сынып жетекшісі қызметінің негізгі мақсаты - мектеп оқушыларын қоғамның белсенді және саналы азаматы етіп тәрбиелеуге барынша ықпал жасау, сыныптағы әрбір жеке тұлғаның ғылыми дүниетанымының қалыптасуын, адамгершілік қасиеттерін, еңбекке деген сүйіспеншілігін қамтамасыз етіп, жан-жақты жарасымды дамуына жағдай жасау.
Сынып жетекшісі қызметінің негізгі міндеттері:
Сыныптағы оқушылардың талап-тілектерін, мүдделерін, жеке басының еркшеліктерін жан-жақты зерттеп білу.
Оқушылардың бейімділігін анықтап, олардың саналы ұжымға ұйымдастыру.
Сыныптағы пән мұғалімдері, ата-аналар, мектеп әкімшілігінің оқушыларға қоятын талаптарының бірлігін үйлестіру.
Оқушыларды тәрбиелеуде мектеп, отбасы және жұртшылықтың тығыз қарым-қатынасын қамтамасыз ету.
Оқушылардың ата-анасымен үнемі байланыс жасап, бала тәрбиесіне байланысты педагогикалық оқу, насихат жұмыстарын жүргізу.
Оқушыларды тәрбиелеуде сыныптан тыс және мектептен тыс тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру.
Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеудің бірлігін қамтамасыз ету.
Тәрбиенің тұтастығын, жүйелілігін қамтамасыз ету.
Ұлттық тәрбиені қолдану.
Қазақстанда сынып жетекшісінің қызметі барлық Кеңестік Үкіметтегі сияқты 1934 жылы енгізілді. Сынып жетекшісінің қызметі мектеп жарғысымен (Устав) анықталады. Сынып жетекшісі – кәсіптік даярлығы, арнайы білімі бар, өз пәнін,тәрбие жұмысының түрлері мен әдістерін терең білетін, практикалық дағдысы мен іскерлігі қалыптасқан, өмір сүріп отырған қоғамын, халқын сүйетін, оның әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жан-жақты білетін, мінез-құлқы оңды қалыптасқан адам болуы керек. Сынып жетекшісі – оқушылармен, ата-аналармен, педагогтар ұжымымен, жұртшылықпен тіл табысуға міндетті. Сынып жетекшісінің педагогикалық шеберлігінің құрамына педагогикалық, психологиялық, әдістемелік білімінің, эрудициясының, өрісінің болуы, кәсіптік қабілетінің (көрегендік, ұйымдастырушылық, іскерлік, дербестік) дамығандығы, ғылыми хабардың бастауы бола білуі, өзін-өзі ұстау мәнерінің беріктігі жатады.
Сынып жетекшісінің қызметін үш бағытта қарастыруға болады:
Педагогикалық және әлеуметтік-гуманитарлы.;
ұйымдастырушылық;
Оқушылардың жалпы әрекетін басқару;
Дәріс № 4. Тәрбие жұмысын жоспарлау
Жоспар:
1. С\ж сыныптан тыс және мектептен тыс тәрбие жұмысы
2. Сыныптан тыс тәрбие жұмысының мақсаты мен міндеттері
3. С\ж тәрбие жұмысы
Сынып жетекшісінің тәрбие жоспары - міндетті педагогикалық құжат. Жоспар оқушылар ұжымының қалыпты дамуына мақсатты және жүйелі түрде ықпал етеді. Тәрбие қиын да күрделі процесс. Егер жоспар болмаса, тәрбие процесінде көптеген қиыншылықтар туады.
Тәрбие жұмысын жоспарлағанда төмендегі педагогикалық талаптар ескеріледі:
а) Сыныптан тыс тәлім-тәрбие жұмысы оқу ісінің логикалық жалғасы;
ә) тәрбие жұмысының жоспары тәрбиенің мақсаты мен міндеттеріне, бағыттарына сәйкес келуі;
б) тәрбие жұмысы оқушылардың талап-тілектеріне сәйкес келуі;
в) тәрбие жұмысы жоғары идеялық-құқықтық, ғылыми дәрежеде, шебер сынып жетекшісінің басшылығымен өткізілуі;
г) тәрбие жұмысында оқушылардың жас және дербес ерекшеліктері, білімі мен тәжірибесі, қызығушылығы ескеріледі;
Тәрбие жоспары бір жылға, жарты жылға немесе тоқсанға арналып жасалады. Оның негізінде сынып жетекшісі айлық не апталық жоспар құып алады. Бұлай істеу жұмыстың тиімділігін арттырады.
Тәрбие жұмысының жылдық үлгі жоспары:
Сынып жайлы жалпы мәлімет: сынып, белсенділер, тәртібі, оқу үлгерімі, қабілеттері, отбасы жағдайы, тұрғылықты мекен-жайы,туралы қысқаша сипаттама.
Өткен оқу жылындағы шараларға қысқаша талдау.
Жаңа оқу жылына мақсат пен міндеттерді анықтау.
Атқарылатын тәрбиелік шаралар:
р/с |
Жұмыстың мазмұны мен бөлімдері |
Мерзімі |
Жауаптылар |
|
|
|
|
Тәрбие жұмысының апталық үлгі жоспары
Күндер |
Сыныппен жұмыс |
Белсенді оқушылармен жұмыс |
Жеке жұмыс |
Пән мұғалімдерімен жұмыс |
Ата-аналармен жұмыс |
|
|
|
|
|
|
Дәріс № 5. Тәрбие жұмысының формалары
Жоспар:
1. Тәрбие сағатының формалары
2. Сынып жиналысы
3. Клуб жұмысы
Мектепте ұйымдастырылатын тәрбие жұмысының негізгі формасы - сынып немесе тәрбие сағаты. Сынып сағаты - оқушылардың адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда, талғамдарын тәрбиелеуде, мінез-құлықтарын қалыптастыруда, елжандылығын тәрбиелеудегі негізгі жұмыс формасы болып табылады. Сынып сағаты аптаның белгілі бір күні өтеді.Сынып жетекшісінің тәрбие жоспарына сәйкес ұйымдастыру формасы мен әдісі таңдалады. сынып сағатын дайындау жұмысына оқушыларды қатыстырған маңызды. Оқушылар қабырға газетін шығарады, альбом дайындайды, өткізу орнын әзірлейді, бағдарламасын құрады.
Сынып сағатын іш пыстыратын бірқалыпта өткізбей, алдын-ала балаларды не қызықтыратынын зерттеп білген дұрыс. Ол үшін сұрау, сауалнама жүргізуге болады. Тәрбие сағатын ұйымдастырудың әртүрлі жолдары бар:
Пікірталас
Әңгіме
Саяси хабарлама
Үйірмелер мен клубтар
Конференциялар
Кездесулер
конкурстар
Сынып жиналысы
Пікірталастың мақсаты оқушыларды ұжым болып пікір таластыруға, пікір алмасуға, өз ойларын нақты жеткізе білуге, өз бетінше ойлай білуге үйрету. Пікірталас табысты өтуі үшін алдын-ала дайындық жасалады: пікірталас өтетін күні, тақырыбы мен жоспары, талқыланатын сұрақтар, өтетін орны анықталады. Пікірталасты жүргізушілерге де үлкен мән беріледі. пікірталастың ережесі жасалады.
Әңгіме ең жиі қолданылатын формалардың бірі, әсіресе этикалық тақырыптар жиі қоданылады. Мұғалім үнемі өзі сөйлемей, оқушыларға да сөйлеуге мүмкіндік бергені жөн. Әңгіменің тақырыбы, мазмұны оқушыларды қызықтыратындай, әрі көкейкесті болуы керек. Әңгіме барысында өмірден мысалдар келтіруге болады.
Саяси хабарлама оқушыларды еліміздегі және шетелдегі маңызды оқиғалармен таныстырады.
Үйірмелер мен клубтарға оқушылар қызығушылықтарына қарай қатысады.
Конференциялардың оқырмандар конференциясы және тақырыптық конференция деген түрлері бар. Оқырмандар конференциясы белгілі бір жазушының шығармашылығымен танысуға, оқылған кітапты талқылауға бағытталады. Оқырмандар конференциясы оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігін, оқуға деген қызығушылығын тәрбиелейді, оқылған кітапты талқылауға, бағалауға, пікір айтуға үйретеді.тақырыптық конференция белгілі бір нақты тақырыпқа арналады. Онда бірнеше баяндамалар тыңдалып, талқыланады. Конференциялар өтетін орын алдын ала дайындалып, безендіріледі. тақырыпқа сай қанатты сөздер ілінеді, қабырға газеттері шығарылады, кітап көрмесі ұйымдастырылады.
Кездесулер еңбек, соғыс ардагерлерімен, атақты адамдармен өткізіледі. Сынып жетекшісі алдын-ала қонақпен кездесіп, оған кездесудің мақсатын, бағытын, оқушылардың жасы мен ерекшлеліктерін айтады. Сол сияқты оқушылардың қызығушылығын оятып, қонақ жайында құнды мәлімет береді. Кездесу уақыты, орны дайындалады.
Конкурстар оқушылардың ой-өрісін, тапқырлығын, қабілеттерін жетілдіреді, жауапкершілігін дамытады, белсенділігін арттырады. Алдын-ала конкурстың түрі, қатысушылар, оларға қойылатын шарттар, қазылар анықталып, жоспары құрылады, сұрақтар мен тапсырмалар дайындалады.
Сынып жиналысы - оқушылардың өзін-өзі басқаруының жоғары органы болып табылады. Оның негізгі міндеті - сынып өмірін ұйымдастыруға қатысты негізгі мәселелерді шешу. Сынып жиналысында сынып белсенділері тағайындалады, оқу, спорт, мәдени секторлар тағайындалады, ұжым алдында тұрған міндеттер талқыланады. Сынып жиналысының хаттамасы толтырылады: