
- •Қазақ-жоңғар соғыстары
- •«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама»
- •Қазақтардың жеңілу себептері
- •Жоңғар агрессиясының салдарлары
- •Қазақ халқының күш біріктіре бастауы
- •Бұланты шайқасы
- •Билік үшін бақталас күрес және біртұтас халық майданының ыдырай бастауы
- •Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің тарихи маңызы
Бұланты шайқасы
Жоңғар хандығына қарсы ұзаққа созылған күресте 1728 жылы Ұлытаудағы Бұланты өзенінің бойында, Қарасиыр деген жерде қазақ жасақтары тұңғыш рет ірі жеңіске жетті. Бұл шайқасқа қазақтар мен қырғыздар да белсене қатысты. Біріккен күштердің құрамындағы жауынгерлердің жалпы саны 60 мың адамға жеткен еді. Қанды шайқас болған жердің аты «Қалмаққырылған» деген атаумен де қазақ халқының есінде тарихи атау ретінде мәңгі сақталып қалды. Сол шайқаста жоңғарлардың он мыңға жуық жауынгері қаза тапты. Бұланты өзенінің бойындағы жеңістің баға жетпес зор маңызы болды. Ол Қазақ жауынгерлерінің моральдық рухын әлдеқайда күшейтті. Жоңғарлардың жер қайысқан қалың қолы жеңілістің не екенін білмейді деген жалған аңыздың күлін көкке үшырды. Оның есесіне қазақ жауынгерлерін жігерлендіре түсті. Бұланты шайқасындағы жеңіс жалпы халықтың жүрекжарды қуанышына ұласты, қаһарлы жауға қарсы күресте бүкіл халықтың күш-жігерін өлі де біріктіре түсіп, нығайта беруге деген ұмтылысына тың серпін берді. Қазақ жауынгерлерінің Бұланты өзені бойындағы жеңісінің стратегиялық маңызы да зор болды. Ол алдағы Аңырақай шайқасында жауға есінен тандыра, ойсырата соққы берудің сенімді кепіліне айналды.
Аңырақай шайқасы
Қазақ халқының жоңғарларға қарсы азаттық күресі барысындағы өте елеулі оқиға — Аңырақай шайқасы. Бұл шайқас 1730 жылғы көктемде Балқаш көлінің оңтүстік-батыс жағындағы Итішпес Алакөл деген жерде болды. Шайқасқа Кіші жүздің ханы Әбілқайыр тікелей басшылық етті. Оған қазақтың үш жүзінің жасақтары қатысты. Аңырақай шайқасы дәстүрлі жекпе-жек ұрысқа шығудан басталды. Оған жоңғар жағынан әскербасы Шарыш, қазақ жағынан жас батыр Сабалақ (болашақ Абылай хан атанған Әбілмансұрдың жасырын аты) шықты. Сабалақ қарсыласына «Абылай! Абылай!» деген жауынгерлік ұранмен атой сала ұмтылды. Жекпе-жекте қазақ батыры жеңіп шықты. Мұның өзі қазақ жауынгерлерін арқаландырып, олардың жігеріне жігер қосты. Жау жағының берекесі қашып, қатты абыржыды. Жоңғарлардың рухы төмен түсіп кетті. Осы жекпе-жек шайқастан кейін Сабалақ Абылай атанып кетті. Аңырақай шайкасында қазақтар жоңғарларға естерінен тандыра күшті соққы берді. Шайқас даласында жоңғарлардың есеңгіреген, жеңіліске ұшырап, аңырап қалған жері Аңырақай деп аталып кеткен кәрінеді. Үш жүздің хандары мен сұлтандары бұрынғы алтыбақан алауыздықты қойып, күш біріктірудің арқасында қаһарлы жауға жұмыла күресіп, тамаша жеңіске жетті. Бұл жеңіс үш жүздің күш-жігер біріктіруінің әбден қисынды әрі заңды нәтижесі болды. Жүз жылдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысында түбірлі өзгеріс жасалды, енді біржола түбегейлі жеңіске жететін күн де жақын қалды. Жоңғарлар қазақтардан тартып алған жерлерін алды-артына қарай алмай, тастай қашты. Олар бұдан былай қазақ жеріне шапқыншылық жасамауға ант ішті. Қазақ жасақтарының кезекті тамаша жеңіске жеткеніне қарамай, жау жағы әлі де күшті, әлі де қауіпті еді. Сондықтан да бүкіл қазақ халқының ұзақ уақыт бойы жоңғарларға қарсы жанқиярлықпен күрес жүргізе беруіне тура келді.
Билік үшін бақталас күрес және біртұтас халық майданының ыдырай бастауы
Аңырақай шайқасынан кейін жауды түбегейлі біржола жеңудің ауылы алыс қалған жоқ еді. Бірақ тап осы кезде Жоғары мәртебелі Ұлы хан Болат кенеттен қайтыс болды. Ол орыннан үміткерлер арасында тақ таласы басталды. Бүкіл қазақтың Ұлы ханы болудан Әбілқайыр мен Сәмеке дәмелі болатын. Бірақ қазақ ақсүйектерінің тобы бұл ең жоғары лауазымды орынға іс жүзінде ешқандай айтулы қызметімен көзге түспеген Әбілмәмбетті сайлауды лайық деп тапты. Өйткені аймақтық билеушілерге билік басында күшті тұлғаның отыруы керек емес болатын. Сондықтан қазақтың біріккен әскери күштерінің бас қолбасшысы, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр мен Орта жүздіңықпалды ханы Сәмеке әлгі шешімге риза болмай, өздерін қорлағандық санады да, әлі соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақтан өз әскерлерін алып кетті. Сөйтіп Қазақстанның Ресеймен шекаралас жақтарына — бірі солтүстікке, бірі — солтүстік-батыс жаққа қарай көшті. Өкінішке қарай, зор қиындықпен құрылған жалпықазақтық әскери жасақ аяқ астынан ыдырап шыға келді. Қалыптасқан қиын жағдайдан шығудың ендігі жолын әр жүз өздерінше жеке-жеке іздестіруге көшті. Мәселен, Ұлы жүз жоңғарларға әлі де уақытша бағына тұруға мәжбүр болды. Оларға аманат беріп, жыл сайын алым-салықтөлеп тұрды. Жоңғар шапқыншылығының зардабын бәрінен де көп тартқан Орта жүздің жауға қарсы күресті одан әрі жалғастыра беруіне тура келді. Ал Кіші жүз үшін мүлде басқаша жағдай қалыптасты. Ол жан-жағындағы халықтардың қатерлі тығыз қоршауында қалып қойды. Олар хиуалықтар, түрікмендер, Еділ қалмақтары, Жайық Қазақтары және башқұрттар еді. Өйткені бұл кезде олардың қай-қайсысымен де қарым-қатынас нашарлап, шиеленісіп тұрған болатын.