- •Мазмұны
- •Түсіндірме жазба
- •Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру
- •Балалардың жас ерекшелігіне сипаттама
- •«Денсаулық» білім беру саласы
- •Дене шынықтыру
- •Валеология
- •Өздігінен қозғалу белсенділігі
- •«Қатынас» білім беру саласы
- •Тіл дамыту
- •Көркем әдебиет
- •Сауат ашу және жазу негіздері
- •«Таным» білім беру саласы
- •Қарапайым математикалық ұғымдарды қалыптастыру
- •Құрастыру
- •Экология негіздері
- •Қоршаған ортамен танысу
- •«Шығармашылық» білім беру саласы
- •Сурет салу
- •Мүсіндеу
- •Жапсыру
- •«Әлеуметтік орта» білім беру саласы
- •Қоршаған ортамен таныстыру
- •Экология негіздері
- •Көркем әдебиет
- •Ойын іс-әрекетінде баланың дамуы
- •Еңбек іс-әрекетінде баланың дамуы
- •Мерекелер және ойын-сауықтар
- •Әдебиеттер
- •Қимылды ойындар тізімінің үлгісі
- •Ұсынылатын көркем әдебиет шығармалары Оқу мен мазмұндауға арналған шығармалар
- •Қазақстан, Ресей және тмд елдері жазушыларының әңгімелері
- •Әңгімелеуге арналған шығармалар
- •Жаттауға арналған шығармалар
- •Сурет салу сабағының тақырып үлгісі
- •Жапсыру сабағына арналған тақырыптар үлгісі
- •Мүсіндеу сабағына арналған тақырыптар үлгісі
- •Балаларды өнермен таныстыру
- •Музыка: ұсынылатын репертуар Музыка тыңдау
- •Ән салу
- •Музыкалық-ырғақтық қимылдар
- •Балалар музыкалық аспаптарында ойнау
- •Музыкалық – дидактикалық ойын
«Шығармашылық» білім беру саласы
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балаларды өнер әлеміне баулу, эстетикалық талғамын, шығармашылық құзыреттілігі мен қиялдау қабілетін дамыту, жан құбылысын, сезімі мен ойын көркем түрде жеткізе білу талпынысын жетілдіру.
«Шығармашылық» білім беру саласының базалық мазмұны төмендегідей ұйымдастырылған оқу іс-әрекетінің түрлері:
- сурет салу;
- мүсіндеу;
- жапсыру;
- музыка арқылы жүзеге асады
Сурет салу
Мақсаты: мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың шығармашылық құзыреттілігінің қалыптастыру міндеттеріне сәйкес бейнелеу өнерінің мазмұнын толықтыру, сурет салудың барлық түрлеріндегі іскерліктерін жетілдіру, бейнеленетін бейнелерді түсіну қабілеттерін тәрбиелеу мен эстетикалық сезімдерін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Заттар мен қоршаған ортадағы құбылыстарды түсінуі мен затқа қарап, пішінін, заттардың қатынасын, бөліктерінің орналасуы мен түсін бейнелеу тәсілдеріне үйретуді жалғастыру.
2. Қиялын, байқағыштығы мен әлемді бейнелі қабылдауын дамыту.
3. Бейнелеу өнерінің техникаларын, іскерлігі мен дағдыларын қалыптастырып, сурет салу барысында дұрыс отыру, қылқаламмен және қарындашпен жұмыс істеу дағдыларын бекіту.
4. Бейнелеу өнерінің материалдары мен құралдарының қасиеттерімен таныстыру.
5. Балалар әдебиеті суретшілерінің шығармаларымен, бейнелеу өнерінің алуан түрлерімен таныстыру.
6. Іс-әрекет мәдениетіне тәрбиелеу, ынтымақтастық дағдыларын қалыптастыру, ұжыммен жұмыс істеуге үйрету. Балалардың аналитикалық-синтетикалық қабілеттерін дамыту: қойылған міндеттерге сәйкес өз жұмысының нәтижесін бағалай білу іскерлігі.
Мазмұны:
Затқа қарап сурет салу
Балаларды елестету және заттарға қарап гүлдер, көкөністер, күрделі емес ойыншықтар сұлбасын өздеріне тән ерекшеліктерін сақтай отырып салуға үйрету.
Пішіндер (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш) туралы білімдеріне сүйене отырып негізгі пішінін, заттар мен олардың бөліктерінің үйлесімділігін нақты беруге, бөліктердің салыстырмалы көлемі мен орналасуына, түстер туралы біліміне (қызыл, қызыл-сары, сары, жасыл, көк, күлгін, қоңыр, қара, ақ және олардың реңктері) сүйене отырып заттардың түстеріне, өз талғамымен түстерді таңдауға үйрету. Акварельмен жұмыс істеу тәртібімен, бояудың қажетті қоюлығын алу үшін акварель бояуын су тақтайшасында сумен араластыра білуге үйрету, бояуларды араластыруға, колоритті беру үшін бояулардың үйлесімділігі мен қағаздың түсін таңдаумен таныстыру, заттардың шынайы түстері мен бейнелетін затқа өзінің қарым-қатынасын қолдана білуге үйрету.
Бірнеше біркелкі заттардың мөлшеріндегі ерекшеліктерін (үлкен және кішкентай үйлер, ағаштар, көкөністер, жануарлар мен олардың төлдері және т.б.) жеткізе білу іскерліктерін қалыптастыру.
Түрлі жануарларға тән ерекшеліктерді байқау және олардың суреттерін сала білу іскерліктерін қалыптастыру. Жануарлардың бейнелерін жеңіл қозғалыстар мен қалыптарды бейнелеу арқылы мәнерлі бере білуге үйрету. Балаларға жүн мен қауырсынға тән бейнелерді келесі тәсілдер: түрлі штрихтар, түрлі басулар, қатты қылқаламмен, тушь арқылы сала білуге үйрету. Қажетті түсті алу үшін қарындашты әртүрлі басып қолдануға, қарындашпен жеңіл контурларды салуға үйрету.
Құстардың сыртқы бейнесі, барлық құстардың сыртқы ерекшеліктеріне қарамастан құрылымы жағынан ұқсастығы, пішіні мен бөліктерінің шамаларынан жалпы түсініктерін қалыптастыру. Суретте түрлі құстарға тән ерекшеліктерін бере білуге үйрету.
Суретте адамның қарапайым қимылдарын, қозғалу барысындағы қол мен аяқтарының қалыптарын бере білуге үйрету.
Серуен кезінде байқағандары бойынша ағаштарды, үйлерді, трамвай мен автобустарды және мереке күндерінен, қарапайым табиғат суреттерінен алған әсерлерін салғызу.
Ағаштардың бұтақтары (қызыл тал, шырша, мимоза, терек), жапырақты немесе гүлдеген бұталарға, кейбір дала және бақша гүлдеріне (түймедақ, бақбақ, қызғалдақ, лалагүл) қарап сурет салу.
Сәндік сурет салу
Қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, шаршы) өрнектерді құрастыра білу іскерліктерін бекіту. Дөңгелектерде, розеталарда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы мен жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді құрастыру. Пішіндері мен түстері әртүрлі 2-3 элементті алмастырып, ақ және түрлі-түсті фондарды қалауынша қолдану. Геометриялық пішіндер мен өсімдік элементтерінен өрнектерді ырғақпен орналастыруға үйрету (шеңберлер, үшбұрыштар, ирек сызықтар, жуан және жіңішке сызықтар, жағыстар, нүктелер, гүлдер, жидектер, жапырақтар және т.б.).
Балаларға түрлі материалдар: қарындаштарды (графитті және түсті), бояуларды (гуашь, акварель) қолдануды үйрету.
Қарындаштармен сурет салу барысында саусақтарға күш түсірмей, көлбеу ұстау қажет, штрихтарды біркелкі жеңіл қимылмен бір бағытта әрі-бері сызу. Сызықты контурдың сыртына шығаруға болмайды.
Бояумен сурет салу барысында қылқаламды бояуға жақсы сіңіру қажет. Қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізіледі, қылқаламмен қағазға басып салу тәсілдерін қолдануда (жапырақтар мен гүлдерді салу), қағаздың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратуға үйрету.
Түрлі халықтардың қолданбалы өнеріне тән өрнектердің элементтерімен және түстердің үйлесімділіктерімен таныстыру. Қазақ мәдениетіндегі зергерлік, ағашты ойып, өрнектеу, киімге кестелеп және алтынмен тігу өнерлері туралы түсінік беру. Табиғат күйлері, гүлдер, қауыздар, төселіп жатқан өркендер мен дәндердің қазақтың әшекей өнеріндегі киіз басу, кілем тоқу, тоқыма заттарында кездесетінін атап өту.
Түзу сызықтардың түрлі байланыстарымен құрылған қазақтың «Тұмар», «Балта», «Шаршы», «Ілгек», «Жұлдыз», «Ботагөз», «Бес жапырақ» «Гүл» өрнектерінің суретін салу. Элементтерді пішіндер мен сұлбалардың ортасы мен шеттеріне орналастыра білуге үйрету.
Қазақтың оюларының көптүрлілігі туралы түсініктерін кеңейту, ерекшеліктері мен оларға тән элементтерін қолдана отырып құрастыра білу іскерліктерін дамыту. Қазақ оюларының элементтерін құрастыру: имек және доға пішіндерінен құрастырылған «Қызғалдақ гүлі», «Қойдың ізі», «Құстың қанаты» өрнектерін сұлбаларға орналастыру. Қазақ оюларына тән түрлі түстердің үйлесіміне құрылған тапсырмаларды орындау, таныс элементтерден композициялар құрастыру, ұжымдық жұмыстарды орындау.
Орамалдарды, сулықтарды, сүлгілерді ұлттық сәнді маталардың желісімен суреттерді салу барысында іскерліктері мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндіктер туғызу. Элементтерді кезектестіру арқылы маталарға өрнектер құрастыру (жолақша, торлы өрнек, ірі және кіші пішіндерді 2-3 элементті кезектестіру арқылы бүкіл парақты толықтыру) іскерліктерін дамыту.
Қазақ ою-өрнектерінің сипаты (арқар мүйіз, сонымен қатар, бес бейнелік пішіндер, қиықтар) мен оның үйлесімділігін бере отырып, жапсырылған және қатырма қағаздан жасалынған көлемді пішіндерді (қораптар, бокалдар және т.б.) безендіру. Заттарды балалардың ойынша безендіру.
Дымков ойыншықтарымен (аттар, лақтар, шелектер), ағаштағы ас тақтайшалары, панно, сәнді табақтарды городец көркем суретімен таныстыру.
Ұжымда жұмыс істеуге, халық шеберлерінің еңбегін құрметтеуге тәрбиелеу.
Сюжетті сурет салу
Бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін (табиғат суреттері, қоршаған ортадағы оқиғалар, мерекелер, адамдардың еңбегі, ертегі, әңгіме, өлең, әндер мен мазақтамалардың сюжеттері) бейнелей білуге үйрету.
Қазақ халқының өмірін, тұрмысын, еңбегін білдіретін қазақтың ертегілері мен аңыздарының желісімен суреттер салу («Қаңбақ шал», «Ақсақ құлан» және т.б.). Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынастарын бейнелеуге үйрету. Кейіпкерлердің әрекеттерін бейнелеу. Қарапайым психологиялық сипаттамаларын құру, заттардың кеңістікте бір-біріне жақын, бірге және т.б. орналасуын бере білу.
Суреттегі түстік қатынастарды жеке шешуге: табиғат пен ұлттық өнердің орнын қарама-қарсы және үйлесімді байланыстарына еліктеп бояуларын таңдауға, жыл мезгілдерін, тәулік уақытын, әрекеттердің орнын түстермен бейнелеуде өзінің қатынасын бере білуге, бұлыңғыр немесе шуақты күнді, мерекелік от шашу, кешкі өзендегі жарығы жанған кеме және т.б. қағаздың түсіне сәйкес бояуларды таңдауға үйрету, түстердің қарама-қарсы және пастелді гаммаларын қолдану.
Бейнелерді бүкіл параққа, бір сызықтың бойына, жалпақ жолақшаға (жақын, алыс) орналастыру іскерліктерін қалыптастыру. Қағаздың төменгі жолақшасына жердегі заттарды, жоғарғы бөлігіне жоғарыдағы заттарды орналастырып кеңістіктік қатынасын бере білуге үйрету.
Ойдан салу және ұжымдық жұмыстарды қолдану.
Балаларды өнермен таныстыру
Балаларды бейнелеу өнер түрлерімен (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) таныстыруды жалғастыру.
Кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), портреттермен, пейзаждармен таныстыру.
Суретшілердің жұмыстарымен таныстыру: Ә. Қастеев («Жас Абай», «Биік таулы мұз айдын»), М. Лизогуб («Ертегі»), С. Романов («Отан аясында»), К. Тельжанов («Жамал»), А. Дюзельханов («Арыстан мен түлкі», «Батыл есек», «Жыл басы», «Көктем»), А. Исмаилов («Қамбар-батыр») және т.б.
Суретшінің әр жыл мезгілінде (алтын күздің көп түстілігі мен көктемнің тұнықтығын) табиғат сұлулығын қалай көрсеткенін сезіне білуге үйрету. Шығарманың мазмұнын көріп, түсінумен қатар, суретшінің табиғатты суреттей отырып, нені жеткізгісі келгендігін (қуаныш, қайғы) қандай әсерлендіргіш құралдар пайдаланғандығын түсіне білуге үйрету. Портреттік кескіндемемен танысу барысында суретші адамның көңіл күйін қалай беріп тұрғандығына назар аудару.
Балалардың шығармаларды қарау барысында бейнеленген құбылыстарды сезіну, суретшінің жеткізбек ойын түсіне білу қабілеттерін қалыптастыру. Мысалы, жазғы таңның сұлулығынан қуанышты көңіл күй сезіну (И. Шишкин «Қарағайлы ормандағы таң»), қоршаған орта мен жасампаз еңбек туралы (Ә. Қастеев «Қызыл үй»), қыздың ерке көңіл күйі (И. Репин «Инелік»), бұлтты аспан мен қураған шөптің мұңды көңіл күйі (В. Серов «Қазан»). Аңдар бейнесін мейіріммен жылы қабылдауға үйрету. Бөлме ішінде өнер туындыларын орналастыру әсемдігіне көңіл бөлуге үйрету.
Қазақ халқының ұлттық өнер туындыларымен, әшекей бұйымдарымен, тұрмыстық заттарымен, ат әбзелдерімен, киім-кешегімен таныстыру. Ұлттық ойыншықтар мен әшекейлер туралы (тәрбиешінің қалауымен) түсінік беру.
Шағын бейнелерді мүсіндеу (құстардың, балықтардың, жануарлар мен адамдардың) туралы түсініктерін кеңейтуді жалғастыру. Бейнені жасауда суретшінің қандай әсерлендіргіш құралдарын қолданғандығын көре білуге, бейненің мінез-құлқын анықтай білуге үйрету. Мүсінді тұғырда айналдырып, жан-жағынан анықтап қарауға үйрету.
Әр түрлі материалдардан (фарфор, сүйек, керамика, ағаш, шойын, шыны т.б.) жасалған мүсіндермен таныстырып, бұл мүсіншінің қолынан шыққан туынды екендігін әңгімелеу. Жұмыс үстіндегі мүсіншінің суретін көрсету. Мысалы: К. Наурызбаевтың «Абай», «Шоқан»; М.В. Нестеровтің «Мүсінші Вера Игнатьевна Мухинаның портреті».
Мүсіндеу құралдарымен таныстыру: «Бүркіт» (ағаш), «Көжек» (фарфор). Көлемдік пішініне, қалыбына, ырғағы мен материалына көңіл аудару. Суретшінің мүсіндік портрет құралдарын қолдана отырып кейіпкердің мінез-құлқын түсінуге үйрету (даналық, ерлік, ананың қайсарлылығы). Ұлы Отан соғысының батыры Н. Әбдіровтың анасының бейнесімен таныстыру (А. Ғалымбаеваның «Батыр анасы»).
Ұлттық музыка аспаптары: домбыра, қобыз; сәндік-қолданбалы өнер заттары: қымызға арналған ыдыстар - тегене, тостаған, ожау; ою ленталар - желбау, басқұр, жостов табақтары, хохлома нақышы, украиндық құмай, жетіген, шаңқобыз, қылқобызбен т.б. таныстыру.
Балаларды балаларға арналған кітаптарын безендіру құралдарымен таныстыру (В. Конашевичтің балаларға арналған кітабына А.С. Пушкиннің «Балықшы мен балық туралы ертегісі», С.А. Михалковтың «Сізде не бар?» шығармасына А. Пахомованың иллюстрациялары. Балалар кітаптарының қазақстандық суретшілері: график К. Пак, суретші К. Каметов, қазақтың ұлттық эпосы мен ертегілерінің суретшісі Е. Сидоркин).
Қауырсынмен, қарындашпен, акварельмен орындалған суреттердің айқындылығы мен кітапты безендірудің ерекшеліктерін (суреттердің мәтінге сәйкестілігі, мұқаба, титул парағы, басы, соңы) ескеруге үйрету.
Жыл соңында сурет салу бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- бейнелеу өнерінің суреттеу құралдары туралы бастапқы түсініктерін;
- заттарды сипаттау белгілерін және құбылыстарын бөліп қарау және оны өзінің бейнелеу іс-әрекетінде көрсетуді;
- табиғи және заттарға - гүлдер, көкөністер, жемістер, бейнеуі күрделі емес ойыншықтар, жануарлар мен адамдарға қарап салу бойынша сурет салуды;
- сурет салуда адамның қарапайым қимылдарын жеткізуді;
- суретті салуда суреттеу құралдарын (түсі, пішіндері, композициясы, ырғақ және т.б.) қолдануды;
- гуашьпен, акварельмен, графитті және түсті қарындаштармен жұмыс істеуді;
- қылқаламмен жұмыс істеу тәсілдерін (жағу, малу) білуі;
- қарапайым пішіндерде (шеңбер, сопақша, тіктөртбұрыш, сызық) өрнек құрастыруды;
- розеткаларда, үшбұрыштар мен алтыбұрыштарда ортасы, бұрыштарын, жиектерін көрсете отырып сәнді өрнектерді салуды;
- өрнекте геометриялық пішіндерді және өсімдік элементтерін ырғақпен орналастыруды;
- қазақтың ою-өрнегінің көп түрлілігі туралы, сәнді-көркем кәсіптің (дымков ойыншығы, городецкая нақышы) эстетикалық ерекшеліктері туралы;
- қазақтың ою-өрнек элементтерін салу және оларды бейнеуде орналастырып, олармен киімдерді, тұрмыстық заттарды безендіруді;
- бір мазмұнға біріктіре отырып бірнеше заттардың суреттерін бейнелеуді;
- суретте түрлі техниканы дербес қолдануды;
- бейнелерді бүкіл параққа орналастырып, заттардың кеңістіктік қатынасын беруді;
- ұжымдық жұмыстарды орындау, өз ойы бойынша сурет салуды;
- бейнелеу өнерінің алуан түрлілігі (кескіндеме, графика, мүсіндеу, сәнді-қолданбалы өнер) туралы;
- кескіндеме өнері туындыларымен (суреттер мен қазақ, орыс және кеңес дәуірі суретшілерінің өңдеген суреттері), кескіндеме түрлерін (портрет, натюрморт, пейзаж), сәнді-қолданбалы өнерін білуі тиіс.
