Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
БМБ каз.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
576.51 Кб
Скачать

Экология негіздері

Мақсаты: бала санасына экологиялық түсініктер мен адам – табиғаттың бір бөлігі екендігін жеткізу. Адамның өмірі оның жеке басының жағдайы мен қоршаған әлеммен үйлесімді байланысында екендігін түсінетіндей құндылықтар жүйесін қалыптастыру.

Міндеттері:

1. Мектепке дейінгі ересек жастағы балалардың қабылдауына сай келетін қарапайым экологиялық білім беру.

2. Табиғат әлеміне танымдық қызығушылығын арттыру.

3. Табиғи нысаналар мен құбылыстарды бақылау дағдыларын қалыптастыру.

4. Табиғат аясында өзін-өзі ұстаудың қарапайым жолдары мен күнделікті өмірде табиғатты жүйелі түрде пайдалану дағдыларын дамыту.

5. Өзінің табиғатқа қарсы жасаған іс-әрекетінің аяғы немен аяқталатынын көру, сезіну дағдыларын қалыптастыру.

6. Табиғат әлеміне адамгершілікпен және қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу.

Мазмұны:

Өлі табиғат заттары мен құбылыстары

«Өлі және тірі табиғат» туралы түсінік беру.

Өлі табиғат заттарын адам қолымен жасалған заттардан ажырата білуге үйрету.

Тұман, найзағай, бұршақ, шық, қырау, тамшы, кемпірқосақ және т.б. табиғи құбылыстар туралы білімдерін кеңейту.

Судың қатты, сұйық, газ тәрізді үш күйде болатындығымен таныстыру.

Көмір, құм, балшық, мұнай, гранит сияқты табиғаттың материалдарымен және олардың қасиеттері мен қажеттіліктерімен таныстыру. Оларды ажыратып, атай білуге үйрету.

Табиғаттағы маусымдық өзгерістер

Табиғаттағы маусымдық күз мезгіліндегі өзгерістерді (күн қысқарды, түн ұзарды, жапырақтар түсу, тұман, қырау, жаңбыр, жел, шыбын-шіркейлердің біртіндеп жоғалуы, жыл құстарының жылы жаққа ұшып кетуі, кейбір жануарлардың ұйқыға кетуі, астық жинау, қысқа жеміс-жидектерді дайындау), қыс мезгіліндегі маусымдық өзгерістерді (күн қысқарып, түн ұзарады, аяз, қар жауу, өзендер мен су қоймаларына мұз қату, қарлы жер, жапырақсыз ағаштар мен бұталар, қалалар мен елді мекендер көшелерін қардан тазалау, жабайы аңдар мен қыстап қалған құстарды қоректендіру), көктемдегі маусымдық өзгерістерді (күн ұзарып, түн қысқара бастайды, ағаштар бүршік жарады, алғашқы шөптер, бәйшешек шығады, жыл құстары ұшып келеді, жәндіктер пайда бола бастайды, кейбір жабайы аңдар қысқы ұйқыдан оянады, жан-жануарлар төлдейді, дәнді дақылдар мен көкөністерді сеуіп, көшеттерін отырғызады), жаздағы маусымдық өзгерістерді (күн өте ұзақ, түн қысқа, күннің ысуы, өсімдіктердің өсуі, жануарлардың, жәндіктердің, құстардың тіршілігі, бақшадағы мәдени өсімдіктерді күтіп-баптау) бақылап, ерекшеліктерін ажыратып айта білу дағдыларын қалыптастыру.

Өсімдіктер әлемі

Ағаштар, бұталар, шөптер туралы ұғымдарын қалыптастыру. Қыс мезгіліндегі өсімдіктер тіршілігімен таныстыру.

Ағаштар мен бұталардың бірнеше түрін ерекшеліктеріне қарай (жапырағына, жемістеріне, діңіне) ажыратып, атай білуге үйрету.

Жемістер мен көкөністер туралы түсініктерін кеңейту. Оларды ажыратып, жемістерді бөлек, көкөністерді бөлек топтастыруға, аттарын дұрыс атай білуге үйрету.

Өсімдіктердің тірі табиғатқа жататындығын, оған да басқа тірі денелер сияқты өсіп-жетілуі үшін арнайы жағдайлар (топырақ, жарық, жылу, су) керек екендігін түсіндіру. Өсімдіктердің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Бөлме өсімдіктері туралы білімдерін кеңейту. Оларды ерекшеліктеріне қарай ажыратып, атауларын дұрыс айтуға үйрету.

Өсімдіктің көбею жолдарымен (тұқым, қиынды бұтақшалары, түйін т.б.), өсімдіктердің дұрыс жетілуіне кері әсер ететін жағдайлармен (жарықтың, жылудың, ылғалдылықтың, тыңайтқыштардың жетіспеушілігі т.б.) таныстыру. Өсімдіктердің өсіп-жетілу жолдарымен (тұқым, бүршік жару, жапырақтары мен сабағы, гүл), өсіру тәсілдерімен және оларды күтіп-баптау (жерге отырғызу, суару, жерді қопсыту, отау, құнарландыру) түрлерімен таныстыру.

Өсімдіктердің әр алуан жерлерде (дала, шалғын, орман, бау-бақ және т.б.) өсетіні туралы түсініктерін қалыптастыру. Кейбір дәрілік өсімдіктер түрлерімен (жолжелкен, өгейшөп, мыңжылдық, түймедақ) және олардың емдік қасиеттерімен таныстыру. Аймақтың табиғат ерекшеліктеріне тән өсімдіктері (түйетабан, сексеуіл, бетеге, қараған, ебелек (қаңбақ), жүзген) туралы түсініктерін қалыптастыру.

Қызыл кітапқа енген өсімдіктермен таныстыру, олардың қандай жерде өсетіндігі жайлы түсінік беру.

Жеуге жарамды (қозықұйрық, ақ саңырауқұлақ, қайыққұлақ, қызғылтсары саңырауқұлақ) және улы саңырауқұлақтардың кейбір түрлері туралы түсінік беру.

Өсімдіктер әлеміне ұқыпты қарауға, өсімдіктерсіз тіршілік атаулы өмір сүре алмайтындығы туралы түсінік беру.

Жануарлар әлемі

Жабайы аңдардың тіршілігі туралы түсініктерін кеңейту.

Күз-қыс, көктем-жаз маусымдық кезеңінде аңдардың сыртқы келбеті мен тіршілігінің ерекшеліктерін сипаттап (мекендейтін жері, түсі, азығы, қысқа дайындығы, кейбір аңдардың қысқы ұйқыдан тұруы, түлеуі, ұя салу, көбеюі) атай білуге үйрету.

Қазақстанды мекендейтін жабайы аңдармен (құлақты кірпі, саршұнақ, қарсақ, даладағы тасбақа, қосаяқ, құлан), олардың сыртқы келбетімен, мекендейтін жерімен, Қазақстандағы Қызыл кітапқа енген жануарлармен (арқар, киік, барыс, қарақұйрық) таныстыру, оларды сыртқы келбетіне қарап ажырата білуге үйрету.

Қазақстанда қыстап қалатын (бозторғай, сауысқан, қарға, сарышымшық, кептер) және жыл құстары (көкек, қарлығаш, қараторғай, ұзақ) туралы ұғымдарын қалыптастыру. Оларды белгілеріне қарай ажыратып, атай білуге үйрету.

Табиғат бұрышындағы жануарлар тіршілігімен, ондағы объектілерге қажетті құралдармен таныстыру.

Балалармен бірге табиғатты бақылау күнделігін толтыру.

Үй жануарлары мен үй құстарының түрлерімен, олардың ерекшеліктерімен таныстыру. Мысалы, түйе, қой, жылқы, сиыр, ешкі, тауық, қаз, күрке тауық және т.б. Үй жануарларының адам өміріне қажеттілігін, оларды өсірудің маңыздылығын түсіндіру.

Қазақстанның өзен-көлдері, ондағы балықтар (жайын, тыран, алабұға, көксерке, сазан) туралы түсініктерін қалыптастыру, оларды ерекшеліктеріне, тіршілігіне қарай ажырата білуге үйрету.

Кейбір жәндіктердің түрлері мен тіршілігі, олардың мекендейтін жерлері туралы түсініктерін қалыптастыру.

Бүкіл тіршілік атаулының бір-бірімен тығыз байланысы мен «азық тізбегі» туралы түсінік беру.

Жануарлар әлемінің адам өміріндегі маңызын түсіндіру.

Балалармен бірге табиғатты бақылау күнделігін жүргізу.

Табиғат аясында өзін-өзі ұстау ережесі

Жануарлар мен өсімдіктердің барлық түрлерін сақтаудың қажеттілігінің себептерін түсіндіру.

Тірі табиғат бұрышындағы жануарлар мен өсімдіктерді күту ережелерімен таныстыру. Оларға қамқорлықпен ұқыпты қарауға дағдыландыру.

Саңырауқұлақ теру жолдары және кейбір жеміс түрлерімен таныстыру.

Табиғат аясында өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін (ағаштардың жапырақтарын, гүлді жұлмау, гүлзарларды таптамау, ұяларды бұзбау, қоқыс тастамау және т.б.) сақтауды үйрету.

Табиғатты шамасы келгенше (табиғат аясындағы демалыстан кейін қоқыстарды жинау, бұлақ көзін ашу, өсімдіктер мен жануарларға қамқорлықпен қарау, тірі табиғат бұрышындағы объектілерді күтіп-баптау, қыстап қалатын құстарға көмек беру және т.б.) қорғау, оны сүю сезімдерін ояту.

Табиғат аясындағы демалыста, еңбек ету барысында қоршаған ортаға өзінің іс-әрекеті арқылы әсер ететіндігі туралы түсінік беру.

Жыл соңында экология негіздері бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:

- «тірі» және «өлі» табиғат ұғымдарын ажыратуды;

- тірі және өлі табиғат объектілерін, табиғаттағы маусымды өзгерістерді атау және ажырата білуді;

- ағаштардың, бұталардың, шөптердің, гүлдердің, саңырауқұлақтардың, көкөніс пен жемістердің, дәрілік шөптердің бірнеше түрлерін атауды және ажыратуды;

- өсімдіктердің өсуі үшін қажетті жағдайларды, олардың көбеюінің бірнеше тәсілдерін;

- адам үшін өсімдіктің мәнін зердесіне жеткізуді;

- үй және жабайы жануарлардың, қыстайтын және жыл құстарының, жәндіктердің, балықтардың, жануарлар және құстардың бірнеше түрлерін атауды және ажыратуды;

- жануарлар өмірінің күзгі, қысқы және көктемгі-жазғы кезеңдері туралы;

- табиғатта өзін-өзі ұстаудың қарапайым ережелерін;

- табиғатты шамасы келгенше сақтауға көмек көрсетуді;

- тірі табиғат бұрышындағы өсімдіктер мен жануарларды күтудің қарапайым дағдыларын;

- жердегі барлық тіршілік иелерінің өзара байланысын зердесіне жеткізіп, қоршаған ортаға өзінің кейбір іс-әрекеті арқылы әсер етудің қарапайым салдары туралы алдын алуды білуі тиіс.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]