- •Периодонттың қабынуы (воспаление периодонта).
- •Периодонт қабынуының этиологиясы.
- •Периодонт қабынуының жүйесі.
- •Периодонттың созылмалы гранулденіп қабынуы.
- •Периодонттың созылмалы гранулемаланып қабынуы.
- •Периодонттың созылмалы қабынуының өршуі.
- •Периодонттың қабынуын емдеу.
- •Периодонттың жедел қабынуын емдеу.
- •Периодонттың дәріден (химиялық заттардан) жедел қабынуын емдеу.
- •Периодонттың жарақаттан жедел қабынуын емдеу.
- •Бір түбірлі тістегі периодонттың созылмалы қабынуын емдеу.
- •Периодонттың қабынуын бір қабылдауда емдеу.
- •Көптүбірлі тістер периодонтының созылмалы қабынуын емдеу.
- •Периодонт қабынуын консервативті-хирургиялық әдіспен емдеу.
- •Периодонт қабынуын емдеген кезде жіберілетін қателіктер мен асқынулар, оларды жою және алдын алу.
Периодонттың дәріден (химиялық заттардан) жедел қабынуын емдеу.
Периодонт қабынуының бұл түрінде көпшілік жағдайда тісі сырқат адамдар дәрігерге уыттану сатысында келеді және қабыну үрдісі мышьяк қышқылының және күшті антисептиктер әсерінен (фенол, формалин) дамуы мүмкін.
Сондықтан, бірінші қабылдауда тісжегі қуысын егеп-тазалап, сауыт қуысын ашып, өліеттенген сауыт және түбір ұлпасын алып тастайды. Ал күшті антисептиктер әсерінен периодонтта тітіркенуі үрдісі байқалса, ертеректе қалдырылған білікті немесе анжыны алып тастайды. Түбір өзегін мұқият антисептиктер ертіндісімен (натрий гипохлоридінің 5%, сутегінің асқын тотығының 3%, фурациллиннің 1:5000 қатынастағы ертінділері) және ферменттермен (трипсин, химотрипсин) жуып, кептіреді. Мышьяк қышқылы уытты әсер еткен жағдайда түбір өзегінде 1-2 күнге антидоттар болып саналатын дәрілермен (унитиолдың 5% ертіндісі, иодинолдың 1% ертіндісі, Люголь ертіндісі) мақта білік қалдырып, уақытша пломбы қояды. Ал көп түбірлі тістерде калий иодидінің 10% ертіндісімен электрофорездеу әдісін жүргізеді. Басқа жағдайларда түбір өзегінде қалампыр майымен, эвгенолмен, ауырусыздандырушы дәрілермен ылғалданнған білік қалдырады.
Егер осы жүргізілген емдеу шараларынан кейін де ауыру сезімі күшейе бастаса, уақытша пломбыны алып тастау керектігі жөнінде кеңес беріледі.
Көпшілік жағдайда екінші қабылдауда ауыру сезімі болмайтындықтан, түбір өзегін ұсақ аспаптармен және антисептиктермен өңдегеннен кейін қатаятын пломбылық материалмен түбірұшы тесігі деңгейіне дейін пломбылайды.
Ал егерде бірінші қабылдауда жүргізілген емдеу шаралары периодонттағы уыттану үрдісін тежей алмаса, екінші қабылдауда физиотерапиялық әдістерді қолданады.
Бұл кезде натрий хлоридінің изотониялық ертіндісімен гальванизациялау, иодтың 5% спиртті тұнбасымен (үлкен азу тістерде), калий йодидінің қаныққан ертіндісімен (алдыңғы топтағы тістер мен кіші азу тістерде) электрофорездеу әдістерін жүргізген тиімді. Осыдан кейін тіс қуысында зарарсызданған мақта анжы қалдырып, уақытша пломбы қояды. Егер тіс ауырмаған болса, 1-2 сөткеден кейін үшінші қабылдауда түбір өзегін пломбылайды және тұрақты пломбы қояды.
Периодонттың жарақаттан жедел қабынуын емдеу.
Емдеу шараларының негізгі мақсаты – периодонтты жарақаттаушы себептерді жою (қойылған пломбы биік болса, артығын алып тегістеу) және симптоматикалық ем жүргізу (ауырусыздандырушы дәрілерді және физиотеропиялық шараларды қолдану). Егер тіс жарақаттаушы ықпал әсерінен орнынан тайған болса, тістің электрқозғыштығын анықтайды (қантамыр-нерв шоғырының жағдайын білу үшін) және рентгендік тексеруден өткізеді (тіс түбірінің сынған-сынбағанын анықтау үшін). Бұл кезде тайған тісті қайта орнына орнықтырып, көрші тістерге шендеуішпен бекітеді және аса көп шайнау күшін түсірмеу туралы кеңес беріледі. Жарақаттан кейін 3-4 апта өткен соң тістің электрқозғыштығын қайта анықтайды. Егер электрқозғыштық көрсеткішінің қалпына келу нышаны байқалмаса, тіс сауытын тесу арқылы өліеттене немесе ыдырай бастаған ұлпаны алып тастап, түбір өзегін пломбылайды. Себебі, өзекте өліеттенген ұлпа ыдырауынан бөлінген белсенді заттар жүре келе периодонтта созылмалы қабыну үрдісін туындатады. Периодонттың жарақаттан жедел қабынуы ұлпа қабынуын емдеген жағдайда түбір өзегін пломбылау кезінде пломбылық материалдың түбірұшы сыртына шығып кетуі нәтижесінде дамуы мүмкін. Бұл кезде емдеу шаралары ауызды жылы ертінділермен (ас содасының, ас тұзының 1-2% ертінділері, шөптер тұнбалары) бұлаумен (күніне 3-4 рет) ауырусыздандырушы дәрілер тағайындаумен және физиотерапиялық шаралармен шектеледі. Кейде сырқат тіс тұсындағы ауыспалы қатпарға анестетиктер ертіндісімен линкомицин ертіндісін бірге күніне бір рет енгізуге болады (1мл. және линкомициннің 30% ертіндісінің 1 мл.). Барлығы 2-3 инъекция. Егер ауыру сезімі басылмаса, қойылған пломбыны алып, түбір өзегінен пломбылық материалды алуға тура келеді және симптоматикалық ем тағайындалады.
Периодонттың жедел қабынуының барысы – клиникалық сауығу. Бірақ қабынуға ұшыраған периодонт тіні қабыну тоқтағаннан кейін бастапқы қалпына келмей, ірі талшықты тыртыққа ұқсас тінге айналады және өзіне тиісті қызметін атқара береді. Кей жағдайларда периодонттың жедел қабынуы созылмалы қабынуына ауысады немесе өте ауыр патологиялық үрдістерге жататын альвеола сүйегі қабығы мен сүйек майының қабынуымен асқынуы мүмкін.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу.
Қазіргі кезде периодонттың созылмалы қабынуын одонтогенді инфекция көзі деп санауға толық дәлел бар. Сондықтан периодонттың созылмалы қабынуын емдеу әдісін таңдау қабыну үрдісінің ерекшелігін, аумағын, организмнің жалпы жағдайын, одонтогендік ошаққа байланысты аурулардың бар-жоғын ескеруді қажет етеді.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеудің негізгі әдістері консервативтік, консервативті-хирургиялық және хирургиялық болып бөлінеді. Сонымен қатар жалпылай емдеу әдісіне де естен шығармаған.
Консервативтік (терапиялық) әдістер.
Периодонттың созылмалы қабынуын емдеу кезінде қойылатын негізгі міндеттер: негізгі өзектер (макроканалы) мен өзекшелердегі (микроканалы) микроорганизмдерді жоя әсер ету; органикалық заттар ыдырауынан пайда болған биогендік аминдердің организмге әсерін тежеу; периодонттағы қабыну үрдісін тоқтату; түбір ұшы аймағындағы бұзылған тіндердің қайта қалпына келіуіне ықпал ету; организмнің жоғары сезімталдығын жою немесе десенсибилизациялау.
Периодонттың созылмалы қабынуының консервативтік емдеу әдісінің нәтижелі болуының бірден-бір кепілі – түбір өзегінің жақсы өтуі. Себебі, түбір өзегі арқылы түбір сыртындағы қабыну ошағына дәрілермен белсенді түрде әсер етуге және түбір өзегін пломбылау арқылы инфекцияның периодонтқа өтетін жолын бөгеуге болады. Консервативтік емдеу әдісі төмендегі шараларды қарастырады: а) түбір өзегінен ұлпа ыдырандысын алу; б) өзектегі микрофлораларға әртүрлі дәрілермен жояәсер ету; в) түбір өзегін кеңейте және түбір ұшы тесігін аша отырып қажет болса эндодонттық аспаптармен өңдеу; г) түбір ұшы аймағындағы қабыну ошағына дәрілермен әсер ету; д) түбір өзегін пломбылау, тістің анатомиялық пішінін, физиологиялық қызметін қалпына келтіру.
