§1. Түріктердің константинопольді басып алуы
Кресшілердің 1444 жылғы 10 қарашада Варна маңында талқан-далуы Европадағы түріктерге қарсы каолицияға тиген қатты соққы болды. Ұрыс алаңында тек кресшілер көсемі - король Владислав Ягеллон мен кардинал Джулиано Чезарини емес, армияның барлық жауынгерлері қырылды. Бұл қырғыннан кейін Европадағы түріктерге қарсы құрылған каолиция ыдырады.
Түріктермен бетпе-бет жалғыз қалған империяның жағдайы ауыр болды. Қарт император VІІІ Иоанн (1425-1448) түрік сұлтанына қымбат сыйлықтар беріп, алдап-арбауға тырысты. Императордың бұл әрекетінің бос әурешілігі екенін түсіне тұрып, Мореяның басшысы Константин барлық Грецияны біріктіріп, оны жауға қарсы күреске дайындауға кірісті. Бірақ оның бұл ойын жүзеге асыруына түріктер мүмкіндік бермеді.
1446 жылғы ІІ-Мұраттың Грецияға жорығы жеңіспен аяқталды. Түріктер грек жерін тонаушылыққа ұшыратып, 60 мың адамын тұтқындап әкетті. Морея көп салық төлеу арқылы уақытша тәуелсіздігін сақтап қалды. Константинмен бітім жасаса салып, ІІ-Мұрат өзінің негізгі қарсыласы Янош Хуньдиге қарсы аттанды. 1448 жылғы қазанда Венгр және түрік әскерлері Косово алаңында тағы кездесті. Алғашқы 1389 жылғы шайқастағы сияқты, бұл жолы да түріктер қарсыластарын қырып салды. Янош Хуньяди түрік сұлтанының билігін мойындады. Сербтер де тізе бүкті. Тек Скандербек бастаған албандықтар мейлінше қарсыласып бақты.
1448 жылғы 31 қазанда Константинопольде VІІІ Иоанн қайтыс болды. Оның орнына ІІ-Мұраттың қолдауымен Морейдің басшысы ХІ-Константин таққа отырды. (1448-1453). Тәж кию салтанаты 1449 жылғы 6 қаңтарда Драгашта өткізілді. Жігерлі жаңа император XI Константин Палеолог барлық күш жігерін түріктерге қарсы шешуші соғысқа дайын-дыққа бағыттады. 1451 жылға ақпанда сұлтан ІІ-Мұрат өлді. Түрік тағына оның жас, жігерлі, қызба баласы - сұлтан ІІ-Мехмед Фатих отырды (1451-1481). Ол өте білімді бола тұрып, қатыгез де болған. Таққа отырысымен ромейлер империясын толық жаулап алу мақсатын қойды. Бұл мақсатына жету үшін алдымен Батыстағы көршілермен бейбіт бітім шарттарын жасады. Сүйтіп, Батыстағы қауіпсіздігін қамтамасыз еткен соң әскерін шығысқа қарай, Кіші Азиядағы Эмир Қараманға қарсы аттандырды. 1452 жылдың басында жеңіске жетіп, Қараманмен өте ұтымды келісім жасап, ІІ-Мехмед Византияға қарсы соғысқа дайындығын күшейтті.
1452 жылғы наурызда түріктер Босфор бұғазының Европалық жағасында қамал сала бастап, оны тамыз айында бітірді. Сүйтіп, түріктер Босфор Бұғазын толығымен өз қолдарына алды. Констан-тинополь блокадаға алынды.
Византиялықтар империяның ақыры таяп келе жатқанын көріп, біліп отырды. Император Константин астананың бекінісін нығайтуға көп көңіл бөлді. Ал ақсүйектер, байлар Батысқа қарай қаша бастады. XI Константин православие шіркеуінің қарсылығына қарамастан Рим престолымен жаңа келісім бастады.
1452 жылғы қарашада Константинопольге V Николай папаның елшісі - кардинал Исидор келді. Онымен бірге Италиядан келген көмек мардымсыз еді. Дегенмен Исидор салтанатты түрде қабыл алынып, 1452 жылғы желтоқсанда келісім жасалды.
Православиелік партия халықты бұл келісімге қарсы көтерді. Монахтар делебесін қоздырып отырған халық бұқарасы монстырға келді. Партия басшысы Геннадий халықтың алдына шықпады. Ол өзінің жазбаша үндеуін жариялады. Константинопольдің ақырының таяп қал-ғанын, оның себебі - құдайдың Католик шіркеуімен келісім үшін жіберген жазасы деп сендірді. Сүйтіп, Константинополь тұрғындарының арасына жік түсті.
Византияның билеуші топтарының арасындағы мұндай алауыз-дық империяның тағдырына үлкен зыян келтірді. Уния жасалған соң туркофилдер бас көтерді, олар астана тұрғындары арасындағы қарама-қайшылықтарды өз пайдасына пайдаланып қалуға тырысты. Астанадағы туркофилдердің басшысы Византия флотының қолбашысы Лука Нотара болатын. Ол рим-католик шіркеуімен Уния жасалып жатқанда «латин тиарасынан гөрі қалада түрік чалмасының үстемді- гін көрген артық» деген сөзді айтқан дейді тарихшылар.
Оңың бұл тілегі қабыл болды. Сонша жік туғызған унияның пайдасы болмады. Батыста Византияға көмек беретін шама жоқ еді, Батыстағы Византияның көршілері әлсіреген империяны өздеріне қо-сып алу жағын ойластырды. Византияны шын ықыласымен құтқарып қа-луға тек Генуя мен Венеция ғана мүдделі болды. Бірақ олардың өзара бақталастықтары түріктерге қарсы күш біріктіруіне кедергі жасады. Константинопольдің қоршалуы алдында Джованни Джустинианидің басшылығымен 700 генуэздік көмекке келді. Алдында көмекке келуге асықпағанымен, кейінірек Венеция да Моросинидің басшылығымен 2 кемені көмекке жіберді.
Соңғы императордың туыстары Дмитрий мен Фома да өзара жан-жалдасуының кесірінен ағасына уақтысында көмекке келіп үлгере алмады. Түріктер олардың арасындағы жанжалды әдейі қоздыра түсіп, дегендеріне жетті.1
Империяның басына түскен бұлт күннен-күнге қоюлана берді. 1452-1453 жылдың қысы еді екі жақтан да қызу дайындық кезі болды.
_____________
1. З.В.Удальцова. Борьба партий в Пелопоннесе во время турецкого завоевания. –СВ, ІІІ-, 1951, с.161-179.
Түрік сұлтаны күндіз-түні Константинопольді, оның бекіністерін жақсы білетін адамдармен, мамандармен мәжіліс құрды. Адрионополь қаласында күндіз-түні зеңбіректер жасалып жатты. Сұлтан византия-лықтарға қызмет етіп жүрген дарынды зеңбірек жасау шебері венгр Урбанды өз жағына тартып алды.
1453 жылғы наурыз айының басында ІІ-Мехмед жаппай әскерге алу жөнінде бұйрық шығарды. Жарты айдың ішінде 200 мыңға жуық әс-кер жиналды. Константинопольді басып алудың алдында ІІ-Мехмед Византияға қарасты Месамврияны, Анхиалар, Визаны бағындырды.
1403 жылғы сәуірдің басында түрік әскерінің алдыңғы тобы астананың қабырғасына келіп жетті. Көп өтпей түріктер қаланы құрылықтан қоршап алып, басқа әлеммен қатынасын үзді. Мәрмәр теңізіне 30 әскери, 330 жүк тасушы кемелерден тұратын түрік Эскадрасы келіп кірді. Бір аптадан соң мұнда түріктердің Қара теңіздегі 76 кемесі де келіп жетті. Константинополь қабырғасында сұлтан өз кемелерінің байқауын өткізді. Кемелер саны төрт жүзден асты. Сүйтіп, Константинополь құрылықтан да, теңізден де қоршауға алынды.
Күш тең болмады. Түріктер әскері византиялықтардан бірнеше есе көп еді. Константинополь тұрғындарының 4973-і ғана қару ұстауға жарайтындар болды. Оған қоса 2 мың жалдамалылар бар еді. Ал алтын мүйізді қоршаған византия мен оған көмекке келген кемелер саны 25-тен аспады. Дегенмен бұл күштің сапасы жоғары болатын: византия кемелері «грек отымен» қаруланған еді. Бірақ түрік кемелері саны жағынан 20 есе көп болды.
Ең бастысы - түріктердің артиллериясы бар екендігі болды. Тарихшы Критовулдың айтуынша «бәрін де зеңбіректер шешті». Византиялықтар барлық үміттерін Константинопольдің берік қамалдарына артты. Бірақ ол қабырғаларды қорғауға адам жетіспеді: әрбір қорғаушыға жаудың 20 жауынгерінен келді. Сондықтан ІІ-Мехмед үшін әскерін ұлтарақтай жерге ғана теңіз бен қабырғалар арасындағы құрылыққа орналастыру бас қатыратын мәселе болса, қорғанушылар үшін қабырғалар бойына қоятын адамдардың жетіспеуі қиыншылық туғызды.
ІІ-Мехмедтің басшылық орны әулие Роман қақпасының қарсысына жайғасты. Оны 15 мыңдық таңдамалы әскер қорғап тұрды. Визан-тиялықтар барлық үміттерін Джустиниани басқарған итальяндық жалдамалы әскер отрядына артты. Ол отряд та әулие Роман қақпасының алдына орналасты. Отрядтың маңында ағайынды гректер Павел, Антоний, Трилдың отрядтары, олардан әрірек-византиялықтар мен латындықтардың аралас отрядтары Федор Каристийскийдің, Иоанн Немецкийдің, Леонард Генуэзскийдің басшылығымем шайқасып жатты. Сол қанатта Феофыл Палеолог пен Мануил Генуэзскийдің отряды тұрды. Барлық флотты, Алтын мүйіз қорғанысын Лука Нотара басқарды.
7 сәуір күні түріктер қаланы атқылай бастады. Қоршау екі айға жуық созылды. Алдымен түріктер қаланы құрылықтан қорғап тұрған қабырғаларды атқылап, бұзып кіруге тырысты. Бекіністердің кейбір жерлері бұзылғанымен, қорғанысшылар жау шабуылына тойтарыс беріп отырды.
Түріктер қала бекіністерін жағалай қазылып, сумен толтырылған арықты топырақпен көміп тастауға тырысты, оны түнімен византиялықтар қайтадан тазалап, су жіберіп отырды. Түріктердің кабырғалар астынан жерді қазып, қалаға кіру әрекеттері де сәтсіз болып шықты. Керісінше қала тұрғындары жерді қазып жасаған жолдар арқылы түріктердің әскери қостарына жетіп, оларды жарылған дәрілермен талқандап отырды. Қорғанысшылар тіпті қаладан шығып, жаумен қолма-қол соғыс жургізуші еді.
Сұлтанды әсіресе оның теңіздегі сәтсіздіктері қатты қапалан-дырды. Түрік кемелерінің Алтын мүйізге ену әрекеттерінен түк шық- пады. 20 сәуір күні ең алғашқы үлкен теңіз шайқасы болды. Онда византиялықтар мен олардың одақтастары толық жеңіске жетті. Осы күні Хиос аралынан төрт генуя, бір византия кемелері әскерімен, қару- жарағымен көмекке келді. Алтын мүйізге кіре берісте бұл кішкентай эскадра 150 кемеден тұратын түрік флотымен шайқасқа түсті.
Византиялықтар мен генуялықтардың теңізде жүзу тәжірибесінің молдығы және кемелердің сапасының жоғарылығы арқасында император кемелері таңғажайып жеңіске жетті. Бұл шайқас екі жақтың құрылық әскерлердің құрылықтағы көз алдында өтіп жатты. Шайқасты византиялықтар да, түріктер де өте қатты қобалжи тұрып бақыла-ды. Шайқастың ең қиын кезінде түріктердің сәтсіздігіне әбден ашуланған II-Мехмед атымен теңізге түсіп, кемелеріне жүзіп барып, жауынгерлеріне дем берді, рухтарын көтерді. Түрік жауынгерлері жан-тәнін сала ұрысқанымен жеңіске жете алмады. Византиялықтар мен олардың одақтастарының кемелері түрік кемелерін «грек отымен» өртеп жіберіп отырды. Бұл шайқаста түріктер бірнеше кемелері мен 12 мыңнан астам теңізшілерінен айрылды.1 Түнге қарай византиялық кемелер қорғаныс жаққа кіргізді де, өте жуан сымдармен гаванға кіре беріс бекітілді. Сұлтан түрік флотының қолбасшысы болгарин-ренегат Палда-оғлын өз қолымен сабап, орнынан түсірді, барлық байлығын Янычарларға таратып бергізді.2
Теңіз шайқасындағы бұл жеңіс қорғанушыларды құлшындыра түсті, бірақ жағдайды өзгерте алған жоқ. Сәтсіздікке ұщыраған ІІ-Мехмед кемелерін дереу Алтын мүйізге кіргізіп, қаланы тек құрылықтан ғана емес, теңізден де тікелей атқылауды жоспарлады. Бұл ойын жүзеге асыру үшін түрік кемелерін Босфор бұғазынан Алтын мүйізге құрғақ жер арқылы сүйреп шығаруға бұйрық берілді. Бұл аралық бірнеше шақырым еді. 22 сәуірде түріктер әулие Устьеден Алтын мүйізге дейін тақтай, бөренелер төседі. Ол бөренелер жақсылап майланған соң, кемелерді шығарып, бір түннің ішінде барлық түрік кемелері Алтын мүйізге жетті.
Византиялықтардың түрік кемелерін өртеп жіберу жоспарлары генуэздіктердің опасыздығынан жүзеге аспай қалды. Түрік кемелеріне түнде жүзіп келген ержүрек византиялықтарды генуялықтардың сат-қындығының арқасында түріктер қолға түсіріп, қырып тастады. Бұған жауап ретінде XI Константин тұтқындағы 260 түрік жауынгерлерін өлтірткізіп, бастарын қорғаныс қабырғаларына іліп қойғызды.
Көп ұзамай түріктер жеңіске жете бастады. Венгрлердің кеңесі арқасында түрік артиллериясы Константинополь қорғаныс қабырға-ларының бірнеше жерін бұзып шықты. Бұл кезде қорғанушылардың қиыншылықтарының үстіне азық-түліктің таусылуы келіп қосылды.
Константинопольдің жағдайы тек мұнымен ғана емес, қорғанысшылар қатарында бірауыздылықтың болмауынан да қиындай түсті. ХІ Константин жеке ерлігімен көзге түсіп, басқаларға үлгі болғанымен, барлық үмітін италиандықтарға артты. Оның шетелдіктерге соншалықты құрметпен қарауы қала тұрғындарының наразылығын тудырып, толқуға әкеліп соқты. Оның үстіне, византиялық ірі ақсүйектердің бір тобы сатқындық жолына түсті. Сарай нөкерлерінің жеңістен үміт үзгендігі, селқостығы туралы Нестор Искандер ашына жазады.3 Ол ХІ Константиннің жақын нөкерлері мен патриарх, генуялық жалдамалы отрядтың басшысы императорға қаланы жауға беру туралы кеңес берді дейді. Мануил Иагарис пен Неофит Родосский деген өкімет мүшелері Константинополь қорғанысы үшін бөлінген қаржыны жасырып қойды. Мегдука Лука Нотара көп байлықты (алтын, күміс, бриллиант...) қолға түсіріп, кейін өмірін сақтап қалу үшін түрік сұлтанына берді.3
Византиялық ірі дінбасылары батырлықпен отанына берілгендік үлгісін таныта алмады. Олар шіркеу байлығын қорғаныс мұқтаждығы үшін сыпырып алған императорға наразы болды. Кейбір дінбасылары ел басына зор қауіп төнген қысылтаяң кезеңде халықтың өкімет басшыларына қарсы наразылығын қоздырып отырды. Толқулар Константинопольдегі италяндықтар арасында да орын алып отырды. Бұрыннан бірін-бірі жақтырмайтын бақталас генуялықтар мен венециялықтар бір-бірімен қақтығысып, қан төгіс болып тұрды. Мұның бәрі қорғанысшылар лагерін әлсіретті.
Византиялықтарға әсіресе Галатадағы генуялықтардың опасыздығы үлкен зыян келтірді. Олар түріктерге де көмектесіп отырды. Олардың сатқындығы туралы тарихшы Сфандзи былай күйіне жазды: «Ол (сұлтан) Галата тұрғындарымен достасты. Ал галаталықтар бұл достыққа қуанып, мәз болды. Ол байқұстар улитканы қайнатып жатып, «О, бассыз ақымақтар, бәріңді кезекпен-кезек жеп қоямын!» дейтін шаруа баласы туралы мысқылды білмейді».3
____________________
1. А.Анкирский. Плач на взятие Константинополя. –ВВ, VІІ, 1953, с.218.
2. История византии. –М., 1967, т.3, с. 193.
3. История византии. –М., 1967, т.3, с. 194.
Ұзаққа созылған сәтсіз шабуылға ашуланған сұлтан 28 мамырда барлық күшті қала қабырғаларының түбінде әкелді. Шешуші шабуыл 29 мамырға белгіленді. Оған дейінгі екі күнді бір жағы шабуылға, екінші жағы – соңғы қорғанысқа дайындық ретінде өткізді. ІІ – Мехмед пен дінбасылары түрік жауынгерлерін «кәпірлерді» құртуға, олардың байлықтарын басып алуға шақырды. Шайқаста қаза тапқандарды алла-тағала о дүниеде жұмаққа шығарды деп уәде берді.
Шешуші шабуыл алдындағы түні түрік қаласында, олардың кемелерінде жарқырап от жанып тұрды. Константинопольдіктер алдында түріктер жағында өрт шыққан екен деп ойлады. Бірақ көп өтпей түріктердің шабуылға дайындалып жатқандығын түсінді. Бұл кезде сұлтан ІІ-Мехмед әскерді аралап, жеңіске жеткен соң жауынгерлер жалақысын 2 есе көбейтуге, «кәпірлер» байлығын үлестіріп беруге уәде беріп жүрді. Жауынгерлер сұлтанды қуанышты, шаттық үнмен қошеметтеп жатты.
Ал қорғанысшылар арасында құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Бірақ олар да ұйықтаған жоқ. Қорғанысшылар да айқасқа үнсіз дайындалып жатты. ХІ Константин де қала бекіністерін аралап, онда тұрған қорғанысшыларға дем беріп, көңілдерін көтеруге тырысты. Дегенмен қала тұрғындары өздерінің алдағы шайқаста жеңілетіндерін айқын сезініп, бір-бірімен қоштасып жатты.
1453 жылғы 29 мамыр күні таңға жуық түрік әскері шабуыл бастады. Ең алдымен шабуылға жаңа алынған жауынгерлер жіберілді. Византиялықтар олардың бетін қайтарып тастаған соң, енді шабуылға түріктердің негізгі армиясы шықты. Қантөгіс шайқас 2 сағатқа созылды. Алғаш басымдық қорғанысшылар жағында болды. Сұлтанның өзі бастаған өкімет басшылары жауынгерлерді бір жерде алдап-арбап, бір жерде қорқытып алға қарай айдап салып отырды.
Түріктердің Константинопольге басып кіруі жөнінде деректерде бірауыздылық жоқ. Сфрандзи кінәні негізінен қаланы құрылықтан қорғайтын генуялықтардың басшысы Джованни Джустиниониге жүктейді. Ол жараланған соң бекіністің ең маңызды жері әулие Роман қақпасын тастап кетті дейді. Ол императордың өкінішке құлақ аспастан кемеге отырып, Алтын мүйізден Галатаға өтті. Басшысыз қалған генуялықтардың көпшілігі қашып кетті. Өте зор денелі түрік жауынгері Хасан ең бірінші болып қақпадан қалаға енді. Оның соңынан ерген жолдастары қақпаны өз қолдарына алып, түрік тауын тікті. Түрік жауынгерлері қаланың ішіне лап берді.
Ал Латинфилдік пейілдегі тарихшы Дука бұл қайғылы оқиғаны басқаша баяндайды. Джустинианиді ақтауға тырысып, генуялықтар түріктерді кіргізбеген деп жазады. Түріктер әулие Роман қақпасынан емес, басқа жасырын қақпа арқылы кірді дейді.
Қалай болса да түріктер қалаға басып кірді. Қала тұрғындары қасық қаны қалғанша аянбай қарсыласып бақты. Император ХІ Константиннің өзі шайқаста ерлікпен қаза тапты. Сұлтан оның өлігін іздеткізіп, киіміндегі ерекшеліктері арқылы әрең тапты. Константиннің басын кескізіп, оны қала ортасындағы алаңға ілгізіп қойды.
Түріктер қаланы басып алғанын көрген итальян және грек флоттары қашуға дайындалды. Теңіз жағасына көп халық жиналып, қашатын кемелерге жармасты. Түріктер қаланы үш күн бойы талан-таражға салды. Қаланың көптеген тұрғындары әулие София храмына барып тығылып, тірі қалуға үміттенді. Олардың әруақтарға, әулиеге артқан үміті ақталмады. Түріктер храмды қорғаушыларды қырып салды.
Қала тұрғындары қырылды, аман қалғандары түріктерге тұтқынға түсті.
Византияны талқандаған соң Турция ортағасырлық әлемнің ең күшті мемлекетіне айналды. Константинополь қаласы Стамбул деген жаңа атқа ие болып, Осман империясының астанасына айналды.
Сүйтіп, ел басқарудағы қателіктер мен кемшіліктер, әлеуметтік-экономикалық қарама-қайшылықтар Византия империясының құлауына әкеп соқты.
