- •1. Оқуға мотивациясын арттырудың ғылыми теориялық негіздері
- •2. Оқу әрекеті мотивтерін қалыптастыру бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар мазмұны
- •1. Оқушылардың оқуға мотивациясын арттырудың ғылыми теориялық негіздері
- •1.1. Мотивация және мотив мәселелері ғылыми зерттеу нысаналары ретінде
- •1.2. Оқушылардың оқуға мотивациясын арттыру педагогика және психология ғылымдарының басты мәселесі ретінде
- •1.3. Оқушылардың оқуға мотивациясын арттырудың педагогикалық, психологиялық шарттары
- •1. Оқушылардың оқу әрекеті мотивтерін қалыптастыру бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар мазмұны
- •Зерттеу базасындағы оқу-тәрбие жүйелерінің ұйымдастырылуына және зерттеу әдістемелеріне сипаттама
- •Қорытынды
1. Оқушылардың оқуға мотивациясын арттырудың ғылыми теориялық негіздері
1.1. Мотивация және мотив мәселелері ғылыми зерттеу нысаналары ретінде
Мотивация және мотив, әсіресе оқуға мотивация мәселесі әрбір адамды, соның ішінде психологтар мен педагогтарды толғандыратын өзекті мәселелердің бірі. Әдетте негізгі іс-әрекет түрлеріне ойын, оқу және еңбекті жатқызады. Кез-келген оқу-тәрбие үрдісін нәтижелі ұйымдастыруға тырысатын психолог не педагог ең алдымен оқушылардың оған деген мотивациясын, яғни қызығушылығын арттыру мақсатында түрлі әдіс-тәсілдер қолдануға тырысады, оның негізін, түп–тамырын іздеуге талпынады.
Адамның белгілі бір іс-әрекетті орындаудағы ерекшеліктері мен оның өзіндік қасиеттері өзара біртұтас құрылымды құрайды және бұл құрылым иерархиялық түрде көрінеді, яғни адамның барлық қасиеттері айналасына жинақталатын орталығы болады. Л.И.Божовичтің пікірінше мұндай орталық адамның мотивациялық-қажеттілік сферасы болып саналады .
Аристотель, Гераклит, Демокрит, Лукреций, Платон, Сократ секілді ежелгі философтардың еңбектерінде адам іс-әрекетінің мотивациясы туралы көптеген ой-пікірлер, теориялар пайда болды. Олардың пікірінше іс-әрекетке итермелейтін негізгі күш «қажеттілік» болып саналады. Гераклиттің пікірінше қажеттіліктер өмір шарттары жағдайларымен анықталады, қажеттіліктерді қанағаттандыруда белгілі шектеуді сақтау адамның дамуы мен интеллектуалдық қабілетінің жетілуіне жағдай жасайды. Сократ өз қажеттіліктерін, мінез-құлқын, тілектерін еркіне бағындыра алмайтын адам басқа адамдарға тәуелділіктен арыла алмайды, өз тәнінің құлқы болып қалады деп есептейді. Сократттың айтуы бойынша адам өз қажеттіліктерін тек шын мәнінде өзекті мәселеге айналдырғанда ғана қанағаттандыруы тиіс. Платон адам өз қажеттіліктерін саналы басқаруды талап етсе, Лукрецияның пікірінше еріктің көзі қажеттіліктерден туындайтын тілектер. Демокрит қажеттілікті негізгі қозғаушы күш және қажеттілік эмоционалды қайғыруларға, адамның ойлауға, сөйлеуге, еңбекке дағдылануына әсерін тигізеді деп түсіндірді. Яғни, Демокриттің пікірінше егер адамда қажеттілік болмаса, ол сол жабайы күйінде қалып, дамымайды.
Мотивацияның қазіргі теорияларының көздерін алғашқы психологиялық білімдер туындаған ошақтардан іздеген дұрыс. Бұл мәселені зерттеу кезінде адам мотивациясының пайда болуы мен мәніне көзқарас үнемі өзгеріп, философиядағы рационализм мен иррационализм ағымдарының арасында орналасты. Рационалистік көзқарас бойынша адам жануарға еш ұқсастығы жоқ ерекше тіршілік иесі. Ол әсіресе ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі ежелгі философтардың еңбектерінде айқын көрінеді. Олардың пікірлерінше тек адам ғана санаға, ақылға, ерік-жігерге ие. Адам мотивациясының ошағы болып оның санасы және ерік-жігер, ақыл-ойы саналады.
Иррационализм ілім ретінде негізінен жануарларға бағытталады. Онда жануарлардың мінез-құлқы адамдармен салыстырғанда санасыз, биологиялық күштердің, ағза қажеттіліктерінің ықпалымен басқарылады деп түсіндіріледі .
Адам іс-әрекетінің мотивациясы жөніндегі алғашқы психологиялық теория ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда пайда болған адам мінез-құлқын рационалистік негізде түсіндіретін, жануарлар мінез-құлқын иррационалистік негізде түсіндіретін автоматтылық теориясы.
ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда механика жетістіктерінің нәтижесінде кең өріс алып дамыған автоматтылық теориясы, кейін тірі ағзаның түрлі әсерлерге беретін механикалық, автоматтылық ретіндегі жауабы рефлекс идеясымен байланыстырылды. Бірі адамдар, екіншісі жануарлар үшін бөлек екі мотивациялық теория философияны екі қарама-қарсы ағымға, идеализм мен материализмге бөлу ХІХ ғасырдың соңына дейін жалғасты.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ч.Дарвиннің биологиядағы эволюция теориясының орны ерекше. Ч.Дарвин өз ілімін көптеген ғасырлар бойы анатомиялық, физиологиялық және психологиялық жағынан мүлде ерекше бөлек болып саналып келген адамдар арасындағы шыңырау үстіне көпір салғандай болды. Ол бұл тіршілік иелерін өзара мінез-құлықтық және мотивациялық жақындастыруда, әсіресе эмоционалды экспрессивті көріністері, қажеттіліктері мен инстинктілері тәрізді ортақ мінез-құлық формалары бар деп түсіндіреді.
ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында З.Фрейд пен У.Макдауголл иррационалистік, адам мінез-құлқына мәні жағынан биологизаторлық көзқарас ұстанған инстинкт теориясын ұсынды.
Биологиялық қажеттіліктер, жеткіліктер мен ұмтылыстар теориясынан басқа ХХ ғасырдың басында Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясы мен И.П.Павловтың жаңалықтарынан тағы екі ағым пайда болды. Олар мотивацияның мінез-құлықтық теориясы және жоғары жүйке іс-әрекетінің теориясы мотивациялық мінез-құлықты түсіндіретін Д.Уотсонның идеяларының логикалық жалғасы сияқты болды. Х.Холл мен Б.Скиннер де Д.Уотсон мен Э.Толманнан басқа бұл бағыттың көрнекті өкілдері болып саналады.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап тек адамға қатысты мотивацияның арнайы тұжырымдамалары пайда бола бастады. Мұндай тұжырымдамалардың алғашқысын К.Левин ұсынды. Содан кейін А.Маслоу, К.Роджерс сияқты гуманистік психология өкілдерінің еңбектерінде көріне бастады.
А.Н.Леонтьев тұжырымдамасы бойынша адамның мотивациялық сферасы оның басқа да психологиялық ерекшеліктері сияқты практикалық іс-әрекетте өзінің көздері, бастаулары болады. Іс-әрекеттің өзінде мотивациялық сфера элементтеріне сәйкес, олармен функционалды және генетикалық байланысты құрамаларды байқауға болады .
Жалпы мұқтаждық қажеттілікті тудыратындығы барлығымызға мәлім. Адамдар қандай да бір физиологиялық немесе психологиялық жетіспеушілікке тап болғанда, қажеттілікті сезінеді. Демокриттің пікірінше қажеттілік бірінші және екінші болып жіктеледі. Бірінші қажеттілік өз табиғатында физиологиялық болып саналады және әдетте, тумыстан пайда болады. Бұған мысал ретінде тамаққа, суға, ауа жұтуға, ұйықтауға, жыныстық қарым-қатынас жасауға және т.б. қажеттіліктер жатады. Екінші қажеттіліктің табиғаты психологиялық. Мәселен, табысқа жетуге, өзін құрметтеуіне, үйірсектікке, билік етуге, бір нәрсені қажетсінуге құштарлық. Бірінші қажеттілік генетикалық негізде, ал екіншісі өмір тәжірибесі арқылы қаланады. Адамдарда тәжірибенің жинақталуы алуан түрлі болатындықтан, екінші қажеттіліктің біріншіден едәуір айырмашылығы болады.
Қажеттілік іс-әрекет жасауға себепші болады. Адам қажеттілікті сезіне бастағанда, онда талаптану күйі сезіледі. Талаптану – бұл бір нәрсенің жетіспеушілігін сезіну, белгілі бір мақсат көздеу. Бұл мінез–құлықтағы қажеттілік көрінісі, әрі мақсатқа жету ниеті болып саналады. Осы тұрғыдан қарастырғанда мақсат – бұл қажеттілікті қанағаттандырудың өзіндік әрекеті. Адам өз мақсатына жеткен кезде, оның қажеттілігіне қанағаттанады, не қанағаттанбайтын болады .
Мотивация үшін таңдаулы деген бір ғана әдіс болмайды, адамдардың біреуіне мотивацияның бір түрі тиімді болғанмен, екіншісіне түкке жарамауы мүмкін. Сонымен қоса ұйымның өзі де жеке бір адамға бейімделген мотивация теориясы іс жүзіне асыруды күрделендіре түседі. Жұмыстың өзара тәуелділігі, жекелеген адамдардың жұмыс нәтижесі туралы мәліметтердің жеткіліксіздігі, технологияның жетілдірілуінен қызмет міндеттерінің жиі өзгеруі – осының барлығы мотивацияны күрделендіре түседі .
П.Гольбах қажеттіліктер біздің еркіміздің, ақыл-ой белсенділігіміздің қозғаушы факторы деп санап, сананың спонтанды белсенділігін, танымдық, эмоционалдық және еріктік әрекетті мойындады.
Адам мінез-құлқын түсіндіруде Н.Г.Чернышевский де қажеттіліктердің ролін мойындады. Ол ағзалық қажеттіліктерді өтеу адамгершілік-эстетикалық қажеттіліктің пайда болуына алып келеді деп санайды.
Р.Вудвортс адамның психикалық белсенділігінде қажеттіліктердің орнын мойындай отырып, соның арқасында ағза бір стимулға сезімтал болып, басқаларын байқамауы мүмкін, сол себептен ол тек қозғалыс реакциясының сипатын анықтап қана қоймай, қоршаған дүниені қабылдауға
әсерін тигізеді деп санайды. Бұл жерде Р.Вудвортс пен А.А.Ухтомскийдің көзқарастары сәйкес келіп, қажеттілікті қозудың доминанты ретінде қарастырады .
ХХ ғасырдың 20 жылдары батыс психологиясында тек адамға қатысты мотивация теориялары пайда болды. Мұнда ағзалықтан басқа оқыту және теория нәтижесінде пайда болатын психогенді қажеттіліктер бөліп көрсетіледі . Оған жетістікке жету, тәуелсіздікке жету, афиллиация, агрессия, сыйластық және қорғаныс, басымдылық және көңіл аударту, зиянды әсерлер мен сәтсіздіктерден қашу т.б.қажеттіліктер жатқызылады. Сонымен қатар А.Маслоу да адам қажеттіліктерін жіктеуді ұсынды. А.Маслоу адамдардың бұрын тәжірибесі бар, әрі білімді деп қана қарамай, оларды өзін-өзі меңгеретін, өз өмірін қалыптастыра алатын жандар ретінде қарастырады. Ол адамдарда иерархиялық жүйеден тұратын көптеген қажеттілік болатындығын мойындады. А.Маслоу бұл қажеттіліктерді 5 категорияға (1-сурет) бөледі:
1. Физиологиялық қажеттілік адамға өмір сүруі үшін қажет. Оған су, баспана, тамақ, демалу және жыныстық қатынас қажеттіліктері жатады.
2. қорғану, қауіпсіздік және болашаққа сенімділік қажеттіліктеріне қоршаған орта жағынан болатын физикалық және психологиялық қауіп –қатерден қорғану қажеттілігі, болашақта физиологиялық қажеттіліктің қанағаттандырылуы жатады.
3. Әлеуметтік қажеттілік – бұл біреулерге немесе бір нәрсеге қатыстылық сезімі, әлеуметтік қарым-қатынас, құштарлық және сүйемелдеушілік сезімі, өзіңді біреулердің құрметтеу сезімі.
4. Құрметтеу қажеттілігіне жеке басының жетістіктері, біліктілігі, өзін-өзі құрметтеу, басқа біреудің өзін мақұлдауы, құрметтеуі жатады.
5. Өзін-өзі өзектендіру және көрсету қажеттілігі – адамның өзінің потенциалды, жеке басының өсіп-жетілуін жүзеге асыру қажеттілігі және мүмкіндігі. Өзін-өзі өзектендірудің көптеген міндеттері тұлғаішілік болып келуі мүмкін. Оларға: дамудың потенциялдық мүмкіндіктерін ашып көрсету, өмірлік позицияны қалыптастыру, жоспарлау, өзін ашып көрсету жатқызылады.
Сурет 1. .Маслоу бойынша қажеттілік пирамидасы
өзін-өзі
көрсету
қ ұ р м е т т е у
ә л е у м е т т і к
қ а у і п с і з д і к және қ о р ғ а н у
ф и з и о л о г и я л ы қ
Абрахам Маслоудың ойынша төменгі деңгейдегі қажеттілік қанағаттандырылған жағдайда ғана, едәуір жоғарғы деңгейдегі қажеттілік пайда болады да, адамдардың назарында осы жоғары деңгейдегі қажеттілікті қанағаттандыру ой-ниеті туындайды. Әрбір нақты уақыт кезеңіне орай адамдар өзіне аса маңызды немесе күшті қажеттілікті қанағаттандыруға ұмтылады. Осы қажеттіліктердің негізінде бала дамып, өсіп шығады. Өзін ортада еркін ұстауын көмектеседі.
Өзін-өзі көрсету қажеттілігі ешқашанда толық қанағаттандырылмайды, өйткені адамның жеке басының ой-өрісі дамуына орай, оның потенциалдық мүмкіндігі ұлғая түседі. Сол себептен де мотивация үрдісінде адамның қажетсінуінде шек болмайды .
А.Маслоу теориясы адамдардың жұмысқа және оқуға ынталандыру негізін түсінуге зор үлес қосты. Оның бұл теориясынан оқушының оқуға мотивациясында олардың отбасындағы әлеуметтік жағдайлары, қарым-қатынастары, сонымен бірге өз сыныбындағы жағымды психологиялық хал-ахуалдың тигізетін әсерінің маңызы маңызды роль атқаратынын байқаймыз.
А.Маслоудың қажеттілік пирамидасының жалпы құрылымына сыншылар тарапынан түрлі пікірлер айтылды. Оның теориясында қате жақтары болуы, ұсыныстарының бәрі бірдей жүзеге аса бермеуі мүмкін, алайда көптеген ой-пікірлерінің айырықша маңызы бар екендігі даусыз.
Мак-Келланд тәсілі мотивтер құрылымын және оның мінез-құлыққа және жеке басқа әсерін зерттеуге негізделген. Мак-Келланд адамдарға үш түрлі қажеттілік: билік, жетістік және қатыстылық тән деп есептейді. Билік қажеттілігі басқа адамдарға ықпал ету ниетінен көрінеді. Оқушылар ұжымындағы мұндай адамдар әдетте өз пікірін батыл, ашық айтады, пікірталастан, өзара сыннан тайсалмайды, өз пікірін өткізуге тырысады шебер сөйлейді, әрі басқалардың өзіне ерекше көңіл бөлуін талап етеді. Адамның мадақтауға құштарлығы, сол адамның жетістігін жариялаумен шектелмейді, оның жұмысты ойдағыдай орындауымен қанағаттандырылады. Мадақтауға өте құмар адамдар кері байланысты ерекше ұнатады, өзіне тәуекел шешім қабылдайды, алдына қолайлы мақсат қояды, басқалардан гөрі өз жұмысына ерекше көңіл бөледі, әрі өзін-өзі ұдайы жетілдіріп отыруға тырысады. Мұндай адамдар қалай да табысқа жетуге тырысады. Бұлар таныстарымен жиі араласуды, достық қарым-қатынас орнатуды, біреулерге жәрдем беруді жақтайды.
ХХ ғасырдағы экономикалық өрлеу бұл салада да түрлі мотивациялық теориялардың пайда болуына алып келді. Бұған Герцбергтің екі факторлы теориясы мен мотивацияның іс жүргізу теориясын жатқызуға болады. Бұл теориялардың негізін басшылардың өз қол астындағы жұмысшыларының жұмысқа мотивациясын арттыруға бағытталған кеңестері құрайды .
Бихевиористер тітіркендіргішті ағза реакциясының белсенді көзі ретінде қарастырып, мінез-құлықты «стимул-реакция» кестесі арқылы түсіндіреді. Олар үшін мотивация мәселесі жоқ, өйткені олардың көзқарасы бойынша ағзаның реактивтілігі мінез-құлықтың динамикалық шарты, яғни оның тітіркендіргішке өзіндік ерекше жауап беруге қабілеті кестеге реактивтіліктегі айырмашылықты түсіндіретін фактор (мотивация деп аталатын) ендірілгендігіне байланысты ағза әрқашанда сырттан келетін стимулдарға жауап бере бермейді. Бірақ бұл фактор таза физиологиялық механизмдерге қосылады. Осыдан мотивацияны ағзаның кейбір тітіркендіргіштерге реактивтілік табалдырығының төмендеуі функциясы жағдайы ретінде түсіне бастады. Бұл жағдайда мотив энергизатор немесе сенсибилизатор ретінде қарастырылады.
Ж.Нюттен күнделікті өмірде адам мінез-құлқы, іс-әрекеті жоспармен және бұл жоспарды жүзеге асыруға, мақсатқа жетуге ұмтылыспен анықталады деп түсіндіріледі. Бұл кесте Ж.Нюттеннің пікірінше шындыққа сәйкес және адамның күрделі мінез-құлқын ескереді .
ХХ ғасырдың екінші жартысында адамның мінез-құлқы детерминациясында сананың жетекші рөлін мойындайтын Дж.Роттер, Г.Келли, Х.Хекхаузен, Дж.Аткинсон, Д.Маккелланндтың, мотивациялық тұжырымдары пайда болды /10; 11; 11; 13; 14./. Mотивацияның когнитивтік теориясы ғылымға әлеуметтік қажеттіліктер, өмірлік құндылықтар, когнитивтік факторлар, когнитивтік диссонанс, сәтсіздіктен қашу, жетістікті күту сияқты жаңа мотивациялық ұғымдардың кіруіне ықпалын тигізді.
Мінез-құлық детерминациясын зерттеудегі жаңа кезең ХIХ ғасырдың соңында З.Фрейдтың адамның бейсаналылығы және ұмтылыстары туралы ілімінің шығарылуымен байланысты. Мұны мотивацияның психоаналитикалық теориясы деп атайды. Ол мінез-құлықтың ұйымдастырылуында күшті ұмтылыстардан тұратын психикалық өмірдің бейсаналық ядросының шешуші рөлін атап көрсетеді. Егер У.Джемс мотивация белгілі деңгейде шешім қабылдауды саналылықпен байланысты деп көрсетсе, З.Фрейд және оның ізбасарлары бойынша мінез-құлықты детерминациялауда шешуші роль «Жоғарғы-Мен» жағынан ұмтылыстарды басып тастау неврозға әкеліп соқтыратын, бейсаналылыққа беріледі. Мұны З.Фрейд өзінің психоаналитикалық теориясы арқылы кез-келген іс-әрекеттің астарында жыныстық ұмтылыс жатыр деп дәлелдеуге тырысты /67, 45-63 б./.
Бұл бағытта У.Макдауголл да өз теориясын ұсынады. Ол обьектілердің қабылдау сипатын анықтайтын, эмоциональдық қозу тудыратын және ағзаның мақсатқа ақыл-ой, денелік әрекетін бағыттайтын, ерекше тұлға (инстинктілі) энергиясы («горме») болып саналатын мінез-құлықтың қозғаушы күші болып табылатын деп түсіндірілетін «гормоникалық» тұжырымдаманы ұсынды.
Мотивацияның биологизаторлық теориясы адамға мотивациялық факторлар ретінде бұрын тек жануарларда болады деп саналған инстинктерді, ағзаның қажеттіліктеріне де таңа бастады .
Осындай иррационалистік, адам мінез-құлқына мәні жағынан биологизаторлық көзқарас ұстанған инстинкт теориясын ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында З.Фрейд пен У.Макдауголл ұсынды. Олардың ішінен тек ағзаның белсенділік себептерін түсіндіру үшін «Мотивация» ұғымына қатыстыларын ғана атап көрсетуге болады . Мұнда мотивация туралы тек энергияны мобилизациялау жөнінде айтылады. Мұнда да мотивацияны физиологиялық тұрғыдан қарайды.
Адамның биологиялық қажеттіліктері, жеткіліктері мен ұмтылыстары теориясынан басқа ХХ ғасырдың басында Ч.Дарвиннің эволюциялық теориясынан, яғни И.П.Павловтың жаңалықтарынан тағы екі ағым пайда болды. Олар мотивацияның мінез-құлықтық теориясы және жоғары жүйке іс-әрекетінің теориясы мотивациялық мінез-құлықты түсіндіретін Д.Уотсонның идеяларының логикалық жалғасы сияқты болды. Д.Уотсон мен Э.Толманнан басқа бұл бағыттың көрнекті өкілдеріне Х.Холл мен Б.Скиннерді жатқызуға болады.
А.Ф.Лазурский Ресейде ХХ ғасырдың басында мотивация мәселесін алғашқылардың бірі болып көтерді. А.Ф.Лазурский 1906 жылы «Очерк науки о характерах» еңбегін жариялады. Мұнда тілек және ұмтылыс, мотивтер күресі мен шешім қабылдау, шешімдердің тұрақтылығы және толғаныс импульстерін іштей ұстап тұруға қабілеттілік мәселелері қарастырылған /8, 42 б./. Бұл сұрақтар қазіргі уақытта да өзектілігін жойған жоқ.
Ұмтылыс, тілек және «қалау» мәселелерінің ерік және еріктік актімен байланысы жөнінде өз еңбектерінде көрнекті психолог Н.Н.Ланге (1914) баяндайды. Ол «қалау» - бұл әрекеттегі ерік деп көрсетті .
ХХ ғасырдың 20-жылдары мотивация мәселесін В.М.Боровский,
Н.Ю.Войтонис те биологизаторлық тұрғыдан түсіндіреді /10;11./.
Л.С.Выготский де адам мінез-құлқының мотивациясы мен детерминациясы мәселесін назарынан тыс қалдырмады. Л.С.Выготский «Педология подростка» атты оқу құралында қызығушылықтың мәніне және оның жеткіншектік кезеңдегі өзгерістеріне арнайы үлкен тарау арнайды. Л.С.Выготский ұмтылыс пен қызығушылықтың сәйкестігі мәселесі бала мінез-құлқының және қызығушылығының эволюциясымен шартталатын жасөспірімнің психикалық дамуының кілті деп санады /24, 11 б./.
А.Н.Леонтьев тұжырымдамасы бойынша адамның мотивациялық сферасы оның басқа да психологиялық ерекшеліктері сияқты практикалық іс-әрекетте өзінің көздері, бастаулары болады. Іс-әрекеттің өзінде мотивациялық сфера элементтеріне сәйкес, олармен функционалды және генетикалық байланысты құрамаларды байқауға болады. В.Г.Леонтьев мотивацияның екі типін атап көрсетеді. Біріншісі қажеттілік түрінде көрінеді, сонымен қоса қызығу, драйв, инсинкт түрінде де, екіншісі мотив түрінде көрінеді. В.Г.Леонтьевтің ойынша мотив мотивация формасы ретінде белгілі бір мақсатқа жету үшін бағытталған іс–әрекетте пайда болады .
Л.С.Выготский «Жоғарғы психикалық функциялар дамуының тарихы» - атты еңбегінде «Мотивтер күресі»мәселесіне көп көңіл бөледі /12, 51-78 б./. Ол алғашқылардың бірі болып мотив пен стимулды бөліп қарастырып, ерікті мотивация туралы айтады.
Д.Н.Узнадзе ХХ ғасырдың 40-жылдары мотивацияны «ұстанымдар теориясы» тұрғысынан қарастырып, белсенділік көзі нақ қазір жоқ, бірақ ағзаға қажетті қажеттілік деп түсіндіреді .
А. Шопенгауэр «Мотивация» сөзін мотивация - психологиялық іс–әрекеттің себебі мен оларды бағындыру жолдары деп қарастырады. Қазіргі таңда мотивация психологиялық құбылыс ретінде әртүрлі түсіндіріледі. Бір жағдайларда – факторлар жиынтығы бағыттаушы және қолданушы мінез – құлықты анықтап беретін, келесі жағдайда – мотивтер жиынтығы ретінде қарастырылады, ал үшінші жағынан – ағзаның белсенділігі тудыратын және оның бағыттылығы іздену деп қарастырады. Сонымен қоса, мотивацияны нақты іс–әрекетті психикалық реттейтін үрдіс ретінде қарастырады, қозғалыс мотиві үрдісі ретінде және механизм ретінде қарайды, іс–әрекеттің нақты формалаларының тәсілдерін және бағытталғандығының т.б. анықтайды, іс–әрекетпен талаптануға жауап беретін үрдістер жүйесінің жиынтығы ретінде де қаралады .
Барлық мотивацияның анықтамаларын екі бағытқа жатқызу болады. Біріншісі мотивацияны құрылымдылық позициядан фактор немесе мотивтер жиынтығы ретінде қарастырады. Мысалы, В.Д.Шадриковтың көрсетуі бойынша «Мотивация - жеке тұлғаның мақсатымен, қажеттіліктерімен шартталған, жақындастық және мұраттың деңгейімен, іс–әрекет жағдайымен және өмірге көзқарасымен, сенімдерімен жеке тұлғаның бағытталғандығы. Бұл факторлардың есептелуімен ниеттің қалыптасуы, тапсырмаларды шешуі жүреді. Екінші бағыты мотивацияны статистикалық түрде қарамай, динамикалық білім ретінде үрдіс механизмі етіп қарастырады» .
Мотивация қажеттілікпен өте тығыз байланысты. Оның себебін Абрахам Маслоу өте дәл тауып жазған еді. Себебі, оның айтуы бойынша мысалы, бір қажеттілік өтелмесе, мотивация жүзеге аспауы мүмкін. Оның айтуы бойынша биологиялық қажеттіліктерге қарыны ашу, шөлдеу, ауруды сезіну, ұйқысы келу т.б. жатады .Соған орай оқуға мотивацияны арттыруда ең алдымен физиологиялық қажеттіліктер өтелуі тиіс деп ой түюге болады. Себебі қарының ашып тұрса, немесе шөлдеп тұрсаң, баланың оқуға мотивациясы түгел тілек-ниеті де болмас еді
