- •Кенже бөкенбаев Байбол Есембет шежіресі Ер Қосай
- •Автордан
- •Адамзат,... Алаш,... Алшындар
- •Болғанда әкем – Елтай, шешем – Анай!
- •Аруақты атам ер Адай Елтайұлы
- •Алашты ардақтаймыз!
- •Қолдап қолды қойған күн, қасиетті Қадір түн
- •Құрметті жамағат!
- •Ел біледі, ер Адай киелі!-деп.
- •Адамзаттан тегім бір
- •Байқожаұлы ер Елтай
- •Елтайұлы Ер Адай
- •Аға аманаты
- •Адай шежіресі. (таңбасы жебе).
- •Алты Қосай.
- •Пір Қосай, Би Қосай, Ер Қосай.
- •Бес Есенғұл туралы (≈1609≈1700.)
- •Байболдың Жұлдызы туралы.
- •Байболдың Мәмбетқұлұлы (“Шалбар”) туралы
- •Қосайұлы Бегей туралы
- •Төрт арыс Тіней туралы
- •Қос арыс Бәли туралы
- •Қос арыс Сүйіндік (“Жаманадай”) туралы
- •Байболұлы Есембет ұрпақтары
- •Балабай балалары
- •Ақмырза
- •Жанмырза
- •Рысбайдың екінші баласы- Төлей
- •Женалының екінші баласы Танабай (Төребай)
- •Женалының үшінші баласы- Бесім.
- •Женалының төртінші баласы -Додан (Досалы)
- •Есембеттің екінші баласы: Күсіл
- •Есембеттің үшінші баласы :Құрбан
- •Төлекенің екінші баласы: Сүйірбас
- •Төлекенің үшінші баласы: Шүрен.
- •Құрбанның Бәйбегінің балдары
- •Бәйбектің Кеншімбай, Келімбай ұрпақтары жөнінде мәлімет.
- •Бәйбектің Майлыбайының балалары
- •Бәйбектің Жаулыбайының балдары ең кенжесі.
- •Қожалар
- •Есембет қожасы
- •Бердібек батыр
- •Есембеттен шыққан батырлар
- •Есембеттен шыққан билер
- •Адайдың алпыс батыры
- •Қарқын батыр (1786-1856)
- •Мерген би
- •Тәжік жеріндегі Есембет ағайындар Ботабай, Ботағара, Жанжігіт батырлар
- •Әмудариядан өту
- •Ауғанда болған Есембеттер
- •Есембет Бәйменбет би ұрпақтары жайында
- •Есембет шежіре жыр толғаулары
- •Тарихи тұлғалар
- •Есембет жайсаңдары
- •Оспан ахун
- •Есениязұлы Сейліхан би Есембет-Құрбан-Бәйбек-Әбет-Қожамжар- Есениязұлы-Сейліхан би (1879-1960 жж.)
- •Баймолдаұлы Қали Есембет-Құрбан-Бәйбек-Майлыбай-Құлпейіс-Баймолдаұлы Қали (1880-1895 жж.)
- •Бөкенбай ақсақал
- •Қожалақ Аңшы
- •Ардақтауға лайықты тұлға
- •Кенжаев Әбдір Есембет – Құрбан – Бәйбек – Кемелбай – Әбет – Қожамжар – Кенжекұлы Әбдір (1900-1960 жж.)
- •Қуатбай Прокурор
- •Есембет – Құрбан – Төлеке – Сүйірбас – Жолшы – Сүйінбай – Дәулетұлы Қуатбай
- •Нұрғалиұлы Тобышбай Байбол – Есембет - Құрбан - Бәйбек - Кемелбай - Әнет - Көкей - Қолдас - Нұрғалиұлы Тобышбай (1922-1979 жж.)
- •Сейліханұлы Өтеген
- •Есембет – Құрбан – Бәйбек – Кемелбай – Әбет – Қожамжар – Еснияз – Сейліхан – Өтеген
- •Әбілұлы Ораз
- •Қалиев Әжібай Есембет – Рысбай – Төлей – Женалы – Бесім – Жуабай – Қали – Әжібай
- •Баймолда Қалиұлы Қалмантай Есембет – Құрбан – Бәйбек – Майлыбай – Баймолда – Қалиұлы Қалмантай.
- •Кенжаев Базарбай Есембет – Құрбан – Бәйбек – Кемелбай – Әбет – Қожамжар – Кенжекұлы Базарбай.
- •Қосай – Байбол - Есембет – Құрбан – Бәйбек – Кемелбай - Әнет – Жусанбай – Төлеп – Жалғас.
- •Соцалистік Еңбек Ері Оразғали Әлдібаев
- •Ишанұлы Тұрман
- •Ақмамбетов Байқуан (1926-2008 жж.)
- •Жайбергенұлы Андрей
- •Ибрашев Өтеген Ибрашұлы
- •Реушенұлы Тағыберді
- •Тұрлыбаев Тоғай Алданбайұлы
- •Қарабаев Әби (1946 ж)
- •Қойланұлы Тоқтабай
- •Теміртас Тоқтабайұлы
- •Дәулет Ермекбайұлы( 1851-1931)
- •Даулетұлы Сарыбай (1901-1991)
- •Сарыбайұлы Сүндет (1935-2004 ж)
- •Сарыбайұлы Үмбет
- •Бек Мұхамедұлы
- •Бабакулов Аманкелді (1951 ж.)
- •Дүйсенов Нұр Қаражаұлы (1955 ж)
- •Қарттардан сәлем!
- •70 Сом пенсияның ең төмені
- •40 Жылдан «стаж» асар жиыстырсам
- •Омаров Наурызбайдың шығармасы
- •Армияға алған ағалардың жайынан бір әңгіме құрайын
- •Бердібек батыр
- •Жүндібайұлы Жайбергеннің, Шүренбайқызы Оңаштың, Жайбергенұлы Әндірейдің өмірден озғанын еске алып, ас беру рәсіміне жаңаөзендік жыршы Қармыстың арнауы
- •Алданбай ақсақалға арнау
- •Тоқбергенов Әдіш Алданбай ақсақал қайтыс болғанда балдарына келіп көңіл айтуы 1987 ж.
- •Ардақты әке, аяулы ана
- •Жаңа жылмен құттықтау
- •Өнегелі өрістер
- •Ардақты ана
- •Жалғас Төлеповтың жер-термелері Ер Қосай бабаға арналады
- •«Пір Бекетке арналған терме»
- •Молла Қош мүдәріске және ұрпақтары Базарбайға арналған терме
- •Азаматтар қазақ деген атқа кір келтірмейік
- •Түркістан қаласының он бес ғасырға толғанына арналады
- •Қазақ халқының бас қаласы Астанаға арнау
- •Әбішұлы Назарбаевқа арнау
- •Қосай бабаға зияраттап барғанда
- •Бабаларға арнаймын
- •Бестөбе
- •Бердібек батырдың бейіті қараусыз жатыр
- •«Аржағы асылдан екен ғой»
- •Көз бен шеге (баллада)
- •Маңғыстауда – пір Бекет Ата (поэма) Маңғыстау – пір Бекеттің туған жері...
- •2009 Жылдың 15 қаңтары «Маңғыстау газетінен» алынды. Сұхбаттасқан Бақтыбай Жайлау «Қазақстан-Ақтау» телеарнасының сол кездегі тілшісі. Арнайылап келдік, Ата!
- •Тегіңді білу тектілік
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Есембеттің шежіреші ұрпақтары
- •Ақтау қаласының Есембеттері
- •Жаңаөзен қаласының Есембеттері
- •Алматы облысының Есембеттері
- •Ақтөбе облысының Есембеттері
- •Жетібайдағы Есембеттер
- •Бейнеудегі Есембеттер
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мазмұны
- •Тегіңді білу тектілік
Маңғыстауда – пір Бекет Ата (поэма) Маңғыстау – пір Бекеттің туған жері...
Түмен.
Тәңірім оңғарса егер талап алдын,
Төрешісі жалғыз сен бар адамның,
Кешегі Шығыста өткен шайырлардай,
Қолыма бисмилла деп қалам алдым.
Қолыма қалам алдым шайырлардай,
Айтатын мынау жұртқа ойым бардай.
Ұсақтық пен қысастық неге керек,
Қастыққа алдиярлап бой ұрғандай.
Атымды шығармаймын қастықпенен –
Асау көңіл сен-дағы бастық дер ем.
Сыйластықтың төріне шығаратын,
Жасай бер мәңгілікке достық деген.
Көңілім доссыз болса бытырайын,
Қалайша бір суынып, ысымайын.
Жырымды қабыл алсаң, жұртым-елім,
Сендерге дос көңілмен ұсынайын.
Атбегі емен жүретін бие сынап,
Араб емен жүретін түйе сынап.
Талғаттың жазған жырын қабыл алғын,
Сендерге, туған елім, ниетім ақ!
Бітеді дос көңілдің мұраттары,
Шықпай қалмас қайтадан бірақ таңы.
Аққудай қанат қақсам айданымнан,
Қазақтың тарлық етпек жыр аспаны.
Ақын ем жырдан басқа не берейін,
Қызыл сөзді өлеңменен тең өрейін.
Жаңбырдан соң жер құсап көгерейін,
Халқым-ау, алғысыңа бөленейін.
Алтын шапақ күн батса ұясына,
Құлдилап қырын қонар қиясына,
Жүрегін жыр қысқанда шайырларым,
Қаламның сыр ақтарған сиясына.
Сезімнің қыл пернесін бір басайын,
Ел ме екен келешегін қылмаса уайым?
Ақ қағаз айдынында қалқытқандай,
Қауырсын қалам, сенімен сырласайын.
Мінеки, болып қапты кіші бесін,
Кеш болса көлеңкелер кішіретін.
Ей, қауырсын қаламым, шабыт қысса,
Қырандай маған қанат бітіресің.
Дәл мұндай келе бермес шабыт дәйім,
Естісем дәуір даусын неге ұқпайын.
Тарихтың сан соқпағын жерден оқып,
Көк аспан құшағында қалықтайын.
Сипатшы маңдайымнан сөз самалын,
Қаңқылдап көл шулатса қазша жаным.
Жұмбағы мол құпия сырыңды оқып,
Сан қилы тарих саған сөз саламын.
Алайын көтергенше керегімді,
Дәйектейін болжам мол дерегіңді.
Берешекпіз, қарызбыз, қастерлейміз,
Біздей ұрпақ алсын тек сенен үлгі.
Дүние тұра бермес қалыбында,
Нақ ақиқат осы ғой анығында.
Тарих шежірең мол шерлімісің,
Көп сенде тәлім менен тағылым да.
Басайын, тарих саған қалай қадам?
Әр қадам басу үшін сан ойланам.
Өзіңді толық білу мүмкін емес,
Көп уақыт өтті сенен талай заман.
Өтті рас қилы-қилы талай заман,
Әрбір таң атты сенен арайланған.
Сан қилы тағдыр да көп бір өзіңде,
Соның бәрін өлең қып қалай жазам?
Уа, тарих, сенің ізің суда да бар,
Уақыт бір жылғасынан су боп ағар.
Алтын күн қызуыммен көп елесің,
Аспанға көтерілер бу боп олар.
Бу болып кетеді елес бұлтқа айналып,
Уақыт – жел, бар деймісің бұлтта-ай бағыт.
Теперішін тағдырдың талай көріп,
Іргелі қазақ отыр ұлтқа айналып.
Тарих кенде емессің өкпе-наздан,
Басшыда ақыл болмаса бастан азған.
Қағаз, қалам іздемей біздің қазақ,
Тарихты өшпестей қып тасқа жазған.
Сол тарих жатыр бүгін тау-тасымда,
Тайпалар таңбасы көп қой тасымда.
Біздерге тұр ғой үнсіз тасқа айналып,
Сан түрлі бейнелерің әр тасыңда.
Тарих орын емес ол күл төгерлік,
Қырқылдық та қиылдық күлтелендік.
Ақиқаттың жолынан ауытқымай,
Тарихты жырға қосу білсең ерлік.
Адамдай ауа кеткен тал қармайтын,
Мен емес алды-артымды аңғармайтын,
«Өлең – сөздің патшасы» деген жұртқа,
Аруағы ұлы Абайдың жар болғайсың!
Басына айбалтаның қада сына,
Тарихтың түсер болсам тазасына.
Сыр да көп, сиқыр да көп бауырында,
Көз салсам Маңғыстаудың даласына.
Құзың бар аждаһаның өңешіндей,
Төбеңе қаһарлана төнетіндей.
Төрт түліктің төресі түйелерің,
Шөл даланың желкенді кемесіндей.
Көкмойнақ пырағың бар тұяқты да,
Желдей ұшса жете алмас қияқты да.
Көне жұртқа түйемен барар болсаң,
Жібек жолын білетін сияқты ма?
Маңғыстау бір сен деп жыр ақтарамын,
Тек қана мен өзіңнен бақ табамын.
Алшаң басқан атанды көрген кезде
Асанның желмаясы деп қаламын.
Ата-бабам жайлаған бар қыстағын,
Жатқа біліп сай-сала, сан пұшпағын.
Асан қайғы іздесе Жерұйықты,
Сенсің маған Жерұйық Маңғыстауым.
Жеті жұрт келіп-кетіп тұрмаған жер,
Мойынын қайтып кері бұрмаған жер.
Суынан көкмойнақтай құлын шығып,
Қарт Каспий көк толқынын тулаған жер.
Өксігін әлі күнге тимаған жер,
Талайдың түсіне еніп қинаған жер.
Мұрынның жыраулығына кім сенбейді,
Қырымның қырық батырын жырлаған жер.
Иә, рас, Мұрындайын дүлдүл де өткен.
Жырын айта білетін жыр-дүрмектің.
Кешегі Абыл, Есір менен Құлшарларым,
Күйімен кен даланы күмбірлеткен.
Ертерек, ескі Каспий жағасында,
Қазақ пен түркпеннің арасында.
Ұшқыннан өрт тұтанып, қан төгіліп,
Кез еді жан таппаған жарасуға.
«Беріңдер домбыраны туғандарым»
Деп тұтқын жалынышпен айтты зарын.
Түнерген түркпендер бұрды мойын,
Қарасып кескініне бишараның.
Домбыра орындады өз дегенін,
«Үп» деп тартқыш тұтқын алды демін.
Мас болған күйге жайлау есін жиды,
Мейірін бір қандырып түркменнің.
Кеттірмей қарт түркмен көздің жасын,
Көтеріп күйге батқан алды басын.
Тұтқынға таңмен бірдей жайды құшақ,
- Шырағым Абылмысың, айт расын?
Өмірін жеті қайқы сән қып өткен,
Көңілге жарасады мәңгі көктем.
Менікі, сенікі деп бөліп жармай,
Маңғыстаудын жетеуі ән қып өткен.
Осындай бабалардың ұлы істерін,
Табылмас ішімізден бұрыс дерің.
Ән-күйді ұрпаққа үлгі етіп жүр,
Бүгінде Сержан менен Күріштерім.
Жерден небір қайсар батыр да өткен,
Найзағай-намыс тілгілеп жасын беттен.
Атақозы, Бердібек, Мыңбай, Құдабайлар,
Айтулы ерлерімнің сапында өткен.
Ер Шотан, Иса менен Досандарым,
Сүйінқара, Құлбарақ аттандарым.
Ер Шабай, Қармыс, Сармыс, Балта балуан,
Сендерді жырға қоспай жата алмадым.
Қарасын да тең көрген төресін де,
Осындай ерлерім көп көресің бе?
Бәрімізді айтады деп назаланбаң,
Бәрің де ер, есімдерін ел есінде!
Бұл өзгеше әңгіме жатыр бөлек,
Бұл жерде батыр түгіл ақын да ерек.
Ел тілегін ойласаң батыр дер ек,
Ел жүргені сөйлетсек ақын керек.
Жыр – атасын сыйлаған, сөз – анасын,
Өлеңімен ұйытқан жамағатын.
Халық та. Батырың да тайсалмаған,
Ақынның жырынан қуат ала алатын.
Таусылмас дүниенің базынасы,
Қам көңілдің тым ащы азынасы.
Жылаған жұртын ақын жұбататынр,
Халықтың рухани қазынасы!
Білері аз ақындар несін бастар,
Білгені көп көсемдер шешім бастар.
Сөздің көшін Майқы би қолына алса,
Асан атам жыралулық көшін бастар.
Одан соң Қалнияз, Абыл, Нұрым, Ақтандарым,
Аралбай, Сәттіғұл, Сүгір, Ұзақбай атқан жалын.
Есенғали, Өмірзақ Қалбай, Елібай,
Қашаған елге әйгілі мақтандарым.
Өздеріңді жұртым бар мақтан қылған,
Мың түрлі сөз шығады басқан қылдан.
Кектескен жауын жеңген ерлерімнің,
Сендерсіңдер ерлігін дастан қылған.
Ылдиынан өрлетпес құлама шың,
Тау биігін төбелер құп аласың.
Өзеуреген еліңе кей пысықтың,
Өлеңменен беріңдер сыбағасын.
Мен сендердің жырларыңды тыңдап өстім,
Таудан айбат алайын, шыңнан екпін.
Ақтық демің қалғанша шайыр шалдар,
Арғы-бергі тарихты жырлап өттің.
Тербетілген сезімін жыр-кемеге,
Есің болса асылға тіл беземе.
Айтып кеткен жырм енен дастандарың,
Келешек ұрпақтарға үлгі-өнеге.
Алғансыңдар сан мәрте ел мақтауын,
Сом алтыннан кем емес салмақтарың.
Талғат балаң сендерді жырға қосты,
Сөзден бәйге бермеген саңлақтарым!
Міне, осындай мақтаулы шалдарым бар,
Әр сөзін ақын ұлдың аңғарыңдар.
Іздеуші жоқ деп бізді қамықпаңдар,
Іздеріңді жалғаған балдарың бар.
Балдарың Светқали, Сабыр деген,
Сіздердей айтып жүр ғой шалымды өлең.
Елбасы да біледі Сабырымды,
«Әр қазақты – жалғызым» жаным деген.
Айтыста бір балаң бар Мэлс деген,
Айтыста талайларды тегістеген.
Қолға алса Қашағандай домбырасын,
Төгіліп кете берер келісті өлең.
Шапқанда шалқұйрықтай желдей жүрген,
Жұрт жүрегін жырымен емдей жүрген.
Мэлсім Абыл, Нұрым, Қашағандай,
Шапқанда бәйге ешкімге бермей жүрген.
Жыр жаздым сөзден өлең түзілгесін,
Қара өлең қара нары бүгілмесін,
Іздері міне, осындай ақындардың,
Ұрпаққа жұғысты боа үзілмесін.
Жалғанға кім кетпеген созып қолды,
Жасампаз жарқын ойы анық болды.
Өмірі әр күнін саған арнады,
Маңғыстау білесің ғой Серікболды.
Көңілі Серікболдың карта сынды,
Зерттеді, зерделеді тау-тасыңды.
Өзгенің алтынынан артық көрді,
Маңғыстау сенің әрбір жай тасыңды.
Көз салды талай тайпа көшкен жерге,
Өз ұлын туған елі өш көрген бе?
Талай ғалым ағалар елең етті,
Тарихты ту тереңнен тексергенде.
Көненің көзі ме екен деп қаласың,
Көненің сөзі ме екен деп қаласың.
Сұм ажал Серікболды көп көрді ғой,
Елі үшін ісі көп еді атқаратын.
Жазбадың сен еңбекті атақ үшін,
Мал үшін не болмаса атан үшін.
Маңғыстау көне жұртың зерттеп кеткен,
Қазақтың сен екінші Шоқанысың!
Жұртым-ау, Маңғыстаудың тектісін күт,
Серікті Шоқан екен деп түсіндік.
Серікболың өлген жоқ, Маңғыстауым,
Тарихтың қойнауына кеттің сүңгіп!
Маңғыстаудай менің ата қонысым бар,
Маңғыстау, небір текті арысың бар.
Әдебиетте, әлемде мойындалған,
Өзгеден дара туған Әбішің бар?
Ақының айтар ойын дестеледі,
Өнерден орын алар өскелеңі.
Маңғыстау, сенің жұмбақ тарихыңды,
Әбекең көркем сөзбен кестеледі.
Тарихты арғы-бергі қол жетімді,
Сендегі ибалы қыз, жендет ұлды.
Әбекең сықыр сөзбен суреттеді,
Маңғыстау болмыс-бітім, келбетіңді.
Маңғыстау батыр сілтер қару деді,
Босқан ел тек өзіңе зәру деді.
Маңғыстау жарын күткен төсегінде,
Әбекең «Ұйқыдағы ару» деді.
Сезім-жыр сіркіреген жауын ба еді,
Маңғыстау менің асқақ тауым да еді.
Бұл сөзге түсінбеген кей топастар,
«Ұйқыдағы аруға» жар іздеді.
Маңғыстау, бола берсін үстем бағың,
Беттен от алаулайды іштен жалын.
«Ұйқыдағы аруым», беу Маңғыстау,
Таңы еді тәуелсіздік күткен жарын!
Өлеңмен кіргізейін сөз өнерін,
Тебіренсең шалқыған теңіз едің.
«Үш қиянда» жырлаған Мұрат ақын,
Жайлысы да, майлысы өзің едің.
Қимайды ата жұртты өзгеге ешкім,
Жай жұртта сұлтандықтан без десе кім?
Маңғыстау 362 әулиең бар,
Сен тіпті киеден де кенде емессің.
Өзіңді мекен еткен бір кездері,
Жаңғыртып жүрегімде жыр безбені.
Зеңгір көкпен тілдесіп жатырғандай,
362 әулие күмбездері.
Сыр тартсаң саған сырын айтар еді,
Бойыңыз бір жеңілдеп қайтар еді.
Ақ шүберек байлаған тәу еткен жұрт,
Киелі ағаш саналған бәйтерегі.
Қандай ғажап өсуі бір шыбықтың,
Белгісіндей жалғыз сол тіршіліктің.
Тамырыңа көктен нәр сұрағандай,
Бұтағың жайған қолдай ұмтылып тұр.
Көкке қарап өсетін күнге ұмтылып,
Тума туады тілден тұнық.
Әр әулие басында жапырақ жайған,
Расында байқасаң бір-бір шыбық.
Кімің бар бұл сөзімді аңғарғандай,
Кімің бар бұл сөзіме таң қалғандай.
Бақилық болып кеткен бабалардан,
Малы емес, мына бізге таңқалғандай.
Бұл талдың бабаларға керегі не?
Келместің кеткен сүңгіп тереңіне.
Әр әулие басында бір-бір желек,
Біздерге ормандай өс дегені ме?
Ендеше қазақ елім, ормандай бол,
Жайқалған жас шыбыққа қорғандай бол.
Бабалар басындағы бәйтеректен,
Ұғынып үлгі-өнеге алғандай бол.
Жайқалған бәйтеректей келісті бол,
Көлеңкелі саялы жемісті бол.
Ұлтым-ау, ұлың өсіп ырысты бол,
Жұртым-ау қызың өсіп өрісті бол.
Киеге құрметпен игізгейсің,
Кесірін кесепатын тигізбейтін.
Ұлтымыздың ұрпағын мына біздей,
Жолымен ата-баба жүргізгейсің.
Ел едік қадір тұтқан әруақ басын,
Ақынның айтар ойын салмақтасын.
Мыс-жезіне қызықпай өзгелердің,
Қолыңдағы алтынды ел ардақтасын.
Ардақта алтыныңды қолда барда,
Бір күні ыршып түсер қолдан ол да.
Дау мен жауға тәңірі тап қылғандай,
Елімді түсірмегей байбаламға.
«Ердің соның біздің ел Есет деген,
Пірдің соңын біздің ел Бекет деген.
Айналдым, атам Бекет, әруағыңнан,
Тілегін жақсылардың екі етпеген!».
Ақынға бола берер сөз ыңғайлы,
Шабытсыз киелі өлең жазылмайды.
Талғаттайын ұлыңды қолдашы ата,
Ұрпаққа жыр жазайын өзің жайлы.
Өзіңді пірдің соңы дескен елім,
Айбары тек өзіңмен өскен елім.
Абыз болған күніңмен сөз қозғайын,
Халыққа аңыз болып кеткен ерім.
Айырған ақ-қараның ара шебін,
Әділдікке дайын елі ғана төрің.
Мың жылда бір туылар бұл өмірге,
Мырзағұл атамыздың баласы едің.
Тарихты тарқатайын тыңдаса адам,
Мың жылсыз дәл өзіңдей тумас адам.
Мырзағұлдай әкеде арман бар ма,
Дәл өзіңдей ұрпақпен мың жасаған!
Бақсың ғой Алла берген бағымызға,
Бағымыз да өзіңсің, нарымыз да,
Оқып білім алмаққа талаптандың,
Он төртке аяқ басқан шағыңызда.
Бұл аңызды менсіз де білер елім,
Тілегін сенен, ата тілер едім.
Әкеңнен ақ бата алып, жолға шығып,
Басына Шопан ата түнеп едің.
Бұл жайлы жамағатқа баян болды,
Көңілің дей алмаймын қаяу болды.
Үшінші күн дегенде бала Бекет,
Шопан ата түсіңде аян берді.
Сонда түсінде аян берген Шопан ата бала Бекетке былай деп ақыл-кеңес береді.
- Хиуаға енді басқан қадам, - деді.
Білім берер Бақыржан бабаң – деді.
Таң намаздан соң жолыңа мінерсің деп,
Бір пырақ мінгіземін саған деді.
Ел білер сөзді солай ұғыналық,
Айғақты аңыз бұл ғой сыры қанық.
Бір Аллаға сыйынып жолға шықты.
Ата берген пырақты мініп алып.
Міне сүйтіп пырақты мініп алып,
Хиуаға жеткізеді түсте мұны барып.
«Талапты ерге нұр жауар» дейтін елім,
Аталы сөз деп ұқсын мұны да анық.
Талаптың тұлпарын Бекет мініп алып,
Аңыздан жыр ұғалық, сыр ұғалық.
Ұстазының бөленіп ықыласына,
Жеті жыл жатты сонда білім алып.
Талапты ерге әрқашан бақ қонғанда,
Пендесін қақпайды екен бақтан да Алла.
Жеті жыл мол білімді алды Бекет,
Енді ауылға қайтатын шақ болғанда.
Ұстазы тұтты Бақыржан дана шалды,
Көп оқыған, көп білген дара шалды.
- Ізбасарым деп білем, - деді ұстазы,
Лақтырам кім тапса көк асамды.
Бір Алладан күш-қуат сұрап тұрды,
Міне, осындай ұстазы сынақ қылды.
Сөзін айтып болған соң ұлы ұстазы,
Айналдыра көк асаны лақтырды.
Даналыққа айналған бала көңілі,
Жаны пәк арамдықтан дана көңілі.
Шәкірттері табам деп жүгіргенде,
Бекет бала орында қала берді.
Шәкірті бала Бекеттің бұл қылығына таң қалған ұстазы Бақыржан ата былай деп сауал қойды.
Қай жері ұнамады сізге ненің?
Бердім ғой шәкірттерге біз керегін.
Көк асамды көп шәкірт іздеп кетті,
Деді ұстаз: - Сен неге іздемедің?
Сонда Бекет жауабын пысықтап ап,
- Жоқ менде арам ой мен мысық талап.
- Әуелі Алла, алайын Сізден бата,
- Аса жерге түскен жоқ, ұшып барады.
Аң-таң қалды бұл сөзге қартын әлгі,
Асылдың басқалардан нарқы барды.
Алласыз ешбір істі бастамайтын,
Бекеттің жауабына тәнті болды.
- Өзің ең шәкірттерден тым ерегім,
- Бүйтесің сенен үміт үзер едім.
- Жолың болсын, батамды бердім, балам,
- Алдыңнан бір оғлан жіберемін.
Жолға шықты ұстаздың батасын ап,
Шықпай қайтсін қылған соң ата сынақ.
Бақыржан ұстазының пір Бекетке,
Болыпты білімі озық, батасы бақ.
Ұстазы білім нұрын шаша түсті,
Қасиетін бала Бекет аша түсті.
Көктен құран түскендай пайғамбарға,
Маңғыстауға киелі аса түсті.
Шабытты өлең-жырдан жалын шығар,
Жүйріктің тұяғынан дауыл тұрар.
Ата менен асаны Аллам берсе,
Маңғыстау бұл да ерекше бағың шығар!
Ең бірінші дін аман халқым болсын,
Халқыма осы өлеңім тарту болсын.
Бірлігіңнен берекең ажырамай,
Маңғыстау келешегің жарқын болсын!
Талғат Қайбуллаұлы,
ақын, Қазақстан Жазушылар
Одағының мүшесі.
Адайдың азаматы, аяулы аға
Ардақты әке, жомарт жігіт.
Оңғар ағаға
Жан едің өзгелерден дара туған.
Азамат ең, қажарлы ең барлық ұлдан,
Жомарттық пен намысты қолдан бермей,
Алыстан көрінетін дара тұлғаң.
Соңғы рет кездескенде біз екеуміз,
Сыр аштық үш күн бойы сен екеуміз.
Тәжікстан жерінде жүргендей боп,
Талайларды еске алдық кешеден біз.
Достарыңның бәрімен хабарластың,
Сол баяғы күлкіңмен амандастың.
Өтіп бара жатқанын білмедік біз
Мына жалған дүниеден замандастың.
Қайта-қайта сұрадың кітабымды,
Өлеңге ұқсап оқыдық жыр-әнімді.
Риза болып отырдың жазғаныма,
Жиырмасыншы ғасырға толы мұңды.
«Ертерек кел күтемін, Алматыға
Наурыз тойын тойлаймыз сол қалпында
Кітабыңды маған бер, таратамын
Қазығұрт пен Жетісайдың ортасына».
Енді жоқсың сен бізге Алматыда,
Жетпей жатыр хабарлар сен хақында.
Қош бол енді, адайдың азаматы,
Ұмытпастай қалдырдың өз атыңды.
Жұмахансері Достанов 17.03.2012 жыл
Ақтау қаласы.
Биік едің, алысқа ұшып барасың,
Аяулы едің, көп ініге ағасың.
Жайсаңдық пен Жомарттығың жалғады,
Алматы мен Маңғыстаудың арасын.
Биік еді-ау өзіңдегі арда атың,
Жетпейді енді саған жазған бар хатым.
Қазаңды естіп бүкіл адай қиналды,
Батыс түгел, жылап тұр-ау Алматың.
Қалмайсың-ау ойларыма сірә таң,
Қош айтысты өзің сүйген құба таң.
Қос аққудай сүйіп алған қосағың,
Назираңды енді қалай жұбатам?
Келіп жетті өзің жақтан қаралы үн,
Білеміз, ірілердің ерте ажал табарын.
Енді менен кім сұрайды елжіреп,
Маңғыстау мен адайымның хабарын.
Бұрма бел, жолдарымның бұрымы,
Жете алмаған дос көңілі ұлыды.
Қалың елдің қайғысынан жүдеген,
Қош бол енді, адайымның құлыны!
Ақшагүл Рамазанова. Алматы қаласы
18.03.2012 жыл
Ақын Өтежан Нұрғалиев:
«Қазаққа ақыл айту үшін ақша қосып беру керек»
Бұдан 70 жыл бұрын дүниеге келіп, 17 жасында-ақ «қазақтың Пушкині» деп танылған үлкен талант иесі, кешегі Қалнияз, Нұрым, Қашағандардың ұрпағы, ақын Өтеген Нұрғалиұлының мерейтойы былтыр,туған жері Ақтөбе облысының Байғанин ауданында аталып өтті.Халқымен,оқырмандарымен қуана қауышқан ақынның торқалы тойына атақонысы Маңғыстаудан арнайы барған облыстық телеарна тілшілері де қатысып,сыр-сұхбат құрып келген еді.
Өтежан аға, біздің естуімізше, Сіз қазақ поэзиясына жастай келген кезіңізде,алғашқылардың бірі болып ақ батасын берген- Әбділда Тәжібаев.Мұқағали ағамызда өзіңізді «уақыттың ұлы-ұлы оқиғаларымен бірге түлеген, дәуірдің,заманның жақсы ақыны,үнді де тілді ақыны» деп айтқаны белгілі.Кейін Сағат Әшімбаев,орыстың белгілі сыншылары әр жылдары сын пікірлерін жазып жүрді.
Әуелгі әңгімені дәстүрлі сұрақтан бастасақ,әдебиетке қалай келдіңіз ?Кімдерді үлгі тұттыңыз?Үлкен әдеби ортаға қалай араластыңыз?
-Бұл сұраққа әбден дайындалған адам болмаса жай адам түсінбейді. Мен әдебиетке келген кезде біздің қазақ әдебиеті кішкентай ғана бір шоқының басындағы қирап қалған үйінді мола сияқты еді.Тек қана еліктеуге,орыс әдебиетінің көлеңкесінде жүретін партия мен үкіметтің қаулы-қарарларына үн қосып отыратын әдебиет болатын.Ол кезде әдебиетті орталық партия комитеті басқаратын,Мәскеуден басқарылатын.Қазақ әдебиетінің азғантай ғана шоғыры Москваның әдебиеті қалай жүрсе, солай жүретін.Сол ниетпен мен де партияны,үкіметті,қолдан жасаған Қазақстанды суреттедім.Яғни партиялық әдебиетпен айналыстым.Мені идеалы болатын.Партия тәрбиелеген біздің өмір.Қарапайым ғана советтік Қазақстанның мен комсомолды жырладым.Одан басқа тақырып бізде байқап-байқап қана жүретін тақырып болды.Шындық жырланатын нәрсеге жол берген жоқ.Оны ешкім болады деп те айтқан жоқ.Ауыз әдебиеті бір бөлек, жазба әдебиеті бір бөлек болды.Кім осы партниетияның пен шындығын жырласа ,қаладағы цивилизацияны ,ауылдағы шөмелені жырласа ғана газетке басылады.Әдебиетке мен сол кезеңде келдім,елу сегізінші жылы.
«Соғыстың Сіздің соңғы жазы» атты баллада кітаптарыңыздың кейіпкерлері- кеудесі орденнен көрінбейтін жұмысшы табы да,қызыл жұлдыздан көрінбейтін батырлар да емес.Тура өмірдегідей жай адам,қатардағы ешкім білмейтін жауынгер,қорқақ,ұры,сорлы,екіжүзді жандарды суреттепсіз.Оның үстіне тұралаған шаруашылық,еңсесі түскен ел,азып-тозған ауылдар тағы бар ...Баяғыда Сүгіржырау Хиуа шапқыншылығынан зардап шеккен ел туралы толғау жыр шығарып,Қашаған ақынға орындап берсе,жарықтық Қашекең: «Шырағым-ай,еліңді жау бір шапса,сен екі шапқан екенсің» депті.
-Менің жазғандарымды біздің оқырман алғашқы кезде
санамайтын адамдар болады.Ол адамдар өте шепетильный.Оларға келу кәдімгі әскердің арасына шпион болып барумен бірдей.Мен адамдардың жан- дүниесіне шпион боп кіргенді ұнатамын.Сосын ішіне кіріп алып ол адамды талқандаймын.Оның батырлығының, өтірік тәкаппарлығының бір тиынға тұрмайтынын дәлелдегім келеді.Менің геройым ең соңында батыр да емес,ақын да емес,керемет ғажап жақсы адам да емес,тек жай адамға айналады.Бірақ ол өте қиын,әлгі Джек Лондонның алтын ұрлайтын,алтын қазатын кейіпкері сияқты өмірмен бетпе-бет келетін адамдар.Мен жазып болғаннан кейін ол адам я өледі,я сотталады.Болмаса өз өзіне қол жұмсайды.Осындай адамдардың тағдыры «Соғыстың соңғы жазында» көрсетілген.Өмірден алғым келеді дейтінім сол.Қазір де осы аурумен ауырам.Одан жазылатын түрім жоқ.
-Ал бүгінгі күннің шындығы одан да сорақы емеспе?Сонда ол қашан жазылады,қашан жарияланады?
-Мен ойлаймын,әрбір адам жазушы.Әрбір адамның өз шындығы бар.Оны жасырады.Сондықтан оларға тікелей баратын,шындығын ашатын кілт өте аз.Біздің әдебиетіміз осы кілтті жоғалтқан.Кілтсіз-ақ,осындай болу керек деп құмнан жұмбаздап сортировка жасай береді.Кеуіп кеткен құмнан жасаған сортировка сусылдап құлайды.Ондай герой болмайды.Біздің қазақ әдебиетіндегі геройлар жасанды,асқақ тұлға боп көрінеді.Жұрттың бәріне Абай керек,жұрттың бәріне Шоқан керек.Батыр болу керек,бай болу керек,ал өмір олардың барлығын бірдей қалай бермейді.Кез келген адамның тұмсығы тасқа тиеді.Кез келген адамда кислородный голодания болады.Кез келген адам сорлайды.Сол адамдар мені қағаз бен қалам алуға мәжбүрлейді.Ал ол шығарма жарық көре ме,көрмей ме,онда менің шаруам жоқ.Өйткені ел қазір әдебиетсіз-ақ өмір сүреді.Қызықтар көп:компьютер бар,шет ел асып кетесің я болмаса той-томалаққа барасың,соның бәрі әдебиетті заменить етуге жетеді.Әдебиеттің ешкімге керегі жоқ.Сондықтан мен қазір халыққа маркасы жоқ хат сияқтымын.Мені алады да бұл кімнен келген хат деп қарап,қайтарып жібереді.Адам оған да үйренеді.Менің жазғаныма елу жыл болды.Ешкім менің шығармамды сұрап жатқан жоқ.Онда менің де шаруам жоқ.Өзіме өзім реклама жасағым келмейді.Менің кітабым шықсын-шықпасын,осы принциптен таймаймын.
-Грек философиясын негізге алып «Афина мектебі» атты көлемді дастандар жаздыңыз.Қалай ойлайсыз,қазақ халқының пәлсапасы арқылы ұлтымыздың рухани бейнесін әлемге танытудың жолы қандай?
-Қазақ халқының пәлсапасы дегенді мен түсінбеймін.Өйткені қазақ философияны да, басқаны да бір күн тірліктен артық қоймайды.Тірі болсаң болды дейді. «Сен ақылды бол шырағым,басқаларға ақыл үйрет- деп айтпайды,баласына,- өзің аман жүр әйтеуір,бәле-жалаға ұрынып қалма»,- дейді.Менің сол «Афина мектебі» деген кітабым өзіме өзім ақыл айту .Басқаға ақыл айтқым келмейді.Өйткені ақылды айту үшін ақша қосып беру керек.Сонда ақшаңды да алады,ақылыңды да алады.Мен олай ұсынбаймын.Қазақтың өз тірлігі бар,өз нахальствосы бар,өз жолы бар.Сол жолымен жүреді.Мен соның қасында қарайлап жүрем.
Қонады жұлдыз байғұс айға таман,
Қонады жарлы байғұс байға таман.
Шынымен жүрегіңді берсең маған
Алып жүр текеметті сайға таман,- деген сияқты принципті жақсы көремін. Сайда отырмын қазір, қырдың басындағы адамдармен шаруам жоқ. Мені жақсы көремін десең биігіңнен төмен түсесің, менің тіліммен сөйлейсің, менің кітабымды оқу үшін мен болсаң оп-оңай ашылады. Ал енді басқа бір ойменен, Өтекеңнен өзіме пайдалы нәрсе табам десең адасасың. Менде пайдалы нәрсе жоқ. Менікі тек қана өзімнің көрген тәжірибем, өзімнің айта алмай жүрген сырым, соны айтамын. Басқа ештеңем жоқ.
-Соңғы жиырма жыл шамасында қазақтың көрнекті өкілдері туралы пародиялар жазыпсыз. Ол қашан жарияланады? Оқырмандарыңыз қалай қабылдауы мүмкін?
-Ана адамдар өлсе, сосын ұмытылса, ел сұрайды ғой «Осындай адам дүниеден өтті, Өтеке, сіз не жаздыңыз?»-деп. Бірақ олар әзірге жарық көре қоюы ерте. Өйткені Брежневті ешкім сағынып жүрген жоқ, Сталинді ешкім сағынып жүрген жоқ. Сондай-ақ қазақ та өзінің ата-бабаларын, тегін сағынып жүр. Мен бұл тұрғыда моралистік бағыт ұстанбаймын. Мен үшін жынды да герой, сау да герой, аузы қисық та, көзі соқыр да герой. Өйткені адамның жан дүниесі құпия нәрсе. Адамның жан дүниесі ұнаса ғана менің идеалым. Оның сыртқы түрінің маған ешқандай қажеті жоқ. Ал менің шығармаларымды халық сағынатын кез келер мүмкін. Мен ол кезде боламын ба, болмаймын ба білмеймін. Бірақ қазір әйтеуір халыққа зорлап шығармаларымды ұсынбаймын. Өйткені оны жақсы көрмейді. Менің айтатыным тек қана өзімнің ойларымды әдебиетке дайындап әкеледі, менің интервюім сол туралы. Мен онда не жазатынымды, ойымды ғана айтамын. Менің бар өнерім- сырымды жасыру. Барлық сұхбаттарым соған құрылған. Бірақ менің сырымның ешкімге керегі де жоқ. Мысалы Қожанасыр атамыздың сыры кімге керек? Ол бір жүрген әпенді. Ақылды адамға әпендінің керегі жоқ. Ал сырымды біліп қалса маған да ұят, оқырманға да ұят, сотқа береді әрі-беріден соң. Әзірге ондай жағдайға барған жоқпын. Өйткені менің тілім қорқақ тіл, мен сынауға қорқамын. Қоғамды мен ұнатпаймын, бірақ сынамаймын. Ал енді осы қоғам туралы пікірімді шындап айтсам мені сол бойда алып кетер еді. Сондықтан менің Эзоптың тілімен сөйлейтін себебім сол. Жасырып айтам ойымды. Соған жұрт күледі де қояды. Ол күлкі емес, ол қасірет. Шын ойыңды жасырып, әдемі нәрсе айтуға шеберлену керек. Ол арыстанның мұртымен ойнау деген сөз. Тордың ішінде тұрған арыстанның құйрығынан тартсаң қалай ұмтылады, сол сияқты мен өзімнің оқырманымның мұртымен ойнаймын. Арыстанның құйрығымен тордың ішінде тұрса ғана ойнаймын. Қорқам, кейінгі балалардың түсінбейтінінен қорқам, алдыңғы миы айналған шалдардан қорқам. Өйткені екеуі де ауру. Менің замандастарымның ішінде сауы жоқ. Мұның барлығы осы қоғамның қасіреті. Бір-бірінің саулығын тілемейді, бір-біріне жағымпазданғанды жақсы көреді, біріне бірі ор қазады.
-Ал жас қаламгерлердің шығармаларымен танысып отырасызба?
-Жас қаламгерлерді мен бар деп ойламаймын. Өйткені олар жарияланатын шығармаларды ғана жазады. Жарияламайтындарын адам жоқ жерде айқайлап айтып жүреді. Біреу келсе үндемей қалады. Барлығы сол алдындағы қарияларды қайталаумен келеді. Жастарда ми жоқ, ақыл жоқ, тек арман бар. Ми мен ақыл болмаса еш уақытта арманға жете алмайды. Оны өмір ғана сүйрейді. Ешбір кітаптан ақыл ала алмайды. Өмірден таяқ жемейінше, мұрның қызыл-ала қан болып, бет аузың көгала қойдай болса ғана өмірдің не екенін білесің. Таяқ жемей әдебиетке баруға болмайды.
- «Ұмытылған ақындар» сериясын жиі қозғайсыз. Солардың ішінде әлі де көңіл бөлінбей келе жатқан кімдерді атар едіңіз?
-Мен айтқан адамдар әлі де айтылмайды. Мысалы Тоқаш Бердияров бүкіл қазақтың плеядасын тәрбиелеген адам. Мұқағали Мақатаевты кішкентай бала күнінен бесікте тербеткен. Бірақ олардың екеуі екі басқа. Тоқаш алдыңғы ұрпаққа жатады, соғыстан келген, қаны бұзылған. Ал Мұқағали Мақатаев еркелеп, шолжаңдап өскен бала, Олжас сияқты. Бұлар Үйсіннің еркетотайлары, бұларды ел жақсы көреді, қызығады, ескерткіш қояды. Бірақ уақыт өткесін олар да ұмытылады. Ал Тоқаш Бердияров сол кезде шығуы мүмкін. Әлі күнге дейін бүкіл ақындардың төбе құйқасы шымырлайды Бердияровты айтқанда. Өйткені Бердияров бірінші пионер ,ну орманға кірген пионер. Бірінші алтын тапқан адам. Үш шумақпен, бес шумақ өлеңмен шедевр жасаған, Абай сияқты. Бірақ ешкім Абай мен Тоқашты салыстырмайды. Абайда түгел насихат, положительный адам жасау, ал Тоқашта ешқандай насихат жоқ, өз қара басының қамы мен бақытын армандаудан басқа ештеңе жоқ. Бұл таза қоғамнан баз кешіп, өзін-өзі мадақтайын тұлға. Ондайлардың қазақ әдебиетіне керегі жоқ. Бірде бір жерде Бердияровты мақтаған конференция, туған күн болған жоқ. Сол Бердияров сияқты елу шақты ақын бар. Елуі де әлі аталмай келе жатыр. Олар түрмеге түскендер, союздың секретарларының дар мұрнын бұзған немесе қылмыспен сотталғандар,т.б. Ондайлар өте көп. Өйткені қылмыскерлер өлеңге жақын болады. Түрмеде отырғандардың бәрі ақын. Олардың өлеңдері шықпайды. Себебі жұрт бақытты адамдарды жақсы көреді. Ал бақытты адамдар еш уақытта өлең жаза алмайды. Олар тек төсекке жату, үйлену, табиғаттың аясында қыдыру, шоколад жеу, шашлык жеумен өмір өткізеді. Бақытсыз адамдар өлең жазады. Ондай ақындардың плеядасы әлі келген жоқ.
-Өзіңіз бүкіл саналы ғұмырын оқуға, жазу-сызуға арнаған жансыз. Поэзиядан басқа жанрларда қалам қуатын байқап көрдіңіз бе? Көрген-білгендеріңіз де, басыңыздан кешкен түрлі оқиғалар да аз емес, мүмкін мемуар естелік жазып жатқан боларсыз?
-Ол жазған нәрселерімді өзім оқуға қорқамын. Өйткені қай-қайдағы бәлелер есіңе түседі, давлениең көтеріледі, сосын кемпіріңе тиісесің, ыза боласың. Сондықтан оны оқымауға тырысам. Шамам келсе бір күні жұртты жинап алып газеттерді, күнделіктерімді көрсетем я өртеп жіберемін. Ол жарық көретін уақыт әзірге келмейтінін білем, өйткені менің жазғандарым тірі адамдар. Ал олай болмайды. Олар сотқа береді немесе пышақ салатын адамын жібереді я үйімнен қуады, балаларыңа зиян жасайды. Сондықтан ондай шығармаларым шықпағаны, жарық көрмегені дұрыс деп ойлаймын. Бірақ оңашада оқуыңа болады. Уақытың болса. Алматыға келсең беремін, жайлап сытырлатып ашып қарауыңа болады.
-Жетпіс жастың белесінде тұрып өткеніңізге көз салсаңыз, қай кездерді аңсап, сағынасыз?
-Ешқандай сағынбаймын, өткен нәрсе өтті. Мың күн тозақтан бір күндік жұмақ артық. Жазушылықтың да керегі жоқ. Қызығы тек өзіңнің юбилейіңді тойлап, шашлык жеп, көк шай ішіп, төрт бөлмелі саяжайда қалтаңа конверт салып рахаттанып отырғанға жететін ештеңе жоқ. Бірақ ол жетпіс жылда бір-ақ рет болады. Басқа ешнәрсе армандамаймын. Мен де Қазақстанның бәлеге ұшырамай, тірі болып жүргенін қалаймын. Бақытты да болмасын, бақытсыз да болмасын, бай да болмасын, батыр да болмасын, тек әйтеуір аман болсын, отқа түсіп кетпесін, басқа тілегімжоқ.
-Әңгімеңізге рахмет!
-Саған да рахмет!
