Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
байбол есембет шежіресі.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.28 Mб
Скачать

«Аржағы асылдан екен ғой»

Әруағыңнан айналайын Адай-Атамыздың ұрпақтарының ішінде небір кереметтер бар ғой. Солардың бірі ақын Өтежан Нұрғалиев. Жә, әңгімені басынан бастайық...

Осы бір сексеннің сеңгіріндегі ананы көрген сайын, өн-бойында ерекше бір қасиет бардай сезінетінмін. Себебі, бұл әжеміз қашан көрсек те өзіне жарасымды қазақы кимешегімен, аузынан Алласын, қолынан тасбиығын тастамайтын. Сонау 80-жылдарда көріп жүргенімдей, дәл осы бүгінге дейін сол қалпын бұзбаған адам. Жалпы мен бұл кісіні 70-жылдардан бері қарай танимын. Оны тану себебім, әжеміздің Рузия атты қызы менің мектеп қабырғасында, бір класта, бір партада отырған досым әрі күні бүгінге дейін араласып тұратын сырласым әрі құрдасым.

Осы әжеміздің ішкі жан дүниесіне үңіліп, сыр тартып сөйлессем деп көптен армандайтынмын. Оның да сәті түсіп, кіші баласы Жақсыбектің қолында отырған әжемізге бардым. Барсам әжеміз дәл менің көз алдымдағы қалпында, аппақ кимешегімен, таспиығын тартып, Алласын аузына алып отыр екен.

Амандық-саулықтан кейін, келініне шай қоюға тапсырма берген әжемізбен екеуіміздің арамыздағы әңгіме өрбіп жүре берді.

Жалпы бұл кісінің туған жылы 1927 жылы 10 қаңтар екен.

«Туған жылым қоян-ды...

Істеген ісім Аллаға

Бүкпесіз бәрі аян-ды», - деп ертеректе жазған бір шумақтарын есіне алып қойды. Руы Қосай атаның Есембет тармағынан екен. Бұл күнде көзі тірі ақсақал Жеменей-Есен, Болжанов Рамазан атамызға 1958 жылы қосылыпты. Әженің өз аты-жөні Бижан Оңайқызы. Ақтөбенің Байғанин ауылында дүниеге келген. 5 класс білімім бар дейді. Сол білімімен 1944-54 жылдар арасында «Социалистік ауыл» газетінің баспаханасында жұмыс жасаған. Сол бір жылдары тағдыр айдап Түрікмен жеріне қарай қоныс аударған. Одан 1965 жылы Маңғыстауға, Шетпе елді мекнені көшіп келген. Қазіргі таңда Маңғыстауға танымал азамат Әзірбай Қонарбаевпен бірге «Жаңа өмір» газетінде жұмыс жасапты. Ол жерде 5 жыл жұмыс жасағаннан кейін 1970 жылы маусым айында Бейнеуге көшіп келдік деп әңгімесін одан әрі өрбіткен әжеміз, өзінің 21 жасында бәр әлемет түс көргенін айтады.

Түсінде, біртін келе өзіне діни тұрғыда дәріс берген ұстазы Есен Нұрпейіс молла бастаған көп ақсақалдарды көріпті, сол көптеген ақсақалдардың алдында отырып намазға жығылған. Ал бір таң қалатын құбылыс, намазға жығып тұрған, ақ жаулықта ана дейді. Ол кім болды екен деп сұрақ қойғанымда, «Бибіфатима шығар», - деді де қойды. Осы әңгімеден кейін біраз ойға шомып отырып қалды. Мен де ойын жинақтасын деп сұрақ бермей отыра бердім.

Әрі-беріден соң сөзін одан әрі сабақтап, өзінің көп жылдар бойы ішкі жан-дүниесімен арпаласта болғандығын мұңая отырып есіне алды.

Қызыл империя саясаты талай-талай адамдардың имандылық жолына кесе-көлденең тұрғандығын бәріміз де жасқы білеміз. Әже мұңының астарын да түсіндім.

Содан соң арпалыс, жүрекке тыныштық бермеген соң 75-жылдары өз шешесінің ақылымен Нұрпейіс моллаға барады.

Нұрекең жарықтық қуанғаннан: «Балам, саған Құдай берді, дін жолына қарап бұрылыпсың, алдыңнан ақ күн туады», - деп батасын беріп, дәріс беруге келісімін беріпті. Содан әжеміз ұстазынан намаз сабағын оқып-үйреніп, таң намазына жығылыпты. Әжеміздің айтуынша, әлде де болса бірдеңе жетіспейтіндей, ұйқысы қашып мазасы болмай, жата алмағын, ұстазына қайта барған.

Сордан соң ұстазы бес уақыт намазға жығыпты. Содан бері 30 жыл болды, намазымды қаза қылған жоқпын дейді.

Әжеміздің ұстазы Нұрпейіс ақсақал, Рамазан атамыздың әкесінің әрі құрдасы және рулас ағайыны. Сонда, қазақшылықпен қарағанда, ұстазы әжемізге ата болады. Сәлем етіп, шәйін құйып беріп ұстазына көп жылдар қызмет еткен. Нұрекең өмірінің соңында шәкірт-келініне өзін соңғы сапарға шығарып салуды тапсырған. Содан әжеміз былай деп жоқтау айтыпты:

Биссімілла деп бастайын,

Басыңа Құран жастайын.

Мені Құрпанға кез қылған,

Аян берген атаммен

Қоштасып бүгін тастайын.

Шыбындайын жан берген,

Бидайдан етіп нан берген.

Аллаға тәубе деймін де,

Көзімді бүгінждастаймын,

Дәріс беріп дәріптеп,

Ақ Құранмен оқытқан.

Ақ жолына Аллалап,

Жүрегіме тоқытқан –

Атам да едің қайтейін,

Құраның болсын сырласың,

Иманың болсын жолдасың.

Намазың болып қорғаның,

Жаннаттан орын таңдасын.

Міне, ағайын, рухани ұстазға деген құрмет абзал ананың аузынан осылай төгілген. Әжемізден зікір, тасбих жөнінде де не білесіз деп сұрап едім.

Ол жөнінде тікелей дәріс ала алмағанын өкінішпен айта отырып, бірақ ұстазға қызмет көресетіп жүргенде, ол кісінің аузынан оқтын-оқтын; «Аллаға зікір айтың, Мұхамбетке салауат айтың, Зікірдің ең жақсысы «Лә иллаһи ил Алла» - деп отыратынын көп естідім дейді.

«Мысалы, - дейді әжеміз, төмендегі шумақтарды айтып отырып:

Күндегі таныс күн мен түн –

Жалықтым, сенен келемін

Күндегі ойын бір ойын –

Қайталай беріп не етемін.

Тірі емеспін өлімін,

Көп тірінің бірімін.

Мұхамбеттің үмбеті

Мен Алланың құлымын, - бұл менің зікірім ғой, Алланы ауызға алып мадақ айтудың бәрін зікір дейді балам, жалпы дін мәселесін түсіну үшін Шәкәрімді көбірек оқу керек», - деп тағы да бір азырақ ойға шомып кетті.

Дәл осы кезде мен мынандай ойда отырдым:

Күндегі таныс күн мен түн

Жалықтым сенен кетемін.

Күндегі ойын бір ойын –

Қайталай беріп нетемін, - әже сөзі,

Шәкәрімнің: Баянсызға қас болған

Жар нұрына мас болған –

Сыр өздерімен сабақтасып кеткендей. Кенет әжеміз:

Ақыл таппай иман жоқ,

Ақыл ойды жиған жоқ.

Талай дінді тексердім,

Бәрі де ойды тиған жоқ, - деп кім айтқанын білесің бе? – бұл Шәкәрім сөзі деді. Міне білімнің қайнар көзі қайда жатыр.

Кенет кейуана: «Мен ақын Өтежан Нұрғалиевтың апасымын ғой» - дегенде таңданбасқа ешқандай шарам қалмады. Ия, шалдардың: аржағы асылдан екен ғой» деп жататыны осындайда екен ғой. Шындығында Адайдан кімдер шықпаған, қадірін білер ел болса...

Менің бір сағаттық уақытыма әже әңгімесі сиятын деңгейде емес екен. Сонда да болса мүмкіншілігіме қарай қағаз бетіне түсіруімнің себебі, ауылымызда осындай дін ұстаздарынан сабақ алған және өзінің де келер ұрпаққа берері мол ақыл-ойдың қазынасы асыл әжелеріміздің бар екендігін халыққа таныстыра отырып, ауыл жастарын осындай рухы бай аналардан тәлім-тәрбие алуға шақыру еді. Мен әжеден. рұқсат сұрап, тағы да келіп әңгімелесетімді айтып тұруға ыңғайландым.

Ал әжеміз болса, өзін іздеп келіп, өмір дерегіне қызығушылық танытқаныма ризашылығын көзіне жас ала тұрып білдірді. Сөзінің соңында біздің ұйымдастыруымызбен «Адай-Ата» әруағына бағышталып берілетін садақаға тағы да қабыл болсын айтып, алға қойған мақсаттарың оңынан оралсын деп батасын бере отырып, ұлт мүддесіне орай жұмыс жасау әрбір азаматтың парызы екендігін тағы да бір ескертіп кетті.

Сәрсен Қадір, Бейнеу кенті.