Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
байбол есембет шежіресі.doc
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
3.28 Mб
Скачать

Аруақты атам ер Адай Елтайұлы

Шамамен 1380-жылы Түркістан маңында, Сырдарияның төменінде, Елтайұлы Адай дүниеге келген.

Баласы Байқожаның атам Елтай,

Туылған Адай едік Анайыдан.

Анадан айға жетпей жетім қалды,

Баласын көрмей кетті Елтай бабам,

Асығыс ажал жетіп Құдайынан.

“Моншақты”- Таз,Адайды бір емізіп,

Сыйпапты жас сәбиді маңдайынан.

Таласып, Тазбен бірге емшек еміп,

Адай-Таз атанған, - дер, сондайынан.

-деп, ұстазым, халық шежіреші ақыны Өмірзақ Қалбайұлы шежіре дерегін негізге алып жазған.

Тыңдаған халық риза болғандықтан: - “Аққу менен қаз туыс, Адай менен Таз туыс”, - деп, мақұлдаған.

* * *

Алтын Орданы билеушілер – Шыңғыс ұрпақтары бір-бірімен бақталас, тақталас болғандықтан, жауларының жетегіне еріп, іргелі елді ірітті.

Алла тағаланың жазмышымен, қара халықтың тілегін тілескен, жүрегінің лүпілін нақ сезіп, ізіне ерте білген - Әмір Темір көреген билік басына келеді.

Орта Азиядағы қос өзен аралығын толық бағындырған Әмір Темір көрегенге көршілес елдердің пақыр-бұхара халқы шағымданған, әділдік орнатып, елдерін өз қол астына алуды өтінген. Көршілес елдерінің қарапайым халқының арызын қанағаттандырып, Ауған, Үнді, Иран, Әзірбайжан, Гүржістан, Ирак басқа да араб елдерімен Түркие елдеріне жорық жасады.

...Жүз мыңдаған бес қаруы сайлы сарбаздардың жолында адам түгіл аң қашқандай еді.

Әскерлері Қап тауының Көк шыңының тұсынан, тауға өрлеп, Гүржістанға өтпекке ұмтылды. Солардың бірі сарбаз Адай Елтайұлы Алшын ұрпағы: - “Жар болагөр Жаратқан Ием Алла тағала!”-деп, тауға өрмелеуде.

Көк тұлпары тау-таста, орман-тоғай, өзен, көл, шөп далалықта талай жорықтың куәсі болып, шыныққан ат.Адай күш-жігерін, ақыл-айласын аянбай жұмсады. Отыз құлаштан, ені бір кездік, ақ және қызыл түсті басқұрларды құз тас жігіне байлап, бекітуде. Көк тұлпары Адайдың жетегінде, жолбарысша басқұр үстімен өрмелеуде. Қарлы-мұз үстінен төселіп бекітілген басқұрларды, тауға өрлей ауыстырып, көк тұлпарын жетелей, Көк шыңға шығып тынықты.

Көк,-десе, Көк. Көкпен таласақан шың. Жан-жағына тамашалай көз салса, ақ қой жүндерін төбе төбе етіп жайғандай, ақша бұлттар шың иығына айнала жатыр.

Ізіндегі жанкешті сарбаздар да, түрлі амалмен, таудан түсуде. Қиналыспен шыңннан асқан жүз мыңдаған сарбаз Гүржістанды тосыннан, күтпеген жерден шабуылдады. Жеңіске жеткен Әмір Темір көреген, Гүржістан патшасымен тиімді келісімге қол қойысты. Ол елдегі екі аймақ мұсылмандар еркін өмір сүретініне көңілі сеніп,көздері жеткендіктен: -

- Әділдік орнатқан Әмір Темір көреген және сардарлары мен сарбаздары екі дүниелік абыройға ие болғайсыз!-деп, ақ баталарын беруде.

Бір абхаз мұсылман: -

- Гүржістан патшасы зұлымдықпен, кім христианға өтіп, шоқынса, салықтан азат! Кім мұсылмандығында қалса, салық еселене береді!-деп, бұйрық шығарған.

Иманымызды сақтауға жәрдем етіп, көңілімізді тасытқан Әмір Темір көреген даңқы арта берсін!-деп, шаттана айқайлауда.

Әмір қызыметшілері, мұсылман абхазға зерлі шапанды иығына жауып тұрып: -

- Еліңе сәлем айт! Әмір Темір Алланың иманды құлдарын дінбұзарларға қорлатпайды! Мұсылмандар Әмір Темірдің, Әмір Темір Алланың қорғауында! - деп, жолға салды.

Әмір Темірдің бір жаршысы: -

- Жамағат! Көк шыңынан бірінші асқан сарбазды Әмір Темір көреген күтуде. Әскербасылары сол сарбазды тез әкелсін! – деп, хабарлауда. Әли Сман қожа әскербасы, сарбаз Адайды ертіп келді.

Әмір Темір: -

- Қадірлі қожа әулеті Әли баһадүр, жаныңдағы сарбаз кім? Баһадүр тектес, қаһарлы, қабыланды қашырардай жас сарбазды әкелу махсатың не? – дейді, сұраулы жүзбен.

Әли сардар: -

- Өзіңіздің фарманыңызбен, Көк шыңын бірінші асқан сарбазым Адай Елтайұлы Байқожа немересі, Қадірқожа шөбересі, Құдияр шөбшегі, Алау жүрежаты, Алшын ұрпағы алдыңызда,тәжім етіп иілуде.

Әмір Темір:

- Ер Адай! Өз салмағыңдай алтын берейін бе? Күміс берейін бе? Менен не қалайсың? – дейді.

Ер Адай: -

- Мен үшін алтын күміс қажет емес. Алсам,“ағайын – ащы, мал- тұщы”-дегендей, жақыным да жабысар. Арама алтын түскен соң, бірлік атты бақ ұшар. Дүние шіркін, азаптап, пәк жанымды жанышар. Әділетті Әмірім, темір тәртіп Темірім, ақ батаңмен гүлденгей менің фәни өмірім. Алла үшін сенімім, енбегіммен ерлігім. Ұрпағым өскей батаңмен, бір Алланы панам!-дер-деп, тізесін бүкті.

Әмір Темір: -

- Баянды бақ құс орнасын, отбасыңа, басыңа. Әулие пірің қолдасын, өсірер ұл, қыз жасыңа. Басыңа түссе қиындық, жігерленгін, жасыма! Бір Алланың сыйын ұқ, бақ-дәулетке тасыма! Мал мен басың тең өскей, жер жүзіне шашыла. Абырой атақ, бақ, дәулет, Аллам бергей асыра! Иманды ұрпақ-сән, сәулет, көп болғай мизам шағыңа. Аллаһу әкбәр. Әмин! –деп, Әмір де, жамағатпен бірге Адай да қос алақанымен бетін сипады.

Әмір Темір фарманын оқып, жаршы: -

- Осы сәттен бастап, бұйырамын! Қап тауының “Көк” шыңы – “Адай көк” шыңы аталсын.

Қап тауының “Көк” шыңы сол күннен бастап, “Адай көк” аталды. Тілі сәйкес келмегендер: - “Адай кох” - деп атап,жазылуда.

* * *

Жеті жылдық соғыстан келген Әмір Темір көреген Самарканд уәлаятына жар шашып, ұлы жиын-жеңіс тойын тойлауда...

...Палуандар күресі кезегі келгенде ортаға шынжырлы “піл” балуан шықты. Онымен кім күрессін?! Жүрегі дауалайтын жан шықпай тұр! Жарнамашы жер көкке сыйғызбай “піл” палуанды мақтауда.

Ер Адай: -

- Шеркеш аға бата бер!- деп, еліміздің де, ерлігінің де сын сағатында қорғауға дайын ниетін танытуда.

Шеркеш би Қыдырсиықұлы, Қыдырқожа немересі, Құдияр шөбересі:-

- “Баурым-ай, айбарым-ай. Көзсіз ер, қайтпас алмас, қайсарым-ай. Тоқта,-деп, айтқаныммен көнбейсің-ау. Қажымас қар барысы қайратым-ай!”

Шеркеш би қос алақанын жайып:-

- Жаратқан рахымды бір Құдайым, Жарылқа, жығып келгей, ер Адайым. Боз қасқа, Құдай жолы бүгін шалам,Алаштың Адай қорғар абырайын.

Алла жар, бақыт құсың көкке өрлегей.Қайратың, қарсыласқа дес бермегей. Ұрпағың үлгі болғай бар Қазаққа, фәниде кемдік, қорлық еш көрмегей! Аллаһу Акбар! Әмин,-деп, ақ батасын береді.

Адайды оңашалап, ағалық, жанкүйерлік кеңес беруде...

...Әлімұлындағы Қарамашақұлы Ораз, Адайды марапаттауда: -

  • Бұл Адай төрт атадан туысымыз, он атамыз да балуан, кілең ер...

Байқожа, Елтайұлы ер Адайым, бақ берген баяндығып, бір Құдайым. “Адай көк” Қап тауында аты қалды, ортақпын, атағына мақтанайын. Жаратқан артық еткен бақталайын. Жығады, “піл” балуанды нақ Адайым. Сеземін,сезімім еш алдамайды. Туыстың жеңісіне шаттанайын!-деп, мақтанып, көңілді тұр.

“Піл” балуанды шынжырынан босатып, ортаға әкелуде. Тегі ирандық-ау шамасы. Түр-түсі келіп тұр. “кім шығады!”-дегендей, тәкәпбар пиғылмен талтаңдауда.

Ер Адай, “піл” балуанмен кездесіп, қол алысып, төс түйістіре, тиісті рәсімдердің бәрін жасады. Бір – біріне қол салды. “Алла!” – деп, аруақтанып, ер Адай “піл” балуан ирандықты оң жамбасқа алды.

“Алшын!” – деп, арқасы қозған Адай, қарсыласын, іштен шалған қалпында, айналып, бүгіле, жасындай жалт еткенде, тез иіле, ирандық опырылған жартастай құлады.

Арысы алты Алаш, берісі үш Алшын ұрандасып: - “Алаш, Алаш, Алаш!”, “Алшын, Алшын, Алшын!” – деп, мақтануда. Мерейі өскен Қазақтар шаттануда.

Адайды кезек-кезек құшып, жабыла, хан көтергендей, көтеріп жүр.

Беріш, Таз, Есентемір, Шеркеш, Ысық, Қызылқұрт, Тана, Масқар кезек құшып, Байбақты Жаппас пенен Алашалар Адайды алқалап тұр, кезек қысып.

Әмірдің бас бәйгесі кілем жапқан тоғыз ақ нар, тоғыз жылқы, тоғыз түлкі. Үш Алшын бар Алашпен олжа бөлісуде.

* * *

Елтайұлы ер Адайдың ару жары ай келбетті Айымнұр Бексұлтан төре қызы – екен, деген деректі шежіре білетін ата-ағаларымыздан естіп өстік.

Шыңғыс хан ұрпағы – қыздарынан туған жиен де ақсүйек, - деген төрелер салты санамызда сақтаулы. Адайдың алмас тілді ақыны, жауға салса батыры Қалнияз Шопықұлының жырларында: - ... , Аржағымды сұрасаң, төре нәсіл ер деген, төре жиен болғасын, қай жерімді кем деген, - деп, төкпектейді.

Киікбай Жолдасбай би, Адайды мұқатқанға: -

- Ежелден ескі сөздер санамызда, төретек Айымнұрым – анамыз да. Ит болсаң, етектен кел, жағаласпай, жармаспа, қамаржиек жағамызға. Бәріміз Адами зат, тең – тегіміз. Ұғарсың, иман болса санаңызда! Көнбеймін, дерегі жоқ сөз айтқанға. Түсірем иман-қалып тобаңызға! - дегенде, айыптыны ағасы дойыр қамшымен бір соғып, талдырыпты.

Жолдасбай биге, астындағы атын міңгізіп, сары сеңсең тонын кигізген, айыптының ағасы- Асау батыр Барақұлы екен ... деген, әңгімені Ақбота Сатқан айтып берді.

Адай атамыз сол Айымнұр анамыздан қос ұлды – Құдайберді, Кәрімбердіні сүйген.

* * *

Балықшы Тағаудан: -

...Әл қисса, тағдырдың жазмышымен, әлемге аты әйгілі Алтын орда билеген Шыңғыс ұрпақтары хандармен, хан кеңесі мүшелерінің береке – бірлігі кетіп, ұлы мемлекет ыдырап, тозған. Қазан хандығы, Қырым хандығы, Хажытархан хандығы, Ноғай ордасы, Қазақ ордасы, Өзбек ордасы, Сібір ( соңғылықты, Көшім хандығы) хандығы т.б. көптеген бөлшек иеліктерге бөліне бастаған кез.

Алтын Орданың Хан кеңесі мүшесі, соңғы Қорғаныс Қарулы Күштерінің бас сардары Қарақыпшақ Қобыланды батыр ыдыраған елдің етек-жеңін жинап, бөлінгендермен шешілмеген дау түйіні көбейген сәт. Етектен алған ішкі жаумен күресуде.

Қазақ ордасы құрылуға халық ниеті біріккен кезде, Елтайұлы ер Адай аталас Алшын-Кеншін ұрпақтарымен Әмір Темір билігі қол астынан кетті. Ноғай-Қазақ бірлестігі құрамында, Маңғыстауды қыстап, Орал тауға дейін жаз жайлап жүрген кезі.

Елтайұлы ер Адайда: - “түбі бір түркі туыс елдердің іргесі сөгілмесін!” – деп, Қобыланды батырдың қол астында жауымызды жайратқан мыңдаған ерлеріміздің бірі еді.

... Тоқтамыс, Едіге, Әмір Темірлердің тақ таластарынан Алтын Орда сөгіліп тұр.

... Бір түні таң алдында, Адай туыстары мен От-Ман тауының биігінде, қарауылда тұрғанында, арқадан – Жем жақтан, ұран от байқады. От-Манның биік орнында, дайын тұрған қаттықара, сексеуілді алыстырып – тұтатып, ұранотты алаулата жағып жіберді. Кезекші қарауылдарды қалдырып, өздері Жемге бағыт алып, суыт жүріп кетті ...

... Ер Адай бастап, Шеркеш би Алшын туын ұстап, Әлімұлы, Байұлы, Жетіру аталастарымен, Биікжалдан өтіп, Жем бойына, қамысты Қаракөлге де жетті.

Ұлы Жібек жолындағы, Жемнің, қамысты Қаракөлге құяр жерінде, Естеміс ердің қыпшақ қолы төрт жүздей сарбазына Адайдың жүздігі кездесіп, бірікті. Іштен бөлінген жаумен соғыс басталып кетті.

Жаудың алдындағы сардарын көздеп, ер Адай ұшқыр жебесімен атқанда, оң көзін ойып кетті. Теңселгенмен, жығылмай тұрған жаудың кеңсірігінен найзасын ырғап, зорға суырды.

Сардары өлген жаудың берекеті кетіп, бытырай қашты. Қойға тиген қасқырдай, Естемістің бес жүз қолы, жауының көбін қырып, азы құтылды. Тұтқындалғаны да көп. Жауды өкшелей қуған ерлер – Адай, Ысық, Байбақты, Масқар, Тана, Жаппас, Қызылқұрт, Алаша, Есентемір, Таз, Беріш, - туыстар жаудың көнгендерін тұтқындап көнбегендерін,қуалап қыруда.Ажалсызы аттарының жүйріктігімен құтылды.

Ер Адай аталастарымен, қашып бара жатқан жаулардың ту ұстаушыларының тобына қуып жетті.

Ер Адай жау туын қорғаушыларын найзалап, қылыштап, ту ұстаушыны да атынан аударып, туды тартып алды.

Сондай бір сәтте, жыңғылды саймен қашқан көк күймені Адай қуып жетіп, ұстады. Көк күйменің есігін ашып, керемет сұлу қыз хабарласты: -

-Мен, ұсақ хандардың бірі-Темір ханның қызы Құралаймын. Делбешіме де тимеңдер. Еркекше киінген қыз-қызыметшім. Берілеміз! –деді. Көк күймелі қыздарды, ер Адай Естеміске тапсырды.

...Айқастырған қос найза, оңынан туған күміс айшықты, Алшынның ақ туын ұстаған Шеркеш би:

-Сіздер қашқан жаумен кеткенде, ортада қалған отыздай жау сарбазы, менің туыма шабуылдады.

Алшын туын, ұстаған мені қорғап, Мысық, Сасық, Дауыл, Жанбақты, Дінбақтылар ерлікпен шаһид болды.

Жетірумен Әлімұлы туыстарымыз көмекке келмегенде, тудан да, менен де айырылар едіңдер!-деп, үстіне өрілген, болат сауыттан жебелерді суыруда.

* * *

Естемістің басшылығымен жауын женген сардарлар сарбаздармен қамысты Қаракөлді жағалай демалуда.

Тұтқын әйел-қыздарды көзі көрген ауызы бостаулары: -

-Шашы қара құндыздай, көзі жанған жұлдыздай; екі беті бет емес, жұмақтан түсіп, көгеріп, піскен Алатаудын алмасындай – Құралайды айтсаңшы! Өзі көп ханның бірі Темірдің қызы екен. Паһ! Үлесіме тисеші! – деп, ауыздарынан сілекейлері шұбыруда...

“Құралайды мен алам, сен алмайсың, мен алам!”-деп, дауласып жатқан төрт есерсоқтың айқайын Құралай да естіп қалды.

Құралай: -

- Бір жаманға бұйырсам, өксумен өткенім бе?-деп, қайғырып отырсам, бұлар әлден-ақ керісуде. Мені тұтқындаған ер Адай, көзін де салған жоқ. Бірақ, мен оны сыртынан естіп, білемін. Тіпті, Адайдың үлесіне тисем, өкінбей қызыметін істеуге мен дайынмын. Білем, ару да, асыл жары бар. Екінші қосақ болуға да келісер едім! Әттең? Менің еркімде емес!-деп, мұңайды.

Естеміс қоластындағыларға:-

- Қарақыпшақ Қобыланды келген соң, ерлігіңізге қарай, бұйырған мал-мүлік, жетім-жесір аларсыз!-деп, тыйым жасады...

...Құралай:-

-Тұтқын болсам да, хан қызымын, Ескеріп, көлге шомылуға рұқсат берің!-деп қарауыл сарбаздарға өтініш жасады.

Тұтқын қыздың өтінішін Естеміске жеткізіп, ол Құралайды қарауылдайтын он шақты қызбен көлге шомылуға рұқсат береді.

...Суға кеткен қыздар үрейлері ұшып, киінгені киініп, киінбегені киімін жамылып, жылап, қашып келуде. Бір бәленің болғанын сезген сарбаздар, сардарлар көлге жүгірді. Жүзбасы, ер Адай Елтайұлы бірінші жүгіріп, Құралайға жетсе, жараланған, өлім алдында екен.

Құралай:-

- Мені қара қабылан жарып кетті. Бақида да сендікпін, Адай батыр!-деп, қыз үзілді.

Елтайұлы ер Адай қамыс арасынан сақтана із кесіп, қара қабыланның үстінен шықты. Оңтайланған Елтай, шоқпары менен, өзіне атылған қабыланды тұмсығынан нақтап соқты. Өзі де қабыланның атылған екпініне жығыла жаздай, тіктелді. Қабыланның жағын айырып, терісін сыпырып алып, Адай ашуын зорға басты...

* * *

...Қобыланды жеңіспен келіп, ерлерін әділ бағалап, ретімен сыйлады.

Ер Адайға Алтын жебенің ұшын, Қобыланды сыйға берді..

Қобыланды Адайға:-

- Құйма алтын жебе ұшының мәнін ашып, түсінігіңді айт!-деді.

Ер Адай:-

-Алтын жебе ұшындай, – Қазақ тіліміздің, Ханафи дініміздің, Шарғи салтымыздың – бірлігін сақтап, Бір Алланы мойындасақ; мен де, отбасым да, аталастарымда, үш жүз болып біріккен Қазақ елім де, арман-мүддесіне жетеді. Бір Алланы мойындап, иманы толық болғанда, Мизам таразыға дейін, яғный, ақыр заманға дейін елдік құрылымын сақтайды. Ең баққытты ел болады! Мен сіз берген сыйымды таңбамдай қадірлеп, ұшын жоғары сақтаймын-деп, ырзалығын білдірді.

Қобыланды:-

-Менің ой-ниетім де,алтын жебе таңбаңа жарасын.Ұрпағың үлгілі ұштассын! -дейді.

* * *

Елтайұлы ер Адайдың әуелгі әйелдері ұл да, қыз да сүйгізген. Бірақ, жазмыш солай болса амалы не?..

...Қазақ хандығын қалмақтар шауып, жетім, жесір, мал, дүние алып кеткен., 1437-жылы ер Адай, шамамен 57 жасында, қазақ сарбаздары құрамында, тонап кеткен қалмақтардың ізінен қуып жетеді. Алла тағала абырой беріп, айла-амалмен жауды жеңіп, үркітіп, қазақ сарбаздары жетім, жесір, мал, дүние мүліктерін аман-есен елімізге алып келеді. Сол жесірлердің ішінде,төретегі Бексұлтанның қызы Айымнұр да бар екен.

Араға айлар салып, дәм айдап, ер Адай Бексұлтанның ауылына келеді. Шілдехана той үстінен шығып, күресте күресіп, көкпарда тартысып, мергендіктен нақ тигізіп, жеңіске жеткен. Оңаша, сәті түскенде, Айымнұр кездесіп қалады.

Адай:-

- Қарағым,Айымнұр неге мұңдысың?-дегенде, Айымнұрдың көз жасы мөлтілдепті.

Айымнұр:-

- Өткенде,жаудан құтқарып алып келгендеріңе алғысым шексіз. Бірақ, айттырып қойған елім-төрелер:-“Жауға түскен жесірдің бізге қажеті жоқ!”-деп, айнып жүр. Осындай түсінбестікпен кемсітуден, менің жаным жаралы, тәнім аман!-деп, егілді.

Теңселіп, буыны босаған Айымнұрды ай жарығында байқап қалып, Адай демеп жетісті. Адайдың құшағында Айымнұр үнсіз, солқылдай жылап, біраздан соң, өзіне келді. Айымнұрды аяғандықтан, Адай бауырына басып, арқасынан сыйпап жұбатып тұрған.

Айымнұр есін тез жиып,:-

  • Ағай, мен не істедім?! Ұят болды-ау! –деп, қымсынды.

Адай: -

- Айымнұржан! Адамның кеміткенінен, кем болмассың! Алла кемітпесін,- деп тіле,- деп, сыр тартты.

Айымнұр: -

  • Әке-шешем де мұңды. Құдаларымен келісімге келе алмады. Менің жайымды ойлап, қиналуда.

Адай: -

- Енді, не ойың бар? Қандай шешімге келіп жүрсің?-сұраулы жүзбен Айымнұрға көз тігуде.

Айымнұр:-

- Білмеймін. Мұндай жағдай қыз біткенге қорлық қой! Арым, тәнім таза екендігі бір Аллаға аян. Өзімді түсінер, қайырымды жанға күйеуге шықсам, арманым жоқ. Әке-шешем де, ендігі жағында, тіл табысқан жанға шығуыма қарсы емес сияқты. Жаратқан Ием сол сәтке жеткізгей!-деп, аяғының ұшына қарады.

Адай:-

- Құдай тағала маған ару әйелдерді қосқанына, олардан ұл мен қыз сүйгеніме өте разымын. Амал не? Басыма бас құралмады. Ұл-қыздарым жастай өмірден өтіп, тұрақтамағандықтан, болар, екі әйелім де өмірден ерте кетті. Мен де, өзің сияқты, қам көңілдімін. Жанымды жадыратар, өзіңдей бір асыл жар қосылып, өмірімнің өзегі ұл-қыз сүйгізсе, ізімде ұрпақ қалса, менің де арманым болмас еді,-деп, Бір Аллаға шүкірлік етемін. -деп, мұңайды.

Айымнұр:-

- Жігіт ағасы болсаңыз да, жасыңызға қарағанда, екі есе жас көрінесіз. Құдайдың берген қуатыменен ажары шығар?! Егер, “өзіңдей” демей-ақ, өзімді қаласаңыз, мен де қарсы болмас едім.-деп, төмен қарап күлімсіреді.

Адай осы сәтті пайдаланып, қызға еркінси, бауырына қыса:-

- Көңілім қаласа да, көңіліңді білмей тұр едім. Өзің сездіргендіктен кейін, әке-шешеңе құдаларды жіберсем қайтеді?-деп, қыз жүзіне тура қарады.

Айымнұр:-

- Бұрын да, кездескен сәттерде, ыңғайыңнан, көз қарасыңнан, маған деген ықыласың бар екенін сезіп, жүр едім. Өзің біл. Мен қарсы емеспін, ата-анам біледі,-деп, Адайдың құшағынан сытыла шығып, жүгіре жөнелді...

...Адай мен Айымнұрдың тілегі ұштасып, құда түсісіп, қалың малын төлеп, сәтті күні қосылды...

Ақ некемен, бірін-бірі бағалап,бақытты өмір сүрді...

Адай(~1380~1470)дан: -Құдайберді(“Құдайке”)≈1440≈1515жж,

Кәрімберді(“Келінберді”)≈1460≈1567жж.

Шамамен, 1470-жылы, қалмақтар ішкі-сыртқы жауларымызбен одақтасып, Қазақ хандығының жұлынындай-Сауран қамалына, миындай-Түркістанға күшті шабуыл жасайды.

Қазақ хандығы әуелі, Түркістанды жаудан қорғап, бекінісін күшейтеді. Бір бөлек әскерді Сауран қамалын қорғауға жібереді. Ер Адай сол қосымша әскер құрамында, Сауран қамалын қорғап, қазақтың мыңдаған батырларымен, қамалдың сыртқы іргесінде болулы. Сауранды ішімізден шыққан жаулар сатып, беріліп, қамал-қаламыз жау қолында қалады.

Қазақтар күш қосып, Сауранды алғанда, алдыңғы шаһид болғандардың ішінде, Адайдың да мазары белгісіз жағдайда қалған ...

* * *

Бұрын, дана қарттарымнан естігенімдей, әкем Рейімбай да: -

- Қазақ ұлты, еліміз-тұтас алты қанат ақ орда сияқты. Үш мың жылдық тарихымен, үш дәуірдің-түбі бір түркітектес қағандықтарының қалдықтары жиылып, бірігіп, кірігіп, бір тіл, бір дін, бір салт ұстанған; мүддесі сәйкес келгендіктен, қазақ ұлтының негізі-іргетасы қаланды. Ұлы, Орта, Кіші жүздердің кенжесі – Кіші жүз.

Әлімұлы, Жетіру, Байұлының-кенжесі Байұлы.

Он екі ата Байұлының кенжесі – Аруақты атам ер Адай Елтайұлы – дейтін.

Ер Адай үш Алшынның ақ алмасы, Жәнібек, Керей хандар замандасы. “Дай” “Ада” – екі мың жыл бұрынғы ел, жаңылтар күңгірт ойдың жарамасы.

* * *

Яғный, Қазақтың қара шаңырағы Кіші жүз – Алшынға, Алшыннан Байұлына, Байұлы он екі атаның кенжесі Адайға өткен.

Қазақтың қара шаңырақ иесі ер Адай Елтайұлы ұлтымыздың ұйысуына, хандығы бар ел болуына, үш жүздік аталастарымен атамекенін қорғап, ерен ерлігімен есте қалды.

Қарашаұлы Бәйдібек: - Алты Алаш ұрпағы – найзасының ұшы алтын Алшын, Кеншін ұрпағы, аруақты Адай Елтайұлындай болса, бізді еш жау ала алмас! Ер болсаң Адайдай бол! – деген қанатты сөзін, ұрпағы Төле би жалғастырған...

* * *