Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ГН КАЗ самыыыыый последний вариант.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
29.21 Mб
Скачать

1.2 Бүйрек биопсиясы және морфологиялық зерттеулер. Бүйрек биопсиясы

Гломерулалық және өзекшелік-интерстицилік аурулардың басым көпшілігінде терілік пункциялық бүйрек биопсиясынсыз диагноз қою мүмкін емес. Биопсияға көрсетіштер: стероидрезистентті нефротикалық синдром (НС), бүйрек жетіспеушілігімен өтетін жедел нефриттік синдром, тез үдемелі гломерулонефритке немесе тубулоинтерстициалды нефритке күдік туғанда (постстрептококкты ГН-тен басқа), бүйрек зақымдалуымен өтетін жүйелі аурулар (ЖҚЖ, васкулиттер және т.б.). Биопсия бүйрек трансплантаты қызметінің бұзылу себептерін анықтаудың «алтын стандарты» болып табылады. Ашық биопсия ерекше жағдайларда ғана, мысалы, қатерлі ісікке күдіктенгенде өткізіледі. Жиі рецидив беретін стероидсезімтал нефротикалық синдромда биопсия көрсетілмеген, тек циклоспорин А қабылдауға байланысты дамыған нефротоксикалық әсерге күдік туған жағдайда ғана жасалады. Жекеленген микрогематурия кезінде протеинурия болмаса биопсия жасалмайды, тек жанұялық сипаттағы гематурия кезінде жасалады. Биопсияға қарсы көрсеткіштер: жалғыз бүйрек (салыстырмалы), бүйрек эктопиясы, қан ұю жүйесінің емге көнбейтін қатерлі бұзылулары немесе бақылауға көнбейтін артериялық гипертензия (1 кесте). Уремия кезінде қан кету қаупі жоғарылайды, оның алдын алу үшін десмопрессин тағайындайды, АҚҚ-н бақылайды. Бүйрек биопсиясының алдындағы зерттеулерге жататындар: қан тобын анықтау, коагулограмма, қандағы гемоглобин және тромбоциттер деңгейін, шумақ фильтрациясының жылдамдығын, АИВ мен С вирусты гепатитіне қарсы антиденелерді, HBs-Ag-ді анықтау, бүйректі УД зерттеу.

1 кесте. Бүйрек биопсиясына көрсеткіштер мен қарсы көрсеткіштер.

Көрсеткіштер:

  • Этиологиясы белгісіз протеинурия мен гематурия

  • Себебі белгісіз гипертензия

  • Ересектердегі НС

  • Балалардағы стероидорезистентті НС

  • ГН-ң кез келген түріндегі емнің сәтсіз болуы

  • Тез үдемелі ГН

  • Жүйелі ауруларға, кезеңдік ауруларға күдіктенгенде

  • Васкулиттер

  • Амилоидозға күдік

  • Белгісіз себептегі ЖБЖ

  • Трансплантат қызметінің нашарлауы

Қарсы көрсеткіштер:

  • Жалғыз бүйрек

  • Геморрагиялық диатез

  • Емге көнбейтін гипертония

  • Бүйректегі ісік

  • Паранефрит, гидронефроз, бүйрек туберкулезі, несеп шығару жолдарының инфекциясы

  • Нефрокальциноз

  • Поликистоз

  • БСА-ң терминалды сатысы (нативті бүйрек)

ҚР-да қолданылатын бүйрек биопсиясының үлгі хаттамасы 1 қосымшада келтірілген.

Биопсия үшін әр түрлі биопсиялық пистолеттер және диаметрі 14-18 gauge болатын бір реттік инелер қолданылады, (Gallini, Италия; Magnum, АҚШ) .

Бүйрек биопсиясын тәжірибелі нефролог немесе хирург УДЗ бақылауымен операциялық немесе процедуралық бөлмеде өткізеді. Балаларға жалпы наркоз, ересектерге жергілікті наркоз беріледі (2 сурет).

2 сурет. Стероид-резистентті нефротикалық синдроммен баладағы бүйрек биопсиясы операциялық бөлмеде УД бақылауымен.

Әдіс салыстырмалы түрде қарпапайым болып келеді және 15-20 минуттай уақыт алады. Асқынулар сирек кездеседі. Шамалы өткінші қан ағу қаупі 5-10%-ды құрайды. Бүйрек маңы тініндегі қайтадан сіңіріліп кететін гематома жиі байқалады (57-85%). Сирек асқынулар – артерио-венозды фистула немесе көлемді қан кету (0,1-0,2%).