Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
дәріс.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
786.94 Кб
Скачать
  1. Хіх ғ. Бас кезінде Қазақстанның саяси жағдайы

Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайын жете білуге тырысқан патша өкіметі хандық билікті сақтай отырып, қазақтардың ішкі істеріне араласа бастайды. Ресей қазақ даласын отарлауды табанды түрде жүргізе отырып, саяси сахнадан Әбілқайыр ханның ұрпақтарын ығыстырып, Кіші жүздегі хандық билікті жоюға әрекет жасады. 1797 жылы Ресей үкіметінің қолдауымен хан сайланған Айшуақтың халық арасында беделі төмен болатын. Оның тұсында ел ішіндегі қарым-қатынас шиеленісіп, саяси билік қатты дағдарысқа ұшырайды. Ресей үкіметінің сенімін ақтамаған Айшуақтың орнына оның баласы Жантөре хан (1805-1809 жж.) сайланады. Осы кезде Орынбор губернаторы Жантөреге қатысты екіұшты саясат ұстанады. Ол бір жағынан халық өкілдері сайлаған ханмен санасуына тура келсе, екінші жағынан оның ел арасындағы беделінен сескеніп, оған қарсы кейбір сұлтандарды жасырын айдап салып отырды.

1812 жылы Ресей тарихында Отан соғысының басталғаны белгілі. Бұл соғысқа әр түрлі әскери полктардың құрамында қазақтар да қатысқан еді. Қазақ жауынгерлерінің көпшілігі 24-26 тамызда Бородино деревнясы түбінде болған даңқты шайқаста көзге түсті. Көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Ертіс желісі полктерінің бірінің солдаты Майлыбайұлы күміс медальмен марапатталды, ал І Тептяр полкінің старшины Сағит Хамитұлы ІІІ дәрежелі қасиетті Анна орденін Вязьма түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі үшін алды. Атаман М.Платов қолбасшылық еткен казак әскерлерінің құрамында орыс армиясымен бірге Еуропаға жасалған жорықтарға І Башқұрт полкі де қатысты. Осы полктің уряднигі Нарынбай Жанжігітұлы өзінің ержүректілігімен танылып, Веймар , Гано, Майндегі Франкфурт түбіндегі шайқастардан және Парижді алудағы көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін Қасиетті Георгий орденінің толық иегері болды. Н.Жанжігітұлымен бірге бұл шайқастарда Әмен Байбатырұлы батылдығымен көрінді.

  1. Орта Азия хандарының Қазақстанның Оңтүстік аудандарындағы саясаты

ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстігіндегі саяси жағдай күрделі болды. Мұнда Орта Азиялық үш мемлекет - Хиуа, Бұқара және Қоқанның мүдделері қақтығысқа түсті. ХІХ ғ. басына қарай күшейген Қоқан хандығы, енді Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуды көздейді. Оның негізгі себебі: өзінің қазынасын толықтыру, мал шаруашылағын дамыту, сонымен қатар, Ресей мен Қытайды байланыстыратын Орта Азиядағы керуен жолдарына бақылау орнату және мұсылман халықтары тұратын территорияны иелену еді.

Қоқан хандығының қол астына Ұлы жүздің көп рулары: Бестамғалы (35 мың үй), Сыйқым (5 мың үй), Шымыр (9 мың үй), Жаныс (7 мың үй) қарады. Жоғарғы әкімшілік билік Ташкент әкімінде (наместник) болды. Оның екі көмекшісі: 1) Саркар (мырзабасшы) салық жинаумен және азаматтық істермен; 2) батыр басшы (әскери басшы) әскери іс және көшпенділер мәселесімен айналысты. Билерге артықшылықтар беріліп салықтан босатылды, олардың кейбіреулері “датқа” лауазымын алды. Бұқара халықтың негізгі бөлігі “зекет” салығын (шариғат бойынша мүліктің 1/4 бөлігі) төлеп тұрды. Қоқан бекіністерінің төңірегінде тұратын қазақтар бекіністердің жөндеу және кеңейту жұмыстарына тартылып, әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге тиіс болды. Сонымен қатар, қазақтар әскери міндеткерліктер атқарып, олар қарсылық көрсеткендерді тыныштандыру жорықтарына да қатыстырылып отырды.

Қоқандықтардың қазақтарға түрлі салықтар салуы қарапайым адамдарға үлкен ауыртпалық түсіріп, ішкі әлеуметтік қайшылықтарды тереңдетіп, халық ішінде кедейлердің көбеюіне әкеліп соқты. Қоқандықтар билік жүргізген тұстағы ауыр жағдайлар елдің есінде қатты сақталып қалды. Ол туралы Ш.Уәлиханов: “Қазақтардың арасында "әзірейіл барда жаным бар деме, қоқандақтар барда малым бар деме" - деген мәтел пайда болды”,- деп көрсетеді. Қазақ халқы қоқан билігіне қарсы наразылықтар көрсетіп отырды. 1810 ж. Ташкент өңірінде тұратын қазақтар салық төлеуден бас тартты. Қоқан ханы Әлім бек қарсылық көрсеткендерді тыныштандыруға және Сайрам, Ташкент, Түркістанды бағыныру үшін 12 мың әскер жіберді. Қоқандықтардың қолына түскен төңіректегі қазақтар тонаушылыққа ұшырады. Қоқандықтар Түркістанды басып алуы кезінде оның билеушісі Тоқай Төре Бұхараға қашуға мәжбүр болды. Бұхараның әмірі Тоқай Төреге Бұхарадағы соғысқа жарайтын қазақтардан жасақ жинап алуға рұқсат берді. Жасақ жинап жарақтанған Тоқай Төре алдымен Созаққа бекініп, одан кейін Түркістанды қоршауға алды. Оған қарсы қоқандықтар Ташкенттен 300 жауынгермен Базар бахадүрді аттандырды. Олар жолда Тоқай Төреге көмек көрсеткен 1000 отбасынан тұратын қазақ ауылына шабуыл жасап, ауылды тонап, көп пайда түсіріп, адамдарын тұтқындап алып кетті. Түнде Тоқай Төре Созақты тастап қашуға мәжбүр болды. Одан кейін қазақтардың қарсылығы біраз уақыт басылды. Тоқай Төре уақытша Бұхараны паналады, ал кейін ол Бұхара әмірінің балалары билікке таласқан тұста өлтірілді.

1821 ж. Тентек төренің бастауымен қазақтардың Қоқан үстемдігіне қарсы көтеріліс болды. Көтерілісшілердің саны 12 000 дейін жетті. Олар Сайрам, Шымкент, Әулие-Ата қалаларын алып, бірнеше бекіністі қоршады. Көтеріліске Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулие-Ата төңірегін мекендеген қазақтар қатысты. Көтерілісшілерге қарсы Абул-Қалым-Аталық басқарған әскер жіберілді. Тентек төре әскерін екіге бөлді. Бір бөлігі Тентек төренің басшылығымен Сайрамда, ал екіншісі Шымкентте бекінді. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін көтерілісшілер қаруын тастауға мәжбүр болды. Тентек төре жеңілісті мойындап, қоқандықтарға “баж” немесе “жол” салығын, “зекет” төлеуге және Қоқанға баласын сыйлықтармен жіберуге келісім берді.

Ұлы жүз қазақтарының 1810-1820 жылдардағы қоқандықтарға қарсы күресте жеңілуінің негізгі себептері: қоқандықтардың әскери басымдығы, көтерілісшілердің арасында ауызбірліктің болмауы, Бұхара әмірінің көмегіне арқа сүйеген көтеріліс жетекшілерінің беделінің төмен болуында еді. Дегенмен де, бұл Ұлы жүз қазақтарының өз еркіндігі мен тәуелсіздігі жолында қоқан үстемдігіне қарсы шыққан ұлт-азаттық күресі болатын.

1811/12 жылдың қысында Хиуа ханы Мұхаммед Рихим (1776 – 1825; 1806 – 1825 жылдары билік еткен) Сұлтан Темір ханға елшілік жіберіп, бағынуын, тұтқын Хиуа бодандарының бәрін беруді және Хорезмнен, Мауаранахрдан және Ресейден шыққан керуенді тонауын тоқтатуды талап етті. Хиуа ханы өзі қарақалпақтарды Жаңадариядан көшіргеннен кейін бұл ауданды қазақтардың алып қоюына назары болатын, өйткені Хиуа ханы оны өзінің иелігі саны жөнінде де олардан төмен болатын, ХІХ ғасырдың орта шенінде Хиуа хандығы Бұхара әмірлігінен 2,5 – 3 есе аз және Қоқан хандығынан 3 – 3,5 есе аз еді. Сондықтан Хиуаның ұлтаралық қайшылықтарға сүйеніп тең ұстау саясатын Арал өңірі қазақтарын бақылаудың едәуір дәрежеде әлсіз болуының көрінісі деп қарастыруға болады. Қоқан билеушілері Оңтүстік Қазақстанда тікелей әкімшілік басқаруды енгізуге тырысып жатқан кезде Хиуа хандары қазақ сұлтандары мен хандары институтын қазақтар жөніндегі өз саясатының басты құралы ретінде пайдалануын жалғастыра берді.

1822-1842 жж. Қоқан хандығының тағына Омар ханның кіші баласы Мадалы хан (Мұхамед Әли) отырды, оның тұсында жекеленген облыстар мен Ташкенті өз алдына билеген Күшбегілердің ролі күшейді. Ұлы жүздің басып алынған территориясының бір бөлігі және Сырдария бойындағы қазақтар Ташкент Күшбегіне жылына 20 мың алтын ақша төлеп тұруға міндетті болды. Салық төлеушілерді қанау бұрынғыдан да күшейе түсті. Одан кейінгі жылдары қоқан билеушілерінің өзара қырқыстары Ұлы жүз қазақтарының одан әрі зардап шегіп, кедейлене түсуіне әкеліп соқты. Құдияр хан (1845-1875 жж.) тұсында қазақтар ғана емес, Қоқан хандығының жергілікті диқандары да қанауға түсті.

Оңтүстік Қазақстанда қоқандықтар үстемдік еткен дәуірді шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Біріншісі жаулап алудың басталуынан (1810) 1840 жылдардың басына дейінгі уақытты қамтиды және Қоқан хандығының гүлдену дәуіріне тұстас келеді. 1841 – 42 жылдарда оның терең әлеуметтік-саяси дағдарыс (осы бір тоқырап қалған мемлекеттің 1876 жылы құлауына әкеп соққан) кезеңіне аяқ басуымен Қазақстанның оңтүстігі үшін сынақтар мен сілкіністердің жаңа кезеңі басталып, ол 1865 жылы Ташкентті орыс әскерлерінің алуымен және бүкіл осы аймақтың Ресей империясының билігіне көшуімен аяқталды.

Негізгі әдебиеттер:

1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 3 том. Алматы, 2002

2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.

3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.

4.Абдиров М. Завоевание Казахстана царской Россией. А., 2000.

5.Витевский В.Н. Неплюев и Оренбургский в прежнем его составе до 1758 г. Т. 3. – Казань, 1896.

6.Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. М.-Л., 1941.

7.Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца XVIІ и первой половины ХІХ в. А., 1960.

8.История Казахстана в русских источниках. В 10-ти томах. Т. 3-6. А., 2005-2007.

Қосымша әдебиеттер:

1.Абылай хан / Құрастырғандар О. Смағұлов, М. Қожа, А. Оразаққызы. А., 1999.

2.Абылай хан: Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. – Петропавл, 2005.

3.Аполлова Н.Г. Экономические и политические связи Казахстана с Россией в XVIII – начале ХІХ вв. А., 1960.

4.Әбсадықов А. Хан Абылай: тарихи шындық және халықтық таным. Хан Абылай: реальность и фольклор. – Костанай, 2000.

5.Ерофеева И.В. События и люди Казахских степей (эпоха позднего средневековья и нового времени) как объект исторической ремистификации // Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. А., 2007.

6.Левшин А. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Составитель Ерофеева И.В. А., 1996.