Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
дәріс.doc
Скачиваний:
2
Добавлен:
01.07.2025
Размер:
786.94 Кб
Скачать

3. Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздегі ұлт-азаттық қозғалыс (1783-1797 жж)

1782 жылғы жарлық бойынша қазақ ауылдарының Жайықтан өтуіне жол берілді. Нұралы мен оның ең жақын туыстары қоныстарға билік ету құқығын пайдаланып, қиянат жасады, Орал казак әскерлерінің старшиналарымен сөз байласты. Әскери старшиналар өзеннен өткені үшін ақы төлемеген ауылдарды тонады, ал қазақтарды тұтқынға алып, айдап әкетті. Сол кезде хан мен оның жақындастары тұтқындарды сатып алу үшін халықтан қаражат жинады. Бұл қаражат Орал әскерінің старшиналарымен бөлісілді. Сөйтіп, “тұтқын іздеу” қаржысы ханның, шекаралық әкімшілік пен казактардың үстем топтарының тұрақты табыс көзіне айналды.

Осындай әлеуметтік-саяси себептер С.Датұлы бастаған Кіші жүз қазақтарының көтеріліске шығуына негіз болды, Яғни 1783 жылдың көктемінде Жайық казактарының қазақтардың 4 мыңнан аса жылқысын айдап әкетуі елдің ішіндегі жағдайды одан әрі шиеленістіріп, көтерілістің басталуына әкеп соғады. Көтеріліс алғаш Кіші жүздің батыс өңірін Тама руын қамтып, кейін Орал мен Жем өзендерінің арасына қоныстанған басқа да руларға таралды. Көтеріліске елге жастайынан ақылдылығымен, шешендігімен танымал болып бала би атанған халық арасында беделі зор, ықпалы күшті Байбақты руының старшыны С.Датұлы жетекшілік жасады.

Сырым Датұлы көтерілістің алғашқы кезеңін Орал әскери желісі бойындағы Ор бекінісіндегі казак әскерімен соғысудан бастады. Көтерілісшілердің ең негізгі күші Сағыз өзені бойына шоғырланып, ол көтерілістің негізгі ошағына айналды. Сырым Датұлының 2700 сарбаздан тұратын жасағы құрылды. Ал көтеріліске қатысқандардың жалпы саны шамамен 6-7 мың адамға жеткен.

Көтерілістің қозғаушы күші шаруалар болды. Сонымен бірге Нұралы ханның патша әкімшілігін ашық қолдап отырғанына наразы болған ру баслары мен билер де көтеріліске белсене араласқан еді.

Кіші жүздегі ұлт-азаттық көтеріліс Ресей әкімшілігін қатты алаңдата бастады. Сол себепті 1785 жылы Әскери коллегияның шешімімен қаңтар айында көтерілісті басу үшін генерал Смирнов бастаған тұрақты әскер жіберілді. 1785 жылы көктемде көтерілісшілер Антонов бекінісі мен Жайықтың төменгі ағысындағы Сахарный бекінісіне шабуыл жасайды. Бірақ әскери горнизон шабуылға дайын болғандықтан, қазақ сарбаздарына тойтарыс берілді. Көтерілісшілер сол маңдағы басқа да бекіністер мен қамалдарға шабуылдарын жиілете түсті.

Кіші жүз руларының көпшілігі Нұралы ханды мойындамай көтерілісшілер жағына шығуы, хан билігінің дәрменсіздігін, дағдарысқа ұшырағандығын байқатты. Бұл жағдай Ресей өкіметін де қатты ойландырды. Енді олар Кіші жүз старшындарымен тікелей байланыс жасау жағын ойластырады да, генерал-губернатор О.А.Игельстром Орынбор шекаралық комиссиясында қызмет істейтін ахун (ахун - мұсылмандық діни лауазым) М.Құсайыновты елшілікке жібереді. Елшіліктің алдына: көтеріліс жасаушы рулардың старшындарымен тікелей байланыс орнату, көтерілістің себептерін анықтау, көтерілісшілердің қоятын талаптарын білу, көтеріліс тоқтатылса берілетін жеңілдіктерді түсіндіру сияқты т.б. міндеттер жүктеледі.

Ал көтерілісшілер өз тарапынан патша әкімшілігіне мынадай талаптар қояды:

1) Еділ мен Жайық арасындағы қоныстарды қайтару;

2) Орал казак-орыс әскерлерінің жазалау отрядтарын жіберуді тоқтату;

3) Нұралы ханды тақтан түсіру.

Елшіліктен қайтып келген М.Құсайынов патша ІІ Екатеринаға көтерілісшілердің талаптарын ескертіп, хабарлама жолдайды. Орынбор генерал-губернаторы арқылы осы жағдайлармен танысқан патша ІІ Екатеринадан “кіші жүз үш бөлікке бөлініп, билер мен сұлтандар арқылы басқарылсын” деген нұсқау келеді. Осыдан кейін генерал-губернатор О.А.Игельстром Кіші жүзді басқарудың жобасын жасайды. Оның жобасы бойынша Кіші жүздегі хандық билік жойылып, елді басқару Орынбор шекаралық сотына беріледі, ол генерал-губернаторға бағындырылады. Тарихта “Игельстром реформасы” деген атпен қалған бұл реформа, жалпы империядағы саяси жағдайға байланысты және жергілікті жерде түрлі қарсылықтарға ұшырап, толықтай іске аспайды. 1786 жылы 6 шілдеде ІІ Екатерина Нұралы ханды биліктен алу үшін бұйрық шығарды. Ол алдымен Орынборға шақырылып, одан кейін Уфаға жер аударылды. Сөйтіп, оның тағдырын патпа әкімшілігі шешіп, сонда 1790 жылы қайтыс болады.

1790 жылы көтерілісшілер жасағы Ойыл өзенінің маңына қайта шоғырланып, Елек қорғанысына шабуылға дайындала бастады. Осы жылдың тамыз айында Уфада Нұралы хан қайтыс болғаннан кейін, патша әкімшілігі 1791жылы оның інісі Ералыны Кіші Жүзге хан етіп тағайындайды. Нұралы ханның тақтан тайдырылуы мен О. Игельстромның қызметтен босауы Сырым Датұлы сарбаздарының біраз бөлігінің елдеріне қатуына әсер еткен болатын. Сол себепті көтерілісшілердің әскери күші едәуір әлсіреп қалған-ды. Ал жаңа губернатор болса Сырым батыр көтерілісін біржола басуды қолға ала бастады. Ералы хан ағасы Нұралы ханның саясатын одан әрі жалғастырып, Сырым Датұлына қарсы күресті қайта бастады. Міне, сондықтан да. Орынбор әкімшілігі оған жан-жақты қолдау білдірді. Осындай жағжайлардың барлығы көтерілістің қайта өршуіне әкеп соқты. 1792 жылы жазда көтеріліс бүкіл Кіші жүз аумағын қамтыды. Сол жылы күзде Сырым Датұлы Елек қаласын шабуылмен басып алуға әрекет жасады, бірақ та бұл мүмкіндік болмай қалды. Бұдан былай күшінің жеткіліксіздігіне көзі жеткен Сырым батыр күрестің түрін өзгертіп, партизандық соғыс әдісіне көшеді. Кіші жүздегі көтерілістің ұзаққа созылуына алаңдаушылық білдірген ІІ Екатерина Сырым Датұлын ұстауға жарлық береді.

1794 жылы Ералы хан қайтыс болып, патша үкіметі жаңадан хан сайлауға мәжбүр болады. Тек екі жылдан кейін ғана, яғни 1796 жылы қазанда Нұралының ұлы Есім хан болып тағайындалды. Есім хан Сырым Датұлы сарбаздарының шабуылдарынан сақтана отырып, өзінің бүкіл ауылымен шекаралық бекіністер маңында көшіп-қонуға шешім қабылдайды. Бұған қарамастан көтерілісшілер 1797 жылы 27 наурызда хан ауылын шауып, Есімнің өзін өлтірді. Бұл кезде Орынбор губерниясының генерал-губернаторы болып қайтадан барон Игельстром тағайындалған еді. Бұл жолы енді, патша әкімшілігі жаңа әдіске көшеді. 1797 жылы тамызда Кіші жүзде Хан кеңесі құрылады. Оның төрағалығына Әбілқайырдың ұлы, жасы егде тартқан Айшуақ сұлтан тағайындалды. Хан кеңесіне Сырым Датұлы де шақырылды. Жазалаушы отрядтан қаша отырып, көптеген сарбаздарынан айырылған С. Датұлы 1797 жылы 30 тамызда мыңға жуық жасағымен Хан кеңесіне келеді. Хан кеңесіндегі келіссөздерден кейін Сырым батыр күресті тоқтататынын жариялайды. Бұл жолы Хан кеңесі Кіші жүзді саяси дағдарыстан шығаруда қабілеттілігін көрсетті. Соған байланысты 1797 жылы қазан айында Айшуақ хан болып тағайындалады. Ал бұл 14 жылға созылған С.Датұлының қозғалысының жеңілісінің көрінісі болатын. Ресей отаршыларының жүргізген құйтырқы саясатының нәтижесінде хандық билік дағдарысқа ұшырады. Сонымен қатар патшалықтың отарлау саясатының одан әрі тереңдей түсуі, орыс-казак әскерлерінің қазақ жерлерін тартып алуы дәстүрлі шаруашылыққа үлкен нұқсан келтірді, қоныстар мен жайылымдық жерлерді тарылтты.

Қорыта айтқанда, Сырым Датұлы бастаған көтеріліс қазақ тарихында Ресей империясының отаршылдық саясаты мен жергілікті билеуші топ өкілдерінің езгісіне қарсы бағытталған маңызы зор азаттық қозғалыстың бірі болды. Тәуелсіздікті қадірлей білу қасиеті сонау ХVІІІ ғасырда қазақ жерінің отарлау саясатына қарсы ұзақ жылдар бойы бел шешпей күрескен Сырым Датұлына сіңісті болғанын да аңғару қиын емес. Айта кетерлік жәйт, Сырым Датұлының туға­нына 250 жыл толуына орай, 1992 жылы Жоғарғы Кеңестің шешімімен бұған дейін Батыс Қазақстан облысында Жымпиты аталып кеткен ауданға Сы бой­ында халқымыздың тәу­ел­сіз ел болуын ту етіп көтерген Сырым Датұлына еңселі ескерткіште орнатылды

Негізгі әдебиеттер:

1.Қазақстан тарихы / Көне заманнан бүгінге дейін. – 5 томдық. 3 том. Алматы, 2002

2.Қазақстан тарихы. Очерктер. Алматы, 1994.

3. Ч. Мусин. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008.

4.Абдиров М. Завоевание Казахстана царской Россией. А., 2000.

5.Витевский В.Н. Неплюев и Оренбургский в прежнем его составе до 1758 г. Т. 3. – Казань, 1896.

6.Вяткин М.П. Очерки по истории Казахской ССР. М.-Л., 1941.

7.Зиманов С.З. Политический строй Казахстана конца XVIІ и первой половины ХІХ в. А., 1960.

8.История Казахстана в русских источниках. В 10-ти томах. Т. 3-6. А., 2005-2007.

9.Казахско-русские отношения в XVI-XVIII вв. Сборник материалов. А., 1961.

10.Казахско-русские отношения в XVIII-ХІХ вв. Сборник материалов. А., 1964.

11.Касымбаев Ж. Абылай хан. А., 2003.

12.Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств в XVIII в. Т. 1. А., 1999.

13.Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. А., 1996.

14..Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи в ХVІІ-ХVІІІ вв. А., 1991.

Қосымша әдебиеттер:

1.Абылай хан / Құрастырғандар О. Смағұлов, М. Қожа, А. Оразаққызы. А., 1999.

2.Абылай хан: Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен материалдар. – Петропавл, 2005.

3.Аполлова Н.Г. Экономические и политические связи Казахстана с Россией в XVIII – начале ХІХ вв. А., 1960.

4.Әбсадықов А. Хан Абылай: тарихи шындық және халықтық таным. Хан Абылай: реальность и фольклор. – Костанай, 2000.

5.Ерофеева И.В. События и люди Казахских степей (эпоха позднего средневековья и нового времени) как объект исторической ремистификации // Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. А., 2007.

6.Левшин А. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. Составитель Ерофеева И.В. А., 1996.

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]