- •5В011700 - «Қазақ тілі мен әдебиеті», 5в12100 - «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша
- •1. «Тілдік қатынас негіздері» пәні бойынша бағдарлама
- •1.1. Оқытушы туралы мәлімет
- •2. Пән туралы мәлімет
- •3. «Тілдік қатынас негіздері» курсы бойынша жұмыс бағдарламасы
- •4. Негізгі әдебиеттер:
- •5. Пән бойынша тапсырмаларды орындау және тапсыру кестесі
- •6. Пән бойынша дәрістердің конспектісі
- •7. Пән бойынша электронды оқулықтар тізімі:
- •8.Семинар (практикалық) сабақтардың жоспары
- •Пәнді оқыту жөніндегі әдістемелік нұсқаулар Практикалық (семинарлық, студиялық) сабақтарға әдістемелік нұсқаулар
- •1.1 Ұйымдастыру талаптары:
- •1.2 Семинарлық сабақтардың мазмұнына қойылатын талаптар:
- •1.3 Әдістемелік талаптар:
- •10. Студенттің өздік жұмысына (сөж) арналған материалдар
- •11. Реферат тақырыптары:
- •12. Баяндамалар, рефераттар, өздік жұмыстарды жазуда қойылатын техникалық талаптар
- •1. Бақылау жұмыстары мен өздік жұмыстарының сыртқы бетін толтыру үлгісі
- •4. «Қорытынды»
- •13. Электронды кітапхана – курс тақырыбы бойынша электрондық оқулықтар, сілтемелер электронды кітапхана сайтында. Ақпараттарды Интернеттен алады.
- •14. Оқытушылармен байланыс орнату құралдары (электронная почта, телеконференции(форум), чат)
- •Студенттер білімін тақырыптар бойынша тексеру сұрақтары Web-сайтта
- •16. Студенттің оқу жетістіктерін бақылау және бағалау материалдары (бақылау тапсырмалары, тесттік тапсырма, өзін-өзі даярлау сұрақтар тізімі, емтихандық билеттер және т.Б.)
5. Пән бойынша тапсырмаларды орындау және тапсыру кестесі
№ |
Жұмыс түрі |
Тапсырманың мақсаты мен мазмұны |
Ұсынылатын әдебиеттер |
Орындау мерзімі және тапсыру уақыты |
Балл |
Бақылау түрі |
1 |
Реферат |
Тақырып бойынша негізгі баяндама |
Семинар тақырыбына байланысты |
1, 2, 3, 7, 11, 13, 14, 15-апта
|
100 |
Реферат және баяндама |
2 |
СӨЖ тапсырмаларын орындау /барлығы 15 тапсырма/ |
Талдау және танымдық қабілеттерін арттыру |
Семинар тақырыбына байланысты |
СӨЖ кестесі бойынша берілген уақыт шеңберінде |
100 |
Тапсырмалардың орындалуын, сұрақтарға жауап беру қабілетін тексеру |
3 |
Емтихан |
Білімді кешенді тексеру |
|
|
100 |
тест |
6. Пән бойынша дәрістердің конспектісі
Дәріс № 1
Тақырыбы: Тілдік қатынас негіздері пәні
Дәріс мазмұны:
Пән туралы түсінік.
Тілдік қатынастың зерттеу нысаны.
Тілдік қатынас мәселесінің зерттелу жайы.
Тілдік қатынастың басқа ғылымдармен байланысы.
Әдебиеттер:
Оразбаева Ф. Тілдік қатынас негіздері. А., 2005.
Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. А., 1989.
Жұмабаев М. Педагогика. А., 1992.
Оразбаева Ф. Тілдік коммуникация негіздері. А., 1995.
Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. А., 1999.
Тіл – адамзаттың бір-бірімен пікірлесуін, түсінісуін, сөйлесуін қамтамасыз ете келіп, тілдік қарым-қатынасты іс жүзіне асырады. Ғалымдар осы қарым-қатынас, сөйлеу құралы болып табылатын тілді әр түрлі ерекшеліктеріне қарай жан-жақты зерттеп келеді.
Тілдің қатынас құралы қызметін атқаратыны туралы пікірлер ертеректен айтылғанымен, тілдік қатынастың тіл білімінің жеке мәселесі ретінде зерттелуі соңғы жылдардың үлесіне тиеді.
Қазіргі кезеңде халықаралық байланысы күшті барлық елдерде тілдік қатынас мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Тілдік қатынастың бүкіләлемдік маңызы ел мен елдің, ұлт пен ұлттың саяси байланысына жан-жақты жол ашудан көрінеді. Сондықтан тілдік қатынас бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі ретінде әлемдік лингвистикада жаңа ғылыми еңбектердің шығуына әсер етті. Сонымен қоса аталған пәннің жоғары оқу орындарында оқытылуына да ықпл етті.
Тілдік қатынас – адамның ойлау, пайымдау, сөйлеу, тыңдау, түсіну, айту, пікірлесу, т.б. әрекеттеріне тікелей қатысты құбылыс. Сондықтан тілдік қатынасқа байланысты құбылыстардың теориялық негіздерін анықтау; айтылған, берілген, жазылған хабарды қабылдаудың әдіс-тәсілдерін айқындау; сол сияқты қарым-қатынас құралдары мен тұлғаларын, олардың қолданылу жолдарын белгілеу «Тілдік қатынас негіздері» пәнінің негізгі зерттеу нысаны болып табылады.
Қазақ лингвистикасындағы тілдік қатынас пен қатысым әдісін зерттеу баспадан шыққан әдістемелік еңбектерге шолу жасауды қажет етеді. Қазақ тілінің әдістемесіне байланысты жарық көрген оқулықтар, еңбектер тіл білімінің барлық салаларын қамтып келіп, қазақ тілі ғылымында елеулі орын алады. Бірақ анықтап айтуға тиісті бір жағдай: ертеректе шыққан оқулықтардан бастап, осы соңғы кезеңдегі еңбектерге дейін тілдік қатынас мәселесін бірде-бір ғалым тікелей сөз етпейді. Бұған қарап, қазақ тіл білімінде қатысымдық процесс жоқ екен деп есептеуге болмайды. Баспадан шыққан еңбектерде тілдік қатынас, қатысым әдісі туралы ғылыми-теориялық пікір қалыптаспай, бұл мәселелерге байланысты терминдер бірізге түспегеніне қарамастан, тілді оқыту, тіл білімінің жеке салаларын оқыту мәселесі ертеден қолға алынған. 1922-1931 ж. көлемінде қазақ тілін оқыту, үйрету әдістемесіне байланысты көптеген пікірлер мен көзқарастар сол кезеңдегі «Айқап», «Қазақ», «Қазақ тілі», «Мұғалім», «Шора», «Шолпан», «Сана», «Жаңа мектеп», «Еңбекші қазақ», «Қызыл Қазақстан» сияқты басылымдарда көптеп жарияланды.
А.Байтұрсыновтың «Тіл-құрал» еңбегінің ІІІ-ші тіл танытқыш кітабында сөз болатын сөйлем жүйесі мен түрлеріне қатысты тұста айтылған пікірлердің сөйлесім әрекеті мен оның түрлеріне де қатысты екенін байқауға болады. Мысалы, тілші-ғалым сөйлем жүйесі туралы мәселені сөз ете отырып, тілдік қарым-қатынасқа сай сөйлеу процесін де анықтайды. Мысалы: «Сөйлем дегеніміз – сөздердің басын құрастырып, біреу айтқан ой. Сөйлегенде, жазғанда кім де болса, ойын айтады» дегенде жалпы адамзаттың сөйлеу әрекеті сөйлемді айта білуге, ойды басқа біреуге жеткізе білуге қатысты екенін ескертеді. Сөйлей білудің ең қажетті шарты – сөздерді дұрыс құрастыру. Мұны да ғалым нақты айтып кеткен: «... ауыздан шыққан сөздің бәрі сөйлем бола бермейді, айтушының ойын тыңдаушы ұғарлық дәрежеде түсінікті болып айтылған сөздер ғана сөйлем болады. Сондықтан сөйлемнің жаны – сөздердің басы мағыналы болып құралуы. Олай болмаса, құр сөздердің басын айтқанмен, сөйлем болмайды». Демек, сөйлеу білу үшін сөйлемді айта білу керек. А.Байтұрсынов тілдің қатысымдық табиғатын өте қарапайым сөзбен түсіндіреді. Тілшінің айтуынша, «дүниеде өзгермейтін нәрсе жоқ. Ғылым да, тіл де, табиғат та дамиды. Дүниенің өзгеруін «эволюция» дей келіп, ғалым оны «табиғат тағдыры» деп айтады. Осындай дамуды, өзгерісті басынан өткеретін күрделі құбылыс – тіл. А.Байтұрсынов тілді «Тіл – адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі», - дей келіп, сол тілдік қарумен қарым-қатынас екі түрлі боолады деп көрсетеді: жазумен сөйлесу, ауызбен сөйлесу. Ғалым сөйлесім әрекетінің әрқайсысының мәнін ескере келіп, олардың өмірдегі алатын орнын атап өтеді.
Қазақ тілі мәселелері мен әдістемесіне байланысты зерттеу еңбектер жазып, құнды пікір айтқан педагог-ғалымның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Ғалым қандай мәселені сөз етсе де, қай пәнді зерттесе де, ең маңызды орынға тіл, оның тазалығы мен дұрыс қолданылуы туралы мәселені қояды. Өйткені, автордың айтуынша, тіл – адам өмірінің ең алғашқы баспалдағы. Дүниедегі барлық тірлік ең алдымен тілден көрініс табады да, басқалары содан кейін іске асады. Еңбектері: «Тәрбиеге жетекші», Орынбор, 1924; «Ана тілін қалай оқыту керек?» (Жаңа мектеп, 1925, №2); «Тіл туралы» (Еңбекшң қазақ, 1928, 23 қараша).
Міржақып Дулатов – қазақ тілінің сауаттылығы, дамуы үшін күрескен, оқу-ағарту мәселелерін жоғары қойған ұлттық тілдің жанашыры, қамқоры. Ол, әсіресе, қазақ мектебіндегі оқу ерекшеліктеріне, тілді оқыту үлгілеріне, жазу ережелері мен оларды қолдану заңдылықтарына аса мән берген. Еңбектері: «Кім оқытады?» (Еңбекші қазақ, 1923, 27 ақпан), «Газет тілі оңды болсын» (Еңбекші қазақ, 1927, 26 ақпан), «Оқшау сөз» (Қазақ, 1916, 18 қаңтар), «Үлгілі іс» (Қазақ, 1914, 9 шілде), т.б.
Мағжан Жұмабаев – балаларды оқыту проблемаларын жиі көтерген, осы мәселелерге арнап оқулықтар, зерттеу еңбектер, мақалалар жазған көрнекті қазақ қайраткерлерінің бірі. Ғалым еңбектерінде қарастырылатын тілдік және әдістемелік мәселелер мынадай: 1. Мектеп пен тұрмыстағы құбылыстардың бір-бірімен тығыз байланыста бола келіп, баланың сөйлеу тіліне әсер етуі. 2. Бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту проблемалары. 3. Тіл дамыту мәселелері. 4. Комплекстік оқыту әдісі мен оның ерекшеліктері. 5. Көрнекті материалдармен жұмыс істейбілу. 6. Бақылау және емле бойынша жұмыстар жүргізу. 7. Ана тілін оқытуда негіз болатын қағидалар. 8. Жазба тілді жан-жақты меңгеру.
Телжан Шонанов сөйлеуге үйретуді мақсат ете отырып, оқу мен жазуға да айрықша назар аударады. Еңбектері: «Әліппе», «Жаңа арна», «Қазақ тілінің оқу құралы». Қазақ тілінің әдістеме саласына айрықша еңбек етуші ғалымдар қатарына Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаев, Ғ.Бегалиев, И.Ұйықбаев, Д.Әлімжанов, Ы.Мамановтарды айтуға болады.
«Тілдік қатынас негіздері» пәнінің негізін қалап, оны ғылыми тұрғыда жүйелеп, алғашқы оқулықты жазып шыққан ғалым – Фаузия Оразбаева. Ғалым еңбегінде тілдік қатынастың негізгі сипаты, құрамы мен басты қағидалары, оны қолданудың әдіс-тәсілдері қарастылады.
Тілдік қатынас күрделі қоғамдық-әлеуметтік құбылыс бола келіп, көптеген ғылым салаларымен тығыз байланысты. Тілдік қатынастың педагогика ғылымымен байланысты, сол арқылы адам тәрбиесіне әсер етеді. Тілдік қатынастың психологиямен байланысы да ғылымда дәлелденіп отыр.
Дәріс № 2
Тақырыбы: Тілдік қатынас мәселесіне байланысты терминдер.
Дәріс мазмұны:
Тілдік коммуникация мәселесі.
«Коммуникация» термині, оның қалыптасуы, көпмағыналылығы.
Терминдердің сөздіктерде берілу үлгілері.
Сөйлесім әрекетіне қатысты терминдер.
Әдебиеттер:
Абузяров Р.А., Туева З.И. Русский язык на занятиях по начальной военной подготовке в национальной школе. 2-е издание. М., 1989.
Кеңесбаев С., Жанузаков Т. Русско-казахский словарь лингвистических терминов. А., 1966.
Лингвистический энциклопедический словарь. М., 1990.
Қордабаев Т. Жалпы тіл білімі. А., 1975.
Тілдік коммуникация туралы мәселені қарастырмастан бұрын, «коммуникация» немесе «коммуникативтік» терминдері қандай мағынаны білдіріп, қалай қолданылатындығы жөнінде айта кеткен жөн. өазақ тіл біліміне қатысты шыққан еңбектерде «коммуникатив» деген сөз алпысыншы жылдардан бастап кездеседі. Тілшілер кітаптарында бұл терминді тілдің қоғамдық-әлекметтік қызметіне қатысты қолданғанмен, оның мән-мағынасына түсініктеме беріп, зерттеу жүргізе қойған жоқ. Тіптен баспадан шыққан түсіндірме сөздіктердің өзінде бұл сөздің тілдік жағынан гөрі басқа мағыналарына түсініктеме беріліп, оның тілге қатысты мазмұны тыс қалады. Мәселен, 1980 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 5-томында осы түбірге қатысты бір ғана сөз берілген. Ол – «коммуникация» сөзі. Мұнда айтылған анықтаулар мен мысалдар «жол қатынасы», «байланыс» деген ұғымды көрсетеді.
1959 жылы шыққан қазақ тілі сөздігінің бірінші томында «коммуникация» сөзі берілмеген. Бұл сөздікте «коммуникациялық» деген сын есім көрсетіліп, оған қысқаша түсініктеме айтылған. Мысалы, «Коммуникациялық – сын. Қатынастық, қарым-қатынастық».
Адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас деген ұғымды білдіру арқылы бұл сөздің мағынасы әлдеқайда кеңейеді. Сонымен қатар «коммуникация», «коммуникативтік» термині соңғы жылдары лингвистикада ғана емес, одан басқа да барлық ғылым салаларында кеңінен қолданылып келеді. Бұл сөздің тілге, сөйлеуге қатысты алғашқы мағынасы «қарым-қатынас», тіл арқылы түсінісу, пікірлесу дегенге саятын болса, кейінгі кезеңдерде бұл ұғым одан әлдеқайда тереңдей түсті. Мәселен, тілдік коммуникация – тіл арқылы сөйлесу, ұғынысу дегенді білдірсе, қоғамдық коммуникация – қоғамдық байланыс, қоғамдағы қарым-қатынас дегенді аңғартады, ал саяси коммуникация – саяси өмірдегі байланыс, саясатқа қатысты қарым-қатынас дегенді байқатады.
«Коммуникативтік» терминіне қатысты зерттеу еңбектердің қай-қайсысында да оның қарым-қатынас құралы, сөйлесуге байланысты қасиеті баса айтылады. Мұның өзі сөздің, ең алдымен, тілдік қарым-қатынасқа, екіншіден, адамдардың өзара ұңынысуына, бірін-бірі түсінуге негізделетінін дәлелдейді. Коммуникация арқылы адамдар бір-біріне ойын жеткізіп, белгілі бір нәрсені хабарлап қана қоймайды, сонымен қатар олар өзара түсініседі, пікір алмасады, бірінің ойын екіншісі ұғады. Екі адамның бірінің жанын бірі ұғуы бір топтың түсінісуіне, ал топтың пікір алмасуы қоғамның жетілуіне әкеледі. Осыдан барып, адамзат тілінің әрі қоғамдық, әрі әлеуметтік функциясы көрінеді, «коммуникативтік» терминінің әлеуметтік сипаты осыдан келіп шығады.
«Коммуникативтік» терминінің тілдің қызметіне байланысты білдіретін мағынасы І.Кеңесбаев пен Т.Жанұзақовтың «Лингвистикалық терминдердің орысша-қазақша сөздігінде» анық айтылған. «Коммуникативная функция предложения – сөйлемнің коммуникативтік функциясы».
Терминнің тілге байланысты мағыналық ерекшелігі лингвистикалық энциклопедиялық сөздікте одан әрі нақтылана түседі: «Коммуникация – общение, обмен мыслями, сведениями, идеями и т.д. специфическая форма взаимодейтвия людей в процессе их познавательно-трудовой деятельности».
Сол сияқты Р.А.Абузяров пен З.И.Туеваның орыс тілін оқытуға арналған еңбектерінің басында берілген лингвистикалық және методикалық терминдердің қысқаша сөздігінде: «Коммуникация – сообщение, общение. Коммуникативный принцип заключается в обучении русской речи как средство общения в наиболее типичных коммуникативных ситуациях. Коммуникативные ситуации – ситуации общения» деген түсініктемелер жазылған.
«Коммуникативтік» термині қоғамдық-әлеуметтік мәні бар тілдік қатынас деген ұғымды білдіреді. Қоғамнан тыс адам болмайтыны сияқты, адамнан тыс тіл де болмайды. Бірақ ол тіл – жеке адамның тілі емес, белгілі бір қоғамда өмір сүруші адамдардың өзара түсінісу, сөйлесу құралы. Сондықтан тіл әрі қоғамдық, әрі коммуникативтік қасиетке ие болады.
«Коммуникация» сөзінің негізгі мазмұны жалпы қарым-қатынас, араласу, хабарласу, байланыс деген сияқты мағыналарды білдіре келіп, адамдардың тіл арқылы сөйлесу процесін, тілдесу ерекшеліктері, тілдің әлеуметтік мәні мен қоғамдық қызметін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсінушілікті көрсетеді. Осыдан барып, «коммуникабельді» - тез тіл табысатын, түсінісуге, сөйлесуге бейім, коммуникабельдік» - түсінушілік т.б. деген сияқты сөздер пайда бола бастады.
Сонымен, «коммуникация» - қарым-қатынас, өзара байланыс деген ұғымды білдіреді.
Дәріс № 3
Тақырыбы: Тілдік қатынастың анықтамасы, ерекшеліктері
Дәріс мазмұны:
1. Тілдік қатынастың анықтамасы.
2. Тілдік қатынас пен қоршаған орта.
3. Тіл табысуға қажетті дағдылар.
Әдебиеттер:
Ибрагимова Ж. Тіл табысуға қажетті коммуникативтік дағдылар // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2002, 95-97-б.б.
Қарым-қатынастың түрлері көп. Тілдік қатынас – тіл арқылы байланыс, сөйлеу тілі арқылы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауы; қоғамдық, ұлттық тіл арқылы ұғынысу, түсінісу; яғни адамзаттың тіл арқылы қатынасқа түсуі тілдік қатынас дегенді білдіреді.
Бұл жерде сөйлеу тілі деген тіркесті ерекше бөліп айтуға тура келеді. өйткені ол ауыз екі сөйлеу деген мағынаны емес, жалпы адамзаттың сөйлесу құралы, сөйлеу құралдарының қызметі, адамның тілі, адамның тілдік қатынас құралы деген қоғамдық-әлеуметтік мәні бар ұғымды жеткізуі тиіс. Сондықтан осындай нақтылы ұғымды білдіру үшін сөйлесім тілі деген тіркес қолданылады. Сөйлесім тілі тек адамзатқа ғана тән әрекет, тек адамдар ғана тіл арқылы сөйлей алады, ұғыныса алады.
Тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді.
Өмірде адамдар тек тілмен сөйлесу арқылы ғана бір-бірімен түсініспейді, кейде әр түрлі жағдайларға байланысты олар бір-бірін тілсіз-ақ ұғып, соған қарай іс-әрекет жасайды. Мәселен, көшеде келе жатқанда, адамдар әр түрлі жарық көздеріне, естілген дыбыстарға назар аударып, соған өздерінше жауап қатады, соған сай әрекет жасайды. Сол сияқты жол белгілерінің әр түрлі үлгілері немесе таңбалары адамға белгілі бір жайдан хабар береді де, адам оны қабылдап, түсініп, осыған байланысты қозғалады. Мұндай семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары мен жалпы бет-әлпеттің өзгеруі арқылы ұғынысуы сияқты қаншама көп белгілер бар. Тіптен дене мүшелерінің (қолдың, аяқтың, иықтың) әр түрлі қимыл-әрекеттерінің өзін неше саққа жғгіртуге болады. Ауладан естілген қатты айқай немесе есікке берілген қоңырау, соны ести сала екінші адамның оған қарсы әрекет жасауы (далаға жүгіріп шығуы, не есікті ашуға ұмтылуы) бұл да өзара түсініскендік.
Тілдік қатынас – адамдарға тән ойлау мен сөйлесім үрдісінің белгілі бір қоғамдық қатынаста тіл арқылы жарыққа шыққан көрінісі.
Тілдік қатынастың басты ерекшелігі: ол үздіксіз қозғалыста болатын қатынас құралы тілдің санамен бірлігі арқасында жүзеге асады және тек адамзатқа ғана тән болып табылады.
Қандай болсын тілдік қатынасқа кем дегенде екі байланысшы қатысады. Олардың біреуі хабарлайды, екіншісі қабылдайды, немесе біреуі хабарды айтып, не жазып жібереді, екіншісі хабарды алады. Бұл екі процестің екеуі де сөйлесім әрекеті арқылы болады; есту мүшесінің актив қызметі арқылы жүзеге асады; көзбен көру арқылы қабылданады.
Екіншіден, ол адамдардың қарым-қатынас құралы тіл арқылы жүзеге аса келіп, бір адамға ғана емес, жалпы адамзатқа, қоғамға қызмет етеді. Яғни, ол – қоғамның өзі туғызған, оның әлеуметтік қажеттігін өтейтін күрделі құбылыс.
Үшіншіден, тілдік қатынас жеке адамның тікелей өз басына емес, жалпы оның қоғамдағы орнына байланысты болады. Ол қоғамдық қарым-қатынастың негізін сала келіп, адамның әлеуметтік дәрежеге көтерілуіне әсер етеді және қоғамдық-әлеуметтік пікірлесудің, ұғынысудың дамуына жол ашады. Сөйтіп, адамдар арасындағы қоғамдық қарым-қатынастың қалыптасуының шарты болып табылады. Адам мен адам тілдік қарым-қатынасқа түсу арқылы дербес, жеке өмір сүруден қалады, олар табиғатпен, жаратылыспен біріге отырып, күрделі әлеуметтік, қоғамдық ортаға түседі.
Төртіншіден, тілдік қарым-қатынас адамды қоғамдық күрделі үрдістермен қатар қойып, оны жаратылысқа, қоғамға тәуелді етеді. Себебі адам тілді тікелей өзі өзгерте алмайды, өзі қолдан жасай алмайды, адам тек тілдік заңдылықтарды зерттей алады.
Бесіншіден, тіл – бүкіл қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың ең күрделісі, ол кішіден бастап, үлкенге дейінгі, ұсақтан баста іріге дейінгі әрекеттердің жүзеге асуын қамтамасыз ететін жетекші құрал. Осы қоғамдық қатынастарды тіл жүзеге асырып қана қоймайды, оған бағыт сілтейді, жол ашады. Сондықтан да ол барлық қоғамдық үрдістердің іске асу көзі болып табылады.
Алтыншыдан, тілдік қатынас әлеуметтік идеялардың жүзеге асуына әсер ете келіп, бүтіндей қоғамның қалыптасуына қызмет етеді. Ол барлық саяси топтардың байланыстырушы құралы бола отырып, өзі де қоғамдық-әлеуметтік құбылысқа жатады.
Қорыта келгенде, тілдік қатынас – ойлау мен сөйлеудің қатысы арқылы тілдік тұлғалардың таңбалық жүйесі мен дыбысталу қасиеті нәтижесінде жүзеге асатын, қатысымдық тұлғалардың семантикалық бірлігі мен байланысу заңдылықтары арқылы берілетін, адамдардың өзара түсінісуін қамтамасыз ететін, тек адамзатқа ғана тән күрделі тілдік қоғамдық-әлеуметтік процесс.
Тілдік қатынас ең кем дегенде екі адамның қатысы арқылы жүзеге асады деген пікір жоғарыда айтылды. Оны тілдік қатынасты зерттеуші ғалымдардың көпшілігі атап өтеді. Ол – тілдік қатынастың жеңіл түрі.
Бірақ ескеретін мәселе тілдік қарым-қатынас, пікірлесу екі адамның арасында ғана емес, екі топтың арасында да немесе бір адам мен ұжымның, яғни көпшіліктің арасында да бола береді. Бұл тілдік қатынастың жеке хабаршы мен жеке қабылдаушымен ғана атқарылмайтынын, хабаршы мен қабылдаушының сан жағынан түрліше болып келетінін көрсетеді.
Қатысатын адамдар санына қарай тілдік қатынас қарапайым тілдік қатынас не күрделі тілдік қатынас болып келуі мүмкін. Егер тілдік қарым-қатынас екі адамның арасында жүргізілсе, ол қарапайым не жеңіл тілдік қатынас болады. Ал бірнеше топтың не үлкен ұжымдардың бір-бірімен қарым-қатынасын іске асыратын тілдік қатынас күрделі тілдік қатынасқа жатады. Тілдік қатынастың барлығы жоғарыда айтылған ауызша және жазбаша түрде іске асады.
Дәріс № 4
Тақырыбы: Тілдік қатынас негіздері.
Дәріс мазмұны:
1. Тіл мен адамның тұтастығы.
2. Тілдік қатынас негіздерінің басты шарты.
3. Тілдік қатынастың тілдік бірліктерге қатысы.
Әдебиеттер:
Оразбаева Ф. Парентезаны коммуникативтік-прагматикалық қатынас тұрғысынан зерттеу // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 7, 2004, 110-115-б.
Бекмағамбетов Ш. Тілдік құбылыстың жаратылыстық табиғаты // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 9, 2007, 12-18-б.
Мырзағазиева М. Табиғат әлеміндегі концептілердің берілуі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 2, 2007, 85-91-б.
Тіл – табиғаттың адамзатқа берген сыйы, ол – қоғамда өмір сүретін адамдардың өзіне тікелей бағынбайтын күрделі құбылыс. Сондықтан ол әлеуметтік-қоғамдық процесс болып саналады. Оны лингвистика да, психология да, физиология да өз мақсаттары тұрғысынан қарастырады. Оның сөйлесімге қатысты жағы тіл – сөйлесімнің қажетті құралы, тіл болмаса, сөйлесім өз мақсатына жете алмайды, өз қызметін орындай алмайды.
Тілдің психологиялық, физиологиялық ерекшеліктері бүкіл адамзатқа ортақ қасиет, бұл оның тұлғаларына да тән.
Оның сыртында, әрбір адамның сөйлеу өзгешелігінде ғана емес, тілінде де жекелік сипат бар. Оның мәні мынада: барлық тіл бір мезгілде, бір себептен шыға салмайды. Оған әсер етуші сыртқы және ішкі жағдайлардың ықпалынан әр адамның тілінің шығуының, қалыптасуының жекелік мәні бар. Бұл ерекшелік оның әлеуметтік мәніне қарағанда, кең шеңберде болмауы мүмкін. Бірақ әр сәбидің тіліне байланысты, оның шығу, қалыптасу өзгешелігіне қатысты қоғамдық тілдің алғышарттары пайда болып, қалыптасады.
Тілге қажетті фактордың бірі – ішкі анатомиялық-физиологиялық даму, жетілу процесі. Ол адамның тууымен біртіндеп қалыптасады.
Екінші, тілдің тіл болуы үшін ең қажетті шарт – ойлау, пайымдау. Адамның и қабатына жинақталған ой тіл арқылы сыртқа шығады; сөйлесім әрекеті арқылы бейнеленеді, көрініс табады. Адамның ойы тілдік тұлғалар арқылы неше мәрте айтылса да, белгілі бір сөйлесім жүйесіне бағынбаса, түсініксіз болады.
Үшіншіден, тілге қажетті маңызды фактор - қарым-қатынастың болуы, яғни қатысымдық. Тілдің ең маңызды атқаратын қызметі – дыбысталу арқылы ойды сыртқа шығару. Кез келген сыртқа шыққан сөйлеу үлгісі белгілі бір ортаға тап болады. Сөйтіп, айналасындағы затпен, құбылыспен байланысқа түседі. Бұл – мәселенің бір ғана жағы. Оның сыртында, далаға шыққан ой екінші біреуден жауап алу үшін, солармен қатынасқа түсу үшін айтылады. Ол – тілдің өмір сүруі үшін, жоғалмай дамуы үшін қажеттілік.
Өз қызметін тқара алмаған тіл жоғалып, жойылып кетеді. Мәселен, жабайы аңдардың ортасына түскен адам бірнеше жыл сол ортада өмір сүруінің арқасында тілді ұмытады. Сөйтіп, қарым-қатынас болмағандықтан, тіл өз функциясынан айрылады. Мұндай адамның ойлау жүйесі (тамақ табу, қорқынышты, қауіпті сезу, оған қарсы әрекет жасау т.б.) жұмыс істей береді. бірақ оның ойлау қабілеті бұрынғыдан шектеліп қалады. Дегенмен, қарапайым түрде болса да ойлау сақталады, ал тілдік қарым-қатынас сақталмайды, тіл болмайды. Демек, қатысымдық байланыс болмаса, тіл де өмір сүре алмайды, тіл де болмайды.
Қарым-қатынас – тілдің өмір сүруінің, тілдік болмыстың басты өлшемі. қарым-қатынас сөйлеу, сөйлесім арқылы жүзеге асады. Сөйлеудің ең маңызды құралы – тіл, сөйлесімді жүзеге асыратын да – тіл. Сондықтан да тіл қатысымдық құбылыс болып саналады.
Тіл – адамдар арасындағы тілдік қатынасты қамтамасыз ететін, дыбыстық таңбалар жүйесінің жиынтығы арқылы ойды жарыққа шығарудың құралы.
Дәріс № 5
Тақырыбы: Тілдік қатынас және тілсіз қатынас.
Дәріс мазмұны:
1. Тілдік қатынастың түрлері.
2. Тілсіз қатынас, оған тән белгілер.
3. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың айырмашылықтары.
Әдебиеттер:
1. Нұрсұлтанқызы Ж. Бейвербалды амалдар – қарым-қатынастың маңызды элементі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 1, 2004, 111-116-б.
2. Ешимов М. Ым семантикасы; универсалды және ұлттық табиғаты. Ф.ғ.к.дисс. авторефераты. А., 2004.
Өмірде адамдар тек тілмен сөйлесу арқылы ғана бір-бірімен түсініспейді, кейде әр түрлі жағдайларға байланысты олар бір-бірін тілсіз-ақ ұғып, соған қарай іс-әрекет жасайды. Мәселен, көшеде келе жатқанда, адамдар әр түрлі жарық көздеріне, естілген дыбыстарға назар аударып, соған өздерінше жауап қатады, соған сай әрекет жасайды. Сол сияқты жол белгілерінің әр түрлі үлгілері немесе таңбалары адамға белгілі бір жайдан хабар береді де, адам оны қабылдап, түсініп, осыған байланысты қозғалады. Мұндай семиотикалық таңба-белгілерден өзгеше адамдардың ыммен түсінісуі және көздің, ауыздың, қабақтың қимыл-қозғалыстары мен жалпы бет-әлпеттің өзгеруі арқылы ұғынысуы сияқты қаншама көп белгілер бар. Тіптен дене мүшелерінің (қолдың, аяқтың, иықтың) әр түрлі қимыл-әрекеттерінің өзін неше саққа жғгіртуге болады. Ауладан естілген қатты айқай немесе есікке берілген қоңырау, соны ести сала екінші адамның оған қарсы әрекет жасауы (далаға жүгіріп шығуы, не есікті ашуға ұмтылуы) бұл да өзара түсініскендік.
Қарым-қатынастың жоғарыда айтылған үлгілерінің барлығы өмірден, қоғамнан тыс бола алмайды. Мұндай қарым-қатынастар адам үшін қызмет етеді, адамдардың өзара түсіністігіне жол ашады. Сондықтан олар да адамдардың қарым-қатынасына, байланысына жатады. Өмірдегі мұндай ұғынысу, түсінісу тілсіз қарым-қатынас деп аталады.
Тілсіз қарым-қатынаста түсінісудің бәрі тілдік тұлғалардың қатысынсыз жүреді. Тұнда тіл қатынас құралы ретінде қызмет атқармайды. Дегенмен, тілсіз қатынас пен оның түрлері қоғамда да, өмірде де белгілі орын алады. Бұлар адамдардың қарым-қатынасына қызмет ете келіп, түсінісудің қарапайым жолы болып табылады.
Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі – тілдік қатынас, екіншісі – тілсіз қатынас. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың сәйкес жақтары: олардың екеуі де, біріншіден, адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамдар арасындағы қатынасқа қызмет етеді. Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір нәрсе хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін. Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады. Ұғынысу тікелей жолмен емес, сырттай болуы да мүмкін, бәрібір адамның белгілі бір хабарды ұғып, соған қатысты іс-әрекет жасауына мүмкіндік болады. Алайда тілдік қатынас адамдардың бір-бірімен ұғынысуын, ойын еркін, толық жеткізуінде ерекше қызмет атқарады.
Тілдік қатынас – тілсіз қатынастан әлдеқайда күрделі және бөлек. Сондықтан да тіл білімі – адамдардың қарым-қатынас құралы тіл туралы және сол қарым-қатынасқа негіз болатын тілдік қатынас туралы ғылым.
Лингвистикадағы тілдік қатынас мәселесін жан-жақты қарастырып, белгілі бір тұжырымға келген автордың бірі – Э.П.Шубин. Э.П.Шубин шет тілдерін оқытудың қағидалары мен әдістемелерін сөз ете отырып, жалпы тілдік қатынастың құрамын, олардың атқаратын қызметін, оқытудың мақсаты мен мазмұнын, тілдік құралдарды анықтауға тырысады. Ол тілдік қатынастың тілсіз қатынастан екі түрлі айырмашылығы бар деп есептейді. Біріншіден, тілдік қатынас әмбебап, яғни жан-жақты, өйткені ол адамдардың барлық саналық және физикалық әрекетіне қызмет етеді. Екіншіден, тілдік қатынас бірінші пайда болады, яғни алғашқы кезеңде тұрады, өйткені оған адамның ойлау қабілеті негіз болады.
Дәріс № 6
Тақырыбы: Тілдік қатынастың негізі – хабар (ақпарат).
Дәріс мазмұны:
1. Хабар туралы ғалымдар тұжырымдары.
2. Хабардың мәні мен маңызы.
3. Хабарға қойылатын талаптар.
4. Хабардың өту кезеңдері.
Әдебиеттер:
1. Колшанский Г. Коммуникативная функция и структура языка. М., 1984.
2. Бодуэн де Куртенэ. Избранные труды по общему языкознанию. М., 1963.
3. Проблемы коммуникативной лингвистики. Сб.науч.тр. М.,1982.
Тілді зерттеуші ғалымдар (Е.И.Пассов) тілдік қатынас құбылысына байланысты үш кезеңді атап өтеді, олар мыналар:
Хабардың дұрыс айтылуы, шығуы. Мұнда синтаксистік заңдылықтар, яғни грамматикалық единицалардың айтылуы, дыбысталуы ерекше көзге түседі.
Айтылуға тиісті мағынаның дұрыс жеткізілуі, айтылар ой мен айтылған тілдік құралдың тепе-теңдігі. Мұнда семантикалық заңдылықтар басым роль атқарады.
Әңгімелесуші – екінші адамның хабарды дұрыс қабылдауы.
Ғалым Ф.Ш.Оразбаева өз еңбегінде тілдік қатынас төмендегіше кезеңдерден тұрады деп көрсеткен:
1. Хабардың пайда болуы. Тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлеу әрекетіне қажетті ең бірінші фактор – сыртқы дүниенің адам санасына әсер етуі, сол әсердің нәтижесінде мида ойдың қорытылуы, хабардың пайда болуы.
2. Хабардың сыртқа шығуы. Санада тұжырымдалған пайымдаудың, ойдың яғни ұғымның, хабардың тіл арқылы, тілдік тұлғалар арқылы айтылуығ я,ни сыртқа шығуы. Хабардың, ақпараттың сыртқа шығуына, айтылуына айрықша қызмет ететін – адамның сөйлеу мүшелері. Дыбыстау мүшелері немесе сөйлеу аппараты тек адамзатқа ғана тән ерекше құбылыс екені осы процестен де көрінеді.
3. Хабардың жеткізілуі. Айтылуға тиісті хабардың (сөйлем, диалог, монолог) дыбысталумен ғана шектеліп қана қоймай, келесі адамға, субъеектіге жеткізілуі. Ол ауызша да, жазбаша да болуы мүмкін. Хабар жеткізілмей қалып қойса, қарым-қатынас, яғни түсінісу, ұғынысу болмайды. Демек, бұл әрекетті де өзіндік алатын орны мен маңызы бар.
4. Хабардың қабылдануы. Сөйлеу әрекетіндегі келесі саты – жеткізілген хабардың қабылдануы. Қабылдау әрекетінде қосымша жұмыс атқаратын бірнеше фактор бар. Бірақ ең бастысы – келген хабарды түсіну, яғни қабылдап алу.
5. Хабардың жауабы. Тілдік қарым-қатынас болу үшін, хабарды қабылдап алумен ғана шектелу біржақты процесс болып қалады, ендік тілдік қатынас жүзеге асу үшін, қабылданған хабарға көңіл аудару, яғни оны сарапқа салу, бағалау, түсіну, сосын жауап қату шарт. Яғни түсіну арқылы оған жауап қату шарт. Яғни түсіну арқылы оған жауап қайтару қажеттігі туады. Сөйтіп хабар жаңарып, келесі сатыға өтеді, яғни жаңа хабар шығады.
Тілдік қатынаста ХАБАР маңызды рөл атқарады.
Тілдік қатынас тілдің дыбысталу (естілу) және таңбалану (жазылу) жүйелері арқылы жүзеге асады. Тілдік қатынастың дыбыс арқылы айтылуы және әріп арқылы таңбалануы лингвистикада ауызша және жазбаша тілдік қатынастар деп те айтылады.
Ауызша қатынас адамдардың бір-бірімен тікелей қарым-қатынасы нәтижесінде іске аса келіп, белгілі бір хабардың дыбысталуы арқылы сыртқа шығады. Адамдардың арасындағы ауызша тілдік қатынас - өте ертеде пайда болып, қоғаммен бірге өмір сүріп келе жатқан құбылыс.
Ауызша қатынас – ойдың тіл арқылы сыртқа шығуы, ол тілдік тұлғалардыңсөзге, сөйлемге айналып, дыбысталуы арқасында жүзеге асады. Ауызша тілдік қатынаста басты роль атқаратын – адамның сөйлеу мүшелері, дыбыстау мүшелері (ерін, тіл, тіс, мұрын, дауыс шымылдығы) жиі қозғалып, еркін жұмыс істеу арқылы қатысымдық тұлғалардың айтылып, естілуіне мүмкіндік жасайды. Бұл – сөйлесім әрекетінің іске асуының алғашқы кезеңі болып табылады. Ауызша тілдік қатынас адамның сөйлеу қабілетіне қарай өзгеріп отырады және тілдік қатынастың әр түрлі қызметін (эмоциялық, экспрессивтік, байланыстырушылық) іске асырады. Бұл ретте дауыс ырғағының мәні ерекше.
Жазбаша қатынас тілдік тұлғалардың таңбалық қасиетімен байланысты бола келіп, адамдардың бір-бірімен тікелей қатынаста болуын аса қажет етпейді. Жазбаша қатынаста тілдік тұлғалардың естілу қасиетінен гөрі, көзге көріну ерекшелігі басым болады. Мұндай қарым-қатынас таңбалардың тұрақты жүйесі арқылы іске асады, оны адам өз бетінше өзгерте алмайды. Жазбаша тілдік қатынаста басты роль атқаратын – тілдік тұлғалардың таңбалық көрініс. Жазбаша тілдік қатынас ауызша қарым-қатынастан кейін пайда болған құбылыс.
Ауызша тілдік қатынас пен жазбаша тілдік қатынас айырмашылықтарын қадағалай отырып, оларды дыбыстық тілдік қатынас және таңбалық тілдік қатынас деп те атауға болады. Дыбыстық тілдік қатынас естілуімен ерекшеленеді, ал таңбалық тілдік қатынас жазылады және әріптер арқылы көзге көрінеді. Сонымен, ауызша қатынас дыбыстала келіп, сөйлеу арқылы іске асады және тыңдалады. Жазбаша қатынас таңбалана келіп, жазу арқылы жүзеге асады және оқылады.
Ауызша тілдік қатынас пен жазбаша тілдік қатынастардың әрқайсысы жеке құбылыс ретінде өмір сүрмейді. Олар өзара тығыз байланысты бола келіп, біреуі екіншісіне ұласады.
Дәріс № 7
Тақырыбы: Тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылар.
Дәріс мазмұны:
1. Хабарды іс жүзіне асырушылар туралы түсінік.
2. Хабарға тікелей қатысушылардың қызметі.
3. Тілдік қатынастың орындалуына қатысушылар: баяншы, қатысымдық тұлғалар, қабылдаушы.
Әдебиеттер:
Мәлікова С. Тілдік қатынастағы диалогтық сөйлеуді үйретудің ерекшеліктері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2002, 77-79-б.
Жинкин Н. Речъ как проводник информации. М., 1982.
Фердинанд де Соссюр. Труды по языкознанию. М., 1977.
Тілдік қатынастың негізгі мазмұны, мәні, мағынасы – хабарды іс жүзіне асырушылар, хабарға тікелей қатысушылар болып табылады. Олар мынадай құрамнан тұрады:
Белгілі бір ақпаратты, деректі хабарлайтын – Баяншы.
Ақпаратты жеткізетін – Тұлғалар.
Ақпаратты не деректі – Қабылдаушы.
Баяншы – сыртқы объективтік әсерді, өмірді сезінуден, пайымдаудан туған санадағы ойды түрлі тілдік амал-құралдардың, тұлғалардың көмегімен екінші біреуге баяндауды, хабарлауды жүзеге асыру үшін тілдік байланысқа қатысушы, тілдік қарым-қатынасқа түсуші.
Тұлғалар – хабарлаушыдан шыққан дерек туралы басқа адамның санасында ұғым тудыратын, оған ақараттың түсінікті болуын қамтамасыз ететін, адамдар арасындағы қарым-қатынасқа байланысшы ретінде қызмет атқаратын қатысымдық бірліктер.
Қабылдаушы – белгілі бір хабарды қабылдап алып, оның мәнін тілдік тұлғалар арқылы түсініп, ой мен пайымдау арқылы өз санасынан өткізіп ұғынудың нәтижесінде тілдік қатынасты ары қарай іске асырушы.
Баяншыға да, қабылдаушыға да – бәріне ортақ әрекет – байланыс, қатынас. Ал байланыс, тілдік қатынас тіл арқылы жүзеге асады. Байланыс – тілдік қатынастың негізін жасайтын, оны іске асырушы өзек, адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынастың қажетті шарты.
Баяндау мен қабылдау үрдістері тілдік қатынастың барлығына тән. Бірақ лингвист-ғалымдар оларды қарапайым күнделікті сөздермен атаудан гөрі, лингвистикалық терминдермен атауды жөн көреді. Дегенмен, бұл терминедрдің өзі тіл ғылымында біркелкі емес.
Зерттеуші ғалымдар тілдік қарым-қатынастағы хабарлауды, яғни хабар беруді – трансмиссия, ал қабылдауды – рецепция деп атайды. Осыған орай, хабар берушіні – трансмиссор, хабар қабылдаушыны – рецептив дейді. Сонымен қоса, алғашқы – хабарлауға қатысты құбылыстарды – трансмиссивті немесе продуктивті, ал қабылдауға қатысты құбылыстарды – рецептивті деп көрсетеді. Олардың айтуынша, хабар трансмиссордан шығады да, реципиентке жетеді.
Тілдік қатынас жүзеге асу үшін Баяншыдан шыққан Хабар Тұлғалар арқылы Қабылдаушыға келіп, одан ары қарай қайтадан байланысқа түсіп, тілдік айналымда жұмсалады. Баяншыдан шыққан Хабар қатысымдық тұлғалар арқылы қабылдаушыға дұрыс жету керек. Ал ол ауызша болсын, жазбаша болсын, бәрібір жүзеге аса береді: тек жазбаша түрде болса, онда арада көп уақыт өтуі мүмкін. Өйткені әр түрлі жағдайларға байланысты хабардың бірден жеткізілмеуі немесе тоқтап тұруы немесе бірнеше үздікпен берілуі мүмкін. Мұны өрнек түрінде былай көрсетуге болады:
Б
Баяншы
Т
Тұлғалар
Қ
Қабылдаушы
Х
Хабар
Дәріс № 8
Тақырыбы: Тілдік қатынастың құрамы.
Дәріс мазмұны:
Тілдік қатынастың құрамы, оның бөліктері.
Тілдік қатынас құрылымының жіктелуі.
Тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылар
Тілдік қатынасқа қатысушылардың атқаратын қызметі.
Сөйлеу мүшелерінің бірлігі
Қатысымдық тұлғалардың жиынтығы.
Әдебиеттер:
Сағынтаева Ж. Тілді қарым-қатынас құралы тұрғысынан оқыту // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2006, 61-65-б.
Коммуникативные единицы языка. М., 1985.
Аханов К. Тіл білімінің негіздері. А., 1978.
Тілдік қатынастың басты белгілері мен түрлерін ажыратып алған соң, оның құрамдық бөліктерін саралаған жөн. Ғалым Ф.Оразбаеваның пікірінше, тілдік қатынастың негізгі құрамы төмендегідей болып жіктеледі:
І. Тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылар.
ІІ. Тілдік байланысқа қатысушылардың қызметі.
ІІІ. Сөйлеу мүшелерінің бірлігі.
ІV. Қатысымдық тұлғалардың жиынтығы.
Тілдік қатынасты іс жүзіне асырушылардың қатарына Баяншы, Тұлғалар және Қабылдаушылар жатады. Тілдік қатынасқа түсушілердің ең басты қызметі – қатысымдық, байланыстырушылық, экспрессивтік.
Қатысымдық қызмет бойынша баяндаушы мен қабылдаушылар тілдік қарым-қатынастың барлық түрлерін іс жүзіне асыра келіп, хабар арқылы бір-бірімен қарым-қатынастық қызмет атқарады. Байланыстырушылық қызмет тілдік қатынасты жүзеге асырушылардың бір-бірімен тығыз байланысынан көрінеді. Мұнда негізгі қызмет атқаратын – хабарды жеткізетін тұлғалар. Ол баяншы мен қабылдаушыны өзара байланыстырады және тілдік қатынастың түсінікті болуын қамтамасыз етеді.
Экспрессивтік қызмет тілдік қарым-қатынасқа түсушілердің берілген хабарды түсініп қана қоймай, оның айрықша мәнін, күшейту реңкін, толық білуінің нәтижесінде орындалады. Баяншы хабарды жай айтып қана қоймайды, ондағы қандай ойға ерекше көңіл бөлу керектігін де, өзінің көңіл-күй, сезімдерін, көзқарастарын да жеткізуге тырысады. Ал қабылдаушы осыны дәл танып, жете түсінуі қажет болады.
Сөйлеу мүшелерінің бірлігі олардың әрқайсысының өзіне тән қимыл-қозғалысынан және сол қимыл-әрекеттің тілдік тұлғаларды айтуға қатысты бүтіндігінен байқалады. әр дыбыстау мүшесі әр бөлек қимылдаса, онда дыбыс та анық айтылмайды, сөз де түсінікті болмайды, айтылар ой да жеткізілмейді. Сондықтан тілдік қатынас үшін сөйлеу мүшелерінің бірлескен, дұрыс, қимыл-қозғалысы аса маңызды орын алады. Сөйлеу мүшелерінің қимыл-әрекетімен тілдік қатынасқа қажет тұлғалардың мән-мағынасы пайда болады. Жалпы тілдік қатынастың негізгі құрамын көрсететін ең басты көрсеткіш ол – тілдік қарым-қатынасты тікелей жүзеге асыратын қатысымдық тұлғалар.
Тілдік тұлғалар – адамзат тілінің жасалуы мен өмір сүруіне қызмет ететін, сөйлеу мүшелеріне тікелей тәуелді, фонетикалық, лексикалық және грамматикалық қасиеттерге ие болатын, таңбалық қасиеті бар тілдің құрылымдық бірліктері.
Қатысымдық тұлғалар – тіл арқылы қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, белгілі бір орта мен араласу жағдайында жүзеге асатын, тиянақты ойды хабарлау және қабылдау қасиеті бар ерекше деңгейге көтерілген тілдік тұлғалардың қатысынан тұратын, қарым-қатынастық мәні бар бірліктер. Тілдік тұлғалар жеке, дербес жұмсалса, қатысымдық тұлғалар бір-бірімен байланыста қолданылады. Тілдік тұлғалар атаулық мағынаны білдірсе, қатысымдық тұлғалар тұтас ойды білдіреді. Тілдік тұлғалар көпмағыналы бола келіп, жалпылама ұғымды көрсетсе, қатысымдық тұлғалар контекстік жүйелі мағынаға ие болу арқылы нақтылы ұғымды, ойды жеткізеді. Тілдік тұлғалар дербес мағынада тұрса, қатысымдық тұлғалар бір бүтін, тұтас мазмұндық қасиетке ие болады. Тілдік тұлғалар бір ғана субъектіге қатысты болса, қатысымдық тұлғалар жалпы қарым-қатынас үрдісіне, оның ішінде тілдесімге, сөйлесім әрекетіне тән. Тілдік тұлғалар адамның миы мен сөйлеу аппаратының, дыбыстау мүшелерінің қимыл-қозғалысына қатысты қатысымдық тұлғалар онымен қоса ойлау жүйесіне, пайымдауына санасында туған хабарды жеткізуге әрі қабылдауға қатысты.
Дәріс № 9
Тақырыбы: Қатысымдық тұлғалар.
Дәріс мазмұны:
Қатысымдық тұлғалар, олардың жиынтығы.
Тілдік тұлға мен қатысымдық тұлғалардың байланысы.
Қатысымдық тұлға жөніндегі ғалымдар көзқарастары.
Қатысымдық тұлғалардың түрлері: мәтін, тұрақты сөз тіркестері, сөйлем, сөз.
Әдебиеттер:
Ибраимова Ж. Қатысымдық семантиканың басты тірегі – қатысымдық тұлғалар // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 3, 2007, 90-96-б.
Ибраимова Ж. Тіл табысуға қажетті коммуникативтік дағдылар // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2002, 95-97-б.
Байтелиев А. Қазақ тіліндегі коммуникативтік фразеологизмдердің семантикалық құрылымы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2004, 52-58-б.
Қатысымдық тұлғалар мынадай қасиеттерге ие болу керек:
1. Сана мен ойға қатысты мазмұнның тиянақтылығы; 2. Баяндау ғана емес, хабарлау, жеткізу қасиетіне ие болуы; 3. Ми жүйесі арқылы қабылдануы; 4. Белгілі бір жағдайға, ортаға байланысты жұмсалуы; 5. Тіл мен сөйлесімге байланысты қарым-қатынаста қызмет атқаруы.
Тілдік қатынаста өзіндік орны мен маңызы бар қатысымдық тұлғалар: сөз, фразеологиялық тіркестер, сөйлем және мәтін.
Мәтін – қатысымдық тұлғалардың ішіндегі мазмұндық тұтастығымен ерекшеленетін бүтін жүйе. Мәтіннің өзара мағыналық байланыста болатын сөйемдердің жүйелі жиынтығы болуы – оның тек бір ғана жағы. Бұдан басқа мәтін – адамдар арасындағы тілдесімдік қатынастың жемісі. Адам өз ойын екінші біреуге жеткізген кезде қалай болса, солай айтылған сөйлемдер тізбегінен құрамайды. Керісінше, жиынтақталған пікірін, көзқарасын бір-бірімен ойы жағынан да, қалпы тарапынан да бірлескен сөйлемдер жүйесімен, яғни мәтін арқылы жеткізеді, баяндайды. Демек, мәтін – ойлау, хабарлау, баяндау, қабылдау, пайыдау құбылыстарымен байланысты адамдар арасындағы тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық жүйелі тұлға.
Сөйлем – тілдік қатынастың орындалуына тікелей себепкер болатын ең қажетті тұлға. Сөйлем баяншының айтайын, жеткізейін деген ойын, хабарын қабылдаушыға түсінікті етіп қана қоймай, сонымен бірге оның қайыра жауап беруінің көзі, көрсеткіші де болып табылады. Тілдік тұлға ретінде сөйлем тиянақты ойды білдірсе, қатысымдық тұлға ретінде ойды білдіруімен қатар адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асырушы тілдесім жолы, сөйлесу құралы да болып есептеледі.
Фразеологиялық оралымдар не тұрақты сөз тіркестері тілдік қатынаста жұмсалатын қатысымдық тұлғалардың қатарына жатады. Мұнда тұрақты тірақты тіркестердің біртұтас лексикалық тұлға түрінде тілдік қарым-қатынаста қолданылуы маңызды орын алады. Сондықтан қатысымдық тұлға ретінде алынатын тұрақты тіркестер адамның ойын жеткізуде белгілі бір ұғымды көрсетуімен қымбат.
Қатысымдық тұлғалардың ішіндегі басқаларына ұйтқы болатын және тілдік қарым-қатынаста аса маңызды орын алатын тұлға, ол – сөз.
Сөзді қатысым құбылысына қатысты қарастырғанда, негізінен, оныі сөйлеу мен сөйлесуге байланысты ерекшеліктеріне назар аударуға тура келеді. Мұнда ол адамдардың тілдік қарым-қатынасында жүзеге асатын, пікірлесуге негіз болатын, өзара түсінісуге мүмкіндік жасайтын қатысымдық элемент тұрғысынан сөз болады. Сөздің негізгі екі қасиеті: формасы мен мазмұны, яғни дыбыстық таңбасы мен мағынасы да қатысымдық процесте түрліше қарастырылады.
Сөз – сөйлеу, пікір алысу үрдісіндегі ең басты тұлға. Сөз жеке тұрғанда заттың, сынның, қимылдың т.б. атауы болып, номинатив қызмет атқарса, тіл арқылы қарым-қатынаста белгілі бір жағдайға, ортаға байланысты жұмсалып, қарым-қатынастық қызмет атқарады. Сөз белгілі бір ойды білдіре келіп, екінші адамның санасы арқылы қабылданады. Қандай болсын хабарды, деректі, ойды қабылдаған адам оған жауап қайтаруға тырысады. Тілдік қарым-қатынаста жұмсалып, қатысымдық байланысқа түскен сөз айтылар ойға қатысты нақтылы мағынаны білдіреді және басқа тұлғалармен біртұтас жұмсала келіп, тиянақты ойды, мазмұнды көрсетеді. Сөз жеке тұрғанда бірнеше мағынаны білдіргенімен, сөйлемнің құрамына енген кезде, айтылар ойға қатысты нақтылы бір мағынаны көрсетеді де, енген кезде айтылар ойға қатысты нақтылы бір мағынаны көрсетеді де, ортақ мақсатқа жеткізілер мазмұнға қызмет етеді. Мұндай жағдайда сөздің атаулық тұлғадан гөрі қатысымдық тұлғаға тән белгілері басым рөл атқарады.
Сөз жеке, сөздікте тұрғанда – тілдік тұлға да, сөйлем құрамында, мәтінде қолданылғанда – қатысымдық тұлға болып табылады. Сөз тілдік қарым-қатынаста ауызша түрде қолданылғанда, ондағы қатысымдық белгілерді дауыс ырғағы, интонация атқарады да, жазбаша түрде жұмсалғанда, қатысымдық қызметті тыныс белгілері атқарады. Сөйлеу процесіндегі сөздің ерекшелігі – ол объектив шындыққа, өмірге байланысты ұғымдарды сананың қабылдауы нәтижесінде ойды бейнелейді. Тілдік қарым-қатынаста жұмсалатын сөздің бірнеше қасиеттері бар:
сөз адам санасында бейнеленген ұғымның жарыққа шығуын қамтамасыз етеді.
сөз басқа қатысымдық тұлғалардың жасалуына ұйтқы болады.
сөз өмір шындығын нақтылы мағына арқылы түсіндіре келіп, адам ойының екінші біреуге жеткізілуіне әсерін тигізеді.
сөз адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге негіз болады.
Демек сөз мағынаны, ұғымды, сезімді, ойды білдіре келіп, тілдік қарым‑қатынасты жүзеге асырушылардың барлығына аса қажет қатысымдық тұлға болып табылады.
Дәріс № 10
Тақырыбы: Тілдік қатынас пен мемлекеттік тіл.
Дәріс мазмұны:
Тілдік қатынас пен мемлекеттік тіл мәселесі.
Тілдік қатынас пен мемлекеттік тіл арасындағы өзара ықпалдастық ұстанымы, оның басты критерийлері.
Мемлекеттік тілге қатысты коммуникативтік бағыт пен бағдарлар.
Әдебиеттер:
Қайдаров Ә. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың жолдары мен шаралары. А., 1990.
Төлегенова Г. Тілдерді оқытудың қатысымдық іс-әрекет негізі // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 3, 2002, 61-63-б.
Тілдік қатынастың қоғамдық негізі қарым-қатынас құралы тілдің қоғамдағы рөлі мен мәніне байланысты.
Қазақ тілінің қатысымдық ерекшелігін зерттеуде оқушылардың дүниетанымын қалыптастырудың, қазақ тілінің қоғамдық мәнін жете түсіндірудің ерекше маңызы бар. Бұл, біріншіден, жалпы дүниеге деген танымдық көзқарастың негізінде танылса, екіншіден, қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қатынас құралы ретінде алатын орнына байланысты қарастырылады.
Кез келген тіл, сол сияқты қазақ тілі – «адам қатынасының аса маңызды құралы» бола келіп, адамзаттың бір-бірімен түсінісу, пікір алысу, сөйлесуіне жол ашып қана қоймайды. Сонымен қатар ішкі, сыртқы қоғамдық жағдайларға әсер етеді, халыққа қажетті әлеуметтік, экономикалық істерді аңғаруға мүмкіндік жасайды; бірлесіп еңбек етуге дәнекер болады; қоғамдық-саяси күштердің өз мақсаттары үшін күресуіне қызмет ететін саяси құралы болады. Сөйтіп, жалпы көпшілік қауым мен саяси топтар арасындағы көпір болып табылады.
Қоғам мен табиғаттағы ең күрделі құбылыс адамзаттың ой-санасы мен тілі болғандықтан, адамның ойлау жүйесі де, сөйлесу қабілеті де – ерекше қоғамдық мәні бар үрдістер.
Адамның ойы мен санасы қаншама күрделі болғанымен, тілсіз ой жүзегеаспайды. Сондықтан да тіл – қоғамдық объективті шындыты танудың, оны өмірде пайдаланудың құралы болып табылады.
Қазіргі қазақ тілі қандай қоғамдық-әлеуметтік кезеңдердің қай-қайсысында болсын қазақ тілі қазақ халқының ана тіліне тән әлеуметтік мәнінен айрылмауға тырысады. Басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқыту, үйрету барысында, біріншіден, оның қазақ ұлтының, қазақ халқының ана тілі екенін, оның ертеден дамыған тарихы барын, әдеби тіл дәрежесіне көтерілген салаларын, жазба тілге тән т.б. қасиеттерін түсіндіру қажет. Екіншіден, қазақ тілінің сол халықтың өзіндік қатынас құралы болуымен қатар басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасауға негіз болатын, ұғынысуға, пікірлесуге жол ашатын ұлтаралық қатынас құралы екеніне баса назар аудару керек. Үшіншіден, қазақ тілінің қатысымдық сипаты оның ел аралық қатынаста қолданылатын қоғамдық мәнінен және ресми іс-қағаздарда жұмсалатын әлеуметтік қызметінен көрінеді. Төртіншіден, қазақ тілі – қоғамдағы барлық салаларда пайдаланылатын мемлекеттік дәрежеге жеткен қарым-қатынас құралы. Бесіншіден, ол – рухани мәдениет пен өркениет, өнер жолында қолданылатын, адамның сезімі мен көңіл-күйін т.б. жеткізетін құрал.
Сол сияқты қазақ тілінің ең басты қатысымдық қасиеті – адам мен адамның, үлкен мен кішінің, жеке тұлға мен топтың т.б. өзара түсінісуіне, ұғынысуына жол ашу, қарым-қатынас құралы ретінде бүтіндей қоғамға қызмет ету.
Дәріс № 11
Тақырыбы: Тілдік қатынас пен сөйлеу мәдениеті. Сөйлесім әрекеті, оның түрлері
Дәріс мазмұны:
Сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптар.
Сөйлеу мәдениетінің басты ұстанымдары.
Сөйлеу мәдениетін игеруде қолданылатын әдістер.
Сөйлесім әрекетінің түрлері: айтылым, оқылым, жазылым, тыңдалым, тілдесім.
Әдебиеттер:
Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. А., 1950.
Айтмұхаметова Қ. Кәсіби саладағы сөйлеу коммуникациясы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2000, 48-49-б.
Бейсенбекова Г. Оқылым процесі: теориясы мен әдістемесі. А., 2003.
Фоменко Ю. Язык и речь. Новосибирск, 1990.
Сыздықова Р. Сөздер сөйлейді. А., 1994.
Сөйлеу мәдениеті дегеніміз – сөздерді дұрыс, орнымен қолдану, дұрыс құрастыру, дұрыс қиюластыру, дұрыс дыбыстау, тілді әсерлі етіп жұмсау, тіл нормаларын ұстану, орнықтыру, жетілдіру.
Сөйлесім – адамдардың ұжымдық тобына тән басты құбылыс.
Лингвистикалық, әдістемелік әдебиеттердің көпшілігінде сөйлесім әрекетін төрт түрге бөліп қарастыру тұрақты орын алған. Олар: сөйлеу, оқу, жазу, түсіну. Бүгінгі күні ғалымдар көзқарастарын бір арнаға тоғыстыра келіп, сөйлесім әрекетін бес түрге бөліп қарастырады: оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым, тілдесім.
Сөйлесім әрекетінің барлық түрлеріне тән ең басты көрсеткіш: ол – түсіну. Бір адам екінші адамның айтқанын түсінбесе, ұқпаса, онда пікірлесу мен сөйлесу де жүзеге аспайды. Біздің ойымызша, сөйлесім әрекетіне қатысты айту да, оқу да, жазу да, есту де, тілдесу де белгілі бір хабарланған, баяндалған ойды түсінуге негізделеді. Сөйлесім әрекетінің барлық түрлері сөйлеу үшін қажет. Оның әр түрі сөйлей білуді әр жақтан іске асырады.
Оқылым – графикалық таңбалар арқылы қағаз бетіне түскен сөздер мен тіркестердің мағынасы мен мазмұнын ой мен сананың нәтижесінде қабылдай отырып, сауатты, дұрыс, мәнерлеп, ұғынықты оқу және одан қажетті деректі түсініп, сұрыптап алу. Оқылым, біріншіден, ой мен мидың бірлескен жұмысына байланысты болады, екіншіден, жазылған графикалық таңбалардың тізбегін дұрыс танып білуге қатысты. Үшіншіден, мұнда осы таңбалардың ішкі мән-мағынасын дұрыс түсінудің рөлі зор. Оқылым берілген материалды түсініп, ұғу ғана емес, ондағы әрбір тілдік-қатысымдық тұлғалардың мағынасын білу, қалпын тану және оны тілдік қарым-қатынаста кеңінен пайдалана білу. Оқылым процесіне төрт негізгі компонент үздіксіз қатысып отырады: 1.Көру мүшелер; 2. Ойлау мүшелері. 3. Тілдік тұлғалардың таңбалық тізбегі. 4. Қатысымдық тұлғалардың мағыналық тізбегі. Оқылымның түрлері: танымдық оқылым, зерделік оқылым, ізденімдік оқылым, көрсетімдік оқылым.
Жазылым – тілдік тұлғалардың графикалық, фонемалық жүйесіне негізделген; лингвистикалық, психолоиялық, физиологиялық, әдістемелік ерекшеліктерге қатысты тілдік материалдың мазмұны мен формасын бірдей қамтитын, адамдардың ұзақ мерзімдегі қарым-қатынасына мүмкіндік жасайтын күрделі тарихи әрекет. Жазылым, біріншіден, әріптің, сөздің графикалық таңбасы арқылы іске асады; екіншіден, бұл графикалық таңбалар белгілі бір фонемалық, мағыналық қасиетке ие болады; үшіншіден, жаылым құбылысында сөйлесім әрекетінің барлық түрі қатысады; төртіншіден, жазу үстінде тіл үйренуші адам сөйлемнің мазмұн-мағынасына ғана емес, формасына да көңіл аударуға мәжбүр болады, бесіншіден, жазылым қағаз бетіне түскен материалдың түсінікті, жүйелі болуына тікелей байланысты жүзеге асады.
Тыңдалым – «аудирование» деген терминнің білдіретін мағынасы – «есту арқылы түсіну». Бұл термин айтылған не техникалық аппараттарға жазылған аудиомәтіндегі сөздерді, сөйлемдерді тыңдай білудің нәтижесінде қабылдау және түсіну деген ұғымды білдіреді. Бұл атаудың ең басты мәні – адамдар арасындағы қарым-қатынасты жүзеге асыратын тілдік тұлғаларды тыңдау, есту арқылы қабылдау және ұғу. Үйренуші мен үйретушінің көзбе-көз не бірін-бірі көрмей қатынаста болу ыңғайына қарай тыңдалым екі түрге бөлінеді: тіке тыңдалым, аралық тыңдалым.
Айтылым – адамдар арасындағы тілдік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің бір түрі. Ол – тілдік қарым-қатынас барысында адамның өз ойын жарыққа шығару процесі, өз сөзін екінші біреуге ұғынықты етіп жеткізуі. Айтылым, негізінен, бір адамға тән әрекет болғанымен, тілдік қатынаста екі жақты байланыстың болуын қажет етеді. Адам өз ойын екінші біреуге жеткізу үшін айтады, сол үшін сыртқа шығарады. Айтылым – санамен қабылданатын сыртқы дүниенің әсерін ауызша сөйлеу арқылы жарыққа шығаратын, қатысымдық тұлғаларды қамтитын күрделі сөйлесім әрекеті.
Тілдесім – сөйлесім әрекетінің барлық түрлерін қамтитын ерекше құбылыс. Ол тілдік қатынастың ең маңызды көрсеткіші бола келіп, оқылым, жазылым, айтылым, тыңдалымның іс жүзінде қолданылуына мүмкіндік жасайды. Тілдесім арқылы оқу, жазу, тыңдау, сөйлеуге үйрету жүзеге асады. Тілдесім – айтылым мен жазылымның өзара бірлігінен құрала келіп, қандай болмасын ақпарат негізінде адамдар арасындағы тілік қатынасты жүзеге асыратын сөйлесім әрекетінің түрі. Бұл қарым-қатынаста оқылым мен тыңдалымның да тыс қалмайтындығы өзінен-өзі белгілі. Тілдесім – адамдардың қоғамдық-әлеуметтік өмірде бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынасқа түсіп, өзара пікірлесуінің нәтижесінде бірінің ойын бірі ауызша да, жазбаша да түсінуі және оған жауап қайтаруы. Түрлері: ресми тілдесім, бейресми тілдесім, алыптасқан тілдесім, кәсіби тілдесім, әлеуметтік тілдесім, дербестік тілдесім.
Дәріс № 12
Тақырыбы: Тілдік қатынастың ғылыми негіздері.
Дәріс мазмұны:
Тілдік қатынастың педагогикамен байланыстылығы.
Тілдік қатынастың адам тәрбиесіне әсері.
Тілдік қатынастың психологиямен байланысы.
Әдебиеттер:
Жинкин Н. Коммуникативная система человека и развитие речи в школе. М., 1969.
Алтынбекова О., Никбаева К. Билингвизм типологиясы туралы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 6, 2006, 115-122-б.
Тілдік қатынас күрделі қоғамдық-әлеуметтік құбылыс бола келіп, көптеген ғылым салаларымен тығыз байланысты. Бұл саланың басқа ғылымдар негізінде қалыптасып, тіл білімінде жетекші орын ала бастауы – кейінгі жылдардың жемісі. Сондықтан тілдік қатынас мәселесінің түпкі тамырларын белгілей отырып, оның ғылымдағы орнын және онымен тікелей байланысты ілімдермен арақатысын айқындаған жөн.
Тілдік коммуникацияның лингвистикалық негізі қарым-қатынас құралы тілге байланысты екені анық. Лингвистика тіл туралы ілім болса, тілдік қатынас сол тілдің қарым-қатынасқа қатысты ерекшеліктерін қамтиды.
Тілдік қатынас қатысымдық тұлғалар арқылы жүзеге асады. Оның қоғамда алатын орны тілдің атқаратын қызметінен көрінеді. Қатысымдық тұлғалар тіл ғылымының салалалары – лексикология, семасиология, грамматиканың зерттеу объектілерімен қатар қолданылады. Қатысымдық тұлғалар мен тілдік тұлғалардың өзіндік арақатысы, байланысы бар.
Сөйлеу процесінде басты орын алатын – сөз бен сөздің байланысы, грамматикалық формалар мен мағыналар, сөздердің тіркесі, сөзжасам – осының бәрі тіл білімінің салаларында қарастырыла келіп, грамматиканың дамуына қанша әсер етсе, тілдік қарым-қатынасқа, сөйлеуге де сонша ықпал етеді.
Лингвистикалық заңдылықтар мен грамматикалық ережелерді үйренбей тұрып, адам өз ойын дұрыс жеткізе алмайды, сол тілде сөйлей алмайды. Адамдар арасындағы тілдік қарым-қатынас сөздік құрам мен сөздік қордың мол болуына қарай еркін жүзеге асады, түсінісу тез жүреді. Лексикалық қор тілдің өсуімен бірге тілдік қатынастың мүмкіндігін арттырады. Лингвистиканың қай саласындағы қағидалар мен заңдар болсын тілдік қатынастың қағидаларымен тығыз бірлікте дамиды және оған әсер етеді.
Қазақша тілдіқ қатынас пен оқыту әдістемесі тіл ғылымының қоғамдық мәні мен тәрбиелік маңызын қатар үйретуге тырысады.
Тілдік қатынастың педагогикалық негізі – табиғат пен қоғамдағы ерекше құбылыс адамға, оның өмірдегі орнына, тілдік қарым-қатынасына байланысты. Педагогика адам тәрбиесіне тікелей қатысты болғандықтан, оның адамдар арасындағы қарым-қатынасқа да әсері мол. Тілдік коммуникация адамдардың тіл арқылы түсінісуін қамтамасыз етіп қана қоймайды, сонымен қатар жалпы адамға тән қасиеттерді меңгеруге көмектеседі. Олар бір-бірімен сөйлесумен, пікірлесумен шектелмейді. Тілдесудің нәтижесінде бірінің жанын бірі ұғады, бірінің сезіміне, мінезіне екіншісі әсер етеді. Сөйтіп, жалпы адамзаттың тәрбиелік жүйесі қалыптасады.
Тілдік қатынас тілді меңгерумен бірге адамды тәрбиелеуді қатар алып жүреді. Белгілі бір тілді ұлт өкілдеріне үйрету арқылы біз тілдік қарым-қатынасты да жолға қоямыз. Тіл арқылы оқушылардың іскерлігін, сөйлеу дағдыларын, әдептерін қалыптастырамыз.
Тілдік қатынастың психологиялық негізі тіл арқылы ойды айту, жеткізу, қабылдау, сезіну құбылыстарымен байланысты. Сыртқы объективтік шындықтың әсерінен адамның есту, көру сезімдері дамып, адамның ойлау қабілеті артады. Ойлау тіл арқылы сыртқа шығып, тіл адамның ойын жеткізуші құралдың ролін атқарады. Белгілі бір тілде сөйлеу үшін адам тілдік құралдарды саналы, дұрыс пайдалана білу керек. Оны дұрыс қолданудың ережелері көзбен көру, құлақпен есту, мимен ойлау арқылы іске асады.
Адамның ойлау жүйесіне байланысты болғандықтан, тілдік коммуникацияның психологиялық негізі күрделі болады. ойлау жүйесінің нәтижесінде тілдік және қатысымдық тұлғалар дұрыс қолданылып, тілдегі сөйлесім әрекеті маңызды рөл атқарады.
Тілдік қатынастың психологиялық негізі – тілді оқыту барысында оқушының сана-сезіміне әсер етіп, оның қажеттігі және маңызын түсіндіріп пәнге деген дұрыс көзқарасты қалыптастыру. Сонымен, тілдік қатынастың ең басты психологиялық негізі тіл, ойлау және сөйлесім құбылыстарына келіп тіреледі.
Дәріс № 13
Тақырыбы: Тіл мен ойлау.
Дәріс мазмұны:
Тіл мен ойлаудың ара қатысы.
Ойлаудың сөйлесім әрекетіне әсері.
Ойлаудың танымдық және қатысымдық қызметтері.
Тіл мен ойлау жөнінде ғалымдар тұжырымдары.
Әдебиеттер:
Әмірбекова А. Тіл мен ойлаудың когнитивтік лингвистикадағы көрінісі // Қазақ тілі мен әдебиеті, №6, 2003, 85-86-б.б.
Оразалиева Э.Н.Танымдық қазақ тілі: Оқу құралы.- Алматы: «Мұрагер», 2005, 176 б.
Дүниені тіл арқылы танып білуде ең негізгі объект болып табылатын, сөздердің жасалуына негіз болатын логикалық заңдар туралы айтыла бермейді. Адамзат баласы айнала дүниедегі барша зат, құбылыс атаулыны белгілі бір ұғымдар арқылы тани алатынын мойындасақ, оның ойлау процесі арқылы жүзеге асатынын ұмытпауымыз керек.
Ойлау дегеніміз, ең алдымен, шындық дүниенің адам миында бейнеленуі болып табылады. Ол, біріншіден, ұғым арқылы бейнеленген дүниетанудың нәтижесі болса, екіншіден, дүниені тереңірек, толығырақ танып білудің құралы. Шындық дүниедегі көрнекті бейнелерді жалпылап, нәрселердің ішкі қасиеттерін, табиғат пен қоғамның заңдылықтарын абстрактылы ойлау арқылы танып біледі. Абстрактылы ойлау дүниетанудың екінші, жоғары сатысы болып табылады. Сезімдік танымға қарағанда ойлау дүниені тереңірек және толығырақ танып білуге мүмкіндік береді. Ойлаудың нәтижесінде сезім мүшелерімен алынған белгілі ұғымдардан ой қорытындыларын жасау арқылы жаңа пікір қорытып шығарылады.
Адамның миында қандай ой пайда болмасын, ол тілдік материалдың негізінде ғана туындап, іске асады. Тіл – ойды білдіретін таңбалар жүйесі. Тілдегі кез келген сөз дыбыстардың қосындысы немесе таңбалардың жиынтығы ретінде материалдық нәрселерге қолданғанда ғана мағынаға ие болады. Тілдік белгі кез келген заттың, нәрсенің мазмұнын білдіретін болғандықтан ғана қатынас құралы рөлін атқарады. Тіл білімі мен тіл философиясына ортақ мәселе – тіл мен ойлаудың, мағына мен форманың байланысы екендігі «Жалпы тіл білімі», «Тіл білімінің негіздері» оқулықтарында айтылады. «Тіл – ойдың жемісі, ойды жарыққа шығаратын «форма», Тіл – ойлау құралы, ой – оның мазмұны», - десе Қордабаев, «Тіл ойлаумен тығыз байланысты. Осыған орай, тіл білімінің ойлау категориялары мен ойлаудың заңдары туралы ғылым - логикамен, ойлау процестері және олардың тілде көрінуі туралы ғылым- психологиямен байланысы келіп туады», - дейді Аханов.
Тіл мен ойлаудың ара қатысы жөніндегі мәселелер көптеген ғалымдарды ойландырады.
Мәселен, Б.В.Беляев «Очерки по психологии обучения иностранным языкам» деген еңбегінде тіл мен ойлауды қарастыра келіп, осы екі процесс бірлікте болу керек деп есептейді.
Б.В.Беляевтің пікірінше, барлық адамдардың ойлау жүйесі: ұғым, пайымдау, тұжырымдау мен ойлау процесі: салыстыру, қорыту, талдау – бірдей; тек ойлау мазмұны ғана әр халықта әр түрлі .Осыдан шығатын қорытынды: тілге үйрету қажет емес, керісінші, осы тілде ойлауға үйрету керек. Және ұғымды түсіндіру қажет.
В.А.Артемов ойлау мен тілдің айырмашылығы сөздердің семантикалық шеңберінің бір-бірімен сәйкессіздігінен, олардың мағыналарының түрліше қабылдануынан деп санайды. Ол адамдардың әр түрлі тілде сөйлеуі сөздердің түрліше аталуынан деген тұжырымға келеді.
Бұл автор тіл ойлаумен болмыстағы заттар мен құбылыстар арқылы байланысты болады, өйткені адам осы құбылыстарды кездестіргендіктен, оларды белгілі бір сөздермен атауға тиіс деп есептейді. Оның пікірінше, әр ұлт, әр халық заттарды, табиғат құбылыстарын т.б. әр түрлі сөзбен атайды, сондықтан тіл де әр түрлі болады.
Н.И.Жинкин ойлау,әрине, сөз арқылы бейнеленеді дей келіп, екінші бір бөтен тілді үйренгенде ойлау ана тілінде де, ұлттық тілге де қатысты емес, ол әр адамның өз жеке басына байланысты ерекшелікте дамиды деп түсіндіреді.
Адам өзінің ана тілінде сөйлегенде, көп қиналып, ойланып жатпайды. Өйткені оның бойында кішкене кезінен бастап қалыптасқан сөйлеу дағдысы бар, сол сөйлеу жүйесінің тілдік құралдары – сөз бен сөйлемді – дайын единица, дайын материал ретінде пайдаланады. Ана тілінде сөйлеу үшін де, әрине, ойлау мен пайымдау керек, өйткені объективтік шындық, яғни табиғат құбылыстары туралы ұғым сөз арқылы, пайымдау сөйлем арқылы тілмен жеткізіледі.Ойлау тілмен жарыққа шығады, сөйтіп, ой тілдегі единицалар арқылы (сөз тіркесі, сөйлем т.б.) екінші біреуге түсіндіріледі.
Е.И.Пассовтың пікірінші, ойлау екі қызмет атқарады: танымдық және қатысымдық. Танымдық қызметте ойлаудың қолданатын құралы – тіл. Сол сияқты ойлау сөйлеу процесінде өзінің қатысымдық қызметін атқарады. Демек ойлау тілмен де, сөйлеумен де тығыз байланысты. Бұл процестің бірінсіз бірінің күні жоқ, олар өзара бір-бірімен тығыз байланысты.
Ойлау процесі іштей сөйлеуге, яғни ойды іштей жинақтауға ғана байланысты емес, ол – сана мен тілге қатысты күрделі процесс.
Сонымен қатар екінші бір тілде сөйлеу мен ойлаудың арасындағы ерекшелікті мынадан көруге болады. Мысалы, жаңадан тілі шығып келе жатырған сәби өз ойын жеткізу үшін, сөйлемді толық айтып жатпайды, сөйлемнің ішінен ең маңызды, айтар ойын жеткізетін сөзді не тіркесті ғана айтады. Бірақ сол бір ғана сөзге қарап үлкендер баланың айтайын деген бүкіл ойын түсінеді. Мысалы: Маған ана шайды әпер, - деп айтудың орнына сәби ыдысты көрсетіп, «шай» деуі мүмкін, немесе «менің тітті шай ішкім келеді» деудің орнына « шай ішем» деуі мүмкін т.б. Тіптен алғашқы кезде сәби сөйлемге енетін сөздердің кейбіреулерін білмеуі де мүмкін, сөз байлығындағы «алам, ішем, кел, бар» т.б. деген сияқты сөздер-ақ ойын дұрыс жеткізе алады. Мұның өзі тілді меңгере бастаған баланың ойлау қабілеті барлық сөз тізбектерін қатар білуге байланысты емес, соның ішінде ең қажетті дегендерін іштей сезіммен таңдап алып, соларды үйреніп, сосын осы сөздерді жиі қолдана келіп, оны біресе сөз тіркесінің, біресе сөйлемнің орнына жұмсайтындығын дәлелдейді.
Сондай-ақ адамдар да өз ана тіліне бөтен, әсіресе генеологиялық жағынан басқа тілді үйренгенде, ең алдымен, күнделікті тіршілікке қажет тіркестер мен сөздерді жаттауға тырысады. Ол белгілі бір жағдайға байланысты жалғыз өзі шет жерде жүріп қалса, тілі жетпегендіктен, айтар ойын сөйлем арқылы емес, бір сөзбен, не өзі білетін бір тіркеспен жеткізуге тырысады. Мұндай жағдайда адам ойын айтар тұтас мазмұндық ұғымына емес, сол өзі жеткізуге тырысып тұрған ортаның, ұғымының ең маңыздысына, ең қажеттісіне бөледі де, соны дәл бейнелейтін сөзді не тіркесті ойлап айтуға тырысады.
Адам үш тілді бірдей меңгергенде, ол қай тілде көбірек сөйлейді, оның қасындағы тыңдаушылары кім, ұлты қандай, т.с.с. мағлұматтарды анықтап алады. Полиглоттардың диалог арқылы сөйлеуі кезінде қай тілде сөйлеуі, өз еркіне тәуелді емес, оның қасындағы отырған адамдары мен олардың қай тілде сөйлейтіндіктеріне байланысты.
Ал монологтік сөйлеуді алып қарасақ, бұл жағдайда адамның өзі қай тілде сөйлеу қажет деп тапса, сол тілде сөйлейді және оның өзі ойды «қалыптың» (яғни тілдің) қайсысын қолданып жеткізу ұтымдылығына тәуелді. Мұны тексеру үшін, үш тілді білетін адамдарға бір мағынада жазылған үш тілдегі мәтіндерді береді. Осы мәтіндерде жазылған әңгімелер қазақ өмірінен алынған және тұңғыш рет қазақ тілінде басылып шыққандар. Бұл мәтіндердің мазмұны орыс және ұйғыр тілдеріне аударылады. Экспериментке қатысушыларға мынадай тапсырма беріледі: осы үш мәтіндегі әңгімелрдің мазмұнын қай тілде (орыс, қазақ, ұйғыр тілдерінде) айтып берсеңіз де өз ықтиярыңыз. Бұл тәжірибеге қатысушылардың ішінен 24 адамнан 22-сі мазмұны бастапқы кезде қай тілде таратылып берілсе, сол тілде айтып береді. Бұл қазақ тілі еді.
Тіл – табиғатпен тығыз байланыста жаратылған ерекше құбылыс. Ол өзіндік ерекшеліктері мен заңдылықтары тұрғысынан табиғат пен қоғамның қалыптасуына, дамуына әсер етеді. Тілдің өзіне ғана тән әлеуметтік, қоғамдық сипаты бола тұра, ол жалпы табиғи процестерден, табиғат пен қоғамнан тыс қарастырылмайды, қайта сол жалпы заңдылықтармен тығыз бірлікте қарастырылады. Тілдің қатысымдық қасиеті – оның барлық ерекшеліктерінің ішіндегі ең маңыздысы және ең бастысы. Сондықтан лингвистер тілдің мәнін айқындауда оның әр түрлі жақтарын сөз ете келіп, соның ең қажеттісін жіктеп шығаруға тырысады. Демек, тілді анықтау, оның негізгі белгілерін көрсету шартты ұғымдар арқылы іске аспайды. Оның оймен, санамен байланыстыра қарастыруының өзі тілдің ерекшелігін аңғартады.
Дәріс № 14
Тақырыбы: Тіл және таңба.
Дәріс мазмұны:
Таңба мәселесі.
Тіл – таңбалар жүйесі.
Тілдің таңбалық табиғаты.
Әдебиеттер:
Дейк Ван Т.А. Язык. Познание. Коммуникация. М., 1989.
Жаманбаева Қ.Ә. Тіл қолданысының когнитивтік негіздері: эмоция, символ, тілдік сана. – Алматы: Ғылым ,1998, 140 б.
Алғаш таңба мәселесімен көне ғасырларда әйгілі философтар Аристотель мен Демократ айналысқан. Ертедегі грек философтары мен грамматиктерінен тәлім болып қалған екі бағыт бар. Оның біріншісі – тілдің элементтері (сөз, сөйлем) таңба болып саналуға тиіс; екіншісі – осы таңбалар адамның ойымен, пайымдауымен байланысты деген пікір.
Семиотиканың бір аспектісі ретінде тіл конкретті теоретикалық проблема болып ХҮІІІ ғасырда бөлінді. ХІХ-ХХ ғасырларда тілдің таңбалқ элементтері тарихи-салыстырмалы тіл білімі мен логикада қарастырылады.
ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда таңба проблемасын философ Д.Локк, Г.Кондильяк зерттеді. ХІХ ғ. американдық ғалым Д.Локк жалпы адамзат тілін: табиғи тіл және философиялық тіл деп бөледі. Философия тілінде таңба болып табылатын сөз бен сөйлем бар.
«Тіл – таңбалар жүйесі» сынды мәселесінің кең көлемде қойылуы Ф.де Соссюрдің «Жалпы лингвистика курсы» деген кітабының жарыққа шыққан кезінен басталады. Ол былай деп жазады: «Тіл дегеніміз – идеяларды білдіретін таңбалардың жүйесі, демек, оны жазумен, мылқаулар үшін жасалған әліппемен, символ мәнді әдет-ғұрыптармен, сыпайылық формаларымен, әскери сигналдармен және т.б. салыстыруға болады. Тіл – тек осы жүйелердің ішіндегі өте-мөте маңыздырағы.
Тілдің таңбалық сипаты сөйлесімді құрайтын элементтердің жиынтығына (морфема, сөз, сөз тіркесі, сөйлем) және тілдік тұлғалардың құрылысына байланысты. Тілдегі таңбалық қызметті осы сөздердің дыбыстық жамылғышы атқарады. Дыбыстық таңбалардың барлығы бірігіп келіп бір жүйе – таңбалар жүйесін құрайды. Бірақ тілдегі таңбалық бөлшектердің жүйесін таңбалардың басқа түрлерімен, мысалы, жол бойы белгілерінің жүйесімен, цифрлар жүйесімен немесе әскери сигналдар жүйесімен бірдей деп есептеуге болмайды.
Таңбалардың барлығының мағынасы тіл арқылы айқындалады және дыбыстық тілге «аударылады». Мысалы, транспорт сигналдарының мағынасын дыбыстық тілдегі оның аудармасы арқылы түсінеміз. Сонымен, таңбалардың жүйесі тілге қатысты көмекші құрал ретінде өзіндік мән-мағынаға ие бола алады. Қандай таңбалардың жүйесі болмасын, ол – адамдардың бір-бірімен өмірдің барлық саласында тілдік қатынас жасайтын; сөйлесім, пікір алысатын құралы – тілді ауыстыра алмайды.
Тілде таңбалық қасиет бар. Ол әсіресе терминдерден айқын көрінеді. Кейбір терминдерді таңбамен ауыстырсақ, ол терминдердің мағынасы өзгермей, сол күйінде сақталады. Мысалы, тоғыз минус төрт немесе бес плюс төрт дегенді таңбалар (цифрлармен) 9-4, 5+4 түрінде жазғаннан минус, плюс деген терминдердің мағынасына келер ешбір нұқсан жоқ. Сөздің атауы, оның мағынасы затпен тек шартты байланыста ғана болады, бірақ ол (атау) заттың табиғатымен бірге пайда болмауы мүмкін.
Тілдегі таңбалық қасиет жөнінде және оның мағынамен арақатысы туралы мәселеге талдау жасап, айқын пікір айтқан философ Гегель болды. Тілдің таңбалық мәнін қарастыра келіп, Гегель бұл таңбалық қасиет психолгия, логика ғылымдарына тәуелді емес, өз алдына жеке сала болып қарастырылуы керек екенін айтады.
Лингвистикадағы таңба системасы И.Г.Гердер есімімен де байланысты. И.Гердер тілдегі таңбалар адам санасынан туған, қолдан жасалған деген тұжырымға қарсы шығады. Ол тіл мен пайымдауды өмірде туатын инстинк құбылысы деп есептейді. Гердердің пікірінше, тіл табиғаттағы адамның ерекше сезімі негізінде, яғни айрықша «сөз органдары» ретінде пайда болды.
Сонымен, тіл мен таңбаның арақатысын қорытындылай келіп, тілге таңбалық жүйе тұрғысынан мынадай анықтама беруге болады: Тіл дегеніміз – қатысымдық қызмет атқаратын тілдік тұлғалардың материалдық жамылғыш арқылы мағыналық қасиетке ие болған таңбалар жүйесі.
Дәріс № 15
Тақырыбы: Тіл және сөйлесім.
Дәріс мазмұны:
Сөйлеу процесінің ойға қатысы.
Тілдік амалдар.
Тіл мен сөйлесім – ортақ жүйенің екі бүтін құрамы.
Әдебиеттер:
Жапбаров А. Сөйлеудің лексикалық икемділігі мен дағдысы // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 3, 2004, 65-68-б.
Мәлікова С. Тілдік қатынастағы диалогтық сөйлеуді үйретудің ерекшеліктері // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 12, 2002, 77-79-б.
Сағынтаева Ж. Тілді қарым-қатынас құралы тұрғысынан оқыту // Қазақ тілі мен әдебиеті, № 5, 2006, 61-65-б.
Сөйлесім әрекетін көптеген авторлар белгілі бір хабарды, ойды, ақпаратты баяндау, яғни екінші біреуге жеткізу деп түсіндіреді. Немесе тілдік қарым-қатынас дегеніміз – адамдардың бір-бірімен тіл арқылы белгілі бір ақпаратпен пікір алмасуы деген пікірді айтады. Рас, адамзат тілінің ең басты қызметінің өзі – ойды, хабарды жеткізу.
Сөйлеу кезінде адам қалай болса солай тіліне келгенін айта салмайды, ол ең алдымен ойлауды басынан өткереді, сырттағы объективтік шындық санаға, ойға әсер етіп, пайымдау туғызады. Сол адам миының ойлау процесі арқылы нені айту керек, не туралы сөйлеу қажеттігі жөнінде нақтылы сөз жасалады. Бұл – тек адамның ойлау жүйесіне ғана тән күрделі процесс.
Адам не туралы сөйлейтінін, тіл арқылы нені жеткізетіндігін білгенмен, яғни сөйлесім әрекеті, адамның сөйлеу тілі өзіне тәуелді емес, ол – табиғат берген, жаратылыстан туған күрделі процесс. Адам сөйлеуді жетілдіріп, дамытады, оның заңдылықтарын қарастырады, бірақ сөйлеу тілін өзі жасай алмайды. Осыдан сөйлеудің, тілдің қоғамдық-әлеуметтік сипаты аңғарылады.
Қазақ совет энциклопедиясында сөйлеуге төмендегідей түсініктеме беріледі: «Сөйлеу – адамның тіл амалдарын пайдалану арқылы пікір, ой білдіру әрекеті. Сөйлеу – анатомиялық мүшелердің қатысуымен іске асқанымен, негізінен, кісінің психикалы қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне сүйенеді.
Тілдік амалдар – сөз тудыру, сөз тіркестерін, сөйлем құрау ережелері – көпшілікке ортақ, объективті категориялар. Осы сипаты арқылы тіл жұрттың бәріне түсінікті қатынас құралы ретінде қызмет етеді. Сөйлеудің әр коммуникативтік жағдайға сай ыңғайланған стилі болады. мұнымен бірге сөйлеу үстінде әр кісінің өзіне ғана тән сөз жұмсауы, сөз тіркесін, сөйлем құрау ерекшеліктері болады».
Қазақ лингвистикасында тіл мен сөйлеуге қатысты мәселелерді анықтап, олардың айырмашылықтарын көрсетуге тырысқан тілші – Т.Р.Қордабаев. Т.Р.Қордабаев: «Сөйлеу дегеніміз – тілді қатынас жасау процесінде өз ойын басқаларға білдіру, басқаның ойын білу мақсатында қолдану деген сөз», - дей келіп, - Сөйлеу тілдік материалдарарқылы болады және тілдік заң-ережелерге, тілдік нормаға бағынады. Тіл мен сөйлеу бір-бірінен ажырамас бірлікте» - дей келіп, тіл мен сөйлеудің арақатынасын орыс лингвистерінің көзқарастарына сәйкес баяндайды. Бұл автор сөйлеу мен сөйлесім әрекетін қысқаша түсіндіре келіп, тілді қоғамдық құбылыс ретінде танып, оның ерекшеліктеріне тоқталады.
Сол сияқты К.Аханов ті мен ойлау процестерін қарастыра келіп, тілге төмендегідей анықтама береді: «тіл – ойды білдірудің, пікір алысудың, қатынас жасаудың кең көлемде қолданылатын жалпылама құралы».
Тіл мен сөйлесім бір-бірімен байланысты, бірақ екі бөлек құбылыс бола келіп, екеуі де:
а) әрі қоғамдық-әлеуметтік;
ә) әрі жекелік, дербестік мәні бар;
б) әрі қатысымдық құбылыстар.
Қарым-қатынас тілдің өмір сүруінің, тілдік болмыстың басты өлшемі. Қарым-қатынас сөйлеу, сөйлесім арқылы жүзеге асады. Сөйлеудің ең маңызды құралы – тіл, сөйлесімді жүзеге асыратын да – тіл. Сондықтан да тіл қатысымдық құбылыс болып саналады. Тіл – адамдар арасындағы тілдік қатынасты қамтамасыз ететін, дыбыстық таңбалар жүйесінің жиынтығы арқылы ойды жарыққа шығарудың құралы.
Тіл сияқты сөйлесім әлеуметтік құбылыс. Өйткені сөйлесімді жеке бір адам жүзеге асыра алмайды, ол бірнеше адамдардың тілдік түсіністігі арқылы іске асады. Сөйлесім адамдарды біріктіреді, оларды өзара байланысқа түсіреді. Мұндай байланыс қоғамның дамуына әсер етеді.
Қарым-қатынасқа түсетін адамдардың тілді, сөзді қолдануында да өз ерекшеліктері бар. Әр адамның сөйлеу мәнері, стилі басқа адамға ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән сөйлеу үлгісімен өзгешеленеді. Осының өзінен сөйлеудің жекелік мәні, даралық ерекшелігі болса да, ол сөйлесімнің құрамдық бөлшектерін, тілді өз еркінше жасап, өзі құрай алмайды. Адам дайын тілдік тұлғаларды пайдаланады.
Зерттеушілердің пікірлеріне шолу жасай келіп, сөйлесімнің әлеуметтік мәні мен жекелік, даралық қасиетінің – екеуінің де маңызды екенін атап айтуға тура келеді. Сөйлесімнің, біздіңше, жекелік мәні – оның ішкі жағы, ал әлеуметтік мәні – оның сыртқы жағы іспеттес. Өйткені сөйлесім дыбысты тілдің қызметіне, қозғалысына қатысты іске аса отырып, негізінен, адамның сөйлеу мүшелерінің ішкі әрекетіне байланысты жүзеге асады. Сөйлесімді жүзеге асыратын тілдің өзі де ішкі фактордың әсерінен, дыбыстың жасалуынан, оның фонемалық мағынаға ие болуынан, сөздің айтылуы, немесе жазылуынан тұрады.
Ой сыртқа шығу үшін, сыртқы дүние немесе объективтік құбылыстар адамның миына, санасына әсер етеді. Демек, сөйлесімнің болуы үшін, сыртқы әр түрлі жағдайлардың да әсері қажет. Экстралингвистикалық фактордың ықпалынан адамдардың ойлау қабілеті, тілі, сөзі дамиды, жетіледі. Соның арқасында ұжымдық топтың сөйлесу мүмкіндігі артады.
Сөйлесімді жүзеге асыратын – тіл де, оның іске асуына жағдай жасайтын – қарым-қатынас. Тіл мен сөйлесім бір ортақ жүйенің екі бүтін құрамы болса, қарым-қатынас, яғни қатысым – олардың шарты.
